Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Содан соң:
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған соң кейбір мұсылмандардың зекет төлеуден бас тартқандығы және сахабалар халифа Абу Бакрдың басшылығымен олармен соғысқандығы көпшілікке жақсы мәлім. Алайда көптеген мұсылмандар, әсіресе, олардың орыс тілділері: «Зекет төлеуден бас тартқан сол адамдар діннен шыққан кәпір болып табылады және сол себепті Абу Бакр олармен соғысқан еді және сахабалардан ешкім оған наразы болмаған еді», — деп ойлайды.
Имамдардың арасында да осы оқиғаларға сүйеніп: «Осы санаттағы адамдар кәпір еді және зекетті қалдыру діннен шығаратын күпірлік болып табылады», — деп есептегендері бар еді.
Ал имамдардың көпшілігі: «Егер адам зекеттің міндетті екенін теріске шығармаса, бірақ оны сараңдығы, салғырттығы т.с.с. себептермен төлемесе, ол ұлы күнә жасаған болады, бірақ кәпір болмайды», — деп есептеген.
Алайда осы тұста орыс тілді мұсылмандарды Абу Бакр мен оның кезінде зекет төлеуден бас тартқан адамдардың арасындағы орын алған оқиғалар туралы өзге де ғалымдардың пікірімен таныстырғымыз келеді.
Бұл оқиға аздап Абу Хурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте суреттеледі. Ол былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болып, Абу Бакр (Аллаһ оған разы болсын) халифа болғанда, ал арабтардың кейбіреулері күпірлікке түсе бастағанда, Умар Абу Бакрден: ”Сен қалайша бұл адамдармен соғыса аласың?! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған адамдар: «Лә иләһә илләллаһ», — деп айтқандарына дейін олармен соғысу бұйырылды, ал олар осыны айтса, онда менен өздерінің мал-мүліктері мен өмірлерін қорғаған болады, тек (белгілі бір амалы үшін мал-мүлкі мен өмірінен айыруға) қақылы болған жағдайдан басқа, ал жауапты ол Аллаһтың алдында береді», — деп айтты ғой” — деді. Абу Бакр бұған жауап беріп: «Аллаһпен ант етемін, мен міндетті түрде зекетті намаздан бөлетіндермен шайқасамын, өйткені мал-мүліктен зекет алу міндетті ғой! Аллаһпен ант етемін, егер олар Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) беріп жүрген тіпті ешкісін беруден бас тартса да, мен олармен осы үшін шайқасамын!», — деді. Содан соң Умар: «Аллаһпен ант етемін, осы шешімді қабылдаған Абу Бакрдің (Аллаһ оған разы болсын) жүрегін Аллаһтың өзі ашты, ал мен бұл шешім дұрыс екендігін түсіндім!», — деді”. Әл-Бухари 1399, 7284, Муслим 2/427.
Имам әш-Шәфи’и былай деген: “Аллаһтың Елшісінен кейін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) діннен шығушылық екі түрлі болған. Олардың біреуі – зекет төлеуден бас тартқандары, бірақ олардың діннен шыққан деп аталуының себебі діннен шыққандығы емес, алайда мойынсұнудан бас тартқандығы болды!” Қз.: “Ниһая әл-мутләб фи дирая әл-мазһаб” 17/136.
Ал осы адамдар зекет төлемеунің себептеріне келер болсақ, олар әртүрлі болды. Олардың кейбіреулері олардан зекетті тек Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілілігі мен сәлемі болсын) ала алатын еді деп есептеді және осы пікірінде «Олардың малдарынан садақа ал, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіру үшін» (әт-Тауба 9: 103) деген аятқа сүйенді.
Бұл аятта Аллаһ Пайғамбарға қатысты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмір етеді, бірақ бұл адамдар Құрандағы Аллаһтың әмірлері үш түрге: біріншісі – барлық мүміндерге, екіншісі – тек Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және үшіншісі – Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтылған, бірақ бүкіл үмметке де қатысты бұйрықтар болып бөлінетінін білмеді. Қз: “Шарх «Сахих» Муслим” 2/231, “әт-Таудых ли шарх «әл-Жәми’ әс-сахих»” 10/232-233.
