Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар

Әбу Умар әл-Ғаззидің «Өзін-өзі өлтіру актілерінің және жарылыстардың ауыр зардаптары» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Кітаптың ең көлемді бөлігін ««Жанкештілік» актілерді жақтаушылардың дәйектері және оларды теріске шығару» атты тарау алады. Онда автор адасушылардың негізгі дәйектеріне бірме-бір тоқталып, оларды Құран және Сүннеттің мәтіндерімен және ғалымдардың пікірлерімен теріске шығарады.

Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар

 Жанкештілік актілерді рұқсат етілген деп есептеушілер өзге дәлелдерінің қатарында Аллаһ Тағаланың мына аятын да келтіреді: «Ал Біз үшін күресетіндерді Біз міндетті түрде Біздің жолдарымызбен жүргіземіз. Ақиқатында, Аллаһ ізгілік жасаушылармен бірге!» (әл-Анкабут; 69). Және осымен бірге олар: «Бұл аят мужәхидтер тура жолмен жүруде және жиһадтың олар ойлап тапқан тәсілдері әрқашан нәтижелі болады!», — дейді.

Бұл адамдар өз сөздерінде жиһад мәселелері бойынша пәтуаларды тек онда қатысқан адамдар ғана беруге құқықты деп айтуға дейін барады. Ал соғыс майдандарынан алыстағылар олармен келісуі қажет дейді.

Мұндай тұжырымдар ақиқаттан алыс, өйткені олар Аллаһтың «Біз үшін күресетіндерді» деген сөзідерінің мәнін шектейді және оларды тек әскери жиһадтың қатысушыларына ғана қатысты қолданады, алайда осымен бірге олар осы аяттың мазмұнын осылайша етіп нақтылауға рұқсат беретін ешқандай дәлелге ие емес. Өздерінің білімдеріне сәйкес әрекет жасаушы және Аллаһтың ризалығына ұмтылушы ізгі және тақуа ғалымдар да Раббымыздың жолында өзінің жиһадын жүргізіп, ыждағаттылық танытады. Олар ақиқаттың нұры арқылы адасушылықтың қараңғылығымен күреседі, білім арқылы надандықпен соғысады және Сүннеттің көмегімен діндегі бидғаттармен айқасады. Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Аллаһтан қорқыңдар – Аллаһ сендерді үйретеді» (әл-Бақара; 282); «Аллаһқа иман келтіргендердің жүрегін Ол тура жолға салады» (әт-Тағабун; 11); «Кім тура жолмен жүрсе, Ол олардың тура жолға берілгендігін арттырады да, оларға тақуалық сыйлайды»  (Мухаммад; 17).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Ізгі бол, сонда адамдардың ішіндегі ең құдайшылы боласың». Қз.: «Сахих әл-Жәми» (4580); «Ең жақсы дін – бұл ізгі болу». Қз.: «Сахих әл-Джәми» (3308); «Жиһадтың ең абзалын Аллаһ Тағала үшін өзінің нәпсісімен күресетін адам жасайды». Қз.: «Силсиләт әл-Ахадис әс-Сахиха» (1491). Бұл хадиске байланысты шейх әл-Әлбани: «Оның иснады сахих, ал жеткізушілері сенімге лайықты», — деген.

Өз нәпсіңнің жамандығына қарсы күрес – мұсылман үмметіне едәуір күштірек ықпал ететін жиһадтың түрі екені ешбір күмәнсіз, өйткені әрбір жеке мұсылман жасап жатқан күнәлар үмметіміздің барлық қасіреттерінің, жеңілістерінің және қорлануының негізінде жатыр. Бұл жөнінде нақтырақ Ибн әл-Қайимнің «Заад әл-Мә’ад» кітабының үшінші томын қараңыз (жиһадтың сатылары туралы бөлімде).

Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Сендер оларды екі есесіне ұшыратқан бір қайғыға өздерің ұшырағандықтан: «Бұл қайдан келді?» — дедіңдер. «Ол өздеріңнен!» — деп айт. Шәксіз, Аллаһтың әр нәрсеге күші жетуші» (Әли-Имран; 165).

Бұл дегеніміз, мұсылман үмметінің қорлық көріп, жеңілістерге ұшырап жүруі немесе күш-қуатқа ие болып, үстем болуы әрбір мұсылманның өзіне, оның амалдарына, әрекеттеріне, жүрегінің күйіне тәуелді. Кім Аллаһтың ризалығына ие болуы үшін білім үйренсе және алған білімдеріне сәйкес әрекет жасаса, сол үмметіміздің жеңісіне ықпалын тигізеді. Ол әскери шайқастарға қатыспаса да, ол арқылы дініміз күш-қуатқа ие болады. Сонымен бірге ол  жеңіске соғыс майдандарында шайқасып жүргендердің көбісінен артығырақ ықпал етуі де мүмкін.

Саад ибн Абу Уаққас, Аллаһ оған разы болсын, бірде өзін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маңызы аздау болған сахабаларынан артық деп пайымдаған кезде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Ақиқатында, Аллаһ бұл үмметке оның әлсіз мүшелері арқылы олардың дұғалары, намаздары және ықыластылығы арқылы көмек көрсетеді», — деді. ән-Нәсаи. Шейх әл-Әлбани «Сахих Сунан ән-Нәсаи» (2978) жинағында бұл хадисті сахих деді.

