Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усайминнің (Аллаһ оны рахымына бөлесін) әмірлерге (ел басшыларына) қарсы шығуға қатысты сұрақтарға берген жауаптары

Адамдардың әмірлерге (ел басшыларына) деген қатынасы туралы шейх былай деді:

«Кездескен сайын әмірлер туралы әңгіме қозғау, олардың жақсы қасиеттері мен жетістіктерін айтпастан, намысын қорлау және олардың кемшіліктері мен қателіктері туралы мәліметтерді жаю кейбір адамдар үшін әдетке айналды. Мұндай әрекеттер, әрине, жағдайды қиындатады, ешқандай мәселелерді шешпейді және әділетсіздіктің жойылуына ыкпал етпейді,  әрі жаңа қасіреттерге әкеп соқтырады, әмірлерге деген өшпендікті туындатады және адамдарды орындауға тиісті бұйрықтарды орындамауға итермелейді. Әмірлер де басқа да барлық адамдар секілді жаман амалдар жасауы және қателесуі мүмкін екендігіне біз күмән келтірмейміз, өйткені әрбір адам қателеседі, ал қателікке жол бергендердің ең жақсылары – тәубе етушілер. Біз, сондай-ақ, қателікке бой берген кез келген адамның әрекеті туралы бізге үндемей қалуға болмайтындығына да күмән келтірмейміз, өйткені біз барынша Аллаһқа, Оның Кітабына, Оның Елшісіне, мұсылмандардың әмірлеріне және қарапайым мұсылмандарға қатысты ықылас танытуымыз керек, бұл біздің міндеттеріміздің шеңберіне кіреді.

Сөйтіп, біз билік өкілдерінің бір қателік жібергенін көрсек, біздің міндетіміз олармен жеке сөйлесіп немесе хат жазып игі насихат беру болып табылады. Дәл осы билік өкілдеріне ең алдымен ақиқатты жеткізіп, олардың қателіктері неде екенін көрсетудің, ал содан соң оларға насихат беріп, олар өз қоластындағыларына жақсы қарым-қатынас жасауы, олардың мүдделері жөнінде қамқорлық көрсетулері және оларды жәбір көруден қорғауы қажеттігін ескертудің ең қысқа жолы болып табылады.

Және біз олардың естеріне сахих хадистердің бірінде баяндалған Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін саламыз: «Уа, Аллаһ, менің үмметімнің (мүшелерінің) үстінен қандай да бір билікке ие болып, оларға қатал болғанға қатал бол…» Муслим «Сахих», №1828 хадис.

Сондай-ақ ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Аллаһ қамқорлығына (біреуді) тапсырған және ол өз қарамағындағыларын алдауды қоймай өлген кез келген құлына міндетті түрде Жәннатты харам етеді», — деп айтты. Муслим «Сахих», №142 хадис. Және егер де биліктің өкілі Құран мен Сүннеттің насихаттарына иланса, міне осы — қалаулы нәтиже болады, кері жағдайда біз одан да жоғары мәртебеге ие біреуге, ол шара қолданып жағдайды түзетуі үшін, жүгінуіміз керек болады. Ал егер біз шешім қабылдау ісі тәуелді болған барлық тұлғаларға жүгініп болған болсақ және олардан жоғары тұрған ешкім қалмаған болса, онда өзіміздің парызымызды өтеген боламыз, ал осыдан кейін бізге тек әлемдердің Раббысына жалбарыну ғана қалады. Біз одан мұсылмандар мен олардың әмірлерінің істерін тәртіпке келтіруін сұраймыз».

Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усаймин, Аллаһ оны рахымына бөлесін, сондай-ақ былай деді:

«Биліктің қоластындағылары әмірлердің бұйырғандарын орындап, оларға бағынуға және олар тыйым салған нәрседен, егер бұл шариғатқа қайшы келмесе, тыйылуға міндетті, кері жағдайда оларға мұндай істерде бағынбау керек, өйткені жаратылған біреуге Жаратушыға мойынсұнбаушылық жасап бағынуға болмайды».

Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усаймин, Аллаһ оны рахымына бөлесін, сондай-ақ: «Аллаһ ұстануды бұйырған әмірлерге бағыну  сондай-ақ иман келтірген (адамның) үкімет бекітіп қойған тәртіптерді сақтауын да қамтиды, (әрине) егер олар шариғатқа қайшы келмесе. Осылай істеген адам Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнғанын танытады және бұл үшін сауап алады, ал кім бұған қайшы амал жасаса, Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнбайды және күнә жасайды.

Ал әмірлердің өз қоластындағыларына қатысты міндеттері жайлы айтар болсақ, Онда оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Билік жүргізудің мақсаты — көбірек билікке және жоғары мәртебеге қол жеткізу емес. Бұл мақсат тек Аллаһтың дініне көмектесумен және адамдардың дін және дүние істерін ретке келтірумен байланысты жауапкершілікті орындай алу болу керек».

You may also like...