Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа жасаған тәпсіріндегі «Күпірліктен кіші күпірлік» деген сөздерінің сенімділігі (сахихтығы) туралы

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!  

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын!

Содан соң:

Үлкен өкінішке орай, кейбір мұсылмандардың өз түсінуіне немесе өздерінің тұжырымы бойынша өте күшті дәйек болып табылатын нәрселерге сүйеніп салмақты мәселелерді талқылап жатқанын жиі кездестіруге болады.  Мұндай мәселелердің қатарында осы күндерде кең таралған  Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер»  (әл-Маида 5: 44) деген аятқа қатысты: «Бұл күпірліктен кіші күпірлік (Куфр дуна куфр)», — деп айтқан хабарының сенімділігін теріске шығару да бар.

Ең таң қаларлығы – Ибн ‘Аббастың бұл хабарының әлсіздігі туралы тек кейбір қазіргі замандастарымыздың айтқаны, әрі мұны оларға дейін ертедегі имамдардың ешқайсысы істемегені.

Осыған дәйектер ретінде бұл замандастар келесілерді келтіреді:

«Ибн ‘Аббастың бұл хабарын әл-Маруази “Тазым қадри-ссаләда” 2/521, әл-Хаким “әл-Мустадракта” 2/313, сондай-ақ Ибн ‘Абдуль-Барр “әт-Тамхидте”, Хишама ибн Хужайрдың иснады арқылы Тауустың Ибн ‘Аббастан жеткен сөздерінен келтіреді.

Осы Хишам әлсіз жеткізуші болып табылады, бұл туралы Ахмад, Яхья ибн Ма’ин, әл-‘Уқайли сынды имамдар т.б. айтқанындай. Қз.: «әд-Ду’афа” 4/337-338, “әл-Камиль” 7/2569.

Бірде ‘Али ибн Мадини Яхъя ибн Са’идке: “Ибн Журайж Хишам ибн Хужайрдан баяндады”, — деп оқыды. Ал Яхъя ибн Са’ид: “Тастаңдар оны”, — деді. Ибн Мадини: “Оның хабарларын тастайық па?!”, — деп сұрады. Яхъя:Иә, — деп жауап берді. Қз.: “Тахзиб әл-Камәл” 30/180.

 ‘Абдуллаһ ибн Ахмад: “Хишам ибн Хужайр Макки – хадистерде әлсіз, — деген. Қз.: “Тахзиб әл- Камәл” 30/179.

Ибн ‘Аббастан жеткен бұл хабар сондай-ақ басқа иснад арқылы да жеткізіледі, бірақ “Куфр дуна куфр” деген сөздерсіз, Бұда күпірлік жеткілікті сөздерімен.

Бұл хабарды ‘Абдур-Раззақ тәпсірінде 1/191, сондай-ақ әт-Табари 6/256 және басқалар келтіреді, әрі оның иснады сенімді (сахих).

Әрә сондықтан да Хишамның хабары екі себепті әлсіз:

1. Хишамның жеткізуші ретінде әлсіздігі.

2. Бұл жеткізушінің одан күштірек болған Ибн Аббастың тәпсірін «Куфр дуна куфр» сөздерінсіз жеткізетін жеткізушілерге қайшы келуі».

Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер»  (әл-Маида 5: 44) деген аятқа қатысты: «Бұл күпірліктен кіші күпірлік (Куфр дуна куфр)», — деп айтқан хабарының әлсіздігін «негіздеу (дәлелдеу)» міне осы-ақ.

Бұл адамдар Ибн ‘Аббастың: «Куфр дуна куфр», — деп айтқан хабарын дәл осылайша әлсіз етіп көрсеткен, тіпті бұдан қалса оған ол Аллаһтың түсіргеніне сәйкес үкім етпеуді үлкен күпірлік деп санағанын теліген.

Ал іс жүзінде Ибн ‘Аббастың осы дерегінің әлсіздігіне қатысты түсіндірмені дәлме-дәл  Сулейман әл-‘Ульуан, Хамуд ибн ‘Ақлә әш-Шу’айби және Абу Мухаммад әл-Мақдиси келтірген болатын.

Олардың қайсысы осыны алғаш болып жазғанын, ал қайсысы мұны тек алып оны әрі қарай мұқият зерттеместен таратқанын Аллаһ жақсырақ біледі.

Сондай-ақ осы жерде Хассан ибн ‘Абдуль-Маннан деген біреудің шағын жолдау жасағанын, әрі онда ол жоғарыда аталып кеткен нәрселерді дәйек ретінде келтіріп Ибн ‘Аббастың осы хабарының әлсіздігі туралы тұжырымдағанын атап кету қажет.

Ал осы Ибн ‘Абдуль-Маннанға қатысты айтар болсақ, ол хадистердің сенімділігіне немесе әлсіздігіне қатысты пайғамбарлық Сүннетпен  ойнайтын адам ретінде танылған. Ол ертедегі имамдар бірауызды келісімде болған және әһлю-Суннаның сенімдері негізделетін көптеген сахих хадистерді әлсіз деп атаған. Мысалы, ол мына белгілі хадисті әлсіз деп атаған: «Ақиқатында, сендерден кім ұзақ өмір сүрсе, сол көп тартыстарды көреді. Ендеше менің Сүннетім мен тура жолдағы салиқалы халифалардың Сүннетін ұстаныңдар. Осыдан азу тістеріңмен ұстаныңдар және діндегі жаңалықтардан (бидғаттардан) толық аулақ болыңдар, өйткені діндегі әрбір жаңалық  — адасушылық!»  Абу Дауд 4607, әт-Тирмизи 2676, Ибн Мажжаһ 42.

Ал осы хадистің сенімділігін әт-Тирмизи, әл-Баззар, әл-Хаким, Ибн ‘Абдуль-Барр, әд-Дыя әл-Мақдиси, ән-Науауи, Ибн Касир және басқа да көптеген имамдар растаған.

