Эльмир Кулиевтің «Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз
Игі бастамаларда әмірлерге бағыну қажеттілігі туралы
Мұсылман адам әмірді тыңдауға және оған мойынсұнуға, сондай-ақ ол туралы жаман сөздер айтпауға міндетті, өйткені әмірге мойынсұнбау дін мәселелерінде де, дүние тіршілігінде де жаман зардаптар әкеледі. Осындай зардаптардың бірі мұсылмандардың қуаттылығының әлсіреуі болып табылады, соның салдарынан мұсылман халықтарының дұшпандары өздерінің жауыз жоспарларын тезірек амалға асыра алады. Егер мұсылман әмірі өз халқының арасында құрметке ие болса және қоластындағылары оның Аллаһтың заңына сәйкес берілетін әмірлерін орындаса, онда Исламның жаулары да одан қорқатын және құрметтейтін болады. Ал егер мұсылмандардың өздері өз әмірін құрметтемесе, онда олардың жаулары да одан сескенбейді. Ал бұл – олардың мұсылмандарға деген менсінбеушілігінің көрінісі болады. Сондықтан да мүмін мұсылмандар барлық мұсылмандардың тағдыры үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі жүктелген адамды құрметтеуі қажет, бүкіл дүние жүзіндегі адамдар оның алдында да, барлық мұсылман халықтарының алдында да құрмет пен қорқынышты сезінулері үшін. Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, мүміндер, Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, пайғамбарға ұсыныңдар, егер сендер Аллаһқа, Ахирет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы — хайырлы және нәтижеде жақсы» (ән-Ниса 4:59).
Ибн Аббас бұл аят Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың иглігі мен сәлемі болсын) оны мұсылман отрядының басшысы ретінде жорыққа жіберген Абдуллаһ ибн Хузафаға байланысты түсірілген деді (әл-Бухари және Муслим).
Билік иелері кімдер екендігі жайлы Құран тәпсіршілері бірнеше пікірлер білдірген. Абу Һурайра, Ибн Аббас, Зәйд ибн Әсләм, әс-Судди және Муқатиль: «Бұл – билік басындағы әмірлер», — деп есептеген. Ибн Аббас та: «Бұлар – мұсылман ғалымдары», — деп айтқан. Бұл пікірді сондай-ақ Ибн Абу Талха, Жәбир ибн Абдуллаһ, әл-Хасан әл-Басри, Абу әл-Алийя, Мужәһид, ән-Нәһаи және әд-Даххак ұстанған. Икрима бұл аятта Абу Бакр және Умар ибн әл-Хаттаб айтылып тұр деп есептеген. «Онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) барлық сахабалары туралы сөз болуда» деген пікір де бар.
Ибн Касир Құранға жасаған өзінің тәпсірінде (1/519) былай деп жазған: «Бұл мұсылман әмірлерінің және ғалымдарының барлығына қатысты болуы ықтимал, ал Аллаһ бұл жөнінде жақсырақ біледі».
Имам әш-Шәукани Құранның «Фәтх әл-Кадир» деп аталатын тәпсірінде (1/480): «Билік иелері – бұл мұсылман имамдары, әмірлері, қазылары және кәпірлер мен шайтанның заңдарына сәйкес емес, бірақ шариғатқа сәйкес билік берілгендердің барлығы. Олар әмір еткеннің немесе тыйым салғанның барлығында, егер бұл күнә болмаса, оларға бағыну керек, өйткені Аллаһтың жаратылысына Аллаһтың Өзіне мойынсұнбаушылық жасап бағынуға болмайды. Бұл жөнінде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахих хадистерінде хабар етіледі».
Шейх-уль-ислам Ахмад ибн Таймийя (һижраның 728 жылы қайтыс болған) «Мәжму‘ әл-Фатауа» жинағындағы өзінің бір пәтуасында (35/16-17) былай деп жазған: «Әрбір адам Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнуы қажет. Әрбір адам сондай-ақ әмірлерге де мойынсұнуы қажет, өйткені мұны Аллаһ бұйырды. Аллаһтың және Оның Елшісінің әміріне мойынсұнатын және өзінің әмірінің бұйрықтарын тыңдайтын әрбір адам Аллаһтың сыйын алады. Ал егер адам әмірге тек ол оған биліктен немесе байлықтан үлес берген кезде ғана мойынсұнса, ал кері жағдайда оған қарсы келсе және оның әмірлеріне мойынсұнбаса, болашақ өмірде оның үлесі болмайды».
