Жихадтың ережелері мен шарттары

шейх ‘Абд әр-Раззақ әл-Бадрдің «Жихадтын даналықтары мен ережелерінен жақсы жемістер» кітабын жариялауды жалғастырамыз:

Алтыншы тарау: Жихадтың ережелері мен шарттары

Бұл — жихад мәселесінің ең маңызды жағы, яғни Исламда әмір етілген жихадтың Аллаһтың Кітабында, Оның Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетінде және ізгі алдынғы буын өкілдерінің хабарларында келтірілген ережелер мен шарттарға ие екендігін білу. Және Аллаһтың жолындағы жихад оларды орындағанда, атқарғанда және соларға сәйкес болғанда ғана Аллаһ Тағаланың алдында салиқалы және қабыл болатын амал болады. Осы ережелердің және шарттардың  ішіндегі ең маңыздылары – төменде келтірілгендері:

1. Жихад кез келген салиқалы амалдың негізі болған екі шартқа негізделуі қажет, олар: ықылас және шариғатқа сәйкестік.

Құдіретті де Ұлы Аллаһ жихад жасаушының жихадын тек ол ондағы ниетін Аллаһ Тағала үшін, Пәк Аллаһтың разылығына жету үшін ықыласты қылса ғана қабыл етеді. Ал егер ол өзінің жихадымен өз пайдасын, немесе басшылықты, немесе кейбір адамдардың ой-ниеттерінде пайда болып жүрген сол сияқты нәрселерді қаласа, Құдіретті де Ұлы Аллаһ оны қабыл етпейді.

Сондай-ақ  Аллаһ Тағала жихадты орындауда Аллаһтың Елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ілеспеген адамның да жихадын қабыл етпейді. Сондықтан да, Аллаһ жолында жихад жасауды қалаған адамға Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетін қарап шығу, оның іздерімен жүру, оның басшылығын қабылдау, жихадты және басқа ғибадаттарды орындауда оның жолына ілесу міндетті болып табылады.[1]

 2. Жихадтың жихад мақсатына және ол бұйырылған мақсатқа сәйкес болуы.

Бұл мақсат — бұл жөнінде хадисте келтірілгендей, жихадты дін Аллаһқа тән болу үшін, және Аллаһтың Сөзі барлық нәрседен үстем болу үшін орындау.

Пайғамбарға, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Уа, Аллаһтың Елшісі! біреу олжа үшін соғысады, басқасы – даңқ үшін, үшіншісі — рия (көзбояушылық, өзгелерге көрсету) үшін. Осылардың қайсысы Аллаһтың жолындағы күрес болып табылады?», — деген сұрақ қойылды.  Ол былай деп жауап берді: «Кім Аллаһтың Сөзі үстем болу үшін соғысқан болса, міне сол Аллаһтың жолында». әл-Бухари № 7458, Муслим № 1904.

3. Жихад дінді білумен және түсінумен  орындалуы керек, өйткені ол — бұл жөнінде жоғарыда айтылғандай,  ең ұлы және ең маңызды ғибадаттардың бірі.

Ғибадат, егер ол дінді білумен және түсінумен орындалмаған болса, қабыл болмайды. Сондықтан  ‘Умар ибн ‘Абдуль-‘Азиз, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп айтты: “Кім Аллаһқа білімсіз ғибадат етсе, пайдаға қарағанда көп зиян келтіреді”. Имам Ахмад “әз-Зухд” 365

Бір риуаятта: «Білім — амалдың басшысы, — деп айтылған, — және сол амалды жасаушы оған ілеседі», — делінген. Ал бұл – ақиқат, өйткені егер ниет пен амал біліммен бірге жүрмесе, онда олар надандық, адасушылық және құмарлықтарға еру болып табылады.

Сондықтан жихадта жихадтың ақиқатын,  оның мақсатын, оның түрлері мен дәрежелерін білу, әрі жихадты орындаушының  жағдайын міндетті түрде білу міндетті болып табылады. Қз.: Шейхуль-ислам Ибн Таймия “Мәжму’ әл-фатауа” 28/135-136.

Шейхуль-ислам Ибн Таймия былай деп айтты: “Жихад істерінде, діннің сыртқы жағына ғана басым көзқараста болатын  кәдімгі дүние тіршілігіндегі адамдармен салыстырғанда, дүние тіршілігіндегі адамдар туралы білімі (тәжірибесі) бар дұрыс дінді ұстанатындардың пікірін назарға алу міндетті болып табылады. Сондықтан да олардың (дүние тіршілігіндегі адамдардың) пікірі де, дүние тіршілігі туралы білімі (тәжірибесі) жоқ діндардың пікірі де алынбайды”. Қз.: “әл-Ихтиярат әл-фиқхия” 311.

Шейх Салих әл-Фаузан, Аллаһ оған есендік берсін, былай деп айтты: “Ғалымдар жихад туралы оларға адамдар жүгінетін көптеген еңбектер жазды. Және бұл әмірлер Аллаһтың Кітабынан және оның Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетінен алынған. Олар білім және ақыл иелерінен сұрайды, өйткені жихад маңызды іс болып табылады. Егер ол ұйымдастырылса және Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ бұйырғандай болса, онда ол үмметке пайдалы жихад болады. Алайда ол анархия (тәртіпсіздік) болса және ақылсыз әрі білімсіз орындалса, онда ол мұсылман үмметі үшін жеңіліс болады. Өйткені одан күші басым болған кәпірлердің ызасын туғызған бір наданның шүбәлі жолмен оңай олжа іздеуінің себебінен қанша мұсылмандар өлтірілді! Ал олар (кәпірлер) мұсылмандарға бас салып, қантөгіс жасады және оларды баспаналарынан айырып, (үйлерін) қиратты. Ал Аллаһтан өзге ешкімде күш те, қуат та жоқ. Және сол адамдар осы о бастан сәтсіз аяқталатыны белгілі істерін (авантюраларын) жихад деп атайды, бірақ бұл – жихад емес, өйткені олар оның шарттарын қамтамасыз етпеді, оның тіректерін орындамады. Сондықтан бұл — жихад емес. Бұл  — Құдіретті де Ұлы Аллаһ істеуге тыйым салған өшпенділік қана”.  “әл-Жихад әнуа’уху уә әхкәмух” 24-25.

