Шейх мухаддис Насыруддин әл-Әлбанидің, Аллаһ оны рахымына бөлесін, күпірлікте айыптау мәселесі бойынша жауабы

Сұрақ: «Құрметті шейх, бүгінгі күні Ауғанстанда дұрыс жолдан ауытқыған көптеген топтар әрекет етіп жатқаны сізге мәлім. Өкінішке орай, олар біздің алдыңғы ізгі буын өкілдеріміздің жолына ешбір қатысы жоқ өздерінің идеяларын, кейбір өкілдері Ауғанстанда соғысқан жастарымыздың арасында таратып үлгерді. Әңгіме әмірлерді (ел басшыларын) күпірлікте айыптау жөнінде және олар «Сүннеттің ұмытылған әдет-ғұрыптары»  деп атайтын нәрселерді қайта жандандыру туралы болып тұр. Қазіргі, соғыс аяқталған және бұл жастар үйіне қайта оралған кезде, олардың кейбіреулері  жоғарыда аталып өткен күмәнді көзқарастарды өздері тұратын жерлерде тарата бастады. Бізге Сіздің бір бауырымызбен күпірлікте айыптау мәселесі бойынша ұзақ пікірталас жүргізгеніңіз мәлім. Бұл пікірталас аудиотаспасының сапасы нашар болғандықтан, біз сізден осы мәселе бойынша түсіндірме беруіңізді сұраймыз және Аллаһ Сізге игілігімен қайырсын».

Жауап: «Аллаһқа мадақ, біз Оны ғана мадақтаймыз және одан көмек және кешірім тілейміз. Аллаһтан өз нәпсіміздің жамандығынан және өзіміздің жаман істерімізден пана тілейміз; кімді Аллаһ тура жолға салса – оны ешкім адастыра алмайды, ал кімді Аллаһ тура жолдан тайдырса, оған оны ешкім нұсқай алмайды. Ешбір серігі жоқ Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ екендігіне және Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін.

Іс жүзінде күпірлікте айыптау мәселесі тек қана әмірлерге ғана емес, қоластындағыларға да қатысты. Мұның барлығы басын бір мұсылман сектасы бастап кеткен көне бүліктің жаңғырығы болып табылады. Оның мүшелері хауариж деп аталып кетті. Мұсылман секталары туралы жазылған кітаптарда хабарланатынындай, хауариждер бірнеше топқа бөлінді. Олардың біреуі бүгінгі күнге дейін бар, ал оның мүшелері ибадилер деп аталады. Бүгінгі күнге дейін ибадилер өзіне толық бекінген секта болатын және осы күндері шақыру (дағуат) деп аталып кеткен уағыздаумен айналыспайтын. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын олар белсенділігін күшейтіп, өздерінің (бүркену мақсатында қолданатын шиғалардың «такийа»[1] деп аталатын тәсілін айтпағанда) баяғы заман хауариждерінің  көзқарастарынан еш айырмашылығы жоқ  көзқарастарын насихаттайтын жолдаулар таратуға кірісті.

Олар өздері туралы: «Хауариж емеспіз дейді», — алайда атауға байланысты заттың мәні өзгермейтіні  сіздің барлыңызға мәлім. Өзге де нәрселермен қатар, оларды хауариждермен біріктіретіні – олар ауыр күнә жасайтын күнәхарларды кәпір деп есептейтіні. Қазіргі кезде тек кейбір топтарда ғана ақиқатқа шақыруда  Құран мен Сүннетке ілесетін адамдар бар, бұл, менің ойымша, екі себеппен түсіндіріледі.

Біріншісі – терең білімнің жоқтығы және дінді терең түсінуге деген жеткіліксіз ұмтылыс.

Екінші маңызды себеп —  адамдар Исламға дұрыс шақырудың негізінде жататын шариғи ұстанымдарды игермеуі. Мұндай ұстанымдардың біріне сәйкес дұрыс жолдан ауытқыған және Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бірнеше рет мақтау айтқан топтан алыстап кеткен кез келген топ Аллаһқа және Оның Елшісіне қарсы шығады. Сондай-ақ, бұл топ жөнінде Аллаһ Тағала да ескертіп, былай деді: «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына[2] бұрамыз да, Тозаққа саламыз. Ол — нендей жаман орын!» (ән-Ниса сүресі, 115-аят).

Білімге ие адамдарға айдай айқын болған себептерге байланысты Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса…» деген сөздермен ғана шектелмеді, алайда Елшіге бағынбауға нұсқаумен бір қатарда мүміндердің жолынан өзге жолға ілесуді де атап: «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жолға ілессе, оны бұрылған жағына бұрамыз да, Тозаққа саламыз. Ол — нендей жаман орын!» — деді.  

