Сұрақ: «Соңғы екі жыл бойы біз ислам шақыруымен айналысып жүрген кейбір адамдардың шақыру ісінде және қайтарылатын нәрселерді айыптауда қолданылатын әдіс-құралдар туралы үнемі айтып жүргенін және олар осы әдіс-құралдардың қатарына шерулерді, ұйымдасқан түрде көшелерден жүріп өтуді және адам өлтіруді жатқызатынын және осыны ислам жихады деп атайтынын естіп жүрміз.
Біз Сізден екі сұраққа жауап беруіңізді сұраймыз:
а) Жоғарыда аталғандарды шариғи әдіс-құралдар деп санауға болады ма, әлде олар айыпталуға лайықты болған бидғаттар мен тыйым салынған әдістердің қатарына жатады ма?
ә) Шариғат осындай әрекеттерге шақыратындарға және оларды насихаттайтындарға қатысты не істеуді бұйырады?»
Жауап: «Аллаһқа мадақ. Жақсылыққа үндеу және жамандықтан тосу, Аллаһқа шақыру және адамдарға тура жол сілтеу Аллаһтың дінінің негізіне жататыны белгігі, алайда Аллаһ Тағала былай деді: «Адамдарды Рабыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен[1] пікірталасты көркем түрде жүргіз. Күдіксіз, Раббың Оның жолынан ауытқығандар туралы бәрінен жақсы біледі және Ол тура жол тапқандар туралы да бәрінен жақсы біледі» (ән-Нахль сүресі, 125-аят).
Аллаһ Муса мен Харунды[2] Перғауынға жіберіп, оларға: «Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар», — деп бұйырды (Та ха сүресі, 44-аят).
Мухаммад Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, адамдарға даналықпен келді және Исламға шақырумен айналысатындарға өз шақыруларын даналықты басшылыққа алып және сабыр танытып іске асыруларын әмір етті. Бұдан тыс Құранда былай делінген: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне хақты[3] үгіттесіп, сабырды[4] үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» (әл-Аср сүресі, 1-3 аяттар).
Сөйтіп, адамдарды Аллаһқа шақырушы, оларды құпталатын нәрселерге талпындырып, айыпталатын нәрселерден тыюға тырысатын адам сабырлық танытып, Аллаһтың сыйынан үміт етуі керек. Бұдан тыс, ол өзінің (дінге) шақыру жолында естуі немесе кездесуі мүмкін болған жағымсыз нәрселерді төзімділікпен көтере білуі керек. Ал адамдармен тұрпайы түрде сөйлесіп, оларды ренжітетін (Аллаһ бізді ондайдан сақтасын) немесе тәртіпсіздікке ұмтылатын, немесе адамдарды дау-жанжалдарға және алауыздыққа келтіруге талпынатын адамдарға келер болсақ, онда мұның барлығы шайтанның амалдарының қатарына кіреді және хауариждердің шақыруының негізінде жатыр. Олар (хауариждер) айыпталатын нәрсеге деген сөгісті қару арқылы танытатын еді, ал егер бір нәрсе олардың көзқарастарына қайшы келсе, олар қан төгуден, адамдарды күпірлікте айыптаудан және сол сияқты істерден тайынбайтын еді.
Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабалары және біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміз іске асырған (дінге) шақырудың хауриждердің және олардан өнеге алғандардың шақыруынан айырмашылығы мынада: сахабалар өз шақыруын даналықтың, ақиқатты насихаттаудың және түсіндірудің көмегімен, сабырлық таныта отырып, Аллаһтың сыйынан үміт етіп, іске асыратын. Ал хауариждер адамдармен соғысып, олардың қанын төкті, оларды күпірлікте айыптады және мұсылмандардың арасына тартыстар енгізді, ал бұл жеккөрінішті және айыпталатын бидғаттардың қатарына жатады.
