Кәпірлердің мал-мүлкі халал ма?!

 Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

          Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз, және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз.

Ал содан соң:

Сонғы кезде жас мұсылмандардың арасында кез келген кәпірдің мал-мүлкі халал, және ол қандай жолмен: алдап-арбау жолымен иемделінген бе, ұрлаумен бе, немесе күштеп тартып алынған ба – маңызды емес деген пікір пайда болды.
Бұл пікір – Аллаһ Тағаланың шариғатына қайшы келетін және хауариждерге тән адасушылық!

Имам әш-Шахристани былай деген: “Хауариждер келісім-шартта болған және жизья төлейтін кәпірлердің  мал-мүлкін халал деп есептеген. Және осыны рұқсат етпегендерден бас тартуды міндетті деп санаған!” Қараңыз: “әл-Миләл уә-ннихәл” 118.

Мұндай  пікірді негізінен жұмыс істеп, адал жолмен табыс табуға ерінетін жалқаулар мен қарақшылар өздерінің істеп жүргендерін ақтау үшін, немесе өздері білгір деп санайтын кісілері  адасушылыққа салған білімсіз мұсылмандар таратып жүр. Мұндайды жариялаушылар өте қауіпті жағдайда, өйткені олар Аллаһ тыйым салған нәрсені рұқсат етіп жатыр, ал бұл күпірлік болып табылады, сонымен қатар Исламға опасыздық пен оңбағандық жалған аттарын келтіреді.

Аллаһ Тағаланың шариғатында кәпірлердің мал-мүлкі екі жағдайда ғана рұқсат етілетінін білу керек:

1.   Жихадта, кәпірлермен шайқасу кезінде.

2. Кәпірлердің жерін бағындырғанда, олардың барлық мал-мүлкі мұсылмандардың иелігіне өтеді.

Бар болғаны – осы. Ал басқа жағдайларға келер болсақ, кәпірлердің мал-мүлкі халал болып табылмайды, өйткені егер кәпір мұсылмандарға қарсы соғысушылардан болмаса,  онда оның өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғу – әділетсіздік!

Кәпірлерден ұрлауға болады ма?

 Аллаһ Тағаланың шариғаты ұрлыққа тыйым салады, әрі ол үлкен күнәлардың қатарына жатады.

Аллаһ Тағала былай деген: «Ұры еркек пен ұры әйелдің істегендері үшін, жаза ретінде қолдарын кесіңдер. Аллаһтың жазасы – осы, өйткені Аллаһ – Құдыретті, Дана» (әл-Маида 5: 38).

Абу Хурайрадан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Жұмыртқа ұрлағаны үшін қолы шабылатын ұрыны  Аллаһ лағынеттесін, жіп ұрлағаны үшін қолы шабылатын ұрыны Аллаһ лағынеттесін!»  әл-Бухари 6783.

Бұл – Құран мен Сүннеттің ұрлыққа тыйым салатын жалпы мәтіндері, әрі кімнен ұрланғаны – мұсылманнан ба, әлде кәпірден бе – маңызды емес. Ал «Ұрлық тек мұсылмандарға қатысты ғана тыйым салынған» дейтіндерге келер болсақ, ол (мұны жалпы дәлелдерден) ерекшелейтін дәлел келтіру қажет!

Имам Малик былай деп айтатын: «Шарап пен доңызды ұрлаған адамның қолы шабылмайды. Егер ол мұсылмандардың жерінде өмір сүретін және жизья төлейтін кәпірден (зиммийден) немесе мұсылмандармен келісім-шартта жүрген кәпірден (муахадтан)   ұрлаған болса, оның қолын шауып,  оларға мүліктерін қайтару керек». Қараңыз: “әл-Мудаууана” 3/116.

Бұған қоса,  бұл мәселеде «кәпірден ұрлағаны үшін де мұсылманның қолы шабылады» деген бір ауызды келісім (ижмаъ) бар.  Имам Ибн Қудама былай деген: “Мұсылманның немесе кәпір-зиммийдің мал-мүлкін ұрлағаны үшін мұсылманның қолы шабылады. Сол сияқты, олардың мал-мүлкін ұрлағаны үшін кәпірдің де қолы шабылады. Мұны әш-Шәфи’и және ханафилер айтатын, біз де осыда ешқандай қайшылық көріп тұрған жоқпыз ”. Қараңыз: “әл-Муғни” 12/351.

Исламда қолды шабумен жазаланатын нәрсе рұқсат етілген бола алады ма?

Имам әл-Қуртуби былай дейтін: “Зиммийден ұрлаған мұсылманның қолы шабылады, ал бұл «зиммийдің мал-мүлкі мұсылманның мал-мүлкімен теңдестіріледі» дегенді білдіреді, және тура осы оның өміріне де қатысты!” Қараңыз әл-Қуртуби “Тафсир” 2/248.

Сөйтіп, тыйым нақты кімнен ұрланғанына емес, «ұрлық» деген әрекеттің өзіне қатысты екендігі айқын болып тұр. Бұл зинақорлық жасауға салынған тыйым сияқты, өйткені оған жалпы тыйым салынған және зинақорлық кіммен жасалатыны – кәпірлермен бе, әлде мұсылмандармен бе – маңызды емес!

Имам әз-Захаби өзінің үлкен күналар туралы кітабында ұрлық туралы тарауда былай деген: “Ұрыға, егер ол ұрлағанын қайтып бермесе,  тәубе етуі пайда әкелмейді! Егер оның ақшасы болмаса, онда ұрлап алған мал-мүліктің иесінен ол оны кешіруін сұрасын”. Қараңыз: “әл-Кабаир” 91.

Кәпірлердің мал-мүліктерін күштеп тартып алуға болады ма?

 Егер кәпірлерден ұрлаудың үкімі осындай болса, онда оларды жәбірлеумен және оларға зиян тигізумен мал-мүлкін күшпен немесе алдап-арбаумен тартып алудың харам екендігі ешқандай күмән туғызбайды.

Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық таратып жүргендердің жазасы — өлтірілулері, не асылулары, яқи қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл — олардың дүниедегі жазалары. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Маида 5: 33).

Ибн ‘Аббас бұл аят көпқұдайшылдардың себебімен түскен дейді. Абу Дауд 4372, ән-Насаи 7/101. Иснады хасан.

Са’д ибн Әби Уаққас  бұл аят хауариждерге қатысты түсірілген дейтін. Ибн Мардауайх. Қараңыз: “әд-Дурруль-мансур” 5/259. Иснады сахих.

Бірақ  хафиз Ибн Касир былай деген: “Бұл аят жалпылама және көпқұдайшылдарға да, аталған нәрсені жасаушылардың өзгелеріне де қатысты екіндігі дұрыс болып табылады”. Қараңыз: Ибн Касир “Тафсир” 2/261.

Алайда, Имам Малик, әш-Шәфи’и және ханафилер былай деген: “Бұл аят жолдарда қарақшылық жасайтын және жер бетінде бұзақылық тарататын мұсылмандарға қатысты түсірілген”. Қараңыз: әл-Қуртуби “Тафсир” 6/433.

Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: “Маликтің пікірі дұрыс болып табылады. Және Абу Саур да келесі аят бұл аяттың мұсылмандарға қатысты түсірілгенін нұсқайтынын айтқан”. Қараңыз: “әл-Ишраф” 1/529.

Және бұзақылық таратушылардың қатарынан болу үшін мал-мүлікті тартып алу мен қару арқылы адам өлтіру ғана міндетті шарт болып табылмайды! Ғалымдар бұған сондай-ақ адамның өзгенің үйіне жасырын кіргенін немесе сапарлас адамының тағамына у салып, оны өлтіргенін де жатқызады. Қараңыз: “әл-Кафи” 2/108.

Мужжәхид «жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің»  деген сөздеріне байланысты былай деген: “Яғни зинақорлық, ұрлық, адам өлтіру, ұрпақ пен егінді бұзуды жасап жүр ”. Қараңыз: “Тафсир әд-Дурруль-мансур” 5/289.

Әс-Судди бұл аяттың тәпсірінде былай деген: “Біз егер адам (басқа) адамды өлтірсе, ол өтірілетінін естігенбіз. Егер мал-мүлікті тартып алған болса, онда ол өлтірілмейді, бірақ қолы кесіледі. Қарақшылық және тонау үшін оның аяғы шабылады. Ал, егер ол адам өлтірген және оның мал-мүлкін тартып алған болса, онда оның қол-аяғы шабылады немесе оның қол-аяғын керіп шегелеп тастау керек. Бірақ мұндай адам тәубе етіп, оны ұстап алғанша, мұсылман әміріне өзі келсе, ал әмір оған қауіпсіздік кепілдігін берсе, онда оған тиіспейді”.  Қараңыз: “Тафсир әд-Дурруль-мансур” 5/292.

Анас ибн Малик былай деп баяндайтын: “Кезінде ‘Уқль тайпасының адамдары Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, Исламды қабылдады.  Мәдинада тұрған кезінде олар сырқаттық сезінді және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға белгілі бір уақыт саумалы түйелердің зәрі мен сүтін ішуді бұйырды. Олар бұйырылған жерге барды, ал (сырқаттарынан) айыққан соң діннен шығып, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шопанын өлтіріп, түйелерді айдап алып кетті. Мәдинәдағылар бұл жөнінде күннің басында естіді, ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың ізінен қуғыншылар жіберді. Түске жақын оларды Мәдинаға алып келді де, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың қол-аяқтарын шауып, көздерін күйдіруді бұйырды. Кейін оларды (осы күйде) өлуге тастап кетті”. Абу Қиләба олар туралы былай деген: “Бұл адамдар ұрлады, адам өлтірді және иман келтіргеннен кейін күпірлікке түсті. Және олар Аллаһ пен Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы соғысты!” әл-Бухари 233, 4192, 6802, Муслим 1671.

