«Тыңшы (шпион) мұсылман» ұғымы туралы

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Назарларыңызға www.salaf-forum.ru сайты дайындаған «Мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсету» мақаласының сонғы бөлімін ұсынамыз.

«Тыңшы (шпион) мұсылман» ұғымы туралы

Автор Расул Дагестани былай деп жазады: «Осы себептен мәлики мазһабының кейбір ғалымдары тыңшыға тәубе жоқ және ол құдайсыз (зындық) сияқты өлтіріледі деген».

Автордың бұл сөздерінен тыңшылық, нақтырақ айтқанда кәпірлерге мұсылмандардың құпияларын ашып беру – бұл мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсету, және сондықтан да ол, автордың пікіріне сәйкес, үлкен күпірлік болып табылады.

Осы сөздерге де ерекше назар қою қажет.

Сөзге орай айтып кететін жайт: осыған ұқсас нәрсені, яғни тыңшыны оның күпірлігі себепті өлім жазасымен жазалайды дегенді пәлен Абу Басыр әт-Туртуси де өзінің «Хукм әл-жәсус» атты мақаласында мәлімдейді.

Біріншіден, имамдардың арасында тыңшы мұсылманды өлім жазасымен жазалау туралы пікірде белгілі келіспеушілік бар екендігінен бастаймыз, осы себептен де олар осы «тыңшы мұсылман» деген терминді қолданған.

Мысалы, ханафи мазһабында кәпірлерге мұсылмандардың құпияларын хабарлайтын тыңшы-мұсылманды жазалау, ұзақ мерзімге түрмеге отырғызу қажет т.с.с., бірақ оны өлтірмеу керек деп айтатыны белгілі. Қз.: Абу Юсуф,  “әл-Харадж” 205.

Мәликилер тыңшы мұсылманды, мұсылмандарға тигізген зияны және жер бетінде бұзақылық таратқаны үшін, өлім жазасымен жазалау қажет деп есептейді. Бірақ бұл – олардың мазһабындағы бірмағыналы пікір емес, өйткені кейбір мәликилер тыңшы мұсылман өлтіріледі деп, ал кейбіреулері егер ол өзінің әрекетінің күнә екендігі туралы хабардар етілген болса ғана өлтіріледі деп айтқан. Қз.: “Табсыратуль-ахкам” 2/177.

Шәфи’илер тыңшы мұсылманды өлтіруге болмайды, өйткені мұны рұқсат ететін дәлел жоқ деп есептеген және бұл, біз жоғарыда айтып кеткеніміздей, имам әш-Шәфи’идің пікірі болған.

Ханбалилер біртұтас пікірге келмеген, өйткені имам Ахмадтың бұл мәселеде екі пікірі болған, алайда олардағы ең таралған пікір тыңшы мұсылман өлтірілмейді деген пікір болып табылады. Қз.: “Минһаджу-Сунна” 6/174.

Осы жерде мынандай сұрақ туындайды: ”Егер Расул: «Мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көрсетілген кез келген көмек үлкен күпірлік болып табылады», — деп мәлімдеген болса, қалайша ғалымдардың арасында тыңшы мұсылманды өлім жазасымен жазалауға қатысты келіспеушілік болады?! Әлде біреу бұл имамдар тыңшы мұсылманды өлім жазасымен жазалауға рұқсат етілмейді деп есептеп, сонымен қоса оның діннен шыққандығы туралы мәлімдеген деп айта алады ма?”

Қызық, иә, бауырлар, қалайша мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көрсетілген кез келген көмек кез келген ниетпен жасалса да – үлкен күпірлік болып табылады деген бірауызды келісім бола тұра, ғалымдардың көпшілігі тыңшы мұсылманды өлтіруге рұқсат етілмейтіндігі туралы айтады да, сонымен бірге оның Исламын сақтайды?

Екіншіден, тіпті тыңшы мұсылманды өлтіру қажет деп санаған имамдардың өздері де діннен шығуды өлім жазасының себебі етпей, «жер бетінде бұзақылық тарату», «мұсылмандарға зиян тигізу» сияқты себептерді атаған болатын, ал бұл — тыңшы мұсылманды өлім жазасына кесу керек деп айтатын ханбалилер мен мәликилердің пікірі! Қз.: “Табсыратуль-ахкам” 2/177, “Шарх Мунтаха әл-ирадат” 2/138.

Ал бауырымыз Дагестанидің «Осы себептен мәлики мазһабының кейбір ғалымдары тыңшыға тәубе жоқ және ол құдайсыз (зындық) сияқты өлтіріледі деп айтқан», — деген сөздеріне келер болсақ, онда, мүмкін, ол мәлики мазһабының имамы Ибн әл-Қасимнің мына сөздерін меңзеп тұрған шығар: «Тыңшы өлтіріледі және одан тәубе қабылданбайды, зындық сияқты мұсылман».

Бұл сөздерді бауырымыз Расул түсінгендей осылайша түсіну — бір мағыналы емес. Мысалы, мәлики мазһабындағы шейх әд-Дардирдің «әш-Шарх әл-кәбир» кітабында тура осы сөздер түсіндіріледі және онда «Тыңшы өлтіріледі, зындық сияқты мұсылман», — деген сөздерге қатысты: «Яғни оны өлтіру керек және оның өкінуі қабылданбайды», — деп айтылған.

Мәлики мазһабындағы өлім жазасының себебін өзі мәлики болған имам әл-Қуртуби былай деп түсіндірген: «Егер біз: «Тыңшы осы себепті кәпір болмайды», — десек, онда оны жаза ретінде өлтіруге болады ма, әлде жоқ па? Бұған қатысты ғалымдар келіспеушілікте болған. Мәлик, Ибн әл-Қасим және Ашхаб бұл мұсылмандардың әмірінің шешіміне байланысты деген. ‘Абдуль-Мәлик егер осы (тыңшылық) — адамның  болмысы болса, онда оны өлтіру керек, өйткені ол – тыңшы деген. Ал Мәлик тыңшыны өлім жазасымен жазалау қажет деген және бұл – дұрыс пікір, өйткені оның әрекетінде мұсылмандар үшін зиян бар және осыда жер бетінде бұзақылық тарату да бар.  Ибн әл-Мажишунның (‘Абдуль-Мәликтің) мұны үнемі жасайтынды өлім жазасына кесу керек деген пікіріне келер болсақ, оның себебі Хатыб мұны бір-ақ рет жасағандығында”. Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 20/399.

