Мұсылман әмірлеріне қарсы шығуға тыйым салынғандығы туралы

Эльмир Кулиевтің «Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз

Мұсылман әмірлеріне қарсы шығуға тыйым салынғандығы туралы

Аллаһтың шариғаты лауазымына сайланып (тағайындалып) қойылған мұсылман әміріне қарсы шығуға кесімді түрде тыйым салады. Мұсылманның қолында болған билікті құлатуға немесе тіпті оның беделін түсіруге талпыныс жасаған кез келген адам аса Құдіретті Аллаһқа және Оның соңғы Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы шығады.

Зийяд ибн Қусайб былай деп баяндаған: “Бірде мен  Абу Бакратпен бірге жұп-жұқа киімде құтпа айтып тұрған Ибн ‘Амирдің мінберінің жанында болғанымда, Абу Биләл былай деді: “Бұзақылардың киімін киетін біздің әмірімізге қараңдар!” Ал Абу Бакрат оған: “Үніңді өшір, өйткені мен Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Кім Аллаһ жерде патша еткен әмірді қорласа, Аллаһ оны қорлайды!» , — дегенін естігенмін!», — деді” (әт-Тирмизи; әл-Әлбани хадисті хасан деген).

Имам Ахмад жеткізген хадисте: «Ұлы және Пәк Аллаһ жерде патша еткен әмірді құрметтегенді Аллаһ құрметтейді. Ал Ұлы және Пәк Аллаһ жерде патша еткен әмірді қорлағанды Аллаһ қорлайды!»,  — деп айтылады.

Сондықтан да Сәһл ибн Абдуллаһ әт-Тустари былай деген: “Адамдар мұсылман әмірлері мен ғалымдарын көтермелеп тұрғандарында игілікте болуын тоқтатпайды, және егер  оларды құрметтесе, Аллаһ олардың дүние тіршілігін және болашақ (Ақыреттегі) өмірін тәртіпке келтіреді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұл дүние тіршілігі мен болашақ өмірін опат етеді” Қз.: “Тафсир әл-кубра” 5/262).

Абу Һурайра Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Кім (әмірге) бағынудан және мұсылмандардың жәма’асынан бөлініп шықса және (сол күйінде) көз жұмса —  жәһилиет өлімімен өлген болады; кім бұлыңғырлықтың (соқырлықтың) туының астында соғысып, өзінің тайпасы үшін ызаланса, немесе ұлтшылдыққа немесе өзінің тайпасына көмектесуге шақырып жатқанда өлтірілсе —  жәһилиет кезіндегі өлтірумен өлтірілген болады!  Кім менің үмметіме қарсы шығып, олардың арасындағы иман келтіргендері үшін қынжылмай, өзі келісім-шарт жасасқандармен жасаған келісімін орындамай, ізгілер мен пасықтарды (қосып) өлтірсе, оның маған еш қатысы жоқ, ал менің оған (еш қатысым жоқ)» (әл-Бухари және Муслим).

Ибн Аббас Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Кім өзінің әмірінде өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, бұған сабырлықпен қарасын, өйткені мұсылман жәма`асынан бір еліге болса да ауытқып өлген адам жәһилиет (Исламға дейінгі надандық) дәуірінің өлімімен өлген болады» (әл-Бухари және Муслим).

Абдуллаһ ибн Умар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Кім өзінің әміріне мойынсұнудан шықса, Қиямет Күні Аллаһтың алдына барғанда оның ақтауы болмайды. Ал кім (әмірге) ант бермей өлсе, жәһилиет дәуіріндегі өліммен өлген болады» (Муслим).

Арфажа Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естігенін баяндайды: «Егер сендер бір әмірдің қоластында біртұтас болсаңдар және сендердің біртұтастықтарыңды бөліп тастағысы келген біреу келсе, ол кім болса да, оны (яғни әмірге қарсы шыққанды) өлтіріңдер!»  (Муслим).

Умм Сәләмә Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Істері кейде сендерге ұнайтын, ал кейде ұнамайтын әмірлер сендерге билік жүргізетін кез келеді. Сендердің қайсыларыңа (олардың жауыздықтары) жек көрінішті болса, сол оларға қатыссыз болады. Кім оларға өзінің сөгісін білдірсе, (жазадан) құтылады. Ал кім оларға разы болса және оларға ілессе…»  Одан: «Уа, Аллаһтың Елшісі, біз олармен соғыссақ па екен?», — деп сұрайды. Ол: «Олар намаздарын орындап тұрғандарында – жоқ», — деді (Муслим).

Жунада ибн Абу Ймейя былай деп баяндаған: «‘Убада ибн әс-Самит ауырып қалған кезде, біз оған келіп: “Аллаһ саған шипа берсін! Маған Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) естіген бір хадисіңді айтып бер, ол Аллаһтың қалауымен саған көмегін тигізсін”, — дедік. ‘Убада былай деді: ”Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізді өзінің құзырына шақырды және біз оған ант бердік. Ол бізге: «Біз саған өзімізге ұнайтын және ұнамайтын нәрселердің барлығында, бұл бізге ауыр болса да, жеңіл болса да, тіпті егер әмір біздің мал-мүлкімізді иемденетін болса да мойынсұнамыз деп ант етеміз. Біз сондай-ақ онымен билікке таласпаймыз», — деп айтқыздырды.  Кейін Пайғамбар (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Тек егер ол Аллаһ сендерді ол жөнінде хабардар еткен айқын күпірлік жасамаса»”» (әл-Бухари және Муслим).

