Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың (Аллаһ оны рахымына бөлесін) әмірлерге (ел басшыларына) қарсы шығу туралы сұрақтарға берген жауаптары

Сұрақ: «Құрметті шейх, «Кейбір әмірлердің ауыр күнәлар жасауы оларға қарсы шығып, өзгерістерге қол жеткізуге оқталуды қажет етеді» деп есептейтін адамдар бар, бірақ бұл сол елде өмір сүріп жатқан мұсылмандарға зиян тигізеді және оның салдарынан бүкіл ислам әлеміне қиындықтар келуі мүмкін. Сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?»

Жауап: «Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен! Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Аллаһтың Елшісіне, оның отбасына, сахабаларына және оның басшылығының себебімен дұрыс жолға түскендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Әй, мүміндер. Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, Пайғамбарға ұсыныңдар, егер сендер Аллаһқа, Ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы хайырлы да, нәтижеде жақсы» (ән-Ниса сүресі,  59-аят).

Бұл аятта әмірлерге бағынудың міндетті екендігі туралы айтылуда, «әмірлер» деп билік иелері де, сондай-ақ білім иелері де айтылуда, ал Аллаһ Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахих хадистерінде шариғат мақұлдайтын нәрселерде оларға бағыну қажетті және міндетті болып табылатындығы нұсқалады.

Хадистер шариғат құптайтын нәрселерде әмірлерге бағыну туралы айтылып тұрғанын түсіндіреді. Сөйтіп, мұсылмандар әмірлерге (шариғат) мақұлдайтын нәрселерде бағынуы керек, бірақ күнәлі істерде емес, ал олар күнәлі істерге бұйырса, онда оларға бағынбау керек. Сонымен қоса, осы үшін оларға қарсы көтеріліске шығуға да рұқсат етілмейді, өйткені Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Егер адам өз әмірінің белгілі бір күнәлі іс істеп жатқанын көрсе, ол істеп жатқан сол күнәлі істі жек көрсін, бірақ ешбір жағдайда оған бағынудан шықпасын». Имам Ахмад «Муснад», 6/24/28; Муслим «Сахих», № 1855 хадис.

Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ былай деді: ««Кім (әмірге) бағынудан шықса және (мұсылман) жамағатынан бір сүйем де қашықтаса және сол қалпында өлсе, жәхилиет дәуірінің өлімімен өлген болады имам Ахмад «Муснад», 2/296; Муслим «Сахих», №1847 хадис.

Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, тағы да былай деген: «Адам (әмірге) құлақ асуы керек және оған өзіне ұнайтын нәрседе де, ұнамайтын нәрседе де бағынуы керек, тек оған күнәлі бір нәрсе істеу бұйырылмаса ғана, ал оған күнә істеу бұйырылса, ол тыңдамау да, бағынбау да керек». Муслим «Сахих», №1839 хадис; ән-Насаи «Сунан» , 7/160.

Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзінен кейін олардың кейбір істерін сахабалар мойындайтын, ал кейбір істерін теріске шығаратын әмірлер пайда болады деп айтқанда, олар: «Сен бізге не істеуді бұйырасың?» — деп сұрады, ал ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұған: «Оларға (беруге) тиісті болғандарыңды беріңдер де, Аллаһтан өздеріңе қақыларың бойынша тиісті нәрсе жайлы сұраңдар», — деп жауап берді. әл-Бухари «Сахих», № 7052 хадис; Муслим «Сахих», № 1843 хадис.

Убада бин әс-Самиттің, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «(Кезінде) Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бізді өзіне шақырды, ал біз оған ант бердік және өзге де нәрселердің қатарында ол бізден бізге жеңіл және ауыр болған кезде де, өзімізге заңды түрде тиісті болған нәрселерден айырған кезде де  (оған) бағынатынымыз және құлшынысты болып, құлықсыздық танытпайтынымыз туралы ант беруімізді талап етті.  Біз заңды әмірді билігінен құлатуға ұмтылмаймыз (деп ант бердік), ал Ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Тек қана (оның) айқын күпірлікке түскенін көрмесеңдер, бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса[1]», — деді.   әл-Бухари «Сахих», № 7056 хадис; Муслим «Сахих», № 1709 хадис.