Имам әл-Уахиди өзінің тәпсірінде былай деген: «Аллаһ және Елшісімен соғысқандардың»  деген сөздероларға мойынсұнбау және бағынбау  дегенді білдіреді. Ал «жер жүзінде бұзақылық таратып жүргендердің» деген сөздер адамдарды өлтіру және олардың мал-мүліктерін күштеп тартып алу дегенді білдіреді”. Қараңыз: әл-Уәхиди “Тафсир” 1/317.

Сөйтіп, аталғандардың барлығы Аллаһ Тағаланың шариғаты қатаң тыйым салған жер бетінде бұзақылық таратуға жатады. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Жер бетінде тәртіп орнатылғаннан кейін бұзақылық таратпаңдар».  (әл-А’раф 7: 56).

Имам әл-Қуртуби былай деген: “Аллаһ Тағала тәртіп орнатылғаннан кейін кез келген бұзақылыққа: мейлі ол кіші болсын, мейлі үлкен болсын – тыйым салды”. Қараңыз: әл-Қуртуби “Тафсир” 6/145.

Кәпірлерге жәбір көрсетуге және оларға қиянат жасауға болады ма?

Аллаһ Тағала өзінің Пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Біз сені әлемдерге рақым ретінде (ғана) жібердік!» (әл-Әнбия 21: 107).

Шейх Ибн әл-Қайим: «Бұл аятқа қатысты дұрыс пікір – ол өзіне баршаны, яғни иман келтіргендерді де, кәпірлерді де  қамтитыны», — деген. Қараңыз: “Жәлә әл-әфхам” 115-116.

Және бұл Абу Хурайра жеткізген мына хадиспен расталады. Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның сахабалары: «Уа, Аллаһтың елшісі, көпқұдайшылдардың басына лағынет шақыр!», — дегенде, ол: «Ақиқатында мен лағынеттеуші ретінде жіберілмедім, бірақ мен рақым ретінде жіберілдім!», — деген. Муслим 2599.

Және егер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзімен қас болған кәпірлерге қатысты осылай істеген болса, онда мұсылмандарға және Исламға дұшпандық жасамағандары туралы не айтуға болады?!

Аллаһ Тағала сонымен қатар былай деген: «Және адамдарға жақсы (сөз) сөйлеңдер»  (әл-Бақара 2: 83).

‘Ата бұл аятқа қатысты  былай дейтін: “Бұл барлық адамдарға қатысты, көпқұдайшылдарды қосқанда да ”. әт-Табари 1/392.

Аллаһ Тағала былай деген: «Әй, мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Аллаһтан қорқыңдар. Күдіксіз, Аллаһ не істегендеріңнен толық хабар алушы» (әл-Маида 5: 8).

Имам әл-Қуртуби былай деп айтқан: “Бұл аят кәпірдің күпірлігі оған қатысты әділдік жасауға кедергі болмайтынын білдіреді”. Қараңыз: “Тафсир әл-Қуртуби” 5/85.

Хафиз Ибн Касир бұл аят жөнінде былай деген: “Адамдарға деген өшпенділік сендерді оларға қатысты әділдік танытуды қалдыруға итермелемесін, керісінше, әділдікті әрбір адамға — ол дос болсын, не дұшпан болсын – қатысты таныту керек”. Қараңыз: Ибн Касир “Тафсир” 2/215.

Шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Егер де Аллаһ дұшпандарын жек көретін Өзінің құлдарына, кәпірлердің ашық дұшпандындығына және Аллаһ пен Оның Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жоққа шығаруына қарамастан,  оларға қатысты зұлымдық жасауға тыйым салған болса, онда дінге шақырушыға (мұсылманға) деген зұлымдық туралы не айтуға болады?!” Қараңыз: “Бадаи’уль-фауаид” 2/165.

Тура соны Аллаһтың Елшісі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтып, бұйырды: «Және саған қатысты қиянат жасағанға қиянат жасама». әт-Тирмизи 1264, Абу Дауд 3534. Хадистің сахихтығын имам әт-Тирмизи, Абу Дауд, Ибн әс-Сакан және әл-Әлбани растаған. “әс-Сильсилә әс-сахиха” 423.

Сахабалар да (Аллаһ оларға разы болсын) дәл осылай істеген. Ибн ‘Умар, ‘Абдуллаһ ибн Рауаханың Хайбар яхудилеріне келгенде, олар оған Пайғамбардың   (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үстінен арыздана бастағанын және ол оларға: «Әй, Аллаһтың дұшпандары! Аллаһпен ант етемін, мен сендерге өзім үшін ең сүйікті болған адамнан келдім, ал сендер мен үшін маймылдар мен доңыздардан да жек көрініштісіңдер! Алайда менің сендерге деген өшпенділігім мен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббатым мені сендерге қатысты әділетсіздік жасауға итермелемейді!”, – деп айтқанын баяндаған. Ибн Хиббан 5176, әл-Байхақи 6/114. Шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Ал өзгенің мал-мүлкін заңсыз иемдену де Аллаһ Тағала Өзінің барлық жаратылыстарына қатаң түрде тыйым салған зұлымдыққа жатады ғой!

Абу Заррдан жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің Раббысының мынандай сөздерін жеткізген: «Ей, Менің құлдарым! Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім және сендердің араларыңда да оны харам еттім, ендеше бір-біріңе жәбір көрсетпеңдер!» Муслим 2577.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия “Мажму’уль-фатауа” жинағында былай дейтін: “Әрбір адам үшін барлық нәрселерге және әркімге қатысты әділдік таныту міндетті болып табылады. Сол сияқты әрбір адам үшін әділетсіздік оның барлық формаларында және әркімге қатысты — ол мұсылман, кәпір, жәбірлеуші болсын – харам болып табылады. Аллаһ Тағала былай дейді:  «Әй, мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде бекем тұрыңдар. Және адамдарға деген өшпенділік сендерді әділетсіздікке тартпасын» (әл-Маида 5: 8), — және адамдарға деген өшпенділіктің астарында кәпірлерге деген өшпенділік айтылып тұр”.

Ол сондай-ақ, былай деген: “Әділдік – Кітаптармен түсірілген және пайғамбарлармен жіберілген нәрсе. Оның қарама-қайшысы – зұлымдық. Ал оған тыйым салынған, бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің Раббысының сөздерін жеткізген хадисте: «Ей, Менің құлдарым! Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім және сендердің араларыңда да оны харам еттім!», — деп айтқанындай. Муслим 2577.

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр былай деген: “Қиянатшылдықтың тыйым салынғандығына барлық имамдар бірауыздан келіскен!” Қараңыз: “әт-Тамхид” 24/233.

Имам Абу Бакр ибн әл-‘Араби былай дейтін: “Әділдік таныту — мұсылмандармен соғысатындарға да, соғыспайтындарға да қатысты міндетті болып табылады!” “Ахкамуль-Қуран” 4/288.

Анастан Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Жәбірленушішінің дұғасынан қорқыңдар, тіпті егер ол кәпір болса да, өйткені оның дұғасы мен Аллаһтың арасында бөгет жоқ!» Ахмад, Абу Я’лә, әд-Дыя. Хадис хасан. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 119.

Имам әл-Мунауи былай деген: “Бұл «Жәбірленуші, тіпті ол кәпір не күнәхар болсын, сендерге лағынет шақырмауы үшін зұлымдықтан сақ болыңдар, өйткені жәбірленушінің дұғасына жауап беріледі, ал оның бұзақылығы өзімен қалады» дегенді білдіреді”. Қараңыз: “Файдуль-Қадир” 1/236.

Жәбірленушінің, тіпті ол кәпір болса да, лағынеттеуінен сақтандырып ескерткен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның мал-мүлкін тартып алуға және оның құқықтарын аяқ асты етуге рұқсат берген деп ойлайсыздар ма?!

Және мал-мүлікті зұлымдықпен тартып алу жәбірлеуге жатпайды ма сонда?! Мұның барлығы зұлымдық көрсетудің, жәбірлеудің, жер бетінде бұзақылық жасаудың т.с.с. Исламда қатаң тыйым салынғандығын анық көрсетіп тұр, мейлі олар мұсылмандарға, не кәпірлерге қатысты болсын.

Кәпірлердің мал-мүлкі бейбітшілік уақытында харам екендігіне нұсқайтын нақты дәлел

 Жоғарыда келтірген дәйектердің  барлығы «Кез келген кәпірдің мал-мүлкі, әсіресе өмірі — халал» деп айтып жүргендердің сөздері адасушылық екенін айқын етіп көрсету үшін жетіп асады.

Алайда осыған қарамастан, көтеріліп жатқан мәселе бойынша ешқандай күмән қалдырмау үшін, Аллаһтың рұқсатымен бұлардан да нақтырақ дәлелдерді келтіреміз.

Әл-Муғира ибн Шу’ба өзінің сапарластары болған адамдарды өлтіріп, олардың мүлкін иемденіп алып, содан кейін Мадинаға келіп, Исламды қабылдағанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған былай деген: «Сенің Исламыңа келер болсақ, мен оны қабылдаймын, ал мал-мүлікке қатысты айтар болсақ, менің оған ешқандай қатысым жоқ». әл-Бухари 2731.

Хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Исламға қатысты айтар болсақ, біз оны қабылдаймыз. Ал бұл мал-мүлікке келер болсақ, ақиқатында, бұл – сатқындық, және біз оған мұқтаж емеспіз!» Абу Дауд 2765.

Исламды қабылдау оған дейінгі барлық күнәларды кешіруіне қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл дүниенің қиянатшылдықпен табылғанын айтып, оны қабылдамады.

Бұл хадиске имамдардың жасаған түсіндірмелеріне назар аударайық:

Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: “Бұл хадистен «Кәпірлердің мал-мүлкі мұсылмандарға тек оларды бағындырғаннан кейін ғана халал болады» деген қорытынды алынады. Және олардың мал-мүліктері қауіпсіздік себебімен харам етілген, әрі егер бұл мал-мүлік (олардан) қауіп-қатерсіздік уақытында алынған болса, оны иесіне қайтару керек! Және бұған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің Исламыңа келер болсақ, мен оны қабылдаймын, ал мүлікке қатысты айтар болсақ, менің оған ешқандай қатысым жоқ», — деген сөздері нұсқап тұр. Ақиқатында, Муғира олармен жолда бірге жүріп отырғандықтан және олардың әрқайсысы (жолдағы) серігінен өз өмірі мен мал-мүлкіне қатысты қауіпсіздікте болғандығы себепті, бұл оған (Муғираға) харам болған етін. Және оның оларды өлтіріп, мал-мүліктерін иемденгені оларға қатысты қиянат болды. Ал сенімді (аманатты) әрбір адамға қатысты: мейлі олар ізгі, бұзақы, иман келтірген, немесе кәпір болсын — ақтау керек!” Қараңыз: “әл-Аусат” 11/314.

Имам Ибн Батталь «ал, мүлікке қатысты айтар болсақ, менің оған ешқандай қатысым жоқ» деген сөздерге байланысты былай деген: “Яғни мен оған оның харам болғандығы себепті қатыссызбын, өйткені бұл мал-мүлік әділетсіз жолмен табылған! Көпқұдайшылдардың мал-мүлкі оларды бағындырған кезде олжа ретінде алынатындығына қарамастан, ол қауіп-қатерсіз уақытта (бейбішілік кезінде) рұқсат етілмеген. Мысалы, егер адам кәпірлермен сапарлас болса, олардың әрқайсысы басқасынан қауіп-қатерден сақталған болады. Мұндай жағдайда қан төгу де, мал-мүлікті алып қою да сатқындық болып табылады, ал сатқындық кәпірлерге де қатысты тыйым салынған”. Қараңыз: “Шарх «Сахих» әл-Бухари” 8/129.

Хафиз Ибн Хажжәр «ал, мүлікке қатысты айтар болсақ, менің оған ешқандай қатысым жоқ» деген сөздерге қатысты былай деген: “Яғни мен оған қатыссызбын, өйткені бұл мүлік қиянатшылдықпен табылған! Бұл хадистен  кәпірлердің мал-мүлкін бейбітшілік кезінде қиянатшылдықпен алып қоюға рұқсат етілмейтіндігі шығады, өйткені сапарлас топ бір-бірінен қауіп-қатерден сақталған күйде бірге жүреді. Және артылған сенім кез келгенге: ол мұсылман болса да, кәпір болса да — қайтарылуы керек! Ақиқатында, кәпірлердің мал-мүлкі шайқасып, оларды бағындырған кезде рұқсат етілген болады!” Қараңыз: “Фатхуль-Бари” 5/341.

Имам Бадруддин әл-‘Айни бұл хадиске қатысты былай деген: “Көпқұдайшылдардың мал-мүліктері оларды бағындырғанда олжа ретінде алынатынына қарамастан, ол қауіпсіздік кезінде (бейбітшілік кезінде) рұқсат етілмеген! Мысалы, егер адам кәпірлермен бірге жол жүріп бара жатса, онда олардың әрқайсысы басқасынан қауіп-қатерден сақталған болады. Және мұндай жағдайда қан төгу және мал-мүлікті тәркілеу — сатқындық, ал сатқындық кәпірлерге де қатысты тыйым салынған!” Қараңыз: “Умдатуль-қари” 14/19.

Имам Шамсуль-Хаққ ‘Азым Абади былай деген: “Бұл хадистен қауіпсіздік кепілдігі күшінде болған кезінде кәпірлердің мал-мүлкін алуға рұқсат етілмейтіндігі келіп шығады, өйткені олардың мал-мүлкі шайқасу кезінде және олардың жерін басып алу кезінде рұқсат етілген (халал)”. Қараңыз: «‘Аунуль-ма’буд» 7/318.

Бұл — сөз болып жатқан мәселеге күн сияқты ап-айқын және анық дәлел емес пе? Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ  былай деген: «Кім му’ахадқа жәбір көрсетсе, немесе оны шектесе, немесе оған оның мүмкіндігінен тыс нәрсе жүктесе, немесе одан оның қалауынсыз бір нәрсесін алса, онда, ақиқатында, Ақырет күні мен оған қарсы күәлік етемін». Абу Дауд 3052, әл-Байхақи 9/205. Хадистің сахихтығын шейх әл-Әлбани растаған.

Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «немесе одан оның қалауынсыз бір нәрсесін алса»  деген сөздері жалпылама, әрі бұл сөздер келісім-шартта болған кәпірдің мал-мүлкінің харам екендігіне нұсқап тұр емес пе?!

  Кәпірлердің мал-мүліктерін иемденуге қай кезде рұқсат етіледі?

 Аллаһ Тағала былай деген: «Олар сенен олжа туралы сұрайды. Айт: «Олжа Аллаһқа және Пайғамбарына тиесілі» (әл-Әнфәл 8: 1).

Аллаһ Тағала сондай-ақ, былай деген: «Егер сендер Аллаһқа әрі дұрыс пен бұрыстың айырылған күні; екі топ қарсыласқан (Бадр соғысы) күні құлымызға түсірген аяттарымызға иман келтірген болсаңдар, соғыстан олжа етіп алған нәрселерден бестен бірі Аллаһқа, Пайғамбарға, жақындарына, жетімдерге, міскіндерге және жолда қалғандарға тиісті екендігін біліңдер» (әл-Әнфәл 8: 41).

Аллаһ Тағала сондай-ақ, былай деген: «Аллаһ сендерге көптеген алатын олжаларды уәде етті және… мұны тез арада сендерге сыйлады» (әл-Фатх 48: 20).

Абу Хурайра Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Пайғамбарлардың бірі жорыққа аттанып, өзінің тайпаластарына: «Менің соңымнан әйелге үйленіп оған кіргісі келіп, бірақ әлі кіріп үлгермеген  және үй салып, оны шатырмен жаппаған және қойлар мен түйелерді сатып алып, олардан төл алуды күтіп отырған (адамдар) ермесін», — деді де, содан соң жорыққа жылжыды. Аср намазының кезінде немесе осы уақыттың шамасында ол қалаға жақындап келді де, Күнге былай деді: «Сен Аллаһтың билігіндесін, мен де (Аллаһтың) билігіндемін. Уа, Аллаһ, оны біз үшін тоқтат!». Және Аллаһ оларға жеңіс сыйламайынша, ол батпады. Содан соң ол әскери олжаны жинап алды, ал аспаннан оны жою үшін от түсті, бірақ ол жиналған (олжаға) тиіспеді. Сонда әлгі пайғамбар: «Ақиқатында, сендердің араларыңдағы біреулер алдауға барды, ендеше маған әр рудан бір адам ант берсін!» — деді. Және олар осыны істегенде, біреуінің қолы оның қолына жабысып қалды. Сонда ол (пайғамбар): «Ақиқатында, алдауға барған сендердің араларыңда, ендеше сенің руластарыңның барлығы маған ант берсін!» — деді. Бұл жолы да оның қолына олардың екеуінің яки үшеуінің қолдары жабысып қалды, ал ол: «Алдауға барған – сендерсіңдер!» — деді. Содан соң олар алтыннан жасалған сиырдың басына ұқсаған бір басты әкеліп қойды, әрі сол кезде аспаннан түскен от барлық олжаны жойып жіберді, өйткені әскери олжа бізден бұрын өмір сүргендердің ешқайсысына рұқсат етілмеген еді, алайда кейін Аллаһ бізге оны алуға рұқсат берді. Ол біздің әлсіздігімізді және қабілетсіздігімізді көрген кезде  бізге оны алуды рұқсат етті». әл-Бухари 3124, Муслим 1747.

‘Абдур-Рахман ибн ‘Ауф Му‘аз ибн ‘Афра мен Му‘аз ибн ‘Амр әл-Жамуха Абу Жәхлді өздерінің қылыштарымен шауып тастағанда, олар Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, бұл туралы хабарлағандығы туралы баяндады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Оны қайсыларың өлтірдіңдер?» — деп сұрады. Олардың әрқайсысы: «Оны мен өлтірдім!», — деді.   Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер қылыштарыңды сүрттіңдер ме?», — деп сұрады. Олар: «Жоқ», — деп жауап берді. Сонда ол олардың қылыштарына қарады да: «Сендер екеуің де Абу Жахльді өлтірдіңдер, бірақ оның мүлкі Му‘аз ибн ‘Амр әл-Жамухаға тиеді», — деді. әл-Бухари 3141, Муслим 1752.

