Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!
Пайда мен зиян туралы мәселе діннің негізінде жатыр, бірақ, өкінішке орай, көптеген мұсылмандар бұл мәселеге ешқандай назар бөлмейді және нәтижесінде Исламға да, мұсылмандарға да үлкен зиян тигізетін істерді жасайды. Хасан әл-Басри былай дейтін: “Бүлік (фитна) орын алайын деп жатқанда, ол туралы тек ғалым біледі, ал ол бітіп жатқанда ол туралы енді әрбір жәхил біледі”. Ибн Са’д “әт-Табақат” 7/166.
Имам Ибн әл-Мубарак былай дейтін: “Шынайы ғалым — хәлал мен харам мәселелерін түсінуші емес, өйткені бұл мәселелерді көпшілік біледі. Алайда, шынайы ғалым – пайда мен зиян мәселесін түсінуші!” Қз.: “Әлуияту-н-нәср” 1/103.
Үмметіміздің ұлы имамдары тарапынан пайда мен зиян тақырыбында көптеген еңбектер жазылған, олардың арасында Ибн Таймийяның, Ибн әл-Қайимнің, әш-Шәтыбидің т.б. еңбектері де бар.
Ұлы Аллаһ: «Олардың Аллаһтан өзге сиынғандарын боқтамаңдар. Олар білмей шектен шығып Аллаһқа тіл тигізеді», — деп бұйырды (әл-Ән’ам 6: 108).
Имам әш-Шәукәни бұл аятты тәпсірлеп, былай дейтін: “Бұл аятта «егер ақиқатқа шақырып, бидғатқа тыйым салушы (адам) өзінің әрекеті одан да көбірек харам істелуіне, ақиқатқа қарсы шығуға және одан да артық адасушылыққа салынуға алып келуінен қауіптенсе, онда ол үшін мұны тастау (қалдыру) абзал болады» дегенге дәлел бар. Тіпті бұл – міндетті (уәжіп) болады”. Қз.: “Фәтхул-Қадир” 2/214.
О бастан пұттарды сөгу – рұқсат етілген іс, тіпті Аллаһқа жақындататын амал, бірақ ол одан да үлкен жамандыққа, нақты айтқанда, Аллаһтың өзіне тіл тигузуге әкелуі мүмкін болғандықтан, бұл іс харам болады.
Кейбіреулер: «Ғалымдар белгілі пәтуаларын араб елдерінің әмірлеріне, немесе Америкаға, немесе тағы біреулерге жағу үшін беріп жатыр!», — деп айтады, ал шын мәнінде олар тек дінді оның шынайы күйінде жеткізуде. Осы жерде мынандай сұрақ туындайды: «Сонда: «Аллаһ «Олардың Аллаһтан өзге сиынғандарын боқтамаңдар!» деген аятын мүшриктерге жағу үшін түсірді», — деп айтуға олардың батылы барады ма екен?!
‘Аиша Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде оған: «Уа, ‘Аиша, егер сенің халқың соншалықты надандыққа (жәһилиетке) жақын болмағанда, мен міндетті түрде Қағбаны бұзуды бұйырар едім, ал кейін оған одан ажыратылған нәрсені қосар едім және оның есігін жердің деңгейіне дейін түсірер едім, және онда екі – батыс және шығыс есіктерін жасар едім, және оны Ибраһим қалаған іргетастың негізінде қайта көтерер едім», — деп айтқанын баяндаған. Әл-Бухари 1586, Муслим 1333.
Бұл сөздерді Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккені бағындырғаннан кейін, мұсылмандарда күш те, билік те болған кезде айтты, бірақ бұған қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пайда мен зиянды ескеріп, пайдадан көбірек зиян келтіруі мүмкін болған нәрсені істеуден бас тартты.
Сондай-ақ Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның сахабалары: “Біз не үшін екіжүзділерді[1] өлтірмейміз?!”, — деп сұрағанда, ол: «Сендер сонда адамдар: «Мухаммад өзінің сахабаларын өлтіріп жатыр», — деп айтуларын қалайсыңдар ма?!», — деп жауап берді. Муслим 2584.
