Шайтанның азғыруының түрлері туралы (кемшілік жіберу және шектен шығу)

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Біз Өзін ғана мадақтайтын және Өзінен ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз. Уа, Аллаһ, оған, оның отбасы мен сахабаларына, және Ақырет Күніне дейін оның жолы мен басшылығына ілескендердің барлығына рахметің мен игілігіңді сыйлай гөр!

Ал содан соң:

Ақиқатында, шайтанның мұсылмандарды арбайтын және адастыратын екі жолы бар. Бұл жолдардың біреуіне ол күнәларға бейім, селқостыққа және дінге деген немқұрайлыққа берілетіндерді итермелейді. Мұндай мұсылманға ол күнәларды және нәпсісіне берілуді әдемі етіп көрсетіп, оны Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнудан алыстатады.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Жәннат (нәпсі) ұнатпайтын нәрселермен қоршалған, ал Тозақ құмарлармен қоршалған». әл-Бухари 6487, Муслим 2822.

Ал басқа жолға шайтан ғибадатта және Аллаһқа бағынуда ыждағаттылық танытатындарды итермелейді. Мұндай адам үшін ол шектен шығушылықты әдемі етіп көрсетіп, дінді бұзу үшін, оны шектен шығушылыққа итермелейді.[1]  Пәк Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, Кітап Иелері! Діндеріңде нысапсыздық көрсетпеңдер және Аллаһ туралы тек шындықты айтыңдар!» (ән-Ниса 4: 171).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді:  «Әй, Кітап иелері! Ақиқатқа қарсы діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар, және бұрынырақ тура жолдан тайып,  адасушылыққа түскен және өзге көпшілікті адастырған адамдардың әуесін құптай бермеңдер!» — де»  (әл-Мәида 5: 77).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Діндегі нысапсыздықтан (артық кетуден) абай болыңдар, өйткені сендерден бұрын өмір сүргендерді діндегі шектен шығушылықтары опат қылды!» — деді. Бұл хадис сахих болып табылады. Оны имам ән-Насаи тағы да басқалар келтіреді. Бұл хадис — Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығы кезінде айтқан хадистерінің бірі. Ол жөнінде толық шейх әл-Әлбанидің «әс-Сильсиля әс-сахиха» еңбегінен қараңыз 1283.

Және шайтанның шектен шығушыларға және нысапсыздық танытушыларға қатысты айлаларының қатарынан – бұл оның оларға өз құмарларына ілесуді және дінді бұрыс түсінуді әдемі етіп көрсетуі. Ғалымдар оларға ақиқатты түсіндіре алмай, тура жолды нұсқай алмаулары үшін және өз адасушылықтарымен алданып қала берулері үшін, шайтан оларды ғалымдарға жүгінуден алыстатады.   Аллаһ Тағала былай деді: «Және әуес-қалауға ерме, әйтпесе ол сені Аллаһтың жолынан тайдырады!» (Сад 38: 26).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Аллаһтың басшылығынсыз өз қалауларына ергеннен кім артығырақ адасушы?» (әл-Қасас 28: 50).

«Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны игілік деп санайтын біреу тура жолға ілесушімен тең бе? Аллаһ қалағанын адастырып, қалағанын тура жолға салады»(Фатыр 35: 8).

«Ал сонда Раббысынан түскен басшылыққа ілескен біреу, өзіне жаман амалы әдемі көрсетіліп, әуестерін құптай берген біреумен тең бе?» (Мухаммад 47: 14).

«Ол — Аллаһ, саған Құранды түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар — Кітаптың негізгі іргетасы. Сондай-ақ астарлы ұғымдағы өзге аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық таратқысы келіп, астарлы мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі».[2] (Әли ‘Имран 3: 7).

Имам әл-Бухаридің (4547) және имам Муслимнің (2665) жинақтарында Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен мына хадис риуаят етіледі. Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жоғарыда келтірілген аятты оқыды да: «Егер айқын емес нәрселерге ілесушілерді көрсең, біліп қой: міне солар – олар туралы Аллаһ айтқан адамдардың дәл өздері, сондықтан олардан сақ бол!»  — деді.

Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ кімге игілікті қаласа, Ол оны дінді жетік түсінуші қылады». Әл-Бухари 71, Муслим 1037.

Бұл хадис Аллаһ Өз құлына игілікті қалауының бір белгісі – Ол оны дінді дұрыс түсінушілерден ететініне нұсқайды. Сондай-ақ осыдан Аллаһ кімге игілікті қаламаса, Ол оны дінді түсінуге алып келмейтіні шығады. Тіпті Ол оны діннің бұрмаланған түсінігімен зақымдайды.

Аллаһ Тағаладан бізді шекке шығушылықтардан сақтауын және тура жолда мығым тұрушылардан етуін сұраймыз!