Абу Қатададан Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  былай дегені жеткізіледі: «(Жихадта) өлтірілгеннің мүлкі оны өлтіргенге тиеді». әл-Бухари 3142, Муслим 1751.

Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: “Егер көпқұдайшылдардың мал-мүліктері мұсылмандар үшін рұқсат етілген болып табылса да, (ол) тек оларды бағындырған кезде ғана (болмақ)”. Қараңыз: “әл-Аусат” 11/314.

Хафиз Ибн Хажжәр былай деген: “Ақиқатында, кәпірлердің мал-мүліктерін алу шайқас пен оларды бағындыру кезінде рұқсат (халал) болады!” Қараңыз: “Фатхуль-Бари” 5/341.

Имам Шамсуль-Хаққ ‘Азым Абади былай деген: “Кәпірлердің мал-мүліктері шайқас және олардың жерін басып алған кезде рұқсат етілген”. Қараңыз: «‘Аунуль-мә’буд» 7/318.

Сөйтіп, Аллаһ Тағаланың шариғаты кәпірлердің мал-мүліктері тек екі жағдайда ғана халал болатынына нұсқайды:

1 – Кәпірлермен шайқасқан кезде, кәпірді өлтірген мұсылман оның барлық мүлкін (сальб) алып қояды.

2 – Кәпірлердің әскерін талқандаған кезде немесе олардың жерін бағындырған кезде, олардың барлық мүліктері мұсылмандардың иелігіне өтеді.

Тіпті мұсылмандар кәпірлердің мал-мүліктерін иемденген жағдайда да қатаң шектеулер мен шарттар бар және мұсылмандардың әмірі олжаны реттеп, бөліп бермейінше, (мұсылмандардың) әрқайсысы нені қаласа – соны және қалай қаласа – солай ала алмайды. Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Ақиқатында, нухба өлекседен артық халал емес!» Абу Дауд 2705. Хадис сахих. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 1986.

Ән-Нухба – «тонау» сөзінен шыққан. Бұл хадисте мұсылмандар бағындырған кәпірлердің жерлерінде өз қажеттіліктерінен тыс пайдаланатын олардың мал-мүліктерінен: азық-түлік, тамақ, т.с.с. заттар туралы сөз болуда. Қараңыз: “Файдуль-Қадир” 3/173.

Шейх Ибн ‘Усейминнен адамдар: «Кәпірлердің мал-мүлкін соғыста ұрлауға болады ма?», — деп сұрағанда, шейх: “Егер мұны олжаға қосу үшін ұрласаң, онда оқасы жоқ. Ал, егер жеке өзің үшін ұрласаң, онда болмайды!”,  — деді. Тыңдаңыз:  “Шарх «Сахих» әл-Бухари” 15-таспа, В беті.

 Кең таралған күдіктер және оларға жауаптар

 Осы жерде мұсылмандар қауіпті қателіктерге жол беретін маңызды жайттарды қозғап өту қажет. Мысалы, кейбір адамдар Аллаһ Тағала:  «Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе — шынайы түрде барлық адамды өлтірген сияқты, ал кім адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса) — барлық адамды тірілткенмен тең (барлық адамдардың өмірін сақтап қалғанмен тең)!» — деп жаздық» (әл-Маида 5: 32), — деп айтқан аятын келтіреді де: Күпір — ең үлкен күнә және жер бетіндегі ең үлкен бұзақылық болып табылады, міне сондықтан кез келген кәпірді өлтірудің, ал оның мал-мүлкін тартып алудың тіпті де оқасы жоқ“, — дейді. Бұл – шұғыл түрде түзетуді қажет ететін өте қате түсінік. Иә, Құранның кейбір тәпсіршілері «жер бетінде бұзақылық тарату» деген сөздерге қатысты: бұл жерде сөз көпқұдайшылдық туралы болып тұрғанын айтқан, мысалы, мұны имам Абу Хайян былай деп айтқанындай: ««Бұзақылық» — бұл көпқұдайшылдық деп айтылған. Және бұл – жолдардағы қарақшылық, егіндер мен малдарды жою екендігі де айтылған». Қараңыз: “Тафсир әл-Бәхр әл-мухит” 3/347.

Алайда бұл сөздерді дұрыс түсіну керек.

Біріншіден, бұл аятта келген «бұзақылық» сөзінің мағынасын одан кейін келетін аят түсіндіреді: «Аллаһ және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық таратып жүргендердің жазасы — өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл — олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар»  (әл-Маида 5: 33).

Имам Ибн әл-Жаузи бұл аятқа қатысты былай деген: “«Бұзақылыққа» келер болсақ, бұл – адам өлтіру, зақым тигізу, мал-мүлікті тартып алу және жолдарда үрей тарату”. Қараңыз: “Задуль-масир” 3/345.

Сондықтан, имам әт-Табари де «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе — шынайы түрде барлық адамды өлтірген сияқты» деген аятқа қатысты: «Жер бетінде бұзақылық» деген сөздер  Аллаһпен және Оның Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғысу және жолдарда қарақшылық жасау дегенді білдіреді“, — деген. Қараңыз: әт-Табари “Тафсир” 8/348.

Ал «Аллаһпен және Оның Елшісімен соғысу» сөздері, имам әл-Уахиди айтқанындай «Оларға мойынсұнбау және бағынбау» дегенді  білдіреді дегенді біз айтып кеткен едік. Қараңыз: “Тафсир әл-Уахиди” 1/317.

Екіншіден, «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе — шынайы түрде барлық адамды өлтірген сияқты» деген аяттың мағынасын басқа имамдар: Мұсылмандарды қақысыз өлтіру; некедегі адамның зина жасауы; діннен шығу; жолдарда қарақшылық пен тонаушылық жасау; т.с.с шариғат адамды өлім жазасымен жазалауға рұқсат беретін, бұған Құран мен Сүннетте тікелей нұсқаулар бар, әрі олар үшін өлім жазасы берілуге тиіс жағдайлар туралы сөз болуда“, — деп түсіндірген. Сондықтан да имам Ибн Әби Заманин «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе» деген бұл аятқа қатысты: “Яғни өлім (жазасы) тағайындалмаған нәрсе үшін өлтірсе”, — деп айтқан. Қараңыз: “Тафсир Ибн Әби Заманин” 2/23.

Сонымен, бұл аятта күпірлік туралы сөз болып тұр деп айтқан имамдар Исламда өлім жазасымен жазаланатын діннен шығуды меңзеген!

Және бұл аяттарды басқаша түсінуге болмайды! Егер күпірлігіне қарамастан, келісім-шарт жасасқан кәпірді өлтіру  харам болып табылса, қалайша енді кез келген кәпірді оның күпірлігі үшін өлтіруге болады?! Онда жизья төлейтін және соған қоса өздерінің күпірлігінде қалатын кәпірлердің  ислам жерінде болуына қалайша рұқсат етіледі?! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  былай деді ғой: «Кім му’ахадты өлтірсе, Жәннәттың хош иісін де сезбейді. Ал онының хош иісі қырық жылдық қашықтықтан сезіледі». әл-Бухари 2995.

Ибн Хажжәр былай деп жазған: «Хадисте мұсылмандармен келісім-шарты бар кәпір туралы сөз болуда, мейлі ол — жизья төлеу, әмірмен бітім немесе мұсылман адам тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігі (аман) болсын». “Фатхуль-Бари” 12/259.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), сондай-ақ, былай деді: «Ақиқатында, адамға қауіпсіздік кепілдігін беріп, кейін оны өлтіргенге — тіпті өтірілген (адам) кәпір болса да — менің қатысым болмайды!» Ахмад 5/223. Ибн Мажжаһ 2/896. Хадистің сахихтығын хафиз әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани растаған.

Ал енді кәпірлердің үкімі туралы мәселені бұл үмметтің имамдары қалай түсіндіргеніне назар аударайық:

Имам Ибн әс-Саләх Саләх былай деп айтты: “(Бұл мәселедегі)  негіз – жер бетінде кәпірлердің болуының рұқсат етілетіндігі, өйткені Аллаһ Тағала жаратылыстардың өлтірілуін қаламайды және оларды өлтірілулері үшін жаратпады! Ақиқатында, Аллаһ олардан келетін зиянның себебінен оларды өлтіруге рұқсат етті, бірақ бұл (кәпірлерді өлтіру) олардың күпірлігі үшін жаза болғандықтан емес!  Бұл дүние жазалау мекені болып табылмайды ғой, себебі амалдар үшін жазалау немесе сыйға бөлеу Қиямет Күні болады. Ал егер кәпірлер мұсылмандардың билігінде болса және біздің заңдарымызды орындаса, біз олардан тіршілігімізді қалыпқа келтіруде пайда көреміз. Және бізде оларды өлтіру үшін себеп қалмайды, ал олардың жазасы Аллаһтың алдында. Өйткені кәпірлер мұсылман мемлекеттерінде тұрып жүргенде, мүмкін, олар Аллаһтың олардың табиғаттарында (фитраларында) не жаратқанын көрер. Ал егер мәселе осы жағдайда болса, онда: «Мәселенің негізі кәпірлерді өлтіру керектігінде», – деп айтуға тыйым салынады!»  Қараңыз: “Фатауа Ибн әс-Саләх” 224.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия  «Маған адамдар: «Лә иләһә иллә-Ллаһ», — деп айтпайынша, олармен соғысу бұйырылды!» деген хадиске қатысты: “Бұл –Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баршаны қатарынан өлтіре беру бұйырылғанын және бұл мақсат болғандығын білдірмейді. Жоқ! Ақиқатында, бұл – Құранға, Сүннетке және бірауызды келісімге (ижмаъ) деген қарама-қайшылық! Және Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан бұлай істемеген, әрі  оның өмір тарихы ол өзіне тиіспеген адамдарға тиіспегенін нұсқайды!”,  — деген. Қараңыз: “Қа’ида фи қиталь әл-куффар” 117.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия сондай-ақ былай деді: “Ақиқатында, кәпірлермен тек бір себеппен ғана шайқасады, ал бұл себеп – соғыс! Және бұл – ғалымдардың басым бөлігінің пікірі, бұған Құран мен Сүннет те нұсқайды!»  “ән-Нубууат” 140.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия, сондай-ақ, былай деген: “Ақиқатында, бұл дүние жазалау мекені болмағандықтан, бұл дүниедегі жаза күнәнің ауырлығына немесе оның жеңілдігіне нұсқамайды, өйткені жазалау мекені – ана дүние! Алайда бұл дүниедегі жазалар бұзақылық пен өшпенділікке тыйым салу үшін заңдастырылған, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Соның (Адамның бір ұлы екіншісін өлтіргенінің) салдарынан  Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық таратпаған біреуді өлтірсе — шынайы түрде барлық адамдарды өлтірген сияқты…», — деп жаздық» (әл-Маида 5: 32).

