Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
Назарларыңызға «Хауариждер және олардың қазіргі заман идеологиялары» кітабының екінші «Хауариждердің Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабалары және үмметіміздің имамдары сипаттаған ең кең таралған ерекшіліктері мен сипаттары» атты бөлімін ұсынамыз.
Имам әл-Әжжурри былай дейтін: “Алғашқы және одан кейінгі ұрпақтың ғалымдарының арасында хауариждер – Аллаһқа және Оның Елшісіне бағынбаған ең жаман адамдар екендігіне келіспеушілік болмаған. Олардың сан-алуан оразалары, намаздары және ыждағатты ғибадаттары оларға ешқандай пайда келтірмейді. Және тіпті олардың ашық түрде жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюуы да оларға көмектеспейді, өйткені олар Құранды өздерінің құмарлықтары мен қалауларына сәйкес тәпсірлейді! Бізді олардан Аллаһ пен Оның Елшісі және ізгі халифалар мен сахабалар, сондай-ақ олардың ізбасарлары да сақтандыратын!” “әш-Шари’а” 1/21.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде хауариждердің сектасы ислам әлемі үшін қандай қауіптілік төндіретіні түсінікті болады. Бұл сектаның пайда болуы туралы бірнеше рет айтылған пайғамбарлық ескертулер және оның өзінің, оның сахабаларының және үмметіміздің ұлы имамдарының одан сақтандыруы бұл сектаның ерекше зияндылығына нұсқайды және барлық мұсылмандарды хауариждерге тән сипаттар мен ерекшіліктерді біліп, олардан қашқақтауға міндеттейді. Өкінішке орай, біздің кезімізде көптеген мұсылмандар өздерінің надандығына байланысты хауариждердің кейбір сипаттары мен ерекшіліктерін білместікпен алып жүр.
Айтып өткеніміздей, хауариждер жиырма шақты топқа бөлінген және олардың көзқарастары бір-бірінен ерекшеленетін болды. Алайда біз тек олардың ең кең таралған сипаттары мен ерекшеліктерін түсіндірумен шектелеміз. Және кім солардан алыс болса, онда Аллаһ оны Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай: «Оттың иттерінің!» — сипаттарынан аман қалдырғаны үшін Оған шүкіршілік айтсын.
1. Олар мұсылмандарды үлкен күнәлар жасағандығы үшін күпірлікте айыптайды
Бұл — хауариждердің ең танылған ерекшелігі, алайда олардың араларында мұсылмандарды тіпті кіші күнәлар жасағандары үшін күпірлікте айыптайтындары да болған. Қз.: «әд-Дурар» 1/360.
Хауариждердің күнәһар мұсылмандарды күпірлікте айыптауы ислам үмметіндегі келіспеушіліктерге бастау болды.
Хафиз Ибн Ражжаб былай деп жазады: “Осы үмметтегі ең алғашқы келіспеушілік – бұл хауариждердің: «Күнәһар мұсылмандар кәпір болады!», — деп Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен келіспеушілігі. Хауариждер оларды кәпір деп атады және олардың өмірі мен мал-мүлкін рұқсат етіп, кәпірлерге қатысты істейтіндерді оларға істеді. Содан соң олардан кейін күнәһар мұсылмандар мұсылмандарға да, кәпірлерге де жатпайтынын мәлімдеп, орташа бір жағдай туралы айтатын муътазиләлардың келіспеушілігі пайда болды. Кейін пасық мұсылман толыққанды иманға ие деп айтатын муржилердің келіспеушілігі пайда болды!” Қз.: «әл-Жәми’» 1/114.
Хауариждер мұсылмандарды Құран мен Сүннетте «күпірілік» немесе «оларды істеген адам Тозаққа түседі» деп аталған күнәларды істегені үшін күпірлікте айыптайды. Бұл олардың дін негіздерін мүлдем білмейтінін және олардың шариғат мәтіндерін түсінуінің деңгейін растайды. Иә, расында да, көптеген үлкен күнәлар Құран мен Сүннетте «күпірлік» деп аталады, алайда бұл «оларды істеген адам үлкен күпірлікке түседі» дегенді білдірмейді. Мұндай тәсіл осы күнәның ерекше ауырлығына нұсқау үшін қолданылады, бірақ ешқашан адамды діннен шығаратын үлкен күпірлікте айыптау үшін емес. Мұндай күпірлік кіші күпірлік деп аталады. Дәл сондықтан да имам әл-Бухари өзінің сахихында мұндай хадистерді қамтыған бапты «Күпірліктен кіші күпірлік» деп атаған. Айтылғанды растау үшін Жәбирдің былай деп айтқан хадисін келтіруге болады: «Өзінің иелерінен қашып кеткен кез келген құл оларға қайтып бармайынша, күпірлікке түседі». Бұл хадистің жеткізушілерінің біреуі болған Мансур былай деген: «Аллаһпен ант етемін, ол (Жәбир) бұл сөздерді Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген, бірақ мен олардың менің аузымнан осы жерде, яғни Басрада риуаят етілуін қаламаймын». Муслим 1/45.
Мансурдың бұл хадисті Басрада айтқысы келмеуінің себебі — Басрада онсыз да мұсылмандарды күнәлар жасағандығы үшін күпірлікте айыптайтын хауариждердің және муътазиләлардың көп болуы еді. Ол олардың бұл хадисті біліп, өздерінің адасушылықтарында мығымдалып, оны өздерінің көзқарастарын ақтау үшін қолданатынына қауіптенген болатын.
Хафиз Ибн Абдуль-Барр былай деген: «Әһлю әс-Сунна уәл-жама’а, нақты айтқанда білім иелері, бірде-бір мұсылман үлкен күнәлар жасағандығы үшін, олар қаншалықты үлкен болса да, Исламнан шықпайтынына бірауызды келіскен!» Қз.: «әт-Тамхид» 16/315.
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Мұсылманды күпірлікте айыптаған (адам) оны өлтірген (адам) сияқты!» әт-Табарани. Хадистің сахихтығын әс-Суюты және әл-Әлбани растаған. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 6269.
Хузайфа Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, мен сендер үшін Құранды оқитын және оның әдемілігі оның жүзінен көрініп тұратын және Исламның қорғаушысына айналатын адамнан қорқамын. Кейін ол Құранды артына тастап қалдырады да, өзінің көршісіне қылыш алып тап береді және оны ширкте (көпқұдайшылықта) айыптайды». Хузайфа: “Уа, Аллаһтың пайғамбары, олардың қайсысы көпқұдайшылыққа жақын, айыптаушысы ма әлде айыпталушысы ма?!”, – деп сұрады. Ол: «Жоқ, айыптаушысы», — деді. әл-Бухари “әт-Тарих” 297, Ибн Хиббан 81. Хадистің сахихтығын имам әл-Хайсами, хафиз Ибн Касир және шейх әл-Әлбани растаған. Сондай-ақ “әс-Сильсилә әс-сахиханы” 3201 қараңыз.
Имам әл-Асбахани былай деп айтатын: “Әһлю-Сунна уәл-жама’а, бірін-бірі күпірлікте айыптайтын хауариждер, рафидилер және қадарилар сияқты бидғаттың жақтаушыларынан ерекше, бірін-бірі күпірлікте айыптамайды! Егер олардың жетеуі бір мәжілісте бас қосса, онда бірін-бірі күпірлікте айыптауының себебімен міндетті түрде тарап кетеді. Олар — Аллаһ олар туралы: «Яхудилер: «Христиандар тура жолмен жүрмейді», — деді, ал христиандар: «Яхудилер тура жолмен жүрмейді» (әл-Бақара; 113), — деп айтақан яхудилер мен христиандар сияқты”. “әл-Хужжә” 2/255.
Имам Абуль-Аббас әл-Асам былай деп баяндайтын: “Бірде екі хауариж Қағбаны айналып тауап жасап жүріп, бірі екіншісіне: «Мені мен сенен өзге бұл жаратылыстардың біреуі де Жәннатқа кірмейді!» — деді. Екіншісі: «Жәннаттің кеңдігі көктер мен Жердің кеңдігіндей, ал ол тек сені мен мен үшін ғана жаратылған ба?», — деп сұрады. Біріншісі: «Иә!», — деп жауап береді! Сонда екіншісі оған: «Ол сен үшін», — деді де, оның сенімдерінен бас тартты”. әл-Ләләкаи “Шарх усуль әл-и’тиқад” 2317.
2. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандардың мал-мүлкі мен өмірін халал деп санап, оларды күпірлірлікте айыптайды
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждер туралы былай деген: «Пұтқа табынушыларды қалдырып, иман иелерін өлтіретін болады!» әл-Бухари 3344.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Хауариждер – бұл мұсылмандарды күпірлікте айыптай бастаған ең алғашқы адамдар. Олар күнә жасаушыларды, сондай-ақ олардың бидғаттарымен келіспегендерді күпірлікте айыптап, осындай мұсылмандардың өмірі мен мал-мүлкін өздеріне халал деп санады. Өздерімен келіспейтіндердің барлығын кәпір деп атайтын бидғатты жақтаушылардың жағдайы осындай. Әһлю-Сунна уәл-жама’аға келер болсақ, олар тек Құран мен Сүннетке ілеседі, Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнады, ақиқатқа ереді және Аллаһтың жаратылыстарына мейірімділік танытады”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 3/279.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Хауариждер мұсылмандар үшін яхудилер мен христиандардан да жаман. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандарды өлтіруде ыждағаттылық көрсетеді. Олар мұсылмандардың қанын төгуді, олардың мал-мүлкін тартып алуды, олардың балаларын өлтіруді және оларды күпірлікте айыптауды рұқсат етеді!” Қз.: “Минһажжу-Ссунна” 5/248.
Ешкім мұсылманның өміріне және мал-мүлкіне қастандық жасауға құқықты емес. Ал шариғатқа сәйкес өлімге лайықты мұсылманға келер болсақ, мұндай үкімді шығару құқығына тек мұсылмандардың әмірі және ислам еліндегі қазы ие болады. Өлім жазасын да, шариғат қандайда бір қылмыстар үшін бекіткен басқа кез келген жазаны да, тек мұсылмандардың әмірі ғана қолдана алады. Ал шариғат жазаларын немесе өліммен жазалауды әмір емес адамның қолдануы туралы айтар болсақ, бұл Исламда орны жоқ сотсыз жазалау мен анархия болып табылады.[1]
Имам ән-Науауи былай деді: “Ғалымдар: «Қылмыстар үшін жазалауды мұсылмандардың әмірінен бәсқа ешкім атқармайды», — деген”. Қз.: “Шарх Сахих Муслим” 3/438.