Сөйтіп, мүміндердің жолымен жүру немесе одан бас тарту маңызды рөл атқарады, өйткені мүміндердің жолынан өзге жолмен жүрушілерді тозақ тосып тұр. Бұл дегеніміз, бұрынғы және қазіргі топтардың көбі тура жолдан адасты, өйткені Құран мен Сүннетті түсіндіруде мүміндердің жолына ілеспей, өздерінің ой-тұжырымдарына немесе тіпті әуестеріне жүгінді, олардың негізінде өздерін біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміз ұстанған жолдан өзге жаққа бұрып жіберген өте маңызды қорытындылар жасады. Міне, сондықтан көптеген сахих хадистерде Аллаһтың «мүміндердің жолынан басқа жолға ілессе» деген сөздерінің мағынасы ерекше сызылып айтылады.

Мен атап тұрған және бір бөлігін мүмкіндігінше мен әлі келтіретін хадистер тек білім иелеріне ғана емес, қарапайып мұсылмандарға да мәлім. Адамдарға осы жоғарыда аталған хадистердің Құран мен Сүннетті түсінуде мүміндердің жолына ауытқымай ілесу қажеттілігіне нұсқайтыны ғана беймәлім. Бұл жөнінде, өзгелерді күпірлікте айыптауға кіріскендерді айтпағанда, көптеген білім иелері де  ұмытады.

Адамдар өздігінше ізгі және ықыласты болуы мүмкін, алайда бұл  адамның Аллаһтың алдында жетістікке және құтылуға жетуі үшін жеткіліксіз, өйткені мұсылманға екі нәрсе міндетті болып табылады: ықылас және Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ұстанғанына ауытқымай ілесу. Сөйтіп, оған тек ықыласты болу және іс-жүзінде Кұран мен Сүннеттің нұсқауларын ұстанып, осыларға өзгелерді де шақыру жеткіліксіз, өйткені бұдан тыс ол тура жолға ілесуі де керек.

Мен алдында атаған хадистердің қатарына жетпіс үш топ туралы хадис те жатады. Бірде Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Яхудилер жетпіс бір топқа бөлінді, христиандар жетпіс екі топқа бөлінді, ал менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді және олардың барлығы Отта болады, біреуінен басқа», — деді. Адамдар (сонда): «Оған (құтылған топқа) кім кіреді?» — деп сұрады, ол: «Келісімді (әл-жамаъаны) ұстанушылар», — деп жауап берді.  Хадистің басқа нұсқасында Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Мен және менің сахабаларым ұстанғанды ұстанатындар», — деп жауап берегені жеткізіледі. Имам Ахмад «Муснад», №11798 хадис; Ибн Мәжжәһ «Сунан», № 3993 хадис. Әт-Тирмизиде де осыған ұқсас хадис келтіріледі, «Сунан», №2641 хадис.

Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жауабы жоғарыда біз келтірген «мүміндердің жолынан басқа жолға ілессе» деген Аллаһтың сөздеріне толық сәйкес келіп тұрғанын көріп тұрмыз. Ең алдымен айта кететін жайт – мүміндердің жолы деп аталған жол — Аллаһтың Елшісінің сахабаларына қатысты айтылғандығы, ал ол, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өзі ұстанғанды ұстану қажеттілігін нұсқаумен шектелмеді, өйткені бұл Құран мен Сүннеттен терең түсінігі болған  мұсылманға жеткіліксіз болар еді.  Бұдан тыс, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, іс жүзінде Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың: «…мүміндерге өте аяушы, ерекше мейірімді» (әт-Тәубә сүресі, 128-аят) — дегеніне ілесті.

Ерекше аяушылық пен мейірімділік таныта отырып, ол өзінің сахабаларына және ізбасарларына құтылатын топтың сипаты Пайғамбардың өзі тірі шағында ұстанғанына және ол өлгеннен кейін оның сахабалары ұстанатынына ілесу болып табылатынын түсіндіріп берді. Демек, Кұран мен Сүннетті түсінумен ғана шектелмеу керек, оларды түсунудің қажетті құралы — араб тілін және көптеген басқа нәрселерді білу болып табылады. Бұдан тыс, сондай-ақ, Аллаһқа ғибадат етуде бізден көбірек ықылас танытқан, Құран мен Сүннетті бізден жақсы түсінген және өзге де көптеген өздеріне лайықты сипаттарымен ерекшеленген (мұны олардың өмірбаяндары дәлелдейді) Пайғамбардың сахабаларының өнегесіне ілесу керек. Біз жоғарыда келтірген хадис өзінің мазмұны бойынша  ізгі (шыншыл) халифалар туралы хадиспен ұқсас келеді.

