«Ислам жері (дәрул-Ислам)» мен «кәпірлердің жері (дәрул-куфр)» ұғымдарының анықтамасы

Бүкіл мақтау әлемдердің Раббысы — Аллаһқа. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның жанұясы мен оның барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Одан кейін:

«Ислам жері» (дәрул-Ислам) және «кәпірлердің жері» (дәрул-куфр, дәрул-харб) ұғымдарының анықтамаларына қатысты ғалымдар бірнеше пікірге бөлінеді.

Дегенмен, ең күшті және дәлелдерге негізделген әрі көпшілік ғалымдардың пікірі болып табылатыны – ол жерді мекен еткен адам Исламды ашық ұстанып жүре алса, сол жер «Ислам жері» (дәрул-Ислам) болып табылады. Бұған Құран мен Сүннет дәлел болады. Аллаһ Тағала Өз пайғамбары Мусаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын): «Мен саған кәпірлердің жерін көрсетемін», — дейді (әл-Ағраф 7/145).

Аллаһ ол жерді дәл сол кезде мекендеген адамдардың себебінен солай атайды. Ал кейіннен Аллаһ тура жерді қасиетті деп атайды.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жорықтың алдында әскер басшысына насихат жасай отырып: «Әуелі оларды (көпқұдайшылдарды) Исламға шақыр, егер олар қабылдаса, тиіспе, бейбітшілік бер. Кейіннен оларды өз жерлерінен мухажирлердің жерлеріне қоныс аударуға шақыр. Егер де олар мұны жасаса, мухажирлер пайдаланатын барлық құқыққа ие болады», — деді (Муслим 1731).

Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаны — мухажирлердің жері деп атады!

Бұлар осы тақырыпқа арналған анық және тура дәлелдер.

Ал Исламды ашық ұстануға қойылатын талаптарға келер болсақ, бұл талаптарға дәлел Әнастан (Аллаһ оған разы болсын) келетін хадис болып табылады. Бұл хадисте Әнас (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен бірге адамдарға қарсы жорыққа шыққан кезде, оларға таң атқанша шабуылдамай, күтетін. Егер азан даусын естісе, оларға тиіспейтін, ал егер азан даусын естімесе, шабуылдайтын»,деді (Бухари 610).

Аталмыш хадис жерді анықтаудың да басты дәлелі болып табылады. Хафиз Ибн ‘Абдул-Барр былай деп жазады: «Мен кез келген елді мекеннің Ислам жері немесе кәпірлердің жері екендігін ажырату үшін азанның міндетті екендігінде ғұламалар арасында келіспеушілікті білмеймін». Қз.:“ал-Истизкар” 4/18 және “әт-Тамхид” 3/61. Осындай пікірді әл-Мәзири, әз-Зурқани секілді және т.б. имамдар айтқан. Қараңыз: «Шарх әз-Зурқани» 1/147.

Бірақ Шейх Ибн ‘Усаймин қазіргі кезде кейбір кәпір елдерде де азан шақыруға рұқсат етіледі, алайда соған қарамастан ол елдер мұсылмандық болып табылмайды дейді. Дегенмен, Пайғамбарымыздың  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінен бастап азан Исламдық жерді кәпірлердің жерінен ажырататын талап болып табылған. Сондықтан ғалымдар осы талапты негізгі талап ретінде қалдыра отырып, егерде бір жерде басым көпшілік мұсылмандар болса, Исламды ашық ұстанып жүруге мүмкіндік болса, бұл жер Исламдық жер болып табылады деген. Қз.: Ибн ‘Усайминнің “Шарх Сәләсәтул-усул” 97 кітабы).

Сондықтан белгілі бір жерде Исламның рәсімдерінің ашық ұсталуы — жерді анықтаудың ажырамас шарты.

Сонымен бірге ол жер мұсылмандарға тиісті болу керек, себебі кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, мұсылмандардың белгілі бір жерге иелік етпей, сол жерге жай ғана өмір сүруі ол жерді Ислам жері етпейді. Оған дәлел ретінде олар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  яһудилердің Хайбар және т.б. жерлерін басып алған кезінде, ол жерлерде яһудилер өмір сүргеніне қарамастан, аталмыш жерлерде мұсылмандар билік жүргізгеніне байланысты олар Ислам жері болғанын келтіреді.

Дегенмен, шәфи`илердің имамы әр-Рамли: «Мұсылмандар Ислам бойынша өмір сүретін жер кәпірлерге тиісті болғанына қарамастан Ислам жері болып табылады», — деп деп есептеген. Одан «Андалусияның христиан адам басшы болып табылатын Аргун қаласында тұратын мұсылмандардың жағдайы қандай? Оларға қысым жасалмайды, олардың мешіті бар, олар Рамазанда ораза ұстайды, садақа береді, ережеге сай худуд (жазалау) жасайды», — деп сұрайды.

