Шейх Салих бин Мухаммад әл-Люхайданның (Аллаһ оған есендік берсін) АҚШ-тағы Дүниежүзілік сауда Орталығының ғимаратына жасалған әуе шабуылына байланысты айтқан сөзі

Шейх Салих бин Мухаммад әл-Люхайданның (Аллаһ оған есендік берсін) сөзі[1]

Құрметті телекөрермендер, сіздерге Аллаһтың сәлемі, игілігі және берекесі болсын.

Не орын алса да — Аллаһқа мадақ, Оның рахметімен игілік жасалып жатқан Аллаһқа мадақ, бүкіл нәрсенің тағдырын белгілеп және бекітіп қойған  Аллаһқа мадақ!

Адамдар орын алған жайтқа қатысты пікірлердің ұштаспауына не әкеп соққаны туралы және АҚШ-тың басына келген опат туралы бізге және бір-біріне сұрақтар қойып, осындай оқиғалар шариғат тұрғысынан қандай бағаланатынын білгісі келеді.

Ислам шариғаты кез келген уақиғаларға қолданыла алатын, құрамында кез келген мәселелердің шешімі бар және кез келген апаттармен — соның  ішінде жақын күндерде орын алғандары да бар — олардың көлемі туралы үкім шығаруға мүмкіндік беретін,  бүкіл нәрсені қамтитын діни заң екендігіне күмән жоқ. Көбіне адамдар «Шариғаттың осындай оқиғаларға қатынасы қандай?», «Шариғат осыны рұқсат етеді ме?»,  «Мұсылман ғалымдары осындай іс-әрекеттерді құптайды ма?» деген сұрақтарды жиі қояды.

Исламның мұндай оқиғаларға қатынасы қандай екендігі туралы не айту керек? Мұсылман ғалымдары барлық орын алып жатқан жағдайлар туралы айтуы керек және мұсылмандар мен мұсылман еместердің басына түсіп жатқан сәтсіздіктерге шариғаттың қатынасын түсіндіруі керек.

Барлық нәрсе Аллаһтың тағдыры мен үкімі бойынша орын алып жатқанына және шариғат кез келген оқиғаларға қолдануға жарамды екеніне еш күмән жоқ. Аллаһ – даналардың Ең Данасы, рахымдылардың Ең Рахымдысы және Ол Әділетті Би болып табылады. Ол әділетсіздікті (зұлымдықты) Өзіне харам етті және оны Өз құлдарының арасындағы қарым-қатынаста да харам етті, бұл жөнінде құдси хадистердің бірінде Аллаһ былай деп айтады: «Әй, Менің құлдарым, ақиқатында, Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім және Оны сендердің араларыңда харам еттім; ендеше, біріңе бірің жәбір көрсетпеңдер!» Муслим «Сахих», №6572 хадис.

Жазықсыз адам  зорлыққа ұшырап жатса және ешбір қылмыс жасамаған адам өлтіріліп жатса, бұл зұлымдықтың көрінісі болып табылады. Тек адамдарға ғана емес, жындарға да рахымшылдықтың, мейірімділіктің және жанашыршылықтың пайғамбары етіп жіберілген Мухаммад пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға барлық қажетті нұсқауларды түгел етіп берді. Ол әскери жорықтарға және соғыс әрекеттеріне қатысты, ал қолды жорыққа дайындау кезінде сарбаздарға: «Сендер баланы да, әйелді де, әлсіз қартты да, өзінің кельясында ғибадат етушіні де[2] өлтірмеуге міндеттісіңдер», — деп бұйыратын. Муслим «Сахих», №4522 хадис.

Бұл дегеніміз: Ислам басқаларды өлтіретін, соғысатын және мұсылмандарға шабуыл жасайтындарды ғана өлтіруге рұқсат береді.

Осыған орай, емізулі нәрестелер мен әйелдер, қарт шалдар мен кемпірлер, ауру мен сау адамдар құрбан болып жатқан осындай қылмыстар, мал-мүлікке және оның иелеріне зиян тигізіп жатқан қылмыстар аса үлы қылмыс және қауіпті күнә болып табылады. Шариғат оларды Ислам тыйым салған жер бетінде бұзақылық таратуға, егіндер мен мал түлігін жоюға теңестіреді, өйткені мұндай амалдарға Аллаһ және Оның Елшісі тыйым салған. Бір әскери жорық барысында өлтірілген әйелді көрген Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Онымен соғыспау керек еді», — деген. Абу Дауд «Сунан», №2669 хадис.  Ал бұл – оны (әйелді) өлтіру – мүлде тыйым салынған іс екендігін көрсетеді.