Абу Наджих әл-Ирбад бин Сарийаның, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «Бірде Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бізге жүрегімізді қорқынышқа бөлеген, ал көзімізден жас төктірген өсиет айтты. Ал біз: «Уа, Аллаһтың елшісі, бұл қоштасып жатқан адамның өсиетіне ұқсап тұр, ендеше бізге насихат бер!» — дедік. Ол сонда былай деді: «Мынау менің сендерге берген өсиетім: Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһтан қорқыңдар және сендерге (эфиопиялық) құл әмірлік етсе де — тыңдаңдар және мойынсұныңдар. Ақиқатында, (сендерден) кім (менен кейін)  өмір сүрсе, көптеген келіспеушіліктердің куәгері болады, сондықтан сендер менің  Сүннетімді және менен кейін дұрыс жолмен жүретін салиқалы (шыншыл) халифалардың Сүннетін (мығым) ұстануларың керек». Абу Дауд «Сунан», №4607 хадис; әт-Тирмизи «Сунан», №2676 хадис.

Бұл хадис, Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, осыдан алдынғы сұраққа берген жауабы нұсқаған нәрселерге нұсқайды. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, өз үмметіне өзінің ғана Сүннетін ұстануды бұйырмады, өйткені ол: «…менен кейін дұрыс жолмен жүрген салиқалы халифалардың Сүннетін (мығым) ұстануларың керек», — деді.

Сөйтіп, егер біз шариғатымыздың және ғибадатымыздың мәнін түсінгіміз келсе, өзімізде қандай адамгершілік сипаттарын тәрбиелеуіміз керектігін және өзімізді қалай ұстап, әрбір мұсылманға не қажет екендігін білгіміз келсе, онда үнемі біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміздің өнегесіне жүгінуіміз керек, бұл әрбір адамға өзінің құтылған топқа жататынын, не жатпайтынын түсінуге мүмкіндік береді. Бұрынғы және қазіргі топтардың адасуының себебі –  олардың осы аятқа да, ізгі халифалар туралы хадиске де лайықты мән бермегенінде, міне, сондықтан осындай адамдардың, оларға дейін де өмір сүргендердің көбі сияқты,  Құраннан және Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Сүннетінен, алдыңғы салиқалы буын өкілдерінің жолынан ауытқығандай, ауытқығаны — әбден табиғи нәрсе. Олардың қатарына бұрынғы және қазіргі хауариждер жатады, өйткені біздің заманымызда да күпірлікте айыптауға «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар кәпірлер» (әл-Мәидә сүресі, 44-аят), — деген олар үнемі келтіретін аят негіз ретінде қолданылуда.

Осыған ұқсас сөздер Құранның басқа да екі аятында айтылатынын біз бәріміз білеміз. Сол сияқты Аллаһ Тағала: «Және кім Аллаһ түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар» (әл-Мәидә сүресі, 45-аят), — деді.

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Кім Аллаһтың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар» (Әл-Мәидә сүресі, 47-аят).

Аллаһтың «кәпірлер» деген сөзін дәлел ретінде пайдаланатындардың надандығына олардың тым болмағанда күпірлік туралы айтылатын басқа да аяттармен таныспағандықтары және: ”«Күпір» сөзі дінді теріске шығаруды білдіреді және мұндай күпірлікке түскен адамдардың христиандардан, яхудилерден және басқа дінді ұстанатын адамдардан болған көпқұдайшылдардан еш айырмашылығы жоқ“, — деген тұжырымға  сүйенулері куә болады. Алайда Құран мен Сүннетте «күпір» сөзі олар бұған еш қатысы болмаған адамдарға қатысты үнемі айтатын қате мағынада қолданылмайды. Шын мәнінде, «зұлымдық» және «бұзақылық» сөздері сияқты «күпір» сөзі де жалғыз мағыналы емес. Егер адам залым және бұзақы деп сипатталса, бұл міндетті түрде оның өз дінінен шығып кеткендігін білдірмейді. Бұл (ереже) адам кәпір деп сипатталатын жағдайларға да қатысты. Сөз көпмағыналы болуы мүмкін, бұған тіл де, шариғат та нұсқайды, өйткені Құранның тілі – араб тілі. Міне, сондықтан да, мұсылмандарға, олар әмірлер немесе қол астындағылар болуына қарамастан, пәтуа беруге кіріскен адам Құран мен Сүннетті жақсы білуі керек және біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміздің жолы туралы хабардар болуы керек. Алайда Құранды, Сүннетті және оларға қатысты болған барлық нәрсені түсіну тек араб тілін жақсы меңгеру арқылы және өткеннің ғалымдарының, әсіресе Исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүрген ғалымдардың еңбектеріне сүйену арқылы ғана мүмкін болмақ.