Сұраққа имам былай жауап қатады: «Олар өз діндерін ашық ұстанып жүре алуларына байланысты тұрып жатқан қалаларынан һижра жасаулары парыз емес! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Худайбия бітімшарты кезінде Усманды Меккеге өз дінін ашық ұстанып жүре алатын болғандығы үшін де жіберген жоқ па?! Бұдан тыс ол жер тұрғындарына тұрғылықты мекендерінен хижра жасауға рұқсат етілмейді, әрі олар сол мекенде өмір сүре жүріп, өзгелерге Исламды уағыздайды, осылайша  (олар) дәрул Ислам болады. Ал егер де олар ол мекендерінен һижра жасап кетер болса, тұрғылықты жерлері Дәрул-куфр болып қала береді». Қз.: “Фатауа әр-Рамли” 4/52.

Осылайша, жерді анықтауда ол жердің кімге тиістілігі міндетті шарт болып есептелетіндігіне байланысты ғалымдар арасында әртүрлі пікір бар. Алайда «жер мұсылмандарға тиесілі болу керек» деген ғалымдардың пікірі күштірек болып келеді, себебі олай болмаған жағдайда Исламды ашық ұстанып жүре алуы — оларға рұқсат беретін немесе бермейтін жердің қожайынына байланысты болып қалады. Имам Абу Бәкр әл-Исма’или өзінің мухаддис имамдар ақидасы туралы белгілі жолдауында: «Хадис білгірлерінің му’тазалилерден айырмашылығы — хадис білгірлері Ислам жері деп намазға ашық шақырылатын және намаз ашық оқылатын, мұсылмандар орныққан және қауіпсіз тіршілік ететін жерді айтады», — дейді. Қз.: “И’тиқаду аиммати аһлил-хадис” 26.

Имам әс-Сархаси: «Исламдық жер дегеніміз – мұсылмандарға тиесілі екендігін көрсететін белгісі бар елді мекен, не жер атауы, ал оның белгісі болып (жердің мұсылмандарға тиесілі екендігін көрсететін белгісі) ол жерде мұсылмандар қауіпсіз және бейбіт өмір сүруі болып табылады». Қз.: “Шарх әс-Сияр” 3/81.

Осы жерде айтып кетуге тиісті жайт — кейбір мұсылмандар «шариғатпен төрелік жасалмайтын немесе басшысы кәпір болған жер, ол жерде мұсылмандар өмір сүріп, діндерін ашық ұстанса да, Ислам жері болып табылмайды» деген кейбір имамдардың пікірлерін дәлел ретінде келтіріп, күмән салады.

Дәлел ретінде олар кейбір ғалымдардың пікірлерін келтіреді, мысалы, Абу Я’ләнің: «Күпірлік заңы емес, шариғат заңы үстемдік ететін кез келген жер Ислам жері болып табылады. Ал Шариғат заңы емес, күпірлік заңы үстемдік ететін кез келген жер күпірлік жері болып табылады», — деген сөзін келтіреді. Қз.: “әл-Му’тәмид фи усули-ддин” 267.

Немесе олар имам әл-Қасанидің: «Кез келген жер не Исламға, не күпірлікке тиесілі. Егер ол жерде Шариғат заңдары қолданылса – ол Исламға тиесілі, ал күпірлік заңдары қолданылса – күпірлікке тиесілі болады», — деген сөзін келтіреді. Қз.: «Бәдәи’у әс-сәнаи’» 9/375.

Бұл сөздерге бірнеше ескертулер бар:

Біріншіден, имамдардың сөздері өздігінен дәлел бола алмайды, бұған ғалымдар арасында ешқандай талас жоқ, әрі олардың сөздері жоғарыда келтірілген дәлелдерге қарсы тұра алмайды және оларды жоққа шығара алмайды;

Екіншіден, аталмыш имамдардың сөздері дұрыс аударылмаған, оған біз ол сөздердің түпнұсқасын тексеру арқылы көз жеткіздік. Олар «шариғат заңдары» деп емес, «әхкамул-Ислам» деп айтады, яғни Исламның рәсімдері мен заңнамалары;

Үшіншіден, «әхкамул-Исләм» терминінің мағынасын мазһаб имамдарының өздері-ақ түсіндіреді:

Мысалы, Имам әл-Касанидің өзі: «Ислам әхкамдары анық көрініс берген кезде дәрул-куфр дарул-Исламға айналатындығы жөнінде біздің (ханафилердің) арамызда талас жоқ!», — дейді. Қз.: «Бәдаи’у-ссәнаи’» 7/130.