Аллаһ Тағаладан мұсылмандарды дінді дұрыс түсінуге алып келуін және оларды айқын да, жасырын да адасушылықтар мен бүліктерден сақтауын тілейміз.

Ал соңында да әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!

Аллаһтың сәлемі мен игілігі Оның құлы және пайғамбары Мухаммадқа, сондай-ақ оның отбасы мүшелеріне және сахабаларына болсын!

Шейх ‘Абдуль-Мухсин әл-‘Аббад әл-Бәдрдің “Қандай ақыл-парасат және дін терактілерді жиһад деп атай алады?! Уа, жастар, естеріңді жиыңдар!” кітабынан алынған.



[1] Айтылып жатқан нәрсеге біз күнде куә болудамыз. Мұсылмандардың арасында шариғаттың қандай да бір бұйрықтарын елемейтіндер немесе оларға немқұрайлы қарайтындар қаншама?! Олардың арасында, мысалы: «Сақал қоюдың еш қажеті жоқ, ең бастысы адам өз жүрегінде салиқалы болса болды», — деп айтатындарды кездестіруге болады. Басқалары доктор Қардауи сияқты, Исламдағы достық пен қатысы жоқтық (әл-уәлә уәл-бара) ұстанымын және шабуыл жихадын жоққа шығарады. Үшіншілері дүние пайдасы мен жұмсақ орындары үшін әмірлерге жағымпазданып, Исламның ұстанымдарын бұрмалайды. Сондай-ақ бір-біріне бөтен болған мұсылман ерлер мен әйелдер, тыйымдарға қарамастан, бірігіп кештер мен дастархандар ұйымдастырып, тіпті өзара қол алысып жүргендерін немесе мұндай қылықта ешбір айып көрместен, мұсылман әйелдің махрамсыз басқа елге сапарға аттанып жүргенін көрудеміз. Және осындай мысалдар өте көп.

Ал басқа жағынан біз осыған қарама-қайшы болған басқаша шектен шығуды көре аламыз. Мысалы, мұсылмандардың  өздерінің дінге деген қызғаныш сезімдерін сылтаулатып, адамдардың барлығын қатарынан күпірлікте айыптап жүргендерін көруге болады.    Бұл жөнінде шейх Ибн ‘Усаймин: “Біздің кезімізде өздерін діннің қатарына жатқызып, діни қызғанышсымаққа негізделіп, Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күпірлікте айыптамаған адамдарды күпірлікте айыптап жүргендерді кездестіруге болады!”. Қз.: “Шарх әл-Қауа‘ид әл-мусля” 77.

Міне осы ұстаныммен олар ислам елдерінің әмірлерін күпірлікте айыптап, ал сол елдердің өздерін кәпірлердің жерлері деп үкім шығаруға асығады. Шейх Салих әл-Фаузан былай дейтін: “Кім мұсылмандардың барлық әмірлерін күпірлікте айыптаса және оларға қарсы шығуға шақырса, сол – хауариж!” Тыңдаңыз: “Шарх Науақидуль-Ислям”.

Жас мұсылман жігіттер мен мұсылман қыз-келіншектердің өз ата-аналарын күпірлікте айыптап жатқандарын да көруге болады, ал егер ата-аналары шариғат бойынша шынымен сондай болса да, қалайша олар ата-анасына қатысты дұшпандық көрсетіп, артық кететеді екен?! Өйткені тіпті кәпір ата-аналар туралы Аллаһ Тағала: «Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның — Мен жақ. Егер екеуі білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуға зорласа, оларға бағынба! Олармен дүниеде жақсылықпен жолдас бол!» (Луқман 31: 15) — деп бұйырады.

Тіпті ата-аналар баласына ширк жасатуға талпыныс танытса да, Аллаһ оларға мұндай ұлы күнә жасау мәселесінде бағынбауды бұйырады, бірақ бәрібір оларға ізгі қарым-қатынас жасауды әмір етеді! Ал өз балаларын ширк жасауға мәжбүрлемейтін ата-аналар туралы не айтуға болады, алайда балалары олармен туысқандық қатынасты үзіп, тіпті оларды асырауды міндетті емес деп есептейді?! Имам әл-Хаттаби былай дейтін: “Мұсылман ұл бала өз ата-анасын, тіпті олар кәпір болса да, асырауға міндетті”. Қз.: “Фатхуль-Бари” 5/234.

Шейх Ибн әл-Қайим: «Туысқандық байланысты үзуші Жәннатқа кірмейді», – деген хадисті келтіріп: “Туысқандық байланысты ұстап тұру міндетті болып табылады, тіпті кәпірлермен де”, — деген. Қз.: “Ахкаму аһли-ззимма” 2/317.