Енді «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар кәпірлер» деп айтылатын аятқа оралайық. Бұл аятта күпірлік деп не айтылады? (Аятта) діннен шығу меңзеліп тұр ма, әлде басқа нәрсе ме? Бұл аяттың мағынасын дұрыс түсіну үшін (мәселенің) кейбір бүге-шігесін ескеру керек, өйткені бұл жерде амалдардағы күпірліктің көрініс табуы, яғни адамдардың амалдары шариғаттың кейбір заңдарына қайшы келетін жағдай меңзеліп тұрған болуы мүмкін.

Осы сөздің мағынасын бұл аяттың контекстінде түсінуге бізге мұсылман үмметінің ғұламасы әрі Құран тәпсірлеушілерінің имамы Абдуллаһ бин Аббас, Аллаһ оған разы болсын, көмектеседі, өйткені ол адасқан топтарға ілесушілерден басқа  барша мұсылмандар мойындайтын сахабалардың қатарына кіреді. Осы аятты үстіртін тәпсірлеп, оның бүге-шігесіне дейін толық түсінбейтін, бүгінгі күні біз естіп жүрген адамдар туралы  ол да естіген сияқты.

Абдуллаһ бин Аббастың былай дегені жеткізіледі: «Сендер айтып тұрған күпірлік – адамды діннің шеңберінен шығаратын күпірлік емес». әл-Хаким «Мустәдрак», 2/313.

Мүмкін, ол бұл сөздерді мүміндердің әмірі болған Алиге, Аллаһ оған разы болсын, қарсы шыққан және соның салдарынан олар мұсылмандардың қанын төккен және мұсылмандарға көпқұдайшылдарға көрсетпегенді көрсеткен хауариждерге айтып тұрған болуы мүмкін.   Абдуллаһ бин Аббас сондай-ақ былай деді: «Істің мәні — олар айтып немесе шамалап тұрғандай емес, өйткені бұл — күпірліктен кіші күпірлік қана». Құранның ең беделді тәпсіршісінің осы аят туралы қойылған сұраққа берген қысқа жауабы осы болатын. Мен алдында келтірген аяттар мен хадистерді де осыдан өзгеше түсінуге болмайды.

«Күпір» сөзі Құранда және Сүннетте көп рет кездеседі, алайда барлық жағдайларда оны діннен шығу деп түсіну керек деп тұжырымдауға болмайды. Бұған мысал ретінде Абдуллаһ бин Масғудтан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте келтірілген Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Мұсылманды балағаттау – бұзақылық, ал онымен соғысу – күпірлік»[3], —  деген сөздерін келтіруге болады. әл-Бухари «Сахих», № 48 хадис; Муслим «Сахих», № 64 хадис.

 Бұл жерде «күпірлік» дегенде күнә және мойынсұнбаушылық таныту аталып тұр, алайда арабша сөйлейтіндердің ең шешені болған Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мұндайға ешбір жағдайда жол бермеуді қалап, осындай сөз орамын қолданды, және сондықтан да ол:  «Мұсылманды балағаттау – бұзақылық, ал онымен соғысу – күпірлік», — деп айтты.

Өзге жағынан (келер болсақ), хадистің «Мұсылманды балағаттау – бұзақылық» деп айтылатын бірінші бөлімінде «бұзақылық» дегенде «Кім Аллаһтың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар» (әл-Мәидә сүресі, 47-аят) деген аятта аталып тұрған нәрсе тұспалдануда ма? Бұған былай деп жауап беруге болады: бұзақылық адамды діннің шеңберінен шығаратын күпірліктің синонимі ретінде де, адамды діннен шығармайтын күпірліктің синонимі ретінде де көрініс бере алады.  Бұл жерде Абдуллаһ бин Аббас: «Күпірліктен кіші күпірлік» — деп нұсқаған күпірлік аталып тұр. Бұл хадис «күпірлік» сөзіне осындай да мағына салуға болатындығына дәлел болып тұр. Алайда не үшін? Бұған жауап — мына аятта: «Егер мүміндерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар; мұбада екі жақтын бірі екіншісіне өктемдік жасаса, жәбір көрсетуші жақпен, ол Аллаһтың әміріне қайтқанға дейін, соғысыңдар[4]» (әл-Хужжурат сүресі, 9-аят).