Ал діни әмірлерді ұстануға селқостық танытатындар және оның тыйымдарына жеңіл қарайтындар, күмәнді нәрселерден қашқақтамайтындар және Аллаһтың жолында өздерінің әуес-қалауларымен (құмарлықтарымен) күреспейтіндер мұсылмандардың әлсіздігінің, олардың жеңілістерінің және қорлануының себебі болуда, тіпті егер олар өздерінің мал-мүліктерін құрбан етіп, өздерінің өмірлерін қауіпке салып жатқан болса да.  Қз.: «әл-Фәуәид әл-Жәми’а».

Ал жиһад мәселелері бойынша пәтуаларды тек жиһадқа қатысушы адамдар ғана шығара алады деген пікірге келер болсақ, онда оның жақтаушыларынан: «Сіздер мұны қайдан алдыңыздар? Ешқашан жиһадқа қатысып және шайқасушыларға көмектесіп көрмеген жиырма жеті иорданиялық діндар-докторлардың берген пәтуаларына жүгінетін – сендер емес пе? Егер сендердің пікірлеріңе ілессек, онда мұндай діндарлардан жиһадқа қатысты пәтуаларды алуға болмайды ғой. Сондай-ақ, Катарда өмір сүріп жатқан әл-Кардауидің, Еуропада өмір сүріп жатқан әл-Мәуләуидің, Кувейтте өмір сүріп жатқан Жәиль ән-Нәшмидің, Сауд Арабиясында тұрып жатқан әш-Шу’әйбидің пәтуаларын да алуға болмайды. Бұл адамдардың барлығы соғыс майдандарынан алыс.

Сіздердің ой-тұжырымдарыңызды басшылыққа алсақ, қажылық туралы пәтуаларды тек қажылар, сауда бойынша пәтуаларды тек саудагерлер, ал әйелдердің мәселелері бойынша пәтуаларды тек әйелдердің өздері ғана бере алады деуге дейін баруға болады ғой! Аллаһпен ант етемін, бұл мен естіген және оқыған нәрселердің ішіндегі ең қисынсызы! Иә, олармен тікелей бетпе-бет болған адамдарға ғана мәлім мәселелер болады.  Мұны іс жүзіндегі тәжірибе деп айтады. Алайда ғалымдар жанкештілік актілер туралы және жиһад туралы барлық мәселелер бойынша білімге және толық түсінікке  ие. Егер оларға бір нәрселелер таныс болмаса, олар бұл жөнінде жеке тәжірибесінен түсінікке ие болғандардан сұрайды.

Қарсыластарымыздың мұндай мәлімдемелерінде ғалымдарды жасырын түрде қаралаудың дәмі сезіледі. Олар бізге: “«Жанкештілік» актілердің тыйым салынғандығы туралы пәтуа беретіндер – надандар. Ғалымдар өздері білмейтін нәрселер туралы, өздерінің әуес-қалауларына негізделіп сөйлейді”, — деп айтқысы келгендей.

Аллаһ Ұлы! Мұндай ойлардың болуының өзі тура жолдан тайып кету үшін жетіп асады![1]

Ғалымдар  жиһадттың заң ережелерімен, оның шарттарымен, тірек-ұстындарымен, мустахаб амалдарымен байланысты бірде-бір мәселені түсіндірусіз қалдырмағанын білу қажет. Олар мужәхидтің өзі, оның мінез-құлқы қандай болуға тиіс, дұшпанмен қарым-қатынас жасау қалай болуы қажет, әскери олжаны қалай бөлу керек, бітім мен бейбітшілік келісім-шартын қалай жасау керек деген мәселелерге қатысты бірде-бір мәселені қарастырмай айналып өткен жоқ.   Ғалымдар бұл проблемаларға жүздеген томдар арнады. Ал ендеше мужәхидтер біліп, ғалымдар білмейтін не бар екен?! Мен ашық түрде мынаны мәлімдеймін: біздің үмметке соғыспен байланысты қасіреттер жас мұсылмандар кеңес алу үшін ғалымдарға жүгінбей,  өзінше әрекет жасай бастаған кезде келіп тиді. Дәл осы нәрсе жергілікті жастары шариғат сотын жүргізуге асыққан Шешенстанда орын алды. Бірақ ол жерде соттың рөлін атқарғандардың кім болғанына қараңыздаршы!

Адамдардың өміріне, мал-мүлкіне және ар-намысына қатысты шешімдерді шығаратын соттар – шариғаттың кейбір мәселелерін бірнеше ай бойы ғана оқып үйренген және тілдері Құран оқуды игеріп үлгермеген, пісіп жетілмеген жастар. Олар Шариғаттың заңдарымен тіпті тәрбиеленбеген адамдарға сот үкімін жүргізді. Мұның барлығын мен шешендердің өздерінен естідім. Аллаһ біздің барлығымызды кешірсін және ақиқат жолына салсын!

Бұл актілердің жақтаушылары екі имамға – Абдуллаһ ибн әл-Мубаракқа және Ахмад ибн Хәнбалға жүгінеді, ал олар былай деп айтқан: «Егер адамдар бір нәрселерде тартысса, шекараға жақын аудандардың тұрғындары (әхль әс-суғур) қандай пікірді ұстанатынына қараңдар. Ақиқат солармен бірге, өйткені Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал Біз үшін күресетіндерді Біз міндетті түрде Біздің жолдарымызбен жүргіземіз. Ақиқатында, Аллаһ ізгілік жасаушылармен бірге!» (әл-Анкабут; 69).

Олар, сондай-ақ, Ибн Таймияның мына сөздерін келтіреді: «Егер Исламды уағыздаушылар белгілі бір мәселеде келіспесе, онда оларға мужәхидтердің пікіріне тоқтау қауіпсіздеу болады».

