Сауд Арабиясы Корольдігі ірі ғалымдары Комитетінің мәлімдемесі
әр-Рияд қаласы, 01 раби-әл-сани, хижраның 1432 жылы (06 наурыз, 2011ж.)
Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ! Аллаһтың құлы әрі сенімді Елшісіне, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Содан соң:
Ұлы Аллаһ Тағала адамдарға білімді жеткізіп түсіндіруге қатысты ғалымдардан келісім мен уәде алды. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай деді (мағынасының аудармасы): «Сол уақытта Аллаһ Кітап берілгендерден: «Әлбетте оны адамдарға түсіндіріңдер және жасырмаңдар», — деп сенім (уәде) алған» (Әли Имран, 3:187).
Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Расында, Біз түсірген айқын белгілерді және дұрыс басшылықты, Біз осыны адамдарға Кітапта түсіндіріп бергеннен кейін, жасыратындарды Аллаһ лағынеттейді, әрі лағынеттеушілер де лағынеттейді» (әл-Бақара, 2:159).
Ғалымдардың осы мәлімдемесі бүліктер мен тоқырау кезінде жасалған. Қазіргі кезде дүниенің әр түкпірінде қайғылы оқиғалардың, өзара соғыстардың орын алып жатқандығы жасырын емес. Ірі ғалымдар Комитеті Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ Тағаладан мұсылман үмметі үшін әмірлерге де, олардың қоластындағыларына да сәттілік пен тұрақтылықты және ақиқатқа негізделген бірлікті сұрайды.
Сауд Арабиясы Корольдігінде Аллаһтың Кітабы мен Мухаммад пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінің негізінде және Аллаһ Тағаланың Шариғатына сәйкес басқарудың астында нағыз Бірқұдайшылық пен Аллаһ Тағаланың Сөзінің салтанат құрып тұрғандығы үшін Аллаһ Тағалаға мадақтар болсын. Ол бізді қорғасын және рахым етсін.
Ақиқатында, жамағатты (мұсылмандардың бірлігін) сақтау – Исламның ең ұлы негіздерінің бірі. Әрі бұл — Аллаһ Тағаланың Құран Кәрімде белгілеп айтқан парыздарының ең ұлысы және мүміндердің Оның (тура) жолындағы ең бекем байланысы. Аллаһ Тағала былай деді (мағынасының аудармасы): «Түп-түгел Аллаһтың жібіне (дініне) бекем жабысып ұстаныңдар да, бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Аллаһтың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, Ол жүректеріңнің арасын жарастырды, әрі Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Отты бір шыңыраудың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша тура жолға түсулерің үшін Аллаһ сендерге аяттарын баян етеді» (Әли Имран, 3:103).
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді (мағынасының аудармасы): «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін, сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар» (Әли Имран, 3:105).
Аллаһ Тағала тағыда былай деді: «Күдіксіз, діндерінде бөлініп, топтарға айрылғандарға сенің ешқандай қатысың жоқ. Сөзсіз, олардың ісі Аллаһтың алдында, әрі кейін Ол оларға істеген істері туралы хабарлайды» (әл-Әнғам, 6:159).
Бұл ұстанымның мәні жамағатты сақтауда, әрі ол Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз ілесушілерінің барлығына және әрқайсысына жеке бағытталған ұлы өсиеттерінің бірі болып табылады. Бұл туралы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһтың қолы жамағатпен бірге», — деп айтқанындай. Тирмизи.
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Кім өзінің антынан бас тартса Ақыретте Аллаһтың алдында дәлелсіз күйде болады, ал кім әмірге ант бермей өлсе, жахилиет (Исламға дейінгі надандық) өлімімен өледі». Муслим.
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы да былай деп айтқан: «Болашақта әртүрлі оқиғалар орын алады және олардың арасында бұл үмметтің билігіне ұрыс-керіс кіргізуді қалайтынның пайда болуы да бар, ал мұсылман үмметі – біртұтас. Оны, кім болуына қарамастан, қылышпен шабыңдар». Муслим.
Жоғарыда келтірілгеннен алынатын ең ұлы ғибрат – үммет бірлігінің маңыздылығы, әрі бұл ең маңызды басымдылыққа ие. Ал бұған қарама-қайшы нәрсе – жауыздықтың таралуының әсерінен болған зиян, әрі бұл кез келген ақыл иесіне айқын түсінікті және өткен уақытта да, қазіргі кезеңде де жиі расталуда.
