Сұрақ: «Ринат Абу Мухаммадтың лекцияларында «партизандық соғыс бидғат болып табылады» деп бірнеше рет айтылады. Оның қарсыластары дәлел ретінде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Соғыс – бұл айла», — деген сөздерін, сондай-ақ Абу Басырмен орын алған оқиғаны келтіреді. Сондай-ақ имам Ибн Жәузийя сөздерінде: «Әскери қулықтың түрлеріне — негізгі мақсаттан (қарсыластың) назарын бұру мақсатымен (белгілі бір іс-қимылдың) бейне бір әрекеттін жасағандықты көрсету (симуляциялау), дұшпанның қатарына бөлінушілік салу, торуылдар (тосқауылдар) ұйымдастыру, шайқас барысында тактикалық шегіну т.б. жатады», — дегенді келтіреді.
Ал торуылдар ұйымдастыру – партизандық соғыс емес пе? Бүл біздің үммет үшін маңызды сұрақ болғандықтан, осы сұраққа едәуір кеңірек және егжей-тегжейлі жауап естігіміз келеді. Және қазіргі заман ғалымдарынан кімдер партизан соғысын бидғат деді?»
Жауап: Көп мұсылмандар Ринат бауырымыз: «Партизан соғысы – бидғат», — дегенде нені тұспалдап айтқанын дұрыс түсінбеген!
Жалпы, бұл түсінікті бірінші болып тілге алған Ринат емес, оны осыдан 5-6 жыл бұрын кейбір Кавказдық бауырлар жиһад мәселесі туралы сөйлескенде айтқан болатын. Мұсылмандардың біздің уақытымыздағы күш-қуаты туралы және шейх Ибн Усайминнің жиһад жүргізу үшін қудра қажет екендігі туралы айтқан сөздері жайында және бүгінгі күні Америкаға, Ресейге, Францияға т.с.с. елдерге қарсы соғысуға шақыру — ақымақтық болып табылатындығы туралы сөз болғанда, бір бауыр Ринатқа: «Не үшін дәл осындай тәсілмен соғысу керек? Біздің уақытымызда кәпірлермен соғысудың жалғыз нұсқасы – бұл партизандық соғыс!», — деді. Ринат одан ол нені тұспалдап тұрғаны жайында сұрағанда, ол кәпірлерге зиян тигізу туралы, мысалы, тонналап мұнай, немесе бензин тиеп өтетін поезд жолдарын кәпірлерге орасан зор зиян әкелетін жаруды, немесе мұсылмандарға зиян тигізетін кәпірлердің жетекшілерінен болған бірулерді өлтіруді т.с.с. іс-қимылдарды айтты. Сонда Ринат: «Ал, ғалымдардан кім Исламда «партизандық соғыс» деген ұғым бар деді? Кім осыны жиһад деді?», — деп сұрады.
Бұл сұхбат тура Ринаттың «Победа и сила» атты лекциясының қарсаңында орын алған еді, соның себебімен ол бұл мәселе туралы сол лекцияда ескертіп өткен болатын.
Бұл жерде, Ринаттың өзі де бұл жөнінде бірнеше рет айтқанындай, «партизандық соғыс» дегенде сөз соғысу кезінде дұшпаннан жасырыну, торуыл жасау, қулық істеу туралы болып тұрмағанын түсіну қажет. Бұл нәрселердің барлығы, күмәнсіз, рұқсат етілген, ал Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Оларды (кәпірлерді) қоршап қамаңдар және оларға кез келген торуылды ұйымдастырыңдар» (әт-Тауба 9: 5).
Алайда кейбір бауырлар бұл терминнің орыс тіліндегі мағынасын түсінбегендіктен Ринатқа жалған жапсырып, ол: «Заңды жиһад – бұл тек қана бетпе-бет тұрып, екі жақтың біреуі құлағанша соғысу», — деген сөздерді теліп қойды.
Біріншіден, «партизандық соғыс» деген терминге осындай, ешқандай маневрлерсіз және тактикасыз бетпе-бет соғысу деген түсінікті Ринат та, онымен сөйлесу барысында осыны қозғаған Кавказдық бауырлар да қоспаған.
Екіншіден, Ринат та, әлгі бауырлар да бұл терминді оның орыс тіліндегі мағынасында пайдаланды. Ал сөздіктерде: «Партизан соғысы – жергілікті тұрғындар арасында (дүшпанның аймағында) жасырынып жүрген, қарсыласпен ашық және үлкен қақтығыстардан қашқақтайтын қаруланған топтардың жүргізетін соғысы» («партизанская война – это война, которая ведется скрывающимися среди местного населения (на территории врага) вооружёнными формированиями, избегающими открытых и крупных столкновений с противником». «Словарь Ушакова», «Большой юридический словарь»), — деп айтылған.
Қалай болғанда да, «партизан соғысы» терминінің өзін емес, бұл терминнің астарында не тұспалданып тұрғанын қарастыру қажет. Мұндай мағынаны араб тілінде және фиқһта өзіне қамтыған нәрсе «әл-иғтияль» (الاغتيال) деп аталады.
«Әл-иғтияль» деген не?
Өте жиі жағдайда «әл-иғтияль» сөзі идеологиялық, саяси, әскери және басқару салаларында ықпалға ие болған маңызды тұлғаларды қасақана ұйымдастырылған түрде өлтіруді сипаттау үшін қолданылады.
Әдетте мұндай адам өлтірудің себептері идеологиялық, саяси және экономикалық болады. Сондай-ақ адам өлтіруді ұйымдастырушылардың ойы бойынша олардың мақсаттары мен міндеттерін кеңірек таратуға кедергі болып жатқан белгілі бір тұлғаны шеттету үшін.
Ибн әл-Мәнзурдің «Лисан әл-’араб» деген танымал сөздігінде: “«әл-Иғтияль» – сатқындықпен адам өлтіру, яғни біреуді алдап өлтіру. Бұл — бір адамның басқа бір адамды жаңылыстырып, басқа жерге алып кетіп, содан соң өлтіруі. Сол кезде: «Пәлен кісі сатқындықпен өлтірілді(اغْتِيل), — яғни, — (الاغتيال) сатқындық жасалынды», — деп айтылады”, — делінген.
Әл-Асма’и және басқалар былай деген: “Пәлен пәленді сатқындықпен (غِيلة), яғни пайдаланып (اغْتيال), сондай-ақ жасырын түрде, білдірмей, байқатпай өлтірді”.
Абу Бакр былай деді: “Арабтардағы ғилә «адамға ол оны білмейтіндей, сезіктенбейтіндей зиян тигізу немесе оны өлтіру» дегенді білдіреді».
Абу әл-’Аббас былай деді: “Егер оны (адамды) тосыннан, аңдаусызда, ол өлтірушіні көре алмаған, алданған, осыған бейғам болған (яғни қажетті сақтану шараларын жасамаған) күйде өлтірген болса, «оны сатқындықпен өлтірді», — деп айтылады”.
غال етістігі біреудің басқа біреуге ол осыны күтпеген жағдайда, тосыннан, кенеттен жауыздық жасағанын айтқысы келгенде қолданылады.
Адамға жоғарыда аталғандарды жасағанда اغْتاله сөзін де қолданады.
Хадисте сондай-ақ былай деп келген: «Және маған астымнан кенеттен жамандық келіп тиюінен (أغتال) пана тілеп, Саған сиынамын» (Абу Дауд 5074, Ибн Мәжаһ 3871), — яғни «кенеттен жер жұтып» дегенді тұспалдап, «маған күтпеген жерден, тосыннан, кенеттен жамандықтың (жауыздықтың) келіп түспеуін (тілеп)».
Ал ислам елдерінде, нақтырақ айтқанда Сауд Арабиясында кейбір жамағаттар жасап жатқан жарылыстарға немесе полицейлерді өлтірулерге т.с.с. іс-әрекеттерге ғалымдар өте қатаң тыйым салған және осыны жиһад деп емес, әл-иғтияль деп атаған!
Жиһад – бұл әдістері (жаңалық енгізуге) жабық ғибадат!
Жиһад – ғибадат екендігіне ешкім тартыспаса керек, ал Исламдағы кез келген ғибадат сияқты, ол да шарттар мен дәлелдерге мұқтаж! Жиһад және оның әдістері тұрмыстық мәселелерге емес, ғибадатқа қатысты екенін, демек, оның өзіндік шарттары бар екенін түсіну өте маңызды болып табылады! Егер жиһад о бастан тұрмыстық мәселелерге қатысты болғанда, онда ғалымдар: «Жиһад сунний және бидғий болады», — деп айтпас еді, бұл жөнінде шейхуль-Ислам Ибн Таймия ескертіп, былай деп айтқанындай: “Құран мен Сүннет жиһад жасау бұйрықтарына және оның артықшылықтарына толы. Алайда Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған, шариғат заңдастырған жиһад пен адасушылықтың жақтаушылары жүргізіп жатқан бидғий жиһадының арасындағы айырмашылықты білу керек!” Қз.: “Раду ‘аләл-Әхнаи” 326.
Ал жиһад шын ықыласты болса да, қалай болса солай емес, Сүннетке сәйкес болуына ерекше маңыз берген сахабалардан да тура осылай деп жеткізіледі! Хасан әл-Бәсри былай деп баяндаған: “Бірде Абу Муса әл-Аш’ари Ибн Мас’удтың жанында тұрғанда оған бір адам келіп: «Сен Аллаһ Тағала үшін ашу-ыза танытып, қылышын көтеріп шыққан және өлтірілгенше шайқасқан адам туралы не айтасың? Ол қайда түседі?», — деп сұрайды. Абу Муса: «Жәннатқа!», — деп жауап береді. Сонда Ибн Мас’уд былай деді: «Ақиқатында, мына муфти (Абу Муса) сен сияқты! Бұл адам Сүннетке сәйкес соғысты ма, әлде бидғатқа сәйкес пе?!» Ибн Уәдах: «әл-Бида’» 1/80.
Осы дерекке назар аударыңыздар!
Сондай-ақ тура осыны Хузайфа Абу Мусадан: «Сен Аллаһтың дидарына ұмтылып, қылышың көтеріп шыққан адам туралы не айтасын, ол өлтірілсе, Жәннәтқа кіреді ме?!», — деп сұрағаны да жеткізіледі. Абу Муса: “Иә!”, – деп жауап берді. (Сонда) Хузайфа оған былай деді: «Жоқ! Тек егер ол Аллаһтың дидарына ұмтылып және Аллаһ әмір еткенге сәйкес амал еткен болса ғана! Мұндай жағдайда егер ол өлтірілсе – Жәннатта!» Са’ид ибн Мәнсур 2546. Иснады сахих.
