Мұсылманды күпірлікте айыптау үшін не кедергі болып табылатындығы туралы

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Salaf-forum.ru сайты «Тізбекті такфир» деп аталатын ауыруды емдеу мақсатымен дайындаған мақаланы жариялауды жалғастырамыз.

Мұсылманды күпірлікте айыптау үшін не кедергі болып табылатындығы туралы.

1. Білместік (жәхл)

Әрбір адамдағы негіз – бұл білімнің жоқтығы, өйткені Аллаһ Тағала ешкімді білімді етіп жаратпады! Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһ сендерді аналарыңның құрсақтарынан еш нәрсе білмейтін етіп шығарды» (ән-Нәхл 16: 78).

Және осы себепті кім тыйым салынған (харам)  нәрсені  және тіпті күпірлікті ол туралы білмей және білуге деген мүмкіндігі болмай істесе, оның ақталатын сылтауы болады!  Аллаһ Тағала: ”Сол уақытта хауәрилерге: «Маған әрі Елшіме иман келтіріңдер!», — деп білдірген едім. Олар: «Біз иман келтірдік! Біздің мұсылман болғанымызға куә бол!», — деді. Сол уақытта хауәрилер: «Уа, Мәриям ұлы Иса! Раббың бізге көктен бір тамақ түсіре алады ма?», — деді. Ол (Иса): «Егер иман келтірген болсаңдар, Аллаһтан қорқыңдар!», — деді” (әл-Мәидә 5: 111-112).

Кұран тәпсіршілерінің арасында бұл аяттың мағынасына қатысты келіспеушіліктер болған. Имам Ибн Хазм былай деген: “Аллаһ Тағала мақтап атаған бұл хауәрилер өздерінің білместігінен Исаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын): «Раббың бізге көктен бір тамақ түсіре алады ма?» — деді. Бұл сөздердің себебінен олардың иманы жарамсыз болып қалмады! Егер олар мұндайды өздеріне дәлел жеткеннен кейін және бұл олаға түсіндірілгеннен кейін айтқанда, онда кәпір болар еді ”. Қз.: “әл-Фисәл” 3/142.

Осындай нәрсе мүміндердің анасы Айшамен де, Аллаһ оған разы болсын, орын алған болатын. Ол Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сонда адамдардың жасырған нәрселерінің барлығын Аллаһ біледі ме?!», — деп сұраған еді, ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Иә», — деп жауап берді. Муслим 974.

Осы жерде сондай-ақ ««Иә» деген жауап кімнің ауызынан шықты — Айшаның ба, әлде Аллаһтың Елшісінің бе (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)?» деген мәселеге байланысты имамадардың арасында келіспеушіліктер болғанын ескерту керек. Мысалы, имам ән-Науауи «Иә» деген жуапты Айшаның өзінің жауабына жатқызған, өйткені Муслимнің келтірген нұсқасында бұл сөздер кімге тиісті екендігі толық анық емес. Айша өзі сұрақ қойып, өз-өзіне жауап бергендей. Алайда бұл сөздер Айшаға жауап берген Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тиісті екендігі туралы Ахмад (6/221) келтірген осы хадистің нұсқасында айтылады.

Міне, сөйтіп, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаны күпірлікте айыптамады және ұрыспады да, өйткені ол бұл туралы білмейтін еді, ал Аллаһ білместікпен ақталуды қабыл етеді. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Бұл хадис Айшаның мұны білмегеніне және ол адамдар жасырғандарының барлығын Аллаһ білетінін білмегендіктен кәпір болмағанына нұсқайды. Ал мұны тиісті дәлел ұсынылғаннан соң мойындау иманның негіздерінен болып табылады, ал «Аллаһ барлық нәрсені біледі» дегенді мойындамау – «Ол – барлық нәрсеге күші Жетуші» дегенді мойындамауға тең. Бұл сөздер күпірлік болып табылатыны айқын, бірақ осыны айтқан адамның күпірлігі туралы шешім, тек оған, одан кейін ол  білместікпен ақталудан арылатын дәлел ұсынылғаннан кейін ғана шығарылады!” Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 11/412-413.

Абу Уақид әл-Ләйси былай деп баяндайтын: “Бірде біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге Хунайнға жорыққа шықтық. Сол кезде біз — жуырда ғана күпірліктен бас тартқан, енді дінге келген мұсылмандар едік, ал, мүшриктерде бір ағаш бар болатын. Олар оған өздерінің қаруларын іліп қойып, оның алдында өз (діни) рәсімдерін өткізу үшін жиналатын және оны «Зат Әнуат» деп атайтын. Міне, сонда біз әлгі ағаштың жанынан өтіп бара жатқан кезімізде: «Уа, Аллаһтың елшісі, бізге де олардағыдай бір «Зат Әнуат» жасап бер», — дедік. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ Ұлы! Мұның барлығы – бұрынғының дәстүрлері! Жанымның Иесі болғанмен ант етемін, сендер (менен) Исраил ұрпақтары Мусадан: «Бізге де олардағыдай құдай жасап бер!», — деп, сұраған нәрсесін сұрадыңдар. Ол: «Ақиқатында, сендер – надан халықсыңдар!»[1]. Шындығында, сендер өздеріңнен бұрын өткендердің әдеттеріне ілесудесіңдер!», — деді”. Ахмад 5/218, әт-Тирмизи 2181. Имам әт-Тирмизи және шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Шейх Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаххаб бұл хадиске қатысты  былай деп айтқан: “«Егер олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйымына бағынбағанда және бұл оларға тыйым салынғаннан кейін өздеріне «Зат Әнуатты» (жасап) алғанда, міндетті түрде күпірлікке түсетін еді» дегенге келіспеушілік жоқ.

Бұл хабардан мұсылман адам, тіпті ғалым да, ширктің бір түрін, ол туралы өзі білмей, жасап қоюы мүмкін болуы алынады. Сондай-ақ онда өз-өзіңді оқыту және сақтандыру қажеттілігіне де нұсқау бар.

Сондай-ақ бұл деректен «Егер мужтахид мұсылман күпірлік сөздерін, олардың күпірлік сөздері болып табылатындығын білмей айтса және оған бұл туралы ескертілгенде, ол сол уақытта-ақ тәубе етсе, ол күпірлікке түспейді» деген (тұжырым) шығады”. Қз.: “Кәшф әш-шубухат” 45-46.

Сондай-ақ танымал хадисте Му’аз Шамнан қайта оралғаннан кейін Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәжде жасағаны туралы жеткізілген. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Бұл не, уа, Му’аз?!», — деп сұрайды. Сонда ол: «Мен Шамда адамдардың өз әмірлерінің алдында сәжде жасайтынын көрдім және осыны сенің алдыңда жасауды іштей қаладым», — дейді. Ибн Мәжаһ 1853, әл-Баззар 461. Хадис сахих. “Ируа аль-ғалиль” 7/56.

Имам әш-Шәукани: “Бұл хадисте білместікпен Аллаһтан басқаға сәжде жасаған адам күпірлікке түспейтініне дәлел бар!” , — деп айтқан. Қз.: “Найлюль-аутар” 6/363.

Аллаһтан басқаға сәжде жасау және оның себептері жөнінде ғалымдардың арасында келіспеушіліктер бар екендігін білім үшін осы жерде ескертіп кету қажет. Ғалымдардың арасында: «Аллаһтан басқаға жасалған кез-келген сәжде күпірлік болып табылады», — дегендері де болды. Мысалы, имам Ибн Нәжим әл-Ханафи: “Аллаһтан басқаға жасалған кез келген сәжде – күпірлік!”, — дейтін. Қз.: “әл-Бәхру-рраиқ” 5/134.

Алайда көптеген ғалымдар Аллаһтан басқаға жасалған сәжделердің арасын бөліп қараған. Олар: «Сәжде ғибадат ретінде жасалуы мүмкін, әрі бұл, күмәнсіз, күпірлік болып табылады, сондай-ақ сәлемдесу ретінде де жасалуы мүмкін, ал бұл жағдайда ол үлкен күнә болады, бірақ күпірлік болмайды», — деген! Бұл жөнінде шейхуль-Ислам Ибн Таймия айтқан. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 4/360.

Бірақ, қалай болғанда да, Аллаһтан басқаға сәжде жасаудың себебін білу үшін (бұл ғибадат ретінде жасалды ма, әлде сәлемдесу ретінде ме) мұның себебін адамның өзінен сұрап білу қажет, мұны Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Му’аздан: «Бұл не, уа, Му’аз?!», — деп сұрағандай .

