Мейірімді, Рахымды Аллаһтың атымен
Білім алу ғибадаттың ең жақсы түрі екендігін және ол барлық басқа ғибадаттардан басым түсетінін Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтатын. Хузайфадан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Білімнің артықшылығы ғибадаттың артықшылығынан жоғары, ал діннің түпкі негізінде тақуалық жатыр» — деп айтқаны жеткізіледі. Әл-Хаким, әл-Баззар. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жами‘» 4214.
‘Али ибн Әбу Талиб: “Ғалым ораза ұстаушыдан да, түнгі намазға тұрушы мен мужахидтен де жақсы”, — деп айтқан. Әд-Димьяты “әл-Матжуру-ррабих” 1/16.
әл-Азди былай деп айтатын: “Бірде мен Ибн ‘Аббастан жихад жайлы сұрадым, ал ол маған: «Жихадтан гөрі не жақсы екені туралы сені хабардар еткенімді қаламайсың ба, не?» — деп сұрады. Мен: «Әрине (қалаймын)», — дедім. Сонда ол: «Мешіт сал да, онда діннің міндеттерін (парыздарды), сүннеттері мен фиқхын оқыт». әл-Фасауи “әл-Ма’рифа” 3/503, Ибн ‘Абдуль-Барр «әл-Жами’» 1/31.
Имам әз-Зухри: “Аллаһтың дінін жете түсінуден артық ғибадат жоқ”- деді. “Тухфату талибиль-‘ильм” 24.
Хасан әл-Басри: “Ғалымдардың сиясы шахидтердің қанынан үстем болады!” Әл-‘Ажлюни “Кашфуль-хафа” 2/262.
Алайда кейбір мұсылмандар бұл сөздерді Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері деп есептейді. Ал шындығында бұл сөздер Хасан әл-Басриге тиесілі, ал Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі ретінде ол сенімсіз (әлсіз) болып табылады. “әл-‘Иләл” 1/80, Ибн әл-Жаузи.
Сондықтан мұны хадис ретінде айтуға болмайды, бірақ бұл сөздерді Хасан әл-Басриден деп жеткізу керек.
Исламның тіректерінен кейін жихадтан артық ғибадат жоқ деп есептеген тіпті имам Ахмадтың өзі де одан: «Бес жүз дирхамы бар адамға ақшасын жихадқа жұмсағаны абзал ма, әлде оларды білім алуға жұмсағаны абзал ма?» деп сұрағанда, ол: «Егер ол адам білімсіз болса, онда мен үшін білім алу абзалырақ» — деген. Қз.: “Әл-Адабу-шшар’ия” 2/40.
Бірақ мұсылман еліне кәпірлер шабуыл жасаса және жихад фардуль-‘айнға (жеке парызға) айналса, онда ислам жерін қорғау мешітте яки дәрісте отырып, білім алудан гөрі маңызды екендігіне күмән жоқ. Себебі әр ғибадаттың өзінің абзалырақ уақыты бар.
Бірақ «не жақсырақ: жихад па, әлде білім бе?» мәселесі туралы оның түп негізінде айтар болсақ, күмәнсіз, білім талап ету жихадтан артық болады! Әсіресе адамдарда яки қоғамда діннің ережелері туралы қарапайым білім болмаған кезде!