Бұл адамның еңбектері мен оның хадистану ғылымындағы оғаш мәлімдемелері таралған соң, шейх әл-Әлбани көп рет оны теріске шығарды және тіпті хадистердің сенімділігін анықтаудағы оның адасушылықтарына арналған және оны «Имамдардың кітаптарын зерттеуде жүздеген сенімді хадистерді әлсіз деп атаған Ибн ‘Абдуль-Маннанның зертеулерінен сақтандыру және насихат айту» деп атаған тұтас кітап жазды.

Ал бұл автордың жай-күйі мұсылмандарға белгілі болғаннан кейін, ол Абу Сухайб әл-Карми деген жасырын атпен жазатын болды.

Сөйтіп, бізге айқын болғанындай, Ибн ‘Аббастың хабары туралы теріс пікір білдіргендердің барлығы  хадистану ғылымындағы өздерінің ұлы зерттеулерімен танылмағандығы аз болса, бұл ғылымдағы атақты имамдарға қарсы шықты!

Осы замандастардың аталған сөздерін таратушыларға мынандай сұрақ туындайды:  «Хадистану ғылымы саласындағы білімдері ешкімде күмән туғызбаған атақты имамдарға жүгіну ғаламтор кеңістігінен тауып алған өздеріңнің құмарлықтарыңа сәйкес келетін нәрселерге жүгініп, осыларды соңына дейін біліп алмай  мұсылман бұқарасына шығарудан жақсырақ па?!»

Ибн Мас’уд: “Жамандықта көшбасшы болғаннан игілікте ілесуші болған артық”, — деп айтатын. Ибн Абу Шайба 37188, Ибн Уадах 1/78. Иснады сенімді.

Ал имам Малик: “Адам өзінен білгірлеу біреуден сұрамайынша, өзін қандай да бір нәрседе лайықты деп санамауы керек!” Қз.: “Сыфатуль-муфти” 7.

 

Ибн ‘Аббастың сөздерінің әлсіздігіне қатысты айтылған дау-дамайларға жауап

 

Іс жүзінде барлық ертедегі имамдар да, кейбір замандастардан басқа, кейінгілері де Ибн ‘Аббастың «Бұл күпірліктен кіші күпірлік (куфр дуна куфр)» деген хабарын мойындаған және оған сүйенген.

Ал әлдебіреулер солардың негізінде осы хабарды сенімсіз деп тапқан екі себепке келер болсақ, іс жүзінде бұл болуын қалаған нәрсені бар деп көрсетуден өзге ешнәрсе емес!

Бұл хабардың әлсіз екендігіне дәлел ретінде пайдаланылған бірінші себеп – бұл «куфр дуна куфр» деген хабардың жеткізушісі Хишам ибн Хужайрдың әлсіздігі.

Аллаһтың рұқсатымен, өздерін бір Американы ашқандай санап, белгілі бір адамдардың және оларға соқыр түрде ілескендердің зерттеулерімен ғана қанағаттанбастан,  Ибн ‘Аббастың бұл хабарын жан-жақтылау етіп қарастырамыз.

Шындығында да Яхья әл-Қаттан және  әл-‘Уқайли сынды имамдар Хишамды әлсіз жеткізуші деп санағандығынан бастаймыз.  Ал Суфьян ибн ‘Уяйна: “Біз Хишамның хадистеріне басқалардан растау таппасақ, оларды алмаймыз», — деп айтқан. Қз.: “Тахзиб әт-тахзиб” 11/33.

Бірақ Ибн Ма’инға келер болсақ, ода Хишамға қатысты екі пікір бар. Бір рет ол оны әлсіз деп айтқан, ал екінші рет ол оны салиқалы (ізгі) деген.

Алайда бұл хабардың әлсіздігін жақтайтындар Ибн Ма’инның «ізгі-салиқалы» деген сөздерін хадистер жеткізуде емес, дінде деп тұжырымдаған.

Ал іс жүзінде олардың бұл тұжырымдары — жорамал ғана.

Имам Ахмадтың ол туралы пікіріне қатысты жағдай да тура осындай, өйткені Ахмад Хишамды оған сүйенуге болмайтын мүлде әлсіз және қабыл етілмейтін жеткізуші деп санамаған. Ол Хишам туралы: «Хадистері әлсіз Меккелік, — сондай-ақ: — Ол күшті емес жеткізушісі», — деп айтқан.

Алайда мұндай сөздер арқылы имам Ахмад мұндай жеткізушінің хадистері қабыл етілмейді дегенді әркез меңземеген. Жиі жағдайда ол мұндай жеткізушінің хадистері  сенімді (сахих) емес, бірақ жақсы (хасан) екендігін меңзеген, мұны шейхуль-ислам Ибн Таймийя былай деп түсіндіргеніндей: “Ахмадтан оның: «Пәлен әлсіз, күшті емес жеткізуші», — деп айтқаны жеткізіледі. Алайда бұл сөздер Ахмад мұндай жеткізушінің хадистерін сенімді (сахих) деп есептемегенін, десе де ол мұндай адамның хадистерін жақсы (хасан) деп санағанын меңзейді.  Сондықтан да ол мұндай хадистерді әлсіз деп атағанымен, оларды дәлел ретінде пайдаланатын болған, өйткені іс жүзінде бұл хадистер жақсы (хасан) болған”. Қз.: “әл-Фатауа әл-кубра” 3/243.

Ал имам әз-Захаби былай деген: “Адамдар туралы жиі жағдайда «Күшті жеткізуші емес»  деп айтылатын, алайда оларға сүйенетін”. Қз.: “әл-Муқаддима әл-Мауқиза” 319.

Әрі сөз болып тұрған нәрселерді имам Ахмадтың өзі де «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» (әл-Маида 5: 44) аятына тәпсір жасағанда  Ибн ‘Аббастың осы хабарына сүйенгендігін растайды.  Оған: “Аятта қандай күпірлік туралы айтылып тұр?”, — деп сұрақ қойылғанда, ол: “Діннен шығармайтын күпірлік туралы, бұл Ибн ‘Аббастан жеткендей”, — деп жауап берді. Қз.: “Суаләт Ибн Хани” 2/192, “Масаиль Абу Дауд” 114 және “әс-Салә уа хукму тариқиха” 49.