Сондай-ақ Аллаһ Өзінің барлық нәрсеге күші жететіндігіне және Ол қайта тірілтуге құдіретті екендігіне күмәнданған Исраил ұрпақтарынан болған бір адамды ақтады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндайған: ”Бір адам тірі кезінде өзіне-өзі зұлымдық (күнәлар) жасайтын еді және оған өлім жақындаған кезде, ол өзінің балаларына: «Мен өлсем, менің мәйітімді өртеңдер де, кейін күлін желге ұшырып жіберіңдер. Және, Аллаһпен ант етемін, егер Раббым мені қайта тірілте алса, ол мені бұған дейін басқа ешкімді жазаламағандай етіп жазалайды!», — деді. Ол қайтыс болған соң, онымен тура өзі өсиет еткендей істеді.  Кейін Аллаһ Жерге: «Оның барлық қалдықтарын жина!», — деп бұйырды. Жер әмірді орындады және ол өзінің Раббысының алдына тұрғызылды. Сонда Аллаһ одан: «Сені бұлай істеуге не мәжбүрледі?», — деп сұрады. Ол: «Уа, Раббым, Сенен қорқуым», — деді және Аллаһ оны кешірді”. Әл-Бухари 3481, Муслим 2756.

Имам Ибн Қутайба былай дейтін: “Бұл адам Аллаһқа сенетін, Оны мойындайтын және Одан қорқатын еді. Алайда ол Аллаһтың бір сипаты туралы білмейтін әрі егер оның мәйітін өртеп, күлін желге ұшырып жіберсе, ол: «Аллаһ Тағаладан құтыламын», — деп ойлаған. Бірақ Аллаһ Тағала оның ниеттерін және Аллаһтың алдындағы жазадан қорқуын біліп, оған Аллаһтың бір сипаты туралы білмеуін кешірді ”. Қз.: “Тауиль мухталәф әл-хадис” 119.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтқан: “Бұл ер кісі Аллаһ Тағаланың барлық нәрсеге Құдіретті екеніне және оны желмен ұшырып жіберілген күлден қайта тірілтуге қабілетті екендігіне күмәнданды. Бұдан қалса, ол: «Қайта тірілмеймін», — деп ойлады, және мұндай көзқарастар — бір ауызды келісім бойынша күпірлік болып табылады. Алайда бұл ер кісі надан адам еді және осыны білмеді. Әрі осыған қоса ол – иман келтірген, Аллаһтың жазасынан қорқатын еді, міне, осы үшін ол кешірілді”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 3/231.

Бұл хадисті түсінуге байланысты ғалымдардың арасында бірнеше пікірлердің болуына қарамастан, бұл оны білместікпен ақталуға дәлел ретінде қолдануға кедергі жасамайды, өйткені Құран мен Сүннеттің мәтіндеріндегі негіз – бұл олардың айқын мағынасын алуда және оларға сүйенуде!

Сондай-ақ «Білместік ақталу болып табылады» деген жолға (манһажға) білместікпен күпірлік жасаған адамды күпірлікте айыптамаған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары да ілескен. Ибн Мас’удтың әйелі — Зәйнаб былай деп баяндаған: “Абдуллаһ ибн Мас’уд менің есігіме жақындаған кезде, күтпеген жерден келіп қалмауы үшін және бізден өзіне ұнамсыз нәрселерді көріп қалмауы үшін, аздап жөтеліп қоятын. Сөйтіп, күндердің бірінде ол келді де, кіруден бұрын жөтеліп, дауыс шығарды. Сол кезде менің алдымда маған хумрадан[2] емделу үшін дуалар оқыған әйел болды. Мен оған керуеттің астына кіруді (жасырынуды) бұйырдым. Ол (Ибн Мас’уд) маған жақындады да, менің мойнымдағы жіпті көрді. Ол: «Бұл не?!», — деп сұрады. Мен: «Бұл маған арналған дуалар оқылған жіп», — дедім. Ол бұл жіпті үзіп тастап, лақтырды да: «‘Абдуллаһтың отбасы ширкке мұқтаж емес! Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «(Тыйым салынған) дем салу, тұмар және дуалау – көпқұдайшылық болып табылады», — деп айтатынын естігенмін», — деді. Мен оған: «Неге олай дейсің?! Аллаһпен ант етемін, менің бір көзім ауырған кезде бір яһуди маған дуаларды оқыды және ол жазылып кетті», — дедім. Ибн Мас’уд: «Бұл – шайтанның амалдарынан! Сен оған бағынғаныңда – ол сені тыныш қалдырды, ал сен оған мойынсұнбай қойғаныңда – ол саусағын сенің көзіңе сұғып алды. Алайда сен Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілілігі мен сәлемі болсын) істегенін істесең еді, бұл сен үшін абзалырақ және айығуыңа жақынырақ болар еді! Сен көзіңе су сеуіп: «Ауруды жой, уа, адамдардың Раббысы және шипа бер. Ақиқатында, Сен – Шипа берушісің, ауыруды қалдырмайтын Сенің еміңнен басқа ем жоқ!», — деп айтуың керек еді!», — деді”.  Ахмад 1/381, Ибн Мәжаһ 3530. Имам әл-Хаким, хафиз әз-Зәһаби, шейх әл-Әлбани және шейх ‘Абдуль-Қадир әл-Арнаут хадистің сахихтығын растаған.

Ибн Мас’уд өзінің әйеліне такфир жасамағанын, бірақ ол жасаған іске тыйым салынғандығы туралы оған дәлел келтіргенін және Зәйнаб  хадисті естісе де, өзі үшін бұл мәселені егжей-тегжейлі етіп түсініп алуды қалағанын және Ибн Мас’уд оған ұрыспай-ақ, одан қалса, оны күпірлікте айыптамай-ақ, оған заттардың мән-жайын түсіндіріп бергенін айқын көрдік!

Ал, біздің кезіміздегі жай такфирші Ибн Мас’удтың орнында болса не істер еді? Ол бірден әйелі күпірлікке кіріп кеткендіктен олардың некесі жойылғанын айтып, оны үйінен қуып шығаратыны әбден ықтимал еді.

Маңызды ескерту:

Бұл жерде әһлю-Сунна ғалымдарының арасында білместікпен жасалған күпірлік, немесе ширк қай жағдайда: діннің негіздерінде ме, әлде тармақтарында ма – ақталатыны туралы белгілі келіспеушілік бар екендігін ескертіп кету қажет. Және, өкінішке орай, көптеген такфиршілер ғалымдардың бір тобының пікірін алып, қалай болса солай, тіпті ізгі мұсылмандарды да күпірлікте айыптай бастады.

Бұл мәселеде белгілі келіспеушіліктің бар болуына қарамастан, білместік діннің тармақтарында да, негіздерінде де ақтау болып табылады, өйткені Құран мен Сүннет «білместік ақтау болып табылады» дегенге нұсқайды және шариғат осыда ешқандай нақты ерекшелеу жасамайды. Және бұл пікірді шейхуль-Ислам Ибн Таймия да таңдаған. Және «Адам тек екінші дәрежелі мәселелерде ғана білместікпен ақтала алады, ал діннің негіздерінде Исламнан шығаратын күпірлікке түседі» дегенге нақты ерекшелейтін дәлел жоқ. Әрі егер діннің негіздері мен оның тармақтарының арасын осылайша бөлу орынды болса, онда олардын айыратын нақты шекаралар қандай болуға тиіс?

Абу Хурайрадан  жеткен хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Мухаммадтың жаны Қолында болғанмен ант етемін, мен туралы естіген кез келген яһуди немесе христиан мен алып келген нәрсеге иман келтірмей өлсе, міндетті түрде От тұрғындарынан болады!» Муслим 153.

Қазы ‘Ийяд былай деп айтатын: “Бұл хадисте жердің алыс түпкірлерінде және теңіздердің арғы жағында тұратындарға Ислам шақыруы және Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлері жетпеген болса, оларда жауапкершілік болмайтынына дәлел бар. Және «мен туралы естісе» деген сөздер осы жөнінде”. Қз.: «әл-Икмәл» 1/468.

Имам Абуль-‘Аббас әл-Қуртуби былай деген: “Бұл хадисте Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шақыруы жетпеген адам сұралмайтынына және жазаланбайтынына дәлел бар!” Қз.: «әл-Муфхим» 1/368.

Имам ән-Науауи былай деген: “Кімге Ислам шақыруы жетпесе, ақталуға лайықты болады”. Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 2/342.

Міне, осы – тіпті діннің негіздерінде де білместікпен ақтауға болатындығына  жетіп асатын дәлел емей не?! Өйткені христиандар мен яһудилер өз негізінде кәпір екендігіне күмән жоқ, алайда, сонымен бірге, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың Тозаққа кіруін дәл олардың ол туралы (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) естіп, оның жолдауына иман келтірмегенімен байланыстырды!

Және егер білместік өз негізінде кәпір болып табылатындар үшін де ақтау болып табылатын болса, онда ол — мұсылмандар үшін тіпті ақтау болады.

Сондай-ақ, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қиямет Күні төрт адам ақтала бастайды. Түк естімейтін саңырау; ақыл-есі жоқ; қаусаған шал; және (Ислам) шақыруы жетпей өлгендерден біреу. Саңырау: «Уа, Раббым (Ием), Ислам келгенде мен еш нәрсе естімедім!», — дейді. Ақыл-есі жоқ: «Ислам келгенде балалар маған тезек лақтыратын еді!», — дейді. Қаусаған шал: «Ислам келді, бірақ, мен еш нәрсе түсінбедім!», — дейді. Ал шақыру жетпеген: «Уа, Раббым, маған Сенің елшің жетпеген еді!», — дейді. Содан кейін бұл адамдардан келісім-шарт алынады да, оларға елші келіп, Тозаққа кіруді бұйырады. Және жаным Қолында болғанмен (Аллаһпен) ант етемін, егер олар (әлгі) Тозаққа кірсе — ол олар үшін салқындық және құтылу болады, ал кім кірмесе — оған (Тозаққа) тасталады!» Абу Хурайра Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерін жеткізгеннен кейін: “Қаласаңдар, «Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» дегенді оқыңдар!”, — деп айтты. Ахмад 4/24, Ибн Хиббан 1827, әт-Табарани 1/841, әл-Баззар 3/217 және басқалар.

