Хауариждер және олардың қазіргі заман идеологиялары

Назарларыңызға шейх ‘Абдуль-Мухсин Али ‘Убайканның, Аллаһ оған есендік берсін, лекциясының негізінде Жәбир ибн Али әл-Марри құрастырған «Хауариждер және олардың қазіргі заман идеологиялары» атты кітабының бірінші бөлімін ұсынамыз. Орыс тіліне аударған және редакциялаған Абу Имран және Гамет Сулейман, Баку 2007 жыл. Кітапты қазақ тіліне аударған және редакциялаған сайтымыздың редакциясы.Кітаптың толық нұсқасын мына сілтемеден жүктей аласыз: http://salafsolih.com/books/kz/24.doc

Жәбир ибн Али әл-Марридің кіріспесі

Біз Өзін ғана мадақтайтын және Өзінен ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік беремін, және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік беремін.

«Әй, мүміндер! Аллаһтан шынайы қорқумен қорқыңдар да мұсылман болған күйде ғана өліңдер!» (Әли Имран 3: 102).

«Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген әйелдер мен ерлерді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Оның атымен бір-біріңнен сұрайтын Аллаһтан қорқыңдар және туыстардан (безуден) қорқыңдар. Шәксіз, Аллаһ сендерді бақылаушы!» (ән-Ниса 4: 1).

«Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар да, дүрыс сөз сөйлеңдер. Аллаһ істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаһқа және Елшісіне бой ұсынса, әрине ол ұлы табысқа ие болады!» (әл-Ахзаб 33: 70-71).

Содан соң:

Ақиқатында, ең жақсы сөздер – бұл Аллаһтың Кітабы, ал ең жақсы жол – бұл Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолы. Ал ең жаман амалдар – бұл (діндегі) жаңалықтар, (діндегі) әрбір жаңалық – бұл бидғат, әрбір бидғат – бұл адасушылық, ал әрбір адасушылық Отта.[1]

Абу Хурайрадан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ізгі істер істеуге асығыңдар, өйткені қараңғы түннің бөліктері сияқты бұліктердің уақыты келеді. (Сол кезде) адам таңертең мүмін болып, кешке кәпір болады және кешке мүмін болып, таңертең дінін дүниелік игіліктерге сататын кәпір болады». Муслим 118.

Ақиқатында, біздің уақытымыз – ұлы бүліктер мен сынақтардың уақыты, көптеген мұсылмандардың жүрегінде діннің ұстанымдары шайқалған уақыт. Усман ибн Аффанның өлтірілген уақытынан бастап бүгінгі күнге дейін бұл бүлікті және үмметімізде бөлінуді тудырған себептердің бірі мұсылмандардың заңды әмірлеріне қарсы көтеріліс пен бүлік болды.

Шынайы білімге ие ғалымдар әмірлерге қарсы шығумен байланысты мәселені егжей-тегдейлі түсіндіріп беріп, Әһлю-с-Сунна уәл-жама’аның бұл мәселеге байланысты ұстанымына нұсқады.

«Әрбір заманда, өздері қиыншылықтар көрсе де, адасқандарды тура жолға бағыттайтын білім иелерін пайғамбарлардың мұрагерлері еткен Аллаһқа мадақтар болсын! Олар Аллаһтың Кітабы арқылы өлі жүректерді тірілтіп, Аллаһтың нұры арқылы соқырларды тура жолға бастайды. Олар Ібілістен жеңілген қаншаларды тірілтті, адасып кеткендердің қаншасын тура жолға салды. Олардың адамдар арасында қалдырған ізі нендей керемет, ал оларға қарсы сөйлеп, тіл тигізгендердің адамдар арасында қалдырған ізі нендей жаман![2] Олар Аллаһтың Кітабынан шектен шығатындардың өзгертпелерін, адасқандардың орынсыз пікірлерін және бидғат туын жоғары көтеріп, бүліктерді шырмауынан босатқан надандардың түсіндірмелерін алыстатады», — деп айтқан Әһлю-с-Суннаның имамы Ахмад ибн Ханбәлді Аллаһ рахым етсін. Қз: “әр-Радду ‘алә әз-зәнәдика” 6.

Осы ғалымдардың қатарынан – біздің шейх Абдуль-Мухсин Әли Убайкан[3]. Аллаһ оған хауариждердің идеологияларын, сондай-ақ олардың заманауи түрлерін түсіндіргені үшін игілігімен қайырсын. Ол олардың жексұрын жолының бұзық мәнін әшкереледі және олар таратып жатқан күмәндарды теріске шығарды.

