Муржилер деген кімдер?

Мейірімді, Рахымды Аллаһтың атымен

Муржилер – бұл ертедегі адасқан ағымдардың бірі. Олардың әхли-Суннадан негізгі айырмашылығы, алғашқы буын имамдары хабарлағанындай, иман мәселесіндегі келіспеушіліктері! Муржилердің осылайша аталуынына, араб тіліндегі «иржа» сөзі негіз болды. Оның мағынасы «артта қалдыру», яғни олардың амалды иманның артында қалдыруына орай аталған.

Анастан жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімнен болған адамдардың екі тобы, менің су айдыныма жіберілмейді және Жәннатқа да кірмейді! Олар – қадарилер мен муржилер!» – деген. әт-Табәрани «әл-Аусат» (1/253) кітабында келтірген хасан хадис. “ас-Сильсилә әс-сахиха” кітабынан да қараңыз (2748).

Имам Ахмадтан: «Муржилер деген кімдер?» – деп сұрағанда, ол: “Иман – бұл тек қана сөздер! — деп мәлімдеушілер!” – деген. әл-Халләль “әс-Сунна” кітабында (959), сондай-ақ Ибн Хани «аль-Масаиль» кітабында келтірген (2/164).

Уаки’ ибн әл-Жаррах: «Муржилер деген «Жүректе нық сенім болса,  амал жасамай-ақ қоюыңа» болады дейтіндер. Мұндайды айтқан адам құрыды!» – деген. «Мажму’уль фатауа» кітабынан қараңыз (7/307).

Суфян әс-Саури былай деген: “Муржилер мен біздің арамыздағы айырмашылық үш нәрседе:

1. Біз: «Иман – бұл сөздер мен амалдар», — деп айтамыз, ал олар: «Иман — бұл амалдар емес, тек қана сөздер!» — дейді.

2. Біз: «Иман артады  және азаяды», — дейміз, ал олар: «Артпайды да, азаймайды!» — дейді. 

3. Біз: «Мұсылмандар біз үшін мұсылман, ал олардың Аллаһтың алдындағы жағдайы тек Оған ғана белгілі» – дейміз, ал олар: «Біз Аллаһтың алдында да мұсылманбыз» – дейді. Әл-Байхақи өзінің «әл-Итиқад» кітабында келтірген (74).

Суфян әс-Сауридің басқа бір сөзінде: «Біз: «Екіжүзділік бар» – дейміз, ал олар: «Екіжүзділік жоқ!» — дейді” – деп айтқаны хабарланады. “Сыфәту-ннифәқ” кітабынан қараңыз (74).

Имам әл-Ауза’и былай деген: «Муржилер адамдардың иманы арасында еш айырмашылық жоқ дейді. Олар үшін ең пасық адам мен тақуа адамның иманы бірдей». әл-Халләлдың «әс-Сунна» кітабынан қараңыз (1025).

Имам Ибн әл-Джәузи былай деген: “Муржилер: «Шахаданы мойындаған адам, барлық күнәларды жасаса да, Тозаққа мүлдем кірмейді!» — деп айтады. Олардың бұл сөзі, күнәхар бірқұдайшыл құлдар Тозақтан шығатыны жайлы сахих хадистерге қарсы келеді. Муржилер үшін иман келтіргендердің барлығы бір деңгейде. Осылайша, олар үшін Хәжжәждың иманы Жәбірейіл мен пайғамбардың иманымен бірдей, өйткені олар күнә иманға зиян тигізбейді деп есептейді!” “Тәлбису иблис” кітабынан қараңыз (103).

Абдуррахман ибн Махди былай деген: “Муржилердің ең алғашқы көріністерінің бірі – иманға қатысты истиснә айтпауы”. әл-Халләлдың «әс-Сунна» кітабынан қараңыз (3/598). Яғни: «Сен мүмінсің бе?» – деп сұраған кезде: «Инша-Аллаһ, мүмінмін», – деп, немесе «Мүмінмін деп үміттенем», – демей,  тікелей «Иә!» – деп, сенімді түрде жауап беру, истиснә айтуды қалдыру деп аталады.