4. Жихад жаратылыстарға деген мейірімділікпен және ізгілікпен қатар жүргізілу керек, өйткені жихад Исламда тіршілік иелеріне үрей салу үшін немесе өзгелерді ренжіту үшін әмір етілмеді, сондықтан да осылардың Аллаһтың жолындағы жихадқа қатысы бар деп түсінбеу керек.[2]

Аллаһ Тағала бұл шайқасатын үмметті мына сөздермен сипаттады: «Сендер – жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтаратын және Аллаһқа иман келтіретін, адамзаттың игілігі үшін пайда болған ең жақсы үммет болып табыласыңдар» (Әли Имран, 110).

Абу Хурайра, Аллаһ оған разы болсын, былай деп айтты: “Адамдар үшін адамдардың ең жақсысы – олар Исламға кірмейінше, оларды шынжырлап әкелуші болып табылады”. әл-Бухари 4557.[3]

Және Аллаһ Тағала осы аятта бұл үммет адамдар үшін ең жақсысы болып табылатынын түсіндірді. Олар адамдар үшін ең пайдалылары, басқаларға қарағанда олар үшін көбірек игілік жасаушылары болып табылады, өйткені олар сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да кемел түрде адамдарды игілікке бұйырады және оларды жамандықтан қайтарады. Яғни олар барлық адамдарға барлық кез-келген жақсылықтарды бұйырады және оларға барлық кез-келген жаман нәрселерге тыйым салады, әрі мұны өздерінің жандарымен және мүліктерімен жүргізетін Алаһтың жолындағы жихадпен орнатады, және бұл адамдар үшін жасалатын пайданың кемелдігі болып табылады. Және олар жихад жасайды әрі рахым көрсетеді, оларда сабыр мен рахымшылдық бар, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «… бір-біріне сабырды үгіттескендер және бір-біріне рахымшылдылдықты үгіттескендер» (Бәләд, 17).

Және мұның барысында міндетті түрде ізгілік және жұмсақтық болуы керек, ол жөнінде Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Ақиқатында, ізгілік өзі қосылған нәрсенің барлығын көркейтеді, ал тұрпайылық әрқашан оның шарапатсыз болуына келтіреді». Муслим № 2594.

Ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ былай деп айтты: «Ақиқатында, Аллаһ Ізгі және барлық нәрседе ізгілікті сүйеді, және ол үшін қаталдық үшін бермеген нәрсені сыйлайды». Муслим № 2593.

Ізгі алдынғы буын өкілдерінен болған бір кісіден жеткен риуаятта: «Жақсылыққа бұйырып жамандықтан қайтаруды тек  өзі бұйырып жатқан нәрседен хабары бар, өзі тыйып жатқан нәрседен хабары бар, өзі бұйырып жатқан нәрсесінде ізгі, өзі тыйып жатқан нәрсесінде ізгі, өзі бұйырып жатқан нәрсесінде жұмсақ, өзі тыйып жатқан нәрсесінде жұмсақ болған адам ғана орындасын», — деп айтылады. Қз.: Шейхуль-ислам Ибн Таймияның “Мәжму’ әл-фатауа” 28/35, 123, 137.

Мұсылман өзінің барлық істерінде ортаны ұстайды. Ол жаратылыстарға рахымшылдық танытады, бірақ Аллаһ жек көретін нәрсеге жек көрушілігін жоғалтуға дейін өтіп кетпейді. Ол Аллаһ үшін ызаланады, оның тыйымдарына қатысты қызғанушылық танытады, бірақ жәбірлеушілікке, өшпенділікке және зұлымдыққа өтіп кетпейді.  Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтты: “Шайтан адамның барлық ісінде ысырап қылуын қалайды. Және ол оны рахымшылдыққа бейім екенін көрсе, онда ол оған рахымшылдықты шектен тыс көркейтіп көрсетеді де, ол (адам) Аллаһ жек көретін нәрсені жек көрмейді, Аллаһ қызғанатын нәрселерді қызғанбайды. Егер де ол оны қаталдыққа бейім екендігін көрсе, онда оған Аллаһ үшін (ұнамды) болмаған қаталдықты өте әдемі етіп көрсетеді де, ол (адам) Аллаһ және Оның Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұйырған ізгі амал жасаушылықты, салиқалылықты, жұмсақтықты, байланыстарды үзбей ұстауды, рахымшылықты тастап қояды. Ол қатаңдықта шектен шығады және Аллаһ және Оның Елшісі,  оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жақсы көретін нәрселерді сөгуде, өшпенділікте артықшылық танытады. Ол өзіне Аллаһ және Оның Елшісі бұйырған рахымшылдық пен ізгі амал жасауды тастап қояды әрі сонысымен айыпты және күнәхар болады. Ол өзіне Аллаһ және Оның Елшісі бұйырған қаталдықта артықшылдық көрсетіп, өз ісіндегі артық кетуі себепті шектен шығады. Біріншісі күнәһар, ал екіншісі ысырап етуші болып табылады. Ал Аллаһ ысырап етушілерді жақсы көрмейді.  Және олардың екеуі де былай деп айтуы керек болады: «Раббымыз! Күнәларымызды, ісіміздегі орынсыз артық кетушілік жасағандықтарымызды кеше гөр, әрі табанымызды мықтап, кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!» (Әли Имран, 147).  Қз.: “Мәжму’ әл-фатауа” 15/292.