Шейх маған оның лекциясын жинақтауды және адамдарға, олар бұл сектаның шынайы мәні туралы біліп, одан пайда алуы үшін, жеткізуді рұқсат етті.

Мен Аллаһтан біздің шейхымызға ең жақсы сыйын беруді сұраймын. Әрі Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

«Хауариж» терминінің анықтамасы

 «Хауариж» сөзі – «харижжә» сөзінің көпше түрі болып табылады және «топ (таифә)» дегенді білдіреді. Қз.: Ибн Хажжәр «Фатх әл-Бари» 12/296.

Исламдағы ең алғашқы діни жаңалық (бидғат) дәл осы топқа тиесілі. Олардың пайда болуы Сүннетте айтылған еді және бұл оқиға ислам үмметіндегі жаңа кезеңнің, яғни бүлік пен бөліну кезеңінің басталуымен белгілі.[4] Хауариждердің адасушылықтарын әшкерелеп сөгетін және мұсылмандарды олардан сақтандыратын Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистері және оның сахабаларының сөздері бар. Қз.: «Фатх әл-Бари» 12/296.

Хауариждер өздерінің бұл үмметтің ең абзал адамдарына (сахабаларға) және солар тарапынан бірауызды сайланған мұсылмандардың әмірлеріне (жама’атқа[5]) қарсы шығуының («хурудж») себебінен  осылай деп аталып кетті.  Қз: «Фатх әл-Бари» 12/297.

Әш-Шахристани былай деген: «Айналасына мұсылмандар топтасқан мұсылмандардың заңды әміріне қарсы шыққан кез келген адам хауариж болып табылады. Және олар қай уақытта болса да: ізгі халифаларға қарсы шықты ма, әлде олардан кейінгі салиқалы адамдарға ма, сондай-ақ мұсылмандардың өзге әмірлеріне қарсы ма – мұның айырмашылығы жоқ». Қз.: «Әл-Миләл уә ән-Нихәл» 105-бет.

Сондай-ақ бұл секта басқа да аттармен және лақап аттармен белгілі.

Қады ‘Ийяд былай деген: “Хауариждерді Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олар туралы: «…олар діннен шығады…» — деп айтқан сөздерінің мағынасына сүйеніп, «әл-мариқа» (шыққандар) дейді. Ал олардың өздері бұдан өзге кез келген атауға разы болған». Қз.: Имам әс-Суюты «Шарх Сунан ән-Насаи» 7/85.

Оларды «харурилер» деп те атаған, өйткені өздерінің алғашқы көтерілісін олар Харура деген жерде бастап, кейіннен сол жерде орныққан. Харура – Куфадан жақын жерде орналасқан қала. Қз. имам ән-Науауи: «Шарх Сахих Муслим» 7/170 және Халид әл-Муслих «Шарх ақидатуль уасатыйя» 170-бет.

Сондай-ақ оларды «ән-Нәхрауан елі» деп те атаған, өйткені дәл сол жерде Али оларға қарсы шығып, оларды ойсырата жеңіліске ұшыратқан. Қз.: «Шарх ақидатуль уасатыйя» стр. 170.

Олар сондай-ақ «әл-мухаккима» [6] деп те аталып кеткен. Өздерінің бұл атына олар Али мен Муғауия арасындағы (Аллаһ оларға разы болсын) бейбіт келісімді «Үкім Аллаһқа тән» деген аятқа қайшы келеді деп, соғысуды әрі қарай жалғастыруды талап еткеннен кейін[7] ие болған. Қз.: Абуль-Хасан әл-Аш’ари: «Мәкаләту исләмийин» 207-бет.

Олар: «Мұсылмандар үлкен күнәлары үшін Тозақта мәңгі қалады», — деп айтып, мұсылмандарды күнә жасағандықтары үшін күпірлікте айыптайтындардың алғашқылары еді. Ал өздерінің көзқарастарымен келіспейтіндерді де олар кәпір деп жариялап, олардың өміріне және мал-мүлкіне қол сұғуды өздеріне халал деп есептейтін еді.  Қз.: Шейх Хамуд әт-Тууайжири «Итхафуль-жама’а» 1/274-275

Олар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған түскен Құран мен оны түсіндіретін Сүннетте тек олардың арасында сырттай қарама-қайшылық көрмеген кезде ғана ілеседі. Керісінше жағдайда олар Сүннетті тастайды да, осылайша Сүннет бір нәрселерде Құранға қайшы келуі мүмкін деп ойлайды. Қз.: Шейх Абдур-Раззақ Афифи «Расаиль» 332-бет.