Имам Ибн Муфлих былай деді: “Әмір (имам) немесе оның орынбасарынан (наибынан) өзге кез келген адамға жазаны (хадд) тағайындауға тыйым салынады”. Қз.: «әл-Фуру’» 6/53.
Имам әл-Қуртуби былай деді: “Жасалған қылмысқа тең мөлшердегі есені (қысас) және жазаны тағайындауды тек әмір орындайтынына келіспеушілік жоқ”. Қз.: «Тафсир әл-Қуртуби» 2/245-246.
Жазаны тағайындау — әмірдің міндеті екендігіне ғалымдардың арасында келіспеушілік болмаған. Қз.: Ибн Таймия «Мәжму’уль-Фатауа» 34/175 және имам Ибн Рушд “Бидаятуль-мужтахид” 2/233.
Мұның үстіне, шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Мұсылмандардың әмірі белгілі бір жерді басқару үшін тағайындап қойған адам (мухтасиб) өздігінше өлім жазасын немесе қол шабу жазасын қолдана алмайды ”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 28/109.
Аллаһ пәк! Тіпті мұсылмандардың әмірі құзыретті етіп тағайындаған адамның өзі жазалау туралы үкім шығару құқығына ие болмаса, онда түрлі топтар мен ағымдардың жазықсыз мұсылмандарды өз қалауы бойынша ұрып-соғып, өлтіруі туралы не айтуға болады?!
Ал Ибн Аббастан жеткізілетін, Умар үкім шығару үшін Пайғамбарға емес, (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі) яхудиге жүгінуді қалаған адамды өлтіргендігі туралы дерекке келер болсақ, ол сахих емес.[2] Бұл деректің әлсіз екендігі жайлы көптеген имамдар, соның ішінде хафиз Ибн Хажжәр да «Фатх әл-Бариде» 5/29 айтқан, сондықтан оған сүйенуге болмайды. Оның жеткізушілерінің ішінде өтірікші әрі оның деректері қабылданбайтын әл-Калби, сондай-ақ тіпті Ибн Аббаспен кездеспеген, сондықтан да ол оның ауызынан бұл хадисті естуі мүмкін болмаған Абу Салих бар. Бірақ егер осы хабар сахих болғанның өзінде де, онда әмірдің білуінсіз және рұқсатынсыз жазаны қолдануға рұқсат етілетінін нұсқамайды, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Умарға осыны орындауға өзі өкілеттілік берген болуы мүмкін еді. Дәлелдің мұндай түрі айқын (мухкам) дәлелге қайшы келетін күмәнді (муташабих) болып табылады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Айыпты адамдарды шариғат бекіткен жазалармен жазалауға тиісті нәрселерде бір-біріңді кешіріңдер, өйткені егер іс әмірге дейін жетсе, Аллаһ араша түсушіні де, арашаланатынды да лағынеттейді!» Малик 1/380, ән-Насаи 4886. Хадис сахих.
Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жазаны мұсылмандардың әмірі тағайындау қажеттігіне нұсқаған, ал егер жазаны тағайындауға және орындауға кез келген мұсылманның құқығы болғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірді ғана атаумен шектелмес еді!
Біз хауариждердің «Ал Аллаһтың түсірмегенімен үкім ететіндер кәпір болып табылады» деген аятты қайталауын жиі естиміз. Олар осы аяттың негізінде барлық мұсылмандарды күпірлікте айыптайды, алайда осы мысалда біз олардың өздерінің осыған сәйкес екендігін көре аламыз. Олардың өздері Исламдағы өздерінше соттауды және ұлы күнәларды Аллаһтың түсіргенінің негізінде жасап жатыр ма?! Осыдан соң олар өздерін-өздері күпірлікте айыптар ма екен, өйткені олар шешімдерін Аллаһтың түсіргенінің негізінде шығарып жатқан жоқ қой?!
3. Олар мұсылмандардың заңды әмірлеріне қарсы көтерілісті рұқсат етеді
Бұл да сондай-ақ олардың ең көп таралған сипаттарының бірі. Бұдан тыс, бұл – олардың ақидасы (сенімі) және дінінің негізі болып табылады! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Әмірді тыңда және оған мойынсұн, тіпті егер ол сенің арқаңнан ұрса да және мал-мүлкіңді тартып алса да!» Муслим 1847.
Өз өмірің мен мал-мүлкіңді кез келген қол сұғушыдан қорғау міндетті болуына қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлерді бұл жалпы ережеден шығарып тастады.
Имам Ибн әл-Мунзир былай деп айтатын: “Білім иелері адам өз өмірі мен мен мал-мүлкін, егер оларға қақысыз қол сұғылса, қорғауға міндетті екендігіне бірауызды келіскен. Сонымен бірге, барлық хадис білімдарлары әмір бұдан тыс шығарылған деп есептейді, бұған оның тарапынан көрсетілетін әділетсіздікке сабырлық ету және оған қарсы шығуға жол берілмейтіндігі туралы деректер нұсқайды!” Қз.: “Фатхуль-Бари” 5/148.
Ади ибн Хатим былай деп баяндайтын: “Бірде біз: «Уа, Аллаһтың Елшісі, біз сенен тақуа әмірге бағыну туралы сұрап жатқан жоқпыз, бірақ егер ол пәлен және пәлен нәрселерді істесе, біз не істеуіміз қажет?», — деп сұрадық“. Ал олар бұл сөздерімен әділетсіздікті меңзеген болатын. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһтан қорқыңдар, (әмірді) тыңдаңдар және мойынсұныңдар», — деді. Ибн Абу Асым 2/508. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді.
Имам ән-Науауи былай деген: “Мұсылмандардың әмірлеріне қарсы шығу және олармен соғысу — мұсылмандардың бірауызды келісімі бойынша (ижмәъ) тыйым салынған (харам), тіпті егер олар бұзақы және залым болса да!” Қз.: “Шарх Сахих Муслим” 12/469.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Әһлю Сунна уәл-жама’аның сенімінің негізі – әмірге қарсы шығуға рұқсат етілмейтіндігі және бүлік кезінде соғысуға рұқсат етілмейтіндігі. Ал муътазиләларға келер болсақ, олар мұсылмандардың әмірлерімен соғысуды діндерінің негізі етіп алған!” Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 28/128.
Шейх Ибн Базға: «Мұсылмандардың әміріне мойынсұну міндетті емес деп санайтынтар туралы не айтасыз?» — деп сұрақ қойылғанда, ол былай деп жауап берді: «Әмірге мойынсұну міндетті болып табылады. Ал мұсылмандардың үмметін бөлуге және әмірге қарсы шығуға келер болсақ, бұл – хауариждердің діні болған ең ұлы бұзақылық. Бұл – хауариждер мен муътазиләлардың діні!» Тз.: «Хукму хамәләт әл-и’ләмия»
Абдус бин Малик былай деген: «Мен Ахмадтың былай деп айтқанын естігенмін: «Кім айналасына мұсылмандар топтасқан және оның билігін, ол билікті күшпен не келісіммен алғанына қарамастан, мойындаған қандай да бір мұсылман әміріне қарсы шықса, ол мұсылмандардың арасына бөліну салды және Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне қайшы шықты. Және осы бөлінуші осынысында өлсе, надандық (жахилиет) уақытының өлімімен өлген болады. Адамдардың ешқайсысына әмірлерге қарсы соғысуға және шығуға болмайды, ал мұны істейтін – Сүннетке және тура жолға ілеспеуші бидғатшы (мубтадиъ)!» Қз.: «әл-Мәсаиль уә әр-расаиль филь-‘ақида ли-имам Ахмад» 2/5.
Имам әл-Барбахари былай деген: «Мұсылмандардың әмірлерінің қайсыбіреуіне болса да қарсы шыққан (адам) – мұсылмандардың біртұтастығын бұзған және хадистерге қайшылыққа түскен хауариж. Және оның өлімі жахилиет кезіндегі өлім сияқты!» Қз.: «Шарху-Ссунна» 76.
Алайда хауариждер Усман және Али сияқты біздің үмметіміздің ең абзал адамдарының басқаруына наразы болып, оларды күпірлікте айыптап, оларға қарсы шыққан болса, онда қалайша олар мұсылмандардың қазіргі әмірлеріне разы бола алады және қалайша оларды күпірлікте айыптамайды?!
Қазіргі заман хауариждері олардың ойы бойынша діннен шыққан әмірлерге қарсы шығуға рұқсат бермейтіндер муржилер болып табылады деп мәлімдейді. Осының негізінде олар біздің заманымыздың үш имамын: шейх әл-Әлбаниді, шейх Ибн Базды және шейх Ибн ‘Усайминді муржи деп атады. Ал іс жүзінде бұл – муржилер сектасының жаңа, осыған дейін белгісіз болған, оны осыдан бұрын ешбір имам айтпаған анықтамасы болып табылады.[3]
Муржилер — бұл Исламдағы ертедегі адасқан, кейіннен көптеген топтарға бөлінген секталардың бірі. Алайда муржиялықтың негізінде «Адамдардың амалдары иманның құрамдас бөлігі болып табылмайды және иман – бұл жүректің нық сенімі және сөздер» деген сенім жатады. Сондай-ақ олар иман көбеймейді және азаймайды деп есептейді және игі амалдар кәпірлерге Ақыретте пайда келтірмейтіні сияқты, күнәлар да мүміндерге зиян тигізбейді деп есептейді.
Ал біздің заманымыздың осы имамдарының біреуі өздерінің кітаптарында осылай деп жазған ба немесе олар осындайды айтатын олардың лекцияларының таспалары бар ма?!
Имам Ахмадтан иман көбейеді және азаяды деп айтушылар туралы сұрағанда, ол: «Мұндай адам муржиядан алыс» — деді”. ‘АбдуллаҺ ибн Ахмад «әс-Сунна» 1/307.
Имам әл-Барбахари былай деді: “Кім: «Иман – сөздер мен амалдар, (ол) көбейеді және азаяды», — десе, сол муржиядан толық құтылған болады!” Қз.: “Шарху-с-Сунна” 67.