«Әхкамул-Ислаам» сөзінің мағынасы тек «шариғатпен төрелік» етумен ғана шектелмейді, алайда бірінші кезекте: азан, жұма және айт (‘ид) намаздары және т.б. діни рәсімдерді орындау болып табылады. Ғалымдар, оның ішінде ханафи имамдардың өздері де бұл терминді нақ осылай түсінеді: “Дәрул-куфрде жұма және айт (‘ид) намаздарын өткізу сынды Ислам әхкамдары бекітілген кезде ол дәрул-Исламға айналады”. Қз.: “әд-Дурул-мухтар” 4/130 ханафи кітабы.

Дәл сол секілді қазы Абу Я’ләнің сөздері жайында да айтса болады. Ханбали мазһабының фиқһ кітабында: “Дәрул-куфр жұма және айт намаздары секілді мұсылман әхкамдары (орнатылғаннан) соң дәрул-Исламға айналады”, — делінген. Қз.: “әд-Дурарул-хуккам” 1/331.

Шейх Ибн ‘Усаймин «Тафсир» сабағының 13-аудиотаспасының 26-минутында «Ислам жері мен күпірлік жерінің ажырату шекарасы қандай?» деген сұраққа: “Ислам жері – ол билеушісінің кім екеніне қарамастан Ислам рәсімдері орындалатын жер. Тіпті ол жер билеушісі кәпір болса да, бірақ ол жерде Ислам рәсімдері орындалатын болса, онда ол жер Исламдық жер! Мысалы, азан айту, намазға тұру, жұма және айт намаздары, ораза ұстау, Хаджға аттану және т.б. болса. Ендеше, билеушісі кәпір болса да, бұл Ислам жері! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер біз билеушінің анық күпірлігін көрсек, онда онымен соғысуға бұйырды. Мұның түпкі мағынасы — жер Исламдық болып қала береді, алайда билеушімен соғыс жасалады және ол тағынан құлатылады!”, — деп жауап берді.

Сондықтан да ең басында келтірілген пікір – пікірлердің ең дұрысы, әрі ол пікір көпшілік ғалымдардың, сонымен бірге  шейхул-Ислам Ибн Таймийяның да ұстанған пікірі болып табылады.

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя: “Қандай да бір аймақтың «күпірлік жері (дарул-куфр)», «Ислам жері (дәрул-Исләм)» немесе «бұзақылар жері (дәрул-фәсиқин)»  деп анықталуы айнымас анықтама емес. Жоқ, керісінше, мұндай анықтама ол жерді мекендеуші халықтарға тікелей байланысты. Иман келтірген және Аллаһтан қорқатын адамдар тұратын жер Аллаһқа жақын адамдар жері болып табылады. Дәл осылайша кез келген кәпірлер тұратын жер де, солар өмір сүру уақыты аралығында кәпірлердің жері, ал кез келген пасықтар мекен ететін жер сол уақыт ішінде  пасықтардың жері болып табылады. Егер де бір жердің халқын келесі бір халық алмастырар болса, онда ол жер алмастырған халықтың жері болып есептеледі. Егер бір жерді мекендеуші халықты басқа бір халық ауыстырса, онда аталмыш жер сол ауыстырған халықтікі болады. Бұл мешіттен шарапхана жасаған, оны жезөкшелік үйге, бұзақылық пен зұлымдық орнына айналдырған немесе Аллаһтан өзге тәңірлерге табынатын шіркеу еткен секілді; мұндай жағдайда мешіт — ішін толтыратын адамдарға байланысты мәртебесін өзгертеді. Әрі, керісінше, кез келген шарапхана, жезөкшелік үй немесе сол секілді ғимарат (мешіт болып өзгертілсе) ондағы тиісті өзгеріске байланысты ол Аллаһқа құлшылық ететін мешітке айналып, мәртебесін өзгертеді”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фатауа” 18/281.

Шейхул-Ислам тағы да: “Бұл – білу міндетті болып табылатын маңызды негіз, шындығында елді мекен (қала) оны мекендеушілерге байланысты белгілі бір уақыт аралығында мақтаулы немесе даттаулы болуы мүмкін! Ал тұрғындардың жағдайы өзгерген кезде, қаланың да жағдай өзгереді. Мақтау да, даттау да, сыйлық та, жаза да иман мен ізгі істерге немесе күпірлікке, пасықтыққа және бағынбаушылыққа байланысты!”, деп айтты Қз.: “әл-Фатауа әл-кубра” 2/446.

Сонымен бірге шейхул-Ислам: “Аллаһ Тағала Муса пайғамбарға (оған Аллаһтың мен сәлемі болсын) «Мен саған кәпірлердің жерін көрсетемін», деді (ал-Ағраф 7: 145). Бұл жер оны мекендеушілер себебінен солай болды, алайда артынша ол жер мұсылмандардың жеріне айналды! Және Құранда айтылатын бұл жер — ардул-муқаддаса (қасиетті). Жердің жағдайы адамдардың жағдайлары секілді!”, – деді. Қз.: “Мәжму’ул-фатауа” 18/282.