Бұл хадис бес сахабадан: Абу Хурайрадан, Абу Са’ид әл-Худриден, Әнастан, Му’аздан және әл-Асуад ибн Сари’адан жеткізіледі. Және оның сахихтығын әл-Бәйһақи, хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр, хафиз Ибн Хәжар, шейх Ибн әл-Қайим, хафиз ‘Абдуль-Хаққ әл-Ишбили және шейх әл-Әлбани растаған. «Тариқ әл-хижжратайн» 397, «Фатхуль-Бәри» 3/290, «Тахқиқ әл-Муснәд» 26/28, «әс-Сильсилә әс-сахиха» 1434, 2468.

Айтпақшы, бұл жерде Абу Хурайраның, бұл хадисті еске салғаннан кейін, мына сөздеріне назар аудару қажет:  “Қаласаңдар, «Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» дегенді оқыңдар!”, — деп айтты. Ахмад 4/24, Ибн Хиббан 1827, әт-Табарани 1/841, әл-Баззар 3/217.

Осыда бұл аятты арғы дүниеде емес, дәл осы дүниедегі жойып жіберуші ретіндегі жазамен нақтылаған Құранның кейбір тәпсіршілерінің сөзін теріске шығару бар. Алайда бұл аят жалпылама болып табылады, және ол өзіне арғы дүниедегі жазалауды да қамтығанын Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы түсіндірген еді, ал оның Құранды түсінуі, күмәнсіз, одан кейінгілердің түсінуінен дұрыс!

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтқан: “Кімге бұл дүниеде дәлел жетпеген болса, қиямет Күні сынақтан өткізіледі және Шайтанға ергеннен өзге ешкім Отқа кірмейді. Күнәсы болмаған (адамға) келер болсақ, ол мүлде Отқа кірмейді. Және Аллаһ елшілерін жібермей ешкімді Отпен жазаламайды. Бала, ақыл-есі жоқ, елшілер жоқ кезде өлген адам сияқты елшінің шақыруы жетпеген адамға келер болсақ, ол, бұған хадистер нұсқайтындай, Қиямет Күні сынаққа тартылады”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 14/477.

Бұл хадисте Аллаһ тіпті мүшриктерді де оларда білімі болмаған нәрсе үшін жазаламайды дегенге нақты нұсқау бар! Бұл адамдардың барлығы өз негізінде мұсылман емес еді, өйткені олар Ислам туралы мүлдем білмеді, бірақ сонымен бірге, Әділетті Аллаһ Қиямет күні оларды бірден жазаға тартпай, оларды сынақтан өткізеді! Ал егер кәпір болып өлгендердің үкімі осындай болатын болса, онда өзінің істегені күпірлік немесе ширк екендігі туралы білімге ие болмаған мұсылман туралы не айтуға болады?!

Ал мынау – тіпті үлкен күпірлік пен ширкті жасағандығы үшін де білместікпен ақталу бар екендігі жайында шейхуль-Ислам Ибн Таймияның айтқан сөздері: “Кім Аллаһтан өзге біреуге дұға етіп жалбарынған болса немесе Аллаһтан өзгеге қажылық жасаса, көпқұдайшыл болып табылады, ал оның жасағаны – күпірлік. Бірақ адам осының көпқұдайшылық екенін және мұны істеуге тыйым салынғандығы туралы білмеуі мүмкін. Мысалы, Исламды қабылдаған көптеген татар-монғолдардардың және басқа адамдардың киізден және басқа да материалдардан жасалған пұттары бар. Олар оларға жықындауға ұмтылады, оларды ұлықтайды, алайда бұл амалға Исламда тыйым салынғандығы туралы білмейді. Осындай ғибадатты олар отқа да жасап жатады және мұның да тыйым салынғандығы туралы білмейді. Сонымен Исламды қабылдаған кейбір адамдар үшін ширктің сан алуан түрлері белгісіз болып қала береді, және олар мұны көпқұдайшылық екенін білмей жасайды. Мұндай адам адасады, ал Аллаһға арналмаған амал — бекер, бірақ ол оған оның жасап жатқаны харам болып табылатындығы туралы дәлел жеткізілмейінше жазалауға лайықты  емес!” Қз.: “Радд ’алә әл-Әхнәи” 61.

Шейхуль-Исламның бұл сөздері қалай екен?! Ол атап өткен Аллаһқа арнап жасалмаған Қажылық, пұттар мен отты ұлықтап, оларға құлшылық жасау діннің негіздеріндегі күпірлікке жатады ма, әлде тармақтарындағы ма?!

Сондай-ақ шейхуль-Ислам былай дейді: “Кім өзінің шейхы оған ризық жібереді, немесе оны қолдайды, немесе оны тура жолмен жүргізеді дегенге сенсе, немесе өзінің шейхына құлшылық етсе, оған жалбарынатын және оған сәжде жасайтын болса, немесе өзінің шейхын Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) толық немесе жарым-жартылай абзал көрсе, немесе өзі және өзінің шейхы Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесуге міндетті емес десе, мұндай адамдардың барлығы, егер мұнысын жария танытса, кәпір болып табылады, және егер осының барлығын тіпті ашық танытпаса да, екіжүзділер болып табылады! Және білім мен иманға шақырушылардың саны аз болуының әрі көптеген қалаларда пайғамбарлық білімнің жойылуның себебімен осындай адамдар біздің кезімізде көбейіп кетті.  Мұндай адамдардың көпшілігінде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол арқылы тура жол танылатын жолдауы туралы білімдері жоқ және олардың көпшілігіне бұл жетпеген. Алайда белгілі уақыттарда немесе белгілі орындарда адам өзінде бар болған азғантай иманының өзі үшін де сауап алады, және Аллаһ дәлел жеткен адамдарға кешірмейтін нәрселерді оған дәлел жетпегені үшін кешіреді. Және бұл туралы (көпке) танымал хадисте былай деп айтылады:  «Адамдар үшін сондай уақыттар келеді, ол кезде олар намаз, ораза, қажылық және умра туралы білмейтін болады. Және шал мен кемпір былай дейтін болады: «Біз әкелеріміздің: «Лә иләһә иллә-Ллаһ!», — деп айтатынын көріп үлгердік». Хузайфадан: ”Оларға «Лә иләһә иллә-Лллаһ» көмектеседі ме, сонда?!”, — деп сұрағанда, ол: «Бұл оларды Оттан сақтап қалады!», — деп жауап берді». Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 35/165.

Шейхуль-Исламның бұл сөздеріне назар аударыңыздар! Үлкен күпірліктің көптеген түрлерін тізіп айтып, ол осындайды істейтіндер кәпірлер мен екіжүзділер болып табылатындығын айтты. Алайда кейін ол: «… Білместік үшін осындай нәрселер мұсылманға кешірілуі мүмкін», — деді.

Айтпақшы, осында кейбір такфиршілер өздерінің «Білместікпен жасалған ширк пен күпірлік ақтауға ие болмайды» деген пікірін дәлелдеу үшін шейхуль-Исламның бұл сөздерінің бас жағын ғана пайдаланатынын атап кету қажет. Алайда олардың жасап жатқандары – оның сөздерін бұрмалау және шейхуль-Исламға өздерінің пікірін телу болып табылады, өйткені шейхуль-Исламның кейінгі сөздері ол мұндайды білместікпен жасаушыларды ақтайтынына және дәлел ретінде аталған хадисті келтіретініне айқын түрде нұсқайды.

Сондай-ақ, шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жіберілгеннен кейін біз оның өз үметті үшін өлгендердің немесе ізгілердің қайсысына болса да: көмек сұрау арқылы, немесе пана іздеу мақсатымен т.с.с. — дуға етіп жалбарынуды заңды етпегенін бекем түрде білеміз. Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмметіне өлген адамға да, тіпті өлген адам жаққа да сәжде жасауды заңдастырмады. Мұның үстіне, біз ол мұның барлығына тыйым салғанын және осындай нәрселер Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған ширк болып табылатынын білеміз! Алайда ауқымды надандықтың таралуының және соңғы ұрпақтың басым бөлігінде Сүннет пен Жолдау туралы білімнің аздығының себебімен, оларға Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келген нәрсе белгілі болмағанға дейін, оларға такфир жасауға рұқсат етілмейді!” Қз.: “әл-Истиғаса әл-кубра” 1/629.