Аллаһ Тағала бұл елдің халқын әмірлерінің төңірегінде Аллаһтың Кітабы мен Сүннетке сәйкес бірігу нығметіне бөледі және олардың арасын бөліп-жармады, әмірлерін сырттың ықпалымен бөлектенуге салмады, оларды бір-біріне жат болған партияларға бөлмеді. Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай (мағынасының аудармасы): «Аллаһқа бой ұсынған түрде, Одан қорқа отырып, намазды орындаңдар. Әрі серік қосушылардан болмаңдар. Сондай-ақ діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларына мәз болғандардан (болмаңдар)» (Рум, 30:31-32).
Корольдық (Сауд Арабиясы) Исламның ұстанымдарын сақтайды, оларға ілесіп, соларға сәйкес дамып, діннің мүмкін болған ережелеріне негізделеді. Ал Аллаһ Тағаланың қалауымен және құдіретімен ешқашан рұқсат етілмеген және рұқсат етілмейтін нәрсе – бұл біздің ұстанымдарымызды төмен түсіретін және қоғамға бөліну салатын жат идеяларды батыстан болсын, не шығыстан болсын қабылдау.
Пәк және Ұлы Аллаһ Тағаланың рахымымен бұл елдің халқы: билік астындағылар да, оның әмірлері де — Аллаһ Тағаланың рахымымен Сауд Арабиясы Корольдігі үкіметінің тұрақты қамқорлығында болған Екі Қасиетті Орынның сақтаушысы болу абыройына ие. Бұл туралы Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай (мағынасының аудармасы): «Сол уақытта үйді (Қағбаны) адам баласы үшін орталық әрі бейбітшілік орны етіп жасадық. Ибраһимның орнын намаз орны қылып алыңдар. Және Ибраһим, Исмаил екеуінен: «Үйімді (Қағбаны) тауап етушілер, ғибадат етіп отырушылар және рукуғ, сәжде қылушылар үшін тап-таза ұстаңдар», — деп, уәде алғанбыз» (әл-Бақара, 2:125).
Осы қызметке байланысты бұл корольдік ислам әлемінде ерекше орынға ие болды, бұл – мұсылмандардың қыбласы, әрі Екі Қасиетті Орынның елі. Қажылық маусымында да, жыл бойында да мұсылмандар жан-жақтан қажылық пен умра жасау үшін осында келеді.
Ірі ғалымдар Комитеті баршаны Құран мен Сүннетке ілесуге сәйкес, солардың дана басшылығымен бірауыздан топтасып бірігу үшін, қажетті шарттарды жасауға және бұған қарама-қайшы нәрселерге соқтыртатын себептердің алдын алуға шақырады. Әрі осының негізінде ізгілік пен тақуалықта өзара көмектесудің, түсінушіліктің қолдаудың және күнәлар мен дұшпандықтан аулақ болу қажеттігі туралы айтады, әрі ізгілікке қарама-қарсы болған зұлымдықтан, қанаудан, құқықтарды таптаудан сақтандырып ескертеді.
Бұл елдің халқы алдынғы ізгі буынға (саләфтарға) және олардың ізбасарларына ілесуде біріккен біртұтас жамағат болып табылатындықтан, ірі ғалымдар Комитеті (Сүнеттен) ауытқыған ойшылдардармен де, топтармен де байланысудан сақтандырады. Бұл біртұтас жамағат қалыптасқан жағдайдың кемел еместігін және орын алған қателіктерді кез келген жерде және кез келген уақытта түзету қажет екендігін мойындап, бұрыңғы және қазіргі имамдардың ізгілік жасауда бірлікті сақтауға және кесірлі алауыздық пен бытыраңқылыққа жол бермеуге қатысты ұстанған пікірлерін де ұстанады.
Сондай-ақ Комитет «кеңесу ұстанымы дінде жоғары орынға ие» деп мәлімдейді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Дін бұл ізгілік таныту», — деп айтқанындай. Одан: «Кімге?» — деп сұрағанда, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһқа және Оның Кітабына, Аллаһтың пайғамбарына, мұсылмандардың басшыларына және қарапайым мұсылмандарға», — деп жауап берді. Муслим.
