Муржилер мен хауариждер кәпірлер ме?

—          Әссәләму аләйкум! Менде екі сұрақ бар!

Біріншісі: Бірде мен осы форумда мынандайды оқыдым:

«Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Соңғы замандарда жаратылыстардың ең абзалының (Пайғамбардың)  сөздерін айтатын жас және ақылы бойынша зердесіз (парықсыз) адамдар пайда болады, алайда олар садақтан атылған жебе сияқты Исламнан шығады. Бұл адамдардың иманы олардың кеңірдектерінен төмен түспейді, сондықтан да оларды қай жерде кездестірсеңдер — өлтіріңдер[1], өйткені оларды өлтірген (адам) осы үшін Қиямет Күні сый алады». Әл-Бухари 3611.

Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждер туралы былай деген: «Олар – жаратылыстардың ең жамандары және Туба[2] оларды өлтіргендер мен олардың қолынан өлгендер үшін».  Әл-Хаким 2/146. Хафиз Ибн Хажар хадистің сахихтығын растаған.

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы  Абу Са’ид әл-Худри былай деп айтатын: “Хауариждермен соғысу мен үшін кәпірлермен соғысудан абзалырақ!” Ахмад 3/33, Ибн Абу Шәйба 15/303.

Имам Ибн Хубайра былай деген: “Бұл сөздерде хауариждермен соғысу көпқұдайшылдармен соғысудан маңыздырақ екеніне нұсқау бар. Мұның даналығы: олармен соғысу — Исламды сақтап қалу, ал көпқұдайшылдармен соғысу пайдамен байланысты, бірақ (Исламды) сақтап қалу маңыздырақ!” Қз.: “Фатх әл-Бәри” 12/301».

Осы (сөздер) хауариждердің кәпірлер екендігіне нұсқайды ма?

Екінші сұрақ: Егер біз жоғарыда келтіргендерге назар салар болсақ, онда хауариждер не кәпірлер, не Исламдағы ең адасқан секталардың бірі екендігіне көзіміз жетеді. Бірақ жақында маған хауариждік идеялардың бір танымал насихатшысының өз сайтында жариялаған «муржилер хауариждерден де жаман  және Исламнан шығады» дегенге нұсқайтын сөздері жеткізілген болатын:

“Муржилердің бидғаты дін үшін хауариждердің бидғатынан да қауіптірек, өйткені хауаридждердің ақидасы діндегі нысапсыздық болып табылады, алайда ол оларды Исламнан шығармайды, ал муржилер дінді сұйықтатуы мен жеңілдетуі соншалықты – өздері соны білмей Исламнан шығады. Және ұлы ғалым-табиғин Саид Ибн Жубайр: «Муржилер – бұл қыбланың яһудилері» (Сунна, 723), — деп бекер айтпаған. Және сәлафтар муржия фитнасынан Тозақтың иттері деп аталған хауариждердің фитнасынан да көбірек қауіптенген. Ұлы табиғин Ибраһим ән-Нәһаи былай деген: «Біз бұл үммет үшін муржилердің фитнасынан хауариждердің фитнасынан да көбірек қорқамыз» (Сунна, 617)”.

Оның жазғаны рас па? Муржилердің сектасы кәпірлер болып табылады ма? Және олардың қайсылары Ислам үшін жаманырақ: хауариждер ме, әлде муржилер ме?

—       Уа аләйкум сәләм. Бұл екі секта да адасқан! Хауариждер бір шетке шығушылыққа түскен, ал муржилер тура соған қарама-қарсы шетке шығушылыққа түскен. Бірақ әлгі жазушысымақтың  «Муржилер хауариждерден де жаман және олар Исламнан шығады» дегеніне келер болсақ, бұл – өтірік. Бұдан тыс, дәл осындай мәлімдемер кейбір надандардың көптеген мұсылмандарды және тіпті Саудияның ірі ғалымдарын әл-Мақдисиді немесе Бин Ладенді сөккені үшін сатылған раввиндар[3] деп атауына себеп болған. Және, олардың пікірі бойынша, муржилер кәпір болып табылатындықтан, — ал олар бұл ғалымдарды муржи деп есептейді, — олар оларды күпірлікте айыптайды!