Және періштелер Аллаһқа былай дейтін: «Онда (Жерде) бұзақылық таратып, қан төгетін біреуді жаратамысың?» (әл-Бақара 2: 30).

Періштелер айтқан бұл екі нәрсе Аллаһ Исраил ұрпақтарына өлім жазасын бұйыруының себебі болып табылады. Өйткені жизья төлейтін кәпірлердің иманды қалдыру күнәсі барша мұсылмандардың пікірі бойынша біз өлім жазасына кесетін зинақордың және адам өлтіргеннің күнәсінан жаман болуына қарамастан,  оларға мұсылмандардың жерінде өмір сүруге рұқсат етіледі ғой. Әрі Абу Ханифа «кәпірмен оның дұшпандығының себебінен соғысады және егер ол соғыспаса, онымен де соғыспайды» деп есептеген. Және осы себепті жизья тек Кітап иелерінен ғана емес, көпқұдайшылдардан да алынады. Және бұл – имам Малик пен имам Ахмад пікірлерінің бірінде келіскен нәрсе. Қараңыз: “Мажму’уль-фатауа” 20/101.

Шейхуль-Исламның мына сөздеріне назар аударыңыз, себебі бұл жерде ол сөз болып жатқан мәселені түсіндіреді!

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия сондай-ақ былай деген: «Жер бетінде бұзақылық таратуға тырысқан» деген сөздер бұзақылығы басқаларға тиетін адамға қатысты. Өйткені егер бұзақылық тек адамның өзіне ғана тисе, онда ол туралы: «Жер бетінде бұзақылық таратуға тырысқан» , — деп айтылмайды! Қараңыз: “әс-Саримуль-маслюль” 291.

Шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Кәпірлерді өлтіру күпірліктерінің себебінен емес, соғысу себебінен рұқсат етіледі! Және дәл осы себепті соғысуға қатыспайтын әйелдер мен балаларды, келісім-шартта болғандарды және монахтарды өлтіруге тыйым салынған еді! Оның үстіне, біз (тек) өзімізбен соғысқандармен соғысамыз!” “Ахкаму аһли-зиммә” 1/27.

Уа, мұсылмандар, бұл имамдардың сөздеріне назар аударыңдар! Яғни шабуыл жихадында да мұсылмандар тек өздеріне қарсы соғысатындармен ғана соғысады! Және бұл Аллаһ Тағаланың: «Өздеріңмен соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар да, шектен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді». (әл-Бақара 2: 190), — деп айтқанына сәйкес келеді.

Сондай-ақ, кейбір адамдар өздерінің дұрыстығын растау үшін кәпірлердің керуендеріне шабуыл жасаған Абу Басыр мен Абу Жәндәлдің және сондай-ақ олардың жақтастарының іс-әрекеттерін мысалға келтіреді.  Олардың бұл дәйегіне жауап, Аллаһтың қалауымен, қарапайым-ақ:

Біріншіден, қай имам осы деректен кез келген кәпірдің мал-мүлкі мен өмірі халал болып табылады деген дәлел шығарды?!

Екіншіден, бұл адамдар кәпірлердің барлық керуендеріне емес, ал тек құрайштықтардың керуендеріне шабуыл жасады! Бұл жөнінде Ибн Са’д, Ибн ‘Абдуль-Барр, әс-Сухайли, Ибн әл-Қайим және Ибн Сайд ән-Нас сынды имамдар осы дерекке түсіндіме беріп айтып кеткендей. Қараңыз: “әл-Исти’аб” 4/161, “әр-Раудатуль-анф” 4/59, “әт-Табақат әл-кубра” 4/134.

Оның үстіне, хадистің өзінде де бұл туралы тікелей мәтінмен былай деп айтылып тұр: «Әрі, Аллаһпен ант етемін, олар (Абу Басыр және оның жақтастары) қурайштықтардың Шамға бағыт алған керуені туралы естісе болды, міндетті түрде оған шабуыл жасайтын, онымен баражатқандарды өлтіретін және олардың мал-мүліктерін алып қоятын». әл-Бухари 2731, 2732.

Мәселе мынада: Абу Бәсыр және оның жақтастарының қурайштықтармен қастығы бар еді, өйткені қурайштықтар Меккеде Ислам қабылдаған мұсылмандарды қинайтын. Сол себепті олар Меккеден қашып шығып кетті де, теңіз жағалауын мекендеді, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көпқұдайшылдармен келісім-шартының себебінен оларды Мәдинаға қабылдамады.

Үшіншіден, Құран мен Сүннетте мұндай дәлелге жүгінуден құтқаратын, өзгенің мал-мүлкін иемденуге тыйым салынғандыққа нұсқайтын көптеген айқын және тікелей дәлелдер бар.

Қазіргі кезде Құран мен Сүннеттің тікелей дәлелдері тұрса да, ерсі және жанама дәлелдерді қолдану сәнге айналып кетті. Мысалы, кейбір адамдар періштелердің адам кейіпінде келуін театралдық қойылымдарды қоюға рұқсат етілгендігіне дәлел ретінде пайдаланады. Немесе музыкалық аспаптардың рұқсат етілгендігіне дәлел ретінде Исрафильдің Қиямет күнінің алдында Сұр үрлейтінін келтіреді. Мұндай дәлелдер Құран мен Сүннеттің айқын және анық мәтіндеріне қайшы келетін адасушылық болып табылады.

Кез келген кәпірдің мал-мүлкіне қатысты тағы да бір қең таралған күмән туралы айтар болсақ, ол – кейбір адамдардың: «Мен ешкіммен ешқандай келісім-шарт жасасқан жоқпын!», — деп айтулары.

Істің мәні – мүндай адамдардың келісім-шарт кейбір жағдайлардың себебінен өздігінен күшке еніп кететінін түсінбеуінде. Сонда, өз сапарластарын өлтіріп, олардың мүлкін иемденіп алған әл-Муғира ибн Шу’ба олармен қандай да бір ресми келісім-шарт жасасқан ба еді?! Оның олармен сапарлас болғанының өзі олардың арасындағы өзара қауіпсіздік кепілдігі туралы келісім-шарт болатын.

Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: “Ақиқатында, Муғира олармен жолда бірге жүріп отырғандықтан және олардың әрқайсысы (жолдағы) серігінен өз өмірі мен мал-мүлкіне қатысты қауіпсіздікте болғандығы себепті бұл (оларға қастандық жасау)оған (Муғираға) харам болған етін. Және оның оларды өлтіріп, мал-мүлкін иемденгені — оларға қатысты қиянат болды. Ал, сенімді (аманатты) әрбір адамға қатысты: мейлі олар ізгі, бұзақы, иман келтірген, немесе кәпір болсын — ақтау керек!” Қараңыз: “әл-Аусат” 11/314.

Имам Ибн Батталь былай деген: “Мысалы, егер адам кәпірлермен сапарлас болса, олардың әрқайсысы басқасынан қауіп-қатерден сақталған болады. Және мұндай жағдайда қан төгу де, мал-мүлікті алып қою да сатқындық болып табылады, ал сатқындық тіпті кәпірлерге де қатысты тыйым салынған”. Қараңыз: “Шарх Сахих әл-Бухари” 8/129.

Хафиз Ибн Хажжәр былай деген: “ Бұл хадистен  кәпірлердің мал-мүлкін қауіп-қатерсіздік (бейбітшілік) кезінде қиянатшылдықпен алып қоюға рұқсат етілмейтіндігі шығады, өйткені сапарлас топ бір-бірінен қауіп-қатерден сақталған күйде бірге жүреді”. Қараңыз: “Фатхуль-Бари” 5/341.

Сөйтіп, бұл хадисте кейбір білімдері жеткіліксізсіз мұсылмандар айтып жүрген «Мен олармен ешқандай келісім-шарт жасасқан жоқпын» немесе «Олармен бірге бір ұшақтың ішінде немесе автобустың ішінде болғанда, мен олармен ешқандай келісім-шартқа қол қоймадым!» деген сөздерін айқын түрде жоққа шығару бар.

