Неге олай істейді?… және жамағатымыздың жерлестерге жолдауы

Аллаһтың атымен…

Жиі жасайтын әдетіме салып, біздің танымал аймақтық газетіміз «П…….» сайтына кірдім. (Нәтижесінде) тағы да өзіме сол баяғы бір сұрақты қоямын:  Не үшін бұл газет іс жүзінде лаңкестік туралы мақала жариялаған сайын, оның бетіне орамал таққан мұсылмандардың суреттерін қояды?! Бәлкім, оның орнына автомат ұстаған маскадағы адамның, немесе жарылыстың суретін, немесе лаңкестік актінің салдарын көрсететін суретті қойған әдептілеу және дұрысырақ болар ма еді?!

Бұл не: Ислам мен лаңкестікті біртұтас етіп көрсетуге деген ұмтылыс па? Не үшін христианның, буддистің, яһудидің немесе атеистің суреті емес, дәл мұсылманның суреті қойылады? Әлде бұл газет лаңкестіктің діні немесе ұлты бар деп айтқысы, нақты айтқанда, бұл ұғымды нақты Исламмен  байланыстырып, сол арқылы қалың бұқараның санасын өзі қалаған жағына бұрып отырғысы келеді ме?!

Лаңкестік оның барлық түрлері мен көріністерінде, өз көлемі, адамгершілікке қайшылығы және қаталдығы бойынша осы күні біздің аймағымыздың да, аймағымыздың ғана емес, тұтас бүкіл еліміздің де ең ұшқыр және көкейтесті мәселелеріне айналды.

Біреулер үшін лаңкестік (террор) саяси және жеке мүдделерді шешудің әдісі, ал біреулер үшін ол – ұлы апат, адамдардың жаппай құрбан болуы, адамгершілік құндылықтардың қирауы, өзара өшпенділік пен сенбеушілікті туғызу.

Әрі осы орайда оның діні және ұлты туралы тікелей де жанама түрде де (сырт бейнесі дәл Исламның өкілінің келбетін еске салатын суреттерді жариялап) мүлде сөз қозғалмауы керек. Өйткені бұл құбылыстың тарихын ескерген түрде: ал бұл XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басындағы Франциядағы революциялық-демократиялық кездегі оқиғалар; немесе XIX ғасырдың соңындағы Ирландиядағы, Македониядағы, Сербиядағы радикалды-ұлтшылдық сипаттағы оқиғалар, «Народная воля», «Социалисты-революционеры»,  «Қызыл бригадалар», «Жапон Қызыл Армиясы» тәрізді партиялардың және лаңкестікті (террорды) идеялық саяси күрестің құралы ретінде пайдаланған солшыл экстремистік ұйымдардың пайда болуы – осының барлығы «ЛАҢКЕСТІК (ТЕРРОР)» деген құбылыс дінге немесе ұлтқа қатыстылығымен анықталмайтындығын тағы да бір рет растай түседі. Бұл – қылмыстың барша адамдар үшін ортақ қиратушы элементтерінің бірі.

Әрине, олар: «Бүгінгі күні аймақта қалыптасқан жағдайды ескерсек, лаңкестік актілер өздерін Исламға телитін адамдар тарыпынан жасалып жатыр, бұдан қалса (бұл актілер) Ислам туын жамылған түрде жасалуда», — деп айтуы мүмкін.

Келісеміз: бүгінгі күні біздің аймағымызда лаңкестіктің көрініс табуы  — бұл қылмыстық топқа белгілі идея арқылы біріккен, әрі сол идеяларын Ислам тұрғысынан заңды және қажетті деп есептейтін адамдардың амалдары. Бірақ бұл олардың ғана пікірі ғой.

ЛАҢКЕСТІК (ТЕРРОРИЗМ) ұғымы діни термин ретінде Исламда болмаған, алайда осы сөздің мағынасын өзіне қамтыған өзге ұғымдар болған:

«Ғулюу» – артық кетушілік, шектен шығушылық;

«Мухариб» – тонаумен, қарақшылықпен, адам өлтірумен айналысатын адам;

«Иғтияль» – күтпеген жерден, қиянатшылдықпен, опасыздықпен өлтіру;

«Харижи» – күштегі биліктің оппозициясы, оның сипаттары шариғат орнатқан ережелерге ілеспестен күпірлікте айыптау, немесе өзімен келіспейтін әрбір адамның өмірі мен мал-мүлкін (қол сұғуға) халал деп есептеу болуы мүмкін.