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтқан: “Ал мұсылман ғалымдарын күпірлікте айыптайтын надандардың жөнсіздігіне келер болсақ, бұл сөгуге лайықты амалдардың ең ұлығы болып табылады және мұның бастамасын өздерінің болжамдарына сүйеніп, мұсылмандардың имамдарын «олар дінде қателік жіберді» деп есептеп кәпір деп атаған  хауариждер мен рафидилер бастады”.  Қз.: Мәжму’уль-фатауа” 35/100.

Ал муржилерге келер болсақ, бұл секта айқын адасушылықта екендігіне ешқандай күмән жоқ және олардың ең жаман адасушылығының бірі – «Адамның күнәлары оның иманына еш зиян тигізбейді», — деп есептеуі, осы себептен олар үшін ең пасық мұсылманның иманы Жәбірейілдің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) иманымен бірдей.

Бірақ, сонымен бірге, имамдардан ешкім: «Муржилер кәпірлер болып табылады және Ислам ағымдарына жатпайды», — деп айтпаған.

Ал бұл “уникумның”[4] сәлафтардан жеткен кейбір асарлардың негізінде муржилердің күпірлігі туралы жасаған тұжырымдамалары дұрыс емес! Ал олар мыналар:

Саид Ибн Жубайр: «Муржилер – бұл қыбланың яһудилері» (Сунна, 723), — дегені «муржилер кәпір болып табылады» дегенге нұсқамайды. Са’ид ибн  Жубәйр оларды яһудилермен теңестірсе де, сонымен қоса оларды осы үмметке теліді. Бұл сәлафтардың қадарилер туралы айтқанын және оларды отқа табынушылармен теңестірген сөздеріндей.

Сондай-ақ мына дерек те:

Ибраһим ән-Нәһаи: «Біз бұл үммет үшін муржилердің фитнасынан хауариждердің фитнасынан көбірек қорқамыз» (Сунна, 617).

Біріншіден, Ибраһимнің «муржилердің фитнасы хауариждердің фитнасынан қауіптірек» деген пікіріне келер болсақ, ол бұл жерде муржилердің немесе хауариждердің өздері туралы, яғни олардың қайсылары жаманырақ екендігін емес, олардан шығатын фитна туралы айтып тұр.

Екіншіден, хауариждер бұл үмметтің ішіндегі ең жамандары екені туралы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан. Айша Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде хауариждер туралы ескертіп: «Олар менің үмметімдегі ең жаман адамдар!», — деп айтқанын баяндаған. Әл-Бәззар, хафиз Ибн Хажар “Фатхул-Бәриде” 12/299 иснадын хасан деген.

Имам Муслим жеткізген хадисте ол хауариждер туралы: «Олар Аллаһтың алдындағы ең жек көрінішті жаратылыстардан!», — деп айтқан. Қз.: “Фатхул-Бәри” 12/299.

Ал Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осындай хадистерінен кейін  кім біреуді хауариждерден де жаман деп айта алады, тіпті онда имамдардың жүз сөзі болса да?!

Абу Хурайраның алдында хауариждер туралы айтылғанда, ол: «Олар – жаратылыстардың ең жамандары!», — деген. Ибн Аби Шәйба № 39040. Иснады сахих.

Ал имам Ибн Хиббан өзінің «Сахихындағы» хауариждер туралы хадистерді келтіген тарауды «Хауаридждер – жаратылыстардың ең жамандары екендігі туралы деректерді атап өту» деп атаған.

Бұл – олардың қайсылары жамандау екендігіне қатысты.

Ал муржилерді кәпірлерге шығаруға келер болсақ, имамдардан ешкім бұл туралы айтпаған! Шейхуль-Ислам Ибн Таймия: «Сәлафтарға және имамдарға келер болсақ, олардың арасында муржилердің және (Алиді) абзал көретін шиғалардың кәпір еместігіне қатысты келіспеушіліктер болмаған», — деп айтқан.  Және тура сол жерде ол: «Имам Ахмадтың муржилерді және рафиди емес шиғаларды кәпір деп есептемегені олардың (муржилер мен рафиди болмаған шиғалардың) айтқандары дұрыс екендігіне нұсқамайды! Ол олардың сөздері жәхмилер мен рафидилердің сөздеріндей қорқынышты болмауы себепті оларға такфир жасамады». Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 3/345-356.