Мен теледидардан бұл ғимараттарға қалайша соққы берілгенін және олардың қирауының дәл қарсаңында адамдарды Қиямет күні басталғандай  қорқыныш баулағанын көрдім, бұл сасқандарынан қай жаққа қашуын білмей жан-жаққа ұрынғандардың жүздерінен көрінді.

Міне, сондықтан осыны жасаған адамдар және осындай қылмыстарды жасаушылардың барлығы да Ислам тұрғысынан өте қауіпті қылмыскерлер болып табылады және олар ең жаман амалдар жасап жатыр.   Ал кімде-кім: «Шариғаттың, Құран мен Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетінің мақсатын білетін мұсылман діндарларының әйтеуір  біреуі осындай әрекеттерді кұптайды», — десе, ол олар туралы жаман ойда болғаны.

Мұсылман адам дұшпанынының қайғы-қасіретіне де, егер оған зұлымдық жасалған болса, қуанбайды, өйткені зұлымдыққа мүлдем рұқсат жоқ, ал жазаға лайықты емес адамға қарсы өшпенділік әрекеттер жасау харам және жиіркенішті. Ал куәгерлердің көз алдында жасалған, ол туралы хабар кең тараған және оны көзімен көрген адамдарға үрей салған қылмыс туралы не айтуға болады, әрі мұсылмандар осындай әрекеттерді құптайды деп қалайша айтуға болады?!

Орын алған оқиғаны ақтап, дәлелдеу үшін не ойланып табылса да, бұндай негіздемелер (дәлелдер) орынсыз болып табылады, ал мұндай әрекеттер, оларды Ислам критерийлерінің негізінде бағаласақ,  ақтала алмайды. Аллаһ Тағала қасиетті Құранда мұсылмандарға былай дейді:  «…және бір елдің өшпенділігі сендерді әділетсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ….» (әл-Мәидә сүресі, 8-аят).

Әділетке жер мен көктер сүйеніп тұр, ал жаппай жазалауға келер болсақ, бұл әділеттілікпен еш ұштаспайды және ол — әділетсіздіктің көрінісі, сондай-ақ зорлық-зомбырлық пен жиіркенішті амал болып жазылады.  Өйткені бір ғана жазықсыз адамды өлтірудің өзі — ұлы қылмыс, ал енді арасында сәбилер мен жас балалар және Қиямет күні келген сияқты қорыққанынан түсік тастаған болуы мүмкін жүкті әйелдер бар көптеген адамдарды өлтіру қаншалықты ауыр болмақ!

Мұсылманның ақыл-санасы бұл қылмыстың жасалу салдарынан адамдар куә болған жан түршігерлік көріністерді мақұлдай алмайды, сондай-ақ оны жасаған адамдардың ақталуы да қабылданбайды, тіпті олар мұсылман ортасында және мұсылман елінде өскен болса да; ал маңыздысы — бұл ғалымдардың айтып жатқан сөздері және шариғаттың мұндай әрекеттерді қауіпті қылмыстардың санатына жатқызатындығы.

Ұшақтарды алғашқы алып қашулар туралы хабарлар Сауд Арабиясы Корольдігінде мәлім болғанда, ол ұшақтардың арасында сол кезде бірде-бір саудиялық ұшақ жоқ болатын және бұл елдің ғалымдары мұндай әрекеттерге, ұшақтағы жолаушылар мұсылман немесе мұсылман емес болуына қарамастан, тыйым салынғандығы туралы шешім шығарған еді. Ғалымдар мұндай зұлымдық – харам (тыйым салынған), ал негізсіз зорлық-зомбырлық және адамдарға үрей салуға оқшалану ең ұлы жамандықтардың қатарына жатады және бұзақылықтың (пасықтықтың) көрінісі болып саналады деп тапты.

Ислам мемлекеті болып табылатын және шариғат нұсқауларына ілесетін Сауд Арабиясы Корольдігінің мұндай әрекеттерді және оларды жасаушыларды өз тарапынан ашық айыптауы таңданарлық жайт емес, өйткені бұл мемлекет қандай бастамаса жаса да, оның бұл жолдағы қадамдары Исламға қайшы келмеуі керек.

