Жауласушы және жауласпаушы кәпірдің арасындағы айырмашылық туралы

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Аллаһ Тағала кәпірлерді екі санатқа жіктеді: жауласушыларға және жауласпаушыларға.

Жауласпаушы кәпірлерге олармен келісім-шарт немесе бітім бар, сондай-ақ, өлтіруге тыйым салынған: әйелдер, қарттар, балалар, қызметкерлер сияқты кәпірлер жатады.

Көптеген жас мұсылмандарда бұл мәселеге байланысты білімнің болмауына қарамастан, жоғарыда аталғандарға Құранда да, Сүннетте де дәлелдер көп.

Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Аллаһ дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында, Аллаһ турашылдарды жақсы көреді (әл-Мумтахана 60: 8).

Кейбір имамдар бұл аятты күші жойылған деп есептеді, алайда бұған ешқандай дәлел жоқ.

Имам әл-Қуртуби «Бұл аяттың күші көпқұдайшылдармен соғысу әмірімен жойылған» деп есептейтін имамдардың пікірін келтіріп, былай деді: «Ал тәпсіршілердің басым бөлігі бұл аяттың күші жойылмаған деп есептейді». “Тафсир әл-Қуртуби” 12/321.

Сондай-ақ, Құранның тәпсіршілерінің имамы — Ибн Жарир әт-Табари бұл аятты жалпылама және күші жойылмаған дейтіндердің пікірі күштірек екенін, өйткені бұл аят «дін жайында сендермен соғыспаған және жүрттарыңнан қуып шығармағандарға» анық ерекшілік жасайтынын айтты.  Сондықтан мұсылмандармен дінге байланысты соғыспағандардың санатына жататын әрбір адамға жақсылық істеуге болады.  “Тафсир ат-Табари” 10/261.

Сондай-ақ, шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди бұл аятқа байланысты мыналарды айтты: “Егер мушриктер діндеріңе байланысты сендермен соғыспаса және сендерді өз үйлеріңнен қуып шығармаса, Аллаһ сендерге оларға қатысты ізеттілік танытуға, туысқандық қатынастарды ұстауға, ізгі және әділетті болуға тыйым салмайды, олар сендердің туысқандарың болса да, болмаса да. Егер сендер олармен жақсы қарым-қатынасты ұстасаңыз, күнә жасаған болмайсыз, және бұда еш жамандық жоқ. Дәл осы туралы Аллаһ мұсылман адамның кәпір болған ата-анасымен қандай қарым-қатынас жасауы керектігі туралы айтқан:  «Егер екеуі сен білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуға зорласа, оларға бағынба! Бірақ олармен дүниеде дүрыс жолдас бол…» (Луқман 31: 15). Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Аллаһ сендермен діндерің жайында соғысқандарға ғана (ізеттілік танытуға) тыйым салады…», — деді, яғни Аллаһтың дініне және оған берілгендерге деген өздерінің өшпенділігінің себебімен «сендерді үйлеріңнен қуып шығарғандарға және сендердің қуылуларыңа болысқандарға», яғни сендерді өздері қуып шыққандарға немесе осы істе басқаларға көмектескендерге. Аллаһ Тағала оларға болысуға, оларды жақсы көруге және оларға қатысты сөзбен де, іспен де жылы сезім танытуға тыйым салады. Ал сендермен соғыспайтын көпқұдайшылдарға қатысты жақсылық жасауға келер болсақ, мұсылман адам олардың күпірлігін жақсы көрмей, оларға жақсылық жасауына болады. Тіпті оларға мұндай қарым-қатынас жасау туысқандарға, туысқан еместерге және жалпы адамзат баласына ізгітілектестік (ихсан) танытудың бір көрінісі болып табылады». “Тайсируль-Карими-р-Рахман” 773.