Бұл жерде Аса Құдіретті және Ұлы Раббымыз өктемдік жасаушы және мүміндермен соғысып жатқан топ туралы атап өтеді, алайда хадисте: «…ал онымен соғысу – күпірлік», — деп айтылса да, Аллаһ бұл адамдардың күпірлігі туралы айтпады. Демек, аталған жағдайдағы соғысу, жоғарыда келтірілген аятқа Абдуллаһ бин Аббас берген тәпсірінде аталған күпірліктен кіші күпірлік болып табылады. Мұсылманның мұсылманмен соғысуы зұлымдықтың, дұшпандықтың, бұзақылықтың және күпірліктің көрінісі болып табылады, алайда бұл дегеніміз, күпірлік амалдарда да, сондай-ақ сенімде де көрініс табуы мүмкін. Міне сондықтан болар, бұл мәселені шейх-уль-ислам Ибн Таймия, Аллаһ оны рахымына бөлесін, ал одан кейін оның шәкірті  Ибн Қайим әл-Жаузийя егжей-тегжейлі түсіндірген болатын.  Олардың (бұл мәселеде) еңбек сіңіргендігі —  Абдуллаһ бин Аббастың ұстанған пікірін ұстанып, тек амалдарда ғана көрініс табатын күпірлікті сенімдегі күпірліктен бөлек (ажыратып) қарастыру қажет деп санауында болып тұр, ал керісінше болған жағдайда күпірліктің бірінші түрін екіншісінен ажыратпайтын мұсылман өзі байқамай, мұсылман үмметінен ескі замандарда хауариждер шығып кеткендеріндей, ал қазір олардың ізбасарлары шығып жатқандарындайдай, шығып кетуі мүмкін.

Сөйтіп, Пайғамбардың: «…ал онымен соғысу – күпірлік», — деген сөздері діннен шығуды нұсқамайды. Бұған растауды көптеген басқа хадистерден де табуға болады, ал егер қандай да бір зерттеуші оларды біріктіріп жинақтаса еді, бұдан «Жоғарыда келтірілген аятта сенімдегі күпірлік айтылып тұр» деп табанды түрде тартысатын адамдарға қарсы бұлтартпайтын дәлел бола алатын, өте пайдалы жолдау шығар еді.  Ал егер әмірлерді және олардың билігіне мойынсұнушыларды күпірлікте айыптайтындарға келер болсақ, олар: «Күнә жасаушылар жасаған күнәсі үшін осындай айыптауға лайық», — деп есептейді.

Сұрақ қойған кісі басқа нәрселердің қатарында алғашында өзгелерді күпірлікте айыптаған, бірақ кейіннен Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ оларға дұрыс жол көрсеткен адамдардан естігендерімді есіме салды. Біз олардан: «Сендер күпірлікте кейбір әмірлерді айыптадыңдар, бірақ неліктен сендер мешіттердің имамдарын, ол жерде құтпа оқитындарды, азаншыларды, тіпті мешіт қызметкелерін де күпірлікте айыптадыңдар? Және неліктен сендер мектептерде шариғат ғылымдарын үйрететін оқытушыларды күпірлікте айыптадыңдар?», — деп сұрадық. Ал олар бізге: «Себебі, олар Аллаһ түсірмеген нәрсемен билік еткен әмірлердің үстемдігімен келісетін еді», — деп жауап берді.

Бұған мен былай жауап беремін: егер сөз Аллаһтан түспеген нәрсеге негізделіп билік атқарумен іштей келісу туралы болып жатқан болса, онда амалдарда көрініс табатын күпірлік сенімдегі күпірлікке айналады. Аллаһ тарапынан түскеннен өзгеге негізделіп үкім еткен және: «Бұл осы заманға сәйкес келеді және Кұран мен Сүннеттің негізінде үкім шығару дұрыс емес», — дейтін  әрбір адамның күпірлігі, күмәнсіз,  сенімдегі күпірлік болып табылады.  Бұл басқа да осыған ұқсас жағдайларға қатысты, алайда, біріншіден, сіз:  «Үнемі немесе көп жағдайда батыс заңдарына сәйкес үкім ететін әрбір адамнан (осы туралы) сұрасаңыз, ол міндетті түрде: «Осылай үкім ету — дұрыс, ал Ислам заңдары бойынша үкім етуге болмайды», — деп жауап қайтарады», — деп айта алмайсыз. Ал осындай заңдар бойынша өздеріне қатысты үкім шығарылатындар туралы айтар болсақ, олардың арасында діндарлар да, ізгі адамдар да бар. Ал сіз қалайша оларды, билігі сендерге толық жүретіні сияқты, оларға да толық жүретін осындай режимде  өмір сүргендігі үшін ғана күпірлікте айыптай аласыз?! Осыған қарамастан, сіздер діннен шығушылықты меңзей отырып, оларды кәпірлер деп жариялайсыздар. Аллаһтан түсірілген заңдарға негізделіп үкім ету міндетті болып табылады, алайда бұл – «егер адам бұл міндеткерлікті орындамаса, діннен шыққан болып табылады» деген емес.

