Ислам келісімсіз діннің жоқтығына, имаматсыз[1] келісімнің жоқтығына, мойынсұнусыз имаматтың жоқтығына анық нұсқау береді, ал әмірдің (ел басшысының) билігіне бағынудан шығу туралы айтар болсақ, онда бұл Аллаһтың құлдарының арасында бұзақылықтың таралуының және дұрыс жолдан ауытқудың негізгі себептерінің бірі болып табылады, ал Аллаһ Тағала былай деді: «Негізінен, Аллаһ сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында, Аллаһ сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз, Аллаһ – толық Естуші, тым Қырағы. Әй, мүміндер, Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, Пайғамбарға ұсыныңдар, егер сендер Аллаһқа, Ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы хайырлы да, нәтижеде жақсы» (ән-Ниса сүресі, 58-59-аяттар).
Шейх-уль-ислам Ибн Таймия, Аллаһ оны рахымына бөлесін, шариғат билігі туралы былай деді: «Ғалымдардың айтуынша, жоғарыда келтірілген аяттардың біріншісі әмірлерге (ел басшыларына) қатысты, олар аманаттарды иелеріне қайтаруы керек және адамдардың арасында билік жүргізуде әділетті болуы керек. Ал екінші аят жауынгерлерден және өзгелердің қатарынан болған биліктің қол астындағыларының барлығына қатысты, олар өздеріне барлық істерде басшылық ететін әмірлерге, егер олар Аллаһқа мойынсұнбауға бұйырмаса, бағынуға тиісті. Егер олар Аллаһқа мойынсұнбауға бұйырса, онда (сол бұйрықты орындауда) Жаратушыға қарсы шықпау және жаратылғанға бағынбау керек. Егер бір нәрсе жайлы келіспеушіліктер туындаса, онымен Аллаһтың Кітабына және Оның Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетіне жүгініңдер, ал егер әмірлер (ел басшылары) бұлай істемесе, онда оларға тек Аллаһтың бұйрықтарына қайшы келмейтін нәрселерде ғана бағыну керек, өйткені осыда Аллаһқа және Оның Елшісіне деген, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мойынсұнушылық танылады және бұл, Кұран мен Сүннет бұйырғандай, олардың құқықтарының орындалуына мүмкіндік береді. Аллаһ Тағала былай дейді: «Жақсылыққа, тақуалыққа бір-біріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа бір-біріңе жәрдемдеспеңдер» (әл-Мәида сүресі, 2-аят).
Жоғарыдағы аят аманатты иелеріне қайтаруды және әділеттілікпен билік жасауды міндетті ететіндіктен, әділетті және жақсы билік жүргізудің мәні де осыларда». «Мәжму’ әл-фатауа», 28/246.
Убада бин әс-Самиттің, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «(Кезінде) Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бізді өзіне шақырды, ал біз оған ант бердік және өзге де нәрселердің қатарында ол бізден бізге жеңіл және ауыр болған кезде де, өзімізге заңды түрде тиісті болған нәрселерден айырған кезде де (оған) бағынатынымыз және құлшынысты болып, құлықсыздық танытпайтынымыз туралы ант беруімізді талап етті. Біз заңды әмірді билігінен құлатуға ұмтылмаймыз (деп ант бердік), ал Ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Тек қана (оның) айқын күпірлікке түскенін көрмесеңдер және бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса[2]», — деді. әл-Бухари «Сахих», № 7056 хадис; Муслим «Сахих», № 1709 хадис.
Абу Хурайрадан, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Кім (әмірге) бағынудан және жамағаттан бөлініп шықса және сол қалпында өлсе, жәхилиет дәуірінің өлімімен өлген болады[3]; кім өзінің надандығының итермелеуімен және өзінікі болғанға ғана соқыр әуестенгедіктен ызаланып соғысса[4], немесе өзінікі болғанға ғана ілесуге шақырса, немесе өзінікі болғанды ғана қорғап өлсе, жәхилиет кезінде опат болған сияқты опат болады; ал кім менің үмметіме қарсы шығып, олардың арасындағы иман келтіргендерден сескенбей және өзі келісім-шарт жасасқандармен жасаған келісімін орындамай, ізгілер мен пасықтарды (қосып) өлтірсе, оның маған еш қатысы жоқ, ал менің — оған (еш қатысым жоқ)», — дегені жеткізілген. Муслим «Сахих», № 4848 хадис.