Мұның үстіне, көпшілік имамдар Хишам ибн Хужайрды сенімді жеткізуші деп есептеген. Хафиз Ибн Хажжар Ибн Са’дтың Хишам туралы: “Ол сенімді жеткізуші болған”, — деп айтқан сөздерін жеткізген.

Имам әс-Сажжи ол туралы:  “Ол шыншыл жеткізуші”,  — деп айтқан.

А имам әл-‘Ижжли ол туралы: “Сүннеттің лайықты жақтаушысы (ілесушісі)”, — деген. Қз.: “Тахзиб әт-тахзиб” 11/33-34.

Ибн Шубрума Хишам туралы: “Меккеде ол сияқтылар жоқ», — деген.

Сондай-ақ Хишамды сенімді жеткізуші деп санағандардың қатарында  имам Ибн Хиббан да болған, сондай-ақ имам Ибн Шахин де өзінің «әс-Сиқат» (344) кітабында оны сенімді деп атаған.

Бірақ Ибн ‘Аббастың осы хабарының сенімділігін  қалай болса да жоққа шығаруға ұмтылатын замандастар: «Хишамды сенімді деп санаған имамдар негізінен жеткізушілер туралы ғылымда жұмсақтық жасайтындардан болған», — деп айтады.

Бұл мәлімдеме де бірнеше себептер бойынша шындыққа сай келмейді:

Біріншіден, аталғандардың қатарындағы жеткізушілердің сенімділігін бекітуде босаңдық жасайтындықтары туралы дәл Ибн Хиббан мен әл-‘Ижжлиді айыптайтын. Ал олардың босаңдық жасауы олар белгісіз жеткізушілерді сенімді деп санайтындықтарымен байланысты еді.  Бірақ осы қаралып жатқан жағдайда сөз белгісіз жеткізу туралы болып тұрған жоқ.

Екіншіден, аталған имамдардың жеткізушілердің сенімділігіне қатысты пікірлері өз еңбектерінде жеткізушілер туралы имамдардың даулы сөздерін қорытындылаған әз-Захаби мен Ибн Хажжар сынды едәуір кейінгі имамдардың пікірлеріне сәйкес келген жағдайда, олар қабылданып отырғандығы хадистану ғылымымен таныс әрбір адамға белгілі. Мысалы,  имам әз-Захаби Ахмадтың Хишам туралы: «Күшті баяндаушы емес», — деген сөздерін келтіргеніне қарамастан, ол туралы: «Ол сенімді жеткізуші!», — деген.  Қз.: “әл-Кашиф” 2/335.

Үшіншіден, тек босаңдық жасайтындарымен танылған имамдар ғана Хишамды сенімді деген мәлімдеме имам Абу Хатим оны сенімді деп санағандығы себепті шындыққа қайшы келеді. Мысалы, Ибн Аби Хатим Хишамды әлсіз деп санаған имамдардың айтқан сөздерін келтіріп, оның өмірбаянын өзінің әкесі Абу Хатимнің мына сөздерімен аяқтаған: “Меккелік, оның хадистерін жазып алу керек”. Қз.: “әл-Жәрх уа-тта’диль” 9/53.

Ал Абу Хатимге келер болсақ, оның абырой-беделі және оны имамдар  «әл-жарх уәт-т’адиль ғылымының имамы» деп атағаны белгілі! Имам әз-Захаби ол туралы былай деген: “Егер Абу Хатим әлдебіреуді сенімді деп атаған болса, оның сөздеріне ілес, өйткені ол хадисі сенімді (сахих) болғаннан өзге ешкімді сенімді деп атамаған!” Қз.: “әс-Сияр” 13/260.

Бірақ ең таң қалдыратыны бұл хабардың сенімділігін теріске шығарушылардың Абу Хатимның «Оның хадистерін жазып алу керек»  деген сөздері мұндай жеткізушіге сүйенуге болатындығына  нұсқамайды деп айтатындығы, бұдан қалса олар Абу Хатим осы сөздерімен Хишамды әлсіз деп санады деп мәлімдегені.

Ақиқатында, бұл бір таң қаларлық нәрсе! Хафиз Ибн Хажжар: «Кім қандай да бір ғылым туралы білімсіз сөйлесе, таң қаларлық нәрселерді айтады!», — деп ақиқатты айтқан.

Ендеше, осы терминді түсіну үшін Абу Хатимның ұлына жүгінейік.  Ибн Аби Хатим хадистану ғылымындағы терминологиялар туралы былай деп айтатын: “Егер әлдебіреу туралы: «Ол шыншыл, — немесе: — Оған қатысты  проблема жоқ», — деп айтылса, онда мұндай жеткізуші хадистерін жазып алуға және оларға қарауға болатындардың қатарынан, әрі бұл (жеткізушілердің сенімділігіне қатысты) екінші дәреже”. Қз.: “әл-Жәрх уа-та’диль” 2/37.

Имам әз-Захаби де, егер жеткізушілер туралы: «Оның хадистерін жазып алу керек, — деп, немесе: — Оған қатысты проблема жоқ, — немесе: — Шейх», — деп айтылса, онда бұл жархқа (сенімсіздендіруге) емес,  та’дильге (сенімділігін растауға) қатысты дегенді айтқан. Қз.: “әл-Муғни” 1/4.

Имамдар Хишам ибн Хужжайрдың сенімділігі туралы келіспеушілікте болғаны анық болды, алайда ешкім, тіпті оны әлсіз жеткізуші деп санаған имамдардар да, оның хабарлары қабылдануға болмайтындығы туралы ешқандай салмақты дәйектер келтірмеген. Осы себепті хафиз Ибн Хажжар ол туралы: “Шыншыл, бірақ қателіктер жіберетін”, — деп айтқан. Қз.: “әт-Тақриб” 7288.