Абу ‘Убайда ибн Хузайфадан жеткен басқа риуаятта Хузайфаның: “Ақиқатында, ол ақиқатқа сәйкес амал етіп соғысқан болса, және өлтірілсе, онда – Жәннатта. Ал егер ол дұрыс ниетке және Аллаһтың әміріне сәйкес амал етпеген болса, онда – Тозақта!», — деп айтқаны жеткізіледі. Содан соң Хузайфа былай деп жалғастырды: “Аллаһпен ант етемін, мұндай адам Тозаққа кіреді!” Бұған Абу Муса: “Сенікі дұрыс!”, – деді. ‘Абдур-Раззақ 5/267, Ибн Уадах 1/81. Иснады сахих.
Бұл үмметің ең білгір адамдары болған Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан жеткен осы маңызды хабарларға назар аударыңыздар! Бұл хабарларда жиһад жүргізу үшін жалғыз ықыластың болуы ғана жеткіліксіз, өйткені екінші шарт та — яғни оның дұрыс болуы қажет екендігіне айқын нұсқау бар!
Имам әл-Фудайль ибн ‘Ийяд былай деп айтатын: “Ақиқатында, егер амалдар ықыласты болып, бірақ дұрыс болмаса — олар қабыл болмайды, әрі егер амалдар дұрыс болып, бірақ ықыласты болмаса — олар ықыласты және дұрыс болмайынша, қабыл болмайды. Ықыластысы – Аллаһ үшін орындалатыны, ал дұрысы– Сүннетке сәйкес орындалатыны”. Абу Ну’айм “әл-Хилья” 8/95.
Имам Ибн ‘Ажлән былай деген: “Амал, егер онда мына үш нәрсе: тақуалық, жақсы ниет және дұрысқа сәйкестік болмаса, жетістік әкелмейді!” Ибн Аби әд-Дунья: “әл-Ихләс уә-н-нийя” 79.
Ибн Мас’удтың және Хузайфаның айтқан сөздеріне қайта оралып, шейх ‘Абдур-Рахман ибн Салих әл-Хиджидің имам Ибн Уәдахтың «әл-Бида’» деген кітабына жазған шархында бұл деректерге қатысты былай дегенін келтіруге болады: “Бұлар – ұлы хабарлар! Бұл сөздер Ибн Мас’удтан және Хузайфадан жеткізіледі және олар Абу Мусадан білгір еді. Бұл деректер бірдей. Абу Мусаға біреулер келіп: «Сен Аллаһтың дидарына ұмтылып, қылышын көтеріп шыққан адам туралы не айтасың, ол өлтірілсе, Жәннатқа кіреді ме?!», — деп сұрағанда, ол бірден: «Ол Жәннатта!», — деп жауап берді, өйткені өлтірілген адам Аллаһ үшін ашу-ыза танытқан еді. Алайда Хузайфа және Ибн Мас’уд бұл әлгі адам тек Аллаһтың дидарына ұмтылып және Аллаһ бұйырған нәрсеге сәйкес соғысқан жағдайда ғана солай болатынын айтты. Яғни адам жиһадты Сүннетке сәйкес орындаса ғана Жәннатта болады, өйткені жиһад та, басқа ғибадат та Сүннетке сәйкес орындалуы керек! Ал егер ол Аллаһ бұйырған ақиқатқа сәйкес амал жасамай соғысқан болса, ол Тозақта! Кейін Хузайфа былай деді: «Аллаһпен ант етемін, мұндай адам Тозаққа кіреді!»
Қараңдар, уа, бауырларым, жиһадқа байланысты бұл хабардың ұлықтығына назар аударыңдар! Жиһадта ықыластың болуы, яғни соғысу Аллаһтың Сөзін ұлықтау үшін болуы қажет. Ал, екіншіден, жиһад, бұған Хузайфа және Ибн Мас’уд нұсқағандарындай, Сүннетке сәйкес жүргізілуі қажет. Өйткені, соғысушы адамдар Аллаһ үшін ашу-ыза танытатынын жариялайды, ал іс жүзінде олар, хауариждер және сондайлар сияқты, бидғат жасап жүрген болуы мүмкін!
Олар адамдарды қалайша ауытқытып және адастырып жүргендеріне қараңдаршы?! Егер адам тіпті олар сияқты «Аллаһ үшін ашу-ыза танытып», бірақ Сүннетке сәйкес келмейтін түрде соғысса да (бидғат жасап жүрген болады), өйткені «шайтан үшін ашу-ыза танытып жүрмін» деп айтатын адам жоқ. Барлығы да тек Аллаһ үшін ғана ашу-ыза танытып жүргенін, өздерінің амалдары – дінге көмектесу ғана деп, жамандықты өзгертуді қалайтынын ғана айтады, алайда олардың амалдары Сүннетке сәйкес келе ме?! Олардың әдісі дұрыс па?!
Жиһадтың әдістері мен мақсаттары айқын. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұны бізге басқа ешкім түсіндіріп бермегендей етіп түсіндіріп берді және бізді түні күндіздей болған (айқын) жолда қалдырды!” Қз.: “Шарх Тахзир мин әл-бид’а” 216.
Осы жерде Умар ибн әл-Хаттабтың мына ұлы және дана сөздерін де келтіру орынды: “Сендер ең қорланған адамдар едіңдер, әрі Аллаһ сендерге өзінің Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жіберіп, сендерді ұлықтады. Және сендер Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолынан өзге қандай жолмен болсын ұлылыққа жетуге ұмтылсаңдар, Аллаһ сендерді қорлайды”. Әл-Хаким 2/245. Иснады сахих.
Шейхуль-Ислам Ибн Тәймийя жиһад жүргізу барысында шығарылатын түрлі дыбыстарды сөгіп, былай деді: «Шайқасуға келер болсақ, онда дауыстарды бәсеңдету Сүннет болып табылады. Ал түяқты жануарлардың түяқтарының тапырлаған дыбыстарына ұқсас дыбыстарды шығаруға, немесе яһудилердің сұрына ұқсас сұрды, немесе христиандардың қоңырауын пайдалануға келер болсақ, бұл нәрселер ізгі халифалар кезінде де, олардан кейінгі мұсылман әмірлерінің тұсында да болмаған! Ақиқатында, бұл, менің білуімше, парсылардан болған шығыстың кейбір патшалары тарапынан енгізілген еді, өйткені дәл солар басқару және шайқасу мәселелеріне көптеген амалдар енгізген болатын».
Содан соң шейхуль Ислам мұсылмандар кәпірлерге ұқсай бастайтыны туралы айтылған хадистерді келтіріп: «Ал осыдан соң әскер арасында парсылардан және өзгелерден болған шетелдіктердің рәсімдері пайда болды, тіпті киімде, есімдерде және басқа да шайқасу амалдарында!», — деді.
Кейін ол бастаған сөзін былай деп аяқтады: «Алайда мұның барлығының мәні жиһадтағы осы дыбыстар мен дауыстар — бидғат екендігінде, тіпті біреулер осыда әп-айқын пайда бар деп есептесе де! Және алғашқыда өзгелерді озған табиғиндер мен олардың ізбасарлары кейінгі ұрпақтардан барлық істерде жақсырақ. Мейлі, ол – намазды орындау, немесе Аллаһты зікір етудің түрлері, Құранды оқу және оны тыңдау, жиһад пен басқару мәселелеріне қатысты болған басқа барлық мәселелер, сондай-ақ саясат, жазалау және қаржылық қатынастар мәселелері болсын. Ақиқатында, саләфтардың жолы барлық нәрседе кемелдеу, алайда мұсылман адам оның ішінен өзінің әлі келгенін орындайды”. Қз.: “әл-Истиқама” 1/324-330.
Шейхуль Ислам жиһадтағы түрлі дыбыстарды және дауысты көтеруді бидғатқа жатқызғанына және саләфтар жиһадта осыны істемегенін айтқанына назар бұрыңыздар. Ал ол жиһадқа телініп қойылған қазіргі заман әрекеттеріне байланысты не айтар еді!
Қайс ибн ‘Убад былай дейтін: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары шайқасу барысында дауысты көтеруді сөккен!” Абу Дауд 2656, Абу ‘Аууана 4/88, әл-Хаким 2/116. Иснады сахих.
Имам әт-Тыби бұл хабарға қатысты былай деген: “Шайқасушылардың салты – олардың өздерін өздері ұлықтау үшін және өздерінің көптігіне нұсқау үшін, немесе дұшпандарды қорқыту үшін, немесе: «Мен – шайқасқысы келетін батылмын!», — деп, өзінің батылдығын көрсету үшін өз дауыстарын көтерулері. Сахабалар мұндай дауыстарды көтеруді сөгетін, өйткені осыда Аллаһ Тағалаға жақындау жоқ! Алайда олар, керісінше, (шайқасу барысында) өз даустарын Аллаһты зікір етумен көтеретін”. Қз.: “әл-Кашиф” 8/2705.
Шейх ‘Абду-с-Сәләм ибн Бәржис былай дейтін: “Жиһадты жүргізу әдістері жабық және Пайғамбар (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) және оның салиқалы сахабалары жасамаған нәрселерді жиһадқа енгізуге ешкімге рұқсат етілмейді. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғыс жүргізудегі жолы – ең кемел жол, және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге (үйретіп) қалдырмаған бірде-бір кіші де, үлкен мәселе жоқ. Осы себептен саләфтар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде болмаған жиһадқа және шайқасуға енгізілген бидғаттарды сөгетін!” Қз.: “Уәсаил әд-да’уа таукифия” 98.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде біз жиһадты жүргізу әдістеріне шариғатта заңдастырылмаған қандай да бір нәрселерді енгізуге рұқсат етілмейтінін көрудеміз. Және сөз тек әдістер туралы болып тұр, алайда қазіргі заман қаруларын, әскери технологияларды т.с.с. құралдарды пайдалану туралы емес. Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди: «Сендер де шамаларың келгенше әр түрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер. Аллаһтың дұшпанын, өз дұшпаңдарыңды, тағы олардан өзге дұшпандарды қорқытасыңдар. Оларды сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі» (әл-Әнфәл 8: 60), — деген аят туралы былай деп айтқан: “Яғни сендерді құртуды көксеген және дінді жоюды қалаған өз дұшпандарың болған кәпірлерге «шамаларың келгенше күш», яғни соғыста қолданылуы мүмкін болған барлық нәрселерді: интеллектуалдық және дене күшін, қару-жарақтың әр түрін және шайқасуда қолданатын басқа да нәрселерді — әзірлеңдер. Оған сондай-ақ қару-жарақтың түр-түрін шығаратын өнеркәсіп, қорғану құралдары, зымырандар, ұшақтар, құрлықта және теңізде жүретін көлік құралдары, қамалдар, окоптар, ол арқылы мұсылмандар алға басатын және дұшпандарының жауыздықтарын тойтаратын қисын мен саясат жатады. Оған сондай-ақ атуға, күшке және қолбасшылыққа үйрету де кіреді. Сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, күш – бұл атуды білу», — деген. Сондай-ақ бұған соғысуда қажет болған ұрыс техникасын әзірлеу де жатады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «…әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер. Аллаһтың дұшпанын, өз дұшпаңдарыңды, тағы олардан өзге дұшпандарды қорқытасыңдар. Оларды сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі», — деп айқанындай. Және осы — олар сол кезде қорқытатын себеп (атты әскер) еді. Шешім әр уақытта себепке байланысты болады, ал егер (дұшпанды) бәрінен де артық қорқытатын, мысалы, үлкен шығын алып келтіре алатын бронетехника және ұшақтар сияқты зат болса, міне, сондай заттармен әзірлену керек”. Қз.: “Тафсир әс-Са’ди” 327.