Имам әл-Аджурри былай деген: “Біздің ғалымдарымыз айтқандай, ақиқат жолын ұстанушылардың бір қасиеті – олар, иманға қатысты истиснә айтады! Әрине, күмән мағынасында емес, бізді Аллаһ иманға қатысты күмәннан сақтасын, алайда өз-өзіңді «кәміл иманның иесі» деп мадақтаудан қорқу ретінде!” “әш-Шәри’а” кітабына қараңыз (136).

Имам Ибн әл-Мубарак былай деген: “Муржилер істеген игі амалдарын қабыл болды деп жариялайды, ал мен өзімнің амалдарымның қабыл болатынын білмеймін!” “әс-Сильсилә әс-сахиха” кітабынан қараңыз (7/153).

Имамдардың жоғарыда келірілген сөздеріннен, муржилердің сипаттары төмендегідей болып келетінін аңғарамыз:

1. Иман артады және әлсірейді деп санамау;

2. Дене амалдарын иманға жатқызбау;

3. «Әрбір мұсылманның иманы кәміл» деп есептеу;

4. Күнәларға, тіпті ауыр күнәларға да салғырттықпен қарау, және «күнәлар иманға зиян тигізбейді» деп есептеу. 

Осы тұжырымдарының негізінде муржилер: «Мұсылман адам Тозаққа ешқашан кірмейді», – деп сенеді. Муржия сенімінің бұл түрі,  бүгінгі күні білімсіз мұсылмандардың арасында едәуір кең таралған. Олар, Аллаһтың мейірімі мен рақымы шексіз деп, Аллаһ Тағала оларға парыз еткен міндеттердің барлығын дерлік тастап, әртүрлі күнәлар жасауда. Ал бұл муржилердің қауіпті идеологиясы екендігінде еш күмән жоқ.

5. «Иманда истиснә жасауға болмайды» деп есептеу. Яғни: «Мен инша-Аллаһ, мүмінмін!» – деп айтуға болмайды» деп санамау. Себебі муржилер мұны өз иманыңа күмәндану деп, ал иманға күмәндану күпірлік болып табылады дейді.

6. «Күпірлік тек сенімде ғана болады» деп есептеу. Ал әхли-Сунна: «Күпірлік  сенімде де, сөздерде және амалдарда да болады» – дейді.

7. «Әрбір мұсылманның ізгі амалдары міндетті түрде қабыл болады» деп сену. Ал әхли-Сунна: «Біз бұған кесімді түрде сенімді бола алмаймыз. Бұған тек үміттене аламыз» — дейді.

Міне осылардың бәрі, біздің үмметіміздің имамдары айтқан муржилердің негізгі адасушылықтары болып табылады.

 Ал муржилердің өздері үш негізгі топқа бөлініп кеткен:

Бірінші топ: «Иман – бұл тек қана жүректегі  нық сенім» – деушілер. Муржилердің мұндай түрін жәхмилер деп те атайды.

Екінші топ: «Иман тек тілде ғана» – деп айтушылар. Және бұндай сөз карамилерден өзге ешкімнен келмеген.

Үшінші топ: «Иманға  жүректегі сенім мен тілмен айту кіреді де, амалдар иманның құрамдас бөлігі болып саналмайды, және иман артпайды да, азаймайды!» – деп айтатындар. Муржилердің мұндай түрін ғалымдар «фақиһ-муржилер» деп атаған және олардың қатарына имам Абу Ханифа мен оның жақтаушыларын жатқызған».

Муржилердің мұндай анықтамасын  имам әш-Шәхристани  «әл-Миләл уә-ннихәл» кітабында (1/139), имам Абуль-Хасан әл-Аш’әри «Мәқаләт әл-исләмиин» енбегінде (1/213), және шейхуль Ислам Ибн Таймия өзінің «әл-Имән» кітабында (184) келтірген.

Алғашқы екі топ (жәхмилер мен карамилер) «шектен шыққан муржилер» деп аталған (ғуләту муржийя). Үшінші топқа келер болсақ, олар «орташа муржилер». Шейхуль Ислам Ибн Таймия, аталмыш үшінші топпен келіспеушілікті тек тілдік сипатта ғана деп, оларды  әһли-Сунна қатарына жатқызған. Ол былай деген: “Егер адам: «Амалды тастаған адам айыпталуға және жазалануға лайықты», — деп сенсе, онда бұдан кейін бұл мәселеге қатысты келіспеушілік танытудың еш мәні жоқ. Керісінше, бұл келіспеушілік – тек тілдік мәселе ғана болмақ. Дегенмен де, фақиһ-муржилер бұл анықтамада күмәнсіз қателеседі, және ол Құран мен Сүннетке қайшы келеді!” “Мәджму’уль-фәтауә” кітабынан қараңыз (7/181).

