Бүліктердің салдары

Оқырмандарымыздың назарына Шейх Абдур-Раззақ ибн Абдуль-Мухсин әл-Бадрдың «Бүліктердің салдары» атты кітабын ұсынамыз. Орыс тіліне араб тілінен аударған және ескертпелер жазған «www.Toislam.ws» сайтының редакциясы. Қазақ тіліне сайттың басшылығының мақұлдауымен аударылған.

 

Мейірімді, Рахымды Аллаһтың атымен

«Toislam» редакциясының кіріспесі

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ, пайғамбарымыз Мухаммедке, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Ал содан соң:

Ақиқатында, бүлік (фитна)[1] Ислам үшін де, мұсылмандар үшін де көптеген апаттардың себебі болып табылады. Сондықтан да бүліктен Аллаһ, Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және осы үмметтің саләфтары да алдын ала ескерткен.  Аллаһ тағала былай деген: «Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар (әл-Әнфәл 8: 25).

Әз-Зубайр ибн әл-‘Аууам (оған Аллаһ разы болсын) былай дейтін: “Біз бұл аятты Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), Абу Бакрдың, ‘Умардың және ‘Усманның кезінде оқитынбыз және біз осы түскен жағдайымызға келіп түспегенімізше, осы нәрсе бізге келіп тиеді-ау деп ойламаппыз”. Ахмад 3/31, әл-Баззар 976. Шейх Ахмад Шакир хадистің жету жолының (иснадының) сенімділігін (сахихтығын) растаған.

Бүлік (фитна) адамның бұл дүниедегі тіршілігі үшін де, оның діні үшін де көптеген қайғылы салдарларға ие. Сол себептен  Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адам үшін өлім бүліктен (фитнадан) жақсырақ деп айтқан. Махмуд ибн Ләбидтің (оған Аллаһ разы болсын) сөздерінен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Адам баласы екі нәрсені жек көреді. Ол өлімді жек көреді, алайда өлім ол үшін бүліктен (фитнадан) жақсырақ. Және ол мал-мүліктің аз болғанын жек көреді, алайда мал-мүліктің аздығы (Қиямет күні) есеп айырысуға жеңілдірек». Ахмад 5/427. Хадистің сахихтығын имам әс-Суюты және шейх әл-Әлбани растаған. Қз. “Шарх әс-судур” 35, «Сахих әл-жами’» 139.

Өйткені бүлік өрши бастаса, ол көпшілік адамдарды ақылдан айырады да, олар діннің заң-ережелерін бұза бастайды, бір-бірінің қанын төгеді, әрі өлтіріліп жатқан адам көршісі, туысы және ең бірінші кезекте мұсылман екеніне назар да бұрмайды!  Ал осындай нәрселер Қиямет күнінің қарсаңында орын алатыны туралы Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтып кеткен болатын. Абу Муса әл-Аш’ари (оған Аллаһ разы болсын) былай деп айтқан: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге:  «Ақиқатында, Қиямет күнінің қарсаңында әл-харж болады!» деп баяндайтын. (Адамдар) одан: «әл-Харж деген не?» — деп сұрады. Ол: «Адам өлтірулер!» деп жауап берді. (Сонда адамдар) оған: «Уа, Аллаһтың елшісі, бірақ біз бір жылда осынша және осынша көпқұдайшылдарды өлтіреміз ғой», — деді. (Ал) ол: «Ақиқатында, бұл сендердің көпқұдайшылдарды өлтірулерің емес, бір-біріңді өлтірулерің! Адам өз көршісін, бауырын және көкесін өлтіретін жағдай болады!» (Адамдар) одан: «Сол кезде біздің ақыл-есіміз дұрыс бола ма?» — деп сұрады. Ал Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап берді: «Ақиқатында, сол заманның адамдарының ақылы құриды, әрі адамдардың ішінен тек қоқыстары ғана қалады, олардың басым бөлігі өздерін маңызды нәрсені ұстанудамыз деп санайды, алайда іс жүзінде олар ешнәрсені ұстанбаған болады!» Кейін Абу Муса былай деді: “Аллаһпен ант етемін, егер бізге сол уақыт келіп жетсе, мен сендер үшін де, өзім үшін де біз осыған қалайша ешкімнің қанын төкпей және өзгенің мал-мүлкін алмай кірген болсақ, тура солай сол жағдайдан шығудың өзге жолын тауып тұрған жоқпын!” Ахмад 4/391, Ибн Маджаһ 3959, Ибн Хиббан 1870. Хадис сахих. Қз. “әс-Сильсиля әс-сахиха” № 1682.