Сөйтіп, мұсылманды өлім жазасымен жазалау оның күпірлігіне нұсқамайтыны анық болды! Өйткені біреу: «Зинақорды діннен шыққан адамды өлтірген адам сияқты өлтіру керек!, — немесе, — Мұсылманды қақысыз өлтіргенді діннен шыққан адамды өлтіретіндей өлтіру керек!», — десе, бұл «зинақорлық және қақысыз адам өлтіру  мұсылманды Исламнан шығарады» дегенді білдірмейді.

Жазасы өлім болған кез келген күнә осы әрекеттің үлкен күпірлік болып табылатындығына нұсқамайды!

Егер бауырымыз Расул: «Мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсеткеннің  кез келгені кәпір болады, тіпті ол мұны рұқсат етілген деп санамаса да», — деп айтып жатқаны дұрыс және ақиқат болғанда, онда «тыңшы мұсылман» деген термин қате болар еді, мысалы, «муртад мұсылман» дегендей.

Имам әш-Ширази былай деген: “Егер мұсылмандардан біреу кәпірлер үшін тыңшылық жасаса, оны өлтірмейді, бұған ‘Алидің хадисі (яғни Хатыб туралы хадис) нұсқайтынындай”. Қз.: “әл-Мухаззаб” 2242.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Егер тыңшы мұсылман мұсылмандардың дұшпандары үшін тыңшылық жасаған болса, Ахмад ондайды өлім жазасымен жазалаудан қалыс қалар еді. Мұны Мәлик және Ибн ‘Ақиль сияқты имамдар рұқсат ететін, ал Абу Ханифа, әш-Шәфи’и, сол сияқты Қады Абу Я’лә сияқты кейбір ханбалилер тыйым салатын”. Қз.: “Мажму’уль-фатауа” 28/345.

Бұлар  діндегі соншалықты белгілі болған мәселелер болып табылғандықтан, кейде біреудің бұл мәселеде тіпті ойда жоқ болған ижмаъ тауып алғанына таң қаласың! Бауырымыз ешқашан бұл терминді кітаптарда кездестірмеген бе, сонда? Мұның үстіне оның өзі өз мақаласында шейх Суләйманның кәпірлерге көмек көрсету тіпті пікірде де немесе оларды мал-мүлікпен қолдауда да көрініс табуы мүмкін деген сөздерін келтірді емес пе?

Егер де біреу «тыңшы мұсылман» дегенді  — осыған дейін мұсылман болып, кейін тыңшылық жасағанды тұспалдайтын фиқх терминологиясы ғана деп айтса, мұндай оғаш мәлімдемеге берер жауап былай болмақ:

Хатыбтың әрекеті тура тыңшылық болды және оның кәпір болмағандығы белгілі, және осы себепті, мысалы, имам Абу Дауд Хатыбтың хадисін келтірген тарауды «Мұсылман болып табылатын тыңшының жағдайы (үкімі) туралы тарау» деп атады. Қз.: “Сунан Аби Дауд” 3/102.

Ал имам әл-Байхақи осы хадисті келтірген тарауды «Кәпірлерге мұсылмандардың құпиялары туралы хабарлайтын мұсылман жайлы» деп атаған. Қз.: “әс-Сунан әл-кубра” 9/146.

Қалай дейсіз?! Сонда бұл имамдар да мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсетушіні «мұсылман» деп атап, ижмаға қарсы шықты ма?!

Бұл да кәпірлерге көрсетілген кез келген  көмек үлкен күпірлік болып табылады деген пікірді айқын теріске шығару болып табылады!

Кәпірлерге дүние пайдасы, қателік немесе мәжбүрлеу себебімен көмектесу  үлкен күпірлік болып табылмайтынына айқын және бірмағыналы дәлелдер

Бұған бір негізгі дәлелді біз, Аллаһтың игілігімен, қарастырып болдық, ал ол – бауырымыз Расул Дагестани, ертедегі ешбір имам осылай деп айтпаған болса да, өзінің мақаласында күмәнді (муташабих) дәйектеулердің қатарына жатқызған Хатыбтың оқиғасы!

Бұл оқиғадан біз кәпірлерге олардың күпірлігі үшін емес көмек көрсету — үлкен күпірлік болып табылмайтынын түсіндік, бұл «қате тауиль», «дүние пайдасына ұмтылу» деп т.б. аталса да.

Сондай-ақ біз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек жалғыз әрекеттің негізінде ғана үкім шығармай, мұның шынайы себебін сұрастыра бастағанын түсіндік. Ал мен жоғарыда сөздерін келтірген имам Шәфи’и айтқандай: «Бұл ақтау тек Хатыбқа ғана қатысты деп ешкім айта алмайды!»

Сондай-ақ біз осы оқиғаға сүйенген және кәпірлерге күпірлік үшін емес көмектесу адамды Исламнан шығармайды деген көптеген имамдардың сөздерін де көрдік.

Сондай-ақ мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсету өздігінше үлкен күпірлік болып табылмайтындығына Абу Любаба ибн әл-Мунзир атты сахабамен орын алған оқиға да дәлел болады. Хандак (Ор) шайқасында Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сатқындық жасаған Бану Қурайза тайпасының яхудилері туралы  Айшадан жеткен хадисте шайқастан кейін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) яхудилермен келіссөздер жүргізу үшін Абу Любаба атты сахабаны жібергені баяндалады.  Міне, Айша былай деп баяндаған: «Олар Абу Любабаны көргенде, ерлері оған жақындап келді, ал әйелдері мен балалары жылай бастады және ол оларды аяп кетті. Олар одан: «Уа, Абу Любаба, Мухаммадтың рақымшылдығына өзімізді тапсырайық па?», — деп сұрады, ал ол: «Иә»,  — деп, оларды өлім күтіп тұрғанын білдіргісі келіп, қолымен өзінің кеңірдегіне көрсетті. Бірақ ол осынысымен Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сатқындық жасап жатқанын түсінді де, бірден ол жерден кетіп қалды». Ахмад 2/71, әт-Табари 11/121, әл-Байхақи 4/18.