Олар мұсылмандардың әділетсіз және ақиқатқа қайшы келуші әміріне қарсы шығу — міндетті болып табылады деп есептейді. Қз.: Абу Мансур әл-Бағдади «әл-Фарк бәйнәл-фирақ» 258-бет және әл-Исфарайини «әт-Табсир фиддин» 45-бет.

Олар өздерінің Усман мен Алиге (оларға Аллаһ разы болсын) қатыссыз екендігін мәлімдейді де, осы бас тартуды Аллаһқа деген ең жақсы ғибадат деп біледі. Қз.: әш-Шахристани «әл-Миләль уә ән-Нихәл» 115-бет.

Осындай көзқарастарды ұстанатын топтар мен секталар бүгінгі күнге дейін бар.[8]

 Аталған топтың (хауариждердің) пайда болуы

 Кейбір адамдардың бойында хауариждік сипаттар ардақты Пайғамбар Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде-ақ пайда болған еді. Бұл сектаның негізін қалаған және олардың алғашқысы болған  Зуль-Хууайсара ибн әт-Тамим еді[9]. Ол жөнінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ақиқатында, сендер өздеріңнің намаздарың мен оразаларыңды олардың намаздары мен оразаларының алдында болмашы санайсыңдар. Бұл адамның ұрпақтарының арасында Аллаһтың Кітабын жұмсақ дауыстарымен оқитын адамдар пайда болады, бірақ ол олардың кеңірдектерінен төмен түспейді[10] және олар, жебе нысананы тесіп өтетіні сияқты, діннен шығып кетеді!»  Муслим 1064.

Алайда олардың шынайы көтерілісі (бүлігі) және мұсылмандардың жамағатынан шығуы Али ибн Абу Талибтың басқаруының тұсында, хижраның 37 жылы «әт-Тахқим»[11] деп аталған оқиғадан кейін орын алды. Және осы топтың жетекшілері Усман ибн Аффанды өлтіруге қатысқан болса да, олардың алғашқы көтерілісі және ашық мойынсұнудан шығуы дәл Алидің тұсында орын алды. Ал Аллаһ жақсырақ біледі!

 Хауариждердің пайда болуының себептері

 Бірінші себеп: Ирактың тұрғындары Усманның кейбір туысқандарының іс-әрекеттеріне наразы болып, оны қаралады[12]. Қз.: «Фатх әл-Бари» 12/296.

Екінші себеп: бейбіт келісіммен келіспегендер: «Шешімді тек Аллаһ шығарады, адамдар емес», — деп,  Алиден оны бұзуды талап етті[13]. Және Али Куфадан қайтып келген кезде сегіз мың адамнан құралған топ одан бөлініп шықты да, Харура деген жерге жиналды (кейбір деректерде олардың саны алты мың болды деп келеді, сондай-ақ олар он мыңнан көп еді деп те жеткізіледі). Қз.: «Фатх әл-Бари» 12/296.

Үшінші себеп: Олар үлкен күнә жасайтын адамдарды кәпір деп санап, Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған шектен шығушылыққа (ғулю) тұсті. Олардың кейбіреулері тіпті кіші күнәларды жасаған адамдарды да кәпір деп санаған. Қз.: Шейх Абдуллаһ Абу Батын «әд-Дурару-с-Суннийя филь әжуибатин-наждийя» 1/360.

Али бин Абу Талиб олармен келіссөздер жүргізуге Ибн Аббасты жібереді де, соның нәтижесінде олардың көбі тәубеге келіп, онымен бірге қайта оралады. Белгілі болғандай, олардың саны екі мың немесе төрт мың болатын, ал олармен Ибн әл-Қаууа болған еді. Қз.: Хафиз Ибн Касир «әл-Бидайя уә-ннихая» 10/567. Сондай-ақ Алидің өзі де оларға айқын дәлелдер ұсынып, олармен пікірсайыс жүргізгендігі жеткізіледі. Қз.: «Маукиф әһль әс-Сунна уәл жама’а мин әһлиль-хауә уәл-бид’а» 1/137.