Осыдан мыналар келіп шығады: биліктің қоластында болғандарға әмірлермен егеске түсуге де, оларға қарсы көтеріліске шығуға да болмайды, тек қана олар әмірдің айқын күпірлікке түскенін көрмесе және бұл жөнінде оларда айқын дәлелдер болса ғана. Бұндай тыйым әмірге қарсы шығу үлкен қасіреттерге, қоғамдық қауіпсіздіктің бұзылуына және адамдардың құқықтарының шектелуіне әкеп соқтыруы мүмкін екендігімен, бірақ жәбір көрсетушіні тоқтатуға және жәбір шегушілерге көмек көрсетуге кепілдік бермейтіндігімен ғана түсіндіріліледі. Бұл мұсылмандар әмірдің анық күпірлікке кіргенін көріп және бұл жөнінде оларда айқын дәлел болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Сонда ғана олар мұндай әмірге қарсы көтеріліске шығуларына болады, егер олардың күш-қуаты бұған жетсе; кері жағдайда қарсы шығуға болмайды, өйткені бұл оларға көбірек зиян әкеледі. Шариғаттың барша мойындаған ережелерінің біріне сәйкес жамандықты одан да асқан жамандықпен тоқтатуға (жоюға) болмайды, жамандықты оны жоятын нәрсемен, немесе жеңілдік әкелетін нәрсемен ғана тойтару керек.

Осы ережеге сүйеніп, мынаны айтуға болады: егер адамдардың бір тобы, қажетті мүмкіндіктері бола тұра, күпірлікке айғақ  болатын амалдар жасап жатқан  әмірді орнынан алып, оның орнына ізгі және салиқалы әмірді тағайындауды қаласа және бұл (әрекет) мұсылмандарға зиян тигізбесе және бұрыңғы әмірден де асқан жамандыққа айналмаса, онда көтеріліске шығуға болады.

Ал егер көтеріліс зиян келтірсе және қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жазықсыз адамдардың езгіге түсуіне және өлтірілуіне, сондай-ақ өзге де ұлы апаттарға әкеп соқса, онда бұған рұқсат етілмейді. Бұндай жайттарда сабырлық танытып, әмірге шариғат тарапынан мақұлданатын нәрселерде бағыну керек, билік өкілдеріне игі кеңестер беріп, Аллаһқа олар үшін жалбарыну керек, сондай-ақ жамандықтың азаюы және жақсылықтың көбеюі үшін бар күш-жігерді сарп ету керек. Соңынан  ілесуге тиісті дұрыс жол осы болып табылады, өйткені мұндай әрекеттер барлық мұсылмандардың пайдасына қызмет атқарады, жамандықты азайтып жақсылықты арттыруға мүмкіндік береді, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді және мұсылмандарды бұдан да үлкен жамандықтардан сақтап қалады, ал біз Аллаһтан баршаға көмектесуін және тура жол сілтеуін тілейміз.

Сұрақ: «Құрметті шейх, сіз атаған нәрселер Сүннет пен келісімнің жақтаушыларының (әһлю-Сунна уәл-жамаъаның) негізгі ұстындарының бірі болып табылатынын біз білеміз. Алайда, өкінішке орай, кейбір жастар бұндай идеяларды ұтылушылардың идеялары деп түсініп, оларда қорқақтықтың белгілерін көреді. Міне, сол үшін олар, өзгерістерді іске асыру үшін, зорлық қолдануға шақырады».