Сондықтан да әл-Бухари мен Муслим сынды имамдар  иснадында (жеткізушілер тізбегінде) Хишам ибн Хужжайр болған кейбір хадистерді қолданатын, мысалы әл-Бухари мен Муслимде келтірілетін мына атақты хадис: «Бірде пайғамбар Сулейман ибн Дауд, оларға Аллаһтың сәлемі болсын: “Бүгінгі түннің ішінде жетпіс әйелімді өтіп шығамын, әрі олардың әрқайсысы маған Аллаһтың жолында соғысатын ұл туып береді деп ант етемін!”, — деді. Ал оған: “«Инша-Аллаһ», — деп айт”, — деп айтылғанда, ол ұмытты да,  мұны айтпады. Әрі оның әйелдерінің ешқайсысы құрсақ көтермеді, денесінің жартысы жоқ бала туған жалғыз біреуінен басқа. Ал егер ол: “Инша-Аллаһ”, — деп айтқанда,  оның қалауы іске асар еді». әл-Бухари 3424, 6639, Муслим 1654.

Тізбегінде Хишам бар бұл хадистің нұсқасы Муслимде 1654-саннан кейін 23-санмен келтіріледі.

Сөйтіп, Хишам ибн Хужжайрды жеткізуші ретінде Абу Хатим, Ибн Шубрума, Ибн Са’д, әл-‘Ижжли, Ибн Шахин, әс-Сажжи, Ибн Хиббан және әз-Захаби сынды имамдар сенімді деп санаған.

Осы айтылғандардың негізінде мұндай жеткізушінің хадистері жақсы (хасан) деңгейден төмен түсірілмейді, әрі осы себепті Ибн ‘Аббастың: «Куфр дуна куфр», — деп айтқан хабарын имам әл-Хаким, әз-Захаби, әл-Әлбани, Ибн Баз, Ибн ‘Усаймин және басқалар растаған. Бұдан қалса, бұл хабарға ертедегі имамдардың барлығы дерлік сүйенген, әрі оны сенімді (сахих) деп санап, дәлел ретінде келтірген, бұл туралы, инша-Аллаһ, төменде сөз болатынындай.

Ибн ‘Аббастың осы хабарының әлсіздігіне дәлел етілген екінші себеп – Хишамның одан сенімділеу болған және  Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты: «Бұл күпірлік», — деп айтқанын, әрі мұны кіші күпірлік деп атамағанын жеткізген жеткізушілерге қайшы шыққандығы-мыс. Әрі осы себепті олар Хишам  Ибн ‘Аббастың сөздерін осы мағынамен жеткізген жалғыз жеткізуші болған деп айтады.

Бұл дәйекетердің барлығы алдыңғылары сияқты, бұдан қалса, бұл мәлімдемелерге берілетін жауап, Аллаһтың рұқсатымен бірінші айыптауға жауап болған нәрселерді нығайтып күшейтеді ғана.

Біріншіден, олардың «Хишам ибн Хужжайр Ибн ‘Аббастан осындай мағынаны жеткізген жалғыз адам болды» деп айтқанына келер болсақ, бұл — не өтірік, не осы мәселедегі шынайы жағдайды білмеу. Керісінше, тура осы мағынамен айтылған сөздер Ибн ‘Аббастан басқа, онда  Хишам ибн Хужжайр жоқ иснадпен де келтіріледі. ‘Абдуллаһ ибн Салих Му’ауия ибн Салихтан, ол ‘Али ибн Аби Тальхадан, Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар – кәпірлер» деген аятқа қатысты: “Кім Аллаһтың түсіргенін жоққа шығарса, сол күпірлікке түсті. Ал кім осыны мойындаса, бірақ осыған сәйкес емес үкім етсе, сол залым және бұзақы!”, — деп айтқанын жеткізеді. әт-Табари 6/166, Ибн Аби Хатим 4/1142.

Бұл хабардың жеткізушілерінің барлығы сенімге лайықты. Алайда имамдардың арасында ‘Али ибн Аби Тальха Ибн ‘Аббастан хадистер естігендігі жөнінде келіспеушіліктер бар. Имам Абу Жа’фар ән-Нахас: “‘Али ибн Аби Тальха туралы жаман айтатындар оның Ибн ‘Аббастан хадистер естімегендігін және ол Ибн ‘Аббастан емес, Мужжахид пен ‘Икримадан тәпсір алғандығын айтады. Бұл сөздер іс жүзінде кінәлау болып табылмайды, өйткені  ‘Али ибн Аби Тальха тәпсірді екі сенімді адамнан алды, әрі өзі де сенімді әрі шыншыл болған!” Қз.: “ән-Насих уәл-мансух” 75.

Имам әс-Суюты былай деп жазатын: “Кейбіреулер Ибн Аби Тальха Ибн ‘Аббастан тәпсірді естімеген, ол тәпсірді Мужжахидтен және Са’ид ибн Жубайирден алған дейді. Хафиз Ибн Хажжар ол сенімді жеткізуші деп айтқан, әрі бұл кінәлауда салмақты ешнәрсе жоқ!» Қз.: “әл-Итқан” 2/188.

Сонымен, бұл хабардың иснады жақсы (хасан). Қз.: “Қурратуль-‘уюн” 71.

Ибн ‘Аббастан жеткен бұл хабар мағынасы бойынша  «Күпірліктен кіші күпірлік» («Куфр дуна куфр») хабарына сәйкес емес пе?! Ибн ‘Аббастың бұл аяттағы «кәпірлер» деген сөзді кіші күпір деп тәпсірлегені сол хабардан айқын болып тұрған жоқ па?!