Олардың кейбіреулері зекетті тек сараңдықтарының себебімен ғана төлемеді, бірақ оның міндетті екенін теріске шығармаған еді. Имам әл-Жууайни зекет төлемейтіндерге қарсы кәпірлермен соғысқандай етіп емес, оларды мұсылман деп санап соғысатын деп айтатын және ол: “Олардың кейбіреулері тұтқынға түскенде: «Аллаһпен ант етеміз, біз иман келтіргеннен кейін кәпір болмадық, алайда біздің мал-мүлкімізді сараңдық қаптады», — деп айтатын”, — деді. Қз.: “Ниһая әл-мутләб” 17/136.
Хафиз Ибн Абдуль-Барр былай дейтін: “Сахабалар зекет төлемейтіндермен шайқасу рұқсат етілгендігі жөнінде бірауызды келісімде болған, олар діннен шыққандармен соғысқанындай. Ал оларды (зекет төлеуден бас тартқандарды) діннен шыққан деп жалпы мағынада айтқан, өйткені олар зекет төлеуден ауытқыған еді және олардың: «Біз дінімізден бас тартпадық, алайда сараңдық бізді билеп алды», — дегендері белгілі”. Қз.: “әт-Тамхид” 21/282.
Олардың кейбіреулері зекет төлегілері келетін, алайда тайпаларының басшылары оларды бұдан тосатын және төлемеуге үндейтін.
Имам әл-Хаттаби былай деген: “Білуге тиісті болғаны — бұл (Пайғамбардың өлімінен кейін) күпірлікке түскендер екі түрлі болғаны. Діннен шыққандардың бірінші түрі – бұл күпірлікке түсіп, өз дінін ауыстырғандары және бұлар – Абу Хурайра олар туралы: «Ал арабтардың кейбіреулері күпірлікке түсті», — деп айтқандар. Бұл топ та екіге бөлінетін еді:
Олардың біреуі – бұл Бану Ханифа тайпасынан шыққан жалған пайғамбар Мусайлиманың жақтаушылары және оның өтірік миссиясына иман келтіргендер. Сондай-ақ олардың арасында әл-Асуад әл-‘Анаси және басқа да Йемендіктер бар. Бұл топ негізінде Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығын теріске шығарып, пайғамбарлықты басқа біреуге теліді. Ал Абу Бакр (Аллаһ оған разы болсын) олармен шайқасты, содан соң Аллаһ олар арқылы Ямамада өлтірілген Мусайлиманы және Санъада өлтірілген әл-‘Анасиді жойды. Және олардың көбі жойылды.
Олардан болған діннен шыққандардың тағы бір тобы намаз, зекет сияқты діннің т.б. әмірлерін қалдырып, жәһилиет кезіндегісіне қайта оралды. Олар Аллаһ Тағалаға үш мешіттен: Мекке мешітінен, Мәдина мешітінен және Бахрейндағы Абдуль-Қайс мешітінен өзге жерде ғибадат етпеді…»
Содан соң әл-Хаттаби былай дейді: “Ал басқа санаттағылар – бұл намаз бен зекеттің арасын бөлгендер. Олар намаздың міндетті екендігін мойындады, бірақ зекеттің және оның мұсылман әміріне төленуінің міндетті екендігін теріске шығарды. Бұл санаттағылар – іс жүзінде бүлікшілер, алайда оларды сол кезде олай деп атамайтын, өйткені олар діннен шыққандардың жалпы тобына кіретін, сондықтан олар да діннен шыққандар деп аталды, өйткені діннен шығу бүліктен жаман. Ал бүлікшілермен соғысуға келер болсақ, ол Али ибн Абу Талибтың кезінде басталды, өйткені оның кезінде бүлікшілер дербес топ болып, кәпірлермен араласпаған еді. Ал осыда Алидің бүлікшілермен соғысуға рұқсат етілген деген пікірінің дәлелі бар және осыда барлық сахабалардың бірауызды келісімі де бар.