Сондықтан да, оның шәкірті болған шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Ақиқатында, адам діннің негізінің көптеген мәселелерін теріске шығарғандығы (мойындамағандығы) үшін кәпір болмауы да мүмкін болғандай, ол діннің екінші дәрежелі мәселелерінің көбін теріске шығарғандығы (мойындамағандығы) үшін кәпір болуы да мүмкін!” Қз.: “әс-Сауә’иқ әл-мурсалә” 2/515.

Шейх Мухаммәд ибн ‘Абдуль-Уаххаб былай дейтін: «Менің жауларым мен туралы: «Ол өз тұжырымының негізінде ғана немесе кәпірлерге сүйіспеншілік таныту үшін күпірлікте айыптайды, — не болмаса, — Ол дәлел жетпеген надан адамдарды күпірлікте айыптайды», — деп айтады. Мұның бәрі — адамдарды Аллаһ пен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолынан тайдыру үшін тағылған ұлы жала!» Қз.: “әд-Дурар әс-сәния” 1/66, “Мәжму’у муәллифәт” 3/14.

Қабірлерге құлшылық ету – бұл діннің негіздеріндегі ширк пе, әлде тармақтарындағы ма?!

Осы жерде кейбір қазіргі заман жазушылары бұл сөздерді шейх Ибн ‘Абдуль-Уаххабқа оның оқушыларының және Нәджд шейхтарының қатарынан болған шейх Абу Батын: «Үлкен күпірлік пен ширк жасаған адам, тіпті оны білместікпен жасаған болса да, кәпір болып табылады», — деп айтқандығы себепті телінгендігін айтатынын атап кету қажет. Қз.: “әд-Дурар ас-сәния” 10/352.

Бұған былай жауап беру керек: Ибн ‘Абдуль-Уаххабтың шәкірттері мен ұрпақтары да бұл мәселеде бірауызды келісімде болмаған. Мысалы, оның ұлдары – шейх ‘Абдуллаһ және шейх Хусайн білместікпен күпірлікке және ширкке түскен адам ақталуға лайықты деп есептеген. Қз.: “әд-Дурар әс-сәния” 10/136-137.

Және Ибн ‘Абдуль-Уаххабтың мазхабы дәл осылай болғанын шейх ‘Абду-л-Ләтыф ибн ‘Абдур-Рахман да былай деп растаған: “Ақиқатында, ол (Ибн ‘Абдуль-Уаххаб) дәлел ұсынылмағанға дейін және дәлел белгілі болғанға дейін күпірлікте айыптамайтын. Бұдан тыс, ол, Аллаһ оны рақым етсін, тіпті қабірлерге құлшылық жасайтын жәхилдерге, оларға мұның харам екендігі белгілі болмаған болса, такфир жасамайтын!” Қз.: “Мисбәх әз-зиләм” 324.

Сондай-ақ «білместік діннің негізінде де, оның тармақтарында ақталу болып табылады» деген бұл пікірді шейх Ибн ‘Усаймин де таңдаған. Одан Аллаһтан басқаға дұғамен жалбарынатын адам туралы сұрағанда, ол былай деп жауап берді: «Оны жасағаны үшін адам кәпір болатын жағдай туралы білмеу – оны жасағаны үшін адам бұзақы (фасиқ) болатын нәрсе туралы білмеу сияқты. Білместікпен бұзақылық жасаған адам білмегендігі үшін ақтауға ие болатындығы сияқты күпірлік жасаған адам да білмегендігі үшін ақтауға ие болады! Бұл екі мысалдың арасында  айырмашылық жоқ, өйткені Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Халқы залым болған кентті ғана жоқ етеміз» (әл-Қасас 28: 59). Ол сондай-ақ былай деп айтқан: «Біз елшілерді жібермейінше ешкімді жазаламаймыз!» (әл-Исра 17: 15). Және Ол, сондай-ақ, былай деп айтқан: «Аллаһ бір елді тура жолға салғаннан кейін олар сақсынуға тиіс нәрселерін ашық білдірмейінше, оларды адастырмайды» (әт-Таубә 9: 115).

Алайда егер мұндай жәхил (мұның мән-жайын) оқып-үйренуде салғырттық танытып, сұрамаса, онда мұндай жағдайда күмән бар. Күпірлікке және бұзақылыққа түсіретін нәрсені білмеу – адамдардың (бұл мәселелерде) салғырттық танытуынан емес, алайда олар бұл нәрсені хәлал деп санауының себебінен де болуы мүмкін, ал мұндай жағдайда бұл адамдарда ақталу болады. Алайда оларды ақиқатқа шақыру қажет, ал егер олар қасарысып тұрып алса, онда оларға қатысты өздері қасарысып жатқан нәрсесіне сәйкес үкім шығару керек! Ал егер адам мұның тыйым салынғандығын және бұл ширкке алып келетіндігін білсе, бірақ, сөйте тұра, осыда жаңсақтық істесе, немесе тәкапарлық жасаса, онда ол өзінің білместігі үшін ақталмайды”. Қз.: “Мәжму’ фатауа уә расаиль” (әл-Куфр уә-ттакфир) 2/221.

Және бұл пікірді имамдардың басым бөлігі ұстанатын.

Қазы Абу Бәкр ибн әл-‘Араби былай деп айтқан: “Бұл үмметтен болған білмеуші және қателесуші (адам), тіпті күпірлік және ширк амалдарын жасаса да, мүшрик және кәпір болмайды, өйткені білместік және қателік — ақтау болып табылады!” Қз.: «Тафсир әл-Қасими» 5/1307.

Имам Ибн Хазм былай деп айтқан: “Ол туралы білімі бар адам оны жасаса — кәпір болатын амалды (ол туралы) білімі жоқ адам  істесе — ол Исламнан шықпайды”. Қз.: “әл-Мухаллә” 10/410.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтқан: “Мен Аллаһ пен Оның жаратқан махлұқтарын біріктіретін, Аллаһтың Аршыға көтерілгенін теріске шығаратын жәхмилерге: «Егер мен сендермен келіссем, онда кәпір боламын, өйткені мен сендердің сөздеріңнің күпірлік екенін білемін! Алайда сендер мен үшін кәпір болып табылмайсыңдар, өйткені, сендер – жәхилсіңдер (надансыңдар)», — дегенмін”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 23/326.

Уа, мұсылмандар,  шейхуль-Исламның бұл сөзіне назар аударыңыздар! Шейхуль-Ислам үлкен күпірлікті айтушыларға, бұл үлкен күпірлік екенін білсе де, такфир жасамады ғой?! Демек шейхуль-Ислам да, такфиршілердің және тізбекті такфирді жақтаушылардың пікірі бойынша, кәпір болып табылады, өйткені кәпірлердің күпірлігінде күмәні болмаса да, оларға такфир жасамады ғой! Солай емес пе?!

2. Қателік (хата)

«Раббымыз! Егер ұмытсақ не жаңылсақ, бізді қолға алма» (әл-Бақара 2: 286).

Аллаһ Тағала былай дейді: «Егер қателессеңдер, бірақ мұндайды істеуді іштей ниет етпеген болсаңдар, бұл сендерге кунә емес. Бірақ әтейге жүректеріңнен болса (болмайды). Аллаһ — өте Жарылқаушы, тым Мейірімді» (әл-Әхзаб 33: 5).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Ақиқатында, Аллаһ Өзіне тәубе етіп жалбарынатын құлының тәубесіне сендердің араларыңнан біреу азығы мен суы жүктелген түйесімен шөл далада келе жатып, кейін оның түйесі одан қашып кеткенде, ал ол оны табудан үмітін үзіп, бір ағаштың түбіне келіп жатқанда, және ол осы күйде болған кезде бір мезетте оның жоғалтқан түйесі оның тура алдына келіп тұра қалғанда, және сонда ол оның жүгенінен ұстап, өзін баурап алған қатты қуаныштың себебінен сасқан бойда: «Уа, Аллаһ – Сен менің құлымсың, ал мен – Сенің Раббыңмын!», — деп қателесіп айтқандағы қуанышынан да артық қуанады».  Муслим 2747.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: “Бұл адам: «Уа, Аллаһ – Сен менің құлымсың, ал мен – Сенің Раббыңмын!», — деп айтып қателесті және бұл үлкен қуаныштың себебінен болды. Ол бұл сөздерді айтуымен, айқын күпірлікті айтқанына қарамастан,  күпірлікке түспеді, өйткені ол мұны қасақана айтпады!” Қз.: И’ләмуль-муәкқи’ин” 3/63.

Мұндай келеңсіз сөздерді, сондай-ақ Тозақтан ең соңғы болып шығып, Жәннатқа кіретін адам да айтады. Сахих хадистерде Аллаһ оған ұлы нығметтерді сыйлаған сәтте ол өзінің Раббысына: «Сен, Патша болғаныңа қарамастан, менің үстімнен келемеждеп (немесе: күліп) тұрсың», — деп айтады. Әл-Бухари 6571, Муслим 186.