Бұл дегеніміз, мұндай әреккетерді айыптай отырып, мемлекет діннің қағидаларын басшылыққа алады және Ислам ұстанымы атынан сойлейді, өйткені оның аймағында екі мұсылмандық Қасиетті орындар бар және бұл жерден Исламның жолдауы жан жаққа тарала бастады, сондықтан-да оның мұндай жексұрындықты кұптамайтындығына, оны жасаушылардың қылмыстарына сөгіс жасайтынына және қылмыскерлерге пана беріп оларды жасыратындардың және олардың әрекеттерін құптайтындардың әрбірін айыптайтынына таңданудың қажеті жоқ.  Исламды ұстанатын, шариғаттың мақсаттарынан хабары бар және шариғаттың Аллаһтың құлдарына қаншалықты мейірімді және аяушы екендігін білетін мұндай әрекеттерді өте жеккөрінішті және адамдарға ең көп зиян әкелетін амалдар деп санайды.

Мен теледидарға шығуымнан алдын маған көптеген сұрақтар қойылды. Олардың көптігін және адамдардың Сауд Арабиясы Корольдігі әділет органдарының ұстанымын түсіну үшін сот мекемесі басшысының сөздерін естуді қалауын ескере отырып, мен шығып сөйлеуді және мыналарды айтуды жөн көрдім: мұндай әрекеттер айыптауға лайықты, алайда Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Жасалған қылмысқа оны жасаған қылмыскердің өзі ғана айыпты», — деген сөзін ұмытпау керек.  Әт-Тирмизи «Сунан», №2159 хадис; Ибн Мажжаһ «Сунан», №3659 хадис.

Бұл дегеніміз: егер біреу қылмыс жасаса немесе белгілі қағидалар мен ережелерді бұзса, ол үшін жауапкершілікті оның өзі ғана көтереді және жауапкершіліктерді өзгелерге жүктемеу керек. Осы камераның алдына шығып сөйлеуден бірнеше сәт бұрын, мен бір газеттің сұрақтарына жауап беріп, бұл жан түршігерлік акцияның ақтауы жоқ екендігін және ол тек өшпенділіктің көрініс беруіне және мұндай әрекеттерді кұптамаған да, мақтамаған да мұсылмандарға қарсы бағытталған өш алу актілеріне әкеп соғатынын түсіндірген болатынмын.  Алайда әділеттілік пен ақыл әркім тек өзінің күнәсі үшін жауап беруін және жеке біреулерден де, адамдардың топтарынан да өзге біреулердің күнәлары үшін есеп талап етілмеуін талап етеді. Бұл жөнінде Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Жасалған қылмысқа оны жасаған қылмыскердің өзі ғана айыпты, — деп айтқанындай. Ал Құранда былай деп айтылған: «Ешкім басқаның (күнәсінің) жүгін көтермейді» (Нәжм сүресі, 38-аят).

Бұл дегеніміз: жазықсыз адамға жамандық жасаған адамның күнәсінің айыбын жүктемеу керек, ал өзгелерге зиян тигізбейтін біреуді қылмыскердің жасаған қылмысы үшін жазаламау керек.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында  Америка халқына қатысты сұрақтар және американдықтар енді сол елде өмір сүріп жатқан мұсылмандарға немесе ол елге баратын арабтарға немесе өзге ұлт өкілдеріне белгілі бір теріс ұстаныммен қарайтын болады деген мәселелер көтерілген болатын. Адамдарды «Осы ақылға қонымды ма?» деген сұрақтар қызықтырады.

Мен алдында да айтушы едім, қазір де мынаны қайталаймын: өздерін демократияның көрнекті қорғаушылары және әділеттің  жақтаушылары деп атайтын американдықтардан олар өз азаматтарына және еліне келуші арабтарға немесе өзге мұсылмандарға немесе мұсылман емес арабтарға мұндай қарым-қатынас жасайтынын күту екіталай. Табандылығымен, ақыл-пайымымен және көптеген басқа да жақсы сипаттарымен ерекшеленетін американдықтар еш жамандық жасамаған адамдарға залымдар ретінде қарайды деу мүмкін емес, өйткені қылмыскер мен жазықсыз тең емес, ал бейбіт адамға зорлық акцияларын жасап жатқан адамның айыбын тағуға болмайды.