Және мағыналарын қосқанда біз лаңкестік деп атайтын нәрсені көрсететін басқа да терминдер бар. Бірақ Ислам бұл ұғымдардың ешқайсысын ақтамайды ғой, керісінше, мұның барлығы өте қорқынышты жазаның қауіпінде. Мысалы, адамдарға үрей салып, тонаушылықпен, қарақшылықпен және адам өлтірумен айналысатын адамның аятта келтірілген жазасын  алайықшы: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасауға ұмтылып жүргендердің жазасы — өлтірілулері, не аяқ-қолдарын керіп шегеленулері, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл — олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» («әл-Мәида» сүресі, 33-аят).

Енді қандай да бір мемлекетте немесе заңда осы қылмысқа деген Ислам ұстанымынан қаталырақ ұстанымды табуға талпыныс жасап көріңізші, менің ойымша, таба алмайсыз, өйткені тек Исламда ғана лаңкестікке қатысы бар кез келген қылмысқа: ол дінде артық кету және нысапсыздық болсын, мұсылман билеушісіне қарумен, не қарусыз көтерілу (қарсы шығу) болсын, қиянатшылдық немесе сатқындық болсын, адам өлтіру немесе тонаушылық болсын, жазықсыз ер-әйелдердің, балалардың өлімі болсын — ең қатал ұстаным орнатылған.

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды ескеріп, лаңкестік туралы жарияланған әрбір мақаланың бетіне сырт келбеті діни нормаларға сәйкес келетін кез келген өтіп бара жатқан адамның суретін қоюдан бұрын, алдымен Ислам туралы түсінікке ие болу керек шығар?!

Әйтпесе, Аллаһ сақтасын, қоғамымызда өшпенділік пен сенімсіздікті қоздырушы болу және сол арқылы елдегі жағдайды ушықтыру да алыс емес.

Әрі жалпы айтқанда, не себепті орын алғанға қатысты біздің, яғни дін ұстанатындардың  пікірі сұралмайды да, газеттерде түрлі жастар қозғалыстарының немесе белсенділерінің пікірі жарияланады?! Ал біз басқаларға қарағанда қалыптасқан жағдайды толығырақ түсінетін және өзара түсінушілік пен тыныштықтықты сақтау үшін мәлімдеме жасауға, оны естіртуге  құқықты шығармыз. Біз қандай да бір шарттар мен ультиматумдарды міндет етіп қоймаймыз ғой, біз тек қана адамдарды дұрыстыққа және әділдікке шақырғымыз келеді.  Ал осыдан кейін де бізге «Не себепті сіздер  орын алып жатқан жағдайды шынайы бағалауға және тыныштықтың, бірліктің және ынтымақтастықтың сақталуы үшін мәлімдеме жасауға көбірек құқықты болғандарға мәлімдеме жасату біреулерге тиімсіз деп ойлайсыздар?» дегендей сұрақтар қойылады.

Әрине, үлгі болып қалған «СІЗДЕР …КІМСІЗДЕР? РЕСМИ ЕМЕССІЗДЕР… СІЗДЕР ФОРМАТ ЕМЕССІЗДЕР…» деген т.с.с. сылтаулар едәуір сендіретіндей әрі қандай да бір мәлімдемені жариялау үшін дұрыс та болуы мүмкін, бірақ мұны басқаша да істеуге болады ғой.

Газеттер сауалнамалар ұйымдастыратын, қарапайым азаматтардың пікіріне қызығушылық танытатын және оларды жариялайтын жағдайлар болады ғой. Не үшін бізді де қарапайым азаматтар ретінде сұрамасқа?! Пікіріміз бен ұстанымымызды жарияламасқа?! Өйткені әйтеуір бір Кристина немесе Верониканың пікірі жарияланады ғой…

Жалпы алғанда, мен мұны не үшін айтып отырмын:

Ескі базар ауданындағы жарылыстан соң мен газеттің редакциясына жамағатымыздың атынан жолдау жіберген болатынмын (мені осы жолдаудың мазмұнында бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз қолдайтынына күмәнданбай), бірақ олар оны жарияламады.

Шын мәніне келгенде мен бұған сенім де артпағанмын (мен соншалықты аңқау емеспін ғой), бірақ бәрібір жүрегімнің түбінде редакциядағы бір адам болса да оны оқитынына, әрі болашақта оқиғаларды ашып көрсетуде және пікір білдіруде әділірек болатынына үмітім болған, әрі қазір де үмітім бар.

Мынау, редакцияға жіберілген хаттың мазмұны:

«Сәлеметсіздер ме, құрметті редакция. Аймағымыздың көптеген дін ұстанушы мұсылмандардың атынан (өз пікірін білдіретін немесе білдіріп қойған болуы мүмкін ресми ҚМДБ атынан емес) сіздердің сайтыңыз (газетіңіз) арқылы аймағымызда және жалпы елімізде орын алып жатқан жағдаяттарға қатысты біздің ұстанымды білдірсек деп едік. Сіздердің түсіністік танытуыңызға және осы жолдауды жариялауыңызға үміт етеміз.