Аллаһқа қатысты бұл сөздер орынсыз екеніне күмән жоқ, алайда Аллаһ бұл адамды оның осы сөздері үшін жазаламады, өйткені ол бұл сөздерді қатты сасқандықтан айтқан еді. Имам ән-Науауи Қады ‘Ийядтың бұл хадиске қатысты айтқан мына сөздерін жеткізген: «Бұл адам осы сөздерді өзін-өзі бақыламай айтып қойды, өйткені ол күтпеген қуанышқа, таң қалуға және шаттыққа шалдыққан еді. Ал іс жүзінде ол бұл сөздерге олардың шынайы мағынасын қоспай, оларды тек әдеттегідей, адамдармен сөйлесіп жүргенде қолданғандай етіп қолданған еді». Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 3/40.

3. Күштеу (икрах)

Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Жүрегі иманнан орныққаннан кейін зорлық көрген біреуден басқа біреу иман келтіргеннен кейін Аллаһқа қарсы келсе, сондай-ақ біреу көкірегін имансыздыққа өзі ашып берсе, оларға Аллаһтың ашуы және зор азап бар» (ән-Нәхл 16: 106).

Бұл аят ‘Аммар ибн Ясирге (Аллаһ оған разы болсын) қатысты түскен еді. Көпқұдайшылдар ‘Аммарды және оның ата-анасы – Ясир мен Сумайяны ұстап алып, өлтірді, ал ‘Аммардың өзін қинағаны соншалықты – ол зорлықтың астында күпірлік сөздерін айтты, бірақ жүрегінде мұндай (күпірлік) сенімі жоқ еді. Ал Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‘Аммар күпірлікке түсті деп айтқанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл тұжырыммен келіспеді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол туралы: «Ақиқатында, ‘Аммар басынан аяғына дейін иманға толы!», — деді. Ән-Насаи 8/111, әл-Хаким 3/392. Хадис сахих. Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 807.

‘Аммар ибн Ясирдің немересі Абу ‘Убайда былай деп баяндайтын: “Мүшриктер ‘Аммарды ұстап алған кезде, олар оны ол Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) балағаттамағайыша, және олардың пұттарын жақсы сөздермен мақтамайынша жібермеді. Тек содан кейін ғана оны жіберді. Ал ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келген кезде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Саған не болған?», — деп сұрады. Ол: «Жамандық, уа, Аллаһтың Елшісі! Аллаһпен ант етемін, мен сенен бас тарпағанымша және олардың құдайлары туралы жақсы сөздер айтпағанымша олар мені жібермеді!», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ал, сенің жүрегің қандай болды?», — деп сұрады. ‘Аммар: «Ол иманда тыныш еді», — деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер олар осыны тағы қайталаса, онда сен де осыны қайтала!», — деді”. Әл-Хаким 2/357, әл-Бәйһақи 8/208, әт-Табари 13/82. Имам әл-Хаким, хафиз Ибн Хәжар және шейх Мәшхур хадисті сахих деді, Ибн Хәжар: “әд-Дирая” 2/197.

Имам Ибн ‘Абидин былай деп айтқан: «Егер олар осыны тағы қайталаса, онда сен де қайтала!» деген сөздердің мағынасы  «егер кәпірлер сені тағы да осыны істеуге күштеп мәжбүрлесе, онда сен тағы да осы істегеніңді істе, яғни күпірлік сөздерін айта тұра жүрегіңде иманыңды сақта» дегенде”. Қз.: “Хәшия Радд әл-мухтар” 6/135.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Ақиқатында, Аллаһ мен үшін менің үмметіме қателікпен, ұмытшақтықпен және күштеумен істегендерін кешірді!» Ибн Мәжаһ 2045, Ибн Хиббан 7219. Хадистің сахихтығын хафиз ‘Абдуль-Хакқ әл-Ишбили, имам ән-Науауи, шейхуль-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Касир және шейх әл-Әлбани растаған.

Бұл хадиске қатысты имам әш-Шәтыби былай деп айтқан: “Бұл хадисте айтылғанға қатысты ғалымдардың арасында келіспеушілік жоқ!” Қз.: “әл-Мууафақат” 3/263.

Имам Ибн Бәттәл өзіңді өлімнен күпірлік жасау арқылы қорғауға рұқсат етілгендігі туралы бірауызды келісілген пікірді (ижмә’) жеткізген. Ол былай дейтін: “«Егер күпірлік жасауға күштеп мәжбүр етілген адам өліммен қорқытудың астында күпірлік жасаса, бірақ оның жүрегінде шайқалмас иман болса, онда оған қатысты ол күпірлікке түсті деген шешім шығарылмайды және оны әйелімен ажырастырмайды» дегенге ғалымдар бірауызды келісімде”. Қз.: “Фатх әл-Бари” 2/313.

Имам әл-Бағауи былай деп айтқан: “Күпірлік сөздерін айтуға күштеп мәжбүрленген адамға мұны тек тілмен ғана айтуға рұқсат етілгендігіне ғалымдар бірауызды келіскен. Және егер ол мұндай сенімге ие болмастан, оны тек тілімен ғана айтса, онда бұл күпірлік болып табылмайды! Бірақ егер ол (айтудан) бас тартып, осы үшін өлтірілсе, бұл абзалырақ болады”. Қз.: “Тафсир әл-Бағауи” 5/329.

 «Мәжбүрлеу» (икрах) ұғымының түсінігі

Имам әл-Қуртуби  Ибраһим ән-Нәһа’идің былай деп айтқаны туралы жазып кеткен: «Абақты (қамау) – бұл мәжбүрлеу». Әрі бұл — Мәликтің пікірі. Бұдан тыс ол былай деп айтқан: «Үрейлі қорқытулар – мәжбүрлеу, тіпті олар іске аспаған болса да». Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 10/190.

Имам Ибн Қудама былай деп айтқан: “Мәжбүрлеудің (икрах) шарттарынан (шурут) болған нәрселер үшеу:

1. Бұл (қорқыту) оны орындауға шамасы жететін адамнан шығуы керек.

2. Егер талап етілген нәрселер орындалмаса, қорқытудың орындалу ықтималдығы  басым болуы қажет.

3. Бұл өлтіру, қатты (зақымдап) ұру немесе ұзақ уақытқа қамау сияқты көп зиян тигізетін қорқыту болуы қажет.

Ұрысу мен балағаттауға келер болсақ, бұл – мәжбүрлеу емес, сондай-ақ, азғантай мал-мүлікті тартып алу да – мәжбүрлеу емес.

Егер соққы жеп жатқан адам үшін ұрып-соғу қатты болмаса, онда бұл да – мәжбүрлеу емес…

«Егер оның баласын қинауға салады деген қорқыту болса, бұл да – мәжбүрлеу емес, өйткені зиян басқаға қатысты болып тұр», — деп айтылған. Алайда бұл да мәжбүрлеу екендігі – дұрыс, өйткені адам үшін оның баласының қиналуы — оның мал-мүлкінің тартып алынуынан да жаман. Ал мал-мүлікті  тартып алу мәжбүрлеу болып табылады, сондай-ақ, балаға бағытталған қорқыту да – мәжбүрлеу!” Қз.: “әл-Муғни” 7/292.

Имам Ибн Хазм «мәжбүрлеу (күштеу)» сөзіне анықтама беріп, былай деп айтқан: “Мәжбүрлеу – бұл тілде «мәжбүрлеу» деп белгіленген нәрсенің барлығы, сондай-ақ сезім арқылы мәжбүрлеу деп қабылдауға болатын барлық нәрселер, оған қорқытып жатқан нәрсесін шын мәнісінде орындай алады деп күтілетін адамның өлтірумен қорқытуы (да) жатады. Ұрып-соғумен, абақтыға жабумен, мал-мүлікті бүлдірумен қорқыту (да)”. Қз.: “әл-Мухаллә” 8/330.

Имам Абу Бакр ибн әл-‘Араби: “Күпірлік жасауға рұқсат етілетін мәжбүрлену – бұл адамның, егер ол оған бұйырылып жатқан нәрселерді орындамаған жағдайда, өзінің өмірі үшін немесе өзінің кейбір дене мүшелерін жоғалтуға қорыққандығы. Мұндай жағдайда оған күпірлік сөздерін айтуына болады”, — деп айтқан. Қз.: “Ахкамуль-Қуръан” 5/13.

Имамдардың арасында мұсылман адам үшін күпірлік сөздерін айтуға рұқсат беру үшін ұрып-соғу, қинау, өлтіру туралы қорқытуды іске асыру, абақтыға жабу т.с.с. өте қатаң шарттарды қойғандары болғанын атап өту қажет. Және кейбір ғалымдар: «Жай қорқыту мәжбүрлеу болып табылмайды», — деп есептеген.

Имам ән-Науауи былай деп айтқан: “Мәжбүрлеудің (икрах) шарттарынан – егер адам одан талап етілгенді орындамаса, оған уәде етілген қорқытулардың орындалуы ықтималдығы болуы керек. Абу Исхақ әл-Муррузи: «Ұрып-соғуды бастамаған болса, онда — мәжбүрлеу жоқ», — дейтін. Алайда ғалымдардың басым бөлігі ұстанатын тікелей ұрудын т.б. орын алуы шарт болып табылмайды деген пікірі дұрыс болып табылады. Қорқытудың өзі жеткілікті!” Қз.: “Раудату-тталибин” 8/58.