Абу Һурайра Пайғамбардың (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Кім маған мойынсұнса, сол Аллаһқа мойынсұнды, ал кім маған мойынсұнбаса, сол Аллаһқа мойынсұнбады. Кім мен тағайындаған әмірге мойынсұнса, сол маған мойынсұнды, ал кім мен тағайындаған әмірге мойынсұнбаса, сол маған мойынсұнбады» (әл-Бухари және Муслим).
Ибн Хажәр әл-Әсқалани «Фатх әл-Бари» кітабында (13/112) осы хадистің шархында былай деген: «Ибн әт-Тин қурайштықтар да, басқа арабтар да ешкімнің билігін мойындамағанын және кез келген әмірлерге қарсылық көрсеткенін баяндаған. Ал Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұл сөздерді олар ол отрядтарды басқаруға немесе қалаларда билік атқаруға тағайындаған адамдарға бағынулары және оларға қарсы көтерілмеуі үшін айтты. Әйтпесе мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер пайда болар еді».
Абу Һурайра Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Сен әмірге өзіңе жеңіл және ауыр болған барлық нәрседе құлақ салуың және мойынсұнуың қажет, бұл саған ұнаса да, ұнамаса да, тіпті ол саған тиісті нәрсені иемденсе де» (Муслим).
Ол сондай-ақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Қиямет күні үш адаммен Аллаһ сөйлеспейді де, оларды тазартпайды да және олар азапты жазаға дұшар болады. Олар: жолдың бойынан құдық тауып алып, оған өзгелерді жақындатпаған адам; имамға тек дүние пайдасы үшін ант берген және қалаған нәрсесін алған кезде ғана антына берік болған адам; және тауарын сатып жатып оған осыншама ақша төледім деп Аллаһпен ант ететін, ал шындығында онша ақша төлемеген, ал сатып алушы оның сөзіне сеніп тауарын сатып алатын саудагер» (әл-Бухари және Муслим).
Ол сондай-ақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарған: олардың біреуі қаза тапса, оның орнына басқасы келетін. Менен кейін басқа пайғамбарлар болмайды, бірақ әмірлер болады, көптеген әмірлер». Одан: «Ендеше, біз не істеуіміз керек?», — деп сұрағанда, ол: «Берген анттарыңа берік болыңдар, ал Аллаһ оларды қоластындағылардың барлығы үшін сұраққа тартады» (Муслим).
Абу Зарр былай дейтін: «Менің сүйіктім маған әмірге бағынуды өсиет етті, тіпті егер ол мүшелері шауып тасталған құл болса да» (Муслим).
Әнас ибн Мәлик Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Тыңдаңдар және мойынсұныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы жүзімдей болған хабашилік құл билік жасаса да» (әл-Бухари).
Умм әл-Хусайн Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығы кезінде былай деп айтқанын естігенін баяндайды: «Әмірлерге құлақ асыңдар және мойынсұныңдар, тіпті егер сендерге Аллаһтың Кітабына сәйкес басқаратын құл билік жүргізсе де» (Муслим).
Ибн Мас‘уд Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Одан: «Уа, Аллаһтың Елшісі, сол уақытты көріп үлгеретіндерімізге не істеуді бұйырасың?», — деп сұрағанда, ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Аллаһтан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер», — деп жауап берді (әл-Бухари және Муслим).
Сәлама ибн Йәзид әл-Жу‘фи бірде Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың пайғамбары, егер бізден міндеттерімізді орындауымызды талап ететін, бірақ өздерінің міндеттерін орындамайтын адамдар бізге билік жасаса, бізге не істеуді бұйырасың?», — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған теріс бұрылды. Ол өзінің сұрағын екі немесе үш рет қайталады және әр кез пайғамбар оған теріс қарай берді. Сонда әл-Әш‘ас ибн Қайс Сәламаны қолынан тартты, бірақ осы кезде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тыңдаңдар және мойынсұныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер», — деді (Муслим).
Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-‘Ас Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндайды: «…Егер біреу әміріне ант берсе және оған көмекке қолы мен жанын ұсынса, онда оған күші жететін барлық нәрседе мойынсұнсын. Ал егер біреу оны билігінен айырғысы келсе, оның басын шауып тастаңдар» (Муслим).
Хузайфа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Менен кейін өсиеттерімді басшылыққа алмайтын және менің жолыма ілеспейтін әмірлер келеді. Олардың араларында шайтан жүректі адам бейнесіндегі ерлер болады». Хузайфа: «Мен одан: «Ендеше мен не істеуім керек?», — деп сұрадым. Ол: «Өзіңнің әміріңді тыңда және оған мойынсұн, тіпті егер ол сені зәбірлесе де және сенің мал-мүлкіңді иемденсе де. Оны тыңда және оған мойынсұн», — деп жауап берді», — деген (Муслим).