Сондай-ақ Тауустың былай деп баяндағаны жеткізіледі: “Мен Ибн ‘Аббастан: “Кім Аллаһтың түсіргенінінің негізінде емес (басқамен) үкім етсе, сол кәпір ме?», — деп сұрадым. Ол: «Бұл күпірлік Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарыларына және Қиямет күніне деген күпірлік сияқты емес!», — дедіәт-Табари 10/355, Ибн Батта 2/735.

Бұл хабарды әл-Хасан Абу Усаманың сөзінен, ол Суфьяннан, ол Му’мардан, ал ол Ибн Тауустан жеткізген.

Бұл хабардың барлық жеткізушілері сенімді әрі шыншыл. Әрі бұл хабар сенімді (сахих).

Алайда кері пікірдің жақтаушылары имам Ибн Са’дтың Хаммад ибн Усама деген атпен танымал Абу Усамадан ол оны шыншыл, бірақ тадлиспен айналысатын (хадистерді араластыратын) дегенін жеткізген.

Ал іс жүзінде Ибн Са’д жеткізуші Абу Усаманы ол тадлиспен айналысады деп айыптаған жалғыз адам еді, бұған қоса ол бұл айыптауына дәлел келтірмеді. Сол себептен одан бұл сөздер қабылданбаған еді. Хафиз Ибн Хажжар Абу Усама туралы: “Ол шыншылдығында бірауызды келісім болған сенімді имамдардың қатарынан еді», — деген.  Қз.: “Хадью-ссари” 399.

Ал имам әз-Захаби: “Абу Усама – лайықты (беделді) жеткізушілердің қатарынан, әрі ол туралы (ол тадлиспен айналысатын еді деп) айтылған  бұл сөздер – өтірік!” Қз.: “әл-Мизан” 1/588.

Сөйтіп, бұл хабар да дәйекті кінәлары жоқ сенімді болып табылады.

Сондай-ақ, Ибн ‘Аббастан басқа иснадпен «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты:  “Бұл діннен шығармайтын күпірлік!», — деп айтқаны жеткізіледі. әт-Табари 6/256, Ибн Наср 574.

Сондай-ақ ‘Ата ибн Аби Раббахтан Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер»;  «Және кім Аллаһ түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар»; «Кім Аллаһтың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар» (әл-Маида 5: 44, 45, 47) деген аяттар туралы: “Бұл күпірліктен кіші күпірлік, зұлымдықтан кіші зұлымдық және бұзақылықтан кіші бұзақылық”, — дегені жеткізіледі. Қз.: “Тафсир Ибн Касир” 2/97, “әд-Дур әл-мансур” 3/87.

Ибн ‘Аббастан жеткен бұл хабарлардың барлығының мағынасы бір: «Куфр дуна куфр», яғни діннен шығармайтын күпірлік. Және бұл хабарларда Хишам ибн Хужжайр жоқ.

Бірақ тіпті егер біреу бұл кейбір нұсқаларда әлсіз жеткізушілер бар деп айтса да, бұл хабарлар біртұтас жиналғанда бірін бірі күшейтеді, әрі осыда ешқандай күмән болуы мүмкін емес.

Өйткені бұл хабарларды жеткізушілердің арасында өтірікте, бұзықылықта және тадлисте айыпталған бірде-бір адам жоқ. Егер олардың арасында әлсіз деп саналған біреу-міреу болса да, сөз оның есте сақтауының әлсіздігі немесе хадистерде шатасуы туралы болған еді. Ал бірнеше әлсіз хабарлар, егер олардың жеткізу тізбектерінде өтірікшілікте, бұзақылықта немесе фальсификацияда айыпталған ешкім болмаса, бірінің сенімділік дәрежесін бірі күшейтетіні жақсы белгілі. Қз.: “Қауа’ид әт-тахдис” 90, “Шарх ән-нухба” 25.

Әрі бұл осы тақырып бойынша келетін хабарлардың ішінде иснадының сенімділігі күн секілді  хабарлар бар екендігін айтпағанның өзінде!

Сондықтан да бізге Хишамның Ибн ‘Аббастан осы хабарды  «Куфр дуна куфр» мағынасымен жеткізген жалғыз адам болмағандығы айқын болды.

Екіншіден, Ибн ‘Аббас «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» аятына қатысты: «Бұл күпірлік», — деп айтқан хабарды дәйек ретінде пайдалану айқын тадлис болып табылады! Осы дәйекті келтіргендердің ешқайсысы Тауустың баласының сөздерінен жеткізілетін бұл хабарды соңына дейін келтірмеген, ал онда Ибн  ‘Аббас: «Бұл күпірлік, — деп айтқан сөздерінен соң: — Алайда бұл Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына және елшілеріне қатысты күпірлік сияқты емес!», — деп айтқан. Қз.: “Тафсир әт-Табари” 6/256, “Та’зыму қадри-ссалә” 570.

Ал ендеше, осындай (күмәндарды) таратып жүрген адамдардың ықыластары мен тақуалығы қайда?! Сонда өзіңнің сеніміңді, тіпті егер ол бұрмалауға негізделген болса да, кез келген жолмен дәлелдеу қажет пе?  Ал Тауустың ұлы Ибн ‘Аббастың мазхабын осы кейбір замандастардан  жақсырақ білетін еді ғой, ал Ибн ‘Аббастың шәкірті болған оның әкесінен оның: “Бұл діннен шығармайтын күпірлік!», — деп айтқаны жеткізіледі. әт-Табари 6/166, әл-Маруази 2/522. Иснады сенімді (сахих). Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 6/114.

Сондай-ақ Ибн ‘Аббастың өзінен де Тауустың ұлы атап айтқан «Бұл Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және Қиямет күніне деген күпірлік сияқты емес» деген сөздер жеткізіледі, бұл алдында келтірілгендей, әрі мұның сенімділігі дәлелденгендей.

Күмән таратушылар не деп жауап берер екен?!

