Азаматтық тұрғындарды өлтіруде пайда жоқ

Әбу Умар әл-Ғаззидің «Өзін-өзі өлтіру актілерінің және жарылыстардың ауыр зардаптары» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Кітаптың ең көлемді бөлігін ««Жанкештілік» актілерді жақтаушылардың дәйектері және оларды теріске шығару» атты тарау алады. Онда автор адасушылардың негізгі дәйектеріне бірме-бір тоқталып, оларды Құран және Сүннеттің мәтіндерімен және ғалымдардың пікірлерімен теріске шығарады.

Азаматтық тұрғындарды өлтіруде пайда жоқ

«Жанкештілік» актілердің жақтаушылары, сондай-ақ, дәйек ретінде шейх-уль-Ислам Ибн Таймийяның мына сөздерін пайдаланады: «Егер дұшпан әскерлері өздерінің қолындағы тұтқындармен қалқан ретінде қорғанса және егер шайқасудан бас тартқан жағдайда, мұсылмандар шығынға ұшырайды деген қауіп болса, онда шайқасқа кірісу қажет, тіпті егер бұл қалқан ретінде пайдаланылған мұсылмандардың қаза болуына алып келсе де». Қз.: «Мәжму әл-Фәтауа» (20/52, 28/537-546).

«Жанкештілік» актілерді жақтаушылардың бұл дәйегіне былай жауап беруге болады:

Адамдардан жасалған қалқан, яғни кәпірлер тарапынан қалқан ретінде өлтіруге болмайтындарды (мысалы, әйелдер мен балаларды немесе оларға тұтқынға түскен мұсылмандарды) пайдалану туралы тек мұсылмандармен соғыс жағдайында болған және олармен бейбіт келісім-шарты да, не өзара қауіпсіздік кепілдіктері де жоқ кәпірлермен шайқас орын алған кезде сөз етуге болады. Ал егер кәпірлер мұсылмандармен келісім-шарты болғандардың немесе қауіпсіздік кепілдігі берілгендердің қатарына кіретін болса, онда олардың әйелдері мен балалары түгілі, олардың өздеріне шабуыл жасауға да, оларға қарап оқ атуға да болмайды.

Бұдан қалса, тіпті әйелдермен және балалармен қорғанатын, соғысып жатқан дұшпандарды атқылауды рұқсат ету мәселесі ғалымдардың арасында келіспеушіліктер тұғызған. Олардың бір бөлігі мұндай дұшпандарды атқылауға тыйым салады және тек одан басқа шығу жолы болмаған, мысалы, шайқасудан бас тарту мұсылмандарға жеңіліс алып келу немесе ислам дінін жою қауіпін төндірген жағдайды ерекшелейді. Мұндай пікірді имам Мәлик және имам Шәфи’и ұстанған.

Ғалымдардың басқа бөлігі, соғыстың сипатына қарамастан, әйелдермен және балалармен қорғанатын дұшпандарды атқылауды рұқсат етеді, дегенмен атқылау нысанасы әйелдер мен балалар емес, солдаттар болу керек деген шартпен.

Сонымен бірге, әйелдермен және балалармен қорғанған дұшпандарға шабуыл жасау және оларды атқылау тек әмірдің немесе ол тағайындаған әскербасшының бұйрығымен ғана рұқсат етіледі дегенге барлық ғалымдар бірауызды келіскен. Олардың қол астындағылардан ешкім өзінің қалауы бойынша мұндайды істей алмайды, өйткені бұл әмірге жала мен жалған жабу болады.

Дұшпан қалқан ретінде пайдаланған өлтіруге болмайтын адамдарды өлтіру  — тек ол қасақана және мақсатты болмаған жағдайда, ал олардың қаза болуына алып келетін себептерден қашып құтылу мүмкін болмағандықтан орын алса ғана  рұқсат етіледі дегенге де ғалымдар бірауызды келіскен. Егер Ислам мүмін адамға соғысушы кәпірлердің әйелдері мен балаларын өлтіруге тыйым салған болса, онда соғыспайтын кәпірлердің әйелдері мен балаларын қалайша қасақана өлтіруге болмақ?