Myъаз бин Жәбәлдан, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Әскери жорықтың екі түрі бар. Кім (әскери жорыққа) тек Аллаһ үшін қатысса, әмірге бағынса, ең қымбаттысын (Аллаһ үшін) жұмсаса және серігіне қатысты жұмсақтық танытса, өзінің ұйықтағаны үшін де, ояу сәттері үшін де сауап алады. Ал кім мақтауға ие болу үшін және өзгелерге көрсету үшін жорыққа қатысса, әмірге бағынбаса және жер бетінде бұзақылық таратса, мұндай (сауапты) ала алмай оралады». Ән-Насаи «Сунан», № 3188 хадис; Абу Дауд «Сунан», №2515 хадис.
Ибн Умардан, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «(Әрбір адам) әмірге бағынуы және оған ұнаған нәрседе де, ұнамаған нәрседе де құлақ асуы керек, тек ол (Аллаһқа) мойынсұнбауға бұйырмаса ғана, өйткені (мұндай жағдайда) оған құлақ аспау да, бағынбау да керек болады», — дегені жеткізіледі. әл-Бухари «Сахих», №7144 хадис; Муслим «Сахих», № 1839 хадис.
Хузайфаның, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «(Бірде) Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Менен кейін менің жетекшілігіме ілеспейтін және менің Сүннетімді ұстанбайтын әмірлер пайда болады және сендердің араларыңда адамның денесіндегі шайтан жүректі адамдар пайда болады», — деді. Мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі, осылар менің өмір сүруім кезінде орын алса, мен не істеуім керек?», — деп сұрадым. Ол: «Сен әмірді тыңдауың керек және оған бағынуың керек, тіпті ол сенің арқаңнан ұрса да және сенің мал-мүлкінді тартып алса да, тыңда және бағын!», — деп жауап берді. Муслим «Сахих», №1847 хадис.
Әл-Харис әл-Ашариден, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мына сөздері жеткізіледі: «Мен сендерге Аллаһ маған бұйырған мына бес нәрсені бұйырамын: тыңдаңдар, бағыныңдар, жихад жүргізіңдер, хижрет жасаңдар және келісімді (әл-жамаъаны) ұстаныңдар. Ақиқатында, кім келісімнен (әл-жамаъадан) бір қарысқа кері кетсе, Исламға қарсы көтеріліске шыққан болады». Имам Ахмад «Муснад», № 17344 хадис; әт-Тирмизи «Сунан», № 2863 хадис.
Шейх Абд әл-Ләтиф бин әш-Шейх Абд ар-Рахман, олардың екеуін де Аллаһ рақымына бөлесін, былай деді: «Кейбіреулер осы хадисте аталған бес нәрсені Исламның бес парызына[5] қосты да, бұл бес парыз осылардың арқасында ғана тура және бекем тұра алады деп есептеді. Бұл келісім (әл-жамаъа) мен бағынудың жоқтығына негізделген жәхилиет дәуірінде болғандардан ерекшеленеді».
Шейх-уль-ислам Ибн Таймия, Аллаһ оны рахымына бөлесін, шариғат билігі туралы былай деді: «Адамдардың істерін басқару ең маңызды діни міндеттердің бірі болып саналатынын білу қажет, тіпті осы ғана (адамдарға) дін және дүние істерімен айналысуға мүмкіндік береді. Ақиқатында, адамдар бірлесіп қана игілікке қол жеткізе алады, өйткені олар бір-біріне мұқтаж, ал біртұтастық басшыға мұқтаж».