Хузайфа (оған Аллаһ разы болсын) былай дейтін: “Ерлерді ақыл-естен жұрдай ететін бүлік келіп жетеді. Жағдай сенің бірде бір ақыл-есі түзу еркекті көрмейтініңе дейін жетеді!» Ну’айм ибн Хаммад: “әл-Фитан” 1/62. Имам әл-Хинди иснадының сахихтығын растаған. Қз. “Канз әл-‘уммәл” 11/179.

‘Али ибн Абу Талиб (оған Аллаһ разы болсын) былай деп айтқан: “Бұл үмметке бес бүлік жазылған. Ең алдымен жаппай бүлік орын алады, кейін жеке, кейін тағы жаппай, одан кейін тағы да жеке, ал одан кейін адамдар жануарлар сияқты керең және соқыр болатын бүлік орын алады”. әл-Хаким 8417.

Өкінішке орай, дәл осыны біз осы күні толығымен бүлік қамтыған араб елдерінің көбінде байқаудамыз. Мұсылмандардың тұтас мемлекеттерін тәртіпсіздіктер мен төңкерістерге қатыстырып, Исламның жаулары мұны өздерінің арам мүдделеріне пайдалануда. Ал мұның барлығы  — кейбір надан мұсылмандар тіпті Аллаһқа ғибадат жасаудың ең маңызды түріндей санайтын тура сол сұрқия митингтердің, ереуілдердің және шерулердің салдары ғой! Шейх Ибн ‘Усайминнен:  «Әмірдің келісімімен өткізілетін митингтер мен шерулер  рұқсат етіледі ме?» — деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген:  “Саләфтарға ілесу қажет! Егер осы сияқты нәрселер саләфтардың арасында болған болса, онда бұл – игілік, ал егер болмаған болса, онда бұда жамандық. Және митингтер мен шерулер – жамандық (бәле, жауыздық) екендігінде ешқандай күмән жоқ! Өйткені бұл нәрселер митинг жасаушылар тарапынан басқаларға қатысты зорлық-зомбылық пен анархияға алып келеді ғой! Солар орын алып жатқан кезде адамдардың ар-намысына, мал-мүлкіне және өміріне қастандықтар  жасалады, өйткені адамдар осы бүліктің қайнаған ортасында не сөйлеп және не істеп жатқандарын түсінбейтін мастар сияқты жүреді. Митингтер мен ереуілдер – мұның барлығы жамандық (бәле, жауыздық) болып табылады! Ал олар әмірдің рұқсатымен өтеді ме, әлде оның рұқсатынсыз ба – бұл маңызды емес! Ал кейбір әмірлердің осындай нәрселерді рұқсат етуіне келер болсақ, бұл жай пропаганда (ғана), өйткені іштей ол осыны қатты жек көреді, бірақ ол мұны өзі туралы басқалардың «демократияны ұстанушы, адамдарға бостандық беруші» т.с.с. деп айтулары үшін істейді. Мұның барлығы саләфтардың жолы болып табылмайды!» Қз. “Лиқаат Баб әл-мафтух” № 189.

Шейх әл-Әлбани былай деп айтатын: “Кейбір ислам жамағаттары митингтер мен шерулер өткізулерін қоймайды және мұндай нәрселер «үкім халыққа тән» деп мәлімдейтін кәпірлердің салттары мен әдістерінен екенін елемейді! Сонысымен (бұл жамағаттар) Пайғамбардың  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсы басшылық (жол) – бұл Мухаммадтың басшылығы (жолы)!» — деп айтқанына қайшы шығады”. Қз. “әс-Сильсиля әд-да’ифа” 14/74.

Ал бізге келер болсақ, біз орын алып жатқан нәрселерден пайда мен сабақ алуымыз қажет! Му’ауия (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Бұл дүниеден сынақ пен бүліктен өзге ешнәрсе қалмады.  Ендеше сынаққа сабырдың көмегімен әзірленіңдер!» Абу ‘Амр әд-Дани “әл-Фитан” 3. Имам әз-Захаби хадистің иснадын жақсы деп атады. Қз. “Мизан әл-и’тидәл” 4/443.