Ал ендеше бұл «тобықтан жең шығарушы» муржилер кәпір болып табылатындығына дәлел және сәлафтар мен имамдардың осы туралы айтқан сөздерін келтірсін!

Ертедегі имамдар муржилерге емес, кейбір шекке шыққан муржилер солардың сенімдеріне сәйкес келетін жәхмилерге такфир жасайтын. Сонда да имамдар жай жәхмилердің көзқарастарына ие болғандарға емес, анық жәхмилерге такфир жасайтын. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: «Сәлафтардан және имамдардан Аллаһтың сипаттарын жоққа шығаратын айқын жәхмилерді күпірлікте айыптау туралы жеткізіледі. Және олардың (барып тұрған жәхмилердің) сөздеріне – Аллаһтың сөйлемеуі, көрмеуі, жаратылыстарынан бөлек болмауы, Оның білімі, қуаты, естуі және өмірі болмауы (туралы сөздер) жатады. Және олардың «Құран жаратылған», «Жәннаттың тұрғындары да Тозақтың тұрғындары сияқты Аллаһты көрмейді» дегендей сөздері де». Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 3/358.

Міне, осындай сенімдердің иелеріне сәлафтар такфир жасайтын.

Ал имамдардың жәхмилердің күпірлігі туралы айтқан сөздерін алып, муржилерге такфир жасау — рафидилер  шиғалардың шекке шыққан сектасы екендігіне қияс жасап, барлық шиғаларға, тіпті зайдилер сияқты орташыл шиғаларға да такфир жасаумен бірдей.

Мұның үстіне, шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп ататын: “Бұл екі ағымның: хауариждердің және му’тазилилердің сөздері муржилердің сөздерінен жаман! Ақиқатында, муржилердің арасында имамдар мақтаған ғалымдар болды. Ал хауариждер мен му’тазилилерге келер болсақ, әһлю-Сунна уәл жәма’а оларға жан- жағынан тек сөгіс айтты!” Қз.: “Китабуль-иман” 209.

Яғни муржилердің адасушылығына қарамастан, олардың араларында кейбір имамдар мақтаған адамдар болған, ал хауариждерді имамдардан ешкім мақтамаған!

Ал бұл «жеңнен жаға шығарушының» «Муржилердің бидғаты дін үшін хауариждердің бидғатынан да қауіптірек, өйткені хауариждердің ақидасы діндегі нысапсыздық болып табылады, алайда ол оларды Исламнан шығармайды…» деген сөздеріне келер болсақ, бұл – айқын адасушылық және діндегі нысапсыздық. Хауариждердің қасіреті де олардың дінде нысапсыздыққа бой беріп, харамды хәлал деп, ал хәлалды харам деп есептеуінде болды! Осы себепті олар үлкен күпірліктің бір түрі болған «куфр әл-истихләл» күпірлігіне түсті. Олар түскен үлкен күпірліктің тағы бір түрі  сондай-ақ «куфр әт-такзиб» те  болып табылады, өйткені олар Аллаһ және Оның Пайғамбары (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) куәлік берген және тірі кезінде Жәннатпен сүйіншілеген сахабаларды күпірлікте айыптады! Олар сондай-ақ мұсылманның айқын Исламын күпірлік деп атады, ал бұл да өз кезегінде үлкен күпірлік болып табылады!  Имам Ибн Хәжар әл-Хайтами былай деген: “Әр-Рафи’и: «Мұсылманға дәлелсіз: «Кәпір!», — деп айтқанның өзі күпірлікке түседі, өйткені ол Исламды күпірлік деп атайды! Кім мұсылманды күпірлікте айыптаса, өзі кәпірге айналады!», — деген. Және тура осыны оның сөздерінен кейін имам ән-Науауи де айтқан». Қз.: “әл-И’ләм би қауаты’ әл-Ислам” 98.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Ақиқатында, ғалымдар хауариждерді және олардың адасушылығын сөгуде бірауызды келісімде, алайда хауариждерді күпірлікте айыптауға қатысты келіспеушілік болған”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 28/512.

Ал егер әһлю-Сунна арасында муржилердің кәпір еместігі туралы, бұл жөнінде шейхуль-Ислам жеткізгендей, келіспеушілік болмаған болса, хауариждердің күпірлігіне қатысты  олар келіспеушілікте болған және көптеген имамдар оларды кәпірлер деп есептеген. Мысалы, оларды кәпірлер деп есептеген имамдардың қатарында әл-Бухари, Абу Бакр ибн әл-Араби, әл-Қуртуби, әс-Субқи т.б. бар. Қз.: “Фатх әл-Бәри” 12/300.