 Хауариждердің жіктелуі

 Кейіннен хауариждер көптеген түрлі секталарға бөлініп кетті. Олардың он сегіз топқа бөлінгендігі жеткізіледі. Қз.: Шейхуль-Ислам Ибн Таймия «Минһаж әс-Сунна» 5/11. Сондай-ақ кейбіреулер олардың саны жиырма топқа жеткенін айтады. Қз.: «әл-Фарқу бәйнәл-фирақ» 54-бет.

Бұл секталардың ішіндегі ең атақтылары:  әл-Мухаккима, әл-Әзарика, ән-Нәждат, әл-Бәхисиййя, әл-Ажжәрида, әс-Са’алибә, әл-Ибадийя және әс-Сафариййя. Қалған топтардың барлығы олардың тармақтары болып табылады. Қз.: «Мауқиф Әһль әс-Сунна уәл жама’а мин әһлиль-хауә уәл-бида’» 1/138.

 Хауариждердің басшылары және жетекшілері

 Хауариждердің алғашқы жетекшілері – мүміндердің әмірі Алиге, ол Муғауиямен болған егесті реттеу үшін және онымен бейбіт келісімнің шарттарын талқылау үшін екі қады тағайындаған кезде, қарсы шыққан «мухаккимдер».

Хауариждер Куфа қаласының жанындағы Харура деп аталатын жерде жиналды, ал олардың басшылары Абдуллаһ ибн әл-Қаууа әл-Йяшкури әт-Тамими, Итаб ибн әл-А’ур, Абдуллаһ ибн Уахб әр-Расиби, Уруа ибн Худайр, Йязид ибн Абу Асим әл-Мухариби және  Зу әс-Садиййя деген лақаппен танылған Харкус ибн Зухайр еді. Қз.: «әл-Миләл уә ән-нихәл» 107-115 беттер.

Олардың арасында сондай-ақ кейінірек Алиді (Аллаһ оған разы болсын) таң намазын орындап жатқан кезде өлтірген Абдур-Рахман ибн Мулжәм да бар еді.[14]

Ирактық хауариждердің басшысы Нәфи’ ибн әл-Азрак еді, ал Алиге қарсы көтерілісінде ең қатал болғандар Йәмаманың хауариждері еді, ал олардың басшылығында  Нәжда ибн ‘Амир, әл-Аш’ас ибн әл-Қайс, Мисар ибн Фадаки әт-Тамими және Зайд ибн Хусайн әт-Таи болды. Қз.: «Фатх әл-Бари» 12/298, «әл-Миләл уә ән-нихәл» 107-115 беттер.

 Бұл сектаның көзқарастары мен сенімдерін әшкерелеуге арналған кейбір еңбектердің тізімі

 Бұл топ туралы кітаптар жазған авторлардың қатарында төмендегілерді атап өтуге болады:

•  Абу Михнаф, Лут ибн Йяхйя; имам әт-Табари «әт-Тарих» кітабында оның кітабының қысқартылған нұсқасын келтірген.

•    Әл-Хайсам ибн ‘Адий;

•  Мухаммад ибн Қуддама әл-Жаухари. Ол олар жөнінде жан-жақты мазмұнды кітап жазған.

• Абуль-Аббас ибн әл-Мубаррад өзінің «әл-Камиль» атты еңбегінде хауарижер туралы деректерді жинақтаған. Жоғарыда айтылған авторлардан айрықша, ол деректерді иснадсыз келтірген. Қз.: «Фатх әл-Бари» 12/297.

• Абу әл-Фатх Мухаммад ибн Абд әл-Карим әш-Шахристани «әл-Миләл уә ән-нихәл» кітабында.

• Абу Мансур Абд әл-Қадир әл-Бағдади, «әл-Фарқ бәйнәл-фирақ» кітабында[15].

 Әһлю-с-Сунна уәл-жама’аның хауариждерге қатысты ұстанымы

 Әһлю-с-Сунна уәл-жама’аны жақтаушылар хауариждер дінге жаңалықтар енгізген және мұсылмандардың арасын қақ жарған адасқан ағымның өкілдері болып табылатынына бірауызды сенеді. Алайда олар мұсылман болып табылады ма, әлде жоқ па деген мәселеде екі пікір бар[16]. Қз.: Имам әс-Суюты «Шарх ән-Насаи» 7/85.