Бұл аятта барлық кәпірлер бірдей еместігіне және олар жауласушы және жауласпаушы болып бөлінетіндеріне нұсқау бар. Сондықтан олар осыған сәйкес қарым-қатынас жасауға лайықты болады. Ибн Аббас былай деп баяндайтын: «Көпқұдайшылдар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) және иман келтіргендерге қатысты екі санатқа бөлінетін: олармен өздері соғысатын және олар өздеріне қарсы соғысатын кәпірлер (әһлюль-харб), және олармен өздері де соғыспайтын және олар да өздеріне қарсы соғыспайтын кәпірлер (әһлюль-ахд)». әл-Бухари 3/145.

Шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Кәпір не мұсылмандарға қарсы соғысушылардың қатарынан болады (харбий), не олармен келісім-шарт жасалғандардан (му’ахад) болады. Келісім-шарт жасалған кәпірлер үш санатқа жіктеледі: мұсылман жерінде өмір сүріп, жизья төлейтін кәпір (зиммий); бейбітшілік келісім-шарты түзілген кәпір (муахад); және мұсылмандардың жеріне кіру үшін мұсылмандар қауіпсіздік кепілдігін берген кәпір (мустамин)”. Қз.: “Ахкаму ахли-зимма” 2/178.

Бейбіт кәпір мен мұсылмандарға қарсы соғысушы кәпірдің арасында айырмашылық болғандықтан, шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деді: “Мұсылмандарға Аллаһтың дінін орнатуға қарсы шықпайтын кәпірдің күпірлігі өзінен өзге ешкімге зиян тигізбейді!” “әс-Сиясату-шшар’ия” 178.

Бірақ кәпірлер бейбіт және жауласушы болып екіге бөлунуіне қарамастан, мұсылман адам олардың күпірліктері үшін, олардың әрқайсысына жүрегінде жек көрушілік танытуы керек!

Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өздеріңе қарсы соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар, бірақ  рұқсат етілгеннің шегінен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді». (әл-Бақара 2: 190).

Ибн ‘Аббас Аллаһ Тағаланың осы сөздеріне түсіндірме беріп, былай деді: “Әйелдерді, балаларды, қарттарды және сендерге бейбітшілікпен бет бұрып, өздеріңмен соғыспайтындарды өлтірмеңдер! Ал егер осыны істесеңдер, онда сендер – шектен шығушысындар!” “Тафсир әт-Табари” 2546.

Имам Ибн Жарир әт-Табари Аллаһ Тағаланың: «…рұқсат етілгеннің шегінен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді», — деген сөздері туралы былай деді: “Аллаһ өлтіруге тыйым салған мүшриктердің әйелдері мен балаларын өлтіру жататын Аллаһ харам еткен нәрселерді рұқсат ететін, Оның шекаралары мен заңдарынан аттаушыларды Аллаһ жақсы көрмейді”. “Тафсир әт-Табари” 2/75.

Хафиз Ибн Касир былай деді: “Аллаһтың жолында соғысыңдар, бірақ бұл жолда шектен шықпаңдар. Бұған Хасан әл-Басри айтқанындай, мәйіттерді қорлау, олжадан ұрлау, шайқасуға көмектеспейтін әйелдерді, балаларды және қарттарды өлтіру; сондай-ақ монахтар мен монахтар тұратын жеке бөлмелерде өмір сүрушілерді өлтіру; талдарды өртеу мен жануарларды пайдасыз өлтіру сияқты тыйым салынған нәрселер жатады. Бұл жөнінде Ибн Аббас, Умар ибн Абдуль Азиз, Муқатиль ибн Хаян т.б. айтқан”. “Тафсир Ибн Касир” 1/313.

Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди былай деді: “Бұл аят Аллаһтың жолында соғысу әміріне нұсқайды. Ол мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін түсірілген. Мұсылмандарда күш-қуат пайда болған кезде, Аллаһ оларға соғысуды парыз етті. Аллаһ мүминдермен соғысуға дайын болған кәпірлермен соғысуды әмір етті. Бұл мұсылмандарға қарсы әскери қимылдарға қатысатын ересек ерлерге қатысты, бірақ шешім шығармайтын және әскери қимылдарға қатыспайтын қарттарға қатысты емес.  Ал рұқсат етілгеннің шегінен шығуға тыйым туралы айтар болсақ, ол әйелдерді, ақыл-ессіздерді, балаларды, адамдардан аулақ оңашаланып өмір сүрушілерді өлтіруге, талдарды шауып тастауға және басқа да мұсылмандарға еш пайда келтірмейтін істерге қатысты”. “Тафсир әс-Са’ди” 76.