5. Жихад әділетті және өшпенділік пен жәбірлеушіліктен алыс болуы керек.

Бұл ереже маңызды болып табылады, және Аллаһтың жолындағы жихадта ол туралы бұйрық және ерекше нұсқау келтірілген. Аллаһ Тағала бұл жөнінде былай деп айтқандай: «Өздеріңмен соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар да, шектен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Бақара, 190).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деп айтты: «Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ» (Мәидә, 8).

Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларын әскери жорыққа аттандыратын кезінде оларға тақуалықты өсиет етіп: «Жорыққа Аллаһтың жолында Аллаһтың атымен шығыңдар және Аллаһқа иман келтірмегендерге қарсы күресіңдер. Өлген адамдардың денелерін қорламаңдар, келісім-шарттарды бұзбаңдар және балаларды өлтірмеңдер», — деп айтатын. Муслим № 1731.

Ол сондай-ақ өзінің жорықтарында тонаушылыққа және мәйіттерді қорлауға тыйым салып: «Тонаушының бізге қатысы жоқ», — дейтін.  Ахмад 3/380, әт-Тирмизи № 1123.

Ғалымдар жихадта шайқасқа қатыспайтын әйелдер, балалар, кәрі кемпір-шалдар, зағиптар, үмітсіз науқастар, ақыл-есі дұрыс еместер, монахтар, кельяларда тұрушылар өлтірілмейді деп түсіндіреді. Шайқасу біз (мұсылмандар) Аллаһтың дінін үстем еткіміз келгенде бізге қарсы соғысатындарға қарсы іске асырылады. Сондықтан бізге қарсы соғыспағандарды өлтіру рұқсат етілмейді. Мұның себебі – Аллаһ Тағала тек жаратылыстарды түзету үшін өлтірілуі қажетті болған адамдарды ғана өлім жазасымен жазалауды рұқсат еткен. Пәк Аллаһ бұл жөнінде былай деп айтқандай: «Сондай-ақ жауыздық кісі өлтіруден де зор» (Бақара, 217).

Яғни адам өлтіруде зиян мен жамандық болса да, кәпірлердің жауыздығында одан да үлкен жамандық пен зиян бар. Әрі кім мұсылмандарға Аллаһтың дінін орнатуға қарсылық жасамаса, оның күпірлігі оның өзіне ғана зиян тигізеді. Сондықтан да, ғалымдар: «Кітапқа және Сүннетке қайшы келетін бидғаттарға шақырушы үнсіздік танытушы (үндемей бидғат жасаушы) жазаланбағандай етіп жазаланады», — дейді. Мұның барлығы Исламның керемет сипаттарына және оның әділеттілікке, сондай-ақ қандай түрдегі болмасын өшпенділік пен жәбірлеушілікті тастауға шақыруына жатады». Қз.: шейхуль-ислам Ибн Таймия “Мәжму’ әл-фатауа” 28/161, 354, Ибн әл-Қаййим “Зад әл-Мә’ад” 3/100, 105, шейх Ибн Баз “Мәжму’ фатауа уә мақаләт” 18/129-130.[4]

6. Жихад мұсылмандардың әмірімен бірге, не оның келісімімен орындалуы керек, мейлі ол салиқалы болсын, мейлі бұзақы болсын.

Бұл – Аллаһтың жолындағы жихадта оларсыз еш амалдауға болмайтын ең маңызды ережелерге жатады, өйткені жихад, әсіресе дұшпандармен жан арқылы жүргізілетін жихад тек күш-қуат болғанда ғана толыққанды (кемел) болады. Күш-қуатқа тек бірігу арқылы қол жеткізуге болады, ал бірігу тек басқарумен және билікпен іске асырылады. Ал басқару тек әмірге бағыну және мойынсұну арқылы ғана жолға қойылады. Және аталып өткен нәрселер бір-бірімен тығыз байланысты болып табылады, әрі олардың біреулері басқаларынсыз толыққанды (кемел) және дұрыс бола алмайды. Тіпті діннің де, дүние тіршілігінің де мұнсыз тәртіпке келтірілуі мүмкін емес. “Мәжму’ әл-фатауа” 28/390, “әд-Дурар әс-сәния” 7/328.

Суннет бұл ережені дәлелдейді және бұл үмметтің алдынғы буыны да оны ұстанатын еді. Абу Хурайраның, Аллаһ оған разы болсын, хадисінде Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны жеткізіледі: «Әмір – бұл оның артында тұрып шайқасатын және онымен қорғанатын қалқан. Әрі ол Аллаһтан қорқуды әмір етсе және әділдікпен үкім етсе, оған бұл үшін сауап бар. Ал егер ол басқа нәрсені әмір етсе, бұл оның өзіне қарсы (жазылады)». әл-Бухари № 2957, Муслим № 1841.[5]