Екі имамның және Ибн Таймияның сөздері әділетті және біз олармен толық келісеміз. Алайда, өте маңызды жайтты, яғни шекараға жақын аудандардың тұрғындары (әхль әс-суғур) дегенде кімдер нақты айтылып тұрғанын түсіндіріп өту қажет. «Шекараға жақын аудандардың тұрғындары» деп өз өлкесін қалдырып, мұсылмандар мен кәпірлердің жерлерін бөлетін шекараға, дұшпанға қарсы тұру үшін аттанған ғалымдарды айтады. Ал жанкештілік актілер ең көп таралған Палестинаға қатысты айтар болсақ, ол жерде тұратын ғалымдардың көбі бұл құбылысқа үзілді-кесілді қарсылығын білдіреді. Егер палестиналықтарды шекаралас аудандардың тұрғындары және мужәхид деп есептесек, онда кімнің пікірін ұстануымыз қажет? Әлде біз соғыс туын көтеріп, өзінің осы әрекеттерін жиһад деп атайтынның әрбірінің пікірін ұстана беруіміз қажет пе?

Бұл актілерді жақтаушылардың басқа дәйегі Абу Имранның дерегі болып табылады. Онда былай деп айтылады: «Біз Константинопольға жорыққа аттану үшін Мәдинадан шықтық. Әскердің басшылығында Абдуррахман ибн Халид ибн әл-Уәлид тұрды. Византиялықтар қала қабырғаларына келіп тіреліп, жабысып алған кезде, бізден біреу дұшпанға қарай өзін тастады және адамдар: «Оған не болған? Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Ол өзін өлімге қиып жатыр!», — деп дауыстай бастады. Сонда Абу Айюб әл-Ансари былай деп айтқан: «Ақиқатында, бұл аят біз туралы түсірілген. Аллаһ Исламға жеңіс сыйлап, Өзінің пайғамбарына көмек берген кезде, біз – ансарлар: «Енді өзімізді мал-мүлкімізге қамқор болуға және жағдайымызды жақсартуға бағыштасақ па екен?!», — дей бастадық. Сонда Аллаһ Тағала: «Аллаһ жолында мал сарып қылыңдар. Өздеріңді опат болуға тастамаңдар», — деген аятты түсірді (әл-Бақара; 195). «Опат болу» дегенде  мал-мүлікке қамқорлық етуге өзін бағыштау және жиһадтан бас тарту меңзеліп тұр». (Әрі қарай осы хадистің жеткізушісі) Абу Имран былай деп айтқан: «Абу Айюб (қаза болып) Константинопольдің қабырғаларының астында жерленгенге дейін Аллаһтың жолында жиһад жүргізуін тоқтатпады». Бұл хадисті Абу Дауд жеткізген. Шейх әл-Әлбани «Сахих «Сунан» Аби Дауд» жинағында (2512) оны сахих деген. Бұл хадисті сондай-ақ Муқбиль әл-Уәди’и «әс-Сахих әл-Муснад мин Асбаби-н-Нузуль»  кітабында (№ 327) келтірген.

Біз: «Жалғыз өзі дұшпанның әскеріне өзін тастаған адам өзін опат етіп жатыр», — деп айтпаймыз.  «Өзін опат ету» деп дүниелік нәрселерге беріліп, жиһадты тастау болады. Жанкештілік актілердің тыйым салынғандығына нұсқайтын ғалымдар жиһадтан бас тартуды айтып тұрған жоқ. Керісінше, жиһад Қиямет Күніне дейін жалғаса береді, алайда оның өз құралдары және шарттары, сондай-ақ, тиімді миссиясы бар».

Жиһад мұсылман үмметін қорғау үшін және оның дұрыс тіршілік етуінің жағдайларын қамтамасыз ету үшін әмір етілген. Мұндай жиһад қорғану жиһады (жиһад әд-дафъ) деп аталады. Егер дұшпан мұсылман жеріне шабуыл жасаған болса, мұсылмандар агрессияны тойтаруға міндетті. Ал егер олар мұны жасауға қабілетсіз болса, олар материалдық және рухани күшке ие болуға қажетті шараларды іске асырып, осыған дайындалуы керек. Мұсылмандарда қалған азғантай күштің де жойылуына әкелетін жиһадтың ешқандай мәні жоқ. Кез келген революцияны ол агрессорларға, жәбірлеушілерге және оккупанттарға қарсы бағытталғандығы үшін ғана жиһад деп атаудың ешқандай мәні жоқ. Сонымен бірге жиһадтың мақсаты тек елді агрессордан азат етуге ғана келіп тірелмейді. Оның мақсаты – жерді күпірліктен азат ету, оның шыққан жері қандай болса да. Жиһадтың мәні «жат» кәпірді қуып жіберіп, билікке «өз» кәпірін келтіру емес. Жиһадта күпірліктің ұлттық шығу тегі ешқандай рөл атқармайды. Өз халқынан болған адам мұсылмандарға жат біреуге қарағанда көбірек жамандық әкелуі де мүмкін. Біз бұны Саддам Хусайнның Кувейттегі арабтарға және Ирақтағы күрдтерге деген қатынасынан көруге мүмкіндігіміз болды. Аллаһтың Шариғаты ұлттық шығу текті ескермейді. Барлық адамдар – Адамнан, Ал Адам – топырақтан.[2]

Жиһад Исламды тарату үшін, оны империялар тарапынан қаналған, кісендерге салынған және Исламның нұрын көруден махрұм қылынған халықтарға жеткізу үшін әмір етілді. Халықтар ақиқатты есту құқығын алуы үшін және оны еркін таңдауы үшін бұл империяларды жою қажет еді. Мұсылмандар жеңген елдердерді мекендеген көптеген халықтармен осылай болды да. Мұсылмандардың мақсаты – қан төгу емес еді, оларды адам өлтіруге және мал-мүлік иемденуге деген махаббат жетелеген жоқ. Мұсылмандар жерлерді басып алып, оларда тұрушы халықтарға өз еріктерімен үш мәртебенің біреуін таңдауды ұсынатын. Ол мәртебелер туралы нақтырақ айтқанда Бурайданың төмендегі хадисінде риуаят етіледі.