Олар хауариждерді, олар Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) харам еткен нәрсені хәлал еткені үшін және «Олар жебе садақтан ұшып шығатыны сияқты Исламнан ұшып шығады» деген хадистерге сүйеніп, кәпірлер деді.

Имам Абуль-‘Аббас әл-Қуртуби былай дейтін: «Хауариждерге такфир жасау туралы пікір хадистің сыртқы мағынасына сәйкес келеді». Қз.: “әл-Муфхим” 3/110.

Имам Ибн әл-Араби  «Шарх «Сунан» әт-Тирмизиде» былай деген: ”Дұрыс пікір хауариждер кәпір болғанында, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олар туралы: «Исламнан ұшып шығып кетеді», — деді. Ол сондай-ақ: «Мен оларды кездестірген жерімде өлтіремін, Ад және Сәмуд елдері өлтірілгендей», — деп айтты, ал бұл тайпалар дәл күпірлік үшін жойылған еді”.

Имам әс-Субқи былай дейтін: «Хауәридждер мен рафиди-шиғаларды күпірлікте айыптағандар олардың ең абзал сахабаларды күпірлікте айыптағанын, сонысымен осы сахабалар жөнінде Жәннәтпен күәлік берген Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін теріске шығарғандығын себеп етті». Қз.: “Фатауа әс-Субқи” 5/611.

Имам Ибн Хубайра былай деп айтатын: “Хауариждер  Мухаммадтың үмметінің  және яһудилер мен христиандардың ішіндегі ең жаман адасқан секталардан!” Қз.: “Фатхуль-Бәри” 12/305.

Мұның үстіне, хауариждерді такфир жасау туралы кейбір имамдар тіпті сахабалардан да жеткізген. Бірде Ибн Умар хауариждер туралы ескертіп: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жебе садақтан ұшып шығатыны сияқты Исламнан ұшып шығады», — деп айтатын”, — деген.  Әл-Бухари 6832.

Тура осылай деп, хауариждер туралы айтқанда, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Жебе садақтан ұшып шығатынындай діннен шығып кетеді, содан соң жебе орнына келмейінше оған қайта оралмайды» деген хадисін келтіретін Абу Са’ид әл-Худри де айтатын.

Имам ан-Науауи бұл хадис туралы: “Онда Абу Са’идтен ол хауариждерді кәпір деп және олардың барлығы бұл үмметтен емес деп санағандығына нұсқау бар”. Қз.: “әл-Минһаж” 7/163.

Имам Ахмад былай деп айтатын: “Хауариждер  жексұрын халық! Мен жер бетінде олардан жаман адамдарды білмеймін! Және Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға қатысты он тараптан хадистер жеткізіледі”. Әл-Хәллал “әс-Сунна” 110. Иснад сахих.

Имам әл-Әжурри былай деп айтатын: “Алғашқы және кейінгі бұын ғалымдарының арасында хауариждер Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнбаған ең жаман адамдар болып табылатындығына келіспеушіліктер болмаған!” Қз.:  “әш-Шәри’а” 1/21.

Қорытынды:

1. Хауариждер және муржилер Исламдағы адасқан секталар.

2. Муржилер кәпірлер болып табылмайды және өздерінің адасушылықтарының себебімен Исламнан шықпайды, бұл жөнінде келіспеушіліктер жоқ. Бұдан ерекшеленетіндер тек айқын жәхмилер.

3. Хауариждер муржилерден және адасушылықтары оларды Исламнан шығармаған өзге секталардан жаманырақ, әрі олар — Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) куәлігіне сәйкес және имам Әжурри бұл жөнінде жеткізген үмметтің бірауызды пікірі бойынша ең жаман адамдар.

4. Хауариждердің күпірлігі туралы айтар болсақ, бұған қатысты белгілі келіспеушілік бар, ал кейбір имамдар оларды такфир жасаудан қалыс болған. Қады Ийяд фақих Абдуль-Хаққ имам Абу әл-Ма’алиден хауариждердің күпірлігі жайында сұрағанда, ол жауап беруден бас тартқанын және: «Кәпірді Исламда деп айту және мұсылманды Исламнан шығару  діндегі ұлы нәрсе!», — деп айтқанын жеткізеді. Қз.: “әл-Икмәл” 3/612.