      Хузайфа айтатын: «Әдетте адамдар Аллаһтың Елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, игілік туралы сұрақтар қоятын еді, ал мен жамандық туралы сұрайтынмын, өйткені ол (жамандық) менің басыма түседі деп қауіптенетінмін. (Бірде) мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Надандық кезінде біз ең нашар хәлде едік; кейін Аллаһ бізді осы игілікке жеткізді, ал осы игіліктен кейін жамандық қайта оралып келеді ме?» — деп сұрадым.  Ол: «Иә», — деп жауап берді.  Мен: «Ал сол жамандықтан кейін игілік қайта оралып келеді ме?» — деп сұрадым. Ол: «Иә, бірақ онда бір кемшілік болады», — деп жауап берді. Мен: «Оның кемшілігі не нәрседе болады?» — деп сұрадым. Ол: «Басқаларды мен басқаратынымнан өзгеше басқаратын адамдар пайда болады, және сендер олардың істерін көресіңдер әрі оларды тәрк етесіңдер», — деді. Мен: «Сол игіліктен кейін қандай да бір жамандық келеді ма?» — деп сұрадым. Ол: «Иә, Тозақтың қақпаларына шақырушылар (пайда болады), және (өздерінің шақыруына) жауап бергенді олар оған (Тозаққа) тастатады», — деді. Мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі, бізге оларды сипаттап бер», — деп сұрадым. Ол: «Иә. (Олар) біздің халқымыздың адамдарынан (болады) және біздің тілімізбен сөйлейді», — деді. Мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Менің өмір сүруімнің тұсында осылар орын алса, (мен не істеуім керек) деп ойлайсың?» — деп сұрадым. Ол: «(Шынайы) мұсылмандардың әл-жама’асынан және олардың әмірінен кетпей ұстан», — деді. Мен: «Ал олардың ішінде (осындай) әл-жама’а да, әмір де болмаса ше?», — деп сұрадым. Ол: «Онда ол топтардың  барлығынан алшақ бол, тіпті талдың тамырына тістеріңмен қатты жабысып алып, өлгеніңе дейін осындай жағдайда қалуға тура келсе де!», — деді.  әл-Бухари 3606, Муслим 1847.

Ибн ‘Аббастан, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, оның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «(Мекке) алынғаннан кейін хижра жоқ, бірақ жихад және ниет қалды. Және егер сендерді шығуға шықырса, шығыңдар!», — деп айтқан”.  әл-Бухари № 2783, Муслим № 1353.[6]

Ал осы хадистер бұл мәселедегі айқын дәлелдер болып табылады.

Саләфтардан болған ғалымдардың жихадты әмірлермен (ел басшыларымен) бірге   жүргізу мәселесі бойынша пікірлері: 

Имам Ибн Абу Хатим былай деп айтты: “Мен өзімнің әкемнен (Абу Хатимнен) және Абу Зур’адан Сүннетті жақтаушылардың дін негіздері мәселесіне қатысты пікірлерін: олар көріп үлгерген барлық қалалардың ғалымдары нені ұстанғанын және олардың екеуі де кәміл сенген нәрселері туралы  сұрадым. Сонда олар маған: «Біз Хижжаздың, Ирактың, Шамның, Йеменнің барлық қалаларының ғалымдарын көріп үлгердік, әрі олардың пікірі…, — деген сөздерінен бастап, — ақиқатында, жихад Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Өзінің Пайғамбарын, оған Аллаһтың сәлемі болсын, жіберген кезден бері Қиямет сағатына дейін мұсылмандардың әмірлерінен болған басшылармен бірге орындалып келеді, және оны ешнәрсе жарамсыз ете алмайды», — деп жауап берді”. Қз.: әл-Ләләкәи «Шарх усуль әл-и’тиқад» 321.

Имам Абу Жа’фар әт-Тахауи былай деп айтты: “Қажылық  бен жихад Қиямет сағатына дейін мұсылмандардың ізгі немесе бұзақы әмірлерімен бірге (орындалуын) жалғастыра береді, әрі ешнәрсе оларды жарамсыз ете алмайды және ешнәрсе оларды кеміте алмайды”. Қз.: “Шарх әл-‘ақида әт-Тахауия” 555-бет.

Имам әл-Барбархари былай деп айтты: “Кім әрбір салиқалы және бұзақы (имамның) артында (ұйып оқылатын) намазды және әрбір халифтің қол астында (орындалатын) жихадты дұрыс деп санап, қолға қару алып әмірге қарсы шығуды дұрыс емес десе және олардың салиқалы болуы үшін дұға етсе, онда ол хауариждердің сенімдерінен толық құтылған болады!” Қз.: “Шарх әс-сунна” 57.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия: «Адамдардың істерін басқару ең маңызды діни міндеттердің бірі болып саналатындығын білу қажет, тіпті тек осы ғана дін және дүние істерімен айналысуға мүмкіндік береді. Ақиқатында, адамдар бірлесіп қана игілікке қол жеткізе алады, өйткені олар бір-біріне мұқтаж, ал біртұтастық басшыға мұқтаж. Аллаһ Тағала жақсылыққа шақыру мен жамандықтан қайтаруды міндетті етті, алайда күш-қуатсыз және биліксіз мұны іске асыру мүмкін емес. Бұл Аллаһ тарапынан міндеттілік болып бекітілген басқа да істерге қатысты, мысалы: жихадқа; жұмысқа; қажылық жасауға; жұма және айт намаздарын орындауға; жәбір көргендерге көмек көрсетуге; немесе шариғат бекіткен жазаларды қолдануға, — өйткені мұның барлығын тек күш пен биліктің көмегімен ғана іске асыруға болады. Міне, сондықтанда: «Әділетсіз әмірдің алпыс жыл билік жүргізгені бір түн әмірсіз болудан қайырлы!» — деп айтылады. Қз.: «Мәжму’ әл-фатауа» 28/390-391.

Шейхуль-ислам Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаххаб былай деді: “Жихад ісі әмірге жүктелген, әрі сондықтан оның қол астындағылары ол шешкен нәрседе оған мойынсұнуы кажет”. Қз.: «Мәжму’ әл-муалифат» 2/360.

Бұл ғалымдардың кейбір пікірлері еді. Олар — әмірлердің қажеттілігіне және мұсылмандарда олар оның туының астына бірігетін және онымен бірге шайқасатын әмірдің болуына айқын (нұсқау).  Және мұсылмандар өздерінше шайқасуды талап етуді бастамайды, әрі шайқасу тек әмірдің келісімен ғана іске асырылады. Бұл шабуыл жихадына (жихад әт-таләб) қатысты.