Бұдан тыс, әмірлерге қарсы шығуға тыйым салатын адам негізінде муржи бола алмайды, өйткені муржилер хауариждерден тек иман және күпірлік мәселесінде ғана ерекшеленеді, алайда әмірлерге қарсы шығу мәселесінде олар біртұтас. Сондықтан мұсылман әмірлеріне қарсы көтерілістерді тыйым салатындар емес, керісінше оларды рұқсат ететіндер және осыған шақыратындар муржилер деп аталуға көбірек лайықты. Сондықтан да атақты табиғин Айюб әс-Сахтияни хауариж деп кез келген бидғатшыны атап, былай дейді: «Ақиқатында, хауариждер атауларында бөлініп кетті, бірақ әмірлерге қарсы шығуда бірікті». Қз.: “әл-И’тисам” 1/113.
Абдуллаһ ибн Тахир былай деп айтатын: “Ақиқатында, сендер муржилерді білімнің негізінде жек көрмейсіңдер, ал мен оларды білімнің негізінде жек көремін! Біріншіден, олар мұсылмандардың әміріне мойынсұнуды міндетті деп санамайды. Және олар иманның деңгейлері жоқ дейді!” Қз.: «‘Ақидәту-ссаләф» 109.
Суфьян әс-Саури былай деген: “Муржилер: «Иман – бұл амалсыз сөздер», — деп айтады. Олар: «Лә иләһә иллә-Ллаһ, Мухаммад расулю-Ллаһ», — деп айтатынның иманы Жәбрейіл періштенің иманы сияқты, тіпті ол жүніп болған (ласталған) соң ғұсыл алмаса да және намазды орындамаса да», — дейді. Сондай-ақ олар мұсылмандармен соғысуды рұқсат етілген деп санайды”. әл-Ләләкаи 1834.
Екі ұлы имам – Суфьян ибн Уяйна және әл-Ауза’и былай дейтін: “Ақиқатында, муржилер әмірге қарсы шығуға шақырады!” Қз.: «әс-Сунна» 1/218/368.
Имам Ибн әл-Мубарактан ол муржилердің көзқарастарына ие ме деп сұрағанда, ол: «Мен мұсылмандардың әмірлеріне қарсы шығуға болмайды деп есептесем, қалайша муржи боламын?!» — деп жауап берген. Ибн Шахин “әл-Китабу-ллатыф” 17.
Дәл сондықтан Әһлю-с-Сунна имамы – имам Ахмад былай деп айтатын: “Ақиқатында, хауариждер – муржилер!” Қз.: “әс-Сунна” 74.
Имам Ибн әл-Мубәрак былай деп айтатын: “Кім мұсылман әміріне қарсы шығуды рұқсат етілген деп санамаса және олар үшін дұға етсе, сол хауариждердің пікірлерінен толық құтылған болып саналады!” Қз.: “әл-Ибана” 278.
Имам Абу Қиләба былай деп айтатын: “Қайсыбір адам бидғат жасаса, ол міндетті түрде мұсылман әміріне қарсы шығуды рұқсат етілген деп санай бастайтын!” әд-Дарими 99.
Шейх әл-Әлбани былай деп айтатын: “Мұсылмандардың әміріне қарсы шығу қажеттілігі туралы кітаптар жазып, лекциялар өткізетін бұл жамағаттар шариғат үкімдеріне қатысты надан! Ақиқатында, мұсылмандардың әміріне қарсы шығу – бұл бүлік (фитна)! Мұсылман әмірлеріне қарсы шыққысы келетіндер кәпір көпқұдайшылдарға қарсы шықсын, алайда олар мұсылмандардың арасында фитна таратқысы келеді. Осы себепті менде осы адамдардың Исламы туралы үлкен күмән туындайды. Мен осы адамдар — іс жүзінде мұсылмандардың киімін киген Исламның дұшпандары ма деп қауіптенемін. Ал егер олар шындығында да мұсылман болса, онда терең надандықта!” Қз.: “Фатауа уләмә әл-акабир” 91-97.
Шейх Ибн ‘Усаймин былай деп айтатын: “Мұсылман әмірлерін шариғат дәлелдерінсіз күпірлікте айыптау — хауариждердің манһажы болып табылады!».
Ал шейх Салих әл-Фәузан былай деген: “Кім мұсылмандардың барлық әмірлерін күпірлікте айыптаған болса және оларға қарсы шығуға шақырып-үндесе, сол хауариж!” Тз.: “Шарх Науақидуль-Ислам”.
Ал араб елдерінің әмірлері діннен шыққан болып табылады ма әлде жоқ па, мұны түрлі интернет-сайттарында құмарлықтардың түрлі жақтаушылары емес, шариғи соттарда ғалымдар шешеді!
4. Олар халықты анархияға талпындырып, әмірлердің күнәларын ақтарады және оларды көпшіліктің алдында қаралайды
Ал бұл — қазіргі заман хауариждерінің енгізген жаңалығы емес, олардың алғашқыларының да әдісі осы еді.
Уқба ибн Уасажж былай деп баяндайтын: «Маған хауариждер туралы және олар қалайша әмірлерді балағаттайтыны туралы айтатын. Ал бірде мен Абдуллаһ ибн Амрды кездестірген кезімде оған: «Сен – Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қалған сахабаларынансың және Аллаһ саған білім берді. Осы жерде, яғни Иракта (кейбір адамдар) өзінің әмірлерін қаралайды және барша еститіндей етіп олардың адасушылықтары туралы мәлімдейді, сен бұл туралы не айтасың? – дедім. Ол: «Олар – Аллаһтың, періштелерінің және барша адамдардың лағынетін көтергендер!», — деп жауап берді». Ибн Абу Асым «әс-Сунна» 933. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған.
Анас ибн Малик Аллаһтың Елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларынан болған ересектер әмірлерді балағаттауға тыйым салатынын баяндайтын және ол (Анас): «Әмірлеріңді балағаттамаңдар, оларға айла танытпаңдар және оларды жек көрмеңдер! Аллаһтан қорқыңдар да, сабыр етіңдер!» — дейтін. әл-Байхақи “әш-Шу’аб” 6/96. Шейх әл-Әлбани иснадын хасан деген.
Абу әд-Дарда былай деді: “Ақиқатында, адамдағы екіжүзділіктің алғашқы көрінісі – бұл мұсылман әміріне қатысты балағат!” Ибн Абдуль-Барр “әт-Тамхид” 21/287.
Ибн Қусайб әл-Адауи былай деп баяндайтын: “Бірде мен Абу Бакрамен бірге жұқа киімде құтпа айтып тұрған Ибн Амирдің мінберінің жанында болғанымда, Абу Биләл былай деді: “Бұзақылардың киімін киетін біздің әмірімізге қараңдар!” Ал Абу Бакра оған: “Үніңді өшір, өйткені мен Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кім әмірді қорласа, Аллаһ оны қорлайды!» — дегенін естігенмін!» — деді”. Ахмад 5/42, әт-Тирмизи 2224. Хадис хасан.
Сондай-ақ Му’ауия да былай деп баяндайтын: ”Бірде Абу Зарр «Рабза» деген жерге шыққанда, оны Ирак тұрғындарынан құралған бір топ адам қарсы алды да, оған былай деді: «Уа, Абу Зарр! Бізге әмір саған қатысты не істегендігі туралы хабар жетті. Егер қаласаң, ту көтер және саған қанша қаласаң, сонша адам ілеседі». Бұған Абу Зарр: «Тынышталыңдар! Тынышталыңдар! Ақиқатында, мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менен кейін әмірлер болады, оларды ұлықтаңдар. Ал оларды қорлағысы келген адам Исламда тесік жасайды және ол барлығын өз орындарына қайта келтірмейінше одан тәубе қабыл етілмейді!», — деп айтқанын естігенмін», — деп жауап берді“. Ибн Абу Асым: “әс-Сунна” 499. Шейх әл-Әлбани хадисты сахих деген.
Имам әл-Барбахари былай деді: “Егер сен мұсылман әмірлерін балағаттап тұрған адамды көрсең, ол – өз құмарлықтарының жақтаушысы екендігін біл. Ал, егер Аллаһтан өзінің әмірі үшін игілік тілеп жатқан адамды көрсең, ол – Сүннетті жақтаушылардан екенін біл”. Қз.: “Шарху-Ссунна” 113.[4]
Міне, тіпті мұсылмандардың әмірлері бұзақы және залым болса да, саләфтардың (оларға қатысты) манһажы қандай болған! Алайда көптеген мұсылмандар араб елдерінің әмірлерін жұма құтпаларында көпшіліктің алдында немесе өздерінің лекцияларында қаралайтындарға әуестенеді. Бұл біздің салиқалы алдыңғы буын өкілдеріміздің (саләфтардың) жолына қайшы келеді, өйткені әмірді артынан немесе көпшілік алдында қаралау Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсы жихад – бұл әмірге айтылған ақиқат», — деп айтқан әмірлеріне қайшы келеді. әт-Тирмизи, Ибн Мажжаһ, әл-Хаким. Хадистің сахихтығын хафиз әд-Думьяты және шейх әл-Әлбани растаған. Хадис сахих. Қз.: «Сахихуль-жәми’» 1100.
Сондай-ақ, Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, әмірге қалайша насихат айту керектігіне де нұсқап: «Кім әмірге насихат айтқысы келсе, оны жария емес, құпия жасасын», — деді. Ахмад 3/403, Ибн Абу Асым 1097. Имам әл-Хаким, шейх Ибн Баз және шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растады.
Кейбір замандастарымыз соңғы хадиске, оны әлсіз (даиф) деп, қарама-қайшы амал жасайтындығына қарамастан, оның мағынасы одан алдынғы хадиспен және сахабалардың амалдарымен расталады. Умар ибн әл-Хаттаб халифа болған кезінде былай деп айтатын: “Уа, адамдар! Ақиқатында, сендер бізді құпия насихаттауларыңда және бізге игі нәрселерде көмектесулеріңде біздің сендерде қақыларымыз бар!” Ханад ибн әс-Сарий “әз-Зухд” 2/602.
Шақиқ былай деп баяндайтын: “Бірде Усама ибн Зайдқа: “Сен не үшін Усманмен сөйлесу үшін оған кірмейсің?!”, – деп сұрақ қойылғанда, ол былай деді: “Сендер мен онымен сөйлесетін барлық нәрсе туралы (көпшілікке) баяндап беруімді қалайсыңдар ма?! Аллаһпен ант етемін, мен онымен оңаша сөйлестім және мен біздің арамызда болғанды жария етушінің алғашқысы болғым келмейді”. әл-Бухари 3267, Муслим 2989.