Рабаха ибн Раби’адан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) бір әскери жорық кезінде: «Халидке айтыңдар: қарттарды, әйелдерді және қызметкерлерді өлтірмесін», — деп айтқаны жеткізіледі. Ахмад 3/488, Әбу Дауд 1/416. Хадис хасан. “әс-Сильсиля әс-сахиха” 2/314.

Осы жерде айта кететін бір ескерту бар. Ол – имам әш-Шәфи’идің әйелдер мен балаларды өлтіруге деген тыйым олар мұсылмандардың мүлкі болып табылатындығына байланысты деген пікірі. Алайда бұл пікір өте әлсіз. Және ғалымдар да бұл пікірді қабылдамаған. Бұл пікірді имам Ибн Батталь өзінің “Шарх Сахих әл-Бухари” еңбегінде (5/171), сондай-ақ, басқа да көптеген имамдар жоққа шығарған. Өйткені әйелдер мен балаларды өлтіруге тыйым салудың мәні олар мұсылмандардың мүлкі болып табылатындығында емес, соғысушылардың қатарынан еместігінде. Және әйелдерді өлтіруге тыйым салынуының осы себебін Пайғамбардың өзі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын): «Оны өлтірмеу керек еді, өйткені ол соғысушылардан емес еді!» — деп еске салған болатын. Ибн Мажжәһ 2/195, Ибн Хиббан 1656. Шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Мұның үстіне, бұл пікір әш-Шәфи’идің: “Мұсылмандардың ешқайсысына мақсатты түрде әйелдер мен балаларды өлтіруге рұқсат етілмейді, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) бұған тыйым салған. Олар соғысу рұқсат етілгендердің қатарына кірмейді. Сондай-ақ, монахтарды өлтіруден де, олар қай жерде болмасын: тұратын жеке бөлмелерінде ме, монастырларда ма немесе шөл далада ма тыйылу керек. Біз өзін монахтыққа бағыштаған әрбір адамды өлтіруден бас тартамыз, Әбу Бакр (Аллаһ одан разы болсын) дәл осылай істейтін”, — деп өзі айтқан сөздеріне қайшы келеді. “әл-Умм” 4/239-240.

Осылайша бұл сөздерден имам әш-Шафи’и кейіннен аталып өткен пікірден бас тартқан болуы мүмкін деген қорытынды шығаруға болады, оның үстіне, көптеген ғалымдар егер кәпірлердің әйелдері мен балалары шайқасуға қатыспайтын болса, оларды өлтіруге тыйым салынғандығы туралы бірауызды келісімді (ижма’) жеткізген болатын. Имам ән-Науауи былай деді: “Кәпірлердің әйелдері мен балаларын, егер олар шайқасуға қатыспайтын болса, өлтіруге тыйым салынғандығы туралы ғалымдар бірауызды келісімде!” “Шарх Сахих Муслим” 11/292.

Бұл мәселедедігі бір бірауызды келісім туралы, сондай-ақ, Ибн әл-Мунасыф және имам Ибн Рушд хабарлаған. “әл-Инжад фи абуабиль-жихад” 372, “Бидаятуль-мужтахид” 1/386.

Шейх Ибн әл-Қайим былай дейтін: “Өлтіру күпірліктің себебінен емес, соғысудың себебінен рұқсат етіледі! Дәл осы себептен де соғысуға қатыспайтын әйелдер мен балаларды, келісім-шартта болғандарды және монахтарды өлтіруге тыйым салынған еді! Мұның үстіне, біз (тек) өзімізбен соғысқандармен ғана соғысамыз!” “Ахкаму ахли-зиммә” 1/27.