Қорғану шайқасына қатысты айтар болсақ, бұл жерде жағдай өзгеше болады.

Имам Ахмадтың ұлы ‘АбдуллаҺ, олардың екеуін де Аллаһ рахым етсін, былай деп айтты: “Мен әкемнің: «Егер әмір адамдарға рұқсат етсе және оларға көмек келсе, онда олардың шығуында күнә жоқ», — дейтінін естігенмін. Мен әкеме: «Ал егер олар оның рұқсатынсыз шықса ше?», — деп айттым. Ол: «Жоқ. Тек әмірдің рұқсат етуімен ғана, егер де оларға кенеттен жау шабуыл жасалмаса және оларда әмірден рұқсат сұрауға мүмкіндігі болмаса ғана. Және осы мұсылмандар тарапынан қорғану болады деп үміттенемін», — деді».

Ол сондай-ақ, былай деп айтты: “Мен әкемнен олар мен дұшпандары арасында қабырға бар Хорасан тұрғындарынан болған адамдар туралы былай деп сұрадым: «Сен, олар шайқасуға құқықты деп есептейсің бе?» Имам Ахмад: «Егер олар өздері және балалары үшін қауіптенсе, онда әмірдің рұқсатын алғанға дейін шайқасуда қорқынышты ешнәрсе жоқ. Алайда олар өздері және балалары үшін қауіптенбесе, онда әмірден рұқсат алмай шайқаспауы керек», — деді. Қз.: ‘Абдуллаһ ибн Ахмад “әл-Мәсәиль” 258.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Қорғану шайқасуына келер болсақ, ол — шабуыл жасаушыдан қол сұғылмаушылық пен дінді қорғаудың ең мықты түрі болып табылады және ол ғалымдардың бірауызды пікірі бойынша міндетті. Шабуылдаушы дұшпан – дінді және дүние тіршілігін қиратушы, әрі иманнан кейін оған тойтарыс жасаудан басқа міндеттірек нәрсе жоқ.   Сондықтан оған шарттар қойылмайды және оған  мүмкіндікке қарай барынша тойтарыс жасалады. Бұл жөнінде біздің жақтаушыларымыз да (ханбали мазхабы) және басқалар да айтады. Сондықтан жәбірлеуші және кәпір болған шабуыл жасаушыға тойтарыс жасау мен оған оның қаласында шабуыл жасаудың арасын айыру міндетті болады. Қз.: “әл-Фатауа әл-мисрия” 4/608.[7]

Сондықтан кейбір білім иелерінен әмірдің рұқсат ету шартының жоқтығы туралы пікір келгенде, бұл жерде қорғану шайқасуы айтылып тұрған болады және бұл (үкім) шабуыл шайқасуына қатысты қолданылмайды.

Сондай-ақ, «әмір» дегенде бүкіл мұсылмандардың халифасы туралы сөз болып тұрған жоқтығын атап өту кажет. Шейхуль-Ислам Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаххаб: “Барлық мазхабтың имамдары қаланы немесе қалаларды қолына алған адам барлық нәрседе әмір болатынына бірауызды келіседі. Егер осылай болмағанда дүниеде тәртіп болмас еді, өйткені имам Ахмадтың кезінен бері бүгінгі күнге дейінгі ұзақ уақыт ішінде адамдар бір әмірдің қол астында біріккен жоқ. Және қандай да бір бұйрық тек қана жалпыға ортақ әмір арқылы күшінде болатындығы туралы қандай да бір ғалымның айтып өткені белгісіз”. Қз.: “әд-Дурар әс-сәния” 7/239.

Сондықтан аһли Сунна уәл жама’аның негіздеріне әрбір салиқалы немесе бұзақы  әмірмен бірге жүргізілетін жихад та жатады, өйткені Аллаһ Тағала бұл дінді (кейде) жақсылықтан жұрдай болған бұзақы адаммен және адамдармен нығайтады, бұл жөнінде  Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын айтқанындай. Өйткені егер жихадты орындау бұзақы әмірлермен немесе бұзақылығы көп әскермен бірге ғана мүмкін болса, онда екі  жағдай болуы мүмкін:

Не  олармен бірге жихад жүргізуді тастау, бұдан (мұсылмандарды) басқалар басып алуы сияқты дінге және дүние тіршілігіне үлкендеу зиянға әкеп соқтыратын  үлкен зиян келеді.

Не бұзақы әмірмен бірге жихад жүргізу, бұдан ең үлкен зиянға тойтарыс жасау, Исламның бұйрықтарының барлығын болмаса да көбірегін орнату келіп шығады. Және бұл осы жағдайда және осыған ұқсас жағдайларда міндетті болып табылады. Ізгі халифалардан кейінгі көп шайқастар осындай шағдайда ғана орын алды». Қз.: шейхуль-ислам Ибн Таймия “Мәжму’ әл-фатауа” 28/506-507.

7. Аллаһтың жолындағы жихад мұсылмандардың күштілігіне не әлсіздігіне байланысты жүргізілу керек.

Ақиқатында, қауымның жағдайы уақытқа және жерге байланысты әртүрлі болады, және Аллаһтың жолындағы жихад Исламда бірнеше сатыларға бөлінген түрде бұйырылды.

Меккелік кезеңде қолмен және қылышпен жихад жүргізу әмір етілмеді, өйткені мұсылмандар аз және әлсіз болды. Алайда жүрекпен және тілмен жихад бұйырылған еді. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Енді кәпірлерге бағынба! Олармен ол арқылы ұлы күрес жаса» (Фурқан, 52).