Ибн Аббас әмірге насихат айту жөнінде сұралған кезде, былай деді: “Мұны істегің келсе, араларыңда ешкім болмайтындай етіп істе және өзіңнің имамың (әмірің) туралы өсектеме!” Ибн Абу Шайба 15/74, Са’ид ибн Мансур 4/1657. Иснады сахих.
Егер «зұлымдықпен күресушілер» деп аталатындар Аллаһтың алдында ұлы орынға ие болғысы келсе, неліктен олар әмірге барып оның өзіне барлығын айтпайды? Бұл — жихадтың ең жақсы түрі ғой! Бірақ олар: «Бұл әмірлер өздеріне насихат айтқанды қинайды және өлтіреді!» — деп айтады. Ал біз оларға: «Бірақ егер сендер шындығында да игілікті қалайтын болсаңдар, олар сендерді қинаса да, өлтірсе де, бәрібір ұтылыста болмайсыңдар ғой, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шаһидтердің мырзасы – Хамза ибн Абдуль-Муталиб, сондай-ақ залым әмірге келіп, оны игілікке үндеп, жамандықтан тыя бастаған, ал ол оны өлтірген адам», — деді», — деп айтамыз. әл-Хаким 3/195. Хадис сахих. Қз.: «әс-Сильсилә әс-сахиха» 374.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге әмірге наразы болған әрбір адам үшін ең жақсы жолға және бүлік көтермей, адамдарды анархияға шақырмай жететін ұлы сыйға нұсқады. Олардың ешқайсысы шаһидтердің мырзасы болғысы келмейді ме?! Бірақ олай емес, олар өз шақыру-үндеулерін парақшалар және интернет арқылы таратып және халықты көтеріліске айдап салып, бүлік таратқысы келеді. Олардың мақсаты — Ислам мен мұсылмандар арасындағы бүлік, өйткені олар шайтанның және өз нәпсілерінің жетегінде.
Хауариждердің ең жамандары – халықты көтеріліске және әмірге қарсы шығуға талпындыратын, алайда өздері осыған қатыспайтын, «бұғып отыратын хауариждер» (әл-қа’адия). Бұл жөнінде хафиз Ибн Хажжәр хауариждердің ағымдарын тізбектеп айтқан. Қз.: “Хәди әс-сари”, 483.
Абдуллаһ ибн Мухаммад әс-Са’иф былай деп айтатын: «Ең жек көрінішті хауариждер – бұл бұғып отыратын хауариждер (әл-қа’адия)», — деген. Абу Дауд “әл-Масаильде” 281.
5. Олар адамдардың ниеттерін және олардың жүректерінде не бар екенін білетіндікке таласады
Өкінішке орай, хауариждердің бұл жек көрінішті сипаты өте көп мұсылмандарға тән. «Мынау – ықыласты, ал анау – екіжүзді!» сияқты сөздерді жиі естуге болады. Мұның жамандығы — осындай нәрселерді айтушылардың өздерінен жасырын және Аллаһтан өзге ешкім білмейтін нәрселердің негізінде адамдарға үкім шығарғысы келетіндігінде. Және бұл жағдайда ол адам мақталады ма, әлде жамандалады ма, оның ешқандай айырмашылығы жоқ.
Бұл әдеттің бастамасын салған хауариждердің атасы Зуль-Хууайсара болды. Бірде, кезектегі шайқастан соң Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олжаны бөліп отырған кезде, Зуль-Хууайсара осы бөлуге наразы болып, Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл ықылассыз істелді!», — деді. Бұл адам осы сөздерді айтқан кезде, Халид ибн Уәлид: “Уа, Аллаһтың елшісі, оның басын шауып тастайын ба?» — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, өйткені ол намаз орындайтындардан болуы мүмкін», — деді. Халид: “Ал тілдерінде жүректеріндегісінен басқа нәрсе болған қаншама намаз орындайтындар бар!», — деп айтты. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сонда былай деген: «Ақиқатында, маған адамдардың жүрегіне қарау және олардың құрсақтарын кесіп жару әмір етілмеген!» әл-Бухари 4351, Муслим 164.
Усама ибн Зайд былай деп баяндайтын: «Өз кезінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізді Хуракатқа (Жухайна тайпасына әскери жорық айтылып тұр) аттандырды, ал біз оларға таңертеңгісін шабуыл жасадық. Мен олардың біреуін қуа бастадым, ал ол мен оны қуып жеткен кезде: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ!», — деп дауыстай салды, бірақ мен оған найзаммен соққы беріп, өлтірдім. Осыны істегендіктен менің жаным тыныш таппады да, осы туралы Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баяндап бердім. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол: «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ!» — деп айтқан соң, оны өлтірдің бе, сонда?!» — деді. Мен: «Алайда ол мұны өлімнен қорыққандықтан айтты ғой!» — дедім. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сонда сен оның осыны ықыласты түрде айтқан, айтпағанын білу үшін оның жүрегін кесіп көрдің бе?!» — деді». әл-Бухари 4269, 6872, Муслим 273.
Имам әл-Хаттаби былай деген: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «…оның жүрегін кесіп көрдің бе?!» деген сөздері адамдарды тек сыртқы амалдарына сәйкес бағалау қажет екендігін дәлелдейді, ал жүректің жасырын істеріне келер болсақ, олар тек Аллаһқа ғана қалады». Қз.: «Мә’алим әс-Сунан» 2/234.
6. Олардың өздері туралы пікірі жақсы да, өзгелер туралы пікірі жаман
Анас ибн Малик былай деп баяндайтын: “Бірде Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам туралы хабарлағанда, ол: «Мен оны білмеймін», — деді. Сонда адамдар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, оның түрі мынандай және мынандай», — дегенде, ол: «Мен оны білмеймін», — деді. Ал сол уақытта олар сөз етіп отырған адам келді де, адамдар: «Әлгі адам осы, уа, Аллаһтың Елшісі», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен оны білмеймін», — деді. Әлгі адам бізге жақындап, сәлем берді, ал біз оның сәлеміне жауап қайырдық. Содан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Аллаһты куәлікке шақырамын, сен бізге жақындаған кезіңде өз-өзіңе сенен жақсы адам жоқ деп айтқан жоқсың ба?!» — деді. [5] Ол: “Аллаһпен ант етемін, иә», — деп жауап берді де, кейін намазды орындау үшін мешітке кірді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Бакрге: «Бар да оны өлтір!» — деді. Абу Бакр мешітке кіріп, оның намаз орындап жатқанын көрді. Ол өз-өзіне былай деді: «Ақиқатында, намаздың құрметі және ұлықтығы бар, Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұрайын, өйткені бізге намаз орындап тұрғандарды ұруға тыйым салынған еді ғой», — деді. Ол қайтып келгенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Сен оны өлтірдің бе?» — деп сұрады. Ол: «Жоқ, мен оның намаз орындап тұрғанының үстінен түстім, ал намаздың құрметі мен ұлықтығы бар емес пе, бірақ сен бұйырсаң, мен оны өлтіремін», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, сен бұл (іс) үшін емессің», — деп, содан соң: «Уа, Умар, сен оны өлтір!» — деп айтты. Умар мешітке кіргенде, оның сәждеде жатқанын көрді де, оны көп күтті, ал содан соң өз-өзіне: «Ақиқатында, сәжденің құрметі мен ұлықтығы бар, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірін сұрайын, бұл мен үшін жақсы болар», — деді. Ол қайтып келген кезде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Сен оны өлтірдің бе?» — деп сұрады. Ол: «Жоқ, мен оның сәжде жасап жатқанының үстінен түстім, сәжденің құрметі мен ұлықтығы бар ғой, бірақ сен бұйырсаң, мен оны өлтіремін», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, сен бұл (іс) үшін емессің, бар, уа, Али, оны өлтір! Сен, оны тапсаң, осыны істей аласың!» — деді.[6] Али мешітке кіріп, оны таппады, кейін ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтып келіп, оған бұл жөнінде хабарлағанда, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер ол бүгін өлтірілгенде, онда менің үмметімнен тіпті екі адам бір-бірімен келіспеушілікке түспес еді». Абу Я’лә 6/340, әд-Дарақутни 2/54, Ибн Абу Асым 938. Бұл хадистің риуаят етілуінің бірнеше жолдары бар, соған байланысты хафиз әл-Ираки және шейх әл-Әлбани оның сахихтығын растаған.
Бұл хадисте хауариж өзін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан, тіпті Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен де жақсы деп санағаны жеткізіледі! Бұл хадис хауариждердің өздері туралы жақсы ойлап, ал өзгелер туралы жаман ойлайтынына нұсқайды.
Сондай-ақ бұл хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намаз орындаушыны өлтіруге, тіпті оны ұрып-соғуға қатаң тыйым салғандығына нұсқау бар, өйткені бұл адамның намазы Абу Бакрге және Умарға Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірін орындауға бөгет болды.
7. Олар іс жүзінде игі болмаған нәрсені игі деп санайды. Және мұсылмандар өмір сүретін жерлерді кәпірлердің жерлері деп атайды
Имам Абуль-Хасан әл-Аш’ари «Байхасия» деп аталатын бір хауариж секталарының ерекшіліктерінің сипаттап, былай деп айтатын: “Олар: «Егер имам кәпір болса, онда бүкіл халық та кәпір болады», — деп айтады.[7] Сондай-ақ, олар былай деп айтады: «Бұл – көпқұдайшылықтың жері, ал оның барлық тұрғындары – көпқұдайшылдар!» Олар теке жеке танитын адамдарының артына ұйып намаз орындады; мұсылмандарды өлтіріп, олардың мал-мүлкін тартып алды және тіпті балаларды өлтіруді де рұқсат етті!” Қз.: “Мәқаләт әл-Исламиин” 1/194.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Хауариждерге оларды мұсылмандардың үмметінен және олардың әмірінен айрықша ететін екі белгілі сипат тән: біріншісі – олардың Сүннеттен ауытқып, іс жүзінде жаман емес нәрсені жаман деп және жақсы емес нәрсені жақсы деп айтулары. Олардың дәл осы сипаты Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олжаны бөліп отырғанда Зуль-Хууайсара әт-Тамими оған: «Әділетті бол! Ақиқатында, сен әділ емессің!» — деп айтқан кезінде оған қатысты көрініс тапты.