Бұдан қалса «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аяттың онда кіші күпірлік туралы айтылады деп айтылатын тәпсірі, Ибн ‘Аббастың шәкірттері болған Тауустан басқа да атақты ізбасарлардан (табиғиндерден) сенімді түрде жеткізіледі. Мысалы, ‘Ата бұл аятқа қатысты: “Күпірліктен кіші күпірлік, бұзақылықтан кіші бұзақылық және зұлымдықтан кіші зұлымдық!», — деп айтқан. әт-Табари 6/165, Ибн Батта 2/735. Бұл хабардың иснады сенімді (сахих), бұл туралы шейх әл-Әлбани айтқандай.

Алайда Ибн ‘Абдуль-Маннан Ибн Журайж өзінің тадлисімен белгілі, әрі ол ‘Атадан естімеген деп мәлімдеген. Қап, егер бұл адам өзі танып білгенімен ғана разы болмай, осы ғылымның имамдарына жүгінгенде еді!   Иә, Ибн Журайж өзінің тадлисімен белгілі, алайда Ибн Журайж ‘Атадан жеткізгенінің дәл өзі қабылданады, өйткені ол оның сөздерін естіген, бұл туралы оның өзі: “Егер мен: «‘Ата айтты», — деп айтсам, демек бұл менің  одан естігендігімді білдіреді!”, — деп айтқанындай. Қз.: “Тахзиб әт-тахзиб” 6/406.

Сондай-ақ осы аяттың осындай тәпсірі Ибн Аббастың Мужжахид пен ‘Икрима сынды оқушыларынан да жеткізіледі. Қз.: “Та’зыму қадри-ссалә” 2/522, “әл-Иман” 36, “Ахбаруль-қуда” 1/43.

Сонымен, құрметті мұсылмандар, Ибн ‘Аббастың «Куфр дуна куфр» деген тәпсірі сенімді, ал егер бұл хабар сенімді болмаса, онда сенімді не қалмақ?!

Ал осы күмәнға үлкен нүкте қою үшін,  Ибн ‘Аббастың осы хабарларына сүйенген және оларды дәйек ретінде қолданған ертедегі имамдардың сөздерін келтіреміз.

 

Ибн ‘Аббастың хабарына сүйенген және оны дәлел ретінде келтірген әйгілі имамдардың сөздері

 

Жоғарыда айтылғандай, Ибн ‘Аббастың осы хабарына сүйенгендердің қатарында әһлю-Сунна уәл-жама’а имамы — Ахмад ибн Ханбаль бар. Оған “Аятта қандай күпірлік туралы айтылуда?” деген сұрақ қойылғанда, ол: “Діннен шығармайтын күпірлік, бұл Ибн ‘Аббастан жеткендей”, — деп жауап берген. Қз.: “әс-Салә уа хукму тариқиха” 49, “Суаләт Ибн Хани” 2/192, “Масаиль Абу Дауд” 114.

Сондай-ақ Ибн ‘Аббастан жеткен бұл хабарға Құран  тәпсіршілерінің имамы —  Ибн Жәрир әт-Табари де сүйеніп, былай деген: “Аллаһтың түсіргенін теріске шығарып, соның негізінде үкім шығармайтынның әрбірі Аллаһқа қатысты кәпір,  мұны Ибн ‘Аббас айтқанындай!” Қз.: “Тафсир әт-Табари” 6/259.

Имам Абу ‘Убайд былай деп айтатын: “Аллаһтың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген сөздеріне қатысты айтар болсақ, , Ибн ‘Аббас: «Бұл күпірлік діннен шығармайды!», — деп айтқан”. Қз.: “Китабуль-иман” 47.

Имам Ибн Наср әл-Маруази, күпірлік жіктелетініне және оның Исламнан шығармайтын түрі болатынына нұсқап, былай деген: “Әрі Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты айтқан сөздері  осы жайында”. Қз.: “Та’зыму қадри-ссалә” 2/520.

Имам Абу әл-Музаффар әс-Сам’ани былай деген: “Ибн ‘Аббас: «Мұсылмандарға қатысты бұл аяттың мағынасы «Куфр дуна куфр» (Күпірліктен кіші күпірлік)», — деген.  Хауариждер бұл аятқа сүйеніп: «Аллаһтың түсіргенімен үкім етпейтіндер кәпірлер болып табылады», — деп айтатынын біл. Ал әһлю-Сунна: «Үкімді қалдырған кәпір болмайды», — деп айтады!” Қз.: “Тафсир әс-Сам’ани” 2/42.

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр былай деп айтатын: “«Егер мұсылман адам Аллаһтың заңымен емес (басқамен) үкім етсе, бұл діннен шығаратын күпірлік емес, ол Аллаһқа, Оның періштелеріне, Кітаптарына,  пайғамбарларына және Қиямет күніне күпірлік танытпайынша», — деп айтылған. Және осы тәпсір көптеген ғалымдардан жеткізіледі, олардың арасында  Ибн ‘Аббас, Тауус және ‘Ата бар. Қз.: “әт-Тамхид” 5/74.

Имам әл-Бағауи былай дейтін: Ибн ‘Аббас, сондай-ақ Тауус: «Бұл — діннен шығаратын күпірлік емес!», — деп айтқан”. Қз.: “Тафсир әл-Бағауи” 3/61.

Имам әл-Қуртуби былай деп айтқан: “Кім Құранды тәрк етіп және Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін теріске шығарып, Аллаһтың түсіргенінің негізінде емес (басқамен) үкім етсе, сол кәпір, мұны  Ибн ‘Аббас пен Мужжахид айтқандарындай!” Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 6/190.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: Ибн ‘Аббас пен басқа саләфтар «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты: «Күпірліктен кіші күпірлік, бұзақылықтан кіші бұзақылық және зұлымдықтан кіші зұлымдық!», — деп айтқан. Әрі осы туралы  Ахмад, әл-Бухари және басқалар атап ескерткен”. Қз.: “Мажму’уль-фатауа” 7/522.