Сондай-ақ, шейхуль Ислам былай деген: “Әхли-Сунна ішіндегі бұл мәселеге (амалдар иманның бөлігі болып табылады ма?) қатысты даулардың көбі – тілдік тұрғыдағы келіспеушіліктер. Өйткені иман – бұл  сөздер  (амал-әрекетсіз) дейтін Хаммәд ибн Әби Суләймән сынды фақиһтар (және ол осы сөзді айтқандардың алғашқысы еді), сондай-ақ Куфа фақиһтары мен оларға ілескендер басқа да барлық имамдар сияқты «Күнә жасаушылар сөгіс алуға және жазалануға лайқты» деп есептеген. Сондай-ақ олар «Иманымыз Жәбірейіл періштенің иманындай кемел» деп айтатындарына қарамастан, олардың барлығы әһли-Сунна уәл жәмә’а секілді «Амал-әрекетсіз болған немесе күнәға батқан иман жазаға апарып соқтырады» — дегенге  нық сенген!” “Мәджму’уль-фәтауә” кітабынан қараңыз (7/297).

Яғни имам Абу Ханифа мен оның жақтаушылары амалды иманның құрамдас бөлігіне қоспағандығына қарамастан, және иман артпайды да, азаймайды деп айтқандығына қарамастан, күнәлар жазаға және қауіп-қатерге әкеп соқтыратыны жайлы шындықты мойындаған.

Аталмыш таластың мән-жайы олардың: «Әлсірейтін –  иман емес, өйткені иманның әлсіреуі күмәндануды білдіреді. Ал иманға күмәндану –  үлкен күпірлік!» — деп айтқан сөздерінде еді. Сондықтан олар: «Артатын және әлсірейтін – тақуалық, иманның күйі, бірақ иманның өзі емес!» — деген. Алайда бәрібір бұл пікір қате, өйткені қалайша мұсылман намазды «иман» демейді және оны иманға қоспайды?!

 

Муржилікке жалған тағылған сипаттар.

Сондай-ақ бүгінгі күні, саләфтар муржияның анықтамасына жатқызбаған және оны орынды келіспеушілік деп есептеген жаңа критерийлердің пайда болғанын атап өткеніміз жөн. Мысалы, доктор Сафәр әл-Хауәлидің, шейх әл-Албаниді муржилікке айыптап, әхли-Сунна арасына үлкен бүлік (фитна) салған кітабында мынандай қауіпті сөздер айтқан: «Муржилер мазхабының ықпалына шалдыққан адам ғана намазды тастаған адам кәпір емес деп айтады! Ол мұны сезінсе де, сезінбесе де». «Захиратуль-ирджә» кітабынан қараңыз (2/651).

Ол сондай-ақ былай деген: «Исламның тіректерін қалдыру үшін күпірлікке айыптаумен ең бірінші болып келіспегендер – муржилер!» «Захиратуль-ирджә» кітабынан қараңыз (2/657).

Бұл адам, аталмыш мәселеде, көптеген имамдар жеткізгендей, саләфтар арасында орынды келіспеушілік бар екеніне қарамастан, осындай сөзді жариялауда. Шейхуль Ислам ибн Таймия бұл мәселеге қатысты ахли-Сунна ғалымдары арасында әртүрлі пікір бар екенін айтып: “Куәлік сөзін айтпаған адам кәпір екендігінде мұсылмандар бірауызды келісімде! Ал Исламның қалған төрт рүкніне қатысты олардың пікірлері әртүрлі” – деген. “Мәджму’уль-фәтауә” кітабынан қараңыз (7/302).

Егер, жоғарыда аталған белгілердің барлығын әхли-Сунна ғалымдары муржияның көрінісі деп санаған болса, біздің кейбір замандастарымыз, шейх Мухаммад Саид Раслән айтқандай, әхли-Суннаның муржилерге берген анықтамасына келіспей, оларға тағы да екі жасанды белгілер тағып, қарсы шықты. Ал сол жаңадан енгізілген белгілер мыналар:

1. Аллаһтың заңымен үкім етпейтін әмірді күпірлікке айыптамау.