Мұның барлығы – өзін-өзі алдаушылық, себебі бұл нәрселердің (яғни бірге сапарға шығудың немесе жолаушылар көлігіне бірге мінудің) өзі адамдардың арасындағы өзара қауіпсіздік келісім-шартты меңзейді. Егер адамдар қандай да бір адамның жауыздығы мен сатқындығы туралы немесе ол кез келген уақытта мал-мүлікті тонауы, не басқа да бір зиян тигізуі мүмкін екендігін білсе, оны ұшаққа немесе автобусқа отырғызар ма еді әлде жай ғана онымен бір көлікте отырар ма еді?!

Әрі қарай, егер қандай да бір кәпір, мейлі тіпті ол соғысушы болса да, мұсылмандардың территориясына кірсе және оған кіру визасы немесе т.с.с. рұқсат берілсе, оған тиісуге тыйым салынады, өйткені бұл қауіпсіздік кепілдігін бұзу болғандығы. Ал, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  былай деген: «Барлық мұсылманның қаны тең дәрежеде құнды, ал олардың ең беделсізінің берген кепілдігін өзгелердің барлығы орындауға тиісті». Абу Дауд 2751, Ибн Мажжаһ 2685, Ибн әл-Мунзир 11/151. Хадис сахих, бұл жөнінде шейх әл-Әлбани айтқан.

Меккені алғаннан кейін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға қатысты өздерінің оңбағандылығымен және қиянатшылдығымен ерекше танылған тек бес адамнан басқа, оның тұрғындарын өлтіруге және олардан өш алуға тыйым салғаны жеткізіледі. Ал ол бесеуін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіруді бұйырды, олар тіпті Қағбаның көлеңкесінде кездессе де. Сонымен,  Ибн Хубайр осы бесеудің бірі еді. Ал Умм Ханидің бауыры Али оны көріп қалып, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығын орындау үшін ізінен  қуып жөнелген кезде, Ибн Хубайр Умм Ханидің үйіне кіріп кетіп, одан пана сұрады, ал ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірі туралы білмей, оған қауіпсіздік кепілдігін берді.  Кейін ол өзі Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөйлеспейінше, оған тиісуге тыйым салды. Имам әл-Бухариден келген хадисте Умм Хани Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кіріп: «Уа, Аллаһтың Елшісі, менің бауырым (Али) мен өзімнің қорғауыма алған Хубайрдың ұлын өлтіремін деп жатыр!», — дегенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Умм Хани, сен өзіңнің қорғауыңа алғанды біз өзіміздің қорғауымызға аламыз», — деді. әл-Бухари 357.

Егер тіпті әйелдің берген қауіпсіздік кепілдігі есепке алынып, осы кәпірдің қаны мен мал-мүлкі басқаларға харам етілген болса, онда мемлекет өз еліне кірерде беретін кепілдігінің орындалуы туралы не айтуға болады?!

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деді: “Қауіпсіздік кепілдігін кез келген кәпірге беруге болады, және мұны кез келген мұсылман істей алады!” “Саримуль-маслюль” 95.

Енді қауіпсіздік кепілдігі қалайша іске асатындығы жайлы аз-маз айтып өтейік:

Умар ибн әл-Хаттаб былай деді: “Егер мұсылман оған: «Маттарс», — десе, ол оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Және егер ол оған: «Лә тадхәл», — десе де, ол оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Ақиқатында, Аллаһ барлық тілдерді біледі!” Абдур-Раззақ 5/219, Са’ид ибн Мансур 2599.

«Маттарс» және «Лә тадхәл» — парсылар мен эфиоптардың тілдерінде  «қорықпа» дегенді білдіреді.

Имам Ахмад және Ибн Таймия былай деген: “Кәпір өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі деп түсінген кез келген нәрсе, оған қауіпсіздік кепілдігін беретіні Сүннеттен келген!” “әл-Инсаф” 10/348, “Бәяну-ддәлиль” 64.

Имам Ибн Мунасыф былай деді: “Дұшпан өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі (аман) деп түсінген кез келген тілдегі кез келген нәрсе: мейлі ол сөз болсын, мейлі жазу немесе ым болсын — оған бұл кепілдікті береді, тіпті мұсылман мұны меңземеген болса да!” “әл-Инжәд” 2/45.

Имам Ибн Қудама былай деген: “Егер кәпірлерге олар оны қауіпсіздік кепілдігі (аман) деп есептеген белгі берілсе, онда бұл — олар үшін аман болады. Және егер кәпірлер өздерінің қамалынан «бұл белгі – қауіпсіздік кепілдігі» деп ойлап шықса, онда оларды өлтіруге болмайды! ” Қараңыз: “Шарх әл-Кәбир” 10/559.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде мына нәрсе айқын болып отыр: мұсылмандардың еліне кірейін деп жатқан кәпірдің төлқұжатына қойылатын виза оған қауіпсіздік кепілдігін береді. Және осыда ешқандай күмән жоқ.

Сол секілді бұл кәпірлердің елінде өмір сүріп жатқан немесе виза яки кіруге рұқсат алып сол жерге келген мұсылмандарға да қатысты болады. Оларға бұл кәпірлерді өлтіруге, олардың мал-мүлкін тонауға тыйым салынады, өйткені мұның барлығы – қиянатшылдық және қауіпсіздік кепілдігін (аманды) бұзу. Имам әш-Шәфи’и “әл-Умм” кітабында былай деді: “Егер дұшпандар мұсылмандардан біреуді тұтқынға алып, кейін оны азаттыққа жіберген және қауіпсіздікпен қамтамасыз еткен болса, онда олардың берген қауіпсіздік кепілдігі — олардың өздеріне де берілген қауіпсіздік кепілдігі болып табылады, және оның (мұсылман адамның) оларды қиянатшылдықпен өлтіруіне және оларға сатқындық жасауына құқығы жоқ”.

Егер тіпті кәпірлер тұтқынға алған адам олардың территориясында ешнәрсе істемеу керек болса, онда олардың территориясына өз еркімен барған, немесе олардың жерінде өмір сүретіндер туралы не айтуға болады!

Имам Ибн Қудама былай деді: “Кім дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген болса, олардың мал-мүлкіне қиянатшылдықпен қол сұғуына немесе олармен өсімқорлықпен айналысуына  құқығы болмайды. Олардың өздеріне қатысты қиянат туралы айтар болсақ, оған тыйым салынған, өйткені олардың берген қауіпсіздік кепілдігі оларға қатысты сатқындық жасалмауын білдіреді.  Тіпті, бұл шарттар сөзбе-сөз (ауызша) келісілмеген болса да, мұның мәні әрекеттің өзінен айқын болып тұр”.  “әл-Муғни” 13/152.

Бірақ егер белгілі бір кәпір қандай да бір ақылға сыймайтын тәсілмен мұсылмандардың жеріне келісім-шартсыз түсіп қалған болып шықса да, бұл біздің заманымызда іс жүзінде мүмкін емес болса да,  мұның өзі де «оны бірінші болып ұстап алған адам тонай алады немесе өлтіре алады» дегенді білдірмейді!

Имам Ибн Қудама былай деген: “Егер соғысушы кәпір мұсылмандардың жеріне қауіпсіздік кепілдігінсіз кірсе, онда қарау керек: егер оның мұсылмандардың жерінде сатқысы келген  сатылатын тауарлары бар болса, онда оған кедергі жасамау керек, өйткені кәпірлердің сауда жасау үшін бізге кіруі дәстүрге айналған”. Қараңыз: “әл-Муғни” 9/199.

Бұдан қалса, егер қандай да бір кәпір мұсылмандардың жеріне тіпті қауіпсіздік кепілдігінсіз және сауда-саттық мақсатынсыз кіріп келсе, алайда мұсылмандардың жеріне өзіне ешкім зиян тигізбейді деп сеніп кірсе, онда оған да тиісуге болмайды! ‘Умар ибн әл-Хаттаб бір елде әкім болып отырған Са’ид ибн ‘Амирге насихат айтып хат жолдағанда, басқалардың қатарында мыналарды жазды: «Ал егер сендерге кәпірлерден болған бір адам өзі үшін қауіптенбей келсе, әрі сендер оны ұстап алсаңдар, онда егер ол сендерге саналы түрде түскенін білсеңдер, онымен ешнәрсе істеулеріңе болмайды!» Қараңыз: имам Малик “әл-Мудаууана” 2/145.

Осының барлығы біздің кезімізде кең таралған «Кез келген кәпірдің мал-мүлкі — халал, өйткені қазір бүкіл кәпір әлемі мұсылмандармен соғысуда»  деген пікірді жоққа шығарады.

 Кәпірлердің мал-мүлкі туралы имамдардың айтқан сөздері

 Айтылғанның барлығын бекіту үшін барлық мазхабтың және әртүрлі уақыттарда өмір сүрген имамдардың талқыланып отырған мәселе бойынша айтқан сөздерін келтіреміз:

Имам әш-Шәфи’и былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан аумағына (жеріне) (даруль-харб) кепілдікпен кірсе және ол олардың мал-мүлкінен қандай да нәрселерді иемденуге қабілетті болса, бұл оған рұқсат етілмейді, ол (мал-мүлік) көп болса да, аз болса да! Және адамның мал-мүлкі бірнеше жақтан харам болады: біріншісі – Ислам; екіншісі – жизья төлеумен жасалған келісім-шарт; үшіншісі – белгілі уақытқа (берілген) кепілдік (аман)”. Қараңыз: “әл-Умм” 4/284.