Олардың қателескенін және адасқанын жарыққа шығарған пікірталастардың барысында мен олардан: ««Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ және Мухаммад  — Аллаһтың елшісі», — деп куәлік беретін және намазды аз немесе көп орындайтын мұсылманды қай кезде күпірлікте айыптау керек болады? Бір рет жеткілікті ме, әлде ол өзінің діннен шығуын амалдарымен немесе сөздерімен мәлімдеуі керек пе?», — деп сұрағанымда, олар бұл сұраққа жауап беруге қиналды. Сонда мен мынадай мысал келтіруге мәжбүр болдым: «Үнемі шариғат бойынша үкім ететін белгілі бір қазы (сот) қателесіп, шариғатқа қайшы келетін үкім шығарып қойды делік. Осыны Аллаһтың түсіргені болмаған нәрсемен үкім ету болып есептелетін жағдай деп атауға болады ма?», — дедім. Олар: «Жоқ», — деп жауап берді. Мен: «Не үшін?», — деп сұрадым. Олар: «Өйткені бұл бір рет қана орын алды», — деп жауап берді. Мен: «Жарайды, ал егер ол екінші мәрте осындай немесе басқа, бірақ бәрібір шариғатқа  қайшы келетін шешім шығарса, бұл адам күпірлікке кірді дегенді білдіреді ме?», — дедім. Және мен егер ол үшінші рет те, төртінші рет те осылайша жасаса, не болатындығы жөнінде, оны қашан кәпір деп атауға болатындығын білгім келіп, сұрай бастадым.

Іс жүзінде, бұл қазының қанша рет шариғатқа қайшы келетін үкім шығарғанын санай отырып, оның иман мен күпірлікті бөлетін сызықтан қашан аттап өтетінін анықтау мүмкін емес, бірақ ол алғашқы ретте-ақ: «Аллаһтың түсіргеніне сәйкес келмейтінмен үкім шығару орынды, — деп және: — Шариғатқа сәйкес үкім шығару орынды емес», — деп есептесе, онда ол діннен шықты деп бірден айтуға болады. Егер ол түрлі мәселелер бойынша он мәртелеп шариғатқа қайшы шешімдер шығарса және сен одан: «Сен не үшін Аллаһтан түскенге сәйкес келмейтінмен үкім еттің?» — деп сұрасаң, ал ол: «Қорықтым, немесе бұл үшін пара алдым», — десе (екіншісі біріншісінен анағұрлым жаман), бұл жағдайда да, ол: «Шариғат бойынша үкім шығаруды жөн санамаймын», — деп мәлімдемейінше, сен оны күпірлікте айыптай алмайсың, тек ол осылай деп мәлімдеген жағдайда ғана оның діннен шығаратын мағынадағы күпірлігі туралы айтуға болады.

Қысқа қайырғанда, бұзақылықтың екі түрі және зұлымдықтың екі түрі болғандай, күпірліктің де екі түрі бар екендігін есте сақтау керек: өзі істеген (шариғатқа қайшы) амалдарын жүрегімен мақұлдаған жағдайда  адам діннің шеңберінен шығаратын күпірлікке (бұзақылыққа, зұлымдыққа) түседі; ал егер ол зина жасаса немесе шарап ішсе, бірақ осыны рұқсат етіледі деп санамаса, онда адамның амалдары оны діннен шығармайды. Күпірліктің мұндай түрі амалдарда көрініс табады, бірақ сенімде емес.

Сөйтіп, бізге күнәхарларды олар күнә жасап жатқандығы үшін ғана күпірлікте айыптауға болмайды. Олар жүрегінде Аллаһтың тыйым салған (харам) нәрсесін харам деп есептемейтініне біздің көзіміз анық жетпейінше біз оларды күпірлікте айыптай алмаймыз, өйткені Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп қорқытып айтқанынан қорқамыз: «Егер адам өзінің (Исламдағы) бауырына: «Әй, кәпір!», — десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады[5], ол (адам)[6] ол туралы айтылғандай болса (ол соған лайықты), керісінше болған жағдайда, (айтылған нәрсе айтқан адамға) қайтады. әл-Бухари «Сахих», №6104 хадис; Муслим «Сахих», №60 хадис.

Бұл жөнінде айтылатын басқа да хадистер өте көп. Біздің сұхбатымыздың тақырыбына орай, олардың бірінде бір көпқұдайшылмен соғысқан сахаба туралы айтылатынын еске салу орынды болып табылады. Төбесінен қылыштың көтерілгенін көрген кезде, көпқұдайшыл: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ!», — деп дауыстап жібереді[7], алайда сахаба бұған мән бермей, оны өлтіріп тастайды. Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, болған оқиға туралы біле салысымен, бұл амалды қатаң айыптады. Сахаба көпқұдайшылдың өлім қарсаңында болып қорыққандығы үшін ғана куәлік сөздерін айтқанын келтіріп,  өз амалын ақтай бастағанда,  Пайғамбар  оған: «Ал (неліктен) сен, ол мұны жүрегімен айтқан-айтпағанын білу үшін, оның жүрегін қақ жарып кесіп[8] көрмедің?!»[9]деді.