Мұсылмандар бүліктің Ислам және мұсылмандар үшін қауіпті салдары туралы білулері үшін, сондай-ақ ислам елдерінде осы кезде орын алып жатқан оқиғалардың мән-жайын ашып көрсету мақсатында біз өзіміздің қадірменді оқырмандарымызға құрметті шейх Абдур-Раззақ әл-Бадрдың осы шағын, бірақ пайдалы әрі көкейтесті еңбегін ұсынып отырмыз.

Ұлы Аллаһтан бұл шағын еңбекті әрбір мұсылман үшін берекелі және пайдалы етуін, сондай-ақ шейх Абдур-Раззақ әл-Бадрға және осы еңбекті әзірлеуде қатысқан мұсылмандарға ұлы сый беруін сұраймыз!

Әрі Аллаһ Тағаладан Умар ибн әл-Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын): “Біз бүліктердің жамандығынан  Аллаһқа пана тілеп жүгінеміз!» — деп тілегендей пана тілейміз! (әл-Бухари 7089).

Шейх Абдур-Раззақ әл-Бадрдың[2] кіріспесі

Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз.

Ал содан соң:

Біз «Бүліктердің салдары» тақырыбын талқылауға және оны жан-жақты қарастыруға мұқтажбыз, өйткені қандай да бір нәрсенің сипаттарын, салдарын және зиянкестілігін білу Аллаһтың құлына әйтеуір бір қорғалғандық пен осының алдын алу үшін шара қолдануға мүмкіндік береді. Ежелден бері «Неден қауіптенуді білмейтін адам қалайша сақтанбақ?» деп айтылатындай.

Кім бүлікті, оны қалайша тануды және оның әдеттегі салдарын білмесе, ол оған кіріп кетуі және онымен ластануы, өзіне зиян келтіруі мүмкін және нәтижесінде оның басына өкініш келіп түсуі мүмкін.

Бүлікті тануға көмектесетін оның сипаттарын білу өзіне ұлы пайданы қамтиды, өйткені жасалып жатқан амалдардың мәнін және салдарын талдауға көмектеседі, ал бұл (өз кезегінде) парасаттылық болып табылады. Яғни белгілі бір нәрсеге кірісуден бұрын  адам ең алдымен мұның неге әкеп соқтыруы ықтимал екендігін талдайды.[3] Мұның мысалын имам Ахмадтың (оны Аллаһ рақым етсін) өмірбаянынан көруге болады. Бірде оның үйіне Бағдадтың бір топ ғалымдары келді де: “Уа, Абу ‘Абдуллаһ! Бұл іс өте салмақты болып кетті және ол таралып үлгерді![4]– деп, оған шағымданды. Сонда имам Ахмад: «Ал енді не істегілерің келеді?» — деп сұрады. Олар: «Біз өзіміздің басқаруға және әмірдің билігіне наразы екеніміз туралы сенімен кеңесіп отырмыз», — деді. Біраз айтысулардан соң Абу ‘Абдуллаһ оларға былай деп айтты: «Орын алып жатқан нәрселерге жүректеріңмен сөгіс білдіріңдер, әрі (әмірге) мойынсұнуды тастамаңдар. Мұсылмандардың бірлігін бөліп-жармаңдар және өздеріңнің де, сендермен бірге болған мұсылмандардың да қанын төкпеңдер. Істеріңнің неге әкелетініне қараңдар! Ізгі әмірмен бірге тыныштың келмейінше, немесе жауыз әмірден құтылу келіп жетпейінше,  сабыр танытыңдар». әл-Халләл «әс-Сунна» № 90.

Бұл бүліктің салдары мен нәтижесін және мұның оған кіріскен адамдарға  қалай әсер ететінін ескеру қажеттігі туралы ұлы имамның айтқан насихаты еді. Олармен айтысқанда да, ол дәл осы туралы айтқан болатын.[5] Бірақ олар одан шығып кетті де, оның насихаттарын қабылдамады. Сөйтіп олар өз пікірлерінде қалып, имам Ахмадтың (оны Аллаһ рақым етсін) немере інісін өздеріне қосылуға шықырды. Бірақ әкесі оған рұқсат етпеді де: «Олармен дос болудан сақ бол! Ақиқатында, имам Ахмад оларға жамандықтан өзге ешнәрсеге тыйым салмады!» — деп айтты.

