Кәпірді жай өлтіре салу Аллаһ жолындағы жихад па?

шейх ‘Абд әр-Раззақ әл-Бадрдің «Жихадтын даналықтары мен ережелерінен жақсы жемістер» кітабын жариялауды жалғастырамыз:

Сегізінші тарау: Кәпірді жай өлтіре салу Аллаһ жолындағы жихад па?

Ақиқатында, дінде даусыз түрде белгілі болған нәрсе – бұл Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ қанның маңыздылығын көтергені, оны төгуге деген тыйымды күшейткені, осыған немқұрайлы болуды және Оның тыйымын бұзуды үлкен күнә және ұлы бұзақылық еткені, бұл үшін Ақырет күнінде өте қорқынышты жазаны және өте ауыр азапты белгілегені болып табылады. Сондықтан егер тірі жанды өлтірудің әрбірі – мейлі ол мұсылман болсын, мейлі кәпір болсын – Аллаһ рұқсат еткен және ислам шариғаты бекіткен негізсіз (қақысыз) орын алса, ол шариғатқа сәйкес харам болады және Исламда бұл ауыр опат қылушы күнәлардың бірі болып саналады. Ал кім мұны Аллаһтың жолындағы жихад деп атаған болса, немесе рұқсат етілген амал деп белгілеп берсе, ол мұсылмандардың бірауызды келісімінен, тіпті бұрынғы діндердің шариғаты да бірауызды болған келісімнен шығып кеткен адасушы және өзгелерді де адастырушы болып табылады.

Аллаһ Тағала өзінің пайғамбары Муса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) туралы айтқан мына сөздері туралы ой қозғайықшы: «(Муса) елдің қаперсіз уақытында қалаға кірді де, онда төбелесіп жатқан екі адамды көрді. Бірі өз тобынан, біреуі дұшпан жақтан еді. Сонда өз тобынан болғаны дұшпанына қарсы Мусадан көмек тіледі. Сонда Муса оны жұдырықпен ұрғанда оған қаза жетті. (Муса): «Бұл — шайтан ісі. Өйткені ол — ашық адастырушы дұшпан. Раббым! Рас өзіме кесір істедім. Мені жарылқа!» — деді. Сондықтан Аллаһ оны жарылқады. Өйткені Ол — тым Жарылқаушы, ерекше Мейірімді. (Муса): «Раббым! Маған берген нығметіңе серт! Енді күнәхарларға жәрдем етпеймін», — деді. Қалада қорқып, алаңдықпен таң атырды. Ал кешегі өзінен көмек тілеген кісі тағы жалбарынып жатыр (Тағы төбелесіп жатыр). Муса оған: «Сен анық адасқан екенсің», — деді. Сонда Муса екеуінің де дұшпанын ұстағысы келген сәтте (ол): «Әй, Муса! Кеше бір адамды өлтіргеніңдей бүгін мені өлтіресің бе? Сен бұл жерде турашылдардан болмай бір жендет болуды қалайсың ба?», — деді» (Қасас, 15-19).

Бұл хикаядан біз көретініміз: Мусадан көмек сұраған адам сырт келбетімен оның тобынан еді, яғни Исраил ұрпағынан болған мұсылман еді. Ал оған қарсы көмек сұраған адам оның дұшпаны, яғни мысырлық кәпір еді. Қз.: “Тафсир әт-Табари” 18/186, “Тафсир әс-Сам’ани” 4/128.

Осы аяттардан мысырлық кәпір исраилдық мұсылманға шабуыл жасағаны көрініп тұр және Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, оны заңды түрде қорғағысы келді және кәпірлерден болған дұшпанды өлтіруге ниеттенбеген еді. Алайда Мусаға, Аллаһтың оған сәлемі болсын, дене күші берілгендіктен, оның жұдырығының соққысы мысырлықтың өліміне әкелді. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Муса оны жұдырықпен ұрғанда оған қаза жетті», — яғни жұдырығымен төсіне ұрды және оның өлуін қалаған болмаса да, оны өлтірді. Қз.: “Тафсир әт-Табари” 18/189-190, “Тафсир әл-Касими” 12/4699.