Шейх-уль-ислам Ибн Таймия, Аллаһ оны рахымына бөлесін, сондай-ақ мынаны айтты: «Аллаһ Тағала жақсылыққа шақыру мен жамандықтан қайтаруды міндетті етті, алайда күш-қуатсыз және биліксіз мұны іске асыру мүмкін емес. Бұл Аллаһтың тарапынан міндеттілік болып бекітілген басқа да істерге қатысты, мысалы: жихадқа; жұмысқа; қажылық жасауға; жұма және айт намаздарын орындауға; жәбір көргендерге көмек көрсетуге; немесе шариғат бекіткен жазаларды қолдануға, өйткені мұның барлығын тек күш пен биліктің көмегімен ғана іске асыруға болады. Міне, сондықтан да біреу: «Әмір Аллаһтың жердегі көлеңкесі болып табылады», — депті. Ал басқа біреу: «Әділетсіз әмірдің алпыс жыл билік жүргізгені бір күн әмірсіз болудан қайырлы», — депті, ал тәжірибе бұл сөздердің дұрыстығын дәлелдеуде. Міне, сондықтан біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдерінен болған кісілер, соның ішінде әл-Фудайл бин Ийяд, Ахмад бин Ханбәл және басқалар: «Егер бізде Аллаһ тарапынан қабыл болатын дұға жасау мүмкіндігіміз болғанда, біз Оған әмір (ел басшысы) үшін жалбарынар едік», — дейтін.
Шейх-уль-ислам Ибн Таймия, Аллаһ оны рахымына бөлесін, сондай-ақ былай деген: «Билікке діни міндеттілік және Аллаһқа жақындаудың құралы ретінде қарау керек, өйткені әмірдің Аллаһқа және Оның Елшісіне бағынуы арқылы Аллаһқа жақындауға деген ынтасы жақындаудың ең жақсы құралдарына жатады, ал басшы болу мен байлық үшін билікке ұмтылатын адамдар көп жағдайда бұзылады». «Мәжму’ әл-фатауа», 28/390
Ибн Ражаб: «Мұсылман әмірлеріне (ел басшыларына) бағыну туралы айтар болсақ, ол бұл дүниеде бақытты өмір сүрудің кепілі болады. Оларға бағыну арқылы Аллаһтың құлдарының өмірлік мүдделері қамтамасыз етіледі, ал бұл оларға дінін ұстануға және Аллаһқа бағыныштылығын танытуға мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Али ибн Абу Талиб, Аллаһ оған разы болсын, былай дегендей: «Ақиқатында, адамдардың істерін тек әмір (ел басшысы) ретке келтіре алады, ол салиқалы немесе пасық болуына қарамастан. Егер әмір пасық болса, бұл иман келтірген адамға оның Раббысына құлшылық жасауға көмектеседі[6], ал пасық (әмір) оның мерзімі жеткенше өз амалдары үшін күнәсінің ауыртпалығын өзі көтереді».
Ал әл-Хасан әл-Басридің әмірлер туралы айтқан сөздері мынандай: «Олар біздің істеріміздің бесеуімен айналысады: жұма күнгі, жалпы және айт намаздарымен[7]; шекараларды қорғаумен және жаза қолданумен. Аллаһтың атымен ант етемін, тек олардың болуымен ғана діннің өмір сүруі сақталуда, тіпті олар адамдарға қысым жасап, оларға әділетсіздік көрсетсе де! Аллаһтың атымен ант етемін, әмірлердің қолдарымен Аллаһ олардың өздері бұзғандарынан көбірек нәрселерді ретке келтіреді! Аллаһтың атымен ант етемін, оларға бағыну адамдарда ыза туғызса да, олардан бөлініп кету күпірліктің көрінісі болып табылады». «Жәмиъ әл-Улюм уәл-хикам», 2/117.
Ибн Муфлих өзінің «Әл-Адаб» кітабында Ханбәлдің былай дегенін жеткізеді: «Әл-Уасиқтың[8] билік жүргізу тұсында фақихтер[9] Абу Абдуллаһтың[10] алдына жиналды да, оған: «Іс қиындап кетті және кең етек жайды[11], сондықтан да біз оның басқаруы мен билігіне разы емеспіз», — деді. Оларды мұнысында қолдап, ол былай деді: «Сендерге мұндайды жүректеріңмен қайтару керек, алайда бағынудан шықпаңдар, мұсылмандар арасында іріткі таратпаңдар және істі сендердің де, өзге мұсылмандардың да қаны төгілуге дейін жеткізбеңдер, бірақ нәтиженің қандай болуы туралы ойланыңдар және сабырлық танытыңдар, ізгі-салиқалы (адам) пасықтан тыныштық таппайынша». Және ол, сондай-ақ: «Бұл[12] дұрыс емес, бұл хадисте көрсетілгендерге қайшы келеді», — деді». «Әл-адаб әш-шәрийә», 1/137.
