Мұсылман әмірлері үшін дұға ету жөнінде

Эльмир Кулиевтің «Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз

Мұсылман әмірлері үшін дұға ету жөнінде

Билік астындағылардың өз әмірлері алдындағы тағы да бір міндеті – олар үшін Аллаһқа дұға етуі. Сондықтан да қады Фудайл ибн  ‘Ийяд және имам Ахмад сияқты ұлы мұсылман ғалымдары былай деп айтатын: «Егер бізде Аллаһ оған міндетті түрде жауап беретін дұға болғанда, біз өзіміздің сұлтанымыз үшін жалбарынар едік» (шейх-уль-ислам Ибн Теймийяның пәтуалар жинағы, 28/391). Мұның себебі – егер сұлтан немесе әмір салиқалы болса, оның ізінен бүкіл халық ілеседі. Ал егер олар күнәға және жамандықтарға батса, бұл ауыртпалық бүкіл халықтың басына да түседі. Сондықтан да Усман ибн Аффан бірде былай деп айтқан: «Ақиқатында Аллаһ сұлтанның қолымен бір Құранмен таратуға мүмкін болмаған нәрселерді таратады».

Имам әл-Хасан ибн Али әл-Барбахари (һижраның 329 жылы қайтыс болды) өзінің «Шарх әс-Сунна» кітабында (51-бет) былай деп жазған: «Егер сен біреудің өз әмірін лағынеттеп жатқанын көрсең, оның ақылсыз адам екенін біл. Ал егер біреудің  Аллаһтан өз әмірін тура жолға салуын тілеп жатқанын көрсең, оның, Аллаһ Тағала қаласа, әһлю-Суннадан екенін біл».

Абу Али әл-Фудайл ибн Ийяд былай деген: “Менде міндетті түрде қабыл болатын дұға болса, мен онымен әмір үшін дұға етер едім”. Одан: “Бұл – қалайша, уа, Абу ‘Али?!”, – деп сұрағанда, ол: “Егер мен оны өзіме тиісті ғана пайдалансам, менің дұғам өзімнен өзге ешкімге тимейді, ал егер оны әмір үшін қолдансам және ол салиқалы болып кетсе, нәтижесінде тұтас халықтар мен елдер салиқалы болады!» Бізге әмірлеріміз үшін дұға жасау және ешбір жағдайда оларды лағынеттемеу бұйырылған, тіпті олар жауыз және залым болса да. Өйткені олардың жауыздығымен зұлымдығы олардың өздеріне ғана күнә болып жүктеледі, ал олардың салиқалығы оларға да, барша мұсылмандарға да пайда келтіреді (имам әл-Барбахари «Шарх әс-Сунна», 116-бет).

Тура осы — ізгі мұсылман ғалымдарына да қатысты. Мүміндер оларға ізгі насихаттар берулері тиіс және олар үшін Аллаһқа дұға етуі қажет. Алайда Аллаһтың тақуа құлы оларды қаралайтын қателіктері туралы айтпауы керек және олар туралы адамдардың арасында жарияламау  керек.   Бұл үлкен зиян әкеледі. Сондықтан да Ибн ‘Асакир: «Ғалымдардың еті уланған және олардың адамдардан жасырын болған кемшіліктерін жариялап, оларды масқаралағысы келгендермен Аллаһ не істейтіндігін біз жақсы білеміз. Егер кімде-кім ғалымдардың ар-намысын төгуге талпынса, Аллаһтың қалауымен оның өзі өлгенге дейін жүрегі өледі» («Ғалымдардың еті уланған» мақаласы, 14-бет).

жалғасы бар

You may also like...