Бурайда, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әскердің немесе әскери жорықтың қолбасшысын тағайындаған кезінде, оған Аллаһтан қорқуды және қол астындағы мұсылмандарға жақсы қарым-қатынаста болуды насихаттайтынын және былай деп айтатынын жеткізген: «Аллаһ үшін Аллаһтың жолында соғысыңдар! Аллаһқа иман келтірмейтіндермен соғысыңдар! Соғысыңдар, бірақ сатқындық жасамаңдар, шектен шықпаңдар, мүгедек етпеңдер, балаларды өлтірмеңдер! Егер көпқұдайшылдардан болған дұшпандармен кездессең, оларды үш мәртебенің біреуін қабылдауға шақыр және олардың қайсыбірін таңдаса да, олардан қабыл ет те,  олармен соғусудан өзіңді тарт. Оларды Исламға кіруге шақыр, ал егер олар келіссе, олардан қабыл ал да, олармен соғысудан өзіңді ұста. Кейін оларды өздерінің өлкелерінен мухажирлердің өлкесіне көшуге шақыр және егер олар осыны істесе, оларда да мухажирлердегі құқықтар мен міндеттер болатынын оларға жеткіз. Ал егер олар өздерінің өлкелерін қалдырғысы келмесе, онда олар бәдәуи мұсылмандар ие болған мәртебеге ие болатынын: оларға қатысты Аллаһтың муминдерге қатысты заңдары күшке ие болатынын, ал әскери олжадан үлес оларға тек мұсылмандармен бірге жиһадқа қатысса ғана  тиетінін хабарла. Егер де олар бұл ұсыныстардың барлығына жауап беруден бас тартса, онда олардан жан басына төленентін салықты (жизияны) төлеуді талап ет, ал олар келіссе, олардан қабыл ет те, олармен соғысудан өзіңді ұста.  Егер олар бұдан да бас тартса, Аллаһқа тауекел ет те, олармен шайқасуға кіріс». Абу Дауд. Шейх әл-Әлбани «Сахих «Сунан» Аби Дауд» жинағында бұл хадисті хасан деді. (2613).

Мен құрметті оқырманнан осы үш сөйлемге назар бұруын және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғысқа аттанып жатқан сарбаздарға  орындауды өсиет еткен адамгершілік нормалар жөнінде ой шолуын өтінемін. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды адам өлтіруі үшін соғысқа аттандырған жоқ. Егер бұл осылай болғанда, ол оларға тас үстінде тас қалдырмай, барлық нәрсені қатарынан қырып жоюды бұйырар еді. Егер бұл солай болғанда, ол өзінің қас дұшпаны болған және мұсылмандарға қарсы жиырма жыл соғысқан Абу Суфьян ибн Харбты кешірмес те еді, оның Исламға келуін қабылдамас та еді. Ол Халид ибн Уалидті, Икрима ибн Абу Жәхльді, Амр ибн әл-Асты кешірмес еді. Ол Меккені бағындырған күні меккеліктерді кешірмес еді және олардың өмірлері мен мал-мүлкінің қол сұғылмайтындығына кепілдік бермес еді. Ол оларға былай деп айтпас еді: «Кім Қасиетті Мешітке кірсе – қауіпсіздікте. Кім өзінің үйінің есігін жауып қойса – қауіпсіздікте. Кім Абу Суфьянның үйіне кірсе – қауіпсіздікте». Нақтырақ Сафи әр-Рахман әл-Мубаракфуридің «Жизнь Пророка, да благословит его Аллах и да приветствует» («Әр-Рахиқ әл-Махтум») кітабында және Ибн Хишамның «Мухаммад пайғамбардың өмірбаяны» («Әс-Сира ән-Нәбәуийя») кітабында қараңыз.

Бұл – кешірімділіктің шынайы мысалы. Бұл – күші бола тұра, өш алуға мүмкіндігі болған адамның кешірімі. Бұл – шынайы рахымшылық. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны өзінің сахабаларымен бірге өз үйлерінен қуып салған, жат өлкелерге көшуге мәжбүрлеген және мұнымен шектелмеген адамдарға қатысты танытты. Олар Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіру үшін бірікті, алайда Аллаһ Тағала оны құтқарды. Олар оны өтірікші деп мазақ етті, оған қарсы тайпаларды айдап салып отырды, оны және оның сахабаларын қинап, азаптады. Олар мұсылмандарды тіпті олар Мәдинаға көшіп кеткен кезде де тыныш қоймады және оларды жойып тастау үшін бар мүмкіндіктерін сарп етті. Бірақ бұған қарамастан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды кешірді. Мұндай аса ұлы рахымшылыққа тап болған олар топ-топ болып Аллаһтың дініне кіре бастады!

Құрметті оқырман, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хайбар қамалына әскери жорықтың қарсаңында Али ибн Абу Талибке қолбасшының туын беріп, оны насихаттаған сөздеріне назар аударыңыз! Ол оған не деп айтты?! Ол ең алдымен қарсыласты жойып тастауды емес, оны дұрыс жолға шақыруды бұйырды.

