Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!
Таяуда әр-Риядта орын алған жарылыстарға қатысты Ислам жастарына насихат
Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ, пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ал содан соң:
Аллаһ Тағала: «Және өз келісім-шарттарыңа берік болыңдар, өйткені олар үшін жауапқа тартыласыңдар!» («әл-Исра», 34);
«Аллаһпен жасасқан келісім-шарттарыңа берік болыңдар!» («ән-Нахль», 91);
«Аллаһпен келісім-шартқа берік болыңдар!» («әл-Әнғам», 152) — деп, келісім-шарттық міндеттерінің орындалуының маңыздылығын күшейтті.
Келісім-шарт (‘ахд) – бұл мұсылманның немесе мұсылмандардың өзге мұсылмандармен немесе кәпірлермен өзара шабуыл жасамау туралы және бірін-бірі өлтірмеу туралы келісім жасасуы. Ғалымдар мүміндер мен кәпірлердің өзара қарым-қатынасының төрт түрін келтіреді:
1. Кәпірлердің мұсылмандардың қорғауында болып, оларға жан басына төленетін салық (жизья) төлеуі;
2. Мұсылмандар мен кәпірлердің арасында Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтармен жасасқаны секілді келісім-шарттың (‘ахд) болуы;
3. Кәпірдің мұсылмандардың жеріне олардан қауіпсіздік кепілдігін (аман) алып кіруі. Бұл Аллаһтың мына сөздеріне сәйкес: «(Мухаммад) егер мүшріктерден біреу сенен пана тілесе, онда оған Аллаһтың сөзін тыңдағанға дейін пана бер. Содан соң оны бейбіт орнына жеткіз» («әт-Тауба», 6).
4. Соғыс жағдайы.
Сонымен, кәпірге берілген қауіпсіздік кепілдігі жарамды болып табылады, оны кез келген мұсылман бере алады, тіпті әйел де. Бұл Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Умму Хани былай деп жеткізген хадисіндегі сөздеріне сәйкес: «Мекке алынған кезде мен Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бардым. Оның қызы Фатима, оған Аллаһ Тағала разы болсын, оны жамылығымен жауып тұрған болатын. Мен оған сәлем бердім, ал ол: «Бұл кім?», — деп сұрады. Мен: «Бұл – мен, Умм Хани бинт Абу Талиб!» — дедім. Ол: «Қош келдің, Умм Хани!», — деді. Шомылып болған соң, ол бір жамылығымен оранып сегіз ракағат намаз орындады. Кейін мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Менің немере бауырым Али мен қауіпсіздік кепілдігін берген Хубайраның баласын өлтіремекші», — дедім. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Умм Хани, сен қауіпсіздік кепілдігін берген әрбір адамға біз де қауіпсіздік кепілдігін береміз», — деді. Ал оның орындаған намазы әд-Духа намазы еді». Хадисті әл-Бухари және Муслим келтірген.
Сондай-ақ, Қайс ибн Убададан жеткен мына хадиске сәйкес: «Бірде мен және әл-Аштар Алиге (оған Аллаһ разы болсын) бет алдық та, оған келген соң: «Саған Аллаһтың Пайғамбары (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзгелерге тапсырмаған нәрсені тапсырды ма?» — деп сұрадық. Ол: «Жоқ, осы хатта жазылғаннан басқа», — деді де, қылышының қынабынан ішінде: «Мүміндердің өмірлері тең. Олар өздерінің қарсыластарымен күресуде біртұтас. Олардың ең түкке тұрғысызы (ықпалы жоқ адамы) да өзгелердің барлығының атынан адамға қауіпсіздік кепілдігін бере алады…», — деп жазылған хатты алып шықты.» Бұл хадисті Ахмад, Әбу Дауд/4530 және ән-Насаи/4734 жеткізген, ал әл-Хаким хадисті сахих деді.
Қауіпсіздік кепілдемесі тура сондай келісім-шарт болып табылады. Ал егер көпқұдайшылдардың біреуі ислам мемлекетінің аумағына осы мемлекет тарапынан немесе жеке тұлғалар тарапынан қауіпсіздік кепілдігін алып кірген болса, оның қандай мақсатпен: мұсылмандардың мұқтаждығы бойынша, мысалы, жұмысшылардың қажеттігі секілді, немесе ол өзінің шаруаларымен келгендігіне қарамастан – барлық мұсылмандардың мойындарында сатқындық жасамау міндеттілігі жатады, себебі сатқындық (ғадр) екіжүзділердің бір сипаты болып табылады.
‘Абдуллаһ бин ‘Амр (Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Мына төрт сипат тән болған адам шынайы екіжүзді болып табылады, ал олардың қандай да біреуімен ерекшеленетін (адам) одан құтылмайынша, екіжүзділіктің сол сипатымен танылатын болады. (Біреу) оған өзін сеніп тапсырса – сатқындық жасайды, бір нәрсе туралы айтса — өтірік айтады, келісім-шарт жасасса — қиянат жасайды, біреумен қастасса – заңсыздықтарға барады». Бұл хадисті әл-Бухари келтіреді.
