Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы

Categories: Дінге шақыру,Жамағаттар

Сайтымыздың оқырмандарына танымал дінтанушы Эльмир Кулиевтің «Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы» атты кітабын жариялауды бастаймыз.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Мухаммад Пайғамбарға, оның отбасына және барлық ізгі сахабаларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Аллаһ Тағала адамдарға бұл дүниеде де, Ақыретте де бақыт пен есендіктің кілті болып табылатын Өзінің дінін түсірді. Раббымыз –жалғыз Жаратушы, әрі Ол Өзінің құлдарына не пайдалы екенін бәрінен жақсы біледі. Сондықтан да Ол адамдарға барлық нәрседе: дінде және әдепте, экономикада және саясатта, отбасылық және қоғамдық қатынастарда – Өзінің өте дана әмірлеріне ілесуді бұйырды.

Ислам – бұл адамдар Аллаһтың және Оның жаратылыстарының алдында өздерінің міндеттерін толыққанды орындаулары үшін оларға барлық жағдайды қамтамасыз ететін дін. Ал мұның кепілі  – ізгі және парасатты жетекшінің басшылығының астында салиқалы қоғам құру.  Ол Аллаһтың игілігіне ие болатындай етіп өзіне жауапкершілікті алуы және өзінің халқын алға жетелеуі қажет. Ал барлық мұсылмандар өздерінің әмірін қолдауға, оны құрметтеуге, оның ізгі бұйрықтарын орындауға, оған тек игілік тілеуге және ешбір жағдайда оның абыройына нұқсан келтірмеуге міндетті.

Халықты басқару – өте ұлы жауапкершілік

Халықты басқаруды өз қолына алу арқылы адам өз мойнына өте ауыр жүкті алады. Өйткені Қиямет Күні әрбір адам өз билігінде немесе қарамағында болғандардың барлығы үшін жауап береді. Жанұя басшысы өзінің әйелі және балалары үшін жауап береді. Мемлекет басшысы өзінің қоластындағылардың барлығы үшін жауап береді. Бұл жөнінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің әрбірің бақташы сияқтысыңдар, әрі әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам – бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты. Ері – жанұяда бақташы және өз отбасы үшін жауапты. Әйелі – ерінің үйінде бақташы және ол үшін жауапты. Қызметші – өз қожайынының дәулетіне бақташы және оған жауапты. Бала – әкесінің дәулетіне бақташы және ол да оған жауапты. Сендердің әрбірің – бақташы, әрі әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты» (Ахмад, Абу Дауд, әт-Тирмизи; әл-Әлбани хадистің сахихтығын растады).

Алайда әрбір адамның өзіне жүктелген міндеттерді орындауға күші келе бермейді. Мүмін адам Раббысынан қорқып, жауапкершілікті өзі іздемеуі керек, алайда егер халық оған билікті сеніп тапсырса, ол барлық істе әділ және Құдайдан қорқушы болуы үшін бар күш-жігерін сарп етуі қажет.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Уа, Абд әр-Рахман, өзіңді әмір етіп тағайындауды сұрама, өйткені сен сұрауың бойынша әмір етіп тағайындалсаң, осы лауазым үшін жауап бересің. Ал егер сен осынсыз (сұрауыңсыз) тағайындалсаң, онда саған осыда (әмірлікті атқаруда)  көмек көрсетіледі» (әл-Бухари және Муслим).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Аллаһпен ант етемін, біз бұл лауазымға сұранғанды да, оны көксегенді де тағайындамаймыз» (әл-Бухари және Муслим).

Бірде  Абу Зарр Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Осы лауазымға мені тағайындасаңыз қандай болар екен?», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның иығынан қақты да, былай деді: «Уа, Абу Зарр, сен әлсізсің, ал бұл – жауапкершілік. Қиямет күні ол масқаралық пен абыройсыздық әкеледі және бұл лауазымды қақылы түрде алғаннан және өзінің міндеттерін орындағаннан өзгелердің барлығы үшін өкініш туғызады» (Муслим).

жалғасы бар