Сахль ибн Саад, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Алиге былай деп айтқанын баяндаған: «Олардың қонысының қасына барып орналасқаныңа дейін абайлықпен жүріп отыр. Кейін оларды Исламға шақыр да, оларға міндеттері туралы хабарла. Ал сен арқылы бір адам болса да тура жолға түссе, Аллаһпен ант етемін, бұл сен үшін қызыл түйелерден жақсырақ болады». Әл-Бухари.

Жанкештілік актілерді жақтаушылар, сондай-ақ, дәйек ретінде Ибн Мас`удтың, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан хадисін келтіреді: ”Біздің Ұлы және ізгілік Сыйлаушы  Раббымыз жолдастары (соғыс майданынан) қашқан кезде өзінің парызын ұғынып, (соғыс майданына) қайта оралып, қаны төгілгенше шайқасатын Аллаһтың жолында соғысатын адамға таңданады. Сол кезде Ұлы және Құдіретті Аллаһ Өзінің періштелеріне: «Менің құлыма қараңдар! Ол Мендегі бар нәрсені қалап және Мен әзірлеп қойған нәрсеге ұмтылып, қаны төгілгенше (шайқасып, шайқас майданына) оралды», — деп айтады”.  Абу Дауд, Ахмад, Абу Йаълә және Ибн Хиббан. Шейх әл-Әлбани «Сахих әт-Тарғиб» жинағында (1384) бұл хадисті хасан деді.

Бірақ бұл жерде сөз өз бастамасы бойынша өзін-өзі өлтірген адам туралы болып тұр ма?! Жоқ, бұл жерде шайқас алаңына қайта оралып, дұшпанның қылышынан мерт болғанынша шайқасуды жалғастырған адам туралы баяндалуда! Осы жағдайда адамда азғантай болса да құтылуға деген мүмкіндік сақталып қалады. Мұндай адам өзгелерді мерт қылу үшін өзін-өзі өлтірмейді. Міне осы – оның әрекетін қазіргі заманның жанкештілік актілерінен едәуір ерекшелейтін жайт. Мұндай актілерді жасайтындар ең алдымен өздерін-өздері өлтіреді. Өздерінің өлімімен олар өзгелердің өмірін үзгісі келеді. Олардың қаруы – олардың өздерінің өлімі. Ал бұған ислам тарихында ұқсас нәрсе бар ма? Әрине, жоқ. Алайда біздің кезімізде біздің қарсыластарымыз өздері адасқан топтардан мирас етіп алған нәрселеріне негіз келтіру үшін кез келген шөпке жармасады. Иә, тура осылай, өйткені осындай өзін-өзі өлтіру актілері жоғары мәртебелі адамдарға және мұсылман ғалымдарына шабуыл жасап, өлтіре алғандарын қиянатшылдықпен өлтіретін, кейін өздерін де өлтіретін исмаилилер және ассасиндер сияқты  адасқан секталарға тән еді.[3]

Жанкештілік актілерді жақтаушылардың тағы бір дәйегі Йамамада орын алған оқиға болып табылады. Сол кезде Бану Ханифа тайпасы жалған пайғамбар Мусайлиманың «Өлім бағы» деп танылған бағына бекініп алған болатын.  Әл-Бара бин Мәлик сонда өзінің серіктеріне: «Мені олардың ішіне лақтырыңдар», — деп айтқан еді. Мұсылмандар оны бекіністің ішіне лақтырды, ал ол мұсылмандарға қақпаны ашып бермейінше олармен соғыса берді. Әл-Бәйһақи.

Олар сондай-ақ мұсылман әскерлері Көпір шайқасында парсылармен кездескендігі туралы деректі де пайдаланады. Сол кезде мұсылмандардың аттары парсылардың пілдерінен үркіп, жан-жаққа қаша бастады. Сонда мұсылмандардың біреуі балшықтан пілге ұқсайтын бейне жасады да, атын оған жақындап баруға үйрете бастады. Сойтіп оны пілге ұқсас жасанды бейнеге үйренуге мәжбүрледі. Таң ертең оның аты пілдерден қашпайтын болды, ал ол атының үстіне мініп, келе жатқан пілге қарсы батылдықпен тап берді. Адамдар оған: «Тоқтай тұр, бұл піл сені өлтіреді ғой!», — деді. Ал ол: «Оқасы жоқ! Мейлі мен өлейін, бірақ мұсылмандар жеңіске жетеді ғой!», — деп жауап берді.  Қз.: «Тарих әт-Табари» (2/363).

Йазид ибн Абу Убайда риуаят еткен басқа хадисте: «Мен Сәләма ибн әл-Ақуадан: «Һудайбия күні сендер Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) не нәрселерге ант бердіңдер?» — деп сұрадым. Ол: «Өлімге», — деп жауап берді», — деп айтылады. әл-Бухари және Муслим.

Мухаммадтың сөзінен баяндалған Ибн Ауннан келген тағы бір деректе былай деп айтылады: «Бірде шығыстан кәпірлердің бір отряды келді. Ансарлардың біреуі оларды қарсы алды да, оларға қарай шабуыл жасады. Ол қарсыластың қатарларын кесіп өтті де, арғы жағынан шықты және осыны екі немесе үш рет қайталап жасады. Саад ибн Хишам бұл жөнінде Абу Хурайраға баяндап бергенде, ол «Адамдардан Аллаһтың ризалығын іздеп, жанын сататындар да бар. Аллаһ құлдарына тым жұмсақ» деген аятты оқыды» (әл-Бақара; 207). Бұл хадисті Ибн Абу Шайба жеткізді (5/322).