Бұл – сенімділігін хафиз Ибн Хажар, хафиз әл-Хайсами және шейх әл-Әлбани растаған өте танымал және ұзақ уақиға, оның негізі сондай-ақ әл-Бухариде де келеді. Қз.: “Фатхуль-Бари” 11/43, “Мажма’у-ззауаид” 6/128.

Ал Абу Любабаның осы әрекеттеріне қатысты Аллаһтың мына аяттары түсірілген еді: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһ пен Елшісіне сатқындық жасамаңдар!» (әл-Әнфал 8: 27).

Бұл аят Абу Любабаға байланысты түсірілгендігі туралы Қатада, әз-Зухри, әл-Кәлби, ‘Икримә, әс-Судди т.б. имамдар айтқан. Қз.: “Тафсир әт-Табари” 11/122, “Тафсир Ибн Аби Хатим” 5/1687, “Тафсир әл-Қуртуби” 9/490, “Тафсир әд-Дурруль-мәнсур” 7/90-92.

Бірақ сондай-ақ бұл аяттың түсуінің басқа да себебі аталады, ал ол — бір екіжүздінің Абу Суфьянға Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істеген істері жайлы хат жазғандығы туралы оқиға. Қз.: “Тафсир әт-Табари” № 15936.

Алайда хафиз Ибн Касир және имам әс-Суюты бұл хабар жөнінде: «Бұл – иснады тарапынан да, мағынасы жағынан да оғаш дерек!», — деп айтқан”. Қз.: “Тафсир Ибн Касир” 2/421, “Асбабу-ннузуль” 522.

Ол ешқандай дұрыс бола алмайды, өйткені аят иман келтіргендерге айтылып тұр, ал бұл деректе Абу Суфьянға хат жазушының екіжүзді болғаны айтылады. Осы себепті зерттеуші (мухақық) ‘Абдур-Раззақ әл-Махди де бұл деректің жалған (батыль) екендігі туралы айтқан.

Міне осылайша, Абу Любабамен орын алған оқиғада ол кәпірлерге көмек көрсеткендігі туралы айқын нұсқау бар, өйткені ол оларды күтіп жатқан нәрселер туралы хабардар етті. Өйткені оларды бәрібір өлім күтіп тұрғанын білген яхудилер қарсылық көрсетуді жалғастыру туралы шешім қабылдауы немесе шайқасқа шығуы мүмкін еді, ал бұл мұсылмандардың арасында шығындарға алып келер еді.

Кейбір такфиршілер: «Абу Любабаның бұл дерегіне тек муржилер  және муртад (діннен шыққан) әмірлердің жақтаушылары ғана сүйенеді және ертедегі имамдардың арасында ешкім бұл дерекке талқыланып жатқан тақырыпта дәлел ретінде  сүйенбеген», — деп жазған. Бұл пасық өтірікті теріске шығару үшін ханафи мазһабының ең танымал имамдарының бірі болған имам әс-Сарахсидің мына сөздерін келтіру жетіп асады: «Егер мұсылман мүшриктерге мұсылмандардың құпияларын хабарласа, ол осы үшін Исламнан шықпайды! Ал бұған бізде дәйек – оған қатысты «Әй, мүминдер! Менің дұшпанымды және өздеріңнің дұшпандарыңды өздеріңе дос ретінде алмаңдар!» деген  аят түсірілген Хатыб ибн Аби Бәлта’аның хадисі. Ал Аллаһ, Хатыбтың жасаған ісіне қарамастан, оны мүмін деп атады. Сондай-ақ, бұған дәлел – ол туралы «Әй, мүміндер! Аллаһқа және Елшісіне сатқындық жасамаңдар!» деген аят түсірілген Абу Любаба ибн әл-Мунзирдің уақиғасы. Және оның Бану Қурайза тайпасын ескертіп қойғандығы туралы дерек – танымал және солай болса да, Аллаһ оны мүмін деп атады. Сондықтан, осындай нәрсе Исламнан шығармайтыны бізге белгілі болды!» Қз.: “әл-Мәбсут” 10/71.

Қаншама имамдар «тағуттардың жүректері ауытқыған және дінді түсінбейтін қорғаушылары» болғандарына назар аударыңыздар!

Ал егер біреу: «Бірақ Хатыбтың және Абу Любабаның істеген нәрселерінде мұсылмандар үшін зиян жоқ еді ғой!», — деп айтса, оған жауап: мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсету мәселесінде кәпірлердің оларға көрсетілген көмектен пайда алуы шарт болып табылмайды! Ал кім керісінше мәлімдесе, бұған дәлел келтірсін!

Сондай-ақ, аталып жатқан мәселеге дәлел Ибн Мас’уд жеткізген Бадр жеңісінен кейін тұтқындарды алып келгенде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер бұл тұтқындар туралы не айтасыңдар?», — деп сұраған хадис болып табылады. Осыдан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен кеңесіп: «Олардан ол үшін құн төленген немесе өлім жазасына кесілгеннен өзге ешкім қалмайды», — деді.  Сонда Ибн Мас’уд: «Сухайль ибн Байдтан басқасы, өйткені мен оның Ислам туралы айтып жатқанын естігенмін!» — деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сухайль ибн Байдтан басқасы!» — деді. Ахмад 1/383, әт-Тирмизи 3084, Ибн Хиббан 3/271.