«Партизандық соғыстың», нақтырақ айтқанда “әл-иғтияль” үкіміне қайта оралып, жалғастырамыз.
Аллаһ Тағала былай деді: «Күдіксіз, Аллаһ иман келтіргендерді қорғайды. Әрине, Аллаһ бүкіл қиянатшыл қасарысқандарды жақсы көрмейді» (әл-Хаж 22: 38).
Имам Ибн ‘Атыйя, имам әл-Қуртуби және имам Абу Хайян әл-Әндалуси бұл аятқа қатысты былай деген: “Бұл аят мүміндердің себебімен түскен деп жеткізіледі. Меккеде олардың саны көйбейгеннен соң және кәпірлер оларға жауыздық жасай бастағаннан кейін кейбір мүміндер Эфиопияға қоныс аударды, ал Меккеде қалып қойған мүміндердің бір бөлігі иғтияль және қиянат жасап, өздері өлтіруге шамасы жететін кәпірлерді өлтіруді ұйғарған болатын. Міне, сол кезде осы аят түсірілген еді. Бұл аятта Аллаһ мүминдерді өзінің қорғауымен сендірді де, қиянат пен сатқындыққа ең айқын түрде тыйым салды”. Қз.: “әл-Мухаррар әл-уәжиз” 4/124, “Тафсир әл-Қуртуби” 12/67, әл-Бахр әл-мухит 6/346.
Мұсылмандар не жасағысы келгендігі және олардың қалаулары қалайша иғтияль мен сатқындық деп аталғандығы туралы осы имамдардың айтқан сөздеріне назар аударыңыздар!
«Соғыс – бұл алдау» (әл-Бухари 3029, Муслим 1739) деген хадистің түсінігі.
«Соғыс – бұл алдау» деген хадиспен түрлі партизандық шабуылдарды, жарылыстар мен адам өлтірулерді ақтау үшін дәлел келтіруге келер болсақ, онда бұл әрекеттердің барлығына ешқандай дәлел жоқ! Алайда бұл хадис заңды жиһадта өтірікті қолдануға болады дегенге нұсқайды.
Мұның үстіне, бұл хадисте келісім-шарттарды және қауіпсіздік кепілдіктерін бұзуды жиһадта рұқсат етілген өтірік деп атап, оны істеуге немесе жиһадтың атымен кез келген нәрсе істеуге болады дегенге нұсқау жоқ! Қады ‘Ийяд былай дейтін: “Ғалымдар былай дейтін: «Бұл хадистен соғыста кез келген мүмкін болған тәсілмен алдау рұқсат етілген, тек онда келісім-шартты (‘ахд) және қауіпсіздік кепілдігін (әмән) бұзу болмаса ғана!” Қз.: “әл-Икмәл” 6/42.
Имам ән-Нәуәуи былай деген: “Ғалымдар кәпірлерді соғыста кез келген тәсілмен алдауға рұқсат етілгендігіне келіскен, тек егер осыда келісім-шартты және қауіпсіздік кепілдігін бұзу болмаса ғана! Мұндай жағдайда бұл рұқсат етілмеген болады! Және сахих хадисте өтірік үш жағдайда рұқсат етіледі және соғыс — сол жағдайдың бірі деп келген”. Қз.: “Шарх Сахих Муслим” 12/45.
Абу Басыр мен Абу Жәндәлдің оқиғасынан дәлел келтіруді қарап шығу
Күмәнсіз, кейбір бауырлар Аллаһтың ұлы рахымымен кез келген ғибадаттағы дінге енгізілген жаңалықтардың (бидғаттардың) қауіпін түсінеді және дәлелдерді қабылдайды. Алайда олар түрлі құпия шабуылдаулардың және өздері «партизандық соғыс» деп жүрген, ал мұны, сөзіміздің басында айтқанымыздай, ғалымдар «әл-иғтиял» деп атаған нәрсесінің рұқсат етілгеніне дәлел бар деп, Абу Басыр мен Абу Жәндәлдің уақиғасын мысал етеді.
Бұл оқиғадан төмендегі орынсыз пайымдар шығарылатындығы біздің барлығымызға мәлім және бұл жөнінде жиі-жиі ғалымдардан да сұралады: Жиһадты мұсылман әмірінің рұқсатынсыз жасай беруге рұқсат етілгендігі; кәпірлерге кез келген жерде шабуыл жасауға рұқсат етілгендігі, өйткені олар: «Абу Басыр және оның жақтаушылары кәпірлердің керуендеріне шабуыл жасайтын еді», — дейді; сондай-ақ иғтияль жасауға рұқсат етілгендігі. Бұл пікірлердің жақтаушылары: «Абу Басырдың оқиғасы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың істеген істері туралы біліп, оларға ешқандай сөгіс білдірмегендігі себепті дәлел болады», — деп айтады және бұл өз негізінде өте дұрыс сөз болып табылады.
Алайда Абу Басырдың оқиғасын дұрыс түсіну үшін, мен оны Худайбия келесімі туралы айтылатын хадистен қысқаша етіп келтіргім келеді. Әл-Мисуар ибн Мәхрама және Мәруан Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтардың өкілі болған Суһайл ибн Әмир арасында келісім-шарттарды жазып жатқан кезде Суһайл: «Біз тағы да мынандай шартты да қоямыз: бізден саған кеткен кез келген біреуді, тіпті ол сенің дініңді ұстанса да, міндетті түрде бізге қайтарасың», — деді. Мұны естіп, мұсылмандар: «Субхан Аллаһ! Мұндай адамды, ол бізге мұсылман болып келгеннен кейін, мүшриктерге қайтаруға бола ма?!», — деп, наразылығын білдіре бастады. Бұл талқыланып жатқан кезде, Меккеге баратын жазықтан кісенделген Абу Жәндәл Суһайл ұлы келіп, мұсылмандарға жеткен бойда шаршап құлады. Оны көріп, Суһайл: «Ал, бітімнің мен саған, уа, Мухаммад, қоятын ең бірінші шартым – сен мына адамды қайтаруың болады!», — деді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Біз әлі келісім жасасқан жоқпыз ғой!», — деді. Бұған Суһайл: «Онда мен сенімен еш нәрсе туралы келісім-шарт жасаспаймын!», — деп жауап берді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған оны ғана бере ғой!», — деді, бірақ Суһайл: «Мен саған оны бермеймін!», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сұраған нәрсені істей салшы!», — деді, бірақ Суһайл: «Істемеймін!», — деді. Сол кезде олардың әңгімесіне Микраз араласып: «Жарайды, біз саған оны береміз», — деді. Осы кезде мұсылмандарға Абу Жәндәлдің өзі сөз қатты да: «Уа, мұсылмандар, мен мұсылман болғанымнан кейін мүшриктерге қайтарылмақпын ба? Сендер менің нелерді басымнан өткізгенімді көрмейсіңдер ме?», — деді, ал ол Аллаһқа иман келтіргені үшін өте қатаң қинауға салынған болатын.
Осыдан кейін, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға оралған соң, оған құрайш тайпасынан Исламды қабылдаған Абу Басыр деген адам келді. Кәпірлер оның ізінен екі адамды іздеуші етіп жіберді. Олар Пайғамбарға (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бізге берген уәдеңді орында!», — деді және сонда ол бұл екеуіне Абу Басырды берді. Олар оны Мәдинадан алып кетті, ал Зу-ль-Хуләйфаға жеткенде, өздеріндегі құрмаларын жеуге тоқтап, түсті. Сол кезде Абу Басыр олардың біреуіне қарап: «Аллаһпен ант етемін, уа, пәлен, қылышың өте мықты екен!», — деді. Басқасы оны қынынан шығарып: «Аллаһпен ант етемін, шындығында да ол өте мықты, ал мен оны бірнеше рет істе пайдаланып көрдім!», — деді. Сонда Абу Басыр: «Берші, мен оны көрейінші», — деді, ал ол оны оған ұстатқанда, ол оны өлтіргенше қылышпен ұра берді. Ал екіншісі қашып кетті де, Мәдинаға келіп, мешітке жүгіріп кірді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны көріп: «Ол бір нәрседен қорыққан сияқты ғой!», — деді, ал ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақындап: «Аллаһпен ант етемін, менің серігім өлтірілді, мен де (өлтірілем)!», — деді. Содан соң ол жерге Абу Басыр келді де: «Уа, Аллаһтың пайғамбары, Аллаһпен ант етемін, Аллаһ сені барша міндеттемелерден азат етті, өйткені, сен мені оларға қайтардың, ал содан соң Аллаһ мені олардан құтқарды!», — деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Оның анасына қасірет! Егер онымен бірге тағы біреу болғанда, ол бізді соғысқа алып келер еді», — деді. Абу Басыр бұл сөздерді естігенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны қайтадан құрайштықтарға қайтарып беретінін түсінді. Ол тұра салып, қашты да, теңіздің жағалауына жеткенше тоқтамай жүгіріп отырды.
Абу Жәндәлға келер болсақ, ол да құрайштықтардан қашып Абу Басырға қосылды, содан соң Исламды қабылдаған әрбір құрайштық оларға қосылып отырды да, олар жамағатқа айналды. Және, Аллаһпен ант етемін, олар құрайштықтардың Шамға бара жатқан қандай да бір керуені туралы естісе болды – міндетті түрде оған шабуыл жасап, мүлкін тартып алатын. Содан соң құрайштықтар Пайғамбарға (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жолдау жіберіп, онда егер (Мекке тұрғындарынан) біреу Исламды қабылдаса және Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болса) келсе, оған еш нәрсе қауіп төндірмейтіні туралы өздерінің уәдесін Абу Басырға жеткізуін Аллаһпен жалбарынып сұрады. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жолдауды Абу Басырға және оның жақтаушыларына жеткізді. Әл-Бухари 2731, 2732.
Бұл – көптеген пайдалар мен үкімдер алынатын өте ғибратты және ұлы хиқая. Алайда хадистің тек бір ғана, қаралып жатқан мәселеге қатысты бөлігі ғана келтірілді.