Шейх Ибн әл-Қайимның сөздерінің мағынасы Исламда қорғану жихады ғана бар дегенде емес, тіпті шабуыл жихадында да мұсылмандармен соғысып, бірқұдайшылдықтың орнатылуына қарсылық жасағандармен  ғана шайқас жүретінінде.

Аллаһ Тағала: «Жер бетінде, онда тәртіп орнатылғаннан кейін, бұзақылық таратпаңдар» (әл-А’раф 7: 56), — деп бұйырады.

Имам әл-Қуртуби: “Аллаһ Тағала тәртіп орнатылғаннан соң, бұзақылықтың кез-келген түріне тыйым салды, мейлі ол үлкені, мейлі кішісі болсын”, — деп айтты. “Тафсир әл-Қуртуби” 6/145.

Және мұсылмандардың әйелдері мен балаларын өлтіріп жатқан кәпірлердің қиянатшылдығы мен озбырлығын айтып, сол себепті өздері де сондай әрекеттер жасап жүргендерге ақталу жоқ. Мұндай жағдайда бұл – Аллаһтың жолындағы жихад емес, бұл ыза мен кек үшін шайқас болады, ал бұл тыйым салынған. Бүкіл нәрсені Білуші Аллаһ былай деді: «Әй мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде бекем тұрыңдар. Және адамдарға деген өшпенділік сендерді әділетсіздікке тартпасын» (әл-Маида 5: 8).

Имам әл-Қуртуби былай деді: “Бұл аят кәпірдің күпірлігі оған қатысты әділдік танытуға кедергі болмайтынын нұсқайды”. Ол сондай-ақ, былай деп айтты: “Кәпірлердің мәйіттерін қорлауға тыйым салынады, тіпті олар біздің әйелдеріміз бен балаларымызды өлтірсе де. Және біз олармен де осылай істемеуіміз керек”. “Тафсир әл-Қуртуби” 5/85.

Яғни ол «кәпірлер тіпті мұсылмандардың балалары мен әйелдерін өлтірсе де, мұсылмандар олардың әйелдері мен балаларын өлтіруге хақысы жоқ» дегенді айтып тұр.

Алайда айтылғандардың барлығына қарамастан, өз кезегінде шейх Ибн Усайминді жек көруші адамдар оның «кәпірлерлер осылай жасаса, олардың әйелдері мен балаларын өлтіруге болады» деген сөздерін келтіреді.

Хафиз Ибн Касир бұл аят туралы былай деді: “Адамдарға деген өшпенділік сендерді оларға қатысты әділ болуды тастауға итермелемесін, керісінше, әрбір адамға қатысты, ол – дос болсын, дұшпан болсын, әділдік таныту керек”. “Тафсир Ибн Касир” 2/215.

Тура соны Аллаһтың Елшісі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) былай деп айтып бұйырды: «Әрі саған қатысты қиянат жасағанға қиянат жасама». әт-Тирмизи 1264, Әбу Дауд 3534. Хадистің сахихтығын имам әт-Тирмизи, Әбу Дауд, Ибн әс-Сакан және әл-Әлбани растаған. “әс-Сильсиля әс-сахиха” 423.

‘Абдуллаһ ибн Рауаха Хайбар яхудилеріне келгенде олар оған Пайғамбардың   (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) үстінен арыздана бастағанын, және ол оларға: «Әй, Аллаһтың дұшпандары! Аллаһпен ант етемін, мен сендерге мен үшін ең сүйікті адамнан келдім, ал сендер мен үшін малмылдар мен доңыздардан да жек көрініштісіңдер! Алайда менің сендерге деген жек көрушілігім және менің Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) деген махаббатым мені сендерге қатысты әділетсіздік жасауға итермелемейді!” – деп айтқанын Ибн ‘Умар баяндаған. Ибн Хиббан 5176, әл-Байхақи 6/114. Шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Ибн ‘Аббас былай деп баяндайтын: “Фанхас деген яхуди Аллаһты – түгі жоқ пақыр, ал өздерін – бай дегенде, Әбу Бакр оны тұмсығынан ұрып: «Жаным қолында Тұрғанның атымен ант етемін, егер біздің арамыздағы сол бір келісім-шарт болмағанда, мен міндетті түрде сенің басыңды шауып алар едім, ей, Аллаһтың дұшпаны!» — деді”. әт-Табарани 8300. Шейх Ахмад Шакир иснадын сахих деді.