Имам әш-Шәфи’и сондай-ақ былай дейтін: “Қарызы бар адамға қарыз берушісінің рұқсатынсыз, мейлі ол – мұсылман, мейлі — кәпір болсын, жихадқа (кифаяға) шығуға рұқсат етілмейді”. Қараңыз: “әл-Умм” 5/370.

Таңқаларлық жағдай емес пе, бауырлар? Кәпірге қарызы бар адамға имам әш-Шәфи’и тіпті жихадқа шығуға рұқсат етпеген. Сонда ол кәпірлердің мал-мүлкі халал екендігін түсінбеді ме, оның үстіне, жихад туралы сөз болып тұрғанда?!

Имам әш-Шәфи’и сондай-ақ, былай деп айтқан: “Егер соғысушы (харбий) кәпір ислам еліне қауіпсіздік кепілдігімен кіріп, артынша өлсе, оның мал-мүлкіне тиісуге болмайды. Және мұсылмандардың әмірі оның мал-мүлкін оның мұрагерлеріне, олар қай жерде болмасын, жіберуі тиіс”. Қараңыз: “әл-Умм” 4/296.

СубханАллаһ, Ислам деген — міне осы, уа, мұсылмандар! Кәпірлердің және білімі жеткіліксіз мұсылмандардың көз алдында Исламды бетімен кетушілік пен қарақшылыққа айналдырмаңдар!

Имам Ахмад былай деген: “Егер мұсылмандар теңізге шықса, ал оларға мұсылман елдеріне бет алған, дұшпан елінің көпқұдайшылдарының қатарынан болған саудагерлер кездессе, мұсылмандар оларға бөгет жасамауы тиіс және олармен соғыспауы керек. Және мұсылман жеріне дұшпан территориясынан сауда жасау үшін келген әрбір (адаммен) сауда жасасуға болады”. Қараңыз: “әл-Муғни” 8/245.

Егер тіпті тұрғындары мұсылмандарға қарсы соғысушы елден келген саудагерлерге тиісуге болмайтын болса, онда мұсылмандармен соғыспайтын кәпірлер туралы не деуге болады?!

Имам Ахмадтың бұл сөздерінде біздің кезіміздегі кәпірлерге бойкот жасау міндеттілігі сияқты жаңа құбылысты және «Мұсылмандар баяғыда кәпірлердің дұшпан елімен емес, тек зиммийлермен ғана сауда жүргізген» деген сөздерді  жоққа шығару бар екендігін айта кетуге болады.

Қады Абу Я’лә былай деген: “Егер мұсылман (адам) дұшпан аймағына кірсе, немесе олардың тұтқынында болып, олар оны босатып жіберген болса, онда оған олардың өміріне және мал-мүлкіне қол сұғуға болмайды. Олар оны қауіп-қатерден сақтандырғандай, ол  да оларды өзінен қауіп-қатерсіз етуі керек!” Қараңыз: “әл-Ахкаму-ссультания” 152.

Егер кәпірлердің тұтқынының үкімі осылай болса, онда кәпірлердің еліндегі (ешкім тиіспеген) туристтің немесе сол елде тұрушы (мұсылманның) үкімі туралы не айтуға болады?!

Имам әс-Сархаси былай деген: “Егер мұсылман (адам) кәпірлерге олардың рұқсатымен кіріп барса, оларға қатысты қиянат жасауына болмайды. Ал егер ол бәрібір оларға қиянат жасаса және олардың мал-мүлкін иемденсе және содан соң оны ислам мемлекетіне айдап жіберсе, онда (басқа) мұсылманның одан бір нәрсе сатып алуы (егер ол бұл нәрсенің жаман жолмен табылғанын білсе) дұрыс емес (сөгіс айтылатын) амал болып есептеледі!” Қараңыз: “әл-Мабсут” 10/96.

Мың жыл бұрын өмір сүрген бұл имамның сөздеріне назар аударыңдар. Оның сөздері, айталық, Европада өмір сүріп, сол жердегі кәпірлердің тауарларын ұрлайтын, кейін олар ұсталынып өз елдеріне депортацияланатын (мемлекеттен күштеп айдап жіберілген), ал олар ол жерде барлық ұрлаған нәрсесін сата бастайтын мұсылмандарға қатысты емес пе?!

Имам әс-Сархаси, сондай-ақ, былай дейтін: “Мустаминдердің (қауіпсіздік кепілдігімен кіретін кәпірлер) жай-күйі зиммийлердің жай-күйіндей. Сол себептен олар мұсылмандардың әмірлері тарапынан міндетті түрде көмек көрсетілуіне байланысты бірдей дәрежеде. Мысалы: оларды жәбірлеуден қорғау, өйткені олар оның билігінің астында тұр!”  Қараңыз: “әс-Сияр әл-кәбир” 5/1891.

СубханАллаһ, мұсылмандардың әмірі оның территориясына қауіпсіздік кепілдігімен кірген кәпірлерді жәбірлеуден қорғау қажет деген оның сөздеріне назар аударыңыздар! Ал мұндай сөздер үшін біздің кезімізде сені оп-оңай күпірлікте айыптауы немесе саған, кем дегенде, «әл-уалә уәл-бара» (достық және қатыссыздық) мәселесінде ауытқығандық туралы айып тағуы мүмкін!
Имам Ибн Қудама былай деді: “Кім дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген болса, олардың мал-мүлкіне қиянатшылдықпен қол сұғуына немесе олармен өсімқорлықпен айналысуына  құқығы жоқ. Оларға қатысты қиянат туралы айтар болсақ, оған тыйым салынған, өйткені олардың берген қауіпсіздік кепілдігі оларға қатысты сатқындық жасалмауын білдіреді.  Тіпті, бұл шарттар сөзбе-сөз келісілмеген болса да, мұның мәні әрекеттің өзінен айқын болып тұр”.  “әл-Муғни” 13/152.

Имам әл-Марғинани былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан территориясына саудагер болып кірсе, онда оған олардың мал-мүлкінен қандай да бір нәрсені иемденуіне және сондай-ақ олардың өміріне қол сұғуына болмайды!” Қараңыз: “Бидаятуль-мунтаха” 118.

Имам ән-Науауи былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан территориясына кепілдікпен кірсе және оларға тиесілі қандай да бір нәрсені иемденіп алса, әлде бір нәрсені ұрласа, ал содан соң мұсылмандардың жеріне қайта оралса, ол иемденген нәрсесін қайтаруы қажет!” Қараңыз: “Раудату-тталибин” 10/291.

Имам ән-Науауи сондай-ақ имам әр-Рафи’идің мына сөздерін жеткізген: “Егер адам дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігімен кіріп барса, онда оған ол жерден қойма алуға рұқсат етілмейді, ол оны күштеп тартып алса да, жай тауып алса да. Сондай-ақ ол оларға тиесілі нәрселерге қатысты қиянат жасай алмайды, ақиқатында, ол оларға тиістіні өздеріне қайтаруға міндетті!” «әл-Мәжму’» 6/51.

Имам Ибн Муфлих былай деген: “Егер кәпірлер тұтқындағы мұсылманды босатса, ол оларға қиянат жасамастан қашып кетуі керек. Және  олардан алған нәрселерін өздеріне қайтаруы керек, өйткені ол қауіпсіздік кепілдігінде. Егер ол осылай жасамаса, онда ол – сатқын! Және егер кәпірлер оны ол кейін оларға мал-мүлік (тұтқыннан босатылғаны үшін өтеу) жібереді деген шартпен босатқан болса, оның шамасы жетсе, ол оларға ақша жіберуге міндетті. Бұл – саудадағы төлем сияқты. Және бұл жөнінде имам Ахмад та айтқан, өйткені келісім-шартты орындауда тұтқын (мұсылмандар) үшін пайда бар, ал келісім-шартты бұзуда түтқын (мұсылмандар) үшін зиян бар, өйткені осыдан кейін кәпірлер мұсылмандарға сенбеуі мүмкін!” Қараңыз: «әл-Мубди’» 3/396.

Аллаһу акбар, бұл сөздер мені таң қалдырды!

Имам Ибн әл-Хумам әл-Ханафи былай дейтін: “Егер мұсылман (адам) дұшпан аймағына саудагер болып кірсе, онда оған олардың мал-мүлкінен қандай да бір нәрсені иемденуіне және, сондай-ақ, олардың өміріне қол сұғуына болмайды!” Қараңыз: “Шарх Фатх әл-Қадир” 6/17.

Имам Мухаммад әш-Шайбани былай дейтін: “Егер мұсылмандардың тобы олармен соғысушы кәпірлерге келіп: «Біз – халифаның елшілеріміз», — десе және  қандай да бір қағазды халифаның хаты деп шығарып көрсетсе немесе еш нәрсені шығарып көрсетпесе, онда бұл — көпқұдайшылдарға қатысты сатқындық болады! Ал егер оларға: «Кіре беріңдер!», — деп айтылса, және олар дұшпан территориясына кірсе, онда олар олардың жерінде болған кезінде дұшпандардан ешкімді өлтірулеріне және олардың мал-мүлкінен қандай да бір затты алуға  рұқсат етілмейді!” Қараңыз: “әс-Сияр” 2/66.

Шейх Ибн Баз басқаратын Сауд Арабиясының пәтуалар және ғылыми зерттеулер бойынша Тұрақты Комитетінің  (әл-Ләжнату-ддаима) ғалымдарына «Кәпірлердің елінде өмір сүріп, осы елге зиян тигізу үшін, мемлекеттен электр қуаты мен суды ұрлауға болады ма?» деген сұрақ қойылды.