Бұл оқиғамен мұқият танысқан соң бізге сол кезде Меккеде өмір сүрген мұсылмандардың жағдайы өте ауыр болғаны айқын болады. Оларды мүшриктер тек иман келтіргені үшін ғана қысып-қинады. Олардың қиын жағдайына қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келісім-шарт жасасқанда Исламның және мұсылмандардың жалпы игілігі үшін қашып келген мұсылмандарды кәпірлерге қайтарып беру туралы тармақтарға қол қояды. Өйткені, бұл бітімді жасасудың себебі — көптеген соғыстар мұсылмандарды әлсіреткені және шаршатқаны және олар бұл соғыстарды жүргізуге деген қабілетсіздігі болды. Алайда бұл бітімнің алғашқы жылдарында оның пайдасы айқын көрінді, өйткені осы уақыт ішінде Исламды қабылдағандардың саны пайғамбарлық кезең басталғалы бергі уақыттан көбірек болды.
Имам әз-Зуһри Худайбия келісімінің ұлылығы туралы айтқанда, былай деді: «Исламда бұған дейін мұншалықты ұлы ашу (фатх) болған емес! Ақиқатында, адамдар бір-бірімен қақтығысқан кезінде тек шайқас болды. Ал келісім-шарт жасалған кезде және соғыс өз жүгін тастап, адамдар бір-бірінен қауіпсіздікте болған кезде, олар бір-бірін тыңдайтын болды және айтыса бастады. Әрі пікір құруға қабілетті әрбір адам оған Ислам туралы айтылғанда міндетті түрде оны қабылдайтын. Ақиқатында да, осы (бітім жасасқан) екі жыл жыл ішінде Исламға кіргендердің саны осы бітімге дейінгі уақытта (18 жыл) оған кірген адамдардың санындай немесе одан да көбірек болды!» Ибн Хишам: “әс-Сира” 2/322, Ибн Кәсир: “әл-Бидайя уә-н-ниһайя” 6/221.
Ал Пайғамбардың (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Оның анасына қасірет! Егер онымен бірге тағы біреу болғанда, бұл бізді соғысқа алып келер еді!» деген сөздеріне келер болсақ, оларды түсіну жөнінде түрлі пікірлер айтылған. Абу Басырдың бұл іс-әрекетіне таңдану жасалғандығы жөнінде сөз болуда деп те айтылған. Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Басырдың жанында оған көмектесетін адамның болғанын қалады деген де пікір бар. Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Басырға осылай деп қашуды ымдады, өйткені ол оны бәрібір кәпірлерге қайтарып беруге мәжбүр еді деп те айтылған. Сондай-ақ айтылғанның мағынасы — Абу Басырға сөгіс білдіру еді деген де айтылған. Қз.: “Фатхул-Бәри” 5/413, “Тухфатул-Бәри” 5/536, “Умдатуль-Қари” 14/20.
Ал имам Зәкария әл-Ансари «Оның анасына қасірет! Егер онымен бірге тағы біреу болғанда, бұл бізді соғысқа алып келер еді және бұл келісім-шартты бұзар еді!» деген сөздеріне қатысты былай деді: «Оның анасына қасірет! Егер онымен тағы біреу болғанда, бұл фитнаның салдарының себебімен бізді соғысқа алып келер еді, ал бұл келісім-шартты бұзар еді». Қз.: “Тухфатул-Бәри” 5/536.
Және осындай түсінуді хадистің өзі де нығайтады, өйткені онда былай деп айтылған: «Абу Басыр (Пайғамбардан) бұл сөздерді естігенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны қайтадан құрайштықтарға қайтып беретінін түсінді».
Ал, Абу Жәндәл мен Абу Басырға келер болсақ, бұл хадистен олардың теңіздің жағалауына қашуы — мәжбүрлі амал және өздерін қинаулар мен азаптан құтқару болғандығы алынады. Және бұл хадисте Абу Басырдың немесе Абу Жәндәлдің кәпірлерге олардың қалаларында, немесе Мәдинада шабуыл жасаған дегенге нұсқау жоқ. Жоқ, хадисте «олар теңіздің жағасында, керуен жолында болды» деген нұсқау бар, бұл жөнінде шейх Ибн әл-Қайим да «Зәдуль-мә’адта» және шейх әл-Мубаракфури де өзінің «Рахиқ әл-мәхтум» Сирасында айтқан.
Мұның үстіне, Абу Басыр мен Абу Жәндәл, көптеген мұсылмандар қателесіп ойлайтынындай, барлық кәпірлерге оңды-солды шабуыл жасай бермеген, ал тек құрайшықтардың керуендеріне шабуыл жасаған. Және олардың тек құрайштықтардың керуендерін шабуылдағандары туралы келтірілген хадистің өзінде: «Олар құрайштықтардың Шамға бара жатқан керуені туралы естісе болды – міндетті түрде оған шабуылдайтын, онымен бара жатқандарды өлтіріп, мал-мүлкін тартып алатын», — деп айтылған.
Және Ибн Са’д, Ибн ‘Абдуль-Барр, әс-Сухайли, Ибн әл-Қайим және Ибн Сайд ән-Нәс сынды имамдар да бұл оқиғаға түсіндірме беріп: «Олар тек құрайштықтардың керуендеріне ғана шабуыл жасайтын», — деп айтқан. Қз.: “әл-Исти’аб” 4/161, “әр-Раудатуль-әнф” 4/59, “әт-Табәқат әл-кубра” 4/134.
Ал, ендеше, осындай істерге мәжбүр болған Абу Басырдың және оның жақтаушыларының кез келген елде жеке тұлғаларды немесе топтарды оңды-солды жарумен және өлтірумен: мейлі олар ислам елдерінде болсын, мейлі кәпірлердің елдерінде болсын – қандай байланысы бар, өйткені олардың соңы, Абу Басыр және оның жақтастарынан ерекше, Ислам үшін де, мұсылмандар үшін де зиянмен аяқталады.
Ал, Абу Басыр мен оның жақтастарында не шара қалған еді: қашу мүмкіндігі бола тұра Меккеде қала беріп, өздерін қинауға және азаптауға беру ме?! Өйткені олардың жағдайы едәуір ауыр еді, кәпірлер оларды қинады, ал мұсылмандар оларды келісім-шартқа байланысты қабылдай алмады. Имам Бәдруддин әл-‘Айни «Сахих әл-Бухариге» жасаған шархында былай деген: “Бұл адамдар (Меккеден қашқан) Абу Басырға барып қосылды және бітімнің мерзімі біткенше, оларды мүшриктерге қайтып береді деп қорқып, Мәдинаға барғысы келмеді”. Қз.: «‘Умдатуль-Қари» 14/26.
Дәл осы себептен олар құрайштықтардың керуендеріне шабуыл жасайтын.
Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Жәндәлді оның әкесіне берген кезде оған: «Уа, Абу Жәндәл! Сабыр ет және сыйлықтан үміт ет, ақиқатында, Аллаһ Тағала сен үшін және сенімен болған әлсіз мұсылмандар үшін (осыдан) шығу (жолын) жасап береді!», — деп айтқаны хадистің тағы бір риуаятында жеткізіледі. Ахмад 4/235.
Осыда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олар үшін жақын арада жеңілдік болатынын білгеніне нұсқау бар. Әрі, Абу Басырдың іс-әрекеттеріне қателікпен сүйенетіндерден ерекше, оған бұл жөнінде Аллаһтың уахиінің негізінде мәлім еді, ал олар Аллаһтан мұндай уәдеге ие емес!
Сондай-ақ, Абу Басыр мен құрайштықтар арасында ешқандай келісім-шарттардың болмағанын да ескеру қажет, келісім-шарт тек Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтар арасында ғана болды. Абу Басыр өзін Меккеге алып бара жатқан жол серігін өлтіріп, Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келгенде, ол: «Уа, Аллаһтың пайғамбары, Аллаһпен ант етемін, Аллаһ сені кез келген міндетемелерден азат етті, өйткені сен мені оларға қайырып бердің, ал содан соң Аллаһ мені олардан құтқарды!», — деді. Хафиз Ибн Хажар хадистің өзге риуаятында Абу Басыр: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Бұл халықпен менің ешқандай келісім-шартым жоқ!», — дегенін жеткізеді. Қз.: “Фатхул-Бәри” 5/412.
Сондықтан да, шейх Ибн әл-Қайим былай деп жазатын: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен мүшриктердің арасындағы келісім-шарт Абу Басыр және оның жақтаушылары мен осы мүшриктердің арасындағы келісім-шарт емес еді. Және осының негізінде, егер мұсылмандардың қандай да бір әмірі христиандармен немесе басқа кәпірлермен келісім-шартқа отырса, осы кәпірлермен келісім-шарты болмаған басқа бір мұсылман әміріне оларға қарсы әскери жорық жасауға және олардың мал-мүлкін тартып алуға рұқсат етіледі. Және осындай пәтуаны шейхуль-ислам Тақиюддин Ибн Таймия беретін”. Қз.: “Зәдул-мә’ад” 3/309.
Айтпақшы, осыда мұсылман әмірінің рұқсатынсыз ешкім басқа елге мұсылмандарға көмектесу үшін жиһадқа баруға құқығы жоқ екендігіне әп-айқын нұсқау бар, өйткені сахабалардың ешқайсысы әлсіз мұсылмандарға көмектесу үшін Меккеге де аттанбады және Абу Басырға да барып қосылмады.
Шейх Салих әл-Фаузанға «Құрметті шейх, Абу Басырдың оқиғасын жиһадты орындау үшін мұсылмандардың әмірінің рұқсаты керек емес дегенге дәлел келтіретіндерге қатысты не айтасыз?» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай деп жауап берді: “Абу Басыр әмірдің билігінің астында болмады, ол кәпірлердің билігінің астында болды. Ол өзін олардан құтқарғысы келді және ол Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ықпалында болмады. Өйткені, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі мен құрайштықтардың арасындағы келісім-шарттың шарттарына сәйкес оны кәпірлерге қайтарып берді ғой. Және Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа тәуекел етті де, Аллаһ оларға шығу жолын және жеңілдік беретінін білді. Абу Басыр кәпірлердің ықпалында болды және олардан құтылғысы келді, ол мұсылмандардың жерінде немесе әмірдің билігі астында болған жоқ!” Қз.: “Жиһад уа даубитуху-ш-шәр’ия” 49.
Әрі Абу Басырдың және онымен бірге болғандардың басынан өткендерінің нәтижесі мынандай: “Содан соң құрайштықтар Пайғамбарға (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жолдау жіберіп, онда егер (Мекке тұрғындарынан) біреу Исламды қабылдаса және Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болса) келсе, оған еш нәрсе қауіп төндірмейтіні туралы өздерінің уәдесін Абу Басырға жеткізуін Аллаһпен жалбарынып сұрады. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жолдауды Абу Басырға және оның жақтаушыларына жеткізді”.
Және осы мұсылмандар өз мақсаттарына жеткен соң, яғни құрайштықтар оларға Аллаһқа қатерсіз құлшылық етуге және Мәдинаға көшуге мүмкіндік берген соң, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға қайтуы туралы хат жолдады. Ал олардан ешкім қалып қоймады және осыдан соң осындай іс-әрекеттер жасамады.