Сондай-ақ ғалымдарды, олардың айтқандары өздерінің қалауларына сәйкес келмейтіндіктен, екіжүзділікке айыптап жатқандарды көруге болады. Өз негізінде халал болған нәрселердің көбін харам етіп жүргендерді де, сондай-ақ білімдері жеткіліксіз және құзырсыз адамдардың Ислам үмметінің көкейтесті мәселелерін талқылап, шешуге кірісіп жүргендерін де көре аламыз. Бір әйелдердің басқа әйелдерді әкелерінен де, күйеулерінен де сұрамай жихадқа шығуға шақырып жүргендерін де көрудеміз.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп ақиқатты айтты: «Ақиқатында, адамдар үшін сондай бір, өтірікшілерге сеніп, шыншылдарға сенуді қоятын; қиянатшылдарға аманат тапсырып, сенімге лайықты адамдар жайлы «опасыз ба» деп күдіктенетін; және сөз рууайбидаларға берілетін замандар келеді». Одан: “Рууайбида деген кім?” – деп сұрағанда, ол: «Жаппай адамдарға қатысты мәселелер туралы сөйлейтін ақымақ!» — деді. Ахмад 2/291, Ибн Мажжаһ 4036. Хафиз Ибн Хажжар, хафиз Ибн Касир, шейх Ахмад Шакир және шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді.

Өзгенің мал-мүлкінің қалайша опасыздықпен тартып алынып жатқанын, ал онымен қоса тыйым салынған қанның төгілуіне жол беріліп жатқанын да көруге болады. Абу Қатада Филистыни сияқты біреудің адам өлтіруді, оның ішінде әйелдер мен балаларды өлтіруді рұқсат етіп жатқанын көрудеміз. Алайда мұндай нәрсе ақиқаттан алыс, Аллаһтың да, Аллаһтың Елшісінің де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл шектен шығушылыққа салынған адамдардың оларға қыстырып қойған нәрселеріне еш қатысы жоқ. Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өздеріңе қарсы соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар, бірақ  рұқсат етілгеннің шегінен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (әл-Бақара 2: 190).

Ибн Аббас Аллаһ Тағаланың осы сөздеріне түсіндірме беріп, былай деді: “Әйелдерді, балаларды, қарттарды және сендерге бейбітшілікпен бет бұрып, өздеріңмен соғыспайтындарды өлтірмеңдер! Ал егер осыны істесеңдер, онда сендер – шектен шығушыларсыңдар!” “Тафсир әт-Табари” 2546.

Имам ән-Науауи былай деді: “Кәпірлердің әйелдері мен балаларын, егер олар шайқасуға қатыспайтын болса, өлтіруге тыйым салынғандығы туралы ғалымдар бірауызды келісімде!” “Шарх Сахих Муслим” 11/292.

Имам Ибн Рушд: “Әйелдер мен балаларды, егер олар соғыспайтын болса, өлтіруге болмайтындығы жөнінде мұсылмандардың ішінде келіспеушіліктер жоқ ”, — деді.  “Бидаятуль-мужтахид” 1/386.

Өкінішке орай, біздің кезіміздегі көптеген мұсылман түсіп жатқан шектен шығушылықтардың мысалдары өте көп.

Шейх Ибн әл-Қайим шайтанның айлаларының түрлерін атап өтіп, былай деп жазған: “Кейбір ізгі саләфтар былай дейтін: «Аллаһтан қандай бұйрық келмесін, міндетті түрде шайтан осыған ықпал етудің екі тетігіне ие болады: не босаңсу мен немқұрайлылық, не шектен шығушылық пен нысапсыздық. Және ол осы екі жағдайдың біреуімен үстем болуын тоқтатпайды». Адамдардың көпшілігі, санаулысынан басқа, бұл екі халдың бірінде: не немқұрайлылықта, не артық кетуде болады. Және кейбіреулері ғана Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары жүрген тура жолда бекем тұрады!” Қз.: “Иғасату-лляхфан” 1/116.

Біз Аллаһ Тағаладан бізді шектен шығушылықтардан сақтап, тура жолда нық тұрушылардан етсін деп тілейміз!

Сондай-ақ Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Адамдамдардың көпшілігі Аллаһқа Ол тыйым салған нәрселері арқылы ғибадат етіп, мұнысы мойынсұну және жақындау екендігіне нық сенеді. Және мұндай адамның жағдайы, өзінің істеп жатқаны күнә екендігін түсінетін адамның жағдайынан жаман!” Қз.: “Иғасату-лляхфан” 2/181.

[2] Әбу Ғалиб (адамдар) Абу Умамадан: “Бұл аятта аталғандар кімдер?”, – деп сұрағанда, ол: «Олар – хауариждер!» — деп жауап бергенін баяндаған. Ибн Наср «әс-Сунна» 55. Иснады хасан.

You may also like...