Шейх Мухаммад бин Салих әл-Усайминннің (Аллаһ оны рахымына бөлесін) өзін-өзі өлтіру актілері туралы мәселе бойынша жауаптары

Қазылған орлардағы от-жалынға тасталып өлтірілген иман келтіргендер[1] туралы айтылатын хадистің мағынасын түсіндіріп және одан алынатын пайдаларға нұсқап, шейх, Аллаһ оны рахымына бөлесін, былай деп айтты: «Адам барша мұсылмандардың игілігі үшін өзін қиюы мүмкін. Сөйтіп, осы жасөспірім патшаға, ол оның айтқандарын жасаса, өзінің қаза болуына әкелетін нәрсені нұсқады.

Шейх-уль-ислам Ибн Таймия былай деді: «Бұл Аллаһтың жолындағы жихад болғандықтан, адамдар иман келтірді, ал ол ешнәрсе жоғалтпады, өйткені ол ерте ме, кеш пе өлер еді».

Ал өзінің денесіне жарылғыш заттарды орап алып, өзге діндегілердің аламан арасына кіріп, өзін олармен қоса жарып жіберетін кейбір адамдардың әрекеттеріне келер болсақ, бұл өзін-өзі өлтіру болып табылады, бұдан бізді Аллаһ сақтасын, өйткені өзін-өзі өлтіруші Тозақ отында мәңгі қалады, бұл жөнінде сахих хадистердің бірінде айтылады[2]. Мұндай өзін-өзі өлтірушілік мұсылмандардың мүддесіне сәйкес келмейді, өйткені адам өзі-өзін опат етсе және өзімен қоса он, жүз немесе екі жүз өзге өмірлерді алып кетіп жатса, бұл Исламға пайда әкелмейді, өйткені бұдан кейін өзге адамдар хадисте келтірілген жасөспірімнің өлімінен кейін оның дінін қабылдаған оның өлімінің куәгерлері сияқты Исламды қабылдамайды. Бұдан қалса, мұндай әрекеттер дұшпандарды одан әрі ызаландырады, сөйтіп олар мұсылмандарды ең сұрапыл тәсілдермен қыруға кіріседі.

Израиль үкіметінің палестиналықтарға қатысты істеп жатқан әрекеттері бұған мысал бола алады. Палестиналық біреу өзін-өзі жарып, бес-алты адамды өлтіргеннен кейін билік одан он есе көп палестиналықтарды тұтқындайды, ал бұл мұсылмандарға да, араларында осындай жарылыстар  орын алып жатқан адамдарға да ешқандай пайда әкелмейді.

Міне, сондықтан біз осылайша істеп жатқан адамдар хақысыз өздерін-өздері өлтіріп жатыр және бұл оларды міндетті түрде Тозаққа әкеледі деп есептейміз, Аллаһ бізді одан сақтасын. Мұндай адам шахид[3] емес. Егер ол мұны қателесіп, өзінің істеп жатқанын рұқсат етілген амал деп есептеп істесе, біз оның күнәсі кешіріледі деп үміттенеміз, алайда ол шахид болып табылмайды, өйткені ол шахид істеуге тиіс болған амал істеген жоқ.

Сұрақ: «Өзге діндегілердің ортасында, олардан кек алу үшін, өзін-өзі жарып жіберетін адам туралы қандай шариғи шешім шығару керек? Мұндай әрекеттерді өзін өлтіруді нұсқаған жасөспірім туралы хадиске жүгініп  ақтауға болады ма?»

Жауап: «Дұшпандарды өлтіру үшін өзін-өзі жарылғышпен орап алатын адам – өзін-өзі өлтіруші және бұл жөнінде сахих хадистердің бірінде айтылғандай, ол Тозақ отында өзін-өзі өлтірген нәрсесімен мәңгі азапталады.

Міне, сондықтан Аллаһ Тағаланың: «…өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер, (өйткені) ақиқатында Аллаһ сендерге рахымды» (ән-Ниса сүресі, 29-аят), — деген сөздерін оқып, кейін осындай амалдарды жасайтын адамдар таң қалдырады.  Олардың амалдарының нәтижесінде дұшпан жеңіліс табуда ма? Әлде мұндай жарылыстардан кейін, Израильде болып жатқандай, дұшпандар мұсылмандарға қатысты бұрыңғысынан да бетер тәкәппарлық пен сұрапылдық танытуда ма? Ал қазірше біз ол жақтағы соңғы референдумда арабтарды өлтіріп-жоюды қалаған оңшылдар жетістікке жеткенін көрудеміз.