2. Намазды тастағанды «кәпір» деп санамау, тіпті ол оны надандықпен немесе жалқаулықпен орындамаса да.

Және  де, шейх Мухаммад Саид Раслән, өзінің: «әс-Сауә’иқ әл-мурсалә ‘алә әхлиль-ирджа» (44) атты құтпасында былай деген: «Егер осы екі нәрсе үшін такфир жасасаң, онда әхли–Суннаның қарсыластары үшін (такфирші жамағат үшін) сен муржи болмайсың!». Яғни бұндай адамды олар өздерінің қатарластары деп санайды.

3. Сонымен қатар, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің мұсылмандары арасында кең етек алған муржиліктің тағы да бір жасанды белгісі бар. Ол – әлдебір аймақта, мұсылмандардың қатысуымен өтіп жатқан әскери қақтығысқа байланысты көзқарас. Егер мұсылман, әлдебір аймақта жихад жүріп жатыр деп санаса, ол муржи емес. Ал кімде кім оған қатысты күмән келтірсе, немесе тіпті қарсы шықса, әлгі адамдардың ақылға қонбас пікірінше, нағыз муржи болып табылады. Расында бұл таңғажайып сөз, және бос сандырақ екендігі айдан анық. Бұндай сөзді бір де бір ғалым айтпаған! Және де әлдебір аймақта жүріп жатқан әскери қақтығыстар, иман мен күпірлік және муржилікке айыптау мәселелеріне еш қатысы жоқ!

 

Ал іс жүзінде әхли-Сунна, келесі сипатқа ие болғандарды муржия ағымына қатысы жоқ деп санайды:

1. «Амалдар иманға кіреді!» – дегенннің  муржияға қатысы жоқ!

Имам Ибн әл-Мубәрактан: «Сен муржиядардың көзқарасын ұстанасың ба?» — деп сұрағанда, ол: «Мен: «Иман –   сөздер мен амалдар», — деймін, қалайша мен муржи боламын?!» — деп жауап берген. әл-Халляльдың “әс-Сунна” кітабынан қараңыз (964).

Мис’ар ибн Кидам истиснә сөзін айтуға болмайды деп, муржилер сияқты айтқанына қарамастан, ол «амалдар иманға кіреді» деп есептегендігі үшін имам Ахмад оны муржи деп санамады. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп жазған: “Истиснә жасамайтындар («Инша-Аллаһ, мен мүмінмін» деп айтуға болмайды деп санайтындар): «Мен өзімнің иманыма күмәнданбаймын!» — дейді. Және истиснә сөзін айтуға болмайды деп санаған Ми’сар ибн Кидам да осыны меңзеген. Сондықтан имам Ахмад: «Ол — муржи емес еді, өйткені муржилер: «Амалдар иманнан емес», — дейді, ал ол: «Амалдар иманнан», — деп айтатын» – деген“. “Мәджму’уль-фәтауә” кітабынан қараңыз (13/37).

2. «Иман артады және әлсірейді» дегенннің  муржияға қатысы жоқ!

Имам Ибн әл-Мубарак былай деген: “Кім, иман – сөздер мен амалдар, және ол күшейеді және әлсірейді десе, ол муржиялықтан толығымен құтылған болады!” “Табәкат әл-Ханәбилә” кітабынан қараңыз (2/40).

Исмә’иль ибн Са’ид былай деген: “Мен имам Ахмадтан, иман артады және азаяды деп айтушылар туралы сұрағанымда, ол: «Мұндай адамның муржияға қатысы жоқ!» деген”. Абдуллаһ ибн Ахмадтың “әс-Сунна” кітабынан (1/307), және әл-Халләлдің “әс-Сунна” кітабынан қараңыз (3/581).

Имам әл-Бәрбәхари былай деген: “Кім: «Иман – сөздер мен амалдар,және ол артады және азаяды», — десе, сол муржиядан толық құтылған болады!” “Шәрху-Ссунна” кітабынан қараңыз (67).

