Шейх әл-Әлбанидің қысқа насихаты

Шейх (Аллаһ оған рахым етсін) бірде «Адамдар: «Иман келтірдік«, — деп айтқандары үшін қалдырылып, сынаққа алынбайды деп ойлады ма? Біз олардан бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ, Аллаһ, әлбетте, шыншылдарды да біледі, өтірікшілерді де біледі» (әл-‘Анкабут 29: 2-3) деген аятты еске алып былай деді:

«Егер біз шындығында да дініміздің аясына қайта оралғымыз келсе, онда бірінші кезекте оны дұрыс түсініп, оған сәйкес амал етуіміз қажет.  Аллаһ Тағала былай деді: «(Мухаммад) оларға: «Істейтіндеріңді істеңдер. Істеріңді Аллаһ, Пайғамбар және мүміндер көреді. Сондай-ақ, көмес пен көрнеуді білуші Аллаһқа қайтарыласыңдар да, сендерге не істегендерің білдіріледі», — де».  (әт-Тәуба 9: 105).

Ал енді біз дінді дұрыс түсінеміз бе? Соған бір қарайықшы. Жауап: «Жоқ!» Оған сәйкес жасап жатқан істеріміз дұрыс па? Жауап: «Жоқ!» Алайда мәселе мұсылман әмірлерінің кемшіліктеріне қатысты болғанда, біз барлығымыз ынта мен батылдық танытып: «Ал неліктен сендер Аллаһтың түсіргенімен үкім етпейсіңдер?», — дейміз.

Мұндай сұрақтарды қоюшы адамдарға берер жауабымыз мынау: «Өйткені біз өзіміз Аллаһтан түсірілгенге сәйкес үкім етпейміз. Ал біздің әмірлеріміз тыстан келген адамдар емес, олар біздің өзімізден шыққан.[1] Ал егер солай болса, неліктен біз өзімізді ұмытып, өзгелерді айыптауға асығамыз. Егер біз өзімізді өзіміз түзетсек, онда Раббымыз бізге Өзінің көмегін беретініне күмән жоқ. Және бұл Оның уәдесі болып табылады. Әрбір адам, ол ғалым немесе қарапайым мұсылман немесе белгілі көзқарасы бар жай ғана адам болсын, Аллаһ Тағаланың мына сөздері туралы біледі: «Егер Аллаһқа көмектессеңдер, Ол да сендерге көмектеседі»(Мухаммад 47: 7). Ақиқатында, Аллаһтың уәдесі – ақиқат және Ол оны ешуақытта бұзбайды. Аллаһқа көмектесу дегеннің астарында дұшпанға шабуыл жасайтын әскер емес, пенделердің Аллаһ Өзінің Пайғамбарымен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жіберген Шариғатына сәйкес келетін  амалдары тұспалданып тұрғанын әрбір адам біледі. Ал ендеше қарайық: біз осыған сәйкес амал жасаймыз ба?»



[1] Ислам әлемінің проблемалары бұзақы әмірлерде емес. Аллаһ Тағала былай дейді: «Осылайша залымдардың істегендері себепті бірін-біріне үстем қыламыз» (әл-Әнғам 6: 129).

Қатада былай деп айтқан: “Аллаһ адамдардың үстінен билікті олардың істеріне сәйкес береді! Мүмін мүмінге билік жүргізеді, кәпір кәпірге билік жүргізеді!” Ибн Касир “Тафсир” 2/346.

Ал істің мән-жайы кәпірлердің қастықтары мен  олардың күш-қуатында емес. Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Бірақ сабырлы және тақуа болсаңдар, олардың қастықтары сендерге ешқандай зиян тигізбейді» (Әли ‘Имран 3: 120).

Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди былай деген: “Аллаһ Тағала мүмін құлдарға сабырлық пен тақуалық танытуды бұйырды. Егер олар осы әмірді орындаса, онда олардың дұшпандарының қастығы оларға ешқандай зиян тигізбейді, өйткені Аллаһ Өзінің білімімен кәпірлердің өздерін де, олардың ойластырған жауыздықтары мен қастығын да қамтиды. Ол мұсылмандарға, егер олар Одан қорықса, ешкім зиян тигізе алмайтынын уәде етті, және олар бұл уәдеге күмән келтірмеулері керек”. әс-Са’ди “Тафсир” 249.

Демек, мұсылмандар қасіреттердің шынайы себептерін іздеп, оларды түп-тамырларынан емдеулері қажет. Ал, барлық жамандықтың көзі – бұл жөнінде шейх әл-Әлбани жоғарыда айтқанындай, біздің өзіміз. Бұл жөнінде бізге Аллаһ Тағала да: «Сен душар болған жақсылықтың барлығы Аллаһтан, ал сен душар болған жамандықтың барлығы сенің өзіңнен» (ән-Ниса 4: 79), — деген.

You may also like...