Сондай-ақ имам Ибн Хазм да мәжбүрлеудің шарттары туралы ханафилердің «Қамшының соққысымен, немесе екі соққысымен, немесе бір күнге қамаққа алумен мәжбүрлеу – мәжбүрлеу емес» деген сөздерін келтіріп, былай деп айтқан: “Мұндай жіктеу — қате, өйткені Құранда да, Сүннетте де бұған нұсқау жоқ және бұл тұжырым ақылға да сыймайды. Соққы – бұл соққы, бұл қамшының бір, немесе жүз, немесе мың соққысы болса да. Бұл мәлімдеме осы мәселеде оған әлдебіреудің  келіспеушілік танытатыны туралы білмеген кісінің сөздеріне жек көрінішті түрде қайшы келеді. Сөз Ибн Мас’удтың «Егер билік иелерінен болған біреу маған мен соларды айтқанымнан кейін қамшының бір, немесе екі соққысынан құтылатын сөздерді айтқызғысы келсе, мен міндетті түрде оларды айтамын!” деген сөздері туралы болып тұр. Және сахабалардан біреу оның осы сөздеріне қайшы келгені мәлім емес”. Қз.: “әл-Мухаллә” 8/336.

Сөйтіп, мәжбүрлеу дәрежесі және мәжбүрленетіндер әртүрлі болатынын, сондай-ақ мұсылманды істеуге мәжбүрлеп жатқан күнәлардың дәрежесі мен күпірліктің түрлері де  бірдей емес екендігін, мәжбүрленген нәрсесі үшін адам тіпті үлкен күпірлікті айтса да, күнәға батпауы мүмкін және күнәға батып, бірақ кәпір болмауы да мүмкін екендігін ұғып алу керек.

Ғалымдар былай деген: “«Күпірлік сөздерін айтуға рұқсат етілуі үшін, мәжбүрлеу өлім алдындағы немесе қатты ұрып-соғу алдындағы қорқыныш сияқты, адам оған төзе алмайтындай болуы қажет. Сондай-ақ, күпірлік сөздерін айтуға мәжбүрленген адамға айқын күпірлік сөздерін айтуға рұқсат етілмейді» дегенге ғалымдар бірауызды келіскен. Ол айтқандарынан күпірлікке түскені анық емес түрде байқалатын  сөздерді айтуға тырысуы қажет. Алайда егер оны айқын, бірмағыналы күпірлік сөздерін айтуға мәжбүрлесе, онда мұндай жағдайда оған бұл да рұқсат етіледі, бірақ оның жүрегінде бекем иманның қалуы және ол өз тілмен айтып жатқан нәрсесіне сенбейтін болуы шартымен. Алайда тіпті оны өлтірсе де, сабырлық таныту абзалырақ болады, бұған Ясир мен Сумайя  сабыр еткендей”. Қз.: “Тафсир әл-Хазин” 4/117.

Сөйтіп, мәжбүрлеу тұсында күпірлік жасауға рұқсат етілетіндігіне қарамастан, мұны істемеу және Ислам үшін өлу, әрине, абзалырақ болады, бұл әсіресе үммет үшін өнеге болып табылатын мұсылмандардың атақты жетекшілеріне және ғалымдарына қатысты. Мұндай адамдарға Аллаһқа тәуекел ету және сабыр ету жақсырақ болады, көптеген ізгі саләфтар, кәпірлер олардың өздерімен келіскендігін  мұсылмандардың беттеріне салмауы үшін, сабыр еткеніндей!

4. Бұрыс түсіндірме жасау (тауиль)

Бұрыс тауильге келер болсақ, ол да күпірлікте айыптау үшін ақтау және бөгет болып табылады, мұны біздің кейбір замандастар теріске шығарса да.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметім жетпіс үш ағымға бөлінеді. Жетпіс екі тобы Отта, ал біреуі Жәннатта!» — деп айтқан. Сахабалар: “Олар — кімдер?!”  — деп сұрағанда, ол: «Олар – мен және менің сахабаларым ілесетінге ілесетіндер», — деді. Ахмад 4/102, Абу Дауд 2/503, әт-Тирмизи 3/367, Ибн Мажаһ 2/479. Хадистің сахихтығын шейхуль-Ислам Ибн Таймия, хафиз әл-‘Ирақи және шейх әл-Әлбани растаған.

Имам әл-Хаттаби бұл хадиске қатысты былай деп айтқан: “Бұл хадисте осы топтардың барлығы Исламнан шықпағандығына нұсқау бар, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың барлығы оның үмметінен болады деп хабарлаған. Және бұл хадисте тауиль жасаған адам, тіпті егер өзінің тауилінде қателескен болса да, Исламнан шықпайтынына нұсқау бар!” Қз.: “Мә’алиму-с-Сунән” 4/273.

Сондай-ақ «тауиль такфирге кедергі болады» дегенге күшті дәлел — сахабалардың  Қудама ибн Мәз’унға және басқаларға, олар харамды халәл деп есептегені үшін, нақты айтқанда шарап ішкені үшін, такфир жасамағаны . Шариғат тыйым салған нәрсені рұқсат етілген деп есептеу «куфр истихләль» деп аталатын үлкен күпірлік болып табылатынына күмән жоқ. Алайда Қудама ибн Мәз’ун қате тауильдің себебімен «Иман келтіріп, ізгі іс істегендерге ішіп-жегендері күнә емес, егер олар тақуалық жасаған, сенген және игілік істеген болса» (әл-Мәидә 5: 93) деген аятқа сүйеніп, шарапты халәл деп есептеді.

Бұл деректе Қудаманы ‘Умарға алып келгенде, ол дәлел ретінде аталған аятты келтіргені жеткізіледі. Ал ‘Умар бұған былай деп жауап берді: “Сен өзіңнің түсінуіңде (тауильде) қателестің! Егер сен Аллаһтан қорыққаныңда, онда Аллаһ саған тыйым салған нәрседен аулақ болар едің!” ‘Абдур-Раззақ 17076. Иснады сахих.

Басқа бір риуаятта ‘Умар Қудаманы дүре соғумен жазалағанда, ол  ‘Умарға: “Мені не үшін жазалады?! Мені мен сенің арамызда Аллаһтың Кітабы бар ғой!”, – деп атқаны жеткізіледі. Әл-Хаким 4/41.

Сөйтіп, біз Қудама ибн Мәз’унның өз түсінуіне (тауиліне) сүйеніп, шындығында да шарап ішуді халәл деп есептегенін айқын көрудеміз, алайда ол осы үшін кәпір болмады, өйткені, тауиль күпірлікте айыптау және күпірлікке түсу үшін бөгет болып табылады.

Имам Ибн Қудама былай дейтін: “Кім харам екендігі жөнінде Ислам үмметінің бір ауызды келісімі бар және мұсылмандардың арасында оның үкімі мәлім және айқын дәлелдердің болуының себебімен бұл мәселе бойынша түсінбеушіліктер жоқ доңыздың етінің, зинаның т.с.с. оларда келіспеушілік болмаған нәрселердің халәл екендігіне бекем сенсе, сол күпірлікке түсті! Мысалы, егер адам өлтірілуге тыйым салынған адамды өлтіруді, немесе мал-мүлікті күштеп иемденуді қандай да бір түсінбеушіліксіз және тауилсіз халәл деп санаса, ол да күпірлікке түсті. Ал, егер мұндай нәрсе тауилдің негізінде жасалып жатса, мұны хауариждер жасағандай, онда, біз бұл туралы айтып кеткеніміздей,  ғалымдардың көпшілігі Ибн Мулжәмді өз уақытындағы ең абзал жаратылыстардың бірін (Али ибн Аби Талибті) өлтіргені үшін кәпір деп есептемеді. Сондай-ақ бұған тәуилдің негізінде кез келген күнәны халәл ету де жатады.  Қудама ибн Мәз’ун шарапты халәл деп ішкені жеткізіледі және ‘Умар оған жаза қолданды, алайда оны күпірлікте айыптамады. «Иман келтіріп, ізгі іс істегендерге ішіп-жегендері күнә емес, егер олар тақуалық жасаған, сенген және игілік істеген болса» деген аяттарға сүйеніп, шарапты халәл деп, Шамда (жүріп) шарап ішкен Абу Жәндәл ибн Сухәйл және оның жақтаушылары да тура осылай істеді. Және олар осы үшін кәпір болмады”. Қз.: “әл-Муғни” 12/283.

Осы уақиға туралы тура осыны имам әт-Тахауи және шейхуль-Ислам Ибн Таймия да айтқан. Мұның үстіне, имам әт-Тахауи: «Тауиль сахабалардың бірауызды келісімі бойынша ақтау болып табылады, өйткені олардың ешқайсысы  Қудама ибн Мәз’унға такфир жасамады», — деп айтқан! Және қате тауиль ақтау болып табылатыны жөнінде ғалымдардың арасында да келіспеушіліктер жоқ! Имам Ибн Хазм, Аллаһқа Құран мен Сүннетте нұсқау келмеген сипаттарды телитіндер туралы сөз еткенде, былай деп айтқан: “Өзінің Раббысының денесі бар деп айтқан (адам), егер ол жәхил болса немесе мұны тауильге сүйеніп айтқан болса, онда оған ақтау бар және күнә жоқ! Оны оқытып-үйрету қажет! Ал егер оған Құран мен Сүннеттен дәлел келтірілсе, бірақ ол қасарысқан түрде қарсы келсе, онда ол – кәпір!” Қз.: “әл-Фисәл” 3/293.