Жауап: «Мұндай сөздерді айтып жүрген адамдар қателеседі және олардың түсініктері таяз, өйткені олар Сүннетті түсінбейді және оны лайықты түрде білмейді. Қызбалаңдығы мен құштарлы құлшыныстары оларды дұрыс емес нәрселерді жоюға итермелейді, осы үшін олар хауариждер мен муътәзиләлар сияқты шариғатқа қарама-қайшы шығуға тура келетіндіктеріне қарамастан.

Ақиқатқа көмектесуге деген қалаулары немесе діндегі ерекше құлшыныстары  оларды жалған нәрселерге әкелді, соның салдарынан олар мұсылмандарды істеген күнәлары үшін күпірлікте айыптай бастады немесе күнә істегені үшін адамдар Тозақта мәңгі қалады деп айтатын болды, бұның мысалы ретінде муътәзиләлардың тұжырымдамаларын келтіруге болады.

Хауариждер күнәхарларды күпірлікте айыптап, олар Отта мәңгі қалады деп тұжырымдады.  Муътәзиләлар олардың күнхарлар Отта мәңгі қалады деген тұжырымдамасымен келісті, бірақ бұл дүниеде күнә жасаушылар кәпірлердің де, иман келтіргендердің де қатарында емес, екеуінің арасындағы аралық кейіпте болады деп айтты, алайда бұл тұжырымдардың барлығы да адасу болып табылады.

Сүннет пен жамағаттың жақтаушылары (әһлю-Сунна уәл-жамаъа) күнә жасаушыны оның жасаған күнәсі үшін, егер ол осындай күнәні жасауға болады деп санамаса, күпірлікте айыптауға болмайды деп есептейді. Мысалы, зина жасаушы да, ұрлық жасаған адам да, арақ ішуші де кәпір болып табылмайды, бірақ олардың әрқайсысы иманы әлсіз күнәхар және пасық болып табылады.   Мұндай адамға шариғат бекіткен жазаны қолдану керек, бірақ оны күпірлікте айыптауға болмайды, тек ол өзі жасаған күнәсін рұқсат етілген деп есептемесе және «бұл рұқсат етілген» деп айтпаса.

Хауариждердің, адамдарды күпірлікте айыптаулары негізсіз болғандай, бұл жөніндегі тұжырымдары да негізсіз болып табылады. Міне, сол үшін мұндай адамдар жөнінде Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ақиқатында, (алғашында) олар Исламнан ауытқып кетеді де, кейін оған қайта оралмайды», — деген.  Муслим «Сахих», №1067 хадис; Ибн Мажжәһ «Сунан», 1/170.

Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ былай деді: «Олар мұсылмандармен соғысып, пұтқа табынушыларды тастап қояды». әл-Бухари «Сахих», №3344 хадис; Муслим «Сахих», №1064 хадис, Абу Дауд «Сунан», №4764 хадис; ән-Насаи «Сунан», 5/87.

Өздерінің соқыр сенімдерінің, надандығының және адасушылығының салдарынан хауариждер осындай жағдайға түсті. Ал жас және ересек адамдарға келер болсақ, олар хауариждер мен муътәзиләларға еліктемеуі керек. Керісінше, олар Сүннет пен келісімнің жақтаушыларының (әһлю-Сунна уәл-жамаъаның) жолымен жүріп, шариғаттың нұсқауларын басшылыққа алып, аят пен хадистерде айтылғандарға еруі керек. Бұл дегеніміз: олар әмірге оның істеген күнәсі немесе күнәлары үшін қарсы шықпаулары керек, жоқ, олар өздерінің мақсатына жетпейінше және жамандық азайып немесе жойылып кетпейінше, ал жақсылық көбеймейінше, жақсы және дана әдістерді қолданып және ең күшті дәлелдерді келтіріп, оған игі кеңестер беруі керек, оған хат жазып онымен сөйлесуі керек.

Бұл жөнінде хадистерде айтылады, ал Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Сен оларға Аллаһтың мейірімі бойынша жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді» (Әли Имран сүресі, 159-аят).

