Біздің үмметіміздің имамдары, адам пәтуа беру құқығына ие болуы үшін, оған өте қатаң талаптар қойған:
Ол Құран мен Сүннетті жетік біліп, оларды дұрыс түсінуі керек.
Имам әш-Шафи’и былай деп айтатын: “Аллаһтың Кітабын білетін; (басқа аяттардың) күшін жоюшы (насих) аяттарды және күші жойылған (мансух) аяттарды білетін; анық (мухкам) және анық емес (муташабих) аяттар мен олардың тәпсірін білетін; қай аяттар – мәдиналық, ал қай аяттар – меккелік екенін, олардың ұғымын және түсу себептерін (қандай себептермен түскендігін) білетін адамнан басқа ешкім пәтуа бере алмайды. Сондай-ақ, ол Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін; қандай хадистер (басқа хадистердің) күшін жоюшы, ал қайсылары күші жойылған болып табылатынын; және тілді жетік білуге міндетті. Сонымен қатар, ол әділетті, бейтарап, аз сөзді болуы керек, қаралып жатқан мәселе бойынша келіспеушіліктер туралы білуі керек, әрі онда талант пен қабілет болуға тиіс. Және адам осындай болса, онда оның халал мен харам туралы айтуына, пәтуа беруіне де болады, ал кім ондай болмаса – пәтуа бермейді!” әл-Хатыб “әл-Фақих уәл-мутафақих” 2/330.
Яхья ибн Ма’иннан адамдар: “Мың хадис білетін адам пәтуа береді ма?”, — деп сұрағанда, ол: «Жоқ!» — деді. Одан: «Ал екі мың?» — деп сұрады. Ол: «Жоқ!» — деді. Одан: «Бес мың ше?» — деп сұрады, ал ол: «Үміттенем, бірақ егер ол пәтуа беруге кірісетін болса, бұл да оған жеткіліксіз. Және кітаптардағы түсінбеушіліктер мен келіспеушіліктерден болған нәрселерді түсінбей, олардағыны жинау да жеткіліксіз болады. Ақиқатында, білім — бұл жаттап алынғанның көптігі емес , ол – түсіну мен хабардар болу”, — деді. “әл-Жәми’уль-ахләқи-ррауи” 2/174.
Ол туралы ғалымдар оның пәтуа бере алатын дәрежеге жеткендігін айтулары керек
Имам Малик: “Білім иелерінің қатарынан жетпіс адам менің пәтуа беруге лайықты екендігіме күәлік бермегендерінше, мен пәтуа бермейтінмін”, — деп айтқан. Абу Ну’айм 6/316.
Ол осы мәселе бойынша саләфтардың пікірлерін білуі керек.
Имам Ахмад былай деген: “Адамдарға пәтуа беруші өзіне орасан зор жауапкершілік алады. Ол өзінің алдында өмір сүріп кеткендердің айтқандарын білуі керек, әйтпесе ол пәтуа бермеуі керек”. “Тухфату талибиль-‘ильм” 79.
Пәтуа беруі үшін, ол білімді тек кітаптардан ғана алған адам болмауы керек.
Имам Саур ибн Язид және Әбу Зур’а былай деп айтатын: “Кітаптардан ғана білім алушылар адамдарға пәтуа бермеуі керек!” “әл-Фақих уәл-мутафақих” 2/97.
Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: “Адамдарға тек кітаптарда келтірілгеннің негізінде, олардың әдет ғұрыптарын, уақытты, орнын және жағдайларын ескермей, пәтуа беретін адам өзі адасып, өзгелерді де адастырады. Мұндай муфтийдің дінге қарсы жасап жатқан қылмысы барлық адамдарды бірыңғай медициналық кітап бойынша, өмір сүру орны мен уақытындағы, темперамент пен әдеттеріндегі айырмашылықтарды ескермей емдейтін дәрігердің қылмысынан жаман. Мұндай надан дәрігерлер мен муфтилер дінге және адамдардың денсаулығына ең үлкен зиян тигізеді”. “И’ләмуль-мууакқи’ин” 3/89.
Сондай-ақ пәтуаны қарт ғалымдардан алу керек.
Ибн Мас’уд былай деді: “Адамдар Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан және үлкен ғалымдардан білім алып тұрғандарында, есендікте болады. Ал олар білімді жастардан ала бастағанда, өздерінің кесірлі қалауларының себебінен келіспеушілікке түседі, ал кейіннен опат болады ”. әт-Табарани 8589, ‘Абдур-Раззақ 11/249. Сахихтығын Ибн Хажжәр растаған.
Енді айтыңдаршы, уа, мұсылмандар! Пайғамбарлардың мирасқорлары – үмметіміздің имамдары атаған белгілердің (критерийлердің) біреуіне де болса жихад, хуруж немесе такфир сияқты күрделі мәселелер бойынша пәтуа беріп жүргендер сай келеді ме?! Қандай да бір рұқсат етілмеген нәрсені істеп жатқан мұсылманнан, айтылған сөгіске жауап ретінде: «Маған бұның халал екендігіне (рұқсат етілгендігіне) пәтуа берілді», — деп айтатынын жиі естуге болады.
Сондай-ақ, таңқаларлық нәрселердің бірі – кейбір мұсылмандарға белгілі бір мәселенің үлкен ғалымдар берген түсіндірмесін жеткізген кезде, олардың: «Ал біздің мешіттің имамы, — немесе, — араб мемлекетінде осынша жыл оқып келген менің көршім басқаша айтты», — деп жауап беретіндері!