Хафиз Ибн Хаджәр, Ибн Хазмнің мына сөздерін келтірген: “Кім де кім, құлшылық рәсімдері иманның құрамдас бөлігі, және иман артады және азаяды десе, және де иман келтіргенді күнәлары үшін күпірлікте айыптамаса, және ол Тозақта мәңгі жанады деп айтпаса, ол – муржилерге еш қатысы жоқ! Тіпті басқа мәселелерде оның сөзі муржилердің сөздерімен сәйкес келіп жатса да!” “Фәтх әл-Бәри”  кітабынан қараңыз (7/153).

3. Кім: «Күпірлік сөзде, амалда және сенімде болады», – деген болса, ол муржилердің ақидасына еш қатысы жоқ.

4. Кім: «Күнәлар иманға зиян тигізеді», – деп кәміл сенсе, ол – муржилерге қатысы жоқ адам. 

5. Кім өзін кесімді түрде мүмін деп бекітіп айтпай: «Мен өз үкімім бойынша мүмінмін», немесе: «Мен  мүмінмін, инша-Аллаһ», — десе, оның муржилерге қатысы жоқ.

Исмә’иль ибн Са’ид былай деген: “Мен, имам Ахмадтан: «Мен өзім үшін мұрагерлік секілді үкім бойынша мүмінмін, бірақ Аллаһтың алдындағы өзімнің шынайы жағдайымды білмеймін», — дейтін адам турасында сұрағанымда, ол: «Мұндай адам муржи емес!» — деді”. әл-Халләлдың “әс-Сунна” кітабынан қараңыз (987).

Осылайша біз, шынайы әхли-Суннаның және әхли-Суннаның атымен жамылып жүргендердің муржияға қатысы көзқарасын, және муржилердің белгілерін анықтадық. Ендеше әркім неге ілесетінін өзі таңдасын.

Сондай-ақ, Саудияның қазіргі заманғы кейбір ғалымдары, муржияның тағы бір белгісі бар екенін айтады. Ол – дене құлшылықтарын қалдырғанды кәпір деп санамау.

Алайда, бұл мәселе бойынша «Иман – бұл сөздер, амалдар, сенімдер, және ол артады және азаяды» деп айтатын ғалымдардың арасында орынды келіспеушілік бар. Нәжд шейхы ‘Абду-Лләтыф ибн ‘Абду-Ррахман Әли Шейх: Әхли-Сунна ғалымдары арасында дене амалдарын (құлшылық рәсімдерді) тастаған адам кәпір болатындығы не болмайтындығы жөнінде келіспеушілік бар!” – деп айтқан. “әд-Дурару-ссанийә” кітабынан қараңыз (1/479).

Куәлік сөзінен басқа Исламның 4 тірегін тастаудың үкімі  жөнінде әхли-Сунна ғалымдары арасында орынды келіспеушілік бар екенін шейхуль Ислам Ибн Таймия бірнеше рет атап өте келе былай деген: “Куәлік сөзін айтпаған адам кәпір екендігінде мұсылмандар бірауызды келісімде! Ал Исламның қалған төрт рүкндеріне қатысты олардың пікірлері әртүрлі”. “Мәджму’уль-фәтауә” кітабынан қараңыз (7/302).

Ал Исламның рүкіндерінен  өзге дене амалдарына қатысты айтар болсақ, оларды тастағаны үшін әхли-Сунна ғалымдары ешкімге такфир жасамаған! Хафиз Ибн Раджәб: “Исламның рүкндерінен тыс исламның және иманның басқа да амалдарға келер болсақ, әхли-Сунна уәл жәмә’аның пікірі бойынша бұларды тастаған адам Исламнан шығарылмайды. Бұған тек хауәриждер мен солардың жолын қуған бидғатшылар ғана қарсылық танытты.” – деген. “Шәрх Сахих әл-Бухари” кітабынан қараңыз (1/26).

