Әбу Умар әл-Ғаззидің «Өзін-өзі өлтіру актілерінің және жарылыстардың ауыр зардаптары» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Кітаптың ең көлемді бөлігін ««Жанкештілік» актілерді жақтаушылардың дәйектері және оларды теріске шығару» атты тарау алады. Онда автор адасушылардың негізгі дәйектеріне бірме-бір тоқталып, оларды Құран және Сүннеттің мәтіндерімен және ғалымдардың пікірлерімен теріске шығарады.
Дұшпанмен кездесуге күш әзірлеңдер, бірақ рұқсат етілгеннің шекарасынан шықпаңдар
«Жанкештілік» актілерді рұқсат етушілер, сондай-ақ, дәлел ретінде Аллаһ Тағаланың мына сөздерін келтіреді: «Сендер де оларға қарсы шамаларың келгенше әртүрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер. Аллаһтың дұшпанын және өз дұшпаңдарыңды қорқыту үшін» (әл-Әнфал; 60).
Бұл аятқа қатысты айтар болсақ, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны тәпсірлеп, ондағы «күш» дегенде не аталып тұрғанын түсіндірді. Жоғарыда аталған аятты оқып болып, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Күш – бұл атуға қабілетті болудан өзге еш нәрсе емес», — деді де, осыны үш рет қайталады. Муслим.
Сөйтіп, күш әзірлеу (жинау) туралы бұйрық мұсылман адамға мергендікпен атып үйренуді білдіреді. Ал жарылыстарға келер болсақ, онда бұл ұстаным бұл жерде жүрмейді, өйткені оларды ұйымдастыру үлкен ептілікті (машықтықты) және жаттығуларды талап етпейді және оларды тіпті әйелдер де жасай алады.[1]
Бұдан тыс біздің дінімізде кез келген істің Исламның қағидаларына сәйкес келуі қажеттігі туралы ешқандай келіспеушіліктер жоқ. Мұндай қағидаларға өзін-өзі өлтіруге деген қатаң тыйым жатады. Бұл жөнінде Құранның аяттары және Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері айтады.
Абу Хурайра, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Кім өзін таудан (арнайы) тастап, өлтірсе, өзі мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отына) үздіксіз төмен қарай құлай береді; кім (арнайы) у ішіп өзін опат етсе, (өзі) мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) оны өз қолымен үздіксіз ішеді; кім өзін темірмен өлтірсе, (өзі) мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) өз қолымен сол темірмен өзінің қарнын үздіксіз соға береді». әл-Бухари және Муслим.
Мұсылман адамға өзін-өзі өлтіруге тыйым салынады, тіпті ол осыған баруға мәжбүр болса да, мысалы, егер ол тұтқынға түскен және әскери құпияның жария болуынан қауіптенген ірі қолбасшы болса да. Ғалымдар кез келген жағдайда өзін-өзі өлтіруге тыйым салады, тіпті бұл әрекет армияның құтқарылуына алып келсе де.
Пәлен М.Х.М. деген мырза Мысыр Пәтуалар Академиясына осы мәселе бойынша сұрақ қойып, жүгінеді. Оған жауап беріп, Академия алдымен мәтіннің үш бетін алған Құран мен Сүннеттің дәлелдерінің түсіндірмесін келтірді де, соңынан мынадай қорытынды шығарды: «Мұндай адамға өз-өзін өлтіруіне рұқсат етілмейді. Шариғатқа сәйкес, қинаулар мен азаптауларға сабырлықпен төтеп беріп, құпияны ашпауы қажет. Мүмкін Аллаһ оның жағдайын жақсартар. Сабырлық танытып, ол Аллаһтан болған ұлы сыйға ие болады және Раббы, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), дін және отан риза болатын әрекет жасайды». Қз.: «әл-Фатауа әл-Исләмия» (74/527-2530). Пәтуаны шейх Хасан Мә’мун берген (№ 74-585-сұрақ, 384-бет; 1 ражжәб, 1375 жыл (13 ақпан, 1965 жыл).
Шейх Салих бин Фаузанға мына сұрақ қойылды: «Дұшпан елдерінде (жасалып жатқан) адамдарды өлтіру және үкіметтік мекемелерді жару сияқты әрекеттер қажеттілік болып табылады ма және осыны жиһад деп атауға болады ма?»
Шейх былай деп жауап берді: «Адам өлтіру мен жарылыстар — тыйым салынған (харам) болып табылады, өйткені олар мұсылмандарға қайғы-қасірет төндіреді және олардың өлтірілуіне, сондай-ақ қудалануына әкеледі. Ал Аллаһтың жолындағы жиһадқа қатысты айтар болсақ, онда тек ашық шайқас және тек белгілі шарттарға сәйкес амалдар болуы тиіс. Бұл істе Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үлгісіне ілесу міндетті болып табылады. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшуге дейін Меккеде, кәпірлердің арасында болған кезде мына аяттар түсті: «Сондай оларға: «Қолдарыңды тыйындар, намазды орындап, зекет беріңдер!» — делінгендерді көрмедің бе?» (ән-Ниса; 77).
Сөйтіп, оған кәпірлермен соғысудан бас тарту бұйырылған еді, өйткені олардың біреуі болса да өлтірілсе, кәпірлер барлық мұсылмандарды опат қылар еді. Мұсылмандар өмір сүріп жатқан елдердегі адам өлтірулер, мұсылмандардың өлтірулеріне әкеп соғады, ал бұл қазір де орын алып жатыр. Мұның Ислам шақыруына ешбір қатысы жоқ, және де ол — Аллаһ жолындағы жиһад болып табылмайды. Мұсылмандарды қайғы-қасіреттің қойнауына тастап жатқан зорлық пен жарылыстар туралы да осыны айтуға болады.
Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшкенде және онда армия мен көмекшілер пайда болған кезде Аллаһ мұсылмандарға қарсы дұшпандық танытып, соғысып жатқан көпқұдайшылдарға қарсы қарулы күресті бастауды бұйырды.
Ал енді, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары Меккеде болған кездерінде кейбір мұсылмандар бүгінгі күні жасап жүрген әрекеттерге ұқсас нәрселер жасады ма? Жоқ! Керісінше, дұшпандарға қарсы кез келген әрекеттерге тыйым салынған еді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде бола тұра, кәпірлерге материалдық зиян тигізді ме? Жоқ! Оларға мұндай нәрсе тыйым салынған еді. Оларға Исламға шақыру және адамдарға ақиқатты жеткізу әмір етілген еді. Күш қолдану және жаулармен шайқасу тек мұсылман мемлекеті пайда болған мәдиналық кезеңде мүмкін болды!» Қз.: «Фатауа әл-аимма фи ән-Науәзил әл-Мудәлхима», 41-бет.
Қазіргі замандағы «жанкештілік» актілер сияқты әрекеттер Мекке кезеңінде Исламға жат болғаны айдай анық, өйткені олар дұшпандардың күштілігінің және мұсылмандардың әлсіздігінің себебінен мұсылмандарға өте үлкен қайғы-қасіреттер мен шығындар алып келер еді. Сондай-ақ, олар Мәдина кезеңінде де Исламға жат болғаны – ап-айқын. Өйткені сол кезде мемлекет құрылған еді және қолбасшысы бар армия пайда болған еді, ал олардың болуы тұсында жеке шешім қабылдау мүмкін болмайды және радикалдық топтарға бірігуге жол берілмейді. Мемлекет пен армияның болуы тұсында не жеңіс, не дін үшін қаза болу мүмкін жиһад және әскерлердің соғыс майданында шайқасуы мүмкін болады. Ал Аллаһ Өзінің құлдарынан қалағанына жеңісті сыйлайды.
Әлдекім: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тұсында бикфорд баулары болмады ғой!», — деп, пәлсапалауға түсіуі мүмкін.
Жауап ретінде біз: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біреуге жасырынған түрде дұшпанның аймағына, зорлық жасап немесе адам өлтіріп, кейіннен өзін-өзі өлтіруі үшін кіріп баруды бұйырды ма?!», — деп сұраймыз. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біреуді кемені батыруға және сонымен қоса өзі де суға кетуіне жіберді ме?! Хузайфа ибн әл-Йаман, Аллаһ оған разы болсын, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Соғысқа қатысудың екі түрі бар. Кім тек қана Аллаһ үшін соғысса, әмірге бағынса, ең қымбаттысын (Аллаһ үшін) жұмсаса және серігіне қатысты жұмсақтық танытса, өзінің ұйықтағаны үшін де, ояу сәттері үшін де сауап алады. Ал кім мақтауға ие болу және өзгелерге көрсету үшін соғысса, әмірге бағынбаса және жер бетінде бұзақылық таратса, тіпті жұмсағаны үшін де сауап ала алмай оралады». Бұл хадисті ән-Нәсаи жеткізген. Шейх әл-Әлбани «Сахих «Сунан» ән-Нәсаи» атты жинағында бұл хадисті хасан деген (3911).
Жоғарыда келтірілген хадисте баяндалған соғысты жүргізудің екінші түрі қастандықтар мен жарылыстар ұйымдастырушы радикалдық қозғалыстарға тән. Егер сіз, құрметті оқырман, олардың мәні туралы ой жүгіртсеңіз, бұл топтардың барлығы өз мемлекеттерінде қудаланатынын, өздерінің үкіметтеріне қарсы жүретінін, жер бетінде ешбір қақысыз бұзықтық таратып жүргенін көресіз.
Шейх-уль-ислам Ибн Таймийя былай деген: «Адамдарды басқару – ең ұлы діни міндеттілік екенін білу керек. Діннің тіршілік етуі және дүние тіршілігін реттелуі әмір болған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Адамдардың мүдделері, егер олар бір-бірінің мүдделерін қанағаттандыру үшін біріксе ғана, толық мөлшерде сақталады. Мұндай бірігуде олар әмірсіз амалдай алмайды.
Аллаһ Тағала жақсылыққа үндеуді және жамандықтан ұстап қалуды бұйырды. Бұл міндеттілікті орындау күш-қуат және билік болса ғана мүмкін болмақ. Бұл — Аллаһтың басқа да – жиһад, қажылық, жұма және айт намаздарын өткізу, жәбірленгенге көмек көрсету және қылмыстар үшін шариғат белгілеген жазаларды іске асыру сияқты әмірлеріне де қатысты. Мұның барлығы тек күш пен биліктің болуы тұсында ғана мүмкін болады». Қз.: «әс-Сийаса әш-Шәрийа фи әр-Раи уә ар-Раийя».
[1] Сонғы кездерде мұндай фактілер жиілене түсті, мұның үстіне кейбір жанкешті-әйелдер өздерін-өздері уақыттан бұрын жарып жіберуде.