Өйткені бұл адамдардың оқиғасы әмірге қарсы (көтеріліске) шығумен аяқталды және оның соңы оларды имам Ахмад  (оны Аллаһ рақым етсін) ескерткендей болды. Олардың кейбіреулері өлтірілді, кейбіреулері абақтыға жабылды, әрі олар осы ісімен (Ислам мен мұсылмандарға да) ешқандай пайда әкелмеді және жағдайды да түзетпеді.[6]

Бұдан шығатын қорытынды:

Істердің салдарына қарау, асығыстыққа жол бермеу және сабырлық таныту – бұл бүлікті болдырмаудың ең тиімді факторы. Және бұл данқты сахаба – ‘Абдуллаһ ибн Мас‘удтың (оған Аллаһ разы болсын) мына айтқан сөздерімен де расталады: «Ақиқатында, күмәнді, бұлыңғыр істер пайда болады, сонда ұстамдылық және парасаттылық танытуларың керек. Расында, игі істерде ілесуші болу жаман істерде жетекші болғаннан жақсырақ». Ибн Абу Шайба «әл-Мусаннаф» 38343, әл-Байхақи «әш-Шу‘аб» 9886.

Ол ұстамдылықты өсиет етті, ал бұл – сабыр және асығыстықтың болмауы.

Имам әл-Бухари «әл-Адаб әл-муфрадта» (327)  ‘Али ибн Абу Талибтың (оған Аллаһ разы болсын) былай деп айтқан сөздерін келтіреді: “Асығушы болмаңдар! Бүлік туралы жария етуші және оны таратушы болмаңдар! Ақиқатында, сендерді жүдететін ауыр сынақ және ұзақ уақытқа созылатын қиын істер тосып тұр! ”.

Сөйтіп, ол үш нәрсені өсиет етті:

Біріншісі – ол асығыстыққа тыйым салды. Адам сабырлы болуы керек, абайлықпен әрекет жасап, бір іске кірісуден бұрын оны зерделеуі және салдарын қарауы керек.[7]

Екіншісі – бүлікті жария етпеу және таратпау. Бұл — әсіресе сақ болуға тиісті нәрсе. Бүлік от алған кезде, оның күшеюіне және өрттенуіне сөзбен де, басқа да амалдармен де болысуға рұқсат етілмейді, керісінше болған жағдайда ол адам отты өршітуші және жауыздық таратушы болады.[8]

Үшіншісі – бүлік таратпау және оған кіріспеу. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметін бүлікке жақындаудан алдын ала ескертті, бұл жөнінде Абу Хурайра жеткізген хадисте ол былай деген: «Бүліктердің кезеңі келіп жетеді, әрі сол кезде отырған тұрып тұрушыдан, тұрған жүрушіден, ал жүрген жүгіріп жүрушіден жақсырақ болады». әл-Бухари 3406, Муслим 2886.

Яғни адам бүліктен қаншалықты алыстау  болса және оны өршітудегі белсенділігі қаншалықты төмен болса, ол соншалықты қорғалған болады, әрі осыда оның өзі үшін игілік бар. Сондықтан ол бүліктен алшақтауы және Ұлы Аллаһ Тағаладан оны және барша мұсылмандарды оның жамандығынан сақтауын тілеуі қажет де, бүлікті өршітудің және таратудың құралына айналмауы керек.

Зайд ибн Сабиттен (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізілген: «Аллаһтан бүліктерден пана тілеңдер, (олардың) анықтарынан да, жасырындарынан да». Сонда сахабалар: “Біз Аллаһтан бүліктерден пана тілейміз, анықтарынан да, жасырындарынан да”, — деді. Муслим 2867.

Бүліктен пана тілеу қажет, Пәк Аллаһ Тағаладан оның апатынан, қауіпінен және жамандығынан сақтауын сұрау керек. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тура жолдан адастыратын бүліктен және азғырулардан Аллаһтан пана тілеп жалбарынған дұғаларымен жалбарыну қажет. Бұл – мұсылман адам ерекше назар бөлуге тиіс болған нәрсе, өйткені тек Аллаһ қана қорғайды және сақтайды. Сондықтан пенде шын ықыласымен Аллаһтан пана іздеуі керек, оны және барша мұсылмандарды бүліктен сақтауын сұрауы керек.

Мұсылман адам сондай-ақ өзін батылдықпен бүлікке тастаудан бұрын білім иелеріне жүгінуі қажет, өйткені ол осы бүліктің басшысы және жауыздықтың есігін ашатын кілтке айналуы әбден мүмкін. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, адамдардың арасында жақсылықтың (ізгіліктің) кілті әрі жамандықтың (жауыздықтың) құлыпы болып табылатындары бар. Және адамдардың арасында жамандықтың (жауыздықтың) кілті әрі жақсылықтың (ізгіліктің) құлыпы болып табылатындары да бар. Аллаһ жақсылықтың (ізгіліктің) кілті қылған адамдарға Туба (Жәннаттағы ағаш) болсын, әрі Аллаһ жамандықтың (жауыздықтың) кілті қылғандарға қасірет болсын!» Ибн Маджах 237, Ибн Абу ‘Асым 297, ат-Таялиси 2082. Хадис сахих. Қз. “әс-Сильсиля әс-сахиха” № 1332.