Пайғамбардан кейін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) бұл үмметтегі ең жақсы мұсылман болған Әбу Бакрдің әрекетіне назар аударыңдар, я, мұсылмандар! Бұл жексұрын яхудидің соншалықты жиіркенішті сөздерінің өзі оны шектен шығып, келісім-шартты бұзуға апарған жоқ. Ал біздің кезімізде қаншама адамдар сол яхудидің айтқанынан да аз нәрсе үшін «бұл — Аллаһтың разылығы үшін» деген сылтаумен бұзақылық жасап жүр?!

Ислам – қисын мен құмарлықтарға емес, Құран мен Сүннетке негізделген қатаң заң ережелеріне ие болған кемел дін.

Мұсылман үмметінің имамдарынан ешкім қиянатшылдықты тіпті кәпірлерге қатысты рұқсат етілген деп санамаған, ал хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр былай деген: “Қиянатшылыққа тыйым салыңғандығына имамдар бірауызды келісімде!” “әт-Тамхид” 24/233.

Имам Абу Бакр ибн әл-‘Араби былай дейтін: “Әділдік таныту мұсылмандармен соғысатынға да, соғыспайтынға да қатысты міндетті болып табылады!” “Ахкамуль-Қуран” 4/288.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия “Мажму’уль-фатауа” жинағында былай деген: “Барлық нәрсеге және әркімге қатысты әділдік таныту әрбір адам үшін міндетті болып табылады. Сондай-ақ, әрбір адам үшін әділетсіздік, оның барлық формаларында және әркімге қатысты, ол  мұсылман, кәпір, жәбірлеуші болсын, харам болып табылады. Аллаһ Тағала былай дейді:  «Әй, мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде бекем тұрыңдар. Және адамдарға деген өшпенділік сендерді әділетсіздікке тартпасын» (әл-Маида 5: 8), — және «адамдарға деген өшпенділік» дегенде кәпірлерге деген өшпенділік айтылып тұр”. Ол сондай-ақ, былай деген: “Әділдік – бұл Кітаптармен және пайғамбарлармен жіберілген нәрсе. Оның қарама-қайшысы – оған тыйым салынған зұлымдық, бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болын) өзінің Раббысынан жеткізген хадисте: «Ей, Менің құлдарым! Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім, және сендердің араларыңда да оны харам еттім!» — деп айтылғандай”. Муслим 2577.

Сондай-ақ,  Ибн Таймия былай дейтін: “ «Ақиқатында, Аллаһ әділ мемлекетке көмек көрсетеді, тіпті ол кәпір мемлекет болса да, және әділетсіз мемлекетті көмексіз қалдырады, тіпті ол иман келтірген мемлекет болса да», — деп айтылған”. “Мажму’уль-фатауа” 28/63.

Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Баррак былай деді: “Кәпірлердің елдерінде өмір сүріп жатқан кейбір надан мұсылмандардың оларға қарсы жасап жүрген ұрлық, олардың құқықтарын бұзу, қақысыз ұрып-соғу мен балағаттау сияқты қылмыстары Ислам шариғатында харам болып табылады! Бұл адамдардың істеп жатқандарының Исламға ешқандай қатысы жоқ! Ал бұдан да жаманы – бұл түрлі мекемелерді жарып жүрген кейбір адасқандар жасап жатқан терактілер. Ақиқатында, Аллаһ  әділеттің таралуы үшін және Оның Сөзі жер бетінде үстем болуы үшін Өзінің құлдарының арасында заңдастырған жихадқа мұның еш қатысы жоқ!  Тіпті, бұл – тыйым салынған бұзақылық!” Қз.: “И’тида ‘алә ғайриль-муслимин” 3.

www.salaf-forum.ru

You may also like...