Зекетті төлеуден бас тартатындарға келер болсақ, олардың арасында оны төлегісі келгендер, алайда олардың тайпа басшылары оларды бұл пікірден ұстағандары да бар, мысалы, Бану Ярбу’ тайпасы. Олар зекетті жинап, оны Абу Бакрге жіберуді шешті, бірақ олардың тайпа басшысы Ибн Нууайра оны олардың арасында бөліп тастады. Осы санаттағыларға қатысты (сахабалар арасында)келіспеушіліктер орын алды және Умарда да. Ал ол Абу Бакрге келіп, пікір алмасқан кезде, оған дәлел ретінде «Маған адамдар: «Лә иләһә илләллаһ», — деп айтқандарынша олармен соғысу бұйырылды, ал олар осыны айтса, онда менен өздерінің мал-мүліктері мен өмірлерін қорғаған болады, тек (белгілі бір амалы үшін мал-мүлкі мен өмірінен айыруға) қақылы болған жағдайдан басқа, ал жауапты ол Аллаһтың алдында береді» деген хадисті келтірді. Умар бұл хадистің сыртқы мағынасын ғана алып, оның жалғасына және шарттарына назар бұрмаған болатын. Ал Абу Бакр оған зекет – бұл мүліктік құқық екендігін және қанды (яғни адам өмірін – ред.) (шариғи) шарттарды орындау (ғана) қорғайтынын айтып, кейін намаз бен зекеттің арасын ұқсастықтары бойынша теңеді (қияс жасады). Және осыда намазды қалдырғанмен шайқасу – сахабалардың арасындағы бірауызды келісілген пікір болғандығына нұсқау бар, әрі ол осы себепті келіспеушілік болған нәрсені (яғни зекетті төлемеушілермен соғысу үкімін – ред.) бірауызды келісім болған нәрсеге (яғни намазды қалдырғандармен соғысу үкіміне – ред. ) қайтарды. Және Умардың жалпылама мәтінмен, ал Абу Бакрдің нақтылаушы қияспен дәлел етуі «жалпылама нәрсе қияспен нақтыланады» дегенге нұсқайды».
Кейін әл-Хаттаби былай деді: “Біз діннен шыққандардың әртүрлі санатта болғанын түсіндірдік, мысалы, Мусайлиманың пайғамбарлығы туралы мәлімдейтіндер және намаз, зекет сияқты Исламның өзге де рәсімдерін тастағандар. Бұлар – сахабалар оларды кәпірлер деп атағандар.
Ал зекетті төлемейтіндерге келер болсақ, олардың арасында діннің негіздерін орындайтындары бар еді және олар — діннің қақыларынан бір нәрселерді қалдырғандығы үшін діннен шыққандар деп аталғандардың құрамына кіргеніне қарамастан, дербес түрде (әлгі діннен шыққандардың тобынан бөлек) кәпір деп аталмайтын бүлікшілер.
Және «діннен шығу» (әр-ридда) деген термин тілдік мағынада бұрын істеп жүрген амалдарын тастап кеткеннің әрбіріне қатысты айтылады. Ал бұл адамдардың арасында мойынсұнудан бас тарту және парыздан (зекеттен) өзін ұстап қалу көрініс тапты. Сондықтан олардан діндегі мақтаулы атау алып тасталды және олар іс жүзінде діннен шыққандармен және осылай деп лайықты түрде аталғандармен бірге болғандықтары үшін оларға жаман ат телінді.
Егер біреу: «Сен зекетті қалдырған осы адамдардың үкімін: «(Олар) бүлікшілер», — деп түсіндірдің, ал сен біздің заманымызда да мұсылмандардың бір тобы зекеттің парыз екендігін теріске шығарса және оны имамға төлемесе, олардың да жағдайы бүлікшілердің жағдайындай болады деп есептейсің бе?», — десе, оларға жауап былай болмақ: «Жоқ, өйткені кім біздің заманымызда зекеттің парыз екендігін жоққа шығарса, мұсылмандардың бірауызды келісімі бойынша кәпір болады! Ал олар мен бұлардың арасындағы айырмашылық: олар өз жағдайы үшін ақтауға лайық болды және олармен соғысу мұндай оқиғалар олардың кезінде олардан бұрын орын алмағандығы себебімен қан төгу үшін емес, оларға парыз болған нәрсені бергізу үшін болды. Олар шариғат өзгеріп тұрған, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған және кейбір адамдар діннің үкімдері жайлы білмеген кезге жақын болды. Олар енді ғана Исламды қабылдағандар еді және оларда түсінбеушіліктер болды, сол себептен де олар ақтауға лайық еді, мысалы, Аллаһтың «Иман келтіріп, ізгі іс істегендерге, қашан олар сақтанса, сене отырып игілік істесе, тағы сақтанып сенсе, сонан соң сақтанып жақсылық істесе, жегендері күнә емес» (әл-Мәида 5: 93) деген сөздеріне сүйеніп, шарап ішуді хәлал деп санаған сахабалар сияқты. Олар: «Біз шарап ішеміз, бірақ Аллаһқа сенеміз, ізгі амалдар жасаймыз және Аллаһтан қорқамыз», — деп айтатын. Ал біздің кезімізде Ислам таралды және орнықты және зекет төлеу міндеті баршаға, яғни ғалымдарға да, бейхабарларға да мәлім, сондықтан да біреу «зекет міндетті емес» деген қандай да бір түсінумен ақтала алмайды”. Қз.: “Мә’алим әс-Сунан” 2/4-9.