Әрбір мұсылман өзін және өзгелерді салдары бұл дүниеде де, Ақыретте де оларға қарсы келіп тиетін опат етуші істерді жасауға тастаудан және жамандықтың кілті, жауыздықтың жетекшісі әрі насихаттаушысы болудан қорқуы қажет.

Сөйтіп, бүліктердің салдарын, олардың қауіптіліктері мен зиянын білу мұсылман адамға ұлы пайда алып келеді.

Бүліктердің салдардары мен әсерлері көп. Оларды тізбектеп атау және талқылау ұзаққа созылады, бірақ осы еңбекте мен кейбір ең маңызды салдарына тоқталамын, әрі Аллаһ Тағала осы еңбекті барлығымызға игілікті және пайдалы етеді деп үміттенемін.


[1] Өз негізінде «бүлік» (фитна) сөзінің тілдік мағынасы – бұл «азғыру», «сынақ». Бірақ бұл сөз сондай-ақ қолданылып тұрған контекстке  байланысты басқа да көптеген мағыналарға ие болуы мүмкін. Қз. “ән-Нихая” 3/410, “Фатхуль-Бари” 3/13.

«Фитна» сөзінің «азғыру», «сынақ» деген мағынасы туралы Аллаһ Тағала былай дейді: «Адамдар: «Иман келтірдік» деумен сыналмай қойып қойылатындықтарын ойлай ма?» (әл-Анкабут 29: 2).

Ол сондай-ақ былай деді: «Осылайша Біз олардың біреулерін басқаларымен сынадық». (әл-Ән’ам 6: 53).

«Фитна» сөзі сондай-ақ «бүлік», «келіспеушілік», «бөліну» деген мағынаға да ие, Аллаһ Тағала екіжүзділер туралы былай деп айтқанындай: «Егер олар сендермен бірге жорыққа шықса да, сендерге тәртіпсіздіктен басқа ешнәрсені арттырмас еді.  Араларыңда асығыс жүріп бүлік салар еді». (әт-Тауба 9: 47).

Бұл сөздің сондай-ақ «күпірлік», «көпқұдайшылдық» деген мағыналары да бар. Бұл туралы Аллаһ Тағала былай дейді: «Олармен (көпқұдайшылдармен) фитна жойылмайынша соғысыңдар». (әл-Бақара 2: 193).

Бұл аятта «фитна» сөзінің астарында күпірлік туралы сөз болып тұр. Қз. “Тафсир әт-Табари” 2/194, “Тафсир Ибн Касир” 1/329.

Сондай-ақ бұл сөз «ақиқаттан тайдыру», «адастыру» деген мағыналарға да ие, бұл жөнінде аятта былай деп айтылатындай: «Олардың қалауларын мақұлдай берме, әрі олар сені Аллаһ саған түсіргеннің бір бөлігінен бұрып жібермеулері үшін олардан сақтан!» (әл-Маида 5: 49).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Кімді Аллаһ адасушылыққа салуды қаласа, сенің оны Аллаһтан қорғауға өктемің жетпейді». (әл-Маида 5: 41).

Сондай-ақ «фитна» сөзі «жазалау», «өлтіру» дегенді білдіреді, бұл туралы Аллаһ: «Егер кәпірлер тарапынан фитнадан (өлтірілуден) қауіптенсеңдер, кейбір намаздарды қысқартқандарың сендер үшін күнә болмайды». (ән-Ниса 4: 101). Қз. “Лисан әл-‘араб” 13/319, “ән-Нихая” 3/410-411, “Фатхуль-Бари” 3/13, 11/176.

[2] Бұл еңбек шейх ‘Абдур-Раззақ әл-Бадрдың әр-Риядтағы «ар-Раджихи» Орталық мешітінде оқыған лекциясының негізінде жазылған.

[3] ‘Умар ибн ‘Абдуль-‘Aзиз былай деп айтатын:Аллаһқа білімсіз құлшылық етуші пайдаға қарағанда көбірек зиян әкеледі. Ахмад “әз-Зухд” 365. Иснады сахих.