Жанкештілік актілерді қолдайтындардың дәйектері осындай. Бірақ бұл деректердің қай жерінде өзін-өзі өлтіруге, өзінің өмірін өзі мерзімінен бұрын үзуге нұсқау бар?! Суреттелген ерліктердің барлығы Ибн Мас`удтың хадисінде баяндалған шайқасуға қайта оралған адамның ерлігіндей. Бұл хабарлар, осы актілердің жақтаушылары келтіретін өзге де барлық дәйектері сияқты, өзін-өзі өлтірулерді ешқандай ақтамайды. Бекіністің ішіне лақтырылған сахаба құтылды да, қақпаны ашты, ал өзін-өзі жарып тастаушы аман қалып құтылуға еш мүмкіндігі қалмайтынын біледі.

Біздің қарсыластарымыздың «Бірақ сахаба өзін бекіністің ішіне лақтыруын талап етіп тұрып алып, өз өмірін анық түрде қауіпке салды ғой! Оның өлтірілуі толық ықтимал еді ғой!» деген келіспеушіліктеріне біз: «Өмірін қауіпке салып, өлутірілуі мүмкін болған адам мен құтылуға деген ешқандай мүмкіндікке ие болмаған, өлімнен еш қашып құтыла алмайтын   өзін-өзі өлтірушінің арасында өте үлкен айырмашылық бар!», — деп жауап береміз.

Сахабалар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Һудайбияда өлімге берген сертіне келер болсақ, ол соңғы тамшы қан қалғанша шайқасуды және соғыс майданынан қашпауды білдірді және өзін-өзі өз қолымен өлтіруді еш білдірмейді!

Бұдан тыс, жоғарыда аталған актілердің жақтаушылары сүйенетін барлық деректерде сөз сарбаздың дұшпан позицияларына енетін немесе қарсыласқа шабуыл жасайтын жағдайлары туралы болуда, бірақ бейбіт қалаға, ауылға, ауруханаға немесе бекетке емес.  Олармен автоматтық қарумен немесе бір буда гранаталармен дұшпанның қарулы кешенінің ішіне кіріп, қарсыласты қару-жарағы біткенше өлтіретін, кейін оны дұшпандар не ұстап алатын, не өлтіретін адамның әрекеттерін ақтауға болады. Мұндай ситуацияда адам дұшпанның қолынан мерт болады, ал оның әрекеттері қарсыластың күш-қуатына сезілетін шығын тигізеді. Ал егер оның әрекеттерінің нәтижесінде дұшпан салмақты шығындар шекпесе, онда мұндай шабуылдарды жасауға болмайды, өйткені шабуылдаушы мұндай жағдайда дұшпан әскерлерінің қатарына өзін тастаушы соқыр адам сияқты болады.[4]

Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда сипатталған әскери ерліктерді жасауға белгілі жағдайлар (шарттар) болғанда ғана рұқсат етіледі. Бұл жағдайлар (шарттар) ғалымдар тарапынан әртүрлі етіп келтіріледі, алайда олардың барлығы мазмұны бойынша бір-біріне жақын:

Ерлік жасайтын адам өзі өлтірмейінше өлтірілмейтінін білуі қажет.

Адам өзінің шабуылымен дұшпанға сезілетін шығын келтіре алатынын білсе ғана оған мұндай ерліктерді жасауға рұқсат етіледі.

Бұл, егер адам осынысымен дұшпанға қиратушы соққы берсе немесе оның ерлігі мұсылмандарға пайда әкелсе, рұқсат етіледі.

Бұл, егер адам дұшпандарға мұсылмандардың батылдығын көрсетіп, олардың моральдық рухын сындыратынын білсе, рұқсат етіледі.

Бұл, егер нәтиже мұсылмандардың әлсіреуіне соқтырмаса, рұқсат етіледі.

Ал олардың барысында адам денесіне жарылғыш қондырғыны байлап алып, немесе автокөлікті жарылғышпен толтырып алып, дұшпанға тұтқынға беріліп жатқандығын көрсетіп, немесе оның сеніміне кіріп алып, содан кейін оны өлтіретін операцияларға келер болсақ, бұл операциялар мен рұқсат етілген ерліктердің арасында бірқатар нәзік айырмашылықтар бар. Мұндай актілерді, тарихи деректерге сүйеніп, рұқсат етушілер оларды байқамайды немесе байқағысы келмейді. Бұл айырмашылықтар мыналарға келіп тіреледі:

1. Тарихи деректерде баяндалған ерліктерде өлім қарсылас тарапынан келді және ерлік жасаушыларда азғантай болса да құтылу мүмкіндігі болды. Ал қазіргі замандағы «жанкештілік» актілерге келер болсақ, оның атқарушылары өз қолдарынан мерт болуда және соған қоса олардың өлімі міндетті түрде орын алады.

2. Мұндай актілердің негізінде адамның өзін-өзі өлтіруі, ал содан кейін барып өзгелерді өлтіруі жатыр. Белгілі бір себептермен адам өзінен басқа ешкімді өлтіре алмай қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайларда о бастан опат болуға ұмтылуға рұқсат етілмейді.[5] Өмірді сақтап қалу – Шариғаттың ең басты міндеттерінің бірі. Қалайша енді мұсылман адам дұшпанның өлімі үшін өз жанын мақсатты түрде опат ете алады?! Мұсылманның өмірін сақтап қалу дұшпанның өмірін үзуден артығырақ. Сөйтіп, мұндай актілердің барлығы Шариғаттың негізгі қағидаларына біреуіне қайшы келетіні толығымен анық болды.