Жоғарыда аталғандардың барлығы бізге зекет төлеуден бас тартқандар неліктен діннен шыққандардың қатарында аталғанын және олардың зекет төлемеунің себептері қандай болғанын түсіндіріп береді.
Енді, Аллаһтың рұқсатымен, бұл мәселеде зекет төлеуден бас тартқандарды кәпір деп есептегендердің басты дәлеліне көшеміз, ал бұл – Абу Бакрдің осы адамдарға олармен шайқасудан кейін олар: «Біз зекет төлейміз!», — дегенде былай деп айтқан сөздері: «Сендер біздің тарапымыздан өлтірілгендер Жәннәтта, ал сендердің тараптарыңнан өлтірілгендер Тозақта екендігі туралы куәлік бергендеріңе дейін біз оны сіздерден қабыл етмейміз!» Абу ‘Убайд «әл-Әмуал» 196.
Ғалымдар бұл дәлелге белгілі бір мұсылман туралы Тозақпен куәлік ету, оның кәпір болғанына бірден нұсқай қоймайды деп жауап береді. Бұған мысал – Абу Хурайрадан жеткен мына белгілі хадис. Ол былай деп баяндайтын: «Бірде Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі! Бір әйел түнгі намаздарын орындайды, күндіз ораза ұстайды, садақа береді, бірақ ол көршілеріне тілімен зиян тигізеді», — деп айтылды. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Онда игілік жоқ, ол Тозақ тұрғындарынан!», — деді. Оған: «Ал өзгесі тек парыз намаздарды ғана орындайды және кедейлерге тек құрғақ сүт ғана береді, бірақ ешкімге зиян тигізбейді», — деп айтылды. Ол: «Ол Жәннат тұрғындарынан!», — деді». әл-Бухари “әл-Әдабул-муфрад” 119, Ибн Хиббан 2554, әл-Хаким 4/166. Хадис сахих. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 190.
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл әйел туралы уахи негізінде айтқан «ол Тозақта» деген куәлігі оның кәпір екендігіне нұсқамайды ғой! Ал мағына – бұл әйел Тозаққа кәпір болғандығы үшін емес, өзінің жаман мінезі үшін және адамдарға өз тілімен зиян тигізгендігі үшін кіретінінде!
Анықтық үшін имамдардың сөздерін келтіреміз:
Имам Ибн Қудама Абу Бакрдің «Сендер біздің тарапымыздан өлтірілгендер Жәннатта, ал сендердің тараптарыңнан өлтірілгендер Тозақта екендігі туралы куәлік бергендеріңе дейін біз оны сіздерден қабыл етмейміз!» деген сөздеріне қатысты былай деген: «Сахабалардан ешкім мұны сөкпеді, бұл олардың (зекет төлеуден бас тартқандардың) күпірлігіне нұсқайды. Бірақ мұның бір жағы – Умар және басқа сахабалар алғашында олармен соғысудан тосылғанында, ал егер олар олардың күпірлігінде мығым сенімде болғанда, бұдан тосылмас еді. Алайда кейін олар олармен соғысу туралы пікірде келісімге келді, ал олардың күпірлігі туралы айтар болсақ, ол осының барлығын жоққа шығарудың негізінде қалды. Өйткені зекет – бұл оны қалдыру адамды жай қалдыру үшін кәпір етпейтін, мысалы, қажылықты қалдыру сияқты, діннің тармағы ғой. Ал егер адам зекетті қалдырғандығы үшін кәпір болмаса, ол онымен осы үшін соғысқандығы себебімен де кәпір болмайды, бүлікшілермен шайқасу осылай болған сияқты. Ал Абу Бакр бұл сөздерді жолдаған адамдарға қатысты айтар болсақ, бұл жерде сөз оның парыз екендігін теріске шығарушылар