Ал, ендеше, біздің күндеріміздегі кейбір жамағаттардың іс-әрекеттері қалайша Абу Басыр мен оның жақтастарының әрекетіндей болмақ? Шейх әл-Әлбаниге Абу Басыр есімді сахабаның іс-әрекеттеріне сілтеме жасап, «жекеше» жиһад істеп, өзін-өзі жарып, сонысын «шәһидтік актілер» деп жүргендер туралы сұрақ қойылды және одан осы актілерге деген қатынасы туралы сұралды. Жауап ретінде шейх: «Сіз сұрап жатқан топ қанша жылдан бері іс-әрекет жасап жүр?», — деп сұрады. Оған: «Төрт жылдан бері», — деп жауап берді. Шейх: «Олар жетістікке қол жеткізді ме, әлде шығынға ұшырады ма?», — деп сұрады. Оған: «Шығынға ұшырады», — деп жауап берілді. Сонда шейх: «Жемістерінен олар туралы біле беріңдер», — деді. Тыңдаңыз: “Сильсиләтул-һуда уә-н-нур” № 527.
Ка’б ибн әл-Әшрафты өлтіру туралы дәлелді иғтиялді рұқсат ету үшін пайдалануды қарау
Барлық нәрсе түсінікті болу үшін осы хадисті толығымен келтірген жөн болады:
Жәбир бин ‘Абдуллаһ былай деп баяндайтын: “Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһты және Аллаһтың Елшісін ашуландырған Ка‘б ибн әл-Әшрафты өлтіруді кімге тапсырса болады?», — деп сұрады. Мухаммад ибн Мәслама тұрып: «Уа, Аллаһтың Елшісі, оны мен өлтіргенімді қалайсың ба?», — деді. Ол: «Иә», — деді. Сонда Мухаммад ибн Мәслама: «Маған бір нәрселер (өтірік) айтуға рұқсат бер», — деді, ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Айт», — деді. Осыдан кейін Мухаммад ибн Мәслама және тағы бірнеше адам Ка‘бқа келді де, Мухаммад бин Мәслама: «Шындығында, бұл адам (Пайғамбар) бізден садақа талап етеді және бізге жәбір көрсетеді, ал мен сенен бір нәрсе қарызға алуға келдім», — деді. Бұған Ка‘б былай деді: «Аллаһпен ант етемін, (жақын күнде-ақ) сендер оған сабыр ете алмайтын боласыңдар!» Кейін Мухаммад ибн Мәслама: «Бірақ біз оған ілескеннен кейін, осының барлығы немен аяқталатынын көрмей оны тастағымыз келмейді, ал қазір біз сенен бір-екі уәсқ (азық-түлік) қарызға алайық деп едік», — деді. Ка‘б: «Жарайды, бірақ сендер кепілдікке бір нәрсе тастауларың керек қой», — деді, ал олар: «Сен не қалайсың?», — деп сұрады. Ал Ка‘б былай деді: «Маған кепілдікке өздеріңнің әйелдеріңді қалдырыңдар», — деді. Олар: «Сен арабтардың ішіндегі ең әдемісі екеніңді көре тұра, қалайша біз саған әйелдерімізді тастап кетеміз?!», — деп наразылығын білдірді. Ка‘б: «Онда маған ұлдарыңды тастап кетіңдер», — деді. Олар: «Біз қалайша саған ұлдарымызды тастап кетеміз, өйткені кейін адамдар оларды қорлап: «Пәленді бір-екі уәсқ тамаққа кепілдікке берген!», — деп айтады, ал бұл біз үшін масқара болады! Біз одан да саған қаруымызды тастағанымыз дұрыс болады», — деп келіспеушілігін айтты. Және олар Мухаммад ибн Мәслама оған түнде келетін болып Ка‘бпен келісті.
Түнде Ибн Мәслама оған Ка‘бтың сүт ағасы Абу Нә’иламен бірге келді. Ка‘б оларды өзінің бекінісіне шақырып, олардың жанына түсті, ал одан алдын әйелі одан: «Осындай уақытта қайда барасың?», — деп сұрады. Ка‘б: «Ешқайда, жай, Мухаммад ибн Мәслама және менің сүт ағам Абу Нә’ила келді», — деді. Ка‘бтың әйелі: «Ақиқатында, мен қан тамшылағандай бір дыбыс естіп тұрмын», — деді. Ал ол: «Бұлар – тек менің бауырым Мухаммад ибн Мәслама және сүт бауырым Абу Нә’ила ғой! Ақиқатында, асыл тұқымды адам түнде шақырылса да, жауап беруге міндетті, тіпті оны соққы беру үшін шақырса да!», — деді”.
Жәбир былай деді: “Және осыдан кейін оның жанына өзімен бірге тағы да екі адамды ертіп алып келген Мухаммад ибн Мәслама кірді. Ал осыдан бұрын Мухаммад ибн Мәслама өзінің серіктеріне: «Ка‘б келген кезде, мен оның шаштарынан ұстап, оларды иіскеймін, ал егер сендер менің оларға жармасып алғанымды көрсеңдер, жабылыңдар да, оны шабыңдар!», — деп айтып қойған еді. Ал қылышын беліне ілген және хош иісті майларының иісін таратқан Ка‘б оларға келіп түскенде, Мухаммад ибн Мәслама: «Мұндай хош иістерді мен әлі көрмеппін!», — деді. Бұған Ка‘б: «Менің әйелім барлық арабтардан жақсырақ хош иістерді таңдай алады және жалпы ол — барлық әйелдердің абзалы!», — деді. Мухаммад ибн Мәслама: “Шашыңнан иіскеуге рұқсат етесің бе?”, – деп сұрады. Ол: «Мейлі», — деді. Ал сонда ол оларды өзі иіскеді және өзінің серіктеріне де тура соны істеуді ұсынды да, кейін тағы да: «Шаштарыңды маған тағы да бір рет иіскетпейсің бе?», — деді. Ол: «Мейлі», — деді және Мухаммад ибн Мәслама оны ұстап алуға тағы бір мүмкіндік алғанда: «Ол сендердікі!», — деп дауыстап жіберді, ал олар оны өлтіріп тастады. Содан кейін олар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған барлығын баяндап берді”. әл-Бухари 4037, Муслим 1801.
Бұл дерекке назар аударыңдар.
Бұл хадисте мұсылмандардың әмірінің бұйрығымен иғтияль жасауға нұсқау бар! Өйткені Ка‘бты өлтіру туралы шешімді қатардағы мұсылмандар емес, олардың әмірі болған Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабылдаған еді! Және мұсылмандар осындай нәрсені түрлі жамағаттардың жай жетекшілерінің емес, мұсылмандардың шынайы әмірінің нұсқауымен басқа кездерде де осылайша жасайтын болса, мұның еш оқасы жоқ және бұл рұқсат етілген.
Шейх Салих әл-Фаузанға «Алжирдағы Исламға шақырушылардың біреуі өзінің жазған бір кітабында: «Әл-иғтияль Сүннетке сәйкес келеді, бірақ ол Сүннеттің ұмытылған әдеттеріне қатысты», — деп тұжырымдайды. Дәлел ретінде ол Ка‘б бин әл-Әшрафты және мұсылман әйеліне көз тігіп қараған яһудиді өлтіру туралы хабарларды келтіреді. Сіз бұл жөнінде не айта аласыз?» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай деп жауап берді: «Ка‘б бин әл-Әшрафты өлтіру туралы хабар адам өлтіруді рұқсат етуге дәлел бола алмайды, өйткені Ка‘б бин әл-Әшраф сол кезде әмір болған Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығы бойынша өлтірілді, және Ка‘б бин әл-Әшраф, белгілі келісім-шартқа сәйкес, оның қол астындағылардың қатарына жататын еді. Бұл адам келісім-шарттың шарттарын бұзды да, сатқындық жасады, ал бұл жағдай оның өлтірілуін рұқсат етті, ал мұның мақсаты бұл адамды ол мұсылмандарға тигізіп жатқан зияннан тоқтату болды. Ол, қазір туристтерді өлтіруге байланысты орын алып жатқандай, әмірден тәуелсіз түрде әрекет жасайтын жеке бір тұлғалардың немесе адамдардың топтарының үкімі бойынша өлтірілмеді. Ондай әрекеттер анархия деп бағаланады, ал Ислам оларды құптамайды, өйткені олар Исламға және мұсылмандарға үлкен зиян тигізеді». Қз.: “Фәтауә әл-әиммә фи-н-нәуазил мудләхимма” 101.
Сондай-ақ, Ка’б ибн әл-Ашрафты өлтіру туралы хабардан Исламға және мұсылмандарға зиян тигізетін немесе Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) балағаттайтын адамды өлтіру керек екендігі айқын болады. Бірақ! Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларына мүшриктер мен яһудилер оған дейін де қысым көрсететін, қорлайтын және мазақ ететін, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Және сендер міндетті түрде сендерге дейін Кітап берілгендерден және көпқұдайшылдардан көптеген жаман нәрселер естисіңдер» (Әли ‘Имран 3: 186).
Меккелік кезеңде және Мәдиналық кезеңнің басында осылай болды. Бірақ не өзгерді? Онда не үшін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сол кезде олардың ешқайсын өлтіруге біреулерді жібермеген еді, ал енді соны істеді?! Барлық мәселе мұсылмандарда енді күш пен биліктің болуында еді. Және бұған дәлел — Ка‘бты кім өлтіргендігі және бұл кімнің әмірімен жасалғандығы баршаға мәлім болуында. Және Ка‘бтың әйелі де тіпті өлтірушілердің есімдерін білді, өйткені олардың қасына шығып бара жатқанда Ка‘б оған: «Жай, Мухаммад ибн Мәслама және бауырым Абу Нә’ила келді», — деді.
Және осыны орындап болған соң сахабалардың ешбірі жасырынған жоқ, құпия жағдайға өтіп жоғалмады, іздеуге түсуден қорықпады т.с.с., ал олардың әрбірі өзінің істерімен әрі қарай айналыса берді. Және барша осы адам өлтірудің арқасында кім тұрғанын және кінәлілер қайда екенін білді, алайда Мәдина мүшриктерінің және яһудилерінің ешқайсысы еш нәрсе істей алмады, өйткені мұсылмандарда енді күш пен билік бар еді!
Және осыда барлық мұсылмандар үшін пайда мен зиянға назар аудару қажеттігіне нұсқау бар! Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: «Аллаһ Тағала (орындауы) не міндетті, не абзал (мустахабб) болған ізгі істерді (ғана) бұйырғанын білу керек. Ал шариғат тек зиян келтіретін істерге ғана тыйым салды. Және егер қандай да бір іс өзіне зиян мен пайданы бірдей қамтыған болса және пайдасы зиянынан басым болса, онда Аллаһ Тағала осы істі жүктейді. Ал, егер зияны асып жатса, онда Аллаһ Тағала бұл істі жүктемейді, одан қалса, оған тыйым салады!» Қз.: «Мәжму’уль-фатауа» 11/623.