Екіжүзділер Аллаһтың дініне кәпірлерден де көбірек зиян тигізетін, бірақ бұған қарамастан, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды өлтірудің салдарынан келуі мүмкін болған зиянды ескеріп, оларды өлтіруге тыйым салды!
Пайда мен зиян мәселесі барлық кезде және барлық жерде ескерілуі керек: жиһадта да, күнәлі істерден тыюда да, кәпір болған әмірді тақтан құлатуда да, барлық нәрседе!
Мынау ғалымдардың барлық нәрседе пайда мен зиян мәселесін қалайша ескергенінің мысалдары:
Имам әл-‘Изз ибн ‘Абду-с-Сәләм былай деді: “Кәпірлермен дұшпан шығынға ұшырамайтын кез келген шайқасуды қалдыру қажет, өйткені өмірді қауіпке салу тек дінді ұлықтауға және мүшриктерге шығын алып келуге пайдалы болса ғана рұқсат етіледі. Егер осылар болмаса, онда шайқасуды қалдыру міндетті болып табылады, өйткені онда адамдарды бос шығын ету, кәпірлерге қуаныш әкелу және мұсылмандар үшін қорлық болады. Және бұл — ешбір пайдасы жоқ түгелімен зиян![2]” Қз.: “Қауа’идуль-әхкам” 1/95.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Бүлікшілердің тобымен соғысу әмірі қабілеттіліктің (шама) және күштің (қуат) болуымен шартталады, әрі олармен жүргізілетін соғыс көпқұдайшылдар мен кәпірлермен жүргізілетін соғыстан маңыздырақ емес, ал бұл да қабілеттілілік және күшпен шартталатыны белгілі. Кейде шариғи пайда (кәпірлерге) алым-салық төлеуде де, немесе бітімдесуде, немесе келісім-шарт жасасуда да болуы мүмкін, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осылайша бірнеше рет істегеніндей. Және егер имам (әмір) күштің болуын көріп, бірақ (шайқасудан) пайда келуін көрмесе, онда оны қалдыру абзалырақ болады! Әрі кім шайқасудың пайдадан көбірек зиян келтіретінін көріп тұрса және бұл шайқас — бүлік (фитна) екенін көріп тұрса, ол әмірге бағынуға міндетті болмайды[3]”. Қз.: “Мәжму’уль-фәтауа” 4/442.
Шейхуль-Ислам сондай-ақ былай дейтін: “Әмірге қарсы шығатын топ олардың шығуында өздері түзеткісі келгеннен де көбірек зиян болуы мүмкін екенін білуі керек!” Қз.: “Минхажу-с-Сунна” 3/391.
Сондай-ақ Ибн Таймийя Бану Умайя әмірлеріне қарсы шыққан Ибн әл-Аш’ас пен Ибн әл-Мухалләб туралы былай деді: “Олар өздерімен бірге болғандар сияқты жеңіліске ұшырады! Олар дінді де орнатпады, дүниеге қатысты нәрселерді де түзетпеді. Ал Аллаһ Тағала дінге немесе дүние тіршілігіне пайда келтірмейтін нәрсені істеуді әмір етпейді, тіпті осыны істеуші — Аллаһқа жақын адамдардан, тақуалардан және Жәннат тұрғындарының[4] қатарынан болса да! Олар Алиден, Айшадан, Талхадан, әз-Зубайрдан және бүлік кезінде соғысқандығы үшін мақталмағандардың басқаларынан жақсырақ емес еді, әрі олар Аллаһтың алдында ұлы орынға ие болуына және басқа кез келген біруден жақсырақ ниетте болғанына қарамастан!” Қз.: “Минхажу-с-Сунна” 4/528.