Бұл – меккелік аят, және: «Олармен ол  арқылы ұлы күрес жаса» , — деген сөздер туралы Ибн ‘Аббас: “Құран арқылы”, — деп айтты, бұл жөнінде одан әт-Табари өзінің «Тафсирінде» жеткізгендей.

Мәдинаға қоныс аударған  және ислам мемлекеті құрылған соң Аллаһ Тағаланың «Шынында шабуыл жасалып, зұлымдыққа ұшырағандарға соғысу үшін рұқсат берілді. Күдіксіз, Аллаһтың оларға жәрдем етуге күші толық жетеді» (Хадж, 39) деген сөздеріне сәйкес мұсылмандарға шайқасуға толық құқық берілді.

Одан кейін жихад мұсылмандарға парыз етілді де, өздеріне қарсы соғысатындармен шайқасуға және соғысудан қалыс қалғандармен соғысудан тартыну бұйырылды. Аллаһ Тағала бұл жөнінде былай деп айтты: «Өздеріңмен соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар да, шектен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді» (Бақара, 190).

Осыдан кейін Аллаһ Тағала жихадқа абсолюттік түрде бұйыратын және біреу-міреуден, ол Аллаһтың дініне кірмейінше, немесе жизья (салық) төлеуге мүмкіндігі болып оны төлемейінше,  тартынуды жоқ ететін аяттарды түсірді.  Мысалы, Аллаһ Тағаланың мына сөздері: «Олармен бұзақылық жойылып, дін (ғибадат) Аллаһқа тән болғанға дейін соғысыңдар» (Әнфәл, 39).

Және зерттеуші-ғалымдар «осы аяттардың ешқайсысының күші жойылмаған, алайда олардың әрбірі өзіне сәйкес жағдай туындағанда ғана күшке енеді» деген пікірді таңдады. Сондықтан мұсылмандар кез келген уақытта және кез келген жерде өздерінің күштілігіне не әлсіздігіне қарай оларды ұстануы қажет. Және егер олар әлсіз болса, онда жихадты өз жағдайына байланысты жүргізуі керек. Егер олар мұны істей алмаса, онда сөз арқылы дінге шақырумен шектелуі қажет. Мұсылмандар белгілі күшке ие болған кезде, олармен соғысуды бастағандарға қарсы соғысады, әрі олармен соғысудан бас тартқандарға қарсы соғысудан бас тартады. Ал олар күшейіп, билік және жеңіске ие болса, онда барлығымен, олар Исламды қабылдамайынша немесе жизья төлемейінше жихад жүргізеді. Қз.: шейх Ибн Баз 18/131, 133, 136-137 “Мәжму’ әл-фатауа”.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтты: «Ал егер мұсылмандар өздері әлсіз болған жерде өмір сүрсе, онда олар сабырлық пен кешірім бұйырылатын аяттарға сәйкес өмір сүреді, тіпті Кітап иелері және көпқұдайшылдар Аллаһқа және Оның Елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сөз тигізсе де». Қз.:  “әс-Саримуль-маслюль” 2/413.

‘Абдуррахман әс-Са’ди, Аллаһ оны рахым етсін, былай деді: “Олар және олардың шақыруына жауап беретіндер Аллаһ адамдарға олардың күші келетін нәрселерді ғана міндеттегенін және иман келтіргендер үшін Аллаһтың Елшісінде, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жақсы өнеге бар екендігін білсін. Оның, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, дінге шақыруында және жихадында екі жағдайы болды, әрі оған барлық жағдайда соларға сәйкес нәрселер бұйырылды. Мұсылмандар әлсіз болып, дұшпандар үстемдік еткен кезде оған қорғану, Аллаһтың дініне шақырумен шектелу және күш арқылы шайқасудан тыйылу бұйырылды, өйткені онда пайдаға қарағанда үлкен зиян бар еді.  Басқа жағдайда оған дұшпандардың жауыздығын күш қолданудың барлық тәсілдері арқылы тойтару, кіммен бітім жасасу пайдалы болса сонымен бітім жасасу және кіммен шайқасу пайдалы және тіпті міндетті болса, сонымен шайқасу бұйырылды. Сондықтан мұсылмандар бұл істе  өздерінің Пайғамбарына, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ілесуі керек және осы шынайы игілік және жетістік болып табылады”. Қз.: “әл-Мәжму’а әл-муәлифәт” 5/190.

8. Жихад бұрынғыдан да ауырлау зиянға емес, басым пайдаға жеткізуі керек.

Бұл – жихад оның барлық түрлерінде тек пайда келтіру үшін және Ислам мен мұсылмандардан: жеке тұлғадан болсын, қоғамнан болсын — зиянды тойтару үшін ғана бұйырылғандығы себепті. Және оның осы шариғат талаптарына сәйкес екендігі анық  немесе басым жорамалға сәйкес белгілі болып тұрғанға дейін ол бұйырылған болып қала береді. Егер де жихадты орындау анық немесе басым жорамалға сәйкес пайдаға қарағанда көбірек зиянға  ұшырататыны белгілі болса, онда ол бұйырылған болмайды, әрі орындалуы әмір етілген жихад та болмайды.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия: «Ең жақсы жихад және ізгі амал — Раббыға ең көп мойынсұнушылығы бар және Аллаһтың құлына пайдасы мол болған іс. Және ол оған зиян тигізсе және оған пайдалырақ болған нәрсеге кедергі болса, онда ол ізгі (салиқалы) амал болмайды», — деп айтқан.  Қз.:  “Мәжму’ әл-фатауа” 22/300.