Имам ән-Науауи (12/229) бұл хадиске жасаған түсіндірмесінде былай деп жазған: «Бұл хадисте күпірлік деген сөздің астарында олардан сіздерді Аллаһ Тағаланың  діні  сақтандыратын күнәлар айтылып тұр. Ал бұл хадистің мағынасы «егер әмір сіздерге ол туралы Ислам негіздерінен мәлім болған шынайы күпірлік жасамаса, онымен билік үшін таласпау керек және оған қарсы шықпау  қажет» дегенде.  Егер әмір осындайды істесе, онда оның іс-әрекеттерін мақұлдауа болмайды және оған ақиқатты ескерту қажет. Алайда оған қарсы көтерілу және соғысу мұсылман ғалымдарының бірауызды келісілген пікірі бойынша тыйым салынған, тіпті егер әмір жауыз және ұлы күнәһар болса да. Бұл жөнінде көптеген хадистер анық куәлік береді. Әһлю-Сунна «Әмірді істеп жатқан күнәлары үшін биліктен шеттетуге болмайды» дегенге бірауызды келісімде.  Ғалымдар: «Мұның себебі  — осындай әрекеттердің салдары қантөгіске ұласатындығында және мұсылмандардың арасында араздыққа әкелетіндігінде», — дейді. Сондықтан күнәһарды биліктен шеттетудің зияны пайдасынан көбірек болады».

Ауф ибн Мәлик Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Әмірлердің ең жақсылары – сендер жақсы көргендерің және сендерді жақсы көретіндері. Сендер оларға игілік тілейсіңдер және олар да сендерге игілік тілейді. Ал әмірлердің ең жамандары сендер оларды жек көретіндерің және сендерді жек көретіндері. Сендер оларды лағынеттейсіңдер, олар да сендерді лағынеттейді». Одан: «Уа, Аллаһтың Елшісі, біз олармен қолымызға қылыш алып соғыссақ па екен?», — деп сұрағанда, ол: «Олар сендермен бірге намазды орындағандарына дейін жоқ. Ал егер сендер өз әмірлеріңде ұнамсыз нәрсе көрсеңдер, бұған ұнатпаушылық танытуларың керек, бірақ мойынсұнудан бас тартпауларың қажет»  (Муслим).

Бұл «Егер әмір мұсылман болса, Аллаһтың заңы  билікті құлату үшін талпыныс жасауға кірісуге тыйым салады» дегенді білдіреді. Бұл – әрбір мүмін адам есте сақтауға және басшылыққа алуға тиісті өте маңызды ереже.

Нәфи‘ былай деп баяндайтын: «Мәдинаның тұрғындары  Язид ибн Му‘ауияны биліктен шеттетуді шешкенде, Ибн Умар өз жақындары мен балаларын жинап алып, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір сатқынның жанына Қиямет Күні бір ту тігіледі», — дегенін естігенінін айтады. Ол былай деп жалғастырады: «Біз барлығымыз бұл адамға Аллаһтың және Оның Елшісінің заңына сәйкес ант бердік. Ақиқатында, мен бір адам басқа бір адамға Аллаһтың және Оның Елшісінің заңына сәйкес ант беріп, ал содан соң онымен соғысудан үлкенірек сатқындықты білмеймін. Сендердің барлықтарың бір кезде оған опа боламыз деп ант бердіңдер. Сондықтан да, егер сендердің біреулерің оны билігінен құлатқысы келсе, мен оған қатыссызбын» (әл-Бухари).

Ибн Муфлих «әл-Әдаб әш-Шәр‘ийя» кітабында(1/175) былай деп жазған: «Бағдадтың мұсылман фақиһтары әл-Уәтиқтың халифалық құруы кезінде Абу Абдуллаһ ибн Хәнбалға келіп, мұсылмандардың арасында Құранның жаратылғандығы туралы кесірлі көзқарастардың кең таралуына, тағы да өзге жайттарға байланысты олардың жағдайы өте шиеленісіп кеткеніне арызданды. Олар билікке және сұлтанға наразылық білдірді. Имам Ахмад олармен бұл мәселені талқылады да, сұлтанның іс-әрекеттеріне іштей наразы болуды, бірақ ешбір жағдайда оған мойынсұнудан шықпауды, мұсылмандардың бірлігін шайқалтпауды, өздерінің және олардың қанын төкпеуді, өздерінің іс-әрекеттерінің мүмкін болған салдарын ойлауды және сабыр етуді бұйырды». Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін жандандырған және өмірінің соңына дейін Исламды надан адамдардың адасқан көзқарастарынан тазартуға және дұшпандардың арам ойларынан қорғауға тырысқан ғалымдардың бірі имам Ахмад ибн Хәнбалдің (һижраның 241 жылы қайтыс болды) пікірі осындай еді.