Қате тауиль жасаудың себебімен харам нәрсені істеген адам күнәхар болуға лайықты болмайтындығын сондай-ақ шейхуль-Ислам Ибн Таймия да айтқан. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 12/180, “әл-Истиқама” 2/143 және “әр-Радд ‘алә әл-Бәкри” 289.

Сондай-ақ талқыланып жатқан мысалға имам Ибн Хазмның: «Исламда музыка хәлал», — деп айтқан амалын да жатқызуға болар еді,  өйткені ол мұны тауиль етті. Ал музыканың харамдығы жөніндегі бірауызды келісілген пікірді имам Ибн әс-Сәлах, имам әл-Қуртуби, имам әл-Бағауи, шейхуль-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Ражжаб, хафиз Ибн Касир, имам Ибн Хәжар әл-Хайтами сынды онға жуық имамдар жеткізген. Қз.: “Шарху-с-Сунна” 12/383, “Иғасату-лләхфан” 1/228, “Мәжму‘уль-фатауа” 11/576, “Нузхәту әл-Әсмә” 69, “Каффу әр-ру’а” 124, «Мәсәлә әс-сәмә’» 472, “әз-Зауажир” 2/337.

Харамды хәлал деп есептеген кез келген адам Исламнан шықпайтыны туралы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Және менің үмметімде зинаны, жібекті, шарапты және музыкалық аспаптарды (әл-мә’азиф) халәл дейтін адамдар шығады» деген танымал хадисінде айтылған. Әл-Бухари 5590.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтқан: “Хадисте айтылғанды хәлал етуге қатысты айтар болсақ, сөз бұл нәрселерге бұрыс түсінік беру туралы болып тұр, өйткені егер олар, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы нәрселерге тыйым салғандығына сенген түрде оларды хәлал деп есептегенде, кәпір болар еді! Және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды оның үмметінен деп айтпас еді”. Қз.: “Ибталю-ттахлиль” 20.

5. Ақылдан азу, жынды болу (жунун)

‘Аишадан, ‘Алиден, Саубаннан және басқа да сахабалардан (Аллаһ олардың барлығына разы болсын) жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Үшеудің қаламы көтерілген: баланың – ол кәмелетке толғанша; ұйықтап жатқанның – ол ұйқысынан оянғанша; және ақылдан азғанның – оған ақылы қайта оралғанша». Ахмад 1/104, Абу Дауд 4398 және 4402, ән-Насаи 3432, Ибн Мәжаһ 2041, әд-Дәрими 2296, Ибн әл-Жәруд, әл-Бәйһақи 6/57, әл-Бәззар 1540. Хадистің сахихтығын Ахмад, әл-Бухари, Ибн Хузайма, Ибн әл-Жәруд, Ибн Хиббан, Ибн әл-Мунзир, әл-Хаким, әз-Зәһаби, Ибн Хазм, Абу Бакр ибн әл-‘Араби, Ибн Таймия, Ахмад Шәкир, әл-Әлбани сынды имамдар растаған.

«Үшеудің қаламы көтерілген» деген сөздер «жаман істерді жазатын періште бұл үшеуінің жаман істерін жазбай тұрады» дегенді білдіреді.

Имам Ибн Қудама былай дейтін: “Ақиқатында, діннен шығу ақыл-есі толық болғаннан өзге адамда жарамды емес. Сәби, ақылдан азған, есінен танған, ұйқыдағы немесе (ес-түссіз) ауру сияқты ақыл-есі толыққанды емес адамдарға келер болсақ, оларға діннен шығу үкімі жүрмейді және олардың сөздеріне үкім шығарылмайды!” Қз.: “әл-Муғни” 12/266.

Имам ән-Науауи былай деп айтқан: “Баланың және ақылдан азғанның діннен шығуы есепке алынбайды, ал алдында діннен шығып, содан соң ақылдан азғанға келер болсақ, оны ақыл-санасы жоқ кезінде өлім жазасымен жазаламайды”. Қз.: “Раудату-тталибин” 1728.

Ал имам Ибн әл-Мунзир былай деп айтқан: “Ғалымдар «ақылдан азған біреу ақылсыздығы кезінде діннен шығушылық жасаса, ол бәрібір ақылдан азғанға дейінгі кезіндегідей мұсылман болып қала береді» дегенге бірауызды келіскен!” Қз.: «әл-Ижмә’» 122.

6. Түсініксіздік (шубхә)

Такфир түсініксіздік болған істе шығарыла алмайды!

Шейх Ибн әл-Қайим бірде имам Ахмадқа азаншының (муәзин) «Мухаммад – Аллаһтың Елшісі екендігіне куәлік беремін» деген сөздерін естіп: «Сен өтірік айтасың!», — деп айтқан адам туралы «Осындай адам кәпір болады ма?» деген сұрақ қойылғанын жеткізеді. Имам Ахмад: “Жоқ! Ол куәлік (шәһада) сөздерін емес, муәзиннің жеке өзінің куәлігін меңзеген болуы мүмкін екендігі себебімен кәпір болмайды. Ол бейне бір «Сен бұл туралы ықыласты түрде куәлік беріп тұрған жоқсың!»  деген оймен айтқанындай”. Қз.: “Бәдә’иуль-фәуәид” 4/26.

Бұл едәуір маңызды ережеге назар бұрыңыздар! Сырттай қарағанда кез келген біреу бұл адамды шәһадаға сенбейді деп есептеген болар еді, алайда бұл адамның сөздерін екі түрлі етіп түсінуге болады. Дәл сондықтан да хафиз Ибн Ражжаб былай деп айтқан: “Өзіне күпірлікті қамтыған, бірақ екі түрлі етіп түсінілетін сөздер ниеттің себебімен (ғана) күпірлік болады!” Қз.: “Фатхуль-Бәри” 1/112.

Уа, мұсылмандар, сіздер қалай деп ойласыздар: біздің кезіміздің такфиршілері бұл оқиғаға қатысты имам Ахмад істегендей етіп амал етер  еді ме әлде мұндай адамды кәпір деп атап, оған қоса оның күпірлігінде күмәнданатынның әрбірін де кәпір деп атайтын ба еді?!

Басқа бір мысал: біз өлген адамның қабірінде құрбан шалып жатқан адамды көріп тұрмыз делік, біз ол туралы не айтамыз?! Кәпір (дейміз бе), мүшрик (дейміз бе)?! Әлде одан ол не істеп жатқандығы жайлы сұраймыз ба?! Шейх Мухаммад ибн Ибраһим Әли Шейх қабірдің басында құрбан шалуға қатысты былай деп айтқан: “Бұл жерде мән-жайдың екі нұсқасы бар: біріншісі – бұл құрбан қабірдің басында, бірақ Аллаһ үшін шалынып жатыр. Екіншісі – өлген адам үшін. Егер бұл Аллаһ үшін істеліп жатқан болса, онда бұл – күнә, өйткені қабірлердің басында құрбан шалу, құрбандықты өлгенге арнап шалуға әкелетіндіктен, рұқсат етілмейді. Ал егер мұндай іс өлген адам үшін жасалатын болса, онда бұл үлкен ширк болып табылады!” Қз.: “Фатауа Ибн Ибраһим” 1/131.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтқан: “Ақиқатында, күпірлікте айыптау (такфир) түсініксіздігі бар амал үшін шығарыла алмайды!” Қз.: “әс-Саримуль-мәслюль” 3/963.

Дәлел ұсыну қажеттілігі туралы

Аллаһ Тағала былай деп айтқан:  «Аллаһ бір елді тура жолға салғаннан кейін, олар сақсынуға тиіс нәрселерін ашық білдірмейінше, оларды адастырмайды» (әт-Тауба 9: 115).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай дейді: «Біз елшілерді жібермейінше, ешкімді жазаламаймыз!» (әл-Исра 17: 15).

Қатада былай деп айтқан: “Ақиқатында, Аллаһ Тағала ешкімді, оған Аллаһтан хабар немесе түсіндірме келіп жетпейінше, жазаламайды!”  Қз.: «Тафсир әт-Табари» 8/50.

Хафиз Ибн Касир былай деген: “Бұл аятта Аллаһ Тағаланың Әділ екендігіне, және Ол ешкімді, оған елшілердің елшілігімен дәлел ұсынбайынша, жазаламайтынына нұсқау бар!”  Қз.: «Тафсир Ибн Касир» 4/25.

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деп айтқан: «Пайғамбарларды қуандырушы, қорқытушы етіп жібердік: Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа қарсы сылтауы болмауы үшін» (ән-Ниса 4: 165).

Имам әл-Бағауи былай деген: “Бұл аятта Аллаһ жаратылыстарын пайғамбарлар жібермейінше жазаламайтындығына дәлел бар!” Қз.: «Тафсир әл-Бағауи» 1/500.