Бұл туралы имам әл-Бухари де айтқандығына келер болсақ,  шейхуль-Ислам имам әл-Бухари өзінің «Сахихындағы» бір тарауын «Куфран ‘ашир уа куфр дуна куфр» деп атағандығын меңзеп тұр.

Хафиз Ибн Хажжар: “Автордың  (әл-Бухаридің) «Куфр дуна куфр» сөздеріне келер болсақ, ол осынысымен ‘Ата ибн Аби Раббах пен басқалардан жеткізілген Ахмад «әл-Иманда» келтірген хабарды меңзеп тұр”, — деген. Қз.: “Фатхуль-Бари” 1/105.

Сондай-ақ имам әс-Суюты да әл-Бухаридің «Сахихына» жасаған түсіндірмесінде «Куфр дуна куфр» сөздеріне қатысты: “Бұл Ахмад «әл-Иманда» келтіретін ‘Ата ибн Аби Раббах жеткізген хабардың сөздері”, — деп айтқан. Қз.: “әт-Тауших шарх әл-Жәми’ әс-сахих” 1/193.

Хафиз Ибн Хажжар сондай-ақ, имам әл-Бухари «Зульм дуна зульм» (Зұлымдықтан кіші зұлымдық деген) деп атаған тарауына қатысты: “Бұл тараудың аты имам Ахмад  “Китаб әл-иманда” ‘Атадан келтірген хадис болып табылады. Бұл сондай-ақ Тауустың нұсқасы арқылы Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты айтқан сөздерінен тура сол мағынамен жеткізіледі”. Қз.: “Фатхуль-Бари” 1/109.

Осында Хафиз Ибн Хажжар Ибн ‘Аббастан жеткен осы хабардың сенімділік дәрежесін атап айтпағын айта кету қажет. Ал Ибн Хажжар «Фатх әл-Бариге» жазған алғысөзінде ол сенімділігі туралы айтпаған хабарлардың иснадын ол жақсы (хасан) деп санайтынын жазған.

Хафиз Ибн Раджаб имам әл-Бухаридің «Куфр дуна куфр» сөздері туралы былай деген: “Бұл сөздерімен ол кейбір күнәлардың күпірлік деп аталатынын меңзеп тұр, алайда мұның астарында діннен шығаратын күпірлік туралы айтылып тұрған жоқ. Бұл Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты: «Бұл сендер меңзеп тұрған күпірлік емес, әрі бұл діннен шығаратын күпірлік емес!  Бұл куфр дуна куфр!», — деп айтқан сөздері сияқты. Осы хабарды  әл-Хаким келтірген және: «Оның иснады сенімді (сахих)», — деген. Сондай-ақ Ибн ‘Аббастан осы аятқа қатысты басқа сөздер де жеткізіледі:  «Бұл күпірлік, алайда Аллаһқа, періштелерге, Кітаптарға, елшілерге, Қиямет күніне деген күпірліктей күпірлік емес!» Сондай-ақ ‘Ата және басқалар да: «Куфр дуна куфр», -деп, осыны айтқан”. Қз.: Ибн Ражжаб “Фатхуль-Бари” 1/137-138.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: Ибн ‘Аббас: «Күпірліктен кіші күпірлік, зұлымдықтан кіші зұлымдық және бұзақылықтан кіші бұзақылық», — деп айтқан”. Қз.: “Мадарижжу-ссаликин” 1/335.

Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты былай деп жазған:  Ибн ‘Аббас: «Күпірліктен кіші күпірлік, зұлымдықтан кіші зұлымдық және бұзақылықтан кіші бұзақылық», — деп айтқан. Егер мұны (шариғаттың негізінде емес үкім шығаруды) рұқсат етілген деп есептесе, бұл үлкен зұлымдық болып табылады, әрі егер мұны рұқсат етпей жасаса, онда бұл үлкен күнә болады!»  Қз.: “Тайсируль-Карими-р-Рахман” 296.

Сондай-ақ Ибн ‘Аббастың талқыланып жатқан хабарын: «Ибн ‘Аббас: … айтты», — деп, белгісіз түрде емес, бекітілген түрде келтірген имамдардың сөздеріне де көңіл бұрыңыздар.

Хадистану ғылымында, мұны имам ән-Науауи түсіндіргеніндей, егер имамдар хадистерге немесе қандай да бір хабарларға қатысты «жеткізіледі», «айтылған» немесе «хабарланады» деген сөздерді қолданса, онда бұл жиі жағдайда олар мұндай хабарларды не әлсіз деп санайтынын, не олардың сенімділігіне күмән келтіретінін білдіретіні өте жақсы мәлім.  Алайда хабардың сенімділігі күмән туғызбаса, бұл бекітілген түрде, мысалы: «айтты», «істеді», — деп (немесе) т.с.с. айтылады.   Қз.: «әл-Мажму’» 1/63.

Уа, мұсылмандар, ойланыңыздар! Осы үмметтің жоғарыда аталған имамдарының барлығы Ибн ‘Аббастан жеткен осы хабардың сенімділігіне қатысты толық адасушылықта және білместікте болды, ал аттары аталған бірнеше замандастар ақиқатта болды дегенді елестетуге болады ма? Имам әш-Шатыби былай дейтін: “Кейінгі ұрпақ алғашқы ұрпақтарда болған басшылықтан жақсы басшылықпен келе алмайды! Әрі олар шариғатты алғашқы ұрпақтардан жақсырақ білмейді! Қз.: “әл-Мууафақат” 3/402.

Сондай-ақ шейх әл-Әлбани былай деп айтатын: “Саляфтардан бұл аяттың тәпсірінде: «куфр дуна куфр», — деп жетті. Әрі бұл Ибн Аббастан сенімді түрде жеткізіледі!” Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 6/109.