Бұл хадисті кейбір имамдар оның риуаятшысы Абу ‘Убайда өзінің әкесінен хадис естімегендігі себебімен әлсізге шығарған. Алайда ол өз әкесінің хадистерін білуші еді және сол себепті көптеген мухаддистер ол өз әкесінен жеткізген хадистерді, егер олар бекітілген сахих хадистерге қайшы келмесе,  қабылдайтын еді. Бұл ‘Али ибн Мадиниден және Я’қуб ибн Шайбадан жеткізіледі және бұл пікірді хафиз Ибн Рәжаб та таңдаған. Қз.: “Шарх әл-‘Иләл” 1/298.

Осы себепті имам әт-Тирмизи, Абу ‘Убайда өзінің әкесінен хадис естімеді дегеніне қарамастан, хадисті хасан деді. Сондай-ақ, бұл хадистің сахихтығын әл-Хаким, имам әз-Захаби және бұл хадистің иснады сахих деп айтқан  хафиз Ибн Хажар растаған. Қз.: “әл-Исаба” 3/117.

Тұтқынға мұсылмандармен соғысқан кәпірлердің қатарында болған мұсылманның алынғаны айтылып өтетін бұл хадистің мазмұнына назар аударыңдар! Кәпірлердің қатарында болудан бетер мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көрсетілген қандай көмек болуы мүмкін?! Және бұл адам мұсылмандармен шайқасуға күштеп шығарылды ма әлде жоқ па — маңызды емес, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған қатысты «Ол – мұсылман!» деген куәлікті қабылдады да, оны жіберді.

Ал Сухайль ибн Бәйдқа келер болсақ, имам Абу Хатим және хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр оның Меккеде жүрген кезінде-ақ Исламды қабылдағаны және өзінің Исламын жасырғаны туралы айтқан. Ал хафиз Ибн Хажар Сухайль ибн Байдтың өмірбаяны туралы жоғарыда аталған хадиске қатысты: «Оны тұтқынға алғанда  Ибн Мас’уд оның Меккеде намазды орындап тұрғанын көргені туралы куәлік берді және осыдан кейін ол босатылды”.  Қз.: “әл-Исаба фи тамйиз әс-сахаба” 3/117.

Енді сондай-ақ ханбали мазһабындағы ең білгір адамдардың бірі болған имам Ибн Қудаманың сөздеріне де назар бөліңіздер! Имам Ибн Қудама жихад кітабында, шайқастан соң тұтқынға алынған адамның үкімін түсіндіріп, былай деген: «Егер біреу тұтқынға алынса және ол мұсылман болғанын мәлімдесе, оның сөздері оларға растау болған жағдайдан өзге кезде қабылданбайды, өйткені ол өзінің сырт іс-әрекетіне қайшы нәрсе айтып тұр. Ал егер бір адам оның мұсылман екендігіне куәлік берсе және екеуі де ант етсе, онда оны босатып жіберу қажет. Бірақ әш-Шәфи’и: «Бұл жағдайда екі шыншыл адамның куәлігінен өзге куәлік қабылданбайды, өйткені сөз мал-мүлік туралы болып тұрған жоқ», — деген.  Алайда біз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Бадр шайқасында тұтқынға алынғандар жайлы: «Олардан ол үшін құн төленген немесе өлім жазасына кесілгеннен өзге ешкім қалмайды», — деп айтқан Ибн Мас’удтың хадисіне сүйенеміз. Ал Ибн Мас’уд: «Сухайль ибн Байдтан басқасы, өйткені мен оның Ислам туралы айтып жатқанын естігенмін», — деді. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сухайль ибн Байдтан басқасы!» — деді.  Және біз Аллаһтың Елшісінің (оған Алаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жалғыз Ибн Мас’удтың куәлігін қабылдағанын көріп тұрмыз”. Қз.: “әл-Муғни” 10/19.

Тура соны имам әл-Бухути де «әл-Кашшаф» кітабында айтқан.

Егер Исламы туралы бір немесе бірнеше мұсылмандардан өзге ешкімге белгісіз болған адамның үкімі осындай болатын болса, онда Исламы айқын және баршаға белгілі болған адам туралы не айтуға болады?!

Сондай-ақ, сөз болып жатқан нәрсеге тағы да бір дәлел Ибн ‘Аббастың сөзінен ‘Икриманың былай деп баяндағаны болып табылады: «Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірісінде бірнеше мұсылман адамдар мүшриктердің арасында болып, олардың Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы саптарын көбейтті. Кейде атылған жебе олардың біреуіне тиіп оны өлтіретін немесе ол қылышпен өлтірілетін еді, сонда Аллаһ «Өздеріне зұлымдық еткендердің, періштелер жандарын алғанда: «Қандай жағдайда едіңдер?», — дейді. Олар: «Біздер бұл жерде шамасыз едік», — дейді. (Періштелер): «Аллаһтың жері онда қоныс аудару үшін кең емес пе?», — дейді. Міне бұлардың орны — Тозақ. Неткен жаман орын! Шара қолдана алмайтын, жол таба алмайтын шамасыз еркек, әйелдер және балалардан басқа… Міне бұларды АллаҺтың кешірім етуі үміт етіледі. Өйткені Аллаһ – өте Кешірімді, ерекше Жарылқаушы!» (ән-Ниса 4: 97-99) деген аятты түсірді». әл-Бухари 4596, 7085.

Ибн ‘Аббас бұл адамдарды мұсылмандар деп атағанына назар аударыңыздар! Кәпірлердің әскерлерінің құрамында шығу — мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмектесудің ең жоғары көрінісі емес пе?!

Имам әл-Қуртуби «Аллаһтың жері онда қоныс аудару үшін кең емес пе?» деген сөздер туралы былай деген: “Бұл сұрақ және оған берілген жауап осы адамдар  (осындай жағдайда болып қалмауы үшін) хижраны жасамай қалдыруы себепті өздеріне өздері зұлымдық жасаған мұсылмандар болып өлгендігіне нұсқайды. Ал егер бұл адамдар кәпір болып өлгенде еді, онда оларға қатысты осындай нәрсе айтылмас еді. Алайда олардың жағдайы істеген істерінің ауыр болуы себебімен сахабаларға сабақ ретінде келтірілді”. Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 7/63.