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деп айтқан: «Мені мен сендердің араларыңда Аллаһ куә және маған осы Құран сендерді, сондай-ақ, кімге ол жетсе, соларды қорқытуым үшін уахи етілді…», —  де»  (әл-Ән’ам 6: 19).

Имам әш-Шафи’и былай деп айтқан: “Аллаһтың белгілі есімдері мен сипаттары бар және ешкімге оларды теріске шығару рұқсат етілмейді. Ал, кім өзіне дәлел жеткізілгеннен кейін оларды теріске шығарса – күпірлікке түсті. Бірақ оған дейін ол білместікпен ақталуға лайық, өйткені бұл есімдерді білуге ақылмен де, бақылап қараумен де, ойланумен де қол жеткізілмейді”. Қз.: “Фатхуль-Бәри” 13/407.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Аллаһ Өзінің жолдауы жеткеннен өзге ешкімді жазаламайды. Және Оңың жолдауы жетпеген (адам) мүлде жазаланбайды! Ал Оның жолдауы жетіп, бірақ түсіндірілмеген (адам), тек өзіне белгілі болғанды жоққа шығарғанынан басқа нәрсе үшін  жазаланбайды!” Қз.: «Мәжму’ әл-фатауа» 12/493

Шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Ұсынылған дәлелдің болмауынан және оған қол жеткізудің мүмкіндігі болмауынан білместікпен жасалған күпірлікке келер болсақ, Аллаһ оны елшілердің дәлелі жетпейінше жазалаудан қалыс қалды!” Қз.: “Тариқ әл-хижратайн” 611.

Шейх Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаххаб былай дейтін: «Менің жауларым мен туралы: «Ол өз тұжырымының негізінде ғана немесе (адамды) кәпірлерге сүйіспеншілік танытуы үшін күпірлікте айыптайды, — не болмаса, — Ол дәлел жетпеген надан адамдарды күпірлікте айыптайды», — деп айтады. Мұның бәрі — адамдарды Аллаһ пен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолынан тайдыру үшін тағылған ұлы жала!» Қз.: “әд-Дурар әс-сәния” 1/66, “Мәжму’у муәллифәт” 3/14.

Осы жерде бір мәселені: дәлелді ұсыну мен осы дәлелді түсінудің арасын айырып бөлген шейх Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаххабтың сөздерімен дәйек келтіруді — атап кету қажет. Ол былай дейтін: ”Алайда, күмәннің негізі  — сендердің дәлел келтіру мен оны түсінудің арасында айырмашылық жасамайтындарың. Шындығында, кәпірлердің және екіжүзділердің көпшілігі, олардың үстінен Аллаһтың дәлелі қойылған кезде, оны түсінбейді, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «Әлде сен олардың көбі естиді, немесе түсінеді деп ойлайсың ба?» (әл-Фурқан 25: 44), — деп айтқанындай”.

Біріншіден, бұл сөздер – Құран емес және Сүннет те емес, олар – бір ғалымның бұл мәселеде басқаша есептейтін көпшілік ғалымдарға қайшы келетін түсінігі ғана! Дәлелді түсінуді міндетті шарт деп есептейтіндердің қатарында Абу Бакр ибн әл-‘Араби, Ибн Қудама, шейхуль-Ислам Ибн Таймия, шейх Ибн әл-Қайим сынды т.б. имамдар бар.

Және  «Егер дәлел ұсынылса, оны түсіну — міндетті емес» деген осы пікір Құран мен Сүннетке қайшы келеді әрі өте әлсіз болып табылады. Өйткені бұл пікірге сәйкес, мен, мысалы, білместікпен қандай да бір ширк жасап жатқан жаңадан Исламды қабылдаған қытайлыққа барып, оған араб тілінде Құранның белгілі  бір аятын оқып берсем, ал ол оны бәрібір түсінбейді, онда оған дәлел жеткізілген және оған ақтау жоқ болады ма сонда?! Солай болып тұр емес пе?!

Екіншіден, бұл пікір Құран мен Сүннетке қайшы келеді. Егер дәлелді түсінудің маңызы болмаса, онда не үшін Аллаһ Құранда адамдарды өз халықтарының тілдерінде үгіттеп-насихаттау үшін пайғамбарларды жібергенін айтады. Неліктен Құранды ап-анық араб тілінде жібергенін айтады?! Және Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Аллаһ адамға оның мүмкіндіктерінен тыс (нәрсені) жүктемейді» (әл-Бақара 2: 286).

Ал түсінбейтін адамды түсінумен міндеттеу — оған оның әлі келмейтін нәрсені жүктеу емес пе?! Және егер дәлелді түсіну шарт болып табылмаса, онда оны келтірудің мәні неде?!

Және бұл пікір сондай-ақ Қиямет күнінде білместікпен және түсінбеушілікпен ақталатын төрт кәпір туралы айтылатын хадиске де қайшы келеді: «Саңырау: «Уа, Раббым (Ием), Ислам келгенде мен еш нәрсе естімедім!», — дейді. Ақыл-есі жоқ: «Ислам келгенде балалар маған тезек лақтыратын еді!», — дейді. Қаусаған шал: «Ислам келді, бірақ мен еш нәрсе түсінбедім!», — дейді. Ал шақыру жетпеген: «Уа, Раббым, маған Сенің елшің жетпеген еді!», — дейді».

Егер дәлелді түсіну шарт болып табылмағанда, ақылдан азғандар ақтауға ие болмас еді, ал бұл «Үшеудің қаламы көтерілген: баланың – ол кәмелетке толғанша; ұйықтап жатқанның – ол ұйқысынан оянғанша; және ақылдан азғанның – оған ақылы қайта оралғанша» деген мәлім хадиске қайшы келеді.

Содан кейін, ғалымдардың арасында шариғи міндеттер жүктелетін  кәмелетке жеткен адамның  (мукалләфтың) шарты  — оның оған айтылған нәрсені түсінуі  дегенге келіспеушіліктер жоқ, бұл жөнінде имам Ибн әл-Хумам айтқандай. Қз.: «әл-Қауә’ид уәл-фәуәид әл-усулия» 33.

Үшіншіден, дәлелді түсінуді шарт етпейтпейтін ғалымдардың дәлеліне келер болсақ, яғни бұл «Әлде сен олардың көбі естиді немесе түсінеді деп ойлайсың ба?» (әл-Фурқан 25: 44) деген аят, оның мағынасы – олардың Құранның сөздерін мүлдем түсінбегендігінде емес, оны түсінгісі келмегендігінде.

Имам әш-Шәукани бұл аятқа қатысты былай дейтін: “Яғни кәпірлер жануарлар сияқты естіп жатқан нәрсесінен пайда ала алмайды. Тіпті олар өздеріне айтылып жатқан сөздерді естісе де және өздеріне оқып бергенді түсінсе де, бұдан пайда алмайды”. Қз.: “Фатхуль-Қадир” 4/78.

Және, төртіншіден, имам Ибн ‘Абдуль-Уаххабтың өзінің де бұл мәселедегі пікірі бір мағыналы емес. Мысалы, ол өзіне жабылған «ол хижра жасамайтындарға такфир жасайды» деген айыптауларға жауап беріп, былай деп айтқан: «Біз тіпті ‘Абдуль-Қадир Жәйлани, Ахмад Бәдауи тағы сол сияқты басқалардың  қабірлеріне құлшылық етушілерді мұндайды істеп жатқандардың білімі болмағандығы, сондай-ақ оларға осыны түсіндіретіндердің де болмауы себепті күпірлікте айыптамаймыз. Ендеше, қалайша біз Аллаһқа ешкімді теңестірмейтіндерді олар біз жаққа қоныс аудармағаны үшін ғана күпірлікте айыптай аламыз?! Уа, Аллаһ, Сен Пәксің! Ақиқатында, бұл – ұлы жала!» Қз.: “Фатауа уә мәсаиль шейх Мухаммад ибн Абдуль-Уаххаб” 11.

Егер ол дәлелді түсіну міндетті шарт болып табылады деп есептемесе, онда неліктен «оларға осыны түсіндіретіндердің де болмауы» деп айтады?!

Шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Ақиқатында, дәлелді ұсыну уақытқа, орынға және адамдарға  байланысты ерекшеленеді. Кәпірлерге Аллаһтың дәлелі бір уақытта ұсынылуы, ал басқа бір уақытта ұсынылмауы, бір мекенде ұсынылуы, ал басқа бір мекенде ұсынылмауы мүмкін. Бұл дәлел ұсынылған қандай да бір адамға қатысты болуы мүмкін болып, алайда басқа біреуге қатысты болмағандай. Және мұның себебі оның не бала, немесе ақылдан азған адам сияқты ақылының толыққанды болмауы, не оның мысалы, өзіне арналған жолдауды түсіну үшін оны аударып беретін аудармашысы болмаған адам сияқты дәлелді түсінбеуі болып табылады!” Қз.: “Тариқ әл-хижратайн” 443.



[1] Әл-Ә’раф 7: 138.

[2] Аурудың бір түрі.

жалғасы бар

 

You may also like...