Ал ең дұрыс пікір – олардың кәпір еместігі. Қз.: Имам ән-Науауи «Шарх Сахих Муслим» 1/170; шейхуль-Ислам Ибн Таймия «Минһаж әс-Сунна» 5/248; Имам әл-Манауи «Файд әл-Қадир» 3/50.

Сахабалар олармен соғысу қажет екеніне бірауызды келісімде болған, алайда оларды кәпір деп атамаған. Қз.: «Минһаж әс-Сунна» 5/248.

Олар харам етілген қанды төкпейінше және мұсылмандардың мал-мүлкіне қол сұқпайынша сахабалар олармен соғыспаған. Оларға қарсы соғыстың себебі  күпірлігі емес, алайда олардың мейірімсіз зұлымдығын тоқтатуға деген ұмтылыс болды. Дәл сондықтан сахабалар олардың әйелдерін тұтқынға алмады және олардың мал-мүлкін иемденбеді. Қз.: Зайд ибн Файяд: «әр-Раудату ннадийя – шархиль уаситыйя» 392-бет..

Сахабалар хауариждерді кәпір деп есептемегеніне олардың оларға ұйып намаз орындағандығы туралы факт нұсқайды. Абдуллаһ ибн Умар және басқа да сахабалар (Аллаһ оларға разы болсын) Нажда әл-Харуридің артына тұрып намаз орындаған. Олар оларға хадистерді баяндайтын, пәтуа беретін және басқа да кәдімгі мұсылмандарға жасағандай қатынас жасайтын.  Бұл туралы имам әл-Бухари айтатынындай, Ибн Аббас Нәжд әл-Харуридің сұрақтарына жауап беретін. Сондай-ақ ол Нафи’ әл-Азракпен де Құранан кейбір сұрақтарды талқылап, екі мұсылман пікірсайыс жүргізетіндей, пікірталас жұргізген. Мұсылмандар хауариждерге қатысты осындай бейбіт ұстанымды хауариждер оларды діннен шыққандық туралы айыптай бастамайынша ұстанып келді. Қз.: «Минһаж әс-Сунна» 5/248.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерді кәпірлер деп атамады, мұның үстіне олар оның үмметінен болатындығын хабарлады. Және олар Тозақта мәңгі қалады деп айтпады[17].

Мұсылмандардың әмірлері өздеріне мойынсұнудан шыққандармен соғысуды ешқашан тоқтатқан емес. Ғалымдар да әмірлерді хауридждермен қарсы жихадқа үндеп, олармен күресуге қатысқан[18]. Олар хауариждермен соғысудың артықшылары туралы кітаптар жазған және олардың ешқайсында мұның қажеттілігі туралы күмән болмаған! Қз.: «Дурару-с-санийя» 9/290.

Білім иелері кез келген уақыттың мұсылмандары үшін, егер қоғамда хауариждік идеялар мен көзқарастар пайда болса, оларға ілесушілерді Аллаһқа шақырумен және адасушылықтарын түсіндірумен емдеу міндетті болып табылатындығын айтқан. Ал егер олар өздерінің сенімдерінде табандылық танытса, онда олармен соғысу қажет, олардың жауыздығын күштеп басып тастау үшін деген. Қз.: Шейх Салих әл-Фаузан «Ләмха ‘әниль-фирақ-д-даллә» 42-бет.



[1] Бұл кіріспе сөздер «Хутбатуль-хажжә» деп аталады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған өзінің сахабаларын үйрететін және өзі де оны жұма және өзге хутбалардың алдында, сондай-ақ неке қиярда айтатын. Хутбатуль-хажжә туралы деректер алты сахабадан жеткен. Олардың әрқайсысы бірін-бірі күшейтеді, соған байланысты осы хадистің сахихтығын көптеген имамдар растаған, олардың арасында әт-Тирмизи, ән-Науауи, Ибн Таймия, әл-Әлбани және басқалар. Қз.: Шейх әл-Әлбани: «Хутбатуль-хажжә».

[2] Яғни ғалымдар адамдарға қаншама көп пайдалар әкеледі, бірақ адамдар ғалымдар туралы жаман сөздер айтып, қаралап,  оларға қаншама зиян тигізеді.