Хафиз Ибн Касир былай деді: “Ол мысырлық Ұлы Аллаһқа серік қосатын кәпір еді, ал Муса оны тіпті өлтіргісі келмеген еді, тек оны сөккісі және тоқтатқысы келді. Алайда солай бола тұра Муса: «Бұл — шайтан ісі. Өйткені ол — ашық адастырушы дұшпан», — деді. Және ол былай деді: «Раббым! Рас өзіме кесір істедім. Мені жарылқа!»  Аллаһ оны жарылқады. Өйткені Ол — тым Жарылқаушы, ерекше Мейірімді. Муса былай деді: «Раббым! Маған берген нығметіңе серт! Енді күнәхарларға жәрдем етпеймін»». Қз.:  “әл-Бидая уән-нихая” 2/42.

Бұл жердегі сөз Мусаның, Аллаһтың оған сәлемі болсын, исраилдықты жәбірлеген мысырлық кәпірге берген соққысының салдарынан болған өлім үшін тәубе етіп өкініш білдіргендігінде болып тұр. Муса бұл абайсыздықпен адам өлтіруді шайтанның азғыруы деп есептеді және осы арқылы ол өзіне зұлымдық жасадым деп санап, өзінің Раббысынан кешірім сұрап Оған тәубе келтірді.

Әл-Хасан әл-Басридің, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп айтқаны жеткізіледі: “Сол кезде кәпірді өлтіру рұқсат етілмеген еді, өйткені ол кез соғысудан тыйылу кезі еді”. Қз.: “Тафсир әл-Куртуби” 13/173, “Тафсир әл-Қасими” 12/4699.

Бұл хикая өзіне ойлануды және назар салуды қажет ететін ұлы ғибраттар мен сабақтарды қамтиды. Олар мынандай:

– бұл адам өлтіру абайсыздықпен (қателікпен) орын алды, және ол – қасақана және мақсатты түрде жасалған адам өлтіру емес еді;

– өлтірілген адам Аллаһқа серік қосушы кәпір еді және бұған қоса ол — исраилдыққа зұлымдық танытқан жәбірлеуші де еді.

– ол Исраил ұрпақтарына деген дұшпандығы өте күшті болған халықтан еді, олар исраилдықтардың ұл балаларын өлтіретін және әйелдерін тірі қалдыратын еді, әрі бұл олардан келген үлкен  сынақ  еді.

– Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, осы жағдайда оны өлтіруді шайтанның амалы, яғни оның азғыруы және арбауы деп санады, өйткені шайтан Адам баласын тура жолдан адасушылыққа бұрып алып кететін, өзінің адамға деген дұшпандығы ап-айқын болған оның  дұшпаны.

– Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, өзінің қателікпен кәпірді өлтіруін өзіне істеген зұлымдық деп санап: «Раббым! Рас, өзіме кесір істедім», — деді.

– Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, мұны — ол үшін кешірім сұрау  қажет болған күнә және тәубе келтіру қажет болған қателік деп санады және ол: «Мені жарылқа!» -деді.

– Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, күнәға да, қылмысқа да көмектеспеу және болыспау туралы Аллаһ Тағалаға уәде берді. Және бұл оның «Раббым! Маған берген нығметіңе серт! Енді күнәхарларға жәрдем етпеймін!»  деген сөздерінің мәні.

– Жазықсыз жанды заңды негізсіз өлтіру — жер бетінде бұзақылық тарату болып есептелетіні және тәртіпті орнатушы амал болып табылмайтыны дәйекті түрде бекітілді. Сондықтан екінші мысырлық Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, мұны қасақана істеп жатыр деп ойлап: «Әй, Муса! Кеше бір адамды өлтіргеніңдей бүгін мені өлтіресің бе? Сен бұл жерде турашылдардан болмай бір жендет болуды қалайсың ба?» (Қасас, 19), — деді.