Ал шейхуль-Ислам Ибн Таймия хауаридждер кәпір еместігі және сахабалар олармен кәпірлермен соғысқандай емес, бүлікшілермен соғысқандай соғысқандығы туралы пікірге ауған. Қз: “Минһаж әс-Сунна” 5/248.

Олар харам етілген қанды төкпейінше және мұсылмандардың мал-мүлкіне қол сұқпайынша сахабалар олармен соғыспаған. Оларға қарсы соғыстың себебі —  күпірлігі емес, алайда олардың мейірімсіз зұлымдығын тоқтатуға деген ұмтылыс болды. Дәл сондықтан сахабалар олардың әйелдерін тұтқынға алмады және олардың мал-мүлкін иемденбеді. Қз.: Зайд ибн Файяд «әр-Раудату-н-нәдийя – шәрхиль уәситыйя» 392-бет.

Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір хадистерде хауариждер оның үмметінен деп айтады. Және кейбір сахабалар хауариждерге ұйып намаз оқығаны жеткізіледі, ал егер олар хауариждерді кәпірлер деп санағанда, намаздарында оларға ұйымас еді. Қз.: “Минһаж әс-Сунна” 5/248.

Бірақ, күмәнсіз, хауариждердің арасында бидғаты мен адасушылығы оларды Исламнан шығаратын шетке шыққандары да бар!

Және егер хауариждерді кәпір емес деп санағанның өзінде де, ғалымдар: «Қоғамда хауариждік көзқарастар және идеялар пайда болған жағдайда, кез келген заманның мұсылмандары үшін оларға ілесушілерді Аллаһқа шақырумен және адасушылықтарын түсіндірумен емдеу міндетті болып табылады», — деп айтады. Ал егер олар өз сенімдерінде қасарысып тұрып алса, онда олардың жауыздығын күштеп басып тастау үшін олармен соғысу қажет, бұл жөнінде шейх Салих әл-Фаузан айтатындай. Қз.: “Ләмха ‘аниль-фирақ әд-даллә” 42.

Масих әд-Дәжжал да, Аллаһ бізді одан сақтасын, хауариждердің әскерінің қатарынан шығатынын білгенде, бұл сектаның қаншалықты қорқынышты екенін және одан жаман секта жоқ екенін түсіну оңай болады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметімде Құранды оқитын, бірақ ол олардың кеңірдектерінен төмен түспейтін Шығыс жақтан бір адамдар пайда болады. Олар әр ғасырда пайда болады да, талқандалады, әр ғасырда пайда болады да, талқандалады», — және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерді жиырмадан астам рет қайталады да: «Әр ғасырда пайда болады да, талқандалады және олардың әскерінің ішінен Дәжжал шыққанға дейін осылайша жалғаса береді!», — деп қорытындылады. Ахмад 2/174, Ибн Мәжаһ 173. Хадистің сахихтығын хафиз әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: «Сахихуль-жәми’» 8171. Осындай хадисті имам ән-Нәсаи де 4103 келтіреді, ал хафиз Ибн Хажәр оны сахих деген.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждер Дәжжал пайда болғанға дейін шығуын тоқтатпайды деген». Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 28/495.

Нәфи’ былай деп баяндаған: “Ибн Умар хауариждерді Аллаһтың ең жаман жарытылыстары деп санайтын және: «Хауариждер кәпірлерге қатысты түсірілген аяттарды алып, оларды мұсылмандарға қатысты қолданады», — деп айтатын”.  Ибн Уәһб. Қз.: “әл-Изтискар” 8/90. Бұл деректі сондай-ақ имам әл-Бухари де өзінің «Сахихының» бір тарауында келтіреді, ал хафиз Ибн Хажәр бұл деректің иснадын сахих деген. Қз.: “Фатхуль-Бари” 12/286.

Шейх Салих әс-Садлән былай деп айтатын: “Біздің заманымыздың хауариждері – алғашқы буын хауариждерінен жаман!”