[3] Хауариждердің көзқарастарын теріске шығаратын бұл еңбектің өте мықты екендігінің себебі  шейх әл-Убайканның өзінің 90-шы жылдардың басында кутбилердің, яғни өз идеологиялық көзқарастарын қазіргі заман ойшылы Саид Кутбтың кітаптарынан алып отыратын ағымның ізбасары болғанында. Кутбилер барынша шейхты марапаттап, мадақтайтын, оған барлық жерде серік болатын және оның мешітіне көпшілік болып келетін. Бірақ соңынан, Аллаһтың рахымымен, шейх ақиқатты біліп, олардың қатарларын тастап кетті. Олардың қайтпас дұшпанына айналған ол ашық түрде осындай топтардың тарапынан болатын бүлік пен көтерілістердің  кез келген көрініс табуына қарсы сөз айтатын болды да, олардың бұзық сенімдерін әшкерелеп, мұсылмандарды олардың жамандығынан сақтандыра бастады. Ал кутбилерден болған шейхтың бұрынғы жақтаушылары мен құрметтеушілері, шейх олардың көзқарастарынан бас тартқан соң, оған «Убайкан – муфтий Амрикан» (яғни «Американың пайдасына пәтуа беретін муфти») деген лақап тақты. Шейх Убайканға қатысты осындай зұлымдық – бидғаттардың және өз құмарлықтарының жақтаушылары осындай жиіркенішті әдістермен мұсылмандарды білім иелерінен бас тартқызып, оларды надандық пен бүліктің түнегіне тастауды қалап, ғалымдарға қалайша қатынас жасайтындарын дәлелдейді.   Осы еңбекті оқып шығып, оқырманның өзі бұл адамды қаралайтындар кім екендіктерін және олар не үшін осыны істейтіндіктерін түсіне алады.

[4] Шейхуль-Ислам Ибн Таймия және хафиз Ибн Касир былай дейтін: “Ақиқатында, ислам үмметіндегі ең алғашқы бидғат және бөліну хауариждердің бүлігінен орын алды!” Қз.: “Мажму’уль-фатауа” және “Тафсир Ибн Касир”12/468.

[5] Бұл жерде әмірдің төңірегіне топтасқан мұсылмандардың жамағатынан шығу туралы айтылып тұр. Шариғатта «әл-жама’а» сөзі ақиқатқа ілесуді білдіреді, ал мойынсұнуға және мұсылмандардың әмірлеріне қарсы шығуды тастауға келер болсақ, бұл да ақиқатқа қатысты. Ибн Мас’уд былай деген: “Уа, Амр ибн Маймун! Ақиқатында, жамағаттардың көпшілігі шынайы жама’адан алыс, өйткені жама’а – бұл ақиқатқа сәйкес келетін нәрсе, тіпті сен жалғыз өзің болсаң да!” әл-Ләләкаи 160, иснады сахих. Қз.: “Мишкатуль-мәсабих” 1/61.

Имам әл-Бухари былай деген: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әл-жама’аға ілесуді бұйырды, ал бұл – білім иелері”. Қз.: “Сахих әл-Бухари” 1/648.

Әл-жама’а – бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ақиқатқа ілесуші сахабалары. Ал Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының өлімінен соң, жама’а – бұл сахабалар жүрген жолды бәрінен жақсы білетін ғалымдар. Және Құран мен Сүннетке оларды дәл сахабалар түсінгендей етіп ілесетін және пайғамбарлардың мирасқорлары болған ғалымдардан ұстанатын мұсылмандар, міне осылар әл-жама’аға ілеседі, тіпті егер әр қандай қалаларда тұрса да!

[6] Хауариждерді «әл-мухаккима» («әл-хукм» “үкім” сөзінің туындысы) деп олардың шеткі көзқарастарының және «Аллаһтың түсіргенімен үкім етпеу» мәселесін бұрыс түсінуінің себебімен атаған.

[7] Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарлаған Али мен Му’ауияның арасындағы шайқас туралы сөз болуда және Аллаһтың қалауы осылай болған. Бұл екі топ та ақиқатқа ілескен, бірақ аһлю-Сунна ғалымдары айтқанындай, Али мен оның жақтастары Муғауия мен оның жақтастарына қарағанда ақиқатқа жақындау еді, өйткені бұған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен көптеген нұсқаулар бар. Қз.: Имам Ибн әл-Араби “әл-Ауасым” 307,  имам ән-Науауи “Шарху Сахих Муслим” 7/168, және шейхуль-Ислам Ибн Таймия “Мәжму’уль-фатауа” 4/467.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Шайқасуға кіріскісі келгендердің көбі мұсылмандардан қан төгуді тоқтатуды талап еткен Алиге де, Муғауияға да мойынсұнғысы келмеді. Алайда осылайша жиі болатынындай, бүліктің жалыны лапылдаған кезде, тіпті әмірлер де оны сөндіре алмайды”. Қз.: “Минһажжу-Ссунна” 2/224.