Арбад ибн Сарийя былай деп баяндаған: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде бізге жүректерімізді толғандырған және көздерімізді жасауратқан құтпа оқып берді. Біз оған: «Уа, Аллаһтың Елшісі, бұл қоштасу құтпасына ұқсайды ғой. Ендеше сен бізге нені өсиет етесің?», — дедік. Ол: «Мен сендерге Аллаһтан қорқуды және әмірлеріңді тыңдап, оларға мойынсұнуларыңды өсиет етемін, тіпті сендерге құл билік жүргізсе де. Ақиқатында, менен кейін өмір сүретіндерің көптеген келіспеушіліктерді көреді. Сондықтан менің Сүннетімді және ізгі халифалар Сүннетін ауытқымай ұстаныңдар және оған азу тістеріңмен жармасып алыңдар. Діндегі жаңалықтардан (бидғаттардан) сақтаныңдар, өйткені кез келген бидғат – бұл адасушылық». (Абу Дауд, әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ; әл-Әлбани хадистің сахихтығын растады).
Сондықтан имам Ибн Ражәб «Жәми‘ әл-‘Улюм уә әл-Хукум» кітабында (2/117) былай деп жазған: «Мұсылман әмірлеріне мойынсұну – бұл дүниедегі бақыттың кепілі. Ол Аллаһтың құлдарына олардың күнделікті істерінде пайда әкеледі. Соның арқасында олар жер бетінде өздірінің дінін орнатады және өздерінің Раббыларына мойынсұнады».
Шейх-уль-ислам Ибн Таймия өзінің пәтуаларының бірінде (35/20-21) былай деген: «Мен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға күнә болмаған істердің барлығында әмірлерге мойынсұнуды бұйырғанын бірнеше рет сызып айтқанмын. Ол сондай-ақ оларға игі насихат беруді, олардың шешімдеріне және олардың мал-мүлікті бөлуіне сабырлықпен қарауды, олармен бірге әскери жорықтарға шығуды, олардың артында ұйып жамағат намаздарын оқуды және барлық игі бастамаларда оларға ілесуді де әмір етті. Бұл барлық мүміндерге қатысты және өзінің осыған деген қатыссыздығын тек қаусаған шал ғана ақтай алады. Дәл осылайша мұсылмандар бір-біріне игілікте және тақуалықта болысады. Дегенмен, оларға әмірлердің өтірігін мақұлдауға, оларға зомбылығында және зұлымдығында көмектесуге, күнәлі істерде және т.с.с. оларға мойынсұнуға тыйым салынады. Мұндай істер күнәға және өшпенділікке болысу деп бағаланады».
Аллаһ тыйым салған нәрселерде мойынсұнуға болмайды
Абдуллаһ ибн Умар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Мұсылман адам бұл оған ұнаса да, ұнамаса да, әмірлерді тыңдап, оларға мойынсұнуы қажет, тек егер оған күнәлі іс бұйырылмаса ғана. Ал егер оған күнә істеу бұйырылса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынсұнбауы қажет» (әл-Бухари және Муслим).
Абу Абд әр-Рахман ибн Али былай деп баяндайтын: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды жорыққа аттандырып, Мәдинаның бір тұрғынын басшы етіп тағайындап, қалғандарына оған мойынсұнуды бұйырды. Бірде жолда ол ызаланды да, адамдарға: «Пайғамбар сендерге маған мойынсұныңдар демеді ме?», — деді. Адамдар: «Иә», — деп жауап берді. Сонда ол: «Ендеше маған отын жинаңдар!», — деді. Адамдар отын жинап болғанда, ол от жағуды, содан кейін оған кіруді бұйырды. Адамдар тынышсыздана бастады да: «Біз пайғамбардың дініне Оттан құтылу үшін кірдік…», — деді. Олар от сөніп бітпейінше және қолбасшысының ашу-ызасы тарамайынша орындарынан қозғалмады. Қайта оралған соң олар болған нәрсе туралы Пайғамбарға жеткізді және ол: «Егер олар оған кіргенде, Қиямет Күніне дейін одан шықпайтын еді. Ақиқатында, Аллаһ әмір еткен нәрселерде (ғана) мойынсұну қажет», — деді» («Фатх әл-Бари», 8/58).