Шейхуль-Ислам сондай-ақ былай деп айтты: “Ал, егер осылай болса, онда жақсылыққа бұйыру, жамандықтан тыю және оларды жихад арқылы кемелдікке жеткізу бізге бұйырылған ең үлкен ізгі амал болып табылады. Сондықтан да: «Сенің ізгілікке бұйыруыңның өзі де ізгі болуы керек, және сенің жамандықты тыюыңның өзі де жаман болмауы керек», — деп айтылады. Ал егер бұл — парыз және абзал болған ең үлкен амалдарға қатысты болса, онда парыз және абзал болған амалдарда міндетті түрде зияннан пайда басым болуы керек, өйткені осымен Елшілер жіберілді және Кітаптар түсірілді. Және Аллаһ бұзақылықты (зиянды) жақсы көрмейді. Керісінше, Аллаһ әмір еткен барлық нәрсе — арлылық (салиқалылық) болып табылады. Аллаһ (Құранның) көптеген жерлерінде салиқалылықты, иман келтірген және ізгі амалдар жасаушы салиқалы ізгілерді мақтап, бұзақылық жасаушыларға сөгіс айтады. Сондықтан бұйрық пен тыйымның зияны олардың пайдасынан көп болса, бұл істер Аллаһтың әмірлеріне жатпайды!” Қз.: “Мәжму’ әл-фатауа” 28/126, “әл-Истиқама” 2/209-211.

Шейхуль-Ислам сондай-ақ былай деді: “Сондықтан аһли Сунна уәл-жама’аның негізгі принциптеріне әл-жама’аға ілесу, әмірлермен соғысуды қалдыру және бүлік кезінде шайқасуды қалдыру жатады”. Қз.:  “Мәжму’ әл-фатауа” 28/128.

Қорытынды:

 Жалпы алғанда, бұл ережелердің негізі және олардың қорытындысы — барлық үлкен және кіші істерде Құран мен Сүннетке сәйкес пайымдау қажет екендігі. Және бұл ереже қамтитын нәрселердің ішіндегі ең маңыздысы — мына төрт нәрсе: сенімнің дұрыстығы, ниеттің ықыластылығы, тәуекелдің шынайылығы және ең көркем ілесу.

Өйткені дұрыс сенімді ұстанбайтын мужжахидтің сөзі мен ісі зияннан және ақиқаттан ауытқудан қорғалған болмайды, өйткені сенімнің дұрыстығы (ғана) сөздер мен істердің дұрыстығының негізі болады.

Сөздері мен істеріндегі ниеттің ықыластылығын ұстанбайтын мужжахидтің жихады Аллаһ Тағаланың дидары үшін де емес, Аллаһтың Сөзін үстем ету үшін де емес, өзі және өзінің қалаулары үшін орындалған болады.

Аллаһ Тағалаға шынайы тәуекел етуді ұстанбаған мужжахид Аллаһтың жолындағы жихадта табанды бола алмайды және оның қиындықтарын көтере алмайды. Керісінше, оның табандылығы әлсірейді, ал Аллаһ Тағаланың көмегіне деген үміті азая түседі.

Ал  Аллаһтың Елшісіне, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ең көркем түрде ілесуді сақтамаған мужжахидтің жихады дұрыс та, бидғаттар мен ақиқаттан ауытқушылықтан алыс та болмайды. Керісінше, оның жихады түзету мен тура жолға шақыруға емес,  өзін және өзгелерді күйзелтуге жақын болады.



[1] Шейх атап кеткен нәрселер өте маңызды болып табылады! Өйткені көптеген жас мұсылмандар қателесіп, жихадта бір ғана шарт бар, ол — ықылас деп есептейді. Бұл — дінді, соның ішінде жихад мәлелелерін қате түсіну болып табылады, әрі оны ғалымдар да, тіпті сахабалар да айқын түрде жоққа шығарған!

Хасан әл-Басри былай дейтін: «Бірде бір адам Ибн Мас’удтың қасында тұрған Абу Муса әл- Аш’ариге келіп, одан: “Сен Аллаһ Тағала үшін ашу-ыза танытып, қылышын алып шыққан және өлтірілгенше соғысқан адам туралы не айтасын? Ол қайда барып түседі?», — деп сұрағанда, Абу Муса: «Жәннатқа!», — деп жауап берді. Сонда Ибн Мас’уд былай деп айтты: «Шындығында, мына муфти (Абу Муса) сен сияқты! Ол адам Сүннетке сәйкес соғысты ма, әлде бидғатқа сәкес пе?!» Ал Хасан әл-Басри (кейін) былай деп айтты: “Міне, адамдар өз қылыштарын бидғатқа сәйкес көтерді!» Ибн Уадах «әл-Бида’» 1/80. Иснады сахих.

Сондай-ақ тура осыны Хузайфа Абу Мусадан: «Сен Аллаһтың дидарына ұмтылып, қылышың көтеріп шыққан адам туралы не айтасын, ол өлтірілсе, Жәннатқа кіреді ме?!» — деп сұрағаны да жеткізіледі. Абу Муса: “Иә!” – деп жауап берді. (Сонда) Хузайфа оған былай деді: «Жоқ! Тек егер ол Аллаһтың Дидарына ұмтылып, және Аллаһ бұйырғанға сәйкес амал еткен болса ғана! Мұндай жағдайда, егер ол өлтірілсе – Жәннатта!» Са’ид ибн Мәнсур 2546. Иснады сахих.

Абу ‘Убайда ибн Хузайфадан жеткен басқа риуаятта Хузайфаның: “Ақиқатында, ол ақиқатқа сәйкес амал етіп соғысқан болса және өлтірілсе, онда ол Жәннатта. Ал егер ол дұрыс ниетке және Аллаһтың әміріне сәйкес амал етпеген болса, онда ол Тозақта!», — деп айтқаны жеткізіледі. Содан соң Хузайфа былай деп жалғастырды: “Аллаһпен ант етемін, мұндай адам Тозаққа кіреді!” Бұған Абу Муса: “Сенікі дұрыс!”, – деді. ‘Абдур-Раззақ 5/267, Ибн Уадах 1/81. Иснады сахих.