«Жанкештілік» актілерді рұқсат ететіндер олардың барысында әйелдердің, балалардың және мұсылмандармен соғысуды еш қаламайтындар да абайсызда қаза болуы мүмкін болған қарсыласқа түнгі шабуылдарды[1] жасаудың рұқсат етілгендігін дәйек ретінде келтіреді. Олар имам әш-Шәфи’идің мына сөздеріне жүгінеді: «Тіпті егер дұшпан қамалының ішінде әйелдер, балалар және тұтқын мұсылмандар болса да, катапульталарды қолдану рұқсат етіледі… Мұнай және жалын катапульталар сияқты. Су мен түтін де тура солай». Қз.: «әл-Умм» (4/287).

Алайда имам Шәфи’иге жасалған мұндай сілтеме жөнсіз, өйткені оның өзі мұндай тұжырымдамаларды теріске шығарып, былай дейтін: «Мұсылмандардан ешкімге мақсатты түрде әйелдер мен балаларды өлтіруге рұқсат етілмейді, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұған тыйым салған… Сондай-ақ, монахтарды өлтіруден де тартыну керек, олар қай жерде болса да: кельяларда да, монарстырларда да, шөлдерде де. Біз өзін монахтыққа бағыштаған әрбір адамды өлтіруден бас тартамыз, өйткені осылайша Абу Бакр, Аллаһ оған разы болсын, істейтін».  Қз.: «әл-Умм» (4/239-240).

Алайда өздерін-өздері ресторандарда, театрларда, автобус аялдамаларында жарып тастайтындар өлтіруге тыйым салынған адамдарды өлтіруге қасақана барады.

«Жанкештілік» актілердің жақтаушылары өздерінің ұстанымдарының дұрыстығына дәлел ретінде сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Таифтың тұрғындарына қарсы катапульталарды қолданды дегенді келтіреді, ал олармен атқылау соғысушы да, соғыспаушы да адамдарды зақымдайды.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әт-Таиф тұрғындарына қарсы катапульталарды қолдану фактісі өзінің сенімділігін дәлелдеуге мұқтаж. Барлық имамдардан ол туралы тек Ибн Хишам ғана жеткізеді: «Маған өзім сенетін адам Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Исламда алғашқы рет әт-Таиф тұрғындарына қарсы катапульта қолданданғанын айтып берді». Ибн Хишам. «Жизнеописание Пророка Мухаммада», М.: Умма, 2001 ж. – 380-бет.

Сөйтіп, бұл хадистің жеткізушілерінің тізбегі үзілісі жоқ болып табылмайды[2]. Әт-Тирмизидің «әс-Сунан» жинағына келер болсақ, онда бұл дерек Умар ибн Харунның риуаятында келтіріледі, ал оның хадистері қабылданбайтын болып табылады, бұл туралы Ибн Хажар өзінің «Тахзиб әт-Тахзиб» кітабында айтқанындай. Сондықтан да шейх әл-Әлбани бұл деректі әлсіз деді. «Даиф Сунан Аби Дауд» (2762).

Ибн Саад та бұл деректі «әт-Табақат» кітабында басы Мақхульге барып тірелетін жеткізушілер тізбегімен келтіреді. Алайда бұл хадис «қайтарылып жіберілген» (мурсаль) болып табылып, әлсіз хадистер санатына жатады. Имам Муслим өзінің «әс-Сахих» жинағында Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілілігі мен сәлемі болсын) әт-Таифті қырық күн бойы қоршауда ұстағаны туралы жеткізеді. Алайда ол катапульта қолдану туралы еш нәрсе айтпайды.