Сондай-ақ шейхуль-Ислам Ибн Таймия да: “Хауариждер мұсылмандар үшін яһудилер мен христиандардан да жаман. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандарды өлтіруде ыждағаттылық көрсетеді. Олар мұсылмандардың қанын төгуді, олардың мал-мүлкін тартып алуды, олардың балаларын өлтіруді және оларды күпірлікте айыптауды рұқсат етеді!”, – деген. Қз.: «Минһажу-с-Сунна» 5/248.

Сондай-ақ Абу Умаманың, ол Дамаск мешітіне кіріп, хауариждердің басын көргені жайлы хадисті ескертіп кеткіміз келеді. Сонда ол Абу Ғалиб әл-Хумсиге: «Уа, Абу Ғалиб, бұл адамдар – сенің жерлестерің, әрі мен саған олар туралы айтып бергім келіп тұр: олар – Тозақ тұрғындарының иттері! Және олар аспан астында өлтірілгендердің ең жамандары!», — деді де, жылады. Абу Ғалиб: «Уа, Абу Умама, сені жылауға не мәжбүрлеп жатыр? Олар мұсылмандар болатын, ал сен олар туралы мен естіп тұрған нәрселерді айтып тұрсың…», —  деді. Абу Умама былай деп жауап берді: «Олар Аллаһ олар туралы: «Сол күні, бір жүздер ағарғанда, ал өзге беттер қарайғанда: «Сендер қалайша иман келтіргеннен кейін кәпір болдыңдар? Сенбегендерің үшін азап татыңдар!», — деп айтылады. Ал кімнің жүздері ағарса, солар Аллаһтың рахымында болады. Олар онда мәңгі қалады» (Әли Имран сүресі, 106-107), — деп айтқан адамдар». Абу Ғалиб: «Уа, Абу Умама, сен бұл сөздерді басыңнан алып тұрсың ба, әлде сен мұны Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанын естідің бе?», — деді. Абу Умама: «Егер мен оларды Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір-ақ рет, екі және жеті ретке дейін естіген болғанымда, онда мен сендерге олар туралы айтпас та едім!»,  — деп жауап берді. Хадисті әт-Тахауи 6/337 хасан иснадпен жеткізген.

Ал муржилерге келер болсақ, олар кейбір адасушылықтарында хауариждердің бауырлары болып табылады, өйткені имам Ахмад ибн Хәнбал: «Ақиқатында, хауариждер – бұл муржилер!», — деді. Қз.: “әс-Сунна” 74.

Және муржилердің кейбір сипаттары, мысалы, әмірге қарсы шығуды құптауы, хауаридждердің сипаттарымен үндеседі.

Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Менің үмметімнен екі топ менің айдыныма жақындатылмайды және Жәннатқа кірмейді! Ал олар  — қадарилер мен муржилер!» әт-Табарани «әл-Аусат» 1/253. Хадис хасан. Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” № 2748.

Аллаһтан бізді бұл секталардың фитнасынан сақтап қалуды сұраймын!

Сондай-ақ хауариждердің бұдан да жек көрініштілері бар. Олар — басқаларды көтеріліске айдап салып, фитна енгізіп, ал өздері бұғып шетте қалатындар. Абдуллаһ ибн Мухаммад әс-Са’иф былай деп айтатын: «Ең жиіркенішті хауариждер – бұл бұғып отыратын хауариждер (әл-қа’адия)». Абу Дауд “әл-Мәсаил ” 281.

Алынған көзі: Salaf-forum.ru



[1] Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерді өлтіру туралы бұйрығы кез келген адамға емес, мұсылмандардың әмірлеріне қатысты. Имам әл-Бухари өзінің “Сахихындағы” тарауды «Хауариждерді оларға дәлел келтіргеннен кейін өлтіру туралы» деп атап, мына аятты келтірген: «Аллаһ адамдарды тура жолға салғаннан кейін, олар сақтануға тиіс болған нәрселерді ашық білдірмейінше, оларды адастырмайды»  (әт-Тауба 9: 115). Қз.:«‘Умдатуль-қари» 19/369.

[2] Жәннаттағы ағаштың аты.

[3] Раввин – яһуди діндарларының жалпы атауы.

[4] Уникум – лат. бірден бір, өте сирек кездесетін зат. Бұл жерде осы адам ғана осындай пікірге ие екендігі меңзеледі – ауд.

You may also like...