Бауырымыз Расулдың мақаласында мен мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмектесу кезінде мәжбүрлеу немесе қорқынышта болу деген ерекшелеулерді көрмегенім де  едәуір таң қалдырады! Ол үшін осы нәрселер де ерекшелеу болып табылмағаны ма?!

Ал егер біреу бауырымыз өзінің мақаласында келтірген оқиғаның негізінде сол кезде Меккеде болған мұсылмандардың барлығы екіжүзді еді деп ойласа, ол қателеседі және тіпті адасады!

Мынау – бауырымыз келтірген оқиға:

«Муфассирлердің шейхы имам әт-Табари, Аллаһ оны рахым етсін, өзінің тәпсірінде Меккеде тұрушы көпқұдайшылдарға көмектесетін, бірақ сонымен бір мезгілде Исламның куәлігін айтатын бір топ адамдар туралы деректі келтіреді. Бірде олар өздерінің жұмыстарымен Меккеден тыс шықты да: «Егер біз Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына жолығып қалсақ, бізде олармен қиындық туындамайды», — деді. Мүміндерге олардың Меккеден тыс шыққандығы туралы хабар жеткенде, олардың бір тобы: «Бұл оңбаған адамдарға барып, оларды өлтіріңдер, олар сендерге қарсы сендердің дұшпандарыңа көмек көрсетуде!», — деді. Мүміндерді басқа бір тобы: «Аллаһ Пәк! Олар сендер айтатындай нәрселерді айтады ғой, ал сендер оларды тек сендерге қоныс аудармағаны және өз үйлерін тастап кетпегені үшін қалай өлтіресіңдер? Сендер олардың өмірі мен мал-мүліктерін тек осы себепті халал етесіңдер ме?», — деді. Сөйтіп, мүміндер оларға қатысты бөлінген кезде, Аллаһтың жоғарыда келтірілген сөздері түсірілген еді, оларға қайт. (Нақтырақ бұл хабар  Тафсир әт-Табариде 5, 113 келтірілген)»

Бұл деректе, тіпті оның иснады сахих болса да, сөз Аллаһ екіжүзділер деп атаған адамдардың бір тобы туралы болып жатыр, ал өзінің иманын жасырып, Меккеде өмір сүріп жатқандардың барлығы туралы емес! Бұған айқын дәлел – Аллаһтың Худайбия келісімі кезінде неліктен мұсылмандарға Меккеге басып кіруге рұқсат бермегендігін түсіндіретін мына сөздері: «Олар — кәпірлер, сендерді Мәсжид Харамға кіргізбеді және қүрбандық малдарын бауыздау орнына жетуге рұқсат етпей ұстап қалды. Бірақ егер Меккеде сендер біліп танымаған және білместікпен оларды таптап, олар сендерді қиын жағдайға қоятын  мүмін ерлер мен мүмін әйелдер болмағанда еді, Аллаһ сендерге Меккеге басып кіруге рұқсат етер еді. Аллаһ кімді қаласа мәрхаметіне бөлеу үшін осылай істеді. Бірақ егер олар бір-бірінен бөлінгенде, олардан кәпірлерді күйзелтуші азаппен қинар едік» (әл-Фатх 48: 25).

Сондай-ақ, өте үлкен пайда алу үшін Ибн ‘Аббастың баяндаған дерегіне имамдардың берген түсіндірмесін келтіргім келеді. Имам Ибн Бәттәл бұл дерекке берген түсіндірмесінде былай деген: “Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның: «Кім қандай да бір халықтың ішінде болып, олардың жағдайына разы болса, ол – солардан, олар — ізгілер не бұзақылар болса да!», — дегені сахих түрде анықталған”. Қз.: “Шарх «Сахих» әл-Бухари” 10/36.

Сондай-ақ осы сияқты хадисті осы дерекке жасаған шархында хафиз Ибн Хажар да келтіріп, былай деген: «Ибн Мас’удтан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кім қандай да бір халықтың санын көбейтсе, ол – солардан! Ал кім қандай да бір адамдардың амалдарына разы болса, ол өзі солардың істеріне қатысады!» Бұл хадисті Абу Я’лә келтіреді». Қз.: “Фатхуль-Бари” 13/57.

Ибн Хажардың бұл хадистің сахихтығы туралы айтпай кетуі оның иснадының хасан екендігіне нұсқайды, өйткені оның өзі «Фатхуль-Бари» еңбегіне жасаған алғысөзінде сахихтығы туралы айтпай кеткен хадистердің иснады хасан екендігін айтқан.

Бұл хадистердің маңызды мазмұны туралы ой қозғаңыздар! Бұл Ибн ‘Аббастың “Кім көпқұдайшылдыққа разы болса, көпқұдайшыл болып табылады!” деген сөздеріндей. Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 10/140.

Хафиз Ибн Хажар былай дейтін: «‘Икрима: «Кім мұсылмандармен соғысуға оқталған әскермен шықса, күнә жасайды, тіпті шайқаспаса да және мұны істеуге ниеттенбесе де», — деп есептеген!» Қз.: “Фатхуль-Бари” 13/58.

Сөйтіп, мұсылмандармен соғысатын отрядтың құрамында болуды ‘Икрима күнә деп, бірақ күпірлік емес деп есептегенін біз көріп тұрмыз!

Егер біреу: «Мүмкін ‘Икрима шығуға күштеп мәжбүрленген адамды атап тұрған шығар?» — десе, мұндай қате жорамалға берілетін жауап қарапайым: «Мұсылмандарға қарсы шығуға шындығында да күштеп мәжбүрленген адам ешқандай күнәға лайықты емес, оның үстіне ол мұсылмандармен соғыспаған және мұны тіпті ниеттенбеген болса, тіпті де (лайықты болмайды)!»