Бұл ақыл-кеңестер мен сабақтарда өлтірілуге лайықты емес жазықсыз жанды өлтірудің, мейлі ол кәпір болса да, жиіркенішті екендігі және бұл әрекет ислам шариғатына және елшілердің басшылығына қайшы келетіндігі туралы айқын және сенімді түсіндірме бар.

Салим ибн ‘АбдуллаҺ ибн ‘Умар, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, былай деді: «Әй, Ирактың тұрғындыры, сендерді кіші (күнәлар) туралы сұрап, үлкендерін жасауға не мәжбүрлейді? Мен әкем ‘АбдуллаҺ ибн ‘Умар былай дегенін естігенмін: “Мен Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Бүлік ана жақтан келеді», — деп, қолымен шығысқа қарай, шайтанның мүйіздері көрініп шығатын жаққа қарай, сілтегенін көргенмін. Сендер бір-біріңнің бастарыңды шауып жатырсыңдар, ал Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, Перғауынның қауымынан болған (адамды) өлтіргенде Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ оған былай деді: «Және бір кісі өлтірдің. Сонда сені, ол қайғыдан құтқарған едік те, сынаулармен сынаған едік» (Та ха, 40). Муслим № 2905.

Атақты ғалым әс-Са’ди аталған аяттармен байланысты болған үлкен пайдаларды атап өтіп, өзінің тәпсірінде былай деген сөздерін келтірді: «Бұған онымен келісім-шарт болған немесе әдет бойынша келісім болған кәпірді өлтіруге болмайтындығы жатады, өйткені Муса, Аллаһтың оған сәлемі болсын, мысырлық кәпірді өлтіруді күнә деп есептеді және бұл үшін Аллаһтан кешірім сұрады. Бұған сондай-ақ жазықсыз жандарды қақысыз өлтіруші жер бетінде бұзақылық таратушы жендет болып табылатыны да жатады. Бұған сондай-ақ  тірі жандарды қақысыз өлтіріп, осынысымен жер бетінде тәртіп орнатуды және күнәхарларды қорқытуды қалайтынын жариялайтын адам өтірікші болып табылатыны да жатады. Және ол жер бетінде бұзақылықты таратушы болып табылады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала мысырлықтың ауызынан шыққан сөздерін жоққа шығармай, керісінше растап: «Сен бұл жерде турашылдардан болмай бір жендет болуды қалайсың ба?» — деді». Қз.: “Тайсир әл-Карим әр-Рахман” 726-бет.

Сондай-ақ, осы аяттардың пайдаларын қорытындылай келе,  шейх әс-Са’ди былай деп айтты: “Бұған, сондай-ақ, онымен келісім бойынша, немесе әдет бойынша (қалыптасып кеткен) келісім-шарт болған кәпірді өлтіруге болмайтындығы да жатады, өйткені Муса мысырлықты өлтіргеніне өкінді, бұл үшін Аллаһ Тағаладан кешірім сұрап, Оған тәубе етті. Бұған сондай-ақ тірі жандарды қақысыз өлтіруші жер бетінде бұзақылық таратушы жендет болып табылатындығы да жатады, мейлі оның ниеті қорқыту болса да, тіпті ол өзін тәртіп орнатушы деп санаса да, шариғат тірі жанды өлтіруге рұқсат бермейінше». Қз.: “Тайсир әл-Ләтыф әл-Маннан” 131-бет.[1]



[1] Атақты табиғин (сахабалардың ізбасары) Мутарриф ибн ‘АбдуллаҺ: “Менен Аллаһ: «Сен не үшін пәленшені өлтірмедің?», — деп сұрағаны, Ол маған: «Сен пәленшені не үшін өлтірдің?!», — деп айтқанынан сүйіктірек?!”, — деп айтатын. Қз.: “Абу Ну’айм “әл-Хилья” 2/204.

You may also like...