Ибн ‘Аббастың осы хабарына сүйенген және оны дәлел ретінде келтірген имамдардың сөздерін әлі ұзақ дәйексөз етуге болар еді. Бірақ қысқаша түрде Ибн ‘Аббастың бұл сөздеріне үмметіміздің мына имамдары сүйенгендігін келтірейік:

Имам әл-Хаким «әл-Мустадракта» 2/313;

Имам Ибн Батта  «әл-Ибанада» 2/723;

Имам Абу Хайян өзінің «әл-Бахр әл-мухит» тәпсірінде 3/492;

Имам әл-Уахиди «әл-Уасытта» 2/191;

Имам Абу Бакр ибн әл-‘Араби өзінің«Ахкамуль-Қуран» тәпсірінде 2/624;

Имам Ибн әл-Жәузи өзінің «Задуль-масир» тәпсірінде 2/366;

Имам әл-Хазин өзінің тәпсірінде 1/310.

Хафиз Ибн Касир өзінің «Тафсируль-Қураниль-‘Азым» тәпсірінде 2/64;

Шейх Жамалюддин әл-Қасими өзінің «Махасин әт-тауиль» тәпсірінде 6/199;

Шейх Сыддық Хасан Хан «Найлюль-марамда» 2/472;

Шейх Мухаммад Амин әш-Шанқити өзінің «Адауауль-баян» тәпсірінде 2/101;

Шейх Ахмад Шакир «Та’лиқ ‘алә Тафсир әт-Табариде».

Шейх Ибн Баз өзінің «Мажму‘уль-фатауа» пәтуалар жинағында 3/990;

Шейх Ибн ‘Усаймин «Фитнату-ттакфирде» 68.

Тұрақты Комитеттің (әл-Ләжна әд-даима) ғалымдары «Фатауа әл-Ләжнада» № 5226.

Осы айтылғандардың барлығының негізінде неліктен шейх Ибн ‘Усаймин келесі сөздерді айтқаны айқын болады: Күпірлікте айыптауға құқығы болмай күпірлікте айыптайтындар Ибн Аббастың осы хабарына наразы болғанда: «Бұл дерек қабылданбайды және Ибн Аббастан сахих түрде жетпеген», — дейді. Біз оларға (былай деп жауап береміз): Егер бұл хабарды хадистерде сізден жоғары, сізден лайықтырақ және сізден білімдірек болғандар қабылдаған және оған сүйенген болса,  ол қалайша сахих болмайды?! Ал сендер: «Біз оны қабылдамаймыз», — дейсіңдер. Бірақ мәселе сендер айтқандарыңдай-ақ,  яғни Ибн ‘Аббастан жеткен бұл хабар сенімді емес делік. Алайда бізде күпірлік деп аталатын, бірақ іс жүзінде онымен діннен шығаратын күпірлік айтылмайтынынына нұсқайтын Құран мен Сүннеттің мәтіндері көп! Мысалы, хадисте: «Менің үмметімде екі нәрсе күпірлік болып табылады: шыққан тегін балағаттау және өлген адамды дауыстап жоқтау!», — деп айтылады.

Бұл екі нәрсе діннен шығармайды, әрі бұда ешқандай күмән жоқ. Алайда жеткіліксіз білім, сондай-ақ жалпы шариғат ережелерін түсунудегі осалдық осы адасушылықты туғызатын нәрсе болып табылады деп айтылады ғой! Әрі бұған тағы бір нәрсені қосуға болады, ал ол – бұрыс түсінуді туғызатын жаман ниет. Өйткені адам бір нәрсені қаласа, ол өзінің барлық түсінігін қалайтын нәрсесіне бағыттайды да, содан соң мәтіндерді осыған сәйкес бұрмалай бастайды.  Сондықтан да ғалымдардың атақты қағидаларының қатарына «Алдымен дәлелді қарап шық, ал содан соң оның негізінде ‘ақида құр, бірақ алдымен ‘ақиданы алып алып, содан соң оған дәлел іздеме!» деген ереже де жатады.

Сөйтіп, адасушылықты туғызатын нәрселер үшеу, олар:

1. Білімнің жетіспеушілігі;

2. Шариғаттың жалпы ережелерін осал түсіну;

3. Жаман ниетке негізделген жаман түсінік.

Ал Ибн ‘Аббастан жеткен хабарға келсек, бізге шейхуль-Ислам Ибн Таймияның, Ибн әл-Қайимның және басқалардың оған сүйенгені және оны қабылдағаны жетіп асады. Және бұл хабар сахих!”  Қз.: “Фитна әт-такфир” 68-69.

Сондай-ақ шейх әл-Әлбани де: “Ибн ‘Аббастан жеткен бұл хабар такфир жамағатына және солар сияқты шектен шығушылыққа түскендердің омыртқасын сындырады!», — деген. Қз.: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 7/135.

Шейх әл-Әлбанидің шәкірті – Салим әл-Хиләли Ибн ‘Аббастың осы тәпсіріне сүйенген және оны дәлел ретінде келтірген көптеген ертедегі имамдардың аттарын атап айтып, былай деген:    “Уа, қадірлі оқырман! Есі түзу мұсылман адам осы ұлы ғалымдар бұл ғылымда (хадистануда) босаңдық жасауға жол бергендердің немесе соқыр түрде еліктеушілердің қатарында болған, ал мына  ‘Абдуль-Маннан мен оның шейхы ақиқатты айтқан екі мужтахид имамдар деп ойлауға дәті барады ма?!»  Қз.: “Қурратуль-‘уюн” 95.

Ең соңында Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар — кәпірлер» деген аятқа қатысты: «Куфр дуна куфр», — деп айтқан хабары сенімді болып табылатынын, әрі оның сенімділігіне ертедегі имамдардың ешқайсысы күмән келтірмегенін тағы да бір рет айтып кеткен жөн. Ал егер біреу мұны теріске шығарғысы келсе, онда бір ертедегі имамның болса да Ибн ‘Аббастың осы хабары сенімді емес екендігі туралы  айтқан сөзін келтірсін, кері болған жағдайда барлық заманда танылған имамдарды тастап, кейбір замандастарға жүгінудің қажеті жоқ!

 www.Salaf-forum.ru

You may also like...