Егер барлық келтірілген дәлелдер және ғалымдардың түсінуі Исламдағы муташабих, ал бауырымыз Дагестанидің келтіргені — мухкам болса, онда, мүмкін, «мухкам» және «муташабих» терминдерінің жаңа анықтамасы туралы сөз болып жатқан шығар!

Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Барракқа мынандай сұрақ қойылған еді: «Құрметті шейх, мен сіздің басшылығыңызбен басылып шыққан «Білместікпен ақтауға байланысты мәселелер» атты кітабын оқып шықтым және мен одан кәпірлердің қатарында мұсылмандарға қарсы соғысу арқылы кәпірлерге көмек көрсету, олардың дінін үстемдету немесе олардың дініне деген сүйіспеншіліктің себебімен болғаннан өзге жағдайда, күпірлік болып табылмайтынын түсіндім. Және мұсылмандарға қарсы кәпірлердің қатарында ашу-ызаның себебімен немесе дүние пайдасы үшін соғысу діннен шығаратын күпірлік болып табылмайтынын да. Мен осыны дұрыс түсіндім бе? Және Әһли-Суннадан біреу осындайды айтқан еді ме? Құрметті шейх, жоғарыда айтылған шарттарды кәпірлермен бірге мұсылмандарға қарсы соғысып жатқандарға такфир шығару үшін қолдану туралы сіздің пікіріңіз қандай?»

Шейх былай деп жауап берді: «Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын! Ал содан соң: Кейбір мұсылмандарға қарсы кейбір кәпірлерге көмек көрсету ерекшеленетініне күмән жоқ. Кейде бұл Исламға және мұсылмандарға деген өшпенділіктің себебімен, кейде пайда немесе зияннан қашып құтылу үшін орын алады. Ал Аллаһты, Оның Елшісін және дінін сүйетін, бірақ сонымен қоса қандай да бір пайда оны кейбір мұсылмандарға қарсы кейбір кәпірлерге көмек көрсетуге ынталандырған адам мен Исламды және мұсылмандарды жек көретін адам бірдей емес және салыстыруға келмейтіні белгілі! Және кәпірлерге көрсетілген кез келген көмек Исламнан шығарады деген (Құран мен Сүннетте) ешқандай мәтін жоқ! Мысалы, мұсылмандардың ізінен тыңшылық жасайтын тыңшыны өлім жазасымен жазаласа да, оны тыңшылығының себебімен муртад болғандығы үшін емес, оны (істегені үшін) жаза ретінде жазалайды!»

Кейін шейх дәлел ретінде Хатыбтың оқиғасын келтірді де, былай деді: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбтың ақталуын қабылдады және оған қайтадан Исламды қабылдауды бұйырмады және оған Аллаһ оның осы күнәсін Бадр шайқасында қатысқандығы үшін кешіргенін атап айтты. Ал кәпірлерге көрсетілген кез келген көмек және қолдау – діннен шығу деп айту бірмағыналы емес. Ақиқатында, кәпірлерге көрсетілген көмек өзінің көрініс табуы бойынша ерекшеленеді, ал Аллаһ Тағаланың «Әй, иман келтіргендер! Яхудилер мен христиандарға көмекші болмаңдар, өйткені олар бір-біріне көмекші. Ал кім оларға көмек көрсетсе, ол солардан!» деген сөздері кез келген көмек күпірлікке соқтырады дегенге нұсқамайды.  Өйткені кәпірлерге көмек көрсетудің, кәпірлерге ұқсау сияқты, бірнеше түрі бар. Хадисте: «Кім қандай да бір халыққа ұқсап бақса, ол – солардан!», — деп айтылған, ал кәпірлерге кез келген ұқсау діннен шығара бермейтіні анық! Оларға көмек көрсету де – тура сол сияқты. Қорытынды: сен менен сұрап тұрған кітаптың ішіндегі нәрселер мен үшін дұрыс!» Қз.: “әл-Фатауа уәл-истишарат” 16/431.

Қорытынды

Жоғарыда баяндалғандардың барлығының негізінде ақыл-парасаты сау әрбір мұсылман «Мұсылмандарға қарсы кәпірлерге кез келген себеппен кез келген көмек көрсеткен адам кәпір болады» деген ешқандай ижмаъ жоқ екендігін түсінуі қажет! Егер осыда иджмаъ болғанда, онда мұндай маңызды мәселе бұл жөнінде (бұл мәселедегі иджмаъ бар деп) тіл де қатпаған Исламның алғашқы үш ұрпағынан болған имамдарды тыс айналып кетпес еді! Бұдан тыс, баяндалғанның барлығы бұл пікірдің қате екендігіне айқын және бір мағыналы түрде нұсқайды.

Бірақ мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсету ұлы және жиіркенішті күнә болып табылатындығына күмән жоқ, алайда жиіркенішті және зиян тигізетін күнәлардың барлығы Исламнан шығаратын күпірлік болып табылмайды!

Шейх ‘Абдур-Рахман ибн Хасан былай дейтін: “Мұсылмандардың бірқұдайшылдығы көпқұдайшылдардан бас тартудан және оларға дұшпандық танытудан басқаша кемел болмайды!” Қз.: “әд-Дурару-ссәния” 11/434.

Қалайша енді бауырымыз Расул осы жұмысын құрастырғанда ертедегі имамдардың аталып кеткен сөздерінен және түсіндірмелерінен ешқайсысын кездестірмеді екен?! Өйткені мұндай маңызды тақырып бойынша еңбек құрастыру имамдардың тәпсірлері мен шархтарына жүгінбей мүмкін болмайды ғой! Бірақ мен бауырымыз бұл енбекте жеке зерттеу жасады деп ойламаймын, өйткені осылай болғанда, ол міндетті түрде аталғандардың кішігірім бөлігімен болса да кездесуі керек еді, ал бұл оны осы мәселеде ижмаъ бар деуге күмәндануға немесе тым болмағанда осылай деп мәлімдемеуге мәжбүрлеу керек еді. Және осы факт та бізді «бауырымыз осы тақырыптағы бар мақалалардың біреуін аудара салды» деген ойға келтіреді.