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен

Қазақстанда соңғы уақытта орын алып жатқан оқиғалар, қоғамды дүрліткені соншалықты – олар ешкімге байқаусыз қалмады. Саясаткерден бастап қатардағы азаматқа дейін, көп адамдар өз пікірлерін білдірді. Біреулер орын алған оқиғаларды дінмен байланыстырмай, өз сөздерінде барабар талдау мен төзімділік қағидаларына ілесті. Ал басқалары орын алған жайттарды Исламмен байланыстырып, дінді озбырлық пен зорлықтың қайнар көзі деп санады.  Әрі егер осы нәрселер шындығында да өздерін Исламға телитін адамдардың амалдары болса, онда дінді тәжірибеде ұстанып жүрген мұсылманның осыған қатысты ұстанымы қандай екен?  Біздің және біз сияқты мыңдаған мүмін адамдардың Құдайдың рақымынан үміт етіп, бірқұдайшылықты ұстанатын, намаздарын орындайтын, діни нормаларға сәйкес келетін келбетке ие, діннің басқа да көптеген бұйрықтарын орындайтын адамдар ретінде  осы іс-әрекеттерге және осындайды Аллаһтың жолындағы Ұлы құрбандық деп істейтін адамдарға деген қатынасымыз қандай болуға тиісті?

Бұл, сонымен не: Ұлы құрбандық па, әлде қылмыс па?!

Мұсылман адам әділетсіздік жасамай, жәбірлемей және қанамай ақиқаттың үстем болуы үшін ынта танытады және жанын сарп етеді. Әрбір мүмін ілесуге тиісті ақиқат, міне, осы. Бұл туралы Құранда былай деп айтылғандай:  «Негізінде, Аллаһ әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан әрі зорекерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине, түсінерсіңдер» («ән-Нәхл» сүресі, 90-аят);

«Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Аллаһтан қорқыңдар. Күдіксіз, Аллаһ не істегендеріңнен толық хабардар» («әл-Мәида» сүресі, 8-аят).

Ал жазықсыз адам жәбір шегетін, соның салдарынан жамандық және қоғамның басқа мүміндерге қатысты әділетсіздігі күшейетін іс-әрекетті жақсылық, әділеттілік және Ұлы құрбандық деп айтуға бола ма?!  Жоқ, бұл – Ұлы қылмыс!

Мұсылман адам іс-әрекеттің дұрыстығының өлшемі жеке пікір емес, ол ұстанатын діннің бұлжымас қағидалары екенін біледі.

«Ол сондай Аллаһ – ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы екенін сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан» («Мүлк» сүресі, 2-аят).

Ең жақсы амалдар — бұл ықыласты әрі дұрыс, яғни Құран мен Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді  жолмен жеткен өсиеттерде заңдастырылған амалдарға сәйкес келетін амалдар. Бірақ әрбір мұсылман басшылыққа алуға тиіс болған Қасиетті мәтіндердің қай жерінде осындай іс-әрекеттердің заңдылығына нұсқау бар?! Өйткені дінге өтіріктен телінген кез келген амал қайтарылады, әрі дінде жоқ нәрсені оған енгізетіннің кез келгені күнәның қауіпті шыңырауында.  Міне,  осы – ұлы адасушылықтың дәл өзі, әрі ешқандай да Ұлы құрбандық емес.

Мұсылман адам өзіне білдірілген сенімге опасыздық жасамайды, әрі қиянатшыл болмайды. Пайғамбарлық өсиетте: «Әрбір қиянатшыл үшін Қиямет күні (абыройсыздық) туы тігіледі. Әрі оның опасыздығы қаншалықты үлкен болса – туы да соншалықты биікке көтеріледі», — деп айтылады.  Бухари мен Муслим. Ал ең абыройсыз жағдайға лайықты болған бұл іс-әрекетте қаншама опасыздық және қиянатшылдық бар десеңізші!

Мұсылман адам өзін-өзі өлтірмейді, өйткені өмір мен өлім Раббымыздың билігінде, әрі ешкім Оның сыйлаған өмірін үзуге құқықты емес.

«Өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер, ақиқатында, Аллаһ сендерге Рахымды» («ән-Ниса» сүресі, 29-аят).

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) нақыл сөздерінде былай деп айтылған: «Кім қандай да бір нәрсемен өзін-өзі өлтірсе, Қиямет Күні сол нәрсемен азапталады». Әл-Бухари, Муслим.