туралы болуы ықтимал, өйткені олардың: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы біз үшін рахмет еді, ал Абу Бакрдің дұғасы біз үшін рахмет емес, сондықтан біз Абу Бакрге зекет бермейміз», — деп айтқаны жеткізіледі. Ал бұл олар зекетті Абу Бакрге төлеуді теріске шығарғандығына нұсқайды. Және бұл – нақты жағдай және Абу Бакр осы сөздерді нақты кімге айтқаны белгісіз, өйткені сөз діннен шыққандар туралы болуы мүмкін, немесе зекеттің парыз екендігін теріске шығаратындар туралы болуы мүмкін, немесе басқа нәрсе туралы да болуы мүмкін ғой. Сондықтан да бұған тартысты мәселеде сүйенуге болмайды, өйткені Абу Бакр мұны олар ауыр күнә жасап, тәубе етпей өлгендігі себепті айтты деп те түсінуге болады. Және осы себепті де ол олардың сырттай жасағандарының негізінде олар үшін Тозақ туралы айтты, тура сол сияқты өлтірілген мужәһидтер туралы да олар Жәннатта деп айтқанындай. Қалай болғанда да, мұны Аллаһ біледі. Ал Абу Бакр: «Бұл адамдар мәңгі Тозақта», — деп тұжырымдамады. Біреу туралы Тозақпен куәлік беру оның ол жерде мәңгі қалатынына нұсқамайды. Мұның үстіне Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның үмметінен болған адамдар Тозаққа кіреді, ал содан соң Аллаһ оларды ол жерден шығарып, Жәннатқа кіргізеді деп хабарлады”. Қз.: “әл-Муғни” 4/11.
Осы жерде кейбір адамдар істеп жүрген бір нәрсеге назар бұрғымыз келеді, ал бұл Ибн Қудама сөздерінен үзіліп алынған дәйек сөз: ”Абу Бакр осы адамдарға олармен шайқасудан кейін олар: «Біз зекет төлейміз!», — дегенде былай деп айтқан сөздері жеткізіледі: «Сендер біздің тарапымыздан өлтірілгендер Жәннатта, ал сендердің тараптарыңнан өлтірілгендер Тозақта екендігі туралы куәлік бергендеріңе дейін біз оны сіздерден қабыл етмейміз!» Сахабалардан ешкім мұны сөкпеді, бұл олардың (зекет төлеуден бас тартқандардың) күпірлігіне нұсқайды«.
Бірақ іс жүзінде біз имам Ибн Қудама бұл сөздерден кейін бұл мәселені түсіндіргенін және басқа пікірді абзал көргенін көреміз.
Имам әл-Бухути былай деген: “Абу Бакрден жеткізілген «Сендер біздің тарапымыздан өлтірілгендер Жәннатта, ал сендердің тараптарыңнан өлтірілгендер Тозақта екендігі туралы куәлік бергендеріңе дейін біз оны сіздерден қабыл етмейміз!» деген сөздер зекеттің парыз екендігін жоққа шығарып, оны төлеуден бас тартқандар және сол себепті (басқа да) діннен шыққандарға телінгендер туралы айтылған болуы ықтимал. Бәрібір біреу туралы Тозақпен куәлік беру ол туралы күпірлікпен куәлік беру дегенді білдірмейді, дәлел (Тозаққа кіретін) бұл үмметтің күнәхарларының жағдайы болып табылады”. Қз.: «Кәшәф әл-қана’» 2/258.
Сондай-ақ имам Ибн Муфлих те, зекет төлемейтіннің үкімін түсіндіріп және Абу Бакрдің талқыланып жатқан сөздерін келтіріп, былай деді: «Бұл жерде осы зекеттің парыз екендігін теріске шығаратындарға қатысты болуы ықтимал, басқаша да болуы мүмкін, бірақ қалай болғанда да мұны тартысты мәселеде (дәйек) ретінде пайдалануға болмайды!” Қз.: «әл-Мубди’» 2/402.