Хауариждердің және бидғатты жақтаушылардың екінші сипаты – олар мұсылмандарды күнәлар жасағандары үшін күпірлікте айыптайды және осының негізінде олардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуды өздеріне рұқсат етеді. Олар, сондай-ақ мұсылмандардың жері – бұл кәпірлердің жері деп есептейді!”[8] Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 19/72.
8. Олар кәпірлердің елдерінде өмір сүреді
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Хауариждердің сипаттарынан –олардың кәпірлердің елдерінде өмір сүруі”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 13/98.
Қазіргі заман хауариждері қай жерде өмір сүріп жатқанына назар аударыңдар, уа, мұсылмандар. Негізінде бұл — Англия немесе Франция сияқты еуропалық елдер. Олар сол жерде өмір сүруі аз болса, сол мемлекеттердің азаматтығын да кедергісіз алып алады!
Бұл адамдар жер бетінде ислам мемлекеті жоқ деп есептейді де, Сауд Арабиясы мен Американың арасында айырмашылық жоқ деп, дәл осымен өздерінің кәпірлердің арасында тұрып жатқандықтарын ақтайды.[9] Аллаһ Пәк, олар ақиқаттан нендей алыс!
9. Олар өздерінің сенімдерін ақтау үшін бірмағыналы емес және күмәнды дәйектерді қолданады
Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Ол — Аллаһ, саған Құранды түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар — Кітаптың негізгі іргетасы. Сондай-ақ астарлы ұғымдағы өзге аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар бұзақылық таратқысы келіп, астарлы мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі. Олардың ұғымын Аллаһ қана біледі. Ал тиянақты білімге ие болғандар: «Бұған сендік. Мұның барлығы — Раббымыздан», — дейді. Бірақ насихатты ақыл иелері ғана еске алады (түсінеді)» (Әли Имран 3: 7).
Аллаһтың «…бұзақылық таратқысы келіп…» деген мағынадағы сөздері «олар сөйтіп адасушылыққа кіргізгісі келеді» дегенді білдіреді.
Абу Ғалиб былай деп баяндайтын: «Абу Умамадан: “Бұл аятта аталатындар кімдер?” – деп сұрағанда, ол: «Олар – хауариждер!» — деп жауап берді». Ибн Наср «әс-Сунна» 55. Иснады хасан.
Аиша былай деп баяндаған: «Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы аятты оқыды да: «Егер айқын болмаған нәрсеге ілесушілерді көрсең, біл, міне солар – Аллаһ олар туралы айтқандардың дәл өздері, ендеше, олардан сақ бол!», — деді». әл-Бухари 4547.
Барлық аяттар мен хадистерді олардың сыртқы мағынасына қарап түсінуге бола бермейтінін білу керек. Олардың кейбіреулері алғашқы қарағанда көрінетіннен өзге нәрсені меңзеуі мүмкін, өйткені мұндай аяттарды немесе хадистерді сөздің дәл мағынасында қолдануға жол бермейтін өзге шариғи мәтіндер бар. Ал хауариждер өзге шариғи дәлелдердің көпшілігіне назар аудармай, Құранның аяттарының кейбір сыртқы мағынасын қолданады. Дәл осылайша олар «Үкім Аллаһқа ғана тән» деген аятқа сүйеніп, Алиді күпірлікте айыптаған еді. Абу Рафи’ былай деп баяндаған: «Хауариждер Алиге қарсы қару алып шыққанда, олар: «Үкім Аллаһқа ғана тән! Үкім Аллаһқа ғана тән!», — деп үнемі қайталай берді. Ал Али: «Өтірікті тұспалдап, ақиқатты айтып жатыр!», — деді». Муслим 1774.
Имам Абуль-Алия былай деп айтатын: “Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлімінен кейін он жыл мухкамды[10] оқыдым, ал Аллаһ маған екі нығмет берді және мен олардың қайсысы жақсырақ екендігін білмеймін: Ол мені Ислам жолымен жүргізгені ме, әлде Ол мені хауариж етпегені ме!” Қз.: “әт-Табақат әл-кубра” 7/113.
Нәфи’ былай деп баяндайтын: “Ибн Умар хауариждерді Аллаһтың жарытылыстарының ең жамандары деп санайтын және былай деп айтатын: «Хауариждер кәпірлерге қатысты түскен аяттарды алып, оларды мүміндерге қолданады”. Ибн Уахб. Қз.: “әл-Изтискар” 8/90. Бұл деректі имам әл-Бухари өзінің «Сахихындағы» бір баптың соңында келтіреді және хафиз Ибн Хажжәр бұл деректің иснадын сахих деп айтқан. Қз.: “Фатх әл-Бари” 12/286.
Имам әл-Әжурри, жоғарыда айтылғандай, хауариждер туралы: «…олар Құранды өздерінің құмарлықтары мен қалауларына сәйкес тәпсірлейді!» — деген. Қз.: “әш-Шәри’а” 1/21.
Хафиз Ибн Абдуль-Барр былай деп жазған: “Хауариждер мен муътазиләлар сияқты бидғаттардың жақтаушылары Құран сөздерінің сыртқы мағынасына сүйене бастаған кезде, адасушылыққа түсті, мысалы, «Ал Аллаһтың түсіргеніне сәйкес үкім етпегендер кәпірлер болып табылады» деген аят”. Қз.: «әт-Тамхид» 16/17.
Имам әл-Жәссас былай деген: “Хауариждер бұл (Аллаһтың түсіргенінің негізінде үкім ету туралы) аяттардың мағынасын бұрмалады және Аллаһтың үкімін қалдырғандардың әрбірін, тіпті олар оны теріске шығармаса да, күпірлікте айыптай бастады!” Қз.: “Ахкамуль-Қуръан” 2/534.
Шейхуль-Ислам Абу әл-Музаффар әс-Сам’ани былай деген: “Хауариждер осы аяттарды дәлелге алып: «Кім Аллаһтың түсіргенінің негізінде үкім етпесе, сол – кәпір!» — детінін біл, ал Әһлю-с-Сунна Аллаһтың үкімін қалдырған үшін такфир жасамайды!” Қз.: “Тафсир әс-Сам’ани” 2/42.
Имам әл-Қуртуби былай деген: «Күнәлар үшін күпірлікте айыптайтындар «Ал Аллаһтың түсіргеніне сәйкес үкім етпейтіндер кәпірлер болып табылады!» деген аяттың сыртқы мағынасына сүйенеді және хауариждер осылайша істейді, алайда бұда олар үшін дәлел жоқ!» Қз.: «әл-Муфхим» 5/117.
10. Олар ғибадат пен зухдтықта едәуір ыждағатты болуы мүмкін
Анастан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ақиқатында сендердің араларыңда құлшылықта соншалықты ыждағатты, тіпті өздерін өздері таң қалдыратын халық пайда болады. Бірақ олар діннен, жебе тесілген нысанадан тесіп өтетініндей, шығып кетеді!» Абу Я‘лә, 3/107. Хадис сахих. Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 4/519.
Өкінішке орай, біздің заманымызда мұнымен көптеген жас мұсылмандар алданады. Біреудің ыждағатты құлшылығын, зухдтығын немесе көркем мінезін көріп[11], олар осымен әуестенеді, ал аталғандардың барлығы дұрыс сенімнің (ақиданың) және дұрыс жолдың (манһаждың) көрсеткіші болып табылмайды.
Имам әл-Ауза’и былай деген: “Маған шайтан бидғаттардың жақтаушысын құлшылыққа деген махаббатқа иландыратыны туралы дерек жетті. Ол оны момындыққа және жылауға салады да, сол арқылы оны азғырады”.
Суфьян әс-Саури былай деген: “Жылау он түрлі болады. Олардың тоғызы Аллаһ үшін емес және біреуі ғана Ол үшін. Ал егер адам Аллаһ үшін жылына бір рет жылайтын болса, ол да көп!” Абу Ну’айм 7/11.
Иса ибн Зазан былай деп айтатын: “Адамдар үшін сондай уақыттар келеді, сол кезде шайтан олардың көздерінде өмір сүретін болады және қалаған адамын жылататын болады”. Ахмад «әз-Зухд» 273.
Имам әш-Шатыби былай деген: “Бидғаттардың кез келген жақтаушысы құлшылықтағы ыждағаттылықты көбейтеді. Ләззаттың кез келген түрінен бас тартатын және ғибадатта ыждағатты болатын монахтарды көрмеп пе едің?! Бірақ, соған қоса, бұл монахтар мәңгі Отта қалады!” Қз.: «әл-И’тисәм» 1/165.
Адамдарды бірінші кезекте олардың сенімдеріне сәйкес бағалау керек, ал басқа артықшылықтары кейіннен келе береді. Егер адамдарды олардың ыждағатты түрде ғибадат жасауына байланысты бағалау қажет болғанда, онда хауариждердің деңгейін сахабалардың деңгейінен де көтермелеп жіберу қажет болар еді, өйткені Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, сендердің намаздарың, олардың намаздарымен салыстырғанда және сендердің оразаларың, олардың оразаларымен салыстырғанда, өздеріңе болмашы болып көрінеді». Муслим 1064.
Алайда іс жүзінде бәрі басқаша. Өйткені хауариждер мұсылмандардың алғашқы бүлігінің және бөлінуінің себепшілері болды. Ақиқатында, дұрыс сенімдердің ізінен ғана ізгі амалдар жалғасады. Және дәл осы сипат аһлю-Суннадан болған шынайы мұсылмандарды әртүрлі ағымдар мен жамағаттардан ерекшелейді.
Ал хауариждердің және өзге де бидғаттардың жақтаушыларының ыждағаттылығына келер болсақ, ол оларға ешқандай пайда келтірмейді, бұл жөнінде ізгі алдыңғы буын өкілдеріміз (саләфтар) айтқанындай. Хасан әл-Басри былай деген: “Бидғатшының оразасы да, намазы да, қажылығы да, умрасы да, садақасы да, жихады да қабыл болмайды”. Ибн Батта “әл-Ибана” 1/125.
11. Олар жас әрі зердесіз (парықсыз)
Али ибн Абу Талиб былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естігенмін: «Соңғы замандарда жаратылыстардың ең абзалының (Пайғамбардың) сөздерін айтатын жас және ақылы бойынша зердесіз (парықсыз) адамдар пайда болады, алайда олар садақтан атылған жебе сияқты Исламнан шығады. Бұл адамдардың иманы олардың кеңірдектерінен төмен түспейді, сондықтан да, оларды қай жерде кездестірсеңдер де өлтіріңдер[12], өйткені оларды өлтірген (адам) осы үшін Қиямет Күні сый алады». әл-Бухари 3611; Муслим 1066.