Және барлық кәпірлер Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан қиянат жасамағандығына куә болған.
Сол сияқты, Аллаһ та бізге өз келісім-шарттарымызға берік болуымызды бұйырды.
«Бұл — сендер келісім жасасқан және содан кейін оны бұзбаған және сендерге қарсы ешкімге көмектеспеген мүшріктерге қатысты емес. Олармен келісім-шартты оның мерзімі біткенше орындаңдар. Расында, Аллаһ тақуаларды жақсы көреді» («әт-Тауба», 4).
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мүміндермен бейбіт келісім-шартта болған кәпірлерге (му’ахадтарға) құрметпен қарауға үлкен мән беретін.
Мысалы, ол былай деген: «Кім му’ахадты өлтірсе, Жәннәттың иісін де сезбейді, ал оның хош иісі қырық жылдық қашықтықтан сезіледі». әл-Бухари 2995.
Ал му’ахад кім болып табылатыны: христиандар ма, яхудилер ме, немесе басқа да кәпірлер ме – маңызды емес және олар өз елдеріне қайтып оралмайынша, оларға ешқандай зиян тигізбей, олармен жасасқан келісім-шартқа берік болу қажет.
Ал осы күндері жасалып жатқан, соның салдарынан көптеген адамдар қаза тапқан және көптеген адамдар жарақат алған жарылыстарға келер болсақ, бұл өте жаман қылмыс екендігіне еш күмән жоқ!
Бұл жарылыстар бейбіт адамдардың ғана емес, осы үйлерде тұратын мұсылмандардың да өліміне әкеліп соқтырды. Бұл бізден қауіпсіздік кепілдігін алған адамдарға қатысты қиянатшылдықпен жасалған сатқындық пен зиян келтіру екендігіне еш күмән жоқ!
Ал бұл жарылыстардың артында тұрғандар қылмыскерлер ретінде қаралуы керек!
Бұл істерді жихад деп, бұл үйлерде тұрып жатқан кәпірлердің қанын төгу (олардың күпірліктері себепті) (шариғи турғыдан) рұқсат етілген деп сенетіндерге бұл қателік екендігін, олармен (кәпірлермен) соғысып, өлтіру тек бейбіт келісім-шарт бұзылғаннан кейін оларға соғыс жарияланғаннан кейін ғана мүмкін екендігін түсіндіру қажет! Яғни Аллаһтың мына сөздеріне сәйкес: «Егер бір елдің опасыздығынан секем алсаң, тең түрде сен де (келісімді бұзып) өздеріне таста. Расында, Аллаһ опасыздарды жақсы көрмейді» («әл-Әнфал», 58).
Бұл бейбіт кәпірлерді өлтіруде ешбір пайда жоқ, керісінше, мұнда шариғат тұрғысынан тек зиян бар. Өйткені мұның артынан мұсылмандарды сатқындықта және опасыздықта, сондай-ақ «олардың арасында терроршылар бар» деген жалған айыптаулар ұласады.
Ал: «Бұл кәпірлердің қанын төгу олардың елдері мұсылмандармен соғысып жатқандығы себебімен рұқсат етіледі», — деп айтатындарға біз: «Бұл дұрыс емес, өйткені мұсылмандармен соғысып жатқандар мүлде басқа адамдар, сондықтан бұл кәпірлермен, олар (кәпірлер) мұсылмандардың ешқайсысымен соғыспағандықтан және оларды өлтірмегендіктен, келісім-шартты бұзуға болмайды. Аллаһ Тағала: «Ешбір жан басқаның күнәсын көтермейді» («әл-Әнғам», 164), — деп айтты емес пе?!
Сондай-ақ, осы қылмысқа қатысқанның әрбірі: олар тікелей жарылысты жасағандар болсын немесе оларға осыда көмектескендер немесе осы жарылғыш заттарды тасымалдағандар болсын – күнә жасағандықтарында және жазаға лайықты екендіктерінде күмән жоқ. Өйткені бұл әрекеттердің барлығы «Бір-біріңе ізгілік пен тақуалықта көмектесіңдер, бірақ бір-біріңе күнә мен дұшпандықта көмектеспеңдер!» («әл-Маидә», 2) деген аяттың үкіміне түседі.
Аллаһ мұсылмандардан қауіпсіздік кепілдігін алған кәпірлерге зұлымдық жасауға тыйым салды. Аллаһ Тағала былай деді: «Біреуге деген өшпенділіктерің сендерді зұлымдыққа итермелемесін. Әділетті болыңдар, өйткені осы тақуалыққа жақын» («әл-Маида», 8);
«Және Қасиетті Мешітке кіргізбегендерге деген өшпенділіктерің сендерді қылмысқа итермелемесін» («әл-Маида», 2).