Имам әш-Шәфи’и мынандай дана сөздерді айтқан: “Білім туралы сөйлеуден өздерін ұстаса, бұл олар үшін, ин ша-Аллаһ, құтылуға жақын болатын біреулер ол туралы сөйледі!» Қз.: “әр-Рисалә” 132.

Сондай-ақ, мен бұл мәселенің орыс (қазақ) тілді мұсылмандар үшін түсінікті болуы үшін айтылғанның барлығын қорытындылағым келеді.

Біріншісі: Осы жауапта әл-уәлә уәл-бара (достық және қатыссыздық) тақырыбымен байланысты бірнеше ережелер бар, атап айтқанда: кәпірлермен қарым-қатынас және мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсету.

Екіншісі: Мәжбүрленген күйде мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмектескен адам күпірлікке түсуі түгілі, күнәлі болмайды. Және мысал ретінде кәпірлерге тұтқынға түскен мұсылмандардың қинау себебімен орын алған көптеген қызмет көрсеткендерін келтіруге болады.

Үшіншісі: Егер мұсылман адам кәпірлерге өзінің отбасы және мал-мүлкі үшін немесе материалдық немесе тұрмыстық пайданы көздеп көмектескен болса, ол тәубе етуді қажет ететін ұлы күнә жасады. Алайда кәпірлерге материалдық пайданы көздеп көмектескен адамның күнәсы мұны өз отбасын және мал-мүлкін сақтап қалу үшін істеген адамның күнәсынан жамандау, бірақ екі іс-әрекетке де рұқсат етілмеген!

Осы жерде мынаны атап кету қажет: егер мұсылманға мәжбүрлеу кезінде тіпті күпірлік сөздерін айту рұқсат етілсе де, мұндай нәрсе (яғни мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсету) отбасы және мал-мүлік үшін қауіптенген кезде де рұқсат етілмейді. Жеке өзі мәжбүрленген кезде адам, егер шындығында да төтеп бере алмаған болса, ешқандай күнә көтермейді. Ал енді екінші жағдай туралы, яғни отбасы және мал-мүлік үшін қауіптену жайлы айтар болсақ, бұл рұқсат етілмеген, алайда мұны істеу Исламнан шығармайды.

Хатыбқа қатысты түсірілген аяттарда Аллаһ Тағала: «Сендердің туысқандарың да, сендердің балаларың да сендерге көмектесе алмайды. Ақырет Күні Ол сендердің араларыңда үкім шығарады. Аллаһ сендер не істеп жатқандарыңды көруде», — деді (әл-Мумтахана 60: 3).

Имам Абу Бакр әл-Жәссас былай деген: “Бұла ятта жанұя және мал-мүлік үшін қауіптену күпірлік жасауды рұқсат етпейтіндігіне нұсқау бар және бұл  адамның өзі үшін қауіптенетін жағдайға ұқсас емес. Өйткені Аллаһ мүміндерге Хатыб істеген нәрсені істеуге тыйым салды, Хатыб мұны өз отбасы мен мал-мүлкі үшін қауіптенгендіктен істегеніне қарамастан!” Қз.: “Ахкамуль-Қуран” 5/326.

Имам Ибн әл-Жәузи Қады Абу Я’ләның былай деп айтқанын жеткізген: “Хатыбтың оқиғасында өз отбасы мен мал-мүлкі үшін болған қорқыныш өзі үшін қорқыныштағыдай күпірлік танытуды рұқсат етпейтіндігіне нұсқау бар!” Қз.: “Задуль-масир” 8/234.

Төртіншіден: Ал күпірліктің Исламнан үстем болуын қалап немесе мұсылмандарға дәл олардың діні себебімен өшпенділік танытып, мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмек көрсеткен адамға қатысты айтар болсақ, мұндай адамның кәпір муртад болғанына күмән жоқ!

Бесіншісі: Егер тіпті адам мәжбүрленген күйінде кәпірлердің қатарында мұсылмандарға қарсы шыққан болса, онда мұсылмандардың әскері кімнің кім екендігін ажыратып отыруы қажет емес, олар кәпірлердің қатарында Исламға қарсы соғысып жатқандардың әрбірін өлтіре беруіне болады, ал мәжбүрленген адамға келер болсақ, ол өзінің ниетіне сәйкес қайта тіріледі.

Шейхуль-ислам Ибн Таймия былай деген: «Екіжүздіден және бұзақыдан өзге ешкім монғол-татарларға ерікті түрде қосылмайды! Ал егер олар өздерінің қатарында соғысуға біреулерді мәжбурлеп шығарған болса, ол өзінің ниетіне сәйкес тіріледі, ал біз олардың барлық әскерімен соғысуымыз қажет, олардың араларында мәжбүрленгендердің бар-жоқтығына қарамастан!» Қз.: “Мажму’уль-фатауа” 28/535.

Алтыншысы: Қайсысы дұрыс: тыңшы мұсылманды өлім жазасымен жазалау ма, әлде жоқ па?

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Өлім жазасымен жазалау, егер осынсыз пайдаға қол жеткізу мүмкін болмаса, ижтихад мәселесі болып табылады, мысалы, ғалымдардың арасында ол жөнінде екі белгілі пікір бар”. Қз.: “Минхажу-Сунна” 6/174.

Таң қаларлығы – ғалымдардың екі тобының да бұл мәселеде Хатыбтың оқиғасына сүйенуі. Имам әл-Хаттаби «Шарх «Сунан» Аби Дауд» кітабында Хатыбтың хадисіне қатысты былай деген: «Бұл хадисте тыңшы мұсылман өлтірілмейді дегенге дәлел бар!» Қз.: “Мә’алиму-Ссунан” 3/275.

Имам Ибн әл-Жәузи Хатыбтың хадисіне жасаған шархында: «Бұл хадисте тыңшы мұсылман өлтірілмейді дегенге нұсқау бар!», – деген.  Қз.: “Кәшф әл-мушкиль” 132-133.