Имам ән-Науауи былай деді: “Бұл хадистен білімнің тұрақтылығы мен күштілігі жастың егделігімен келетінін білеміз”. Қз.: “Фатхуль-Бари” 12/300.
Біздің заманымыздың хауариждерінің арасында тек жастар екендігіне назар аударыңыздар, олардың арасында олардың көзқарастарын қолдайтын тіпті бірнеше егде адамды таппайсыз. Және Ислам үмметінің мәселелерімен байланысты ең маңызды мәселелерді талқылап жүргендер де жас болып табылады.
Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждер туралы былай деген: «Олар Құранды, ол олардың жағында деп ойлап, оқиды, алайда ол оларға қарсы болады!» Муслим 1066.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Ең алғашқы бидғат, нақты айтқанда, хауариждердің бидғаты олардың Құранды бұрыс түсінуінің себімен пайда болды”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 13/30.
Сондай-ақ шейхуль-Ислам хауариждер туралы былай деген: “Олар — өздерінің надандығымен Құран мен Сүннетке қайшылыққа түскен надандар!” Қз.: “Минһажжу-Ссунна” 3/464.
12. Олар «айыпталатынды өзгерту» және «жихад» сияқты игілікті шақырулармен және ұлы үндеулермен бүркенеді
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметімде келіспеушілік және бөліну басталады, ал кейін әдемі сөздер сөйлеп, бірақ жаман істер істейтін адамдар пайда болады». Ахмад 3/224, Абу Дауд 4765. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген.
Имам әл-Әжурри, жоғарыда да келтірілгендей, былай деп айтатын: «Және тіпті олардың ашық түрде жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюы да оларға көмектеспейді, өйткені олар Құранды өздерінің құмарлықтарына (қалауларына) сәйкес тәпсірлейді!» Қз.: “әш-Шари’а” 1/21.
Шейх әл-Әлбани жиі былай дейтін: “Олардың жемістері бойынша олар туралы біліңдер!”
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Құран мен Сүннет жихадты жасау туралы бұйрықтарға және оның артықшылықтарына толы. Алайда шариғатта заңдастырылған, Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған жихад пен кейбір адасушылықтың жақтаушылары жүргізіп жүрген бидғат-жихадтың арасындағы айырмашылығын білу қажет! Олар жихадты Шайтанға бағынып жүргізуде, алайда өздері жихадты Рахманға бағынып жүргізудеміз деп ойлайды. Бұл хауариждердің және солар сияқты Исламның жақтаушыларымен соғысып жүрген өз әуестерінің және дінге жаңалық енгізудің өзге де жақтаушыларының жихады сияқты!». Қз.: “Раду ‘аләл-Ахнаи” 326.
Аллаһтың разылына қол жеткізу үшін ықыласты ниеттің болуы ғана жеткіліксіз екенін білу қажет.
Сонымен бірге ықыласты ниет Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес келуі қажет. Амр ибн Саләмадан, бірде Ибн Мас’уд мешітте жиналып және тастарды шерткілеп, жүз реттен Аллаһты зікір ету сөздерін айтып отырғандарға сөгіс білдіргені жеткізіледі. Бұл адамдар оған: «Аллаһпен ант етеміз, уа, Абу Абдур-Рахман, біз игіліктен басқа ешнәрсені қаламадық!» — деп жауап берді. Сонда ол: «Бірақ игілікті қалайтындардың қаншасы оған жете алмайды!» — деді. Және Амр ибн Саләма: “Ал біз бұл адамдардың көпшілігінің Нахрауан шайқасы күні хауариждердің жағында соғысқанын көргенбіз”, — деп баяндайтын. әд-Дарими 1/68, әт-Табарани 8628. Хафиз әл-Хайсами және шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған.
Уа, мұсылмандар! Бидғат Аллаһты топпен зікір етуден басталып, хауариждердің идеологиясындағы өліммен аяқталғанына назар аударыңдар. Аллаһ бізді адасушылықтан және жаман өлімнен сақтасын!
Имам Барбахари: «Амалдардағы кіші бидғаттардан сақ болыңдар, өйткені, ақиқатында, кіші бидғат үлкен болғанша өседі! Бұл үмметке енгізілген әрбір бидғат алғашында кіші және ақиқатқа ұқсас болды және бұл бидғатқа кірген адам алданды да, соңынан одан шыға алмады. Ал бұл бидғат үлкен болып, ұстанатын дінге айналды», — деп ақиқатты айтқан. Қз.: “Шарху-Ссунна” 61.
Бұл дүниеде қорқынышты істерді істегендер осыны ықыласты ниеттермен істегендерін мәлімдейді. Шариғатта «Ықыласты ниет бұзық (нашар) амалды игі етпейді» деген маңызды ереже бар.
13. Олар ғалымдарды қаралайды және күпірлікте айыптайды
Алидің бұйрығымен Ибн Аббас бөлініп шыққан хауариждермен келіссөздер жүргізу үшін келген кезде, олардың кейбіреулері: «Онымен сөйлеспеңдер!», — деп айқайлай бастады. Сонда сол кезде әлі хауариж болып жүрген Ибн әл-Қауа орнынан тұрып, адамдарға қарап, оларды Ибн Аббастан сақтандырып: “Уа, Құранға ілесушілер! Бұл Ибн Аббасты біреулер білмесе де, мен оны білемін, міне соның халқы туралы Аллаһ: «Олар – керісуші адамдар болып табылады» (әз-Зухруф 43: 58), — деді. Оны иесіне қайтарыңдар, ал өздерің Аллаһтың Кітабынан қайтпаңдар!” – деді. Ахмад 1/621, әл-Хаким 2/150-152, әл-Байхақи 8/309. Иснады сахих.
Алайда бұл сипат тек хауариждерге ғана тән емес, ол адасқан секталар мен ағымдардың барлығына ортақ болып табылады.
Ахмад ибн Синан былай деп айтатын: “Бұл дүниеде хадис білгірлерін жек көрмейтін бидғаттардың жақтаушысы жоқ”. Қз.: “Китабуль-имара” 1472.
Имам әс-Саффарини былай деген: “Ақиқатында, ғалымдардың қызметтері белгілі және олардың мәртебесі ұлы, ал кім олардың мәртебелерін кішірейткісі келсе, сол — адамдардың ең қараниеттісі және оңбағаны, ал кім оларды жек көрсе, сол Ібілістің партиясынан (тобынан)”. Қз.: “Ләухуль-ануар” 2/355.
Убада ибн Самиттен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Біздің арамыздағы үлкендерді құрметтемейтін, жастарға мейірім танытпайтын, сондай-ақ білім иелеріне лайықтысын бермейтін менің үмметіме қатыссыз». Ахмад, әл-Хаким, әт-Табарани. Хафиз әл-Мунзири және шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген. Қз.: «Сахихуль-жәми’» 5443.
Сәһль ибн Абдуллаһ әт-Тустури: “Адамдар мұсылман әмірлері мен ғалымдарды көтермелеп тұрғанға дейін игілікте болуын тоқтатпайды және егер оларды құрметтесе, Аллаһ олардың дүние тіршілігін және болашақ (Ақыреттегі) өмірін тәртіпке келтіреді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұл дүние тіршілігі мен болашақ өмірін опат етеді”, — деген. Қз.: “Тафсир әл-кубра” 5/260.
14. Олардың арасында шынайы ғалымдардың болмауы
Хауариждердің де, өзге секталардың да өзгермес сипаттарының бірі – олардың арасында шынайы ғалымдардың болмауы, мұның үстіне бұл жағдай олардың негізгі ерекшіліктерінің бірі болып табылады және дәл осы оларды хауариждер түскен осындай қайғылы жағдайға душар етті. Алғашқы хауариждер пайда болған кезде, олардың арасында бірде-бір сахаба, яғни бірде-бір ғалым болған жоқ, өйткені сол кездің ғалымдары Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл сахабалары еді. Ибн Аббас Алидің бұйрығымен хауариждермен келіссөздер жүргізу үшін келген кезде, оның оларға айтқан ең алғашқы сөздері мынандай еді: “Мен сендерге Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан – мухажирлер мен ансарлардан және оның көкесінің баласынан келдім. Құран оларға түсірілген еді және олар оның мағынасын сендерден жақсырақ біледі, ал сендердің араларыңда олардың біреуі де жоқ!”[13] Ахмад 1/621, әл-Хаким 2/150-152, әл-Байхақи 8/309. Иснады сахих.
Ибн Аббас олармен айтысуда ең бірінші болып қандай дәйек келтіргеніне назар бұрыңыздыр! Бірде-бір сахаба бұл бүлікшілерге қосылмады. Бұл сектаны үзілді-кесілді жою үшін осы дәйектің өзі жетіп асатын.
Ешқашан адасқан секталар мен ағымдардың қатарында шынайы ғалымдар болмайды! Хафиз Ибн Ражжаб былай деп жазатын: “Бидғаттар мен адасушылықтардың жақтаушыларына келер болсақ, олар ғалымдарға ұқсағысы келеді, бірақ олар олардың қатарынан емес. Олардың надандығын көрсету және олардың адасушылықтарын әшкерелеу рұқсат етілген, өйткені сол арқылы оларға ілесуден сақтандырып ескерту үшін”. Қз.: “Фарқ бәйнә ән-насыха уә әт-та’йир” 33.
15. Олардың сипаттарынан — бастарын қырып тастау
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімде келіспеушілік және бөліну басталады, ал кейін әдемі сөздер сөйлеп, бірақ жаман істер істейтін адамдар пайда болады. Олар Құранды оқиды, алайда ол олардың кеңірдектерінен төмен түспейді. Олар діннен, тесілген нысанадан жебе ұшып шығатыны сияқты, ұшып шығады да, қайта оралмайды. Олар – жаратылыстардың ең жамандары және Туба[14] оларды өлтіретіндер үшін немесе олар өлтіргендер үшін. Олар Аллаһтың Кітабына шақырады, алайда өздері оған қатыссыз болады. Ал кім оларды өлтірсе, Аллаһқа олардан жақын болады!», — деді. Одан: «Уа, Аллаһтың елшісі, ал олардың сипаты қандай?» — деп сұрады. Ол: «Басты қырып тастау», — деді. Ахмад 3/224, Абу Дауд 4765. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді.