Абдуллаһ ибн Амр, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны тауап жасап жүріп былай деп айтқанын көргенін баяндаған: «Сен нендей әдемісің және сенің хош иісің нендей әдемі! Сен нендей ұлысың және сенің қасиеттілігін нендей ұлы! Бірақ Мухаммадтың жаны Қолында болғанмен ант етемін, Аллаһ үшін муминнің қасиеттілі мен қол сұғылмайтындығы сенің қол сұғылмайтығыңа қарағанда ұлы. Муминнің мал-мүлкі мен өмірі қол сұғылмайтын (нәрсе) және біз ол туралы тек жақсы ойда болуымыз керек». Ибн Мәжаһ. Шейх әл-Әлбани «Силсиләт әл-Ахадис әс-Сахиха» (3420) жинағында бұл хадисті сахих деген.

Шейх әл-Әлбаниге  Абу Басыр[6] деген сахабаның оқиғасына сілтеме жасап, жалғыз түрде «жиһад» жүргізуді және «шәһидтік» актілер деп аталатын әрекеттерді жасауды мақұлдайтын ұйымдарға қатысты сұрақ қойылды. Шейхтан Исламның бұл актілерге қатынасы туралы сұрады. Жауап ретінде шейх былай деп сұрақ қойды:

Сендер сұрап жатқандар қанша жыл әрекет етуде?

— Төрт жыл.

Олар жетістікке жетті ме, әлде шығынға ұшырады ма?

— Шығын шекті.

— Олардың жеткен нәрселері бойынша олар туралы біле беріңдер, — деп қорытындылады шейх. Тыңдаңыз «Силсиләт әл-Һуда уә ән-Нур», № 527 аудиотаспа.

Ендеше, осыдан кейін «Ихуан әл-муслимин» ағымының қазіргі заман идеологтарының бірі, аты танымал Юсуф Кардауи қалайша мұндай актілерді рұқсат етілген деп санайды. Ол: «Мужәхид отанды құтқару үшін және Құдайдың жолындағы шәһидтікке ұмтылып,  Аллаһқа жанын сататын, өз басын оның Қолына қоятын шәһид-ердің алдында әлсіз болып қалатын Аллаһтың дұшпандарын жою үшін белгілі жерде және белгілі уақытта жарылатын тірі бомбаға айналады. Бұл жасөспірімдер өз жерін – мұсылмандардың жерін, өз дінін, ар-намысын, ұлтын қорғауда… Олар – өз өмірін аямайтын және Аллаһтың жолында оларды ерікті түрде құрбан ететін шынайы шәһидтер. Олар ниеттері таза және өз агрессиясын табанды түрде жалғастырып жатқан, өз күш-қуатымен және оларды басқа да ірі күштер қолдайтындығымен сүйсінген Аллаһтың дұшпандарын қорқыту үшін күрестің осындай түріне баруға мәжбүр. Бұл жасөспірімдер олардың жерлерін басып алғандарға, олардың отбасыларын осы жерден қуып жібергендерге қарсылық жасауда. Олар өздерінің құқықтарына қол сұққандарға және оларды болашақтан айырғандарға қарсы күресуде. Ал дұшпандар оларға және олардың дініне қарсы өз агрессиясын тоқтатпайынша, олар өзін қорғауға міндетті, оларға Исламның Ұлы жерінің бөлігі болған өз жерлерін өз еркімен беруге рұқсат етілмейді», — дейді.

Бұл жалынды және эмоционалды сөз қандай да бір дәлелдерге сүйенбейді, және жанкештілік актілер олардың жақтаушылары мақтанатын нәтижелерге қарама-қарсы нәтижелерге жеткізгенін тәжірибе көрсетуде. Израильдіктер өлтірген палестиналықтардың саны палестиналықтардың жасаған жанкештілік актілерден зардап шеккендерден көп есе асады. Бұдан тыс израильдіктер палестина қозғалысының көптеген белсенділері мен жетекшілерін қиянатшылдықпен өлтірді. Олардың қысымы соған дейін жетті, олар  Палестина халқынның барлығын үлкен гетто сияқты жерге, қабырғамен қоршалған қазіргі заманның «концлагеріне» қамап тастады.  Жанкештілік актілер дұшпанның ызалануына әкеп соқтырды және оның өшпенділігін арттырды, біз бұл жөнінде алдын айтқанымыздай. Бұл актілер дұшпанның қолын босатты және оларды мұсылмандарға қарсы жаңа қылмыстарға ынталандырды. Мұның үстіне, бұл актілер дүние жүзіндегі барлық мұсылман еместерді әрбір мұсылман ер мен әйелге қарсы бағыттап қойды. Ал ендеше, сендер бұл актілердің қандай пайдасы және қандай игілігі туралы айтып тұрсыңдар?!

Изрильдіктер темірді бетоннан қабырға тұрғызып, палестиналықтардың қалалары мен елді мекендерін шынайы түрмеге айналдыруда. Бұл құрылыстың нәтижесінде мыңдаған гектар палестиналықтардың жері тәркіленуде. Сонымен бірге израильдіктер осы қабырғаның тұрғызылуына миллиондаған доллар ақша жұмсап, мухиттың арғы жағынан миллиардтаған доллармен өлшенетін көмек алуда.