Мұндай нәрселерге шақырушылардан аулақ болып, оларға сенбеу керек, өйткені мұндай адамдар мұсылмандардың алауыздыққа түсуіне себебші болды, мұнысы үшін оларды Аллаһтың кек алуы және жазасы күтуде, Аллаһ бізді ондайдан сақтасын! Егер мұсылмандар игілікке деген ұмтылыстарында бірігіп, біртұтас болғанда еді, олар, күмәнсіз, жоғары мәртебеге жетіп, құрметке ие болар еді.
Мұсылмандар партияларға және топтарға бөлінгенде, олардың арасында қарама-қайшылықтар пайда болады және олардың өздерінің ортасынан шыққан дұшпандар оларға жол табады. Бұл жаман жолмен бидғаттардың жақтаушылары жүреді, ал алғашқылар болып бұл жолға мұсылмандардың арасына араздық егіп, халифа Али ибн Абу Талибпен және оны қолдаған сахабалармен соғысқан адамдар түсті. Олар Алимен жақсы өзгерістерді қалап соғысты, бірақ ақиқатында азғындауға, бидғаттарға және ыдырауға себеп болды, өйткені мұсылмандарды бытыранқылыққа әкелген және оларды әлсіреткен солар еді. Міне осы нәрселер олардың сөздерін қайталап, олардың көзқарастарына ортақтасатын және оларды насихаттайтын әрбір адамға қатысты. Мұндай адам жаман көзқарастарды ұстанады және одан аулақ болу керек, өйткені ол өз қауымына, өз серіктеріне және өзі қатынасатын барлық адамдарға зиян тигізеді. Ал іс жүзінде мұсылман адам жасампаз әрекеттермен айналысуы керек, тек игілікке талпындырып, өзі де оған ұмтылуы керек, ақиқат сөздерін айтып, ең мықты дәйектерді пайдаланып және жұмсақтық танытып Исламға шақыруы керек, өз бауырлары туралы дұрыс пікірде болып, кемелдікке жету өте қиын екендігін және күнә істеуден тек Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, қорғалғандығын есте сақтауы керек. Сондай-ақ, олар өздері қарсы шығып жатқан адамдары — олар әмірлер, ресми тұлғалар немесе басқа біреулер болсын — жойылса, олардың орнына олардан да жаман адамдар келетінін де ұмытпауы керек, өйткені қандай заман өтсе де, оның орнына тек қана жаман замандар келеді. Адамдардан кемелдікті күтуші немесе олар еш қателік жібермеуіне және ешбір жамандық жасамауына қол жеткізуді қалайтын адам адасқан болып табылады. Мұндай адамдар мұсылмандарды бөлінушілікке әкелген және оларға көп зиян тигізген хауариждердің мирасқорлары болып табылады, ал мұндай мақсаттарды Сүннет пен келісімнің жақтаушыларына (әһлю-Сунна уәл-жамаъаға) қарсылас болған рафидилер, хауариждер, муътәзиләлар және басқа да арам пиғылды тұлғалардан және бидғаттың жақтаушыларынан болғандар көздеді».
«Мұсылман діндар ғалымдарының қазіргі заманның үндеулеріне жауаптары», құрастырушы шейх Мухаммад бин Хусайн бин Саад әл-Суфран әл-Кахтани, редакциясын басқарған Сауд Арабиясы Корольдігі Ең ірі ғалымдары Комитетінің мүшесі, шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузан, Кувейт, 2008 ж.
[1] Көпқұдайшылдар меңзеліп тұр.
[2] Пайғамбарлар.
[3] «Хақ» дегенде бұл жерде иман және игі амалдарды жасау, басқаша айтқанда өзінің діни міндеттерін атқару және адамдарға жақсылық жасау түсініледі.
[4] Аллаһқа мойынсұнуда және оған бойұсынбаудан бас тартуда сабырлық таныту, сондай-ақ барлық ауыртпалықтарды сабырлықпен көтеру айтылып тұр.