Мен тағы да бір рет қайталаймын: Ислам мұндай әрекеттерді мүлдем орынсыз деп санайды. Алдында мен соғыс кезінде әскери қимылдың қатысушылары әдетте бейбіт тұрғындарға тиетін зиян туралы да, олардың опат болуы туралы да ойланбайтынын айтқан болатынмын. Алайда Ислам балаларды, соғысқа қатыспайтын әйелдерді, қарт кісілерді және өз кельяларында ғибадат істерімен айналысатын монахтарды өлтіруге тыйым салған сияқты, соғыс қимылдарында қатыспайтындарды да өлтіруге тыйым салады. Осындай көзқарастарды ұстанған, Елшісі түрлі халықтарға және жеке адамдарға жіберілген діннің ұстанушылары мұндай аса зымиян залым амалдарды құптай алмайды. Бұл әрекеттер өте үлкен және бұрын орын алмаған қауіп болып табылады, ал оларға қатысу немесе болысу  барлық жағдайда қылмысқа теңестірілуі керек. Бұдан тыс, мұндай әрекеттерді болдырмауға қажетті мамандарға белгілі болған барлық шараларды қолдану керек.

Шариғат өз құрамында дененің ғана емес, әлеуметтік науқастардың да алдын алу құралдарына ие екендігіне және ауырудың алдын алу оны емдеуден жақсы екендігіне еш күмән жоқ, өйткені қауіп-қатерді болдырмау  шариғаттың мақсаттарына және ақыл санасы дұрыс адамдардың талабына жатады.

Сөзді көбейтпей-ақ, мұсылман үмметінің атынан оның ғалымдары мен саяси басшылығы мұндай әрекеттерді кұптай алмайтынын ерекше қадап айтамын. Сондай-ақ, мен Америка қоғамы да, жалпы батыс қоғамы да азаматтары оның қалауынсыз қылмыс жасап жатқан мемлекетке келіспеушік талаптарын қоя алмайды және мұндай мемлекетке қарсы, мұндай әрекеттер жасауға ешбір рұқсат алмай  және мемлекетін хабардар етпей, осындай әрекет жасаушылардың амалдары үшін, дұшпандық қадамдар жасай алмайды деп нық сенемін, өйткені осы жиіркенішті қылмысты жасаушылардың біреуі де өз ниеттері туралы өз мемлекетінің ресми өкілдерін хабардар етті деп ойламаймын. Ресми тұлғалар кез келген жерде өз отандастары туралы дұрыс және біржақты ғана болмаған пікірде болуы керек, әсіресе ол елдерде тұрақты немесе уақытша тұратын көптеген мұсылмандар оларға қарсы айыптаулар тағылған елдерден шыққандығын ескерген түрде. Ал Исламға қатысты айтар болсақ, ол мұсылмандарды түсі немесе тілі бойынша алаламайды.

Тағы да бір рет қайталаймын, АҚШ зардап тартқан іс-әрекеттер жабайы айуандардың іс-әрекеттерінен де, біз әдетте көріп үйренген лаңкестер (терроршылар) мен қылмыскерлердің іс-әрекетінен де жан түршігерлік сипатта. Орын алғанның барлығы ерекше қауіпті және жиіркенішті болып табылады.

Аллаһ Тағаладан бізді бұл дүниеде кез келген жамандықтан сақтауын, әрбір адасқанға тура жол сілтеуін, ақиқатқа және оны жақтаушыларға көмектесуін, жалғанды және оны жақтаушыларды көмексіз қалдыруын, біздің барлық істеріміз Оған ұнамды болуын және бізге рахымын төгуін тілейміз, өйткені Аллаһ Өзінің рахымына бөлемегендерге ешкім көмектесе алмайды.

Аллаһтың Елшісіне, оның бауырлары болған өзге пайғамбарлар мен елшілерге және шынайы ықыласпен ақиқатты ұстанатындарға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын. Әлемдердің Раббысы болған Аллаһқа мадақ, Ұлы, Жоғары Аллаһтан өзге ешкімде күш те, қуат та жоқ.



[1] Бұл жерде шейхтың Сауд Арабиясы Корольдігінің теледидарына шығып сөйлеген сөзінің мәтіні келтірілген.

[2] Яғни монахтың.

You may also like...