Әмірге ізгі насихат айту туралы

Эльмир Кулиевтің «Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз

Әмірге ізгі насихат айту туралы

Ықыласты мүміндердің керемет сипаттарының бірі өз айналасындағы адамдарға ізгі арлылық пен салиқалықты насихат ету болып табылады. Аллаһ Тағала былай деді: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын, сондай-ақ Аллаһқа сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» (Әли Имран 3:110).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Менің сөздерімді естіп, ұмытпай есінде сақтап және басқаларға жеткізушінің жүзін Аллаһ өте әдемі етеді. Ол өзінен де артық білушілерге  білімді жеткізуі мүмкін. Мұсылман шын ықыласпен Аллаһ үшін ізгі амалдар жасап, мұсылман имамдарына насихат айтып, мұсылмандармен бірге болғанында оның жүрегі ешқашан ашу-ызаға толмайды. Ақиқатында сендердің дұға-тілектерің сендердің айналаңдағыларды да қамтиды» (әт-Тирмизи және Ахмад; әл-Әлбани хадистің сахихтығын растады).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Кім сұлтанға насихат айтқысы келсе, мұны халықтың алдында істемесін, қолынан ұстап, онымен бірге оңашалансын. Егер ол оның кеңесін алса – жақсы, ал егер алмаса – онда ол бәрібір өзінің міндетін орындады» (Ахмад және әл-Хаким; әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған).

Шейх Абд әл-Азиз ибн Абдуллаһ ибн Баз былай деген: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі ізбасарлары ешқашан әмірлердің қателерін жария етпеген, олар туралы көпшіліктің алдында сөйлемеген және мінберлерге шығып мұндай нәрселер туралы жарияламаған, өйткені бұл бүлікке, әмірлерге шариғат мақұлдайтын нәрселерде де бағынбауға әкеледі. Бұл өзінің ізінен тек қана зиян әкеліп, еш пайда бермейтін халықтық көтерілістерге соқтыруы мүмкін. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі ізбасарлары басқаша жолды ұстанатын: олар әмірге игі насихатты онымен оңаша қалғанда беретін, оларға жолдаулар жазатын, немесе әмірмен жақын байланыста болған ғалымдарға, олардың өздері әмірлерге игі кеңес беруі үшін, жүгінетін.   Адамдарды күнәлардан тоқтатуда осы күнәларды жасайтын адамдардың атын атамау керек. Адамдарды зина жасаудан, арақ-шарап ішуден, немесе өсімқорлықпен айналысудан, осыларды жасайтындардың атын атамай-ақ,  сақтандырудың өзі жетіп асады, ол әмір болса да немесе биліктің қол астындағы болса да» (Пәтуалар жинағы,  27-28 беттер).

Тамим бин Аус әд-Даридің былай дегені жеткізіледі: «(Бірде) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Дін – бұл ықылас таныту», — деді. Біз одан: «Кімге қатысты ықылас таныту?», — деп сұрадық. Ол: «Аллаһқа оның Кітабына, және оның Елшісіне, және мұсылмандардың басшыларына, және жалпы барлық мұсылмандарға», — деп жауап берді» (Муслим).

Имам Ибн Ражаб «Жәми‘ әл-Улюм уә әл-Хукум» кітабында (1/222) осы хадиске жасаған шархында былай деп жазған: «Мұсылман әмірлерінің алдында ықыласты болу – бұл оларды ізгі және әділетті етіп көруді қалау, барша мұсылмандарды олардың қоластына біріктіруге ұмтылу, олардың айналасында мұсылмандардың арасындағы келіспеушіліктерді ұнатпау, Ұлы да Құдіретті Аллаһтың қалауымен бірдей келетін нәрселердің барлығында оларға мойынсұну, оларға қарсы көтерілуге талпынатындарды жек көру және Раббыға бағыну аясында олардың қуатының артуына үміт ету».

Бірде Усама ибн Зәйдқа: “Сен не үшін Усманға, сөйлесу үшін, кірмейсің?!”, – деп сұрақ қойылғанда, ол былай деді: “Сендер мен онымен сөйлесетін барлық нәрсе туралы баяндап беруімді қалайсыңдар ма?! Аллаһпен ант етемін, мен онымен оңаша сөйлестім және мен біздің арамызда болғанды жария етушінің алғашқысы болғым келмейді” (әл-Бухари және Муслим).

Ибн Хажәр әл-‘Асқаләни осы хадиске жасаған шархында «Фатх әл-Бари» кітабында (13/53) былай деп жазған: «Бұл хадис әмірлерге құрметпен қараудың және олармен сөйлесуде ізгі әдеп сақтаудың қажеттілігіне нұсқайды. Оларды қателіктерден ұстап қалу және сақтандыру үшін адамдар олар туралы не айтып жатқаны жөнінде хабардар ету керек. Бірақ қойған мақсатқа өзгелерге зиян тигізбей  жету үшін мұны сыпайы және парасатты түрде істеу керек».

Егер әмір қателікке жол берсе, мұсылмандар оған игі кеңес беруі және күнәлардан арылуына көмектесуі қажет. Бұл тек әмірлерге ғана емес, сондай-ақ барлық адамдарға да қатысты. Алайда мүмін адам өзгелерді ол арқылы Аллаһқа мойынсұнбаудан ұстап қалу үшін тырысатын іс-амалдың түрлі салдары болуы мүмкін. Осыған байланысты имам Ибн әл-Қайим «И‘ләм әл-Му‘аууәқин ән Рабб әл-‘Аләмин» кітабында (3/16) мұның төрт дәрежесін атап белгіледі:

1) адам күнә жасауды тоқтатып, салиқалы амалдарды орындай бастайды;

2) ол күнәні аз істейтін болады, бірақ олардан  толық бас тартпайды;

3) ол бір күнәні тастап, басқа, тура осындай ауыр күнә жасайды;

4) ол одан ауырлау күнә жасайды.

Алғашқы екі жағдайда адамды ақиқат жолына салып, оны күнәлардан ұстап қалу қажет. Үшінші жағдайда мүмін адам осыны істеу, не істемеу туралы өзі шешім шығаруы керек. Ал төртінші жағдайда мұндайды (жамандықты жасаудан ұстап қалуды) жасауға тыйым салынады.

Бұл дана ережені біреудің қателігін түзетуді немесе Аллаһтың сөзін ұлықтауды қатты қалайтын әрбір адам ұстануы қажет.  Ол барлық замандарда және барлық өмірлік жағдайларда күшке ие және мұсылман адам қалайша амал етуді анықтайтын өлшем болып табылады. Әрине, белгілі бір күнәнің ауырлығын анықтау үшін Аллаһтың дініндегі білім қажет. Сондықтан да жеке адамдардың және  тіпті жалпы қоғамның өміріне қатысты маңызды шешімдерді салиқалы мұсылман ғалымдары қабылдаулары керек.

жалғасы бар

You may also like...