Сөйтіп, сенімдегі күпірлік амалдарға емес, жүрекке қатысты болады, бірақ біз пасықтың, бұзақының,  ұрының, зинақордың, өсімқордың, немесе кез келген өзге күнәхардың жүрегінде не бар екенін, бұл жөнінде ол өзі айтпаса, біле алмаймыз.  Егер мұндай адамның амалдары туралы айтар болсақ, олар оның шариғатқа қарсы амал жасағанына айғақ болып тұр және біз оның діннен шыққандығы туралы шешім шығарсақ, ол бізге Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың алдында ақтау болуға жарайтын және оның салдары Пайғамбардың: «Өз дінін ауыстырғанды өлтіріңдер» әл-Бухари «Сахих», № 6922 хадис, — деген сөздерінде айтылған үкім болатын амал істемейінше,  біз оған: «Сен шариғатқа қарсы амал жасадың және күнә жасадың», — дер едік, бірақ: «Сен күпірлікке кіріп кеттің және өз дініңнен тайдың», — деп айтпас едік.

Әрі қарай (жалғастырайық), мен бұрын да мұны айқанмын және қазір де мұсылмандардың әмірлерін үнемі күпірлікте айыптайтын адамдарға осыны қайталаймын: «Олар шын мәнісінде күпірлікке түсіп кетті және діннен шыққан (муртад) болды және олардан билігі артық болған әмір олардың осындай күпірлікке кіріп кеткенін анықтаған жағдайда оларға міндетті түрде шариғат бекіткен жазаны қолдану керек еді делік. Бірақ тіпті осы әмірлердің барлығы кәпір және діннен шыққан (муртад) болды деп шамаласақ та, сендер іс жүзінде осыдан қандай пайда ала аласыңдар. Сендер не істей аласыңдар? Сендер күштеріңді бұған сарп етпей-ақ, барлық басқа нәрселерге негіз бола алатынды жасағандарың жақсы емес пе?»

Бұған Аллаһтың Елшісі өзінің сахабаларын тәрбиелеген Сүннетке ілесу арқылы қол жеткізуге болады, біз осындай жағдайларда бұл жөнінде үнемі еске саламыз, және барлық мұсылмандар Аллаһ Тағаланың «Ол сондай Аллаһ, мүшріктер жек көрсе де, дінін бүкіл діндерге үстем қылу үшін Елшісін туралықпен[10] және хақ дінмен жіберді» (әс-Саф сүресі, 9 аят)  деген сөздеріне сәйкес амал жасау қажеттігіне нұсқаймыз.

Кейбір сахих хадистерде бұл соңынан іске асатындығы туралы айтылады, бірақ мұсылмандар Құранда айтылғанның іске асуына болысу үшін, осы(ндай) адамдар оларды кәпір және діннен шыққан (муртад) деп санайтын  әмірлерге қарсы шығуға оларды шақыру қажет пе? Бұдан тыс, мұндай қате болжамдарға негізделіп, олар ешнәрсе істей алмайды. Ал ендеше, қандай жолмен жүру керек? Күмән жоқ, бұл — Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, үнемі айтып жүретін және әр жұма құтпасында: «…ең жақсы басшылық – Мухаммадтың басшылығы», — деп сахабаларының есіне салып отырған жол.  Муслим «Сахих», № 867 хадис.

Барлық мұсылмандар, әсіресе олардың ішінен ислам басқаруын қайта қалпына келтіруге ұмтылғандары, Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бастаған нәрсесінен бастауы керек, ал оны екі сөзбен айтуға болады: тазарту және тәрбие. Себеп — әмірлерді күпірлікте айыптауға ғана қабілеті жететін фанатиктер байқамайтын, дұрысырақ айтқанда, байқағысы келмейтін ақиқаттың бізге мәлім екендігінде.  Олар осымен әрі қарай айналыса береді, ал бұл бүліктерге ғана әкеп соғады. Мұны сендерге мәлім болған, соңғы жылдардағы, Меккедегі қайғылы уақиғадан бастап және Ануар әс-Садатты өлтіру сынды, салдарынан көптеген жазықсыз мұсылмандардың қаны төгілген уақиғалар растай алады. Бұған мысал ретінде Мысырда, Сирияда және Алжирде орын алып жатқан және осылардың орын алуына кінәлі адамдар көп жағдайда Құран мен Сүннеттің нұсқауларына, әсіресе олардың ең маңыздысы болып табылатын: «Расында сендер үшін, Аллаһқа да, Ақырет күніне де үміт еткендер үшін және Аллаһты көп еске алған кісілер үшін Аллаһтың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзап сүресі, 21-аят), — дегеніне қарсы амал жасауынан туындаған, басқа да өкінішке лайықты уақиғаларды келтіруге болады.