Шейх Ибн ‘Усаймин кәпір болған әмірге қарсы шығу туралы айтып, былай деді: “Егер біз оны құлатуға қабілетті болсақ, онда біз оған қарсы шығамыз, ал егер мұны істеуге қабілеттілігіміз жетпесе – онда жоқ, өйткені шариғаттың барлық міндеттері (уәжибат) мүмкіндіктің (қудра) болуымен шартталады. Әрі қарай, егер біз шықсақ (көтерілсек), бұл осы әмірдің тұсында болғаннан да көбірек зиянға әкелуі мүмкін. Және біз оған қарсы шықсақ, ал ол бізден күштірек болса, онда осыдан кейін біз бұрынғыдан да қорланған күйге түсеміз, ал ол өзінің күпірлігінде және жауыздығында бұрынғыдан да табанды түрде тұрып алады. Бұл сұрақтар шариғатты басшылыққа алатын ақылға мұқтаж. Және осындай мәселелерде біз өзіміздің сезімдерімізден қашықтауымыз керек. Бізге сезімдер рухтандыру үшін керек, бірақ біз опат болуға жетелейтін сезімдердің соңынан ілесіп кетпеуіміз үшін ақыл мен шариғатқа мұқтажбыз!” Қз.: “Бабул-мәфтух” 3/126.
Сондай-ақ Ибн Таймийя да айыпталатын нәрсені түзетуде пайда мен зиян туралы маңызды ережені ескерудің керемет үлгісін көрсетті. Ол былай деп баяндайтын: «Монғол-татарлар Дамаскке шабуыл жасап, оны алған соң мен өзімнің жақтаушыларыммен бірге олардың шарап ішіп отырған бір тобының жанынан өттім. Сонда менің жолдастарымның біреуі оларға сөгіс айтпақ болды, бірақ мен оған: «Ақиқатында, Аллаһ шарапты ол намаздан және Аллаһты зікір етуден тосып қалатын болғандықтан, тыйым салды, ал мыналарды шарап адам өлтіруден, балаларды тұтқындаудан және мал-мүлікті тартып алудан тосады. Сондықтан оларды қоя сал», — дедім”. Қз.: “әл-Истиқама” 2/168.
Сондай-ақ пайда мен зиян туралы мәселелеріне байланысты көптеген ережелерді шейх Ибн әл-Қайим де өзінің “И’ләмуль-мууакқи’ин” 3/145-173 кітабында қарастырған.
Және соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау-мадақтар болсын, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның жанұя мүшелеріне, сахабаларына және Қиямет Күніне дейін оның соңынан ілесушілерге Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.
Мақала «www.toislam.ws» дайындаған «Ғалымдар және олардың Исламдағы орны» еңбегінен алынған
[1] Бұл жерде екіжүзділік жүректерінде болған, яғни сырттай иман келтіргенін көрсетіп, кәпір болып қала берген шынайы екіжүзділер туралы айтылуда. Ал «екіжүзді» деген сөзге келер болсақ, белгілі бір мұсылманға қатысты оны қолдануға тыйым салынған, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім өзінің бауырына: «Кәпір!», немесе «Екіжүзді!», немесе «Жексұрын!», немесе «Аллаһтың дұшпаны!», — деп айтса, ал ол ондай болмаса, онда бұл (сөз) айтушының өзіне қайта оралады», — деп айтқан. Муслим 1/79.
Ал «Мына төрт сипат тән болған адам шынайы екіжүзді болады, ал олардың біреуімен ерекшеленетін адам одан құтылмайынша екіжүзділіктің бір сипатымен байқалады. Бұл сипаттармен оған сеніп тапсырылғанда – сатқындық жасайтын; бір нәрсе туралы баяндағанда – өтірік айтатын; келісім-шарт жасағанда – қиянат жасайтын және біреумен ұрысқанда – рұқсат етілгеннің шекарасын бұзып шығатын (адам) ерекшеленеді» деген хадиске келер болсақ (әл-Бухари 34, Муслим 57), бұл хадисте жүректегі емес, амалдардағы екіжүзділік туралы айтылып тұр. Имам ән-Нәуауи былай деп айткан: “Бұл сипаттар ізгі мұсылмандарда да көрініп қалуы мүмкін. Кім тілінде және жүрегінде шыншыл болса, бірақ осы сипаттардан біреуін істесе, ол туралы: «Ол – күпірліке түсті, немесе ол – Тозақта мәңгі қалатын екіжүзді», — деп айтылмайды. Әрі, ақиқатында, бұл сипаттардың барлығы Юсуф пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) бауырларының барлығында көрінді!” Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 1/235.