Егер тіпті Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) катапульталарды қолдануы туралы дерек сахих дегеннің өзінде де, одан тек түнгі шабуылдаулар кезінде соғысқа қабілетсіз тұрғындардың өліміне қасақана емес түрде ықпал етуге рұқсат етіледі деген қорытынды ғана шығаруға болады. Ал қасақана өлтіруге қатаң тыйым салынады.  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) катапульталарды қолдануға мәжбүр болған болуы мүмкін, өйткені Сақиф тайпасы қамалға бекініп, оларды атқылап, күніне он екі мұсылманнан өлтіріп,  мұсылмандарды қатты мазалаған еді. Сондықтан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) катапульталарды адамдарды өлтіру үшін емес,  тек қабырғаларды бұзу үшін қолдануға мәжбүр болған болуы мүмкін еді, бұл кенеттен жасалынған түнгі шабуылдың барысында орын алған болса да.

Бұдан тыс, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылман адамға шайқас кезінде өз өмірін өлім қауіпіне салуға рұқсат ететін еді, алайда ол өзін-өзі қасақана өлтіруге тіпті шайқас кезінде де тыйым салған. Жанама түрде өз қазасына себепші болу өзін-өзі қасақана өлтіруге рұқсат етілгендікті білдірмейді.

Қалай болған жағдайда да, айтылғанның барлығы азаматтық киім киіп алған адамдар автобекеттерге, ресторандарға, магазиндерге, театрларға кіріп барып, сол жерде жарылыстар жасайтын жағдайларға емес, екі жақ та шайқасуға дайын болған тек соғыс майданында орын алатын нәрсеге қатысты. Мұндай операциялардың нәтижесінде кімдер өледі? Шариғат бойынша өлтіруге тыйым салынған бейбіт азаматтар! Бұдан тыс, бұл жарылыстардан зардап шеккендердің арасында дұшпандарға ешқандай қатысы жоқ адамдар, соның ішінде мұсылмандардың өздері де  болуы мүмкін.

Жиі жағдайда дәл солай болады да, өйткені мұндай операциялар соқыр түрде жасалады және орындаушыларының таңдауына тәуелді болады.

Егер, мысалы, Мароккода, Ресейде, Индонезияда және Сауд Арабиясында орын алған актілерге мұқият талдау жасалса, олардан тек бейбіт тұрғындар ғана зардап тартқанын көреміз.

Сондықтан да, азаматтық ұшақтарды басып алу «сәні» пайда болған кезде, Сауд Арабиясынан және өзге елдерден болған Сүннеттің жақтаушылары бұған қарсы шығып, бүкіл әлемге осы әрекеттердің тыйым салынған (харам) және Ислам тарапынан айыпталатын қылмыс екендігін жариялады. Сауд Арабиясы зардап шекпесе де, Саудияның әт-Таиф қаласында Сауд Арабиясының ірі ғалымдары Кеңесінің толығымен осы мәселеге арналған 32-отырысы өтті. Бұл отырыс 1409 жылдың 12-18 мухаррамында (31.08.1988) өтті. Кейбір мұсылман және мұсылман емес елдерінде жазықсыз адамдардың қаза болуына және азаматтық мал-мүлік пен қоғамдық объектілердің жойылуына әкелген бірнеше зорлық және зиянкестік актілер туралы мәліметтердің негізінде, ұзаққа созылған талқылаулардан және дәлелдер мен қасиетті мәтіндерді зерттеген соң бірауызды  ғалымдардың мына шешімі қабылданды: «Мұндай зорлық актілерін жасаушылар өлім жазасына лайықты».[3] 

жалғасы бар



[1] Түнгі шабуылдау (әл-баят) – дұшпанға түнгі мерзімде жасалатын кенеттен шабуыл жасау. Ол іске асырылған кезде шайқасқа қатыспайтындар да (әйелдер, балалар, т.б.) зардап шегуі мүмкін.

[2] Бұл оқиға  сондай-ақ әл-Мубаракфуриде әт-Таифті қоршауға алуды сипаттаған кезде келтіріледі, бірақ автор да бұл хадистің жеткізушілерінің тізбегін келтірмейді.

[3]  12.01.1409 х. ж. № 148 шешім (Ислам құқығы Академиясының журналынан, № 2, 181-бет).

You may also like...