Өтірікке шығару (такзиб)

•  ҮШІНШІ ЖАҒДАЙ:

Өтірікке шығару (такзиб)

Бұл – адамның Аллаһтың үкімдерін өтірік деп есептеп, Аллаһтың түсіргеніне сәйкес басқарудан (билік құрудан) және шешім шығарудан бас тартуы.

Шариғаттың осы жағдайға қатысты үкімі: ғалымдар бұл әрекет адамды кәпір ететініне және үлкен күпірліктің (куфруль акбар) санатына жататынына бірауызды келісімде.

Дәлелдер:

Аллаһтың және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үкімдерін өтірік деп есептейтін адам кәпір болып табылады дегенге қатысты ғалымдардың бірауызды пікірі.

Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Егер олар: «Иман — жүрекпен мойындау немесе тілмен растау немесе олардың екеуі де бірге», — десе, біз олардан: «Бұл мойындау жалпылама болып табылады ма, әлде нақтылаудың болуы қажет пе?», — деп сұраймыз. Мысалы, егер адам Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – Аллаһтың Елшісі екенін мойындаса, бірақ Аллаһтың сипаттарын білмесе, ол мүмін болып табылады ма? Егер олар: «Ол мүмін болып табылады», — десе, онда «Егер ол Аллаһтың сипаттары туралы білсе, бірақ оларды өтірік десе, ол ғалымдардың бірауызды келісілген пікіріне сәйкес мүмін болып табылмайды», — деп айту керек болады».

Ол сондай-ақ былай деген: «Елшілер алып келген нәрселерді өтірік деп есептеушінің әрбірі кәпір болып табылады».[1]

Бұл жағдаймен бес мәселе байланысты.

Бірінші мәселе:  

Адам Аллаһтың түсіргеніне сәйкес басқаруды (билік құруды) және шешім шығаруды өтірік деп санап тұрғанында кәпір болып табылады, тіпті егер оның өзі Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқаратындардың (билік құратындардың) және шешім шығаратындардың қатарына жатпаса да.

Екінші мәселе:

Аллаһ Тағала былай деген: «Олар сені өтірікке санап отырған жоқ. Бірақ залымдар Аллаһтың аяттарына қарсы келуде[2].

Аллаһ залымдарды, олар Пайғамбарды өтірікке шығарғаны үшін емес, Аллаһтың аяттарын табанды түрде мойындамағаны үшін сөкті, екі ұғымның айырмашылығы да міне осыда.  «Жухд» — бұл адамның Аллаһтың үкімдерін табанды түрде теріске шығаруы, бірақ жүрегінде олардың хақтығын мойындауы. Ал «такзиб» — бұл адамның Аллаһтың үкімдерін теріске шығарып қана қоймай, оларды жүрегімен өтірік деп санауы.

Үшінші мәселе:

Өтірік деп санау жүректің амалдарына жатады. Оның мәні — адам белгілі бір нәрсені сырттай көрінісімен өтірік деп есептеуі және осының өтірік екендігіне іштей сенуі.

Ибн әл-Қаййим, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Өтірік деп санағандықтың салдарынан болған күпірлік (куфр такзиб) – бұл Аллаһтың елшілерін өтірікшілер деп сену».[3]

Ал жүректің амалдарына жататын нәрселерді адамның өзі ішіндегісін жариялаған кезде ғана білуге болады.[4]

Төртінші  мәселе:  

Бақылауларға негізделген деректер харам нәрселерді істеп жатқан адам олардың харам екендігін өтірікке шығарып жатқандығына дәлел бола алмайды.[5]

Бесінші  мәселе:

Кейде ғалымдар «такзиб» сөзін күнәхарлар туралы сөз етіп жатқанда қолданады, алайда онымен жүректің сенімін емес, харам нәрсені істеудегі фактісін ғана меңзейді. Бұл жағдайларда адамның кәпір болып табылатындығы меңзелмейді. Бұл аталған жағдайда «такзиб» сөзі сөзбе-сөз мағынада қолданылмайды. Сондықтан оның нақты адамға қатысты қолданғандығы бізге оны кәпір деп есептеу үшін негіз бермейді (бола алмайды).



[1] Ибн Таймийя, «Мажму‘ әл-фатауа»,  2-том, 79-бет.

[2] «Әл-Ән‘ам»сүресі, 33-бет.

[3] Ибн әл-Қайим, «Мадариж әс-саликин», 1-том, 346-бет.

[4] Бірінші жағдайға тиісті түсіндірмені қараңыз.

[5] Бірінші жағдайға тиісті түсіндірмені қараңыз.

You may also like...