Сонымен қатар фиқһ бойынша белгілі кітаптардың бірі болған «Қауа’идул-фуқаһада» 1/288 жерді анықтау тұралы: “Ислам жері – тұрғындарының көпшілігі мұсылмандар болатын, олар өздерін ол жерде қауіпсіз сезінетін жер. Ал кәпірлердің жері мұсылмандар жерінің жағдайына қарама-қарсы, яғни тұрғындарының көпшілігі мұсылман емес жер”, — деп айтылған.

Шейх әл-Әлбани: «Шындығында, қазіргі таңдағы Ислам жерлері бұрынғыдай емес! Дегенмен, қалай болғанда да, ол жерлер кәпірлердің жері болып саналмайды, олар Ислам жерлері», — деді.

Шейх әл-Әлбани тағы да: «Шейхул-Ислам Ибн Таймийяның патуаларынан, бізге белгілі бір жер оның ішкі жағдайымен емес, оның тұрғындарымен төрелік етілетіні түсінікті болады. Егер елді мекен (қала) тұрғындарының көбі мұсылмандар болатын болса, олардың басқарылуы Исламға сай келмейтін болса да, ол жер дәрул-Ислам», — деп айтты. Қз.: “Силсиләтул-һуда уә-ннур” № 771.

Шейх әл-Әлбаниден: «Кейбір адамдар: «Бір жердің көпшілік тұрғыны кәпір болғанымен, егер ол жерде Аллаһтың заңымен төрелік етілетін болса, онда ол жер Ислам жері, ал көпшілік тұрғыны мұсылман болғанымен Аллаһтың заңымен төрелік етпейтін болса, онда ол жер кәпірлердің жері», — деп айтады. Осы дұрыс пікір ме?», — деп cұрағанда Шейх: «Жоқ! Бұл дұрыс пікір емес!», — деп жауап қатты. Қз.: “Силсиләтул-һудә уә-ннур” № 355.

Шейх Ахмад ән-Нәжмиден: «Алжир және Мағриб секілді елдерде Аллаһтың заңымен төрелік етілмесе де, олар ислам елдері болып табылады ма?», — деп Франциядан сұрағанда, шейх: “Егер ел «Лә иләһә илләЛлаһты» ашық көрсетсе, ол елде азан ашық шақырылса, мешіттерде намаз оқылса және т.б. онда ол ел Ислам елі деп айтылады!”, — деп жауап берді.

Аллаһ Тағала: «Ол (Ибраһим): “Уа, елшілер, сендердің мақсаттарың қандай?”, деді. Олар (періштелер): “Біз күнәһар адамдарға балшықтан пісірілген тастар жаудыруға жіберілдік, бұл сенің Раббыңның қылмыскерлер үшін белгілегені”, – деп жауап берді. Біз ол жерден барлық иман келтіргендерді шығардық, бірақ ол жерден тек бір мұсылман үйін таптық», — деді (әз-Зәрият 51/31-36).

Шейх Ибн ‘Усәаймин: “Бұл аяттан алынатын пайда: егерде бір қалада (елде) мұсылмандар басшылық етсе, онда ол қалада (елде) христиандар, яһудилер, көпқұдайшылдар мен атеисттер (құдайды жоққа шығаратындар) өмір сүрсе де, ол қала (ел) – Ислами қала. Себебі Аллаһ Луттың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) әйелі кәпір болғанына қарамастан, оның үйін Ислами үй деп атады емес пе?!”, – деді. Қз.: “Шарх әл-әрбә’ина ән-Нәуауия”, хадис № 2.

Ал хауариждерге келер болсақ, олардың алдынғы және соңғы буынының сенімі бойынша егер ислами жердің басшысы кәпір болса, перғауын мен оның әскерлері секілді, ол жер де, ол жерді мекен ететін барлық тұрғындары да кәпір болып кетеді.

Имам Абул-Хасан әл-Әш’ари хауариж секталарының бірі «Бәйхасияның» белгілерін атап: “Олар: «Егер билеуші (имам) кәпір болса, оның халқының да барлығы кәпір болады», — деп, сонымен қатар олар: «Бұл жер көпқұдайшылдардікі, ал оның барлық тұрғыны көпқұдайшылдар», — деп айтады”, – деді. Қз.: “Мәқаләт әл-исләмийин” 1/194.

Шейхул-Ислам Ибн Таймийя: “Хауариждер мен бидғаттың жақтаушылары мұсылман жерлерін — кәпірлердің жерлері деп, ал өздерінің жерлерін – иман жерлері деп санайды”. Қз.: “Мәжму’ул-фатауа” 19/72.

Әрі соңында бүкіл әлемдердің Раббысы — Аллаһқа мақтаулар болсын!

You may also like...