[2] Имам ән-Найсабури: “Дәлелмен және бірқұдайшылдықтың жемістеріне шақырумен жүргізілетін жихад өзінің нәтижесімен шайқастан жақсы. Сондықтан Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Алиге, Аллаһ оған разы болсын, былай деп айтты: «Ақиқатында, егер Аллаһ сен арқылы бір адамды тура жолға салса, бұл сен үшін олардың үстінен күн көтерілетін барлық нәрседен жақсы!» Және қылышпен (жасалатын) жихад одан бұрын дәлелмен (жасалатын) жихад болмағанға дейін көркем болмайды. Өйткені адам – ардақты жаратылыс, сол үшін оны кесірлі сипаттарынан оның өзін сақтай отырып тазарту мүмкін болса, ол оның мәнін жоюдан абзалырақ.

Өлексенің кейбір нәрселерге жарамды бола алатын терісін шариғат сақтауға қалайша бұйыратынын көрмейсің бе, бұл жөнінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Оның (өлексенің) терісін, пайдалану үшін илеу арқылы тазартып алмайсыздар ма?!», — дегеніндей.  “Тафсир ән-Найсабури” 4/209.

Хафиз әд-Думьяты былай деп айтты: “Жихад – бұл құрал, бірақ мақсат емес. Ал шайқасудың мақсаты – тура жолға нұсқау және шахидтік өлім болып табылады. Ал кәпірлерді өлтіруге келер болсақ, бұл өздігінен мақсат болып табылмайды. Ал сондықтан егер тура жолға дәлел арқылы, жихадсыз нұсқау мүмкіндігі болса, онда бұл жихадқа қарағанда дұрысырақ және абзалырақ!”  “И’анәту-тталибин” 4/181.

[3] Абу Хурайраның сөздері, бұл жөнінде  әл-Бухари өз «Сахихының» Құранды тәпсірлеу Кітабында келтірілгендей, осы аяттың түсіндірмесі болып табылады. Имам Ибн әл-Жаузи былай деп айтты: “Яғни олар тұтқынға алынып, байланады, ал қашан Исламның ақиқаттығын түсінсе, оған ерікті түрде кіреді, және кейін Жәннатқа кіреді». Қз.: “Фатх әл-Бари”.

[4] Имам Ибн әс-Саләх былай деп айтты: “Негіз – жер бетінде кәпірлердің бар болуының рұқсат етілетіндігінде, өйткені Аллаһ Тағала жаратылыстардың өлтірілуін қаламайды және оларды өлтірілуі үшін жаратпады! Ақиқатында, Аллаһ олардан келетін зиянның себебімен оларды өлтіруді рұқсат етті, бірақ бұл (кәпірлерді өлтіру) — олардың күпірлігі үшін жаза болғандықтан емес!  Өйткені бұл дүние – жазалау мекені емес, өйткені амалдар үшін жаза Қиямет Күні болады. Ал егер кәпірлер мұсылмандардың билігінде болса және біздің заңдарымызды орындаса, біз олардан тіршілігімізді тәртіпке келтіруде пайда аламыз. Әрі бізде оларды өлтіру үшін себеп қалмайды, ал олардың жазасы Аллаһқа тән. Өйткені кәпірлер мұсылман елдерінде тұрып-жүргенде, мүмкін олар Аллаһ оларды табиғатында (фитрада) жаратқанын көреді. Ал іс осы тұрғыда болса, онда: «Негіз – кәпірлерді өлтіру керектігінде», – деп айтуға тыйым салынады!»  Қз.: “Фатауа Ибн әс-Саләх” 224.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деді: “Ақиқатында, кәпірлермен тек бір себеппен ғана шайқасады, ал ол – соғыс! Және бұл – ислам ғалымдарының басым бөлігінің пікірі, сондай-ақ бұған Құран мен Сүннет те нұсқайды!»  Қз.: “ән-Нубууәт” 140.

[5] Яғни әмір дұшпанның зиянынан қорғайды және бір адамдарды басқа адамдардың зиянынан қорғайды, сондай-ақ Исламның қол-сұғылмаушылығын қорғайды. Адамдар әмірден және оның қуатынан қорқады және оның қорғауының астында әмірге қарсы қару алып шыққандарға (мысалы, хауариждерге және бүлікшілерге), сондай-ақ бұзақылық пен зорлаудың өзге де жақтаушыларына қарсы күреседі. Қз.: имам ән-Науауи “Шарх «Сахих» Муслим”.

[6] Сөз Мекке алынғаннан кейін хижра жойылғандығы туралы болып жатқан жоқ! Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтты: «Тәубе қабыл етіліп тұрғанша, әрі күн батыстан шығып тәубенің қабыл болуы тоқтамайынша хижра үзілмейді!» Ахмад, Абу Дауд. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 7469.

Сол себептен бұл хадисте сөз жалпы хижра туралы емес, тек Меккеден хижра жасау туралы айтылып тұр.

[7] Жоғарыда шейх келтірген имам Ахмадтың сөздері әмір сияқты жихадтың шарты тек қана  дұшпанның кенеттен шабуылдауы т.б. сол сияқты қажеттілік болған жағдайда ғана түсетінін, және кейбір адамдар қорғану жихады (әд-даф’) кезінде әмір деген шарт толығымен түсіп қалады және әркім өз қалауы бойынша амал етуіне болады деп ойлап жүргендей емес дегенге нұсқайды. Қорғану шайқасуы болған Хандак шайқасында сахабалар әркім өз қалауынша амал етпегендігі, олар  өздерінің әмірі болған Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бұйрықтарын басшылыққа алғандығы көпке белгілі болып табылады!

You may also like...