Шынымен де, игі мақсаттарды іске асыру үшін біз ең алдымен, өзіміздің шамамыз оған жетпейтін әмірлермен соғысудан бастауымыз керек пе? Әлде Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бастаған нәрсесінен бастауымыз керек пе? Бұл сұраққа жауап, әрине, Аллаһтың мына сөздері болып табылады: «Аллаһтың Елшісі сендер үшін ең жақсы өнеге (болып табылады)»

Ал Аллаһтың Елшісі неден бастады? Ол шақырудан бастағаны және ақиқатты қабылдауға дайын деп санаған адамына шақыруды жолдағаны туралы сендерге мәлім. Содан соң, Пайғамбардың өмірбаянынан белгілі болғандай, адамдардан кейбіреулер оның шақыруына жауап берді, кейін Меккеде мұсылмандарды қудалау кезеңі басталды, содан соң көктен алғашында бірінші қоныс аудару, кейін екінші қоныс аудару[11] туралы әмірлер алынды, және Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһ  Исламды Мәдинада нығайтпағанынша осылайша жалғаса берді.

Демек, біз Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, мұны қалай істеген болса, (тура) солай етіп адамдарға Исламды үйретуден бастауымыз керек. Алайда қазіргі жағдайда біз тек оқытып-үйретумен ғана шектеле алмаймыз, өйткені бүгінгі күні Исламға оған ешқандай қатысы болмаған нәрселер ғана емес, оның күйреуіне себеп болып жатқан нәрселер де араласып кетті. Міне, сондықтан да Исламға шақырушылар бұл дінді барлық қоспалардан тазартудан бастауы керек және мұсылман жастарын таза Исламның ұстанымдарында тәрбиелеуі керек.

Егер барлық сан алуан ислам топтарының соңғы ғасыр барысындағы атқарған әрекеттеріне үңіле қарайтын болсақ, біз бұл топтарға ілескендердің олар ислам басқаруын қалайтыны туралы үлкен у-шуы мен дабырлы ашық мәлімдемелеріне қарамастан, олардың қол жеткізген бір ғана нәрсесі осы сылтаумен көптеген жазықсыз мұсылмандардың қаны босқа төгілгендігі болғанын көреміз. Алайда біз қазір де олардан Құран мен Сүннетке қайшы келетін сөздерді естудеміз және олардың амалдары Құран және Сүннетпен үйлеспейтінін көрудеміз.

Осыған байланысты мен бір Исламға шақырушының айтқан сөздерін келтіремін және оның шәкірттері оның: «Ислам мемлекетін өз жүректеріңде құрыңдар, сонда ол сендер үшін жер бетінде пайда болады», — деп айтқандарын ауытқымай ұстанануын қалайтынымды айтамын.

Істің арқауы мынада: егер мұсылман адам Құран мен Сүннетке негізделген дұрыс көзқарастарға оралса, оның ғибадаты, адамгершілік сипаттары және амалдары дұрыс болады. Өкінішке орай, мұндай адамдар игі сөздерге құлақ салмайды және ислам мемлекетін құру қажеттілігі туралы бос айқай салады, ал төменде келтірілетін ақындық ойлар дәл соларға арналып айтылғандай:

Сен құтылуды үміттенесің,

бірақ оған жеткізетін жолдармен жүрмейсің,

алайда кеме құрлықпен жүзе алмайды ғой!

Менің айтқандарым сіздің сұрағыңызға жауап ретінде жеткілікті болар деп үміттенемін». «Әл-мәжжәллә әс-саләфийә», 1/1415.



[1] Такийа (саналылық, сақтық) – шиғалар басшылыққа алатын негізгі ұстанымдардың бірі болып табылатын «өз дінін саналылықпен жасыруды» білдіретін техникалық термин.

[2] Яғни оны кәпірлерге және адасқандарға қосып қоямыз.

[3] Бұл жерде мұсылманның мұсылманды балағаттауы және мұсылмандырдың өзара соғысуы туралы айтылуда.

[4] Яғни соғысты тоқтатып, талас мәселелерді шариғат бойынша шешуге келіспеген.

[5] Яғни осы сөздерді айтқан адамға немесе осы сөздер кімге қатысты айтылған болса, сол адамға.

[6] Осы сөздер кімге айтылған болса, сол адам.

[7] Басқаша айтқанда, бұл адам Исламды қабылдағанын жариялады.

[8] Бұл сөздер астарлы болып табылады және «Әлде сен оның жүрегінің ішіне қарап, онда осыны көрдің бе?» дегенді білдіреді.

[9] Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, иман адамның жүрегінде жасырылғандығы туралы айтқысы келді, ал бұл адамның сенгені немесе сенбегені туралы бір ғана Аллаһ үкім шығара алады дегенді білдіреді.

[10] Туралық — «худа» дегенде  адамдарды ақиқат жолына шығаратын барлық нәрсе тұспалданады.

[11] Мұсылмандардың Эфиопияға (615 ж.) және Мәдинаға қоныс тебуі айтылып тұр (622 ж.).

You may also like...