Біз келтірген Құранның аяттары, Пайғамбардың хадистері және ғалымдардың сөздері әмірге бағынудың міндетті екеніне және оған қарсы шығуға және күрес жүргізуге тыйым салынғандығына, сондай-ақ адамдардың діни және дүниелік мүдделерін тек қана жоғары биліктің және келісімнің көмегімен қамтамасыз етуге болатындығына нұсқайды. Барлық айтылғанның мағынасын түсінген жағдайда, әмірге бағынудан бас тарту және оған қарсы бағытталған кез келген әрекеттер, мейлі ол соғыс жүргізу немесе басқа бір нәрсе болсын, күнә және Аллаһ пен Оның Елшісіне мойынсұнбау болып табылатыны және Сүннет пен келісімнің (әһлю-Сунна уәл-жамаъаның) жақтаушыларының ұстанымына қайшы келетіндігі айқын болады.
Әмірлердің күнәлары жайлы және олар тарапынан жасалып жатқан, күпірліктің тартысуға келмейтін куәлігі болып табылмайтын және оларды Исламның шекарасынан шығармайтын, (шариғат) бұзушылықтары туралы айтар болсақ, онда шариғатқа сәйкес мұндай жағдайларда оларға жұмсақ түрде игі насихат беру керек.
Бұдан тыс, біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдерімізден өнеге алу керек және кездесу-жиындарда және адамдар жиналған жерлерде әмірлерді балағаттап-жамандамау керек.
Ал егер біреу: «Осыда Аллаһтың құлдары үшін міндетті болып табылатын айыптыны айыптау бар», — десе, онда мұндай пікір — үлкен қате және айқын надандықтың көрінісі болып табылады, ал осындай көзқарастарды ұстанатын адамға олардың дін мен дүние істеріне нендей опат әкелетіндігі беймәлім. Алайда бұл жөнінде жүрегін Аллаһ нұрландырған және біздің бұрынғы ізгі салиқалы буын өкілдерімізге және дініміздің имамдарына ілескендер анық хабардар.
[1] Имамат – мұсылман үмметіне жоғары басшылық жасау.
[2] Бұған Құран аяттарының бірінде немесе Пайғамбар Сүннетінде, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, айқын нұсқау аталып тұр.
[3] Басқаша айтқанда, әмірге бойсұнудан шыққандар мойынсұнбайтын күнәхарлар сияқты өледі.
[4] Мысалы, егер ыза өзінің қандастарын немесе руластарын, олардікі дұрыс немесе дұрыс еместігіне қарамастан, қолдауға деген қалаудан туындаса.
[5] Бұл парыздар – «Аллаһтан өзге кұлшылыққа лайықты құдай жоқ және Мухаммад – Оның елшісі» деп куәлік беру, намазды орындау, зекет төлеу, қажылық жасау және рамазан айында ораза ұстау.
[6] Әмірге, тіпті ол пасық болса да, бағыну — Аллаһқа құлшылық етудің бір көрінісі.
[7] Бұл жерде мұсылман әмірі елде осындай намаздардың қалдырылмай орындалуына жауапты екендігі айтылып тұр.
[8] Әл-Уасиқ (842 — 847 жж.) – Аббасилер әулетінің халифасы.
[9] Фақих – мұсылман құқығының білгірі.
[10] Имам Ахмад бин Ханбәл, Аллаһ оны рақымына бөлесін.
[11] Бұл жерде әңгіме сол кезде биліктің қолдауына ие болған адасқан муътәзилә ағымының Құранның жаратылғандығы жөніндегі тезисі жөнінде және ғалымдар мен фақихтардың айыптауын туғызған басқа да кейбір істер туралы жүріп жатыр.
[12] Бұл жерде әмірге бағынбау айтылып тұр.