Егер сіз, құрметті доқтор, бұл актілерді палестинада рұқсат беріп жатқан болсаңыз, онда сіздің қисыныңызға ілесіп, сіз олардың дүние жүзінің барлық жерінде де: мысалы, Америкада, Индонезияда, Сауд Арабиясында, Кувейтте, немесе Мароккода — орындалуын да рұқсат етуіңіз керек, өйткені оларды осы елдерде орындап жатқандардың да дәйегі тура сондай. Олар сионисттермен және оларға ерекше қолдау көрсетіп жатқандармен күресіп жатыр-мыс. Онда, құрметті доктор, сіз реттілікті сақтап, Ресейде орын алған оқиғаларды да мақұлдауыңыз керек қой, өйткені осының барлығының негізінде бір ғана қағида – өзгелердің қаза болуы үшін өзін-өзі өлтіру жатыр.

Доктор әл-Қардауи Палестинадан тыс жасалып жатқан актілерді айыптайды және тіпті оларға тыйым салады. Алайда: «Мұндай актілер қай жерде өткізілетінінің қандай айырмашылығы бар және оларды жер бетінің бір бөлігінде жасауға рұқсат беруде және басқа бір бөлігінде тыйым салуда не нәрселер өлшем болып табылады?», — деп сұрағымыз келеді.



[1] «Жанкештілік» актілердің ұйымдастырушылары және жақтаушылары жиі жағдайда  ғалымдарды «сарай діндарлары», «хайыз бен нифас  діндарлары», «сары қағаз діндарлары» деп т.б. атап,  қаралайды және олардан адамдарды кері бұрғысы келеді. Олар бұл ғалымдар тәуелді және қаналған деп ойлайды. Аллаһ бізді мұндай көзқарастардан сақтасын! Бұл – идеологиялық лаңнан (террордан) өзге еш нәрсе емес, өйткені бұл көзқарастарды насихаттаушылардың мақсаты – адамдарды қорқытып, оларды ірі ғалымдарға жүгінуден, әсіресе олардың ішіндегі өзін-өзі өлтіру және зорлық актілерге қарсы шығатындарына жүгінуден бас тартқызу. Ал, осы актілердің жақтаушылары өздерінің пікірімен келісетіндерді тауып алса, оларға арнап мақтау дифирамбтарын (салтанатты мақтау өлеңі) сайрай бастайды, бұл әш-Шуайбимен, әл-Ульуанмен және әл-Мәулауимен орын алғандай.

[2] Осыған байланысты көрнекті ғалым Ибн Баздың «Араб ұлтшылдығын әшкерелеу» деген шағын мақаласы  бар.  Аллаһ Тағала маған да ұлтшылдық пәлсапаны және нәсілшілдікті әшкерелеуге арналған қарапайым, түсінікті очерк жазуды жеңілдетті.

[3] «Ассасиндердің құпиялары» кітабын қараңыз. Шәржа, Дар әл-Фатх.

[4] Бұл тақырыпқа алдын имам әл-Ғазалидің сөздері келтірілген еді.

[5] Хасан Айюб «Джиһад и подвиг в Исламе», 166-167 беттер.

[6] Абу Басырдың уақиғасы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтармен Худайбия келісімін жасасқаннан кейін орын алды. Бұл келісім бойынша мұсылмандар Исламды қабылдап, Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келген кез келген адамды құрайштықтарға қайтаруға міндетті болды. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл келісім-шартқа қол қойған соң Мәдинаға қайтып келгенде, оған құрайштықтардан қашып келген Абу Басыр келді. Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келісім-шарттың шарттарын орындап, Абу Басырды оның ізінен қуып келген екі құрайштықтарға қайтып берді.  Құрайштықтар оны өздерімен бірге Мәдинадан алып кетті. Зуль-Хулайфаға жеткен кезде, олар құрма жеу үшін аттарынан түсті. Абу Басыр олардың біреуіне: «Аллаһпен ант етемін, Сенің қылышың өте мықты екені көрініп тұр!» — деді. Сонда екіншісі қылышын қынынан шығарып: «Аллаһпен ант етемін, ол шындығында да өте мықты және мен оны бірнеше рет іс жүзінде көрдім», — деді. Абу Басыр: «Мен оны көрсем болады ма?», — деді, ал ол оған қылышты берген кезде, Абу Басыр онымен  кәпірді өлгенінше шауып тастады. Ал, екінші құрайштық қашып үлгерді де, Мәдинаға жеткенге дейін тоқтамады. Ол мешітке жүгіріп кірген кезде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мына адам бір нәрседен қорыққан сияқты ғой», — деді. Ал ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақындап келіп: «Аллаһпен ант етемін, менің жолдасым өлтірілді, мен де!» — деді. Кейін Абу Басыр келді де: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Аллаһпен ант етемін, Аллаһ сені барлық міндеттемелерден босатты, өйткені сен мені оларға қайтарып бердің, ал содан соң Аллаһ мені олардан құтқарды», — деді. Ал, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Оның шешесіне қасірет! Егер онымен бірге тағы біреу болғанда, ол (бізді) соғысқа алып келер еді», — деді. Бұл сөздерді естіген Абу Басыр Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны құрайштықтарға қайтарып беретінін түсінді де, мешіттен қашып шықты және теңіздің жағалауына жеткенше тоқтамай қаша берді.   Ол жерде ол Абу Жәндәлмен кездесіп, онымен бірге қарулы отряд құрып, құрайштықтардың керуендеріне шабуылдар жасай бастады. Сөйтіп, олар құрайштықтарды Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған келетін мұсылмандарды қабылдауын (құрайштықтарға қайтармауын) сұрап, өтініш жасауға мәжбүр етті. Бұл хадисті әл-Бухари жеткізген.

жалғасы бар

You may also like...