Ал шейх Ибн аль-Қайим былай деген: «Білімсіз жасалған әрбір іс, оны жасаушыға пайда әкелмейді. Керісінше, бұл оған зиян әкеледі, бұл туралы ізгі саләфтар: «Білімсіз құлшылық ететін адамның әкелетін зияны оның пайдасынан да асып түсуі мүмкін», — деп айтқанындай. Қз. “Мифтаху дари-сса’ада” 1/83.

[4] Олар «Құран – жаратылған (махлуқ)» деген дінбұзар көзқарасты, әмірдің залымдығын және басқа айыпты істерді меңзеп тұрған болатын.

[5] Имам Ахмадқа дейін мұндай насихатты Хасан әл-Басри де жасаған. ‘Умар ибн Язид былай деп баяндайтын: “Язид ибн әл-Мухаллябтың (Басраның әкімі) басқаруы тұсында (наразы болған) адамдардың тобы Хасан әл-Басирге келгенде, ол оларға үйлерінде қалып, есіктерін жауып қоюларын насихаттап: «Аллаһпен ант етемін, егер адамдар әмірлердің тарапынан өздерінің бастарына келіп түскен нәрселерге сабыр танытқандарында, көп уақыт өтпей Аллаһ оларды бұдан құтқаратын еді! Алайда олар бірден қылышқа жүгінеді және осы себепті өздерін соған (қылышқа) тапсырып қояды. Аллаһпен ант етемін, олар ешқашан игілікке қол жеткізбеген», — деді де, соңынан мына аятты оқыды: «Сондай езілген халықты біз құнарлы қылған жердің шығысына да батысына да мұрагер қылдық. Сөйтіп олардың сабыр қылулары себепті Рабыңның Израил ұрпақтарына деген игі сөздері орындалды. Сондай-ақ Перғауын мен елінің биіктетіп жасап бара жатқандарын талқандадық» (әл-А’раф 7:137)”. Ибн Са’д “Табақат әл-кубра” 7/164, әл-Аджурри “әш-Шари’а” 65.

[6] Осындай нәрселер жиі жағдайда кейбір ынталы мұсылмандар игі идеялардың жетегінде кетіп, өздеріне де, өзге мұсылмандарға да қасірет пен зиян келтіретін әрекеттерді жасаған кезде орын алады, өйткені олар пайда мен зиян мәселесін ескермеген. Шейх Джамалюддин әл-Қасими былай деп айтатын: “Мұсылман қауымы олардың жетекшілерінен болған топ қиянатшылдық жасай бастағанға  дейін қауіп-қатерлерден тыныш, игілікте өмір сүруі  мүмкін. Олар (жетекшілер) бұл әрекеттен соң жетістік келеді деп ойлайды, бірақ (олардың) бұл (әрекеті) үммет үшін қасіреттің келуін араңдатады және олар (мұсылмандар) өз қалаларында (елдерінде) бытыранқы болып қалады». Қз. “Махасин әт-тауиль” 13/48.

Тарихшы имам Ибн Хальдун былай деп айтатын: “Айыпталатын нәрсені өзгерту үшін, көтерілетін қарапайым халық пен кейбір фақихтардың жағдайы осындай. Ақиқатында, ғибадатпен және дінмен байланысты көптеген адамдар жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтаруға  шақырып, осы үшін Аллаһтан сый алу ниетімен әділетсіз әмірге қарай (оны жамандықтан қайтару үшін) жол алады. Және осындай адамдардың надан тобырдан шыққан ізбасарлары көбейе түседі де, олар өздерін опат болуға тастайды. Олардың көбі осы жолда осы үшін жауапкершілікті мойындарына жүктеп, бірақ сый (сауап) алмай қаза табады, өйткені Аллаһ Тағала оларға мұны бұйырмады!” Қз. “Муқаддима Ибн Хальдун” 1/280.

[7] Анастан (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізілген: «Байсалдылық Аллаһтан, ал асығыстық шайтаннан». Абу Я’ля 3/1054, әл-Байхақи 10/104. Хадис сахих. Қз. “әс-Сильсиля әс-сахиха” 1795.

[8] Ибн ‘Аббас (оған Аллаһ разы болсын) былай дейтін: Ақиқатында, бүліктің себебі қол   емес, тіл болып табылады!» әд-Дани «әс-Сунан әл-уарида филь-фитан» 171.

You may also like...