Сондықтан біз мұсылман жастарына біздің және басқа да мұсылман елдерінде фитнаның (бұліктің) есігін ашпауға насихат береміз! Өздеріңнің бауырларыңа кешірімді болыңдар, өйткені олар Аллаһқа шақыруға қатысты міндеттіліктерін Оның Өзі: «Раббыңның жолына даналықпен және игі насихатпен шақыр және олармен айтысуды ең көркем түрде жүргіз!» («ән-Нахль», 125), – деп белгілеп берген түрде орындай алсын.
Өйткені, мүмкін, Аллаһ бұл кәпірлерді тура жолға салар және олар мұсылмандар тарапынан өздеріне деген ізгі, құрметтілікпен қарайтын қарым-қатынастарын көріп, Исламды қабылдар. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шындығында, ізгілік кез-келген нәрсенің сәні, ал оның болмауы – кемшілігі», — деген. Бұл хадисті Муслим жеткізген.
Сондай-ақ ‘Аиша, Аллаһ оған разы болсын, былай деп баяндаған: «Бірде яхудилер Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Әс-саму ‘аләйка (Өлім саған)!» — деді. Ол оларға: «Уа ‘аләйкум (сендерге де)!» — деп жауап берді. Ал ‘Аиша: «Сендердің өздеріңе өлім болсын! Лағнетке ұшыраңдар және сендерге Аллаһтың қахары төгілсін!» — деп айқалайды. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тыныштал, ‘Аиша! Сен сыпайы болуың керек және қаталдық пен әдепсіздіктен қашқақтауың қажет!», — деді». Бұл хадисті әл-Бухари жеткізген.
Біз батылдықпен және Исламға деген жанашырлықпен әрекеттенген бұл жастарға: «Асықпаңдар және тынышталыңдар, кәпірлердің сендер көріп жүрген немесе біліп жатқан жексұрын іс-әрекеттері сендерді өздеріңнің бауырларың – мұсылмандарды айыптауға, оларға зиян мен қайғы келтіруге сылтау болатын зұлымдыққа және зорлыққа итермелемесін! Аллаһтың ізгі құлдарын ессіз фанатиктер деп айыптауға жол ашпасын, өйткені осындай айыптаулар оларды да қамтиды ғой! Ал мұның мұсылмандарға еш пайдасы жоқ!», — дейміз.
Біз мұсылман жастарды өздерінің осындай жек көрінішті амалдарға еш қатыстары жоқ екендіктерін ашық түрде мәлімдеуге шақырамыз! Және бұл біздің кәпірлерге олардың күпірлігі үшін және олардың мұсылмандарға қатысты жексұрын іс-әрекеттері үшін жек көруімізді жасырмай танытуға және оларға деген достық пен сүйіспеншіліктен бас тартуға міндетті екендігімізге қарамастан (болуы қажет)! Өйткені Аллаһ Тағала: «Әй мүміндер! Яһудилер мен христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір-бірінің достары. Сендерден кім оларды дос тұтса, сонда күдіксіз ол солардан. Расында, Аллаһ залым елді тура жолға салмайды» («әл-Маида», 51), — деп айтып, оларға сүю мен ұлықтауды білдіретін достық танытуға тыйым салды.
Кәпірлермен құруға болмайтын, Аллаһ тыйым салған достық оларды әртүрлі жұмыстарды және қызметтерді орындауға тарту үшін, немесе олар тигізулері мүмкін болған жамандықты тойтару үшін келісім-шарт жасасуды өзіне қамтымайтынын білу керек, өйткені бұл оларға деген сүйіспеншілікті және жақындықты білдірмейді. Өйткені Аллаһ кәпірлер мен мүміндердің арасында, тіпті олар туысқандар болса да, достықтың болуының өзін жоққа шығара отырып, Исламның артықшылықтары мен әсемдіктерін оларға таныту үшін олардың көңілін алуға тыйым салмайды. Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары кәпірлерден болған өз туысқандарымен туысқандық қатынастарын үзбей ұстап тұрғандықтары сенімді түрде белгілі. Мысалы, Умар ибн Хаттаб, оған Аллаһ разы болсын, өзінің кәпір ағасына көйлек сыйлады, сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Асма бинт Әбу Бакрға өзінің кәпір анасымен туысқандық қатынасты ұстауға әмір етті, ода Исламға деген сүйіспеншілікті ояту үшін. Осының барлығы да кәпірлердің түсініктерінде Ислам зорлықтан, зұлымдықтан және жауыздықтан алшақ, теңдік пен әділеттіліктің дініне айналуы үшін!
Ал Аллаһқа ғана көмек тілеп жүгіну керек!
‘Абдуллаһ ибн ‘Абдур-Рахман әл-Жибрин.
хижраның 13/3/1424 ж. № 10880 пәтуә