«Кім әдейі өзін таудан тастап опат етсе, мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отына) үздіксіз төмен қарай құлай береді; кім әдейі у ішіп өзін опат етсе, мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) сол уды қолында ұстап, үздіксіз ішумен болады; кім өзін темірмен өлтірсе, мәңгілікке (тасталатын) Тозақтың (отында) сол темірмен өзінің қарнын үздіксіз өз қолымен  ұра береді», — деп айтатын. Әл-Бухари, Муслим.

«Кім өзін-өзі тұншықтырса, өзін-өзі тұншықтыруын Отта жалғастырады, ал кім өзін-өзі сойып өлтірсе, мұны Отта да істейді». Әл-Бухари.

”Көп жарақаттары бар бір адам өзін-өзі өлтірді және сонда Аллаһ Тағала былай деді: «Менің құлым өз еркімен менен озды, сол үшін мен оған Жәннатты харам еттім»”. Әл-Бухари.

Құран мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) нақыл сөздерінде келген бұл айқын мәтіндер кез келген себеппен өзін-өзі өлтіруге өте қатаң тыйым салынғандығына нұсқайды. Ендеше, осындай қорқытушы мәтіндерден соң қалайша Құдайдан қорқатын мұсылман адам өзін-өзі өлтіруге, әсіресе, мұны Ұлы құрбандық деп санаған түрде бара алады?!

Мұсылман адам басқаның өміріне қақысыз қастандық жасамайды, өйткені Аллаһ Тағала Құранда: «Аллаһ өлтіруге тыйым салған жанды өлтірмеңдер, тек егер осыған қақыларың болмаса ғана», — деп бұйырды («әл-Ән’ам» сүресі, 151-аят).

Ендеше, біреудің тек өз тұжырымдарына сүйеніп, басқаны өлтіруге қандай қақысы бар?! Бұл ұлы жауыздық пен бұзақылық!

Мұсылман адам Оған Аллаһ сыйлаған қауіпсіздік пен тыныштық секілді ұлы нығметтерді көз қарашығындай сақтайды, әрі жер бетінде бұзақылық пен зұлымдық таратуға батылданбайды. Аллаһ Тағала бұзақылар туралы: «Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады. Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді», — деп айтты («әл-Бақара» сүресі, 205-аят);

«Жер жүзі түзетілгеннен кейін онда бұзақылық таратпаңдар» («әл-Әғраф» сүресі, 56-аят).

Ал мұндай іс-әрекет – ең бірінші кезекте дінге және мұсылмандарға қарсы бағытталған, мүміндерді тыныштық пен қауіпсіздіктерінен айыратын бұзақылықтың дәл өзі.

Нәтижесінде, орын алып жатқан нәрселер мүлде Ұлы құрбандық емес, бұл Аллаһтың, жалпы алғанда қоғамның, ал жеке алғанда өз тұлғасының алдындағы Ұлы қылмысқа көбірек ұқсайды. Әрі мұндайды жасаушы адамдар – қылмыскерлер мен бұзақылар. Олар өздерінің бірінші дұшпандары ҰҚК, ІІД және басқа да құзырлы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері емес екендігін ұғынулары қажет.

Олардың ең бірінші дұшпандары біз, яғни өз дінінің абыройын және Исламның мұндай акцияларға қатыссыз екенін қорғайтын Қазақстанның көпшілік мұсылмандары.  Әрі бұл көпшілік  өздері өмір сүретін елде әділеттіліктің, тыныштықтың және қауіпсіздіктің сақталуын қалайтын басқа мүміндер бұзақылардың, надан ақымақтардың және қылмыскерлердің іс-әрекеттерінен жәбір шегуіне жол бермейді.

Әрі сөзіміздің соңында біз Аллаһқа мақтау-мадақ айтамыз. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және оған ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!»

Хат пен жолдау, міне, осындай болатын, әрі мен де, біздің барлығымыз да біздің Қазақстандық қоғамның ажырамас құрамдас бөлігі ретінде, оған құқықты шығармыз.

Дегенмен, сені қоғамның құрамдас бөлігі ретінде қабылдағысы келмейді, ең жақсы жағдайда сені барынша осы қоғамда, мейлі бұл мектеп, институт немесе жұмыс болсын,  екінші сұрыпты еткісі келеді деген күдікке де үйреніп кетеді екенсің (мүмкін бұл туралы анық айтылмаса да, бұл соқырға да көрініп тұр).

Ал осыдан кейін тағы «Азаматтық сана не үшін жоғалады?» деген сұрақтар қойылып жатады…

Міне, осылайша ол ешкімге мүлде ешқандай қауіпі болмаған, тек ішкі дүниесінің ерекшелігі үшін ғана екінші сұрыпты етілгеннің әрбірінде жоғалады…

http://blogs.mail.ru/mail/alaikumbilathar/

You may also like...