Ол сондай-ақ былай деді: «Адам ол арқылы өзінің қалағанына қол жеткізетін себептің әрбірі (шариғатта) заңдастырылған болып табыла бермейді, одан қалса, тіпті рұқсат етілмеген болуы да мүмкін. Және себеп, оның пайдасы зиянынан көбірек болған кезде ғана заңдастырылған болады. Ал егер оның зияны пайдасынан басым болса, ол зандастырылған болмайды, керісінше, тыйым салынған болады, тіпті онда қандай да бір пайда болып тұрса да!» Қз.: «Мәжму’уль-фатауа» 27/177.
Ал осында бір маңызды жайтты, нақтырақ айтқанда Исламға зиян тигізіп жатқан немесе Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) балағаттайтын қандай да бір кәпірді өлтіру немесе өлтірмеу туралы шешімді қабылдағанда өзі білгендік танытуға болмайтынын атап өту қажет! Шейх Ибн Базға «Дінді және Раббымызды сөгетіндердің үкімі қандай?» деген сұрақ қойылғанда, ол: «Дінді сөгу – ұлы күнәларға және айыпты істердің ең ұлығына жатады! Құдіретті Раббымызды сөгу де – солай. Бұл екі нәрсе — Исламды бұзатын және діннен шығудың түрі болып табылатын ең салмақты себептерден! Егер Раббыны және дінді сөгетін адам өзін Исламға телісе, ол діннен шыққан (муртад) және кәпір болады. Оны тәубеге шақыру керек, ал егер ол тәубе етпесе, қала мұсылмандарының әмірі шариғат сотынының шешімімен оны өлім жазасына тарту керек!» Қз.: “Фатауа Ибн Баз” 6/387.
Шейх Салих әл-Фаузанға «Діни білім алуға ұмтылып жүрген кейбір адамдар мұсылман адамды діннен шыққан деп оп-оңай айта салады, бірақ бұл дегеніміз – «Егер осыны әмір істемесе, олар өз қалауы бойынша кез келген біреуге діннен шыққандарды жазалау құзырын да бере салады» деген сөз ғой. Сіз бұл жөнінде не айта аласыз?» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай деп жауап берді: «Шариғат бекіткен жазаларды орындау әрқашан да тек мұсылман әмірінің айырықша құзыры болып қала беруі және одан өзге ешкім бұл құзырды иеленбеуі керек, керісінше болған жағдайда бұл міндетті түрде анархияға, қоғамның ыдырауына және бүліктің туындауына әкеп соғады.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Күнәлі болғандарға шариғат бекіткен жазаларды қолдану керек болған нәрселер үшін бір-біріңді кешіріңдер, өйткені егер іс (туралы хабар) әмірге жетсе, онда Аллаһ жақтаушыны да, жақталып жатқанды да лағынеттейді». ән-Нәсаи «Сунан», 4886 хадис; имам Мәлик «Мууатта», №1580 хадис.
Мұсылман әмірінің міндеттерінің бірі шариғат соты күнәлі адамды діннен шыққандық, ұрлық немесе басқа да бір қылмыс үшін жазаға лайықты деп бекіткен соң, шариғат бекіткен жазаларды орындауы болып табылады.
Сонымен, шариғат бекіткен жазаларды орындау әмірдің айырықша құзыры болып табылады, егер мұсылмандарда әмір болмаса, онда шариғат мақұлдайтын нәрселерге талпындырумен, құпталмайтын нәрселерден қайтаруға деген талпыныспен, даналық, ізгі насихат және ең жақсы құралдармен айтысу арқылы Аллаһқа шықырумен шектелу керек. Жеке тұлғалар туралы айтар болсақ, оларға жазаларды орындауға тыйым салынады, өйткені, алдын айтып өткеніміздей, бұл анархия мен бүліктерге соқтырады және пайдаға қарағанда көбірек зиян әкеледі, ал шариғаттың бір негізгі ережесі бойынша зиянды болдырмауға пайда келтіруге қарағанда артықшылық беріледі». Қз.: “Фатауа әл-әимма фи-н-нәуазил мудләхиммә” 112.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деді: «Айыпталатын нәрсені одан да көбірек айыпталатын нәрсемен түзетуге ешкімнің құқығы жоқ. Мысалы, адамдардан біреу ұрының қолын шапқысы, шарап ішушіні ұрғысы, немесе жазаларды (худуд) қолданғысы келсе, өйткені ол осыны орындаса, мұндай нәрсе бүлік пен бұзақылыққа әкеп соқтырады, өйткені әркім басқа біреуге қол сұға бастайды да: «Ол осыған лайық еді», — дейтін болады! Мұндай нәрсемен тек мұсылманның әмірі ғана айналысуы қажет!» Қз.: “Мухтасар әл-фатауа әл-мисрия” 579.
Ислам және кәпірлердің елдеріндегі иғтияләттің үкіміне қатысты ғалымдардың пәтуалары
Шейх Ибн ‘Усайминге «Шейх, кеше біз бүліктер туралы тарауды өттік және егер мұсылман әмірі әп-айқын күпірлік танытқаннан өзге жағдайда оған қарсы шығуға және оны құлатуға болмайтындығын, сондай-ақ мұндай әмірге қарсы шығудың шарты — тең күштің болуы екендігін оқып-зерттеген едік. Бірақ егер күш тең болмаса, осыны иғтияләт жасау арқылы, немесе қазіргі кезде кейбір қоғамдарда орын алып жатқандай іс-әрекеттер арқылы жүзеге асыруға болады ма, осы әрекеттер әмірді құлатудың талпынысы болып табылады ма және олар рұқсат етіледі ме?» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай деп жауап берді: “Егер әмірдің күпірлігі айқын (бәуах) болған және оған қатысты Аллаһтан дәлел, және оған қатысты Аллаһтан дәлел келген айқын күпірлік жасаған осындай әмірді өлтіруге (жететін) күш болса, оны қандай тәсілмен өлтірсе де оқасы жоқ. Алайда күшке ие болмай әмірге ашық қарсы шығуға болмайды! Кейін, иғтияль өлтірілген әмірдің орнына келетін әмір ол сияқты немесе одан да жаман болмауы шартымен жасалады. Өйткені оны алмастырған әмір бұрынғысынан жаман болуы да мүмкін ғой, ал ол кезде осыдан (өлтіруден) пайда болмайды. Мұндай нәзік мәселелерде міндетті түрде не болғанын және осындай әрекеттердің салдарынан қандай бүлік, жамандық және тартыстар орын алатынын ескеру қажет”. Тз.: “Лиқаәт әл-Бәб әл-мәфтух” № 6, «В» беті.
Шейх Салих әл-Фаузанға «Кәпірлердің елдеріндегі иғтияләттар және мемлекеттік органдарға қарсы диверсиялар қажетті әрекеттер және жиһадтың бір бөлігі болып табылады ма?» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай деп жауап берді: «Жоқ, бұл рұқсат етілмейді. Иғтияләт пен мал-мүлікті бүлдіру мүлде рұқсат етілмейді, өйткені олар мұсылмандарға қайғы-қасіреттер шақырады және олардың өлтірілуіне және қудалануына әкеледі. Бұл рұқсат етілмейді! Кәпірлерге қатысты Аллаһтың жолындағы жиһад қана, олармен шайқастарда бетпе-бет соғысу рұқсат етіледі. Егер мұсылмандарда мүмкіндіктер болса, олар әскерлер дайындап, кәпірлерге қарсы жорыққа шығады және олармен соғысады, мұны Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жасағандай. Ал қиратулар мен иғтияләтқа келер болсақ, олар мұсылмандарға жамандықпен айналады. Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол Мәдинаға қоныс аудармаған және Меккеде тұрған кезде өзін (шайқасудан) ұстау әмір етілген еді: «(Мухаммад) сондай оларға: «Қолдарыңды (соғыстан) тыйыңдар, намазды орындап, зекет беріңдер!», — делінгендерді көрмедің бе?» (ән-Ниса 4: 77).
Осылайша оған кәпірлермен соғысудан бас тарту бұйырылған еді, өйткені олардың біреуі өлтірілген жағдайда, кәпірлер барлық мұсылмандарды қаза етер еді. Өйткені олар мұсылмандарға қарағанда күшті еді және мұсылмандар олардың езгісінде болды.
Сендер қазір көріп және естіп жатқан иғтияләттар және құпия шабуылдаулар сияқты әрекеттер – дінге шақыру және Аллаһтың жолындағы жиһадтың бір бөлігі емес! Бұл әрекеттер мұсылмандар үшін қасіреттер әкелуде және осы дәл осы күндерде анық көрініс беруде. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) һижра жасағанда және онда әскер мен көмекшілер пайда болғанда ғана Аллаһ оған жиһадты, (яғни) кәпірлермен жүргізілетін жиһадты әмір етті. Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары Меккеде болған кезде, олар кәпірлермен соғысты ма? Ешқашан! Бұл оларға тыйым салынған еді және Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дінге шақыру және оны жеткізу бұйырылды, ал соғысу мен шайқастарға келер болсақ, олар Исламның мемлекеті пайда болғаннан кейін ғана (мүмкін) болды. Тз.: “Фатауа әл-‘уләма фи әл-иғтияләт уә әт-тәфжират уә әл-‘амәлият әл-интихария”.
Сондай-ақ, оған «Ғимараттарды жару және кәпірлерге қарсы иғтияләт біздің заманымызда, яғни ислам үмметі әлсіз және жүдеу болған сәтте, тіпті міндетті болып табылады деп айтатын адамның сөзіне сіз қандай түсіндірме берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды.
Шейх әл-Фаузан былай деп жауап берді: «Мұның мәні неде?! Біз одан сайын әлсіреуміз үшін бе?! Қазіргі кезде әлсіз және жүдеу болған үммет біздің күнәміздің себебінен одан сайын әлсіреп, сөйтіп кәпірлер оның үстінен билеп-төстеп, оны опат етуі үшін бе?! Бұлай істеу – даналық емес, даналық емес! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде он үш жыл өмір сүрді, және билік сол кезде кәпірлердің қолында еді, алайда осыған қарамастан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз сахабаларының ешқайсысына кәпірлерге қарсы иғтияль жасауды, немесе біреудің үйін қиратуды, немесе кәпірлердің біреуінің мал-мүлкін тартып алуды бұйырған жоқ. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы сияқты нәрселерді бұйырмады, өйткені мұның салдары мұсылмандарға жамандық және ауыр зардаптар әкеледі. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижра жасаған соң, және оның өз мемлекеті мен көмекшілері пайда болғанан соң ғана кәпірлерге соғыс және жиһад жариялады”. Қз.: “Жиһад уә дауәбитуху-ш-шар’ия” 48.