Екіжүзділік екі түрлі болады: үлкен және кіші. Үлкен екіжүзділік – бұл адамның иман келтіргенін сырттай танытып, бірақ жүрегінде кәпір болуымен сипатталатын жүректегі екіжүзділік. Мұндай екіжүзділік туралы тек Пайғамбар ғана (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біле алатын еді, өйткені жүректердің жағдайын Өзінің уахиларын тек пайғамбарларға жіберген Аллаһ қана біледі. Сондықтан да мұндай сипаттар бойынан көрінетін мұсылманға: «Сен – екіжүздісің!», — деп айтпай: «Бұл — екіжүзділіктің көріністері болып табылады», — деп айту керек, өйткені ол иманының әлсіздігінен бұл жаман сипаттардан әлі арылып үлгірмеген болуы мүмкін.
[2] Имам әл-‘Изздың бұл сөздерінде «Жиһадты жүргізу үшін қарсылық көрсетуге деген қабілет (қудра) болса жеткілікті!» дейтіндерді теріске шығару бар. Бұл – қателік, өйткені қарсылық көрсетуге деген қабілеттілік меккелік кезеңде Пайғамбарымыз бен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның жанындағы сахабаларында да болды, алайда Аллаһ оларға шайқасуға тыйым салды, өйткені олардың шайқасуы көбірек зиян келтіруі мүмкін еді. Ибн әл-Қайим былай деді: “Аллаһ Тағала мұсылмандарға Меккеде шайқасуға тыйым салды және олардың шайқасуы зұлымдыққа сабыр ету қажеттілігінен де үлкен зиянға әкелмеуі үшін, оларға сабыр етуді бұйырды. Және олардың жандарын, дінін және ұрпақтарын сақтаудың пайдасы оларға шайқасудан келетін пайдадан басым еді”. Қз.: “И’ләм әл-мууакқи’ин” 2/150.
Аллаһ Тағала жиһадты ол арқылы дінді ұлықтау үшін әмір етті. Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди былай дейтін: “Жиһад кәпірлердің қанын төгіп, олардың мал-мүлкін иемдену үшін жүргізілмейді. Жиһад Аллаһтың діні басқа діндерден үстем болуы үшін және жер бетінде көпқұдайшылық және хақ дінге қайшы нәрсенің барлығы жойылуы үшін жүргізіледі. Міне, осы – бүлік (фитна), және егер осы фитна жойылса, мұсылмандар қан төгуді және шайқасуды тоқтатуға міндетті болады”. Қз.: “Тайсирул-Кәрими-р-Рахман” 78.
[3] Егер бүлік және мұсылмандар үшін таза зиян болған шайқаста әмірге мойынсұнбау рұқсат етілген болса, онда өз негізінде әмір болып табылмайтын әрі оған қоса зиян тигізуші біреуге мойынсұну туралы не айтуға болады?!
[4] Ал бүгінгі күні қандай да бір адамның кесірлі ақидаға ие болуына немесе оның жер бетінде бұзақылық таратуына қарамастан ізгі амалдарына және ыждағатты ғибадатына сүйсініп: «Ол дұрыс істеп жатыр», — деп ойлайтындар қаншама көп десеңізші!
Аллаһтың Пайғамбары (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Оның ненің үстінде өлгенін көрмейінше ешкімнің амалына сүйсінбеңдер!» Ахмад, Ибн Абу ‘Асым. Хадис сахих. “Әс-Силсила әс-сахиха” 1334. Имам әл-Әуза’и былай деп айткан: “Маған шайтан бидғат жасаушының ғибадатын жақсы көруге мәжбүрлейтіні жетті. Ол оны бой ұсынушылыққа және жылауға салып, сол арқылы оны азғырады”. Суфьян әс-Саури былай деп айткан: “Жылау он түрлі болады. Оның оны Аллаһ үшін емес, біреуі ғана Аллаһ үшін. Ал Аллаһ үшін жылау жылына бір рет орын алса, бұл да көп!» Қз.: “әл-Хилия” 7/11.