Ал шейх Ибн әл-Қайим былай деген: “Бұл хадис – тыңшы мұсылманды өлтіру рұқсат етілген деп есептейтіндердің пайдасына дәлел, өйткені ол Бадр шайқасының қатысушысы емес, ал Хатыбтың өлім жазасына келер болсақ, ол оның Бадр шайқасының қатысушысы болғандығы себепті орындалмады!” Қз.: “Бадаи’уль-фауаид” 4/128.

Сөйтіп, бір ғалымдар тыңшы мұсылманды өлім жазасымен жазалау рұқсат етілген, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбты өліммен жазалау туралы ұсыныс жасаған Умардың сөзіне келіспеушілік білдірмеді, ал мұны істеуге оған оның Бадр шайқасының қатысушысы болғаны кедергі жасады, алайда одан кейін осылай істейтіндерде Бадр шайқасына қатысу сияқты кедергі жоқ, сондықтан оны өлтіруге болады деп санаған.

Ал басқа ғалымдар, ал олар – көпшілік, Хатыбтың оқиғасы шариғат бойынша тыңшы мұсылманды өліммен жазаламайды дегенге нұсқайды, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұны бұйырмады, тіпті тыйым салды деп есептеген! Ал Бадр шайқасына қатысуды ескерту Аллаһ Хатыбқа дәл оның күнәсын кешіргендігін білдіреді.

Бұдан тыс, кейбір имамдар тыңшы мұсылманды өліммен жазаламайды дегенге ижма бар екендігіне нұсқаған. Хафиз Ибн Хажар былай деп жазған: «Әт-Тахауи тыңшы мұсылманды өлтіруге рұқсат етілмейді дегенге қатысты бірауызды пікірді (ижмаъ) жеткізген. Ал шәфиғилер мен көпшілік мұны істеген адам жақсы адамдардан болса, онда оны насихаттау және кешіру керек деп айтқан. Осылай деп әл-Ауза’и де айтқан”. Қз.: “Фатхуль-Бари” 12/310.

Имам Ибн Бәттал былай деген: “Тыңшы мұсылманды өлтіру туралы айтқандарға қатысты айтар болсақ, олар бұл хадиске (Хатыбтың) және ғалымдардың пікіріне қайшы келді, сондықтан да бұл сөздердің күші жоқ! Имам әт-Тахауи былай деген: «Егер мұсылман осындай нәрсені істесе, оның қаны халал болмайтынына келіспеушілік жоқ!» Және әт-Тахауи мәликилердің және өзге де соңғы ұрпақтардың пікірін, олардың бұл хадиске қайшы келуі себебімен, қабылдамаған!” Қз.: “Шарх «Сахих» әл-Бухари” 5/164.

Бұл мәселедегі ең жақсы пікірге келер болсақ, онда осы мұсылмандардың әмірінің ұйғарымына қайтарылады, егер ол кәпірлерге көмек берген адам басқаларға сабақ болу т.б. үшін өлім жазасына лайықты деп санаса, оны өліммен жазалайды. Ал егер ол мұны істеудің қажеті жоқ, өйткені ол қателік жасады, ал өзі жақсы мұсылман болып табылады деп есептесе, онда оған тиіспейді де, жай насихат айтады! Осы – имам Мәликтің де бір пікірі және оны шейх Ибн әл-Қайим таңдаған. Қз.: “Задуль-мә’ад” 3/423.

Алайда тыңшы мұсылманды тек мұсылмандардың әмірі ғана өліммен жазалай алады дегенге келіспеушіліктер жоқ!

Имам әш-Ширази былай деп айтатын: “Еркін адамдар үшін (құлдар үшін емес, өйткені құлдарды  олардың иесі өлім жазасынан өзге жазамен жазалай алатын еді) жазалауды (хадд) мұсылмандардың әмірінен немесе әмір осыны тапсырған адамнан басқа ешкім қолданбайды! Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың иілігі мен сәлемі болсын) кезінде оның рұқсатынсыз ешкім жазалауды орындамайтын! Және мұны халифалардың кезінде олардың рұқсатынсыз істемейтін!” Қз.: “әл-Мухаззаб” 2269.

Имам ән-Науауи Хатыбтың хадисіне жасаған шархында былай деген: “Бұл хадисте тыңшылық адамды Исламнан шығармайтынына нұсқау бар! Сондай-ақ, онда ешкімнің мұсылмандардың әмірінің рұқсатынсыз жазалауды (хадд) орындауға және өлтірілуі қажетті болған адамды өлтіруге құқығы жоқ екендігіне де нұсқау бар!” Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 7/539.

Ал имам әл-Қуртуби былай деді: “Жасалған қылмысқа тең мөлшердегі есені (қысас) және жазаны тағайындауды тек әмір орындайтынына келіспеушілік жоқ”. Қз.: «Тафсир әл-Қуртуби» 2/245-246.

Қорытындылай келе, менің бауырымыз Расулға ешқандай жеке талаптарым және жек көрушілігім жоқ екендігін және болмағанын да ескерткім келеді, өйткені мен онымен тікелей де, сырттай да таныс емеспін. Мен оны, оның көптеген  көпшілік таныған имамдарды тағуттардың адасқан қорғаушылары және мүміндердің жолына қайшы келушілер ретінде көрсеткен едәуір өрескел мәлімдемелеріне қарамастан, ешқандай кемсіткім де, сөккім де келмейді.

Мен Аллаһтан өзіме де осы бауырымызға да, білім таратуға және оны орыс (қазақ) тілді мұсылмандарға жеткізуге  деген ұмтылысы бар әрбір адамға дұрыс басшылық сұраймын!

Аллаһтан мені және Расулды, біз бір нәрселерде қателескен болсақ, кешіруін сұраймын, өйткені қателеспейтіндер жоқ, алайда қателесетіндерді өз қателіктерін мойындау және түзету көркейтеді.

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Мухаммад Пайғамбарға, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың жолына ықыласты түрде ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

www.Salaf-forum.ru әкімшілігі

You may also like...