Иржә және муржия ұғымдары туралы біздің заманымызда өте көп сөз қозғалуда. Алайда бұл мәселеде, басқа да мәселелер сияқты, саләфтардың пікіріне жүгінуіміз керек. Және олар шықпаған шекарадан біз де аттамағанымыз жөн. Әсіресе, «иман» ұғымының анықтамасына қатысты мәселелерде. Себебі иман мен оның анықтамасы, саләфтардың кезінде қандай болса, біздің заманымызда да тура сондай. Сондықтан, кәзіргі кезде муржияның заманауи сипаттамаларын енгізудің еш қажеттілігі жоқ! Имам Ахмад, кезінде мынандай ұлы да ұлағатты сөздер айтқан болатын: «Бізден бұрынғы білім иелерінің ешбіреуі айтпаған сөзді сен де айтпа!» әл-Халләлдың «әс-Сунна» кітабынан қараңыз (965).

«Муржия» ұғымына анықтама беру есігінің айқара ашылуы себепті, кейбір адамдар білімсіздігінен шейх әл-Албаниді, шейх Ибн Базды, шейх Ибн Усәйминды және т.б. біздің заманымыздың көптеген атақты ғалымдарын муржилердің қатарына қосатын болды.

Осыған орай, имам Абуль-Фадль әс-Саксакидің мына бір сөзін келтіріп кетуді өте орынды санаймын: “Намазды жалқаулықпен қалдырған адам мұсылман болып қала береді. Бұл — Ахмадтың мазхабындағы дұрысырақ пікір. Алайда, мансурилер әхли-Суннаны осы пікірі үшін муржиялыққа айыптап: «Олардың бұл сөздері, олар үшін иман құлшылықсыз, тек сөз жүзінде ғана екендігін көрсетеді!» — дейді”. “әл-Бурхан” кітабынан қараңыз (35).

Осылайша, саләфтардың қатарынан болған ұлы имамдардың өзін муржилікке айыптап, жала жапқан болса, онда қазіргі заман ғалымдары жайлы не айтуға болады!?

Шейх әл-Албаниді муржилікке айыптаған Сафар Хауәлиге жауап ретінде имам әл-Албани былай деген: “Мен муржилерге тіпті ұсақ-түйек мәселелердің өзінде қарама-қайшы келетінімді біле тұра, ол мені муржилікке айыптады. Мен: «Иман артады және азаяды, ізгі амалдар иманнан, «Инша-Алла мен мүмінмін» деп айтуға болады», — деймін, ал мұның барлығы муржилерге қарама-қайшы келеді емес пе!? Бірақ бұған қарамастан, ол мені бірнеше рет муржи деп айыптады! Мен былай деймін: «Бүгінгі күннің кешегі күнге ұқсастығына қараңдаршы! Бірде, бір адам Ибн әл-Мубәрактан: «Сен зина жасайтын және шарап ішетін адам туралы не айтасың? Ол мүмін болып саналады ма?!» — деп сұрады. Ибн әл-Мубарак: «Мен оны иманнан шығармаймын!», — деді. Әлгі адам: «Сен қартайған шағыңда муржи болып кетіпсің!» — деді. Сонда Ибн әл-Мубарак: «Ақиқатында, муржилер менің айтқандарымды айтпайды! Мен иман артады және азаяды деймін, ал муржилер: «Олай деп айтпа!» — дейді.  Муржилер өздерінің ізгі амалдары қабыл болатынына сенімді, ал мен игі істерімнің қабылданатынын не қабылданбайтынын білмеймін! Ал саған, қолыңа тақтай алып, ғұламалардың алдында барып отыру қажет!» — деп жауап берген.”«әс-Сильсилә әс-сахиха» дәрісінен тыңдаңыз (7/153).

Ал осы ғалымдарды муржилікке айыптаушылардырдың өздеріне келер болсақ, олардың өздері сол сипаттарды иемденуде! Абдуррахман ибн Маһди былай деген: “Муржилердің ең алғашқы көріністерінің бірі – иманға қатысты истиснә айтпауы”. әл-Халләл «әс-Сунна» кітабынан қараңыз (3/598).

Ал енді, шейх Абдуль-Мәлик Рамәданидің «Мәдарику-нназар» кітабында айтылғандай, үнемі, тіпті истиснәсіз: «Сайд Кутб – шаһид», «Пәленше – шаһид»  деп айтқанын ойға салып көріңдерші?! Бұл истиснәні қалдыру болмағанда не?!

Сондай-ақ муржилердің тағы бір ерекшіліктерін атап кеткеніміз жөн. Ол – мұсылман әмірлеріне қарсы шығу. Олар, такфир мәселесінде шектен шыққан хауәриждерге