Ибн Аббас былай деп айтатын: “Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан ешкімді сөкпе, өйткені Аллаһ Тағала олардың арасына соғысу орын алатынын біліп, олар үшін кешірім сұрауды әмір етті!” әл-Ләләкаи: “Шарху усули и’тиқад Әһлю-с-Сунна уәл-жама’а” 7/124.

[8] Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметімде Құранды оқитын, бірақ ол олардың кеңірдектерінен төмен түспейтін Шығыс жақтан бір адамдар пайда болады. Олар әр ғасырда пайда болады да, талқандалады, әр ғасырда пайда болады да, талқандалады», — және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерді жиырмадан астам рет қайталады да: «Әр ғасырда пайда болады да, талқандалады және олардың әскерінің ішінен Дәжжәл шыққанға дейін осылайша жалғаса береді!», — деп қорытындылады. Ахмад 2/174, Ибн Мажжаһ 173. Хадистің сахихтығын хафиз әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: «Сахихуль-жәми’» 8171. Осындай хадисті имам ән-Насаи де 4103 келтіреді, ал хафиз Ибн Хажжәр оны сахих деген.

«Хауариждер – бұл сахабалардың кезінде ғана болған ежелгі секта», — деп есептейтіндердің пікірін осы хадистер теріске шығарады. Бұл – адасушылық, өйткені олар сол кезде де болған, қазір де бар және Қияметке дейін де болады.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждер Дәжжәл шыққанға дейін пайда болуын тоқтатпайды деп бізді хадистерде хабардар еткен”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 28/495.

Шейх Салих әл-Фаузан: «Біздің заманымызда хауариждердің сенімдеріне ие адамдар бар ма?» — деген сұрақ қойылды.  Шейх: «Аллаһ Пәк, әрине, бар! Ал мұсылмандарды күпірлікте айыптау, одан да сорақысы – оларды өлтіру және жәбірлеу — хауариждердің мазхабы емес пе?! Олардың мазхабы үш нәрсенің айналасында шоғырланады: мұсылмандарды күпірлікте айыптау; мұсылмандардың әмірлеріне мойынсұнудан шығу; мұсылмандардың қанын төгуді халал ету. Бұл – хауариждердің мазхабы. Егер адам аталған сенімдерге ие болса, ол хауариж болады, тіпті егер бұл жөнінде дауыстап айтпаса да және осы нәрселердің ешқайсысын істемесе де”. Қз.: “Сыфат әл-хауариж” 11.

Шейх Салих әс-Садлән былай дейтін: “Біздің заманымыздың хауариждері алғашқы буын хауариждерінен жаман!”

Қазіргі заман хауариждері ешқашан «хауариждер» сектасы туралы, бұл – бір жоқ нәрсе сияқты, айтпайтыны, тіпті бұл сөзді тілге алмайтыны таң қалдырады. Түрлі интернет-сайттарда сөйлеп және түрлі ағымдар мен секталарды талқылап, олар ешқашан хауариждер туралы айтпайды. Олар тек қандай да бір «мадхалиттер» туралы айтады. Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл хауариждердің сектасының қауіптілігіне нұсқаған еді және Қиямет күніне дейін Исламда пайда болатын көптеген секталардың ішінен оларды ғана айрықша атап айтты! Барлық мәселе бұл сорлы адамдардың өздеріне хауариждердің сипаттары тән екендігін немесе олардың өздері солар болып табылатындығын мойындағысы келмеуінде! Ал, егер хауариждер Ақыр заманға дейін болады деген хадиске сүйеніп, олардан: «Біздің заманымыздың хауариждері кімдер?», — деп сұрасақ, олар кімге нұсқар екен?!

[9] Зуль-Хууайсара – бұл бірде олжаны бөліп отырған Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Мухаммад, Аллаһтан қорық, әділ бол!» — деп айтқан, басқа бір риуаятта ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл ықыласты түрде жасалмады», — деп айтқан барлық хауариждердің атасы. әл-Бухари 4351, Муслим 164.