Шейх Салих әл-Фаузан сондай-ақ былай дейтін: “Қалаған адамның әрқайсысына жиһадта болмай және мұсылман әмірінің бұйрығынсыз кәпірлердің ғимараттарын жоюға рұқсат етілмейді. Мұндай нәрсе – харам! Осындай әрекеттер мұсылмандарға жамандық алып келеді және олардан жамандықтан басқа мұсылмандарға ешқандай пайда жоқ. Ғимараттарды жару мен иғтияләттың көтерілген ту және дайын әскермен жүргізілетін Аллаһтың жолындағы жиһадтан айырмашылығы бар! Бұл нәрселердің арасын шатастырмаңдар, ақиқатты жалғанмен былғамаңдар!” Қз.: “әл-Фәтауә әл-мухиммә фи табсыриль-умма” 88-90.
Шейх ‘Абдуль-‘Азиз Әли Шейхқа «Мұсылмандарды баураған қазіргі жағдай өздерін Исламға телитін кейбіреулердің әмірдің билігінен шығып кетуіне алып келді. Олар фиқхта «әл-иғтияләт» деп аталатын нәрсені жасап жүр. Бұл иғтияль олар батыс елдеріне достық және көмек таныту (әл-уәлә) себебімен күпірлікте айыптағандарына қарсы бағытталған. Біз осы сұрақтың түсіндірілуінен үміт етеміз» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай деп жауап берді: “Бауырларым, бұл – қасірет және бүлік! Бұл істер шындығында да осы адамдардан шығуда, ал оның негізі – мұсылмандардың көпшілігіне тән надандық. Кейде ол Исламды іс жүзіндегідей етіп түсінбейді және оны тиісті болғандай етіп түсінбейді. Кейде қандай да бір идеологиялар астыртын кіреді, бірақ қалай болғанда да, Ислам бұл амалдардың нәтижесіне қарап бағаланбайды. Осындай түсінік пен көзқарастар игілік алып келмек пе?! Ислам иғтияләтпен де, адам өлтірумен де келмеді. Ол Аллаһқа шақыру, ақиқатты түсіндіру және адамдарды жауыздықтан сақтандыру үшін келді. Ал бұл әрекеттерге, яғни адамның «кәпірді ол тек кәпір болғандығы үшін ғана өлтіру қажет» деген сеніміне келер болсақ, ол Исламның миссияларының біреуін де қамтымайды және пайда әкелмейді. Мұндай істерді тек білімі шектеулі, ал танымы аз адамдар ғана істейді. Мұндай құралдарды өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін Аллаһтың дінін кем түсінетін, Аллаһ Тағалаға шақыруға қабілетсіз адамдар ғана алып алған. Ал іс жүзінде бұл амалдар басқаларға қызмет етеді және өзгелердің мақсатын қамтиды, әрі олардың өздеріне осыда ешбір пайда жоқ. Бұл іс-әрекеттерді жасау және «Пәлен адам – кәпір, ал кәпірді өлтіру керек!» деген сенім – Аллаһқа шақыру емес және ақиқатқа сәйкес келмейді. Барлық жаратылыстарың ішінде (Аллаһқа деген) ең кемел мойынсұнуда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар (Аллаһ оларға разы болсын) болған еді, ал олар мұндайды істемеді және мұндайға жүгінбеді және мұндай тәсілдерді қолданбады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұндайды істемеді! Оның бұйрығы бойынша Аллаһты және Оның Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ашық балағаттаған және Исламға дұшпандық көрсеткен бір-екі яһудилерді өлтіру ғана болды. Бірақ ол мұндай іс-әрекеттерді өзінің дұшпандарына қарсы қолданбады, адамдарды өлтіру үшін бір топ адамдарды жіберу, түрлі жерлерге барып адамдарды өлтіру сияқты айла жасамады. Мұндай әрекеттердің Исламға еш қатысы жоқ және оларды мұсылмандарды жауыздар, лаңкестер және қылмыскерлер етіп көрсету үшін Ислам туралы жаман аттың таралуын қалағандар ғана жасайды. Міне, осылайша Исламның атына күйе жағылады! Мұндай жолмен игіліктерге қол жеткізілмейді және бұл арам әдістердің Исламға ешқандай қатысы жоқ. Ислам даналықпен, ізгі насихатпен, ақиқатты түсіндірумен және дұрыс жолды нұсқаумен Аллаһқа шақыруды бұйырады. Ал осындай әрекеттерді адамдарға қатысты және қарсы бағыттауға келер болсақ, бұл жақсылыққа алып келмейді және мұнымен қалаған нәрсеге қол жеткізілмейді». “Фатауа әл-’уләмә фи әл-иғтияләт уә әт-тафжират уә әл-’амәлият әл-интихария”.
Шейх Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уәһһаб әл-‘Ақильге «Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қатысты қорлаушы карикатура жариялаған кәпір-карикатурашыны иғтияль етуге бола ма?» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай жауап берді: “Бұл – бұрыс тәсіл! Иғтияль — бұл мәселені шешудегі бұрыс жол және осы — кәпірлерді бұрыңғыдан да көбірек мұсылмандарға жамандық келтіруге араңдатады. Ал кәпірлерді олардың күмәндарын теріске шығару және олардың ұятсыз іс-амалдарын түсіндіру талқандайды. Ал қолмен және қарумен күш қолдануға келер болсақ, бұл мұсылмандардың әміріне тиісті әрі Ұлы және Құдіретті Аллаһтың жолындағы жиһад арқылы ғана (іске асырылмақ)”. Қз.: «Әхләқ ән-нәби».
Шейх ‘Убайда әл-Дабриге мынандай сұрақ қойылды: «Ислам және кәпір елдеріндегі шерулер және иғтияләт ислам үмметінің жағдайын жақсартудың тәсілі болып табыла ма?»
Шейх былай деп жауап берді: “Суннетті ұстанушы адам жағдайды шариғат мәтіндеріне сәйкес және шариғат міндеттейтін нәрселерге сәйкес жақсыға қарай түзетуге тырысуы қажет. Ал шариғаттың бұйрықтарына мұсылман әмірлеріне қатысты ықыластылық таныту және оған насихат айтып, жүгіну, адамдарды оған бағынуға шақыру және одан теріс бұрылған жүректерді оған қайтару, жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару жатады. Ал бидғатарды жақтаушыларға және өздерінің әуестері мен қалауларына ілесетіндерге келер болсақ, олар қалыптасқан жағдайды өзгертумен және оны бұзумен әлек, ал бұл – жемісі қантөгіс, зорлау, тонау, арсыздық, анархияның таралуы, қауіпсіздіктен арылу және бөлінушілік болатын хауариждердің амалы болып табылады. Сүннет – бұл Аллаһтың Өз жаратылыстарына бағыттаған рахымы, ал құлдардың және қалалардың амалдары Сүннеттен өзге нәрсе арқылы түзелмейді! Бұл жөнінде Уәхб (Аллаһ оны рахым етсін) айтқанындай. Әрбір мәжілістен тұрып кеткен сайын ол солардың арасында осы сөздерді жеткізген имам Мәлик те болған өзінің достарына былай деп айтатын: «Бұл үмметтің соңғы ұрпақтарын мұсылмандардың алғашқы ұрпағын түзеген нәрсе ғана түзейді». Әсбағ Мәликтен: «Ол осымен не айтқысы келді?», — деп сұрады. Мәлик былай деді: «Ол өзінің алғашқы кейіпінде болған дінді немесе тақуалықты меңзеді. Бұл – біріншісі. Екіншіден, әһлю-с-Сунна уәл-жәмә’аның, яғни саляфилердің, яғни әл-фирқа ән-нәжияның, яғни әт-таифа әл-мәнсураның, яғни әһл әл-асардың шақыруы жұмсақтық пен ізгілікке, жақсы саясатқа негізделген, әрі олар дінге шақыруды даналықпен және ең жақсы тәсілмен жүргізеді. Ал шерулер мен иғтияләттарда осы жоқ, керісінше, олар қаталдық және зорлық болып табылады. Иғтияләт – хауәриждердің және олардан бұрын болған сабаилердің және солар сияқты өздерінің әуестері мен қалауларына ілескендердің амалдары болып табылады. Мұның үстіне, бұл – кәпірлердің амалы!»
Шейх әл-Жәбри сондай-ақ былай деді: “Егер біреу осындайдың (иғтияльдің) рұқсат етілгендігіне Пайғамбардың (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Ка’б ибн әл-Әшрафты өлтіруді бұйыруын алатын болса, біз оған былай дейміз: мұны мұсылмандардың имамы, баршаға бірдей әмір (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) істеді. Иә, егер айналасында адамдар топтасатын имам, елге үкім ететін осы елдің имамы, осы елдің әмірі болса, онда ол біреуді шариғат жойылуын талап еткен жер бетінде бұзақылық жасаушыны иғтияль жасауға жіберуі мүмкін. Ал, мұндай иғтияләттарды жасап жүрген жамағаттар – хауәриждердің жамағаттарынан өзге ешнәрсе емес! Біз оларды және солар сияқтыларды Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөздері арқылы сақтандырғымыз келеді: «Аллаһқа ең жек көрінішті адамдар мына үшеуі болып табылады: ғибадатханада (харам) болған ақиқаттан ауытқыған, жәхилиет салттарын Исламда сақтап қалғысы келген адам және осыған хақы болмай біреудің қанын төгудің жолын (тәсілін) іздеуші». Әл-Бухари 6882.
«Үш жағдайдан басқа кезде «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ және Мен – Аллаһтың Елшісі» деген мұсылманның қанын (төгуге) рұқсат етілмейді: зинақорлық жасаған үйленген адамды өлім жазасымен жазалау кезінде, өмір үшін өмірді алған кезде; және біреу діннен шығып үмметті тастап шыққан кезде». Әл-Бухари 6484.
Мұсылмандармен соғысушы бүлікшілерді, жолдарда қарақшылық жасайтын адамдарды және жер бетінде бұзақылық таратушы өзгелерді жазалау – кез келгеннің емес, мұсылман әмірінің құзыреті. Ал кейін бұл амалдардың көзі күпірлікте айыптау (такфир) болып табылады. Ақиқатында бұл адамдар осы амалдарды тек мұсылман әмірлерін және олармен дос болғандарды күпірлікте айыптағандығынан жасайды. Уа, мұсылмандар, әсіресе, жастар, мұндай кесірлі мәнһаждан сақ болыңдар!” Қз.: “Фатауа әл-’уләмә фи әл-иғтияләт уә әт-тафджират”.