Сонымен, тура жолға шақырушылар шариғаттың шеңберінен шықпауы керек және жақсы сөздерді, даналықпен сәйкес келетін әдістерді пайдаланып, Аллаһ билікке жеткізген адамдарға игі кеңестер беруі қажет. Және олар, жақсылық көп болып, жамандық азаймайынша, өз шақыруларында зорлықты емес, ең жақсы әдістерді қолданатын, әмірлерге игі кеңестер беретін және оңашада Аллаһтан оларды тура жолға бағыттауын, игілікке жетуін, күнәлардан бас тартуын және ақиқатты ұстануын жалбарынып тілейтін  Аллаһқа шақырушылардың саны көбеймейінше, осыйлайша істеуі керек.

Және олар Аллаһтан Аллаһ ісі үшін құлшыныс танытып жатқан өздерінің бауырларына да осыны тілеуі керек, олар зорлықты емес, ең жақсы нәрселерді пайдаланып, Аллаһ жолына шақырумен белсеңді айналысулары үшін, оларға үгіт-насихат беруі қажет. Осылардың себептерімен жақсылық көбейе түседі, ал жамандық азаяды, Аллаһ әмірлерге игілікке апаратын жол көрсетеді және барлығы да ең жақсы нәрселерге қол жеткізеді».

Сұрақ: «Белгілі бір топтың әмірге қарсы шығуға қажетті болған шариғи негіздемелері жеткілікті делік, бірақ сол (негіздемелер) әмірдің көмекшілерін және де үкімет органдарында жұмыс істейтін адамдарды, мысалы, полицейлерді, қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін және өзге де адамдарды өлтіріп жоюды  ақтайды ма?»

Жауап: «Алдын мен әмірге қарсы шығуға тек екі шарт болған кезде ғана жол беруге болады деп айтып өткен болатынмын: олардың бірі – әмір тарапынан айқын күпірлік танытылса және көтерілісшілер ол жөнінде Аллаһтан түскен дәлелдерге ие  болса; ал екіншісі – әмірді орнынан жағдайды қиындатуға әкелмейтіндей етіп ығыстыру мүмкіндігінің болуы».

Сұрақ: «Кейбір жастар мұсылман мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан немесе сапармен келген мұсылман еместермен шариғатқа сәйкес қатал қарым-қатынас жасау керек деп есептейді, сондықтан егер мұсылман еместердің қылықтарында ұнамсыз нәрсе көрсе, оларды өлтіруді және тонауды өзіне рұқсат етіп жүргендер де жоқ емес».

Жауап: «Елге кіруіне мемлекет рұқсат берген күнәхарлар мен мұсылман еместерді өлтіру, сондай-ақ оларға қарсы зорлық акцияларын жасау рұқсат етілмейді, ал қандай да бір келеңсіздіктер туындаған жағдайда, оларды сот органдарына тапсыру керек, өйткені тек шариғат соты  ғана мұндай мәселелерді қараумен айналыса алады[2]».

Сұрақ: «Егер елде шариғат соттары болмаса, не істеу керек?»

Жауап: «Егер елде шариғат соттары болмаса, онда әмірлерге, олар шариғат нормаларының негізінде сот жүргізе бастағанға дейін, жақсы кеңестер беру, оларды игілікке бағыттау және олармен ынтымақтастықта болу ғана қалады, ал өз қалауымен жүгенсіз сот жүргізуге жол берілмейді. Әмірлермен ынтымақтастықта болып, ең жақсы тәсілдерді қолдану арқылы оларды сот үкімдерін шариғат бойынша шығаруға ынталандыру керек. Міндетті түрде ең жақсы дәлелдердің көмегімен ғана насихат беру керек және игілікке бағыттап, жамандықтан қайтару керек, ал Аллаһ Тағала былай деді:  «Сондықтан шамаларың келгенше Аллаһтан қорқындар» (әт-Тағабун сүресі, 16-аят)

Ал адам өлтіру немесе қақтығыстар арқылы көрініс беретін қайтаруға келер болсақ, бұл, күмәнсіз, жағдайды тек одан сайын шиеленістіреді  және одан да көбірек зиян тигізеді, бұл жөнінде осы мәселені зерттеген әрбір адам хабардар».