[10] Яғни Құран олардың жүректеріне  кірмейді.

[11] Осылай деп сахабалар Абу Мусаны және ‘Амр ибн әл-Асты билер етіп сайлап, өзара жасасқан келісім-шарт аталады. Хауариждер мұны Аллаһтың түсірмегенінің негізінде үкім шығару деп есептеп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларын кәпір деп атаған.

[12] Ирактың тұрғындары өздерінің атынан Усманға оның саясатымен келіспейтіндерін және өз наразылықтары мен талаптарын білдіру үшін делегация жіберген. Өз шарттары мен талаптарының орындалуына қол жеткізе алмаған олар Усманның үйін қоршауға алды да, оның кіріп шығуына және үйге азық пен сусынның кіруіне бөгет қойды. Оқиғалардың қызуы ушыққан кезде кейбір көтерілісшілер Усманның үйіне кіріп, оған тап берді де, оны өлтірді. Бұл іс-әрекеттер көтерілісті туындатты. Кейіннен Усманды өлтіргендер хауариждерге қосылды.

[13] Егесті реттеу үшін Али мен Му’ауия бейбіт бітім жасасу туралы шешімге келді. Бұл келісім-шарттағы үшінші бейтарап тарап болып Амр ибн әл-Ас пен Абу Муса әл-Аш’ари шықты. Ал хауариждер: «Адамдар бұл істе би бола алмайды және бұл «Заң (үкім) шығару тек Аллаһқа ғана тән» деген ұстанымға қайшы келеді», — деп есептеп, бұл келісім-шартты қабылдамай қойды.

[14] Ол  Умар ибн әл-Хаттабтың өзі кезінде мақтаған адам еді. Имам әз-Захаби “әл-Мизан” кітабында ол жөнінде былай деп баяндаған: “Ол құлшылықта ыждағатты және Аллаһқа мойынсұнғыш еді, бірақ ақыры жаман болды, өйткені ол мүміндердің әмірі – Али ибн Абу Талибтың қанын төгу арқылы Аллаһқа жақындауды қалап, оны өлтірді!”

[15] Сондай-ақ хауариждер туралы қазіргі заман шейхтары жазған көптеген жақсы еңбектер бар. Олардың арасында мыналарды атап айтуға болады: шейх Ахмад ибн Умар Базмульдің «әл-Мадариж фи кәшфи шубухат лиль-хауариж»,  шейх Файсал әл-Жасимнің «Хақиқатуль-хауариж фи әш-шәр’ уәт-тарих», шейх Уәлид ибн Сайф Насырдың «әл-Хауариж фирқа әд-далә» кітаптары.

[16] Хауариждерді кәпір деп санаған атақты имамдардың арасында имам әл-Бухари, Абу Бакр ибн әл-Араби, әс-Субқи және әл-Қуртуби болған. Қз.: «Фатх әл-Бари» 12/300. Олар хауариждерді, олар Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) харам еткен нәрсені халал еткені үшін және олар діннен шығып кетеді деген хадистерге сүйеніп, кәпірлер деді.

[17] Алайда хауариждер кәпірлер еместігіне қарамастан, олар мұсылмандардың ішіндегі Аллаһтың ең жаман жарытылыстары болып табылады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олар туралы: «Олар – менің үмметімнен ең жақсыларды өлтіретін, менің үмметімнің ең жаман адамдары!» — деді.  әл-Баззар. Хафиз Ибн Хажжәр хадисті хасан деді. Қз.: “Фатхуль-Бари” 12/286.

[18] Асым ибн Шумайх Абу Са’ид әл-Худридің былай деп айтқанын баяндаған: “Хауариждермен соғысу мен үшін кәпірлермен соғысудан абзалырақ!” Ахмад 3/33, Ибн Абу Шайба 15/303.

Имам Ибн Хубайра былай деген: “Бұл сөздерде хауариждермен соғысу көпқұдайшылдармен соғысудан маңыздырақ екендігіне нұсқау бар. Мұның даналығы олармен соғысу Исламды сақтап қалу болып табылатындығында, ал көпқұдайшылдармен соғысу пайдамен байланысты, бірақ (Исламды) сақтап қалу маңыздырақ!” Қз.: “Фатх әл-Бари” 12/301.

 

Жалғасы бар

 

You may also like...