Имам ән-Науауи былай деген: “«әт-Тахаллюқ» деген сөзбен қырылған бастар меңзеледі. Осы себептен кейбір ғалымдар басты қыруды құптамаған, алайда бұл хадисте бұған нұсқау жоқ. Бұл — жай ғана олардың сипаттарынан болып табылады, ал сипаттар рұқсат етілген де, тыйым салынған да болуы мүмкін”. Қз.: «Шарх Сахих Муслим» 7/167.
Бірақ, дегенмен, хауариждерге ұқсамау үшін себепсіз басты қырмау керек. Мұның үстіне Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды осы сипатпен ерекшеледі. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім қай бір халыққа ұқсап-еліктесе, ол солардан», — деген. Абу Дауд 4031, Ахмад 2/50 және басқалар. Хадистің сахихтығын Ибн Таймия, Ибн Хаджар, әл-Ираки, әл-Әлбани растаған.
Имам ән-Науауидің өзі де, сондай-ақ әл-Мунауи, әс-Сан’ани, Ибн Абидин т.б. ұқсап-еліктеуге деген тыйым кез келген қауымға қатысты, олар пірлер, күнәһарлар немесе бидғаттың жақтаушылары болса да деген. Оларға дінде, мінезде немесе әдеттерде ұқсауға болмайды. Қз.: “Раудәту-тталибин” 8/206, “Субулю-с-Саләм” 4/238, “Булюғуль-амәни” 22/40.
Алайда егер адам қандай да бір себеппен басын қырғысы келсе және мұны ғибадат деп санамаса[15], бұда сөгіс білдірілетін ешнәрсе жоқ.
Ғалымдар төрт жағдайда: қажылықтан немесе умрадан соң; балаға ол туылғаннан кейін жетінші күні және кәпір Исламды қабылдаған соң басты қыру абзал дегенге бірауызды келіскен. Ал басқа жағдайларға келер болсақ, басты қыру абзал болмайды. Ал шейхуль-Ислам Ибн Таймия ғалымдар бұған бірауызды келіскен деп айтқан. Қз.: “әл-Истиқама” 1/256.
16. Олар өз мақсаттарына жету үшін өтірікке жүгінеді
Алғашқы хауариждер өтірікті діннен шығаратын күпірлік деп санағанына қарамастан, қазіргі замандағылары өтірік — олардың іс-әрекетіндегі қажетті нәрсе деумен ақталып, оны рұқсат етеді. Қз.: «әл-Хауариж фирқа әд-далә» 36.
17. Олар өз пікірлерін жиі өзгертеді
Бұл оларда білімнің болмауы себепті орын алады және дәл сол үшін де хауариждер өз сектасының ішінде тағы да 20 ағымға бөлінді.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймийя былай деп айтатын: “Бидғаттардың жақтаушылары бір пікірде тұра алмайды, өйткені оларды күмәндар билеп алады. Құран мен Сүннеттен бет бұрғандарға қатысты Аллаһтың қашып құтылуға болмайтын заңы осындай!” Қз.: «Мәжму’уль-фатауа» 4/157.
Ибраһим ән-Наха’и былай деген: “Саләфтар діндегі пікірлердің өзгеруі жүректің күмәнінің себебімен орын алады деп айтатын”. Ибн Батта «әл-Ибана» 575.
18. Олар мұсылмандармен бейбіт келісім-шартта болған кәпірлерді өлтіруді рұқсат етеді
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Кім муахадты (мұсылмандармен келісім-шартта болған кәпірді) өлтірсе, Жәннаттың хош иісін де сезбейді, ал оның аңқыған иісі қырық жылдық жол қашықтықтан сезіледі». әл-Бухари 2995.
Ибн Хажжәр былай деп жазған: «Хадисте мұсылмандармен келісім-шарты бар кәпір туралы сөз болуда, мейлі ол жизия төлеу, әмірмен бітім немесе мұсылман адам тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігі (аман) болсын». Қз.: “Фатхуль-Бари” 12/259.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Барлық мұсылманның қаны тең дәрежеде құнды, ал олардың ең ықпалсызының берген кепілдігін өзгелердің барлығы орындауға тиіс». Абу Дауд 2751, Ибн Мажжаһ 2685, Ибн әл-Мунзир 11/151. Хадис сахих, бұл жөнінде шейх әл-Әлбани айтқан.
Имам әш-Шахристани былай деді: “Хауариждер келісім-шартта болған немесе жизья төлеген кәпірлердің қанын және мал-мүлкін халал деген. Және осыны істемейтіндерден бас тартуды міндетті деп есептеген!” Қз.: “әл-Миләлю уә-ннихәл” 1/118.
Хауариждер және оларға ілесушілер мұсылмандарды өлтіруді де болмашы іс деп санаған, ал кәпірлер туралы не айтуға болады! Ал іс жүзінде тіпті кәпірдің қаны да, шариғат оны халал етпейінше, харам болып табылады.
Имам Абу әл-Аббас әл-Қуртуби былай деген: “Қанды сақтау қажет және ол өз негізінде, шариғат оны халал ететін жағдайлардан өзге кезде, қол сұғылмайтын нәрсе болып табылады!” Қз.: “әл-Муфхим” 5/27.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Ақиқатында, мұсылмандарға хижраға дейінгі алғашқы уақытта соғысуға тыйым салынған еді, сол кезде кәпірді өлтіру харам болатын және бұл — адамды қақысыз өлтіру болатын… Өз негізінде Адам баласының қаны, қақылы болған жағдайдан басқа кезде, тыйым салынған (харам) және рұқсат етілмеген болып табылады. Және кәпірлердің қаны да, өз негізінде солай болғанындай, Исламның бастапқы кезеңінде тыйым салынған (харам) еді, Муса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) өлтірген мысырлықтың қаны сияқты, біздің кезімізде Ислам шақыруы жетпеген кәпірлердің қаны да. Және Мусаға оның адам өлтіруі бұл дүниеде де, Ақыретте де күнә болды, ол бұл адамды қасақана өлтірмегеніне қарамастан!» Қз.: “әс-Саримуль-мәслюль” 2/210.
Шапағат туралы ең кең таралған хадисте Күн адамдарға жақындағанда және оларды қайғы мен уайым басқанда оларда бұған төтеп беруге күш те, сабырлық та болмайды, олар пайғамбарларға Раббысының алдында шапағатшы болуды сұрап жүгінеді және Мусаға жеткен кезде: «Уа, Муса, сен – Аллаһтың елшісісің және Аллаһ сені басқа адамдардан абзал көріп, саған Өзінің Жолдауын тапсырып, сенімен тікелей сөйлесіті. Бізге Раббыңның алдында шапағат ет, біздің қандай жағдайда екенімізді көрмейсің бе?!», — деп айтатыны жеткізіледі. Ал Муса: «Ақиқатында, менің Раббым маған бұрын ешқашан бұлай ызаланбағанындай және болашақта ешқашан бұлай ызаланбайтынындай ызаланды, өйткені мен маған өлтіру бұйырылмаған адамды өлтірдім! Өзім, өзім (қорғауға мұқтажбын)! Басқаға барыңдар, Исаға барыңдар!» — дейді. әл-Бухари 4712.
Қақысыз адам өлтіру күнәсінің ұлықтығын түсіну үшін осы жеткіліксіз бе?! Ал біздің кезімізде хауариждер олардың жалған идеологияларын қолдамайтын мұсылманды да өлтіруі мүмкін!
19. Олар лаңкестік актілер (терактілер) жасауды рұқсат етілген деп санайды
Шейх Ибн ‘Усаймин Сауд Арабиясында жасалған лаңкестік актіден соң былай деді: “Мұндай іске кез келген ақылы бар адам разы бола алмайды, ал иман келтірген адам тіпті де, өйткені бұл Құран мен Сүннетке қайшы келеді. Осыда Исламға іштей де, сырттай да келетін зиян бар. Бұл – ұлы қылмыс, алайда залымдар табысқа жетпейді. Жақын арада, инша-Аллаһ, олар өздерінің жазасын толығымен алады. Білім талап етіп жүрген студенттер адамдарға бұл жол – көпқұдайшылдарды қалдырып, мұсылмандардың қанын төгуді халал еткен хауариждердің кесірлі жолы екендігін түсіндіру міндетті болып табылады”. Қз.: “Фатауа әш-шар‘ия фи қадая әл-‘асрия” 47.
Шейх Салих әс-Сухайми былай деген: “Өзін «әл-жихад» деп атайтын, бірақ жихадқа еш қатысы жоқ топ – біздің ғасырымыздың хауариждері! Хауариждер олар тарапынан Усман мен Али өлтірілген кезде пайда болды және олар тіпті Дәжжәл шыққанға дейін болады, бұл жөнінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай. Олар пұтқа табынушыларды тастап қояды да, мұсылмандарды өлтіреді. Олар Құранды оқиды, бірақ ол олардың кеңірдегінен төмен түспейді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды «Тозақтың иттері» деп атады. Олар ислам елдерін кәпірлердің жері деп, ол жерлердегі мұсылмандарды өлтіреді! Өздерінің әрекеттерімен олар кәпірлерді Исламға және мұсылмандарға қарсы басып кіруге араңдатты және олардың кейбір мұсылман қалаларын басып алуына жол берді. Осының барлығының арғы жағында кімдер тұрғанын: сионистер ме, массондар ма, әлде басқа біреулер ме; олар осыларға тікелей басшылық етеді ме, әлде жоқ па — Аллаһ жақсы біледі. Олардың бұзақылығы таралмауы үшін әрбір мұсылман олардың адасушылықтарын ашуға және көрсетуге міндетті. Және олардың қай-қайсысын да жасырып-қорғауға болмайды, өйткені бұл күнә мен дұшпандыққа көмектесу болады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер», — деп бұйырғанындай (әл-Мәидә, 2). Ал оларды жасырып (пана бергенге) немесе қорғағанға немесе олардың амалдарын істегенге келер болсақ, ол олардың істеріндегі, бейбіт келісімдегі мұсылмандардан және кәпірлерден болған жазықсыз адамдарды өлтіру ісіндегі қолдаушысы және серіктесі болады. Және мұндай адам Аллаһтың лағынетіне түседі, бұл жөнінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ бидғат істеушіні және бидғатшыны жасырушыны лағынеттеді», — деп айтқанындай. әл-Бухари 4/73, Муслим 1371». Қз.: “әл-Ирхаб асбабуху уә ‘иләжжух” 7.
