Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың (Аллаһ оны рахымына бөлесін) мәртебелі Мекке қаласында 1989 жылы (х. 1409 ж.) орын алған жарылысқа байланысты қойылған сұрақтарға берген жауаптары

Ислам әлемі мәртебелі Меккеде 10.07.1989 ж. (х. 07.12.1409 ж.) дүйсенбі күні кешкісін орын алған жарылысқа байланысты болған келеңсіз уақиғаны қатаң айыптады.  Барша мұсылмандар мұны аса ауыр және жиіркенішті қылмыс деп санайды, өйткені ол Аллаһтың қасиетті Үйіне келген қажыларға үрей салу әрекеті, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу,  қасиетті аймақтарда жүріп-тұру ережелеріне қатысты тыйымдарды бұзу және Аллаһтың құлдарына қатысты зұлымдықтың көрінісі болды. Аллаһ Тағала Меккені Қиямет күніне дейін Қасиетті аймақ деп жариялады және мұсылмандардың өміріне, ар-намысына және мүлкіне қол сұғуға Қиямет күніне дейін тыйым салды. Ол бұл тыйымдардың бұзылуын өте үлкен қылмыс және аса үлкен күнә деп жариялады да, Меккеде осыған ұқсас нәрсе жасауға ниет еткен адамға  қорлаушы азап тартқызатындығы туралы қорқытып айтты.

Мысалы, Аллаһ Тағала былай деді:  «…және кім бұл Мешітте зұлымдықпен жолдан шығуды қаласа[1], оған жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз» (әл-Хаж сүресі, 25-аят).

Ал Қасиетті аймақта жаман (оғаш) бір нәрсе істеуді қалаған әрбір адамға қорлаушы азап уәде етілген болса, мұны іс жүзінде істеген адам туралы не айтуға болады? Мұндай қылмыстың одан да ауырлау болатындығы және қорлаушы азапқа лайықтырақ екендігі  анық. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметінің мүшелеріне зұлымдық танытудан сақтануды қатаң ескерткен, бұл жөнінде көптеген хадистерде баяндалады.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің қоштасу қажылығында мұсылмандарға берген түсіндірмесі осындай ескертудің бірі болып табылады. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, сендердің өмірлерің, мал-мүліктерің және ар-намыстарың тура осы айдағы, тура осы қаладағы, тура осы күндей қасиетті (болуы керек). Мен (осыны сендерге) жеткіздім бе?»

Бұған сахабалар былай деп жауап берді:  «Сен жеткіздің және (өзіңе жүктелгенді) орындадың, және  (үмметіңе) игі насихат бердің  деп куәлік береміз».

Содан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһ, куә бол, Уа, Аллаһ, куә бол!» — деп қайта-қайта айтып, саусағымен бірде аспанға, бірде жерге көрсете берді. әл-Бухари «Сахих», №1741 хадис; Муслим «Сахих», №1679 хадис.

Жарылғыш заттарды қолданып Аллаһтың қасиетті Үйінің қасында жасалған бұл жиіркенішті қылмыс аса ауыр қылмыстар мен аса үлкен күнәлар қатарына жатады. Бұған Аллаһқа және Ақыретке иман келтірген адам бара алмас еді, ал мұндай қылмысты Исламды, мұсылмандарды және Аллаһтың Қасиетті Үйіне қарай бет алған қажыларды  жек көретін кімсе ғана жасай алады. Ол қандай ұлы зиянға ұшырады және қандай ауыр қылмыс жасады!

Біз Аллаһтан бұл қылмыскердің жаман пиғылды  амалдарын өзіне қарсы бұруын, оны өз руластары арасында масқара қылуын және Екі Қасиетті Мешіттердің Қызметкерінің үкіметіне айыптыны табуға және Оны Аллаһ белгілеп қойған жазаға тартуға көмектесуін жалбарынып сұраймыз, өйткені бұл Аллаһқа тәуелді және Ол мұны істей алады.

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баз,

Ислам әлемі Лигасының Бас Хатшысы, 

Сауд Арабиясы Корольдігінің ғылыми зерттеулер,

 пәтуалар, Ислам шақыруы мен бағдарлауы

 бойынша Басқармаларының Бас директоры[2]



[1] Тәпсірлердің біріне сәйкес бұл жерде Қасиетті Мешіт аймағында кез келген күнәнің жасалуы айтылып тұр.

[2] Шейх Абд әл-Азиз Ибн Баздың, Аллаһ оны рахым етсін, пәтуалары мен мақалаларының жинағы.

You may also like...