Басқа ұлы ғалым және фақиһ Ахмад әт-Тахауи (һижраның 321 жылы қайтыс болды) шынайы ислам ақидасы туралы өзінің кітабында былай деп жазған: «Біз имамдарымызбен әмірлерімізге қарсы шығуды мойындамаймыз, тіпті олар қателессе және әділсіздік жасаса да. Біз оларды лағынеттемейміз және оларға мойынсұнудан бас тартпаймыз. Біз «оларға бағынуымыз арқылы Ұлы және Құдіретті Аллаһқа бағынамыз» дегенге сенеміз. Ал оларға мойынсұну барлық нәрседе міндетті, егер олар күнә істеуді бұйырмаса ғана. Біз үнемі Аллаһқа Ол оларды тура жолға салуын және есендік беруін тілеп жалбарынамыз».

Әт-Тахауидің бұл сөздеріне түсіндірме жасап, шейх Али ибн Абу әл-‘Изз «әл-Ақида әт-Тахауия» деген кітаптың шархында былай деп жазған: «Құран және Сүннет әмірлерге,  егер олар күнә істеуге бұйырмаса, мойынсұну қажеттілігіне нұсқайды. Аллаһ Тағаланың: «Аллаһқа мойынсұныңдар, Елшіге мойынсұныңдар және араларыңдағы билік иелеріне де», — дегеніне терең ой салыңдар. Аллаһ: «Елшіге мойынсұныңдар», — деді, бірақ: «араларыңдағы билік иелеріне мойынсұныңдар», —  деп айтқан жоқ. Ол бұл («мойынсұныңдар» деген – ауд.) етістікті тағы да бір рет қайталамағанының себебі – билік иелері өздігінше мойынсұнуға лайықты емес. Оларға Аллаһтың және Оның Елшісінің әмірлерімен бірдей келетін нәрселердің барлығында мойынсұну қажет. Алайда Аллаһ «мойынсұныңдар» деген етістікті Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұну туралы сөз болғанда қайталады, өйткені оған мойынсұнғанның кез келгені Аллаһқа мойынсұнған болады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Аллаһқа мойынсұнудан шығаратын еш нәрсе бұйырмайды. Ол күнәсіз, ал кез келген басқа әмір Аллаһтың еркіне қайшы келетін нәрсені де бұйыруы мүмкін. Сондықтан да оларға тек Аллаһтың және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлеріне сәйкес келетін нәрселерде ғана мойынсұнуға болады. Дегенмен, әмірлер тіпті егер зұлымдық және әділетсіздік жасап жатса да, мұсылмандар әмірлерге бағынышты бола беруі  керек, өйткені оларға мойынсұнбаудың салдары ауырлығы бойынша олардың жасаған күнәларынан көп есе кесірлі болуы мүмкін. Ал егер мүміндер өздеріне тиіп жатқан әділетсіздікті сабырлықпен көтерсе, оларды күнәларының кешірілуі және еселеген сауаптар күтеді. Аллаһ Тағала тек амалдарымыздың бұзықтығынан  біздің үстімізден күнәһар әмірлерді қойғанын есте сақтауымыз керек. Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Бастарыңа келген кез келген қасірет қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Бірақ Аллаһ көбін кешіп жібереді» (әш-Шура 42:30); «Сендер оларды екі есесіне ұшыратқан (Бадрдағы) бір қайғыға өздерің  (Ухудта) ұшырағандықтан: «Бұл қайдан келді?», — дедіңдер. (Мухаммад) оларға: «Ол өз пиғылдарыңнан», — деп айт» (Әли Имран 3:165); «Осылайша залымдардың істегендері себепті бірін-біріне үстем қыламыз» (әл-Әнъам 6: 129).

Егер бағынышты адам залым әмірдің жәбірлеуінен құтылғысы келсе, ол ең алдымен өзі зұлымдық және әділетсіздік жасауын қоюы керек. Мәлик ибн Динар: “Раббымыз көктен түскен Кітаптарының кейбіреуінде: «Мен – бүкіл патшалардың Патшасымын, және Менің Қолымда олардың жүректері. Егер адамдар маған мойынсұнса, Мен өзімінің рахымыммен оларға әділ патшаларды патша етемін. Ал егер олар Маған мойынсұнбаса, Мен өш алып, оларға залым патшаларды патша етемін. Жүректеріңді патшаларың туралы ойлармен мазаламаңдар, қайта Менің алдымда тәубе етіңдер, ал сонда мен сендерге рахымшылдық етемін», — деген”, — деп баяндаған.

Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне ілесушілердің тап-таза және шынайы көзқарастары міне осындай, және мұсылмандар оларға адал болса, олардың иманын ешкімнің қастығы талқандай алмайды. Өйткені Аллаһ Тағала мүміндерге былай деді: «Егер сабырлы және тақуа болсаңдар, олардың (яғни Аллаһтың дұшпандарының) арам ойлары сендерге еш зиян тигізбейді»  (Әли Имран 3: 120).

жалғасы бар

You may also like...