Сондай-ақ, оларға «Электр қуатына, газға, телефонға т.б. төлемақы төлеуден бас тартуға болады ма?!» деген сұрақ қойылғанда, олар: “Бұған рұқсат етілмейді, өйткені бұл адамдардың мал-мүлкін қақысыз жеу және сенімді бұзу болып табылады”, — деп жауап берді. «Фатауа әл-Ләжна әд-даима» 23/441

Шейх Ибн Баз былай дейтін: “Кәпірлердің елдерінде өмір сүретін мұсылмандар үшін, егер олардың мүмкіндігі болса, діни рәсімдерді ұстанатын ислам қалаларына қоныс аудару міндетті (уәжіп) болады! Егер мұндай мүмкіндік болмаса, онда жамандық аздау болған қалаға қоныс тебуі керек, мұны сахабалардан құралған топ, Аллаһ оларға разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығы бойынша Меккеден Эфиопияға жасағанындай. Өйткені бағындырылғанға дейінгі Меккеге қарағанда, сол кезде Эфиопияда мұсылмандар үшін жамандық аздау еді. Ал, егер мұсылмандар бұл қоныс аударуды да жасай алмаса, онда олар Аллаһтан қорқып, Аллаһ тыйым салған нәрселерден сақтанып, Аллаһ Тағала оларға жүктеген міндеттерді орындаулары қажет. Және егер кәпірлердің елдерінде өмір сүріп жатқан мұсылмандар сол мемлекеттердің көмегін пайдаланып жүрсе, оларға күнә жоқ. Алайда олар солардың мемлекеттерінен материалдық жәрдем алу үшін, өтірікке жүгінбеуі керек! Олар барлық істе Аллаһтан қорқып, барша харам нәрседен сақтанулары қажет және Құран мен Сүннетті оқып-зерттеулері керек, сондай-ақ, өздеріне анық болмаған нәрселелерге қатысты білім иелеріне телефон арқылы немесе хатпен жүгінулері қажет.

Аллаһ барлық мұсылмандардың жағдайын тәртіпке келтірсін және олардың дінін сақтасын, өйткені олар үшін өз нәпсілерінен және дұшпандардан  келетін жамандық жетіп асады!” Қараңыз: “Мәжму’у фатауа уә мақаләт” 28/163.

Шейх Ибн ‘Усаймин былай дейтін: “Егер кімде-кім: «Бізге соғысушы кәпірлердің мал-мүлкі рұқсат етілмеген бе?», — десе, жауап былай болмақ: «Ия, алайда зұлымдық (жасау арқылы) емес, өйткені мұндай жағдайда бұл бізге тыйым салынған». Бірақ біреу: «Ал келісім-шарты болған кәпірлердің мал-мүлкі бізге халал ма?», — десе, жауап: «Жоқ, келісім-шарттағы кәпірлердің мал-мүлкі де, қаны да сендерге рұқсат етілмеген!» Мұның үстіне, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім келісім-шартта болған кәпірді өлтірсе, Жәннәттың иісін де сезбейді!» Аллаһ бізді мұндайдан қорғасын. Осы себептен де келісім-шарты бар кәпірлердің мал-мүлкіне қол сұғатын алданған адамдардың өшпенділігі, зұлымдығы мен адасушылығы бізге түсінікті болады! Кәпір сенің қалаңа кірді ме, әлде сен олардың қаласына кірдің бе – айырмашылық жоқ. Біз кәпірлердің елдерінде өмір сүретін және: «Бұл кәпірлердің мүлкін бүлдірудің оқасы жоқ!», — деп айтатын кейбір жастар туралы естідік. Және сен олардың көшелердегі жарық жүйелерін қалай бұзып жатқандарын, дүкендер мен машиналарға қалай шабуыл жасағандарын көре аласың. Бұл олар үшін харам болып табылады! СубханАллаһ! Бұл адамдар сендерге қоныс берді және сендер олардың жауапкершілігіндесіңдер,  ал сендер оларға қатысты сатқындық жасап жатырсыңдар!

Бұл — Исламды жек көрсетуге және сөгуге мүмкіндік беретін (нәрселердің) ең жаманы. Бірақ іс жүзінде бұл – Исламды жек көрсету емес, алайда  өздерін Исламға жатқызатын адамдарды жек көрсету! Сол себептен келісім-шарты болған кәпірлердің мал-мүлкі құрметтелетінін және оған қол сұғылмайтынын білу керек. Және келісім-шарты болған кәпір сенің еліңде ме, әлде сен оның еліндесің бе, оның айырмашылы жоқ. Оларға қол сұғуға рұқсат етілмейді. Тыңдаңыз “Шарх әл-Арба’ун” № 24.

Шейх Салих әл-Фаузан: “«Бұлар – кәпірлер, ал сондықтан олардың мал-мүлкін тартып алудың оқасы жоқ!» — деп айтуға болмайды. Кәпірлердің мал-мүлкі (шайқасу кезіндегі олжадан бөлек) рұқсат етілмеген. Және бұл  «кез келген кәпірдің мал-мүлкі халал» дегенді білдірмейді. Олардың үйіне баса көктеп кіріп, мал-мүлкін тартып алып: «Бұл – халал мүлік!», — деу рұқсат етілмеген!” Қараңыз: “Жарида әр-Рияд” № 13785.

Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Баррак былай деп айтқан: «Кәпірлерге қатысты олардың елдерінде өмір сүріп жүрген кейбір надан мұсылмандардың жасап жүргендері: ұрлық, олардың құқықтарын бұзу, хақысыз оларды ұрып-соғу және балағаттау сияқты қылмыстары — Ислам шариғатында тыйым салынған (харам) болып табылады! Мұндай адамдардың істеп жүргендерінің Исламға ешқандай қатысы жоқ! Бұдан да сорақысы – бұл түрлі мекемелерді жарып жүрген кейбір адасқандардың жасап жүрген терактілері. Ақиқатында, Аллаһ Тағала жер бетінде әділеттілікті тарату мен Өзінің Сөзін ұлықтау үшін өзінің құлдарының арасында заңдастырған  жихадқа мұның еш қатысы жоқ! Тіпті,  бұл – тыйым салынған бұзақылық!» “И’тида ‘алә ғайриль-муслимин” 3.

Имамдардың келтірілген сөздерінің негізінде олар бұл мәселеде келіспеушілікті білмегендігі көрінеді. Оның үстіне, хауариждерден өзге біреудің келісім-шартта болған кәпірлердің мал-мүлкін халал дегені белгісіз, өйткені бұл – олардың мазхабының бірі, бұл жөнінде  имам әш-Шахристани: “Хауариждер келісім-шартта болған және жизья төлейтін кәпірлердің  мал-мүлкін халал деп есептеген. Осыны рұқсат етпегендерден бас тартуды да парыз деп есептеген!”, – дегендей. Қараңыз: “әл-Миләл уә-ннихәл” 118.

СубханАллаһ! Аталған барлық нәрселерден кейін де біздің кезімізде муфти сымақ біреу шығып, қандай да бір ой-пайымдарын дәлел ретінде келтіріп, кез келген кәпірдің мал-мүлкі халал деп жариялайды! Және мұндай «муфтидің» сөзін қабылдап алып, жоғарыда айтылғандардың барлығын біле тұра, оны аят немесе хадис сияқты негізге алатын адам – одан да таң қаларлық.

Сондай-ақ, кәпірлерге зұлымдық көрсетуге тыйым салынғандығы олармен дос болу немесе оларды жақсы көру керек дегенді білдірмейтінін нақтылап айту керек. Жоқ! Кез келген кәпірді, мейлі ол ағайын-туыс немесе Ислам мен мұсылмандардың дұшпаны болсын,  олардың күпірлігі үшін жүрекпен жек көру қажет екенін білу керек.

Ал, оларға қатысты ашық түрде дұшпандық пен жеккөрушілік танытуға келер болсақ,  ол жағдайға, бұған деген қабілеттілікке (шамаға) және кәпірлердің өздерінің мәртебесіне байланысты әртүрлі болады. Шейх Исхақ ибн ‘Абдур-Рахман ибн Хасан Әли Шейх былай дейтін: “Қатыссыздықтың (әл-бара) негізі — кәпірлерден жүрекпен, тілмен және денемен алыстау болып табылады. Және муминнің жүрегі кәпірлерге қатысты жек көрушілік танытуын тоқтатпайды. Ал шариғи себептермен түрленетін ашық түрде өшпенділік таныту – басқа іс”. Қараңыз: “әд-Дурару-ссания” 8/305.

Барлық жазылған нәрсе тек Аллаһтың разылығын көздеп, көпшілік мұсылмандар қателікке бой ұратын бұл мәселені түсіндіру үшін арналады. Біз мұны қазіргі кезде орын алып жатқан, әр нәрсені өз атымен атайтындарды екіжүзділер, муржилер, мадхалилер, кәпірлердің жақтаушылары, Аллаһтың заңымен үкім етпеуді қолдайтындар деп айыптайтын қисынсыз құбылыстың себебімен айтып отырмыз.

Бұл жолдаудағы ақиқат болған нәрсенің барлығы – Аллаһтан, ал егер біз қателік жіберген болсақ – ол өзімізден және барлық нәрсеге қолын сұғуға тырысатын шайтаннан. Ал Аллаһ Тағала барша кемшіліктерден Пәк!

 Және ең соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

www.salafforum.ru

You may also like...