Шейх Салих ибн ‘Али әл-Ғисуанға «Соңғы екі жыл бойы біз ислам шақыруымен айналысып жүрген кейбір адамдардың шақыру ісінде және айыпталалатын нәрселерді түзетуде қолданылатын құралдар туралы үнемі айтып жүргенін және олар осы құралдардың қатарына шерулерді, ұйымдасқан түрде көшелерден жүріп өтуді және иғтияльді жатқызатынын және осыны ислам жиһады деп атайтынын естіп жүрміз. Біз Сізден екі сұраққа жауап беруіңізді сұраймыз:
а) Жоғарыда аталғандарды шариғи құралдар деп санауға болады ма, әлде олар айыпталуға лайықты болған бидғаттар мен тыйым салынған әдістердің қатарына жатады ма?
б) Шариғат осындай әрекеттерге шақыратындарға және оларды насихаттайтындарға қатысты не істеуді бұйырады?» деген сұрақ қойылды.
Шейх былай деп жауап берді: «Жақсылыққа үндеу, жамандықтан тосу, Аллаһқа шақыру және адамдарға тура жол сілтеу — Аллаһтың дінінің негізіне жататыны белгігі, алайда Аллаһ Тағала былай деді: «Адамдарды Рабыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен пікірталасты көркем түрде жүргіз. Күдіксіз, Раббың Оның жолынан ауытқығандар туралы бәрінен жақсы біледі, және Ол тура жол тапқандар туралы да бәрінен жақсы біледі» (ән-Нәхл сүресі, 125-аят).
Аллаһ Муса мен Харунды Перғауынға жіберіп оларға: «…оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар», — деп бұйырды (Та ха сүресі, 44-аят).
Мухаммад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға даналықпен келді және Исламға шақырумен айналысатындарға өз шақыруларын даналықты басшылыққа алып және сабыр танытып іске асыруларын әмір етті. Бұдан тыс Құранда былай делінген: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ, сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне хақты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» (әл-Аср сүресі, 1-3 аяттар).
Сөйтіп, адамдарды Аллаһқа шақырушы, оларды құпталатын нәрселерге талпындырып, айыпталатын нәрселерден тыюға тырысатын адам сабырлық танытып, Аллаһтың сыйынан үміт етуі керек. Бұдан тыс, ол өзінің шақыру жолында естуі немесе кездесуі мүмкін болған жағымсыз нәрселерді төзімділікпен көтере білуі керек. Ал адамдармен тұрпайы түрде сөйлесіп, оларды ренжітетін (Аллаһ бізді ондайдан сақтасын), немесе тәртіпсіздікке ұмтылатын, немесе адамдарды дау-жанжалдарға және алауыздыққа келтіруге талпынатын адамдарға келер болсақ, онда мұның барлығы — шайтанның амалдарының қатарына кіреді және хауариждердің шақыруының негізінде жатыр. Олар қайтарылатын нәрсеге деген сөгісті қару арқылы танытатын еді, ал егер бір нәрсе олардың көзқарастарына қайшы келсе, олар қан төгуден, адамдарды күпірлікте айыптаудан және сол сияқты істерден тайынбайтын еді.
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары және біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміз іске асырған шақыруының хауариждердің, және олардан өнеге алғандардың шақыруынан айырмашылығы: сахабалар өз шақыруын даналықтың, ақиқатты насихаттаудың және түсіндірудің көмегімен, сабырлық таныта отырып, Аллаһтың сыйынан үміт етіп іске асырғандығында. Ал хауариждер адамдармен соғысып, олардың қанын төкті, оларды күпірлікте айыптады және мұсылмандардың арасына тартыстар енгізді, ал бұл — жеккөрінішті және айыпталатын бидғаттардың қатарына жатады.
Мұндай нәрселерге шақырушылардан аулақ болып, оларға сенбеу керек, өйткені мұндай адамдар мұсылмандардың бытырауына себепші болды, мұнысы үшін оларды Аллаһтың кек алуы және жазасы күтуде, Аллаһ бізді ондайдан сақтасын! Егер мұсылмандар игілікке деген ұмтылыстарында бірігіп, біртұтас болғанда еді, олар, күмәнсіз, жоғары мәртебеге жетіп, құрметке ие болар еді.
Мұсылмандар партияларға және топтарға бөлінгенде, олардың арасында қарама-қайшылықтар пайда болады және олардың өздерінің ортасынан шыққан дұшпандар оларға жол табады. Бұл жаман жолмен бидғатардың жақтаушылары жүреді, ал алғашқылар болып бұл жолға мұсылмандардың арасына араздық егіп, халифа Али инб Талибпен және оны қолдаған сахабалармен соғысқан адамдар түсті. Олар Алимен жақсы өзгерістерді қалап соғысты, бірақ ақиқатында азғындауға, бидғаттарға және ыдырауға себеп болды, өйткені мұсылмандарды бытыранқылыққа әкелген және оларды әлсіреткен солар еді. Міне, осылар — олардың сөздерін қайталап, олардың көзқарастарына ортақтасатын және оларды насихаттайтын әрбір адамға қатысты. Мұндай адам жаман көзқарастарды ұстанады және одан аулақ болу керек, өйткені ол өз қауымына, өз серіктеріне және өзі қатынасатын барлық адамдарға зиян тигізеді. Ал іс жүзінде мұсылман адам жасампаз әрекеттермен айналысуы керек, тек игілікке талпындырып, өзі де оған ұмтылуы керек, ақиқат сөздерін айтып, ең мықты дәйектерді пайдаланып және жұмсақтық танытып Исламға шақыруы керек, өз бауырлары туралы дұрыс пікірде болып, кемелдікке жету өте қиын екендігін және күнә істеуден тек Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қорғалғандығын есте сақтауы керек. Сондай-ақ олар өздері қарсы шығып жатқан адамдары — олар әмірлер, ресми тұлғалар немесе басқа біреулер болсын — жойылса, олардың орнына олардан жамандау болатындар келетінін де ұмытпауы керек, өйткені қандай заман өтсе де, оның орнына тек қана жаман замандар келеді. Адамдардан кемелдік күтуші немесе олар еш қателік жібермеуіне және ешбір жамандық жасамауына қол жеткізуді қалайтын адам адасқан болып табылады. Мұндай адамдар мұсылмандарды бөлінушілікке әкелген және оларға көп зиян тигізген хауариждердің мирасқорлары болып табылады, ал мұндай мақсаттарды Сүннет пен келісімнің жақтаушыларына қарсылас болған рафидилер, хауәриждер, му’тәзиләлар және басқа да арам пиғылды тұлғалардан және бидғаттың жақтаушыларынан болғандар көздеді». “Фатауа әл-аимма фи-ннауазиль мудляхимма” 103.
Сондай-ақ, көбірек пайдаға қол жеткізу үшін, жоғарыда аталған пәтуаларға қоса, шейх әл-Әлбанидің мына сөздерін келтіруге болады: “Егер адам шын ықыласымен Аллаһ үшін жиһад жасауды ниет етсе, ол осы үшін лайықты сыйын алатынына күмән жоқ. Алайда біз сөз етіп тұрған жиһад — Аллаһ жүргізуді бұырған жиһад болып табылмайды. Мен ниеттің өздігінше өте жақсы болып тұрғанын айтып тұрмын, өйткені адам жиһад жасағысы келіп тұр ғой, алайда жиһадты жүргізу үшін міндетті түрде, Аллаһ Тағала көпке белгілі: «Сендер де шамаларың келгенше әр түрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер (сондай-ақ заманауи техникалық құралдар дайындаңдар). Аллаһтыңның дұшпанын және өз дұшпаңдарыңды қорқыту үшін» (әл-Әнфәл 8: 60), — аятта айтқанындай, дайындық қажет.
Жиһад тек жарияланған кезде және оны жүргізуге дайындық болған жағдайда ғана жиһад болады. Осы шарттар орындалғанда, жиһадтан бас тартуға болмайды.
Ал, жеке біреулер, мейлі өзінің жерін қорғау мақсатымен болса да, көтеріп жүрген көтерілістерге келер болсақ, олар – жиһад емес. Әрине, дұшпан шабуыл жасағанда мұсылман жерлерін қорғау міндетті болып табылады, бірақ, пайдаға қарағанда көбірек зиян әкелетін шабуылдаулар – барлық мұсылмандар шығуға міндетті болған жиһад болып табылмайды. Мұндай жиһад туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Егер олар шығуды қаласа, осыған дайындалар еді» (әт-Тауба 9: 46).
Сондықтан да, біз бұған бірнеше рет нұсқағанымыздай, мұсылмандар ақыл тоқтатып, Шариғатты дұрыс түсініп, Аллаһтың заңына және дініне сәйкес келетін ықыласты және дұрыс амалдар жасаулары керек. Міне, сонда мүміндер Аллаһ Тағаланың көмегімен қуанады”. Тз.: “әт-Тахарри филь-Фатуа” 2-аудиотаспа.
Сондай-ақ, шейх Ибн ‘Усайминнің былай деп айтқан сөздерін де (тілге тиек ету керек): “Бүгінде Ислам діні кәпірлердің көпшілігіне өзінің тап-таза бұрмаланбаған күйінде жеткізілді ме?! Әрине, жоқ! Кейбір бауырларымыз өздерінің қалауымен, ешбір даналықсыз амалдар істеп жатқанда, еуропалықтарға және басқаларға Ислам туралы бұрмаланған түсінікті сіңдіріп ұлғайтады. Мен адамдардың арасында жарылыстар ұйымдастырып, соны Аллаһтың жолындағы жиһад дейтіндер туралы айтудамын. Шындығында, олар Исламға және мұсылмандарға пайдаға қарағанда көбірек зиян алып келуде. Олардың (қол жеткізген) нәтижелері қандай, сіздерге сұрақ: кәпірлер Исламға жақындай түсті ме, әлде одан сайын Исламнан алшақтады ма? Адамның, оны өзгелер осы қарбаластық туғызатын үрейлі топқа жатқызбауы үшін, өз бетін бүркеп алуға дейін жетуі – Исламнан деп ойлайсыңдар ма? Ислам мұның барлығынан алыс, Ислам мұның барлығынан алыс! Тіпті жиһад парыз болғаннан кейін де сахабалар, жиһадты жүргізе алатын әмірдің туының астындағы жиһадтан бөлек, кәпірлердің қауымына оларды өлтіру үшін барған жоқ. Ал мына лаңкестік туралы айтар болсақ, онда Аллаһпен ант етемін, бұл – мұсылмандар үшін шектелу (тежелу) ғана. Біз (мұның) нәтижесі мен пайдасын көріп тұрған жоқпыз, керісінше, мұнда Ислам туралы түсініктің тек бұрмалануы мен бұрысталуы ғана тұр.
Егер біз даналық жолын таңдап, (шын) жүрегімізбен Аллаһтан қорқып, ең алдымен өзімізді, содан кейін айналамыздағыларды түзесек еді, және шариғат жолымен жүрсек еді, сонда нәтиже міндетті түрде игі болар еді!» Тз.: “Шарх усуль әт-тафсир” 1-аудиотаспа, «А» беті.
Әрі соңында әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ!
Алынған көзі: www.Salaf-forum.ru