Шейх Ибн Базға қойылған «Сіз «Жама’ат әл-жихад»[16] атты топ туралы және олармен ынтымақтастықта болу туралы не айта аласыз?» деген сұрақ қойылғанда, ол: “Біз олармен ынтымақтастықта болмауымыз керек, тіпті оларға сәлем беруге болмайды. Олар еленбеуге тиіс және адамдарды олардың жауыздығынан сақтандырып ескерту керек, өйткені олар – мұсылмандар үшін фитна (бүлік) және зиян, және олар – шайтанның бауырлары!” Қз.: «Кәйфә ну’алижжу уаки’анә» 108-109.
Хауариждер үлкен күнәлар жасауды діннен шығаратын күпірлік деп санауына қарамастан, өздерінің дәл сол ауыр және қауіпті күнәләр болып табылатын іс-әрекеттерін олар Аллаһқа құлшылық және жақындау деп санайды.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Исламның имамдары бидғаттар адамдар оларды істеп жатып, бірақ соның күнә екендігін түсінетін кәдімгі күнәлардан жаман екендігінде біріккен!” Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 28/471.
Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Адамдамдардың көпшілігі Аллаһқа Ол тыйым салған нәрселер арқылы ғибадат етіп, осынысын — мойынсұну және жақындау деп нық сенеді. Және мұндай адамның жағдайы, өзінің істеп жатқаны күнә екендігін түсінетін адамның жағдайынан жаман!” Қз.: “Иғасату-л-ләхфан” 2/181.
Адам хауариж болуы үшін оның бойында осы аталған сипаттардың түгел болуы шарт емес, алайда, бұл жөнінде жоғарыда айтылып кеткендей, хауариждер олардың әрқайсысына кейбір сипаттар көбірек тән болған көптеген секталар мен ағымдарға бөлінді. Егер адам мұсылмандардың заңды әмірін құлатуға шақырса немесе мұсылмандарды күпірлікте айыптаса немесе мұсылмандардан қауіпсіздік кепілдігі бар кәпірлерді өлтірсе, алайда осылармен бірге басын қырмаса, оны хауариж емес деп айтуға болмайды! Бірақ бойында хауариждердің кейбір сипаттары бар нақты бір мұсылманды хауариж деп те айтуға болмайды. Оны хауариж деп атамай: «Бұл — хауариждік сипат», — деп айту керек.
Бұл сипаттар мұсылмандар осыдан қауіптенулері үшін және олардан қашқақтаулары үшін айтылған, адамдардың бойынан оларды іздеп жүріп, сосын оларды хауариж деп айыптау үшін емес.
Аллаһ Тағала мұсылмандарды аталған жаман сипаттардан сақтасын. Әмин!
[1] Әмірдің жазаны өз қолымен атқаруы туралы емес, оны тағайындауы туралы сөз болып тұр.
[2] Сөз мына оқиға туралы болып тұр: «Бірде, екі адам айтысып қалған кезде, олардың біреуі: “Жүр, бізге үкім шығару үшін Пайғамбарға жүгінейік!» — деді. Ал басқасы: «Жүр, оданда яхуди Ка’б ибн әл-Ашрафқа жолығайық”, — деді. Ең соңында олар Умарға жүгінді және айтысқандардың біреуі болған жағдайды оған айтып берді. Умар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүгінгісі келмегеннен: «Осылай болды ма?» — деп сұрады. Әлгі адам: «Иә», — деп жауап берді. Сонда Умар қылышын алды да, оны өлтіріп тастады».
[3] Ғалымдар хауариждерді секталардың ең жаманы деген және муржилерден де. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Бұл екі ағымның: хауариждердің және муътазиләлардың сөздері муржилердің сөздерінен жаман! Ақиқатында, муржилердің арасында имамдардың мақтауына ие болған ғалымдар болды. Ал хауариждер мен муътазиләларға келер болсақ, Әһлю-Сунна уәл жама’а оларға жан жағынан тек сөгіс айтты!” Қз.: “Китабуль-иман” 209.
[4] Мұсылман әмірлерін балағаттауға деген тыйым, немесе олар үшін дұға етуге деген үндеу — оларды мадақтау керек деген сөз емес! Бұл екеуі бір нәрсе емес. Имам әл-Фудайль ибн ‘Ийяд былай деп айтатын: “Менде міндетті түрде қабыл болатын дұға болса, онымен әмір үшін дұға етер едім”. Одан: “Бұл – қалайша, уа, Абу Али?!” – деп сұрағанда, ол: “Егер мен оны өзіме тиісті ғана пайдалансам, бұл – жеткіліксіз болады, ал егер оны әмір үшін қолдансам, бұл – барша үшін игілік болады. Өйткені, егер әмір салиқалы болса, онда халықтар да, қалалар да салиқалы болады!”, – деп жауап берді. Қз.: «әл-Хилья» 8/91 және «Табақат әл-ханабилә» 2/36.
[5] Аллаһтың Елшісіне бұл жөнінде тек Аллаһтан белгілі болған болуы мүмкін, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және жалпы кім болса да адамдардың ойларын білу қабілетіне ие емес.
[6] Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерінде Али хауариждермен шайқасатынына және оларды жеңетініне нұсқау бар.
[7] Осындайды бүгінгі күні де естуге болады, хауариждердің Перғауын мен оның әскерлеріне қияс жасап, ислам елдерінің тұрғындарының барлығын: саясат, билік және соғыс мәселелерінен мүлдем алыс ауруханалар мен мектеп қызметкерлеріне дейін күпірлікте айыптайтындарындай.
[8] Бұл жұқпалы індет біздің кезіміздің жастарына келіп тиді. Қазіргі заманның кейбір хауариждері тек Ауғанстанға қатысты ерекшелік жасайды, өйткені, олардың пікіріне сәйкес, Ауғанстан – бұл шариғатпен үкім жүргізетін жалғыз мемлекет. Олардың беттері нендей кері бұрылған! Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: «Қандай да бір аймақты «күпірлік жері» немесе «Ислам жері» немесе «бұзақылық жері» деп анықтама беру өзгермейтін нәрсе емес. Жоқ, территорияның мұндай сипаттамасы тұрақсыз және уақытша және ол бұл жерді мекендейтін тұрғындарға тікелей байланысты. Мүмін және тақуа адамдар өмір сүретін кез келген жер уақыттың сол кезеңінде Аллаһқа жақын болған адамдардың жері болып табылады. Тура сол сияқты кәпірлер тұратын жер уақыттың сол кезеңінде күпірлік жері болып табылады, ал бұзақылар тұратын кез келген жер уақыттың сол кезеңінде бұзақылықтың жері болып табылады. Егер қандай да бір жердің тұрғындарын басқа адамдар ауыстырса, ол жер солардың жеріне айналады.
Тура осылай сияқты, егер мешітті шарап дүкеніне, зина үйіне, зұлымдықтың мекеніне немесе Аллаһпен бірге басқа құдайларға құлшылық жасалатын шіркеуге айналдырса, онда мешіт оны толтырушы адамдардың контингентінің өзгеруіне сәйкес, өзінің мәртебесін және атын жоғалтады. Және керісінше, кез-келген шарап дүкені, зина үйі, немесе зол сияқты орын Аллаһ Тағалаға құлшылық жасалатын мешітке айналса, орын алған өзгеріске сәйкес өзінің мәртебесін өзгертеді. Тура осы нәрсе адамдарға да қатысты: ізгі адам бұзақыға айналуы мүмкін, кәпір – мүмінмүмінге, мүмінмүмін – кәпірге т.с.с.». Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 18/281-282.
[9] Осылай деп Абу Мухаммад әл-Макдиси деген уағыздаушы өзінің «Кауашифуль-жәлия фи такфири әд-даулә әс-Са’удия» деп аталатын және онда ол Сауд Арабиясын кәпірлердің жері деп айтатын бидғатшыл еңбегінде айтады. Аллаһ оған лайықты жазасын берсін!
[10] Құран мен Сүннеттің анық және бірмағыналы мәтіндері.
[11] Өте жиі жағдайда адамдар өздері әуестенген адамдарының көркем мінезінен адасушылыққа түседі. Яхъя ибн Ма’ин былай деп баяндайтын: «Бірде мен Абдур-Раззақтан шиғалар айтатын сөзді естідім де, одан: «Сен олардан хадистер жеткізетін ұстаздарыңның барлығы: Ма’мар, Малик, Ибн Журайдж, әс-Саури, әл-Ауза’и — сенімге лайықты және Әһлю-Суннадан еді, ал сен бұл мазхабты кімнен қабылдап алдың?!», — деп сұрадым. Ол: «Бірде бізге Жа’фар ибн Суләйман келді, ал мен оны қадірлі және көркем мінезді көрдім де, мұны содан алдым”, — деп жауап берді». Қз.: “әт-Тахзиб” 611.
[12] Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерді өлтіру туралы бұйрығы кез келген адамға емес, мұсылмандардың әмірлеріне қатысты. Имам әл-Бухари өзінің “Сахихындағы” тарауды «Хауариждерді оларға дәлел келтіргеннен кейін өлтіру туралы» деп атап, мына аятты келтірген: «Аллаһ адамдарды тура жолға салғаннан кейін, олар сақтануға тиіс нәрселерді ашық білдірмейінше, оларды адастырмайды» (әт-Тауба 9: 115). Сондай-ақ «‘Умдатуль-қариді» 19/369 қараңыз.
[13] Сондай-ақ Ибн Аббастың бұл сөздерінде дінді Пайғамбардың (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары қалай түсінген болса, дәл солай түсіну қажеттілігіне нұсқалады.
[14] Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың Елшісі! Туба деген не?» — деп сұрағанда, ол: «Жәннаттағы ұзындығы жүз жыл болған ағаш», — деп жауап берді. әл-Бухари 6/233, Муслим 2826.
[15] Мұны біздің уақытымызда кейбіреулер: «Басты қыру – Сунна!», — деп айтатындарындай.
[16] Шейх Салих әс-Суһайми мен шейх Ибн Баз өкілдіктері негізінен Лондонда орналасқан, осы және әлемнің өзге елдеріндегі терактілерге жауапты бір топ туралы айтып тұр.