Сөйтіп, имамдардың бұл сөздері мұсылмандардың қандай да бір тобымен соғысуға деген рұқсат, олардың күпірлігіне нұсқамайды, сол сияқты өлім жазасымен жазалау да жазаға тартылғанның күпірлігіне нұсқамайды. Бұған мысал ретінде зина жасаған адамды өлім жазасымен жазалауды келтіруге болады.
Сондай-ақ мусылмандардан біреу Тозақта деген сөз де оның кәпір екендігіне нұсқамайды.
Қалай болғанда да, Абу Бакрдің сөздерінде шүбә (анық еместік) бар және бұл деректі тартыс болған мәселеде дәлел келтіру дұрыс болып табылмайды, мұның үстіне зекетті төлемеу мәселесіне оралар болсақ, ондағы күштілеу пікір мұның Исламнан шығаратын күпірлік еместігі.
Және бұған дәлел бұл пікірді ұстанатын көпшілік ғалымдардың пікірі емес, ал Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына тікелей айтылған хадисі: «Қиямет күні зекеті берілмеген кез келген байлықтың иесі үшін міндетті түрде сонысынан оттан жасалған жалпақ тіліктер жасалады да, оларды Тозақ отында қыздырып, ұзақтығы елу мың жылдай болған Күннің барысында құлдар үстінен жүргізілетін Сот бітпейінше оның жанбастарын, маңдайын және арқасын күйдіреді. Содан соң оған оның не Жәннатқа, не Тозаққа барар жолы көрсетіледі». Муслим 987.
Шейх Ибн Баз басқарған Тұрақты Комитеттің ғалымдары бұл хадис жөнінде былай деп айтқан: «Егер ол (зекет төлемеуші) кәпір болғанда еді, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «…оған оның не Жәннатқа, не Тозаққа барар жолы көрсетіледі», — деп айтпас еді, өйткені кәпірде Жәннәтқа барар жол жоқ!» Қз.: “Фәтауа әл-Ләжна” № 6147.
Шейх Ибн Усаймин былай дейтін: “Зекет, мұсылмандардың бірауызды келісілген пікірі бойынша, міндетті болып табылады! Ал кім оның міндетті екендігін теріске шығарса, күпірлікке түсті, тек егер сөз Исламды енді ғана қабылдаған адам немесе білім мен ғалымдардан алыс болған көшпенді туралы болып жатпаса ғана, мұндайда ол ақтауға лайықты болады. Алайда мұндай адамды оқыту керек, ал білімнен соң ол оның міндеттілігі жайында қасарысып тұрып алса, онда ол діннен шыққан кәпір болады. Ал зекетті сараңдығы немесе салғырттығы себепті төлемейтінге келер болсақ, ғалымдардың арасында бұған қатысты келіспеушіліктер бар. Олардың кейбіреулері: «Мұндай адам кәпір», — деп айтатын. Бұл — имам Ахмадтың да бір пікірі. Ғалымдардың арасында «Мұндай адам кәпір болып табылмайды» дейтіндер де бар және бұл дұрыс пікір болып табылады. Алайда мұндай адам үлкен күнә жасаған болады. Ал мұндай адам кәпір болмайтындығына дәлелге келсек, бұған Абу Хурайрадан жеткен, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зекет төлемейтіннің жазасын атап кетіп: «Содан соң оған оның не Жәннатқа, не Тозаққа барар жолы көрсетіледі», — деген хадисі нұсқайды. Ал егер зекет төлемеген адам Жәннатқа барар жолды көре алатын болса, онда ол кәпір болып табылмайды, өйткені кәпір Жәннатқа апарар жолмен жүрмейді! Алайда сараңдығы және салғырттығы себепті зекет төлемейтін адам үлкен күнә жасайды, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Аллаһтың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендердің сараңдық еткен нәрселері Қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ көктер мен жердің мирасы Аллаһқа тән. Әрі Аллаһ олардың не істегендерін толық біледі» (Әли Имран 3: 180). Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Сондай алтын, күмісті жиып, оны Аллаһ жолында жұмсамайтындарды күйзелтуші азаппен шүйіншіле. Қиямет күнінде олар Тозақ отында қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланып: «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жинағандарыңның дәмін татыңдар!» (делінеді)» (әт-Тауба 9: 34-35)”. Қз.: “Фәтауа Ибн Усаймин” 14/18.
Ал соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!
Алынған көзі: Саляф-форум