Сұрақ: «Біздің салиқалы алдынғы буын өкілдері көпшілік алдына шығып әмірлерге сын білдірген бе, әрі олар әмірлерге игі насихатты қалай берген?»

Жауап: «Әдетте олар әмірлердің кемшіліктері туралы көпшіліктің алдында  сөйлемеген және мінберлерге[3] шығып мұндай нәрселер туралы жарияламаған, өйткені бұл анархияға, шариғат мақұлдайтын нәрселерде де әмірлерге бағынбауға және тек қана зиян әкеліп, еш пайда бермейтін нәрселерге әкеп соқтыруы мүмкін. Әдетте діннің салиқалы алдыңғы буын өкілдері әмірге игі насихатты онымен оңаша қалғанда беретін, оларға жолдаулар жазатын немесе әмірмен байланыста болған ғалымдармен байланысты үзбей ұстап отыратын. Олар қайтарылған нәрселерге сөгіс білдіру үшін, зина жасайтын, арақ-шарап ішетін немесе өсімқорлықпен айналысатын адамның атын атамаған, ол әмір болса да, немесе биліктің қол астындағы болса да, ал бұл (өз кезегінде) қайтарылған нәрсені айыптауға және осындай (күнәларды) жасаудан кез келген адамды тыйуға мүмкіндік беретін.

Усманның, Аллаһ оған разы болсын[4], билік жүргізуінің тұсында бүлік басталған кезде бір кісі Усама бин Зәйдке[5]: «Сен Усманмен сөйлесіп көрмейсің бе?», — деді, ал ол оған: «Мен онымен сендердің көздерінше сөйлеседі деп ойлайсыңдар ма, бірақ мен онымен тек оңаша сөйлесемін, өйткені мен осылай (сендер айтқандай) істейтіндердің алғашқысы болғым келмейді[6]», — деп жауап берді.

Усманның, Аллаһ оған разы болсын, басқару тұсында адамдар жамандық істей бастаған соң және әмірлерге көпшіліктің алдында сөгіс айта бастағаннан кейін бүліктер мен ұрыстар басталып кетті, олардың салдарын адамдар бүгінгі күнге дейін сезінуде. Бұл  Усманның[7] өлтірілуіне, Али мен Муғауияның арасындағы араздыққа және көптеген сахабалар мен басқа да адамдардың өліміне әкелді. Ал осының барлығына себеп болған – көпшілік алдында әмірді айыптау және оның кемшіліктерін атау, бұл адамдарда оған деген өшпенділікті туғызды және оларды оны өлтіруге ынталандырды, ал біз Аллаһтан (мұндайдан) аман болуды тілейміз».



[1] Бұған Құран аяттарының бірінде немесе Пайғамбар Сүннетінде, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын, айқын нұсқаудың болуы аталып тұр.

[2] Әл-Бухари «Сахих», №3344 хадис; Муслим «Сахих», №1064 хадис; Абу Дауд «Сунан», №4764 хадис; ән-Насаи «Сунан», 5/87.

[3] Мінбер – мешіттің ішіндегі имам құтпа (уағыз) айтатын биіктік.

[4] Усман, Аллаһ оған разы болсын, үшінші салиқалы халифа еді, және 656 ж. өлтірілді.

[5] Усама бин Зәйд, Аллаһ оған разы болсын, пайғамбардың, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын, ең көрнекті сахабаларының бірі еді.

[6] Басқаша айтқанда, Усама әмірдің істерін көпшіліктің алдында талқылайтын алғашқы адам болғысы келмеді.

[7] Муғауия (661 — 680 жж.) – Умайя әулетінен шыққан алғашқы халифа.

You may also like...