Алайда біз Аллаһ Тағаладан мұндай қадамға надандықпен, осы оны Аллаһқа жақындатады деп барған адамдарды жазаламауын тілейміз.

Жасөспірім туралы хадиске жүгіну туралы айтар болсақ, онда ол жерде дұшпаннан кек алу туралы емес, адамдар Ислам қабылдағаны туралы айтылып жатқанын ұмытпау керек. Патша адамдарды жинап, жасөспірімнің қорамсағынан жебені алып: «Осы жасөспірімнің Раббысы – Аллаһтың атымен!», — деген кезде, барлық адамдар: «Бұл жасөспірімнің Раббысы Раббы болып табылады!», — деп айқайлай бастады. Сөйтіп, осының себебімен көп адамдар Исламды қабылдады. Ал егер жарылыстардан кейін де осылай болғанда, онда біз: «Бұл хадисті дәлел ретінде келтіруге болады және  Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, оны бізге соған сәйкес келетін қорытындылар шығару үшін жеткізді», — деп айтар едік. Ал іс жүзінде, өз өмірін қиып, он немесе жүз шақты дұшпанды өлтіруді қажетті деп есептейтін адамдардың әрекеттері, дұшпандардың одан сайын ызалануына және өздерінің ұстанымында  одан сайын табанды тұруына әкеледі.

 

Алынған көзі: «Мұсылман діндар ғалымдарының қазіргі заманның үндеулеріне жауаптары», құрастырушы шейх Мухаммад бин Хусайн бин Саад әл-Суфран әл-Кахтани, редакциясын басқарған Сауд Арабиясы Корольдігі Ең ірі ғалымдары Комитетінің мүшесі, шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузан, Кувейт, 2008 ж.



[1] Муслим «Сахих», № 3005 хадис. Бұл хадисте бір патша оған өз дінінен бас тартуды бұйырған жасөспірім туралы баяндалады. Жасөспірім бұған келіспеді, сонда патша оны өлтіруді әмір етті, бірақ оның қызметкерлері бұл әмірді орындауға қанша тырысса да, оған еш нәрсе істей алмады. Әрі қарай бұл хадисте былай баяндалады:

«Жасөспірім патшаға: «Менің бұйырғанымды істемесең, Сен мені ешқашан өлтіре алмайсың!» — деді. Патша одан: «Ол не?», — деп сұрады. (Жасөспірім): «Адамдарды бір төбеге жина да, мені пальма ағашының діңгегіне байлап таста. Сосын менің қорамсағымнан жебені ал да, оны садақтың ортасына қойып: «Осы жасөспірімнің Раббысы – Аллаһтың атымен!», — деп айт та, содан соң ат. Ақиқатында, сен мені осыны істесең ғана өлтіре аласың», — деп жауап берді. Сонда (патша) бір төбеге адамдарды жинап, (жасөспірімді) пальманың діңгегіне байлап, оның қорамсағынан жебе алып, оны садақтың ортасына қойып: «Осы жасөспірімнің Раббысы – Аллаһтың атымен!», — деп оқ атты. Оқ жасөспірімнің самайына қадалды. Ол өз самайын қолымен ұстаған күйінде өлді, ал адамдар: «Біз жасөспірімнің Раббысына иман келтірдік!», — деп айта бастады.  Содан соң патшаға (оның адамдары) келіп: «Сен өзің сескенген нәрсең туралы не айтасың? Аллаһтың атымен ант етеміз, сенің қорыққан нәрсең басыңа келді, өйткені адамдар иман келтірді!», — деді. Сонда патша (қала) қақпаларының қасынан орлар (қазуды) бұйырды, ал орлар қазылып болып, оларға от жағылған соң, (патша): «Өз дінінен бас тартпағанның әрбірін отқа тастаңдар!», — деді».

[2] Бұл хадисте Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Кім өзін таудан (арнайы) тастап опат етсе, өзі мәнгілікке (тасталатын) Тозақтың (отына) үздіксіз төмен қарай құлай береді; кім (қасақана) у ішіп өзін опат етсе, (өзі) мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) оны қолында ұстап, үздіксіз ішеді; кім өзін темірмен өлтірсе, (өзі) мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) сол темірді қолына ұстап, онымен өзінің қарнын үздіксіз соға береді», — деп айтқаны жеткізіледі. Әл-Бухари «Сахих», № 5778.

[3] Шахид — дін үшін болған соғыста қаза болған адам.

You may also like...