Бұл әмірге кеңес айтуға болатындығын растайды, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанындай: «Ақиқатында, Аллаһ сендердің үшеулеріңе разы: Оған ешбір серік қоспаған түрде құлшылық ететінге; Аллаһтың жібінен бекем ұстанып, топтарға бөлінбейтінге және сендердің үстілеріңнен билікке ие болғандарға кеңес беретіндерге». Ахмад.
Комитет реформалар және билік иесіне кеңес беру Шариғатта орынды екендігін баса айтады, өйткені бұл пайда әкеледі және жамандықты жояды. Бірақ Комитет мәлімдеген нәрселерге шиеленісті қоздыру және бүлікті тарату мүлдем жатпайды. Мұны Аллаһ Тағаланың Құранда сақтаулы мына сөздері растайды (мағынасының аудармасы): «Қашан оларға аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға, не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді. Егер сендерге Аллаһтың кеңшілігі мен мейірімі болмағанда, шайтанға ермегендерің өте аз болар еді» (ән-Ниса, 4:83)
Сауд Арабиясы Корольдігі Аллаһтың Кітабына, Сүннетке және әмірге адал болу антына, қоғамның бірлігін сақтау мен билік иесіне бағынуға негізделген. Ал реформаларды және әмірлерге (шариғат бойынша) кеңес беруді шерулер түрінде іске асыруға болмайды, өйткені мұндай әдістер мен құралдар бүлік пен қоғамның бөлінуін араңдатады. Ал біздің еліміздің үмметінің қазіргі заман ғалымдарының да, ертедегі ғалымдарының да шешімі – шерулердің тыйым салынғандығы және олардан сақтандырып ескерту.
Комитет елімізде шерулер жасауға тыйым салынғандығын растайды, өйткені заңды мүдделерге қол жеткізу үшін, Шариғат заңдастырылған тәсілдер бар, ал ол тәсілдерге жамандық жасау жатпайды. Бізге мұны Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмір еткеніндей және ардақты сахабалар мен олардың ізбасарлары көрсеткендеріндей мұндай тәсілдерге билік иесіне деген кеңестер жатады.
Комитет заңды жолдарды, мемлекетті басқару жүйесінің қолданысындағы нормативтер мен регламенттерді пайдаланудың, сондай-ақ әмірлерге мойынсұнудың және кемшілікке жол бергендердің барлығының жауапкершілігінің маңыздылығын баса айтады.
Аллаһ Тағаладан елімізді және мұсылман жерлерін түрлі жамандықтар мен апаттардан сақтауын және дінімізде кемел болумыз үшін, сөздерімізді ақиқатта бір жерден шығаруын, ақиқатқа ілесуіміз үшін, оны (ақиқатты) бізге көрсетуін және адасудан аман қалуымыз үшін, оны (адасуды) бізге айқын етуін, адасқан мұсылмандарды ақиқат жолына бағыттауын, билік иелері халыққа қызмет етуге қабілетті болулары үшін, ел мен халық игілігі үшін әмірлермен келісімде болуға болысуын сұраймыз. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Сауд Арабиясы Корольдігі Ірі ғалымдарының Комитеті
Ірі ғалымдар Комитетінің төрағасы: Абдуль Азиз ибн Абдуллаһ ибн Мухаммад әл-Шейх;
Комитеттің мүшелері:
Абдуллаһ ибн Сулейман әл-Муниға
Салих ибн Мухаммад әл-Люхайдан
д-р Салих ибн Фаузан әл-Фаузан
д-р Абдуль Уаххаб ибн Ибраһим Абу Сулейман
д-р Абдуллах ибн Абдуль Мухсин әт-Турки
д-р Абдуллах ибн Мухаммад әл-Шейх
д-р Ахмад ибн Али Сайар әл-Мубараки
д-р Салих ибн Абдуллаһ ибн Хумайд
д-р Абдуллаһ ибн Мухаммад әл-Мутләқ
д-р Мухаммад ибн Абдуль Карим әл-Аиси
Салих ибн Абдуррахман Хусайн
Абдуллаһ ибн Мухаммад бин Хниин
д-р Абдуль Карим ибн Абдуллаһ әл-Худайр
Мухаммад ибн Хасан әл-Шейх
д-р Яқуб ибн Абдуль Уаххаб әл-Бахсайн
д-р Али ибн Аббас Хаками
д-р Мухаммад ибн Мухаммад әл-Мухтар Мухаммад
д-р Қайас ибн Мухаммад әл-Шейх Мубарак