шейх ‘Абд әр-Раззақ әл-Бәдрдің «Жихадтын даналықтары мен ережелерінен жақсы жемістер» кітабын жариялауды жалғастырамыз:
Үшінші тарау: Жихадтың үкімі
Аллаһтың жолындағы жихад ең ұлы ислами ұрандардың және ең маңызды діни міндеттіліктердің бірі болып табылады. Және оның үкімі оның түрлері мен деңгейлеріне, сондай-ақ бұл міндеттілік жүктелетіндердің жағдайына байланысты өзгешеленеді.
Өз-өзімен жүргізілетін жихад — әрбір мұсылманның жеке парызы (фард айн), әрі ешкім оны біреудің орнына орындамайды, өйткені ол әр адамның ерекшіліктерімен байланысты және адамның бақыты мен жетістіктеріне тек оның өзі ғана қол жеткізе алады.
Сол сияқты, шайтанмен жүргізілетін жихад та әрбір тұлғаға міндетті болып табылады (фард айн), өйткені ол негізінен әрбір адамға жеке белгіленген, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Шәксіз сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендер де оны дұшпан түтыңдар!» (Фатыр, 6).
Атақты ғалым Ибн әл-Қаййим, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп айтты: “Шайтанға дұшпан ретінде қатынас жасау әмірі — онымен соғысуға және күресуге барлық күш-жігерді жұмсауға назар аудару, ол Аллаһтың құлымен жүргізетін соғысында бір демге болса да әлсіремейтін және қателіктерге бой бермейтін дұшпандай”. Қз.: “Зад әл-Мә’ад” 3/6.
Кәпірлермен, екіжүзділермен және бидғаттар мен күнәлі істердің жақтаушыларымен жүргізілетін жихадқа келер болсақ, бұл жердегі жағдай біраз өзгеше. Және жихадтың бұл түрі – әрбір мұсылманның не жүрегімен, не сөзімен, не мал-мүлкімен, не қолымен (осы түрлерінің қандай да бірімен) атқарылатын жеке міндеті болып табылады деген үкім — дұрысырақ. Сондықтан мұсылман (жихадтың) осы түрлерінің қандай да біреуін пайдаланып, күші жеткенше шайқасуы керек. Қз.: “Зад әл-Мә’ад” 3/72.
Жалпы үмметке қатысты ол ұжымдық міндеттілік (фард кифая) болып табылады. Егер мұсылмандардың жеткілікті саны оны орындаса, қалғандарынан оны орындау жауапкершілігі түседі. Олай болмаған жағдайда, егер мұсылмандардың (ол туралы) білімі және (оны орындау үшін) күші бола тұра олардан ешкім оны орындамай қалдырса, олардың барлығы күнә арқалайды. Қз.: “Фатх әл-Бари” 6/37, “Мәжму’ әл-фатауа Ибн Баз” 18/62.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтты: “Міне, осылайша жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару да әрбір жеке адамға жүктелген міндеттілік (фард айн) болып табылмайды, ол, бұған Құран нұсқайтынындай, ұжымдық міндеттілік (фард кифая) болып табылады. Және жихад шақыру мен тыйым салудың ең жоғары нысаны болғандықтан, оған қатысты да осындай ұйғарым қолданылады. Бұл міндеттілік жүктелгендер оны орындамаса, оны орындауға қабілетті болғандардың әрбірі, мүмкіндіктеріне сәйкес, күнәхар болады. Өйткені ол әрбір адамға оның күш-қуатына сәйкес міндетті болып табылады, бұл жөнінде Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын былай деп айтқанындай: «Сендерден біреу күнәлі істі көрсе, оны қолымен өзгертсін. Егер ол мұны істеуге шамасы келмесе, онда – тілімен. Егер мұны да істеуге шамасы жетпесе, онда – жүрегімен. Және бұл – ең әлсіз иманның белгісі». Қз.: “Мәжму’ әл-фатауа” 28/126.
Кәпірлерге қарсы жихад ұжымдық міндеттілікке жататындығы жөнінде айтылған сөзде, ғалымдардың кең тараған пікіріне сәйкес, шабуыл жихады меңзеледі. Олардың кейбіреулері бұл мәселеде бірауызды келісім (иджма’) бар екендігі туралы айтқан, әрі бұған дәлелдер де көп. Мысалы, Ұлы және Пәк Аллаһ былай деп айтты: «Мүміндерден (соғысқа шықпай) отырушылар және Аллаһ жолында малдары мен жандарымен соғысушылар тең емес. Аллаһ малдарымен, жандарымен соғысушыларды дәрежеде арттырды. Сондай-ақ, барлығына да игілік уәде етті. Және соғысушыларды отырушылардан үстем кеңшілікке бөлеп, ірі сыйлық берді» (Ниса, 95).
Бұл аяттан ғалымдар «Аллаһтың дініне шақыруды тарату мақсатымен мұсылмандар тарапынан басталған кәпірлерге қарсы жихад жеке міндеттілікке емес, ұжымдық міндеттілікке жатады, өйткені Ұлы және Құдіретті Аллаһ аятты «Сондай-ақ, барлығына да игілік уәде етті» деген сөздермен аяқтады» деген қорытынды шығарды. Өйткені (аятта) мүміндердің екі тобы, ауыртпалықтарды бастан кешірмей (соғысқа шықпай) отырып қалғандар және соғысып жатқандар туралы айтылып жатыр, әрі олардың әрқайсысына да Аллаһ ең жақсы игіліктерді уәде етті. Хафиз Ибн Касир бұған байланысты былай деп айтты: «Бұл аятта жихад жеке міндеттілік (фард айн) болып табылмайтындығына, алайда ұжымдық міндеттілікке (фард кифаяға) жатандығына дәлел бар”. Қз.: “Тафсир Ибн Касир” 2/241.
Бұл дәлелдерге Абу Хурайраның, Аллаһ оған разы болсын, хадисі де жатады, онда Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кім Аллаһқа және оның Елшісіне иман келтіріп, намазды орындап және Рамазан айында ораза ұстаған болса, оны Аллаһ міндетті түрде Жәннатқа кіргізеді, ол Аллаһтың жолында соғысқандығына немесе өзінің мекенінде болғанына қарамастан». Сонда сахабалар: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Адамдарды (осымен) қуантпаймыз ба?» – деді. Ал ол оларға былай деп жауап берді: «Ақиқатында, Жәннатта Аллаһ жолында соғысатындар үшін Аллаһ әзірлеп қойған жүз дәреже бар. Әр дәреженің арасындағы арақашықтық жер мен аспан арасындағы арақашықтық сияқты. Және сендер Аллаһтан (Жәннатты) сұрасаңдар, ақиқатында Жәннаттың ортасында және оның ең жоғарысында орналасқан Фирдаусты сұраңдар. Оның үстінде Рахманның Аршы орналасқан, ал одан жәннат өзендері бастау алады». әл-Бухари № 2790.
Сондай-ақ ‘Абдуллаһ ибн ‘Амрдан оның мына сөздері жеткізіледі: “Бір адам Пайғамбарға, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, келіп, одан жихадқа қатысуға рұқсат сұрады. Сонда (Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан былай деп сұрады: «Сенің әке-шешең тірі ме?» Келген (адам): «Иә», — деп жауап берді. Ал Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтты: «Ендеше оларға қызмет көрсетуде ынта таныт!». әл-Бухари № 3004, Муслим № 2549.
Ибн Қудама бұл хадиске былайша түсіндірме жасады: “Ата-анаға игілік жасау фард ‘айн (әрбір кісінің жеке міндеті) болып табылады, ал соғысу фард кифаяға (ұжымдық міндеттілікке) жатады. Және фард ‘айнды орындау бірінші кезекте тұрады”. Қз.: “әл-Муғни” 9/170.
Сонымен, зерттеуші-ғалымдардың тұжырымдауы бойынша, кәпірлерге қарсы жихад — фард кифая. Дегенмен, жихад — фард ‘айн болатын, бұл жөнінде ғалымдар ескерткен, үш жағдай бар:
Бірінші жағдай мұсылман әскері дұшпанның әскерімен бетпе-бет соқтығып қалған кезде орын алады. Бұл жағдайда ұрысқа қатысушының әрбірі соғысуға міндетті, әрі оған қашуға тыйым салынады. Өйткені Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Ал және кім соғыс күні, соғыс майданын ауыстыру немесе топқа қосылудан басқа түрде кәпірлерге арқасын көрсетсе, әрине Аллаһтың қаһарына ұшырайды. Орны — Тозақ, нендей жаман орын!» (Әнфәл, 16).[1]
Екінші жағдай дұшпанның мұсылман еліне шабуыл жасауымен және оны қоршауға алумен байланысты. Бұл жағдайда осы елдің халқы олармен соғысуға және оларға қарсылық көрсетуге міндетті болады.
Үшінші жағдай мұсылмандардың әмірі (ел басшысы) жалпы мобилизациялау туралы жариялағанда, немесе нақты біреуді белгілі бір тапсырманы орындауға бекіткенде туындайды.
Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Әй мүміндер! Сендерге не болды? «Аллаһ жолында соғысқа шығыңдар», — делінген кезде, салмақтарыңды жерге салдыңдар» (Тәубә, 38).
Сондай-ақ бұған Ибн ‘Аббастан, Аллаһтың олардың екеуіне де разы болсын, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Меккені алған күні: «(Мекке) алынғаннан кейін хижра жоқ, бірақ жихад және ізгі ниет қалды. Және егер сендерді шығуға шықырса, шығыңдар!», — деп айтқаны жеткен хадис те нұсқау болады. әл-Бухари № 2783, Муслим № 1353.
Сөйтіп, осы аталған үш жағдайда, жихад — әрбір мұсылманның міндеті (фард ‘айн) болады. Қз.: шейхуль-ислам Ибн Таймия “Мәжму’ әл-фатауа” 28/80, “Фатх әл-Бари” 6/37-38, шейх Ибн Баз “Мәжму’ фатауа уә мақаләт” 18/62, 163.
Ибн ‘Аббас былай деп айтатын: “«Егер сендердің араларыңда сабырлылардан жиырмасы болса, олар екі жүзді жеңіп шығады» деген аят түскенде, бұл мұсылмандарға ауыр болды, әрі оларға (дұшпанмен) адам санының арақатынасы бірге — он болғанда қашып шегінбеу әмір етілген еді. Кейін «Енді Аллаһ сендердің ауыртпалықтарыңды жеңілдетті, өйткені Оған сендердің әлсіз екендерің мәлім» деген жеңілдік түсірілді”. әл-Бухари 4/251.
Сондай-ақ Ибн ‘Аббас, осы екі аятты оқып болып, былай деп айтты: “Егер адам үшеуден қашса, бұл – соғыс майданынан қашу емес, қашу – бұл екеуден қашу”. Ибн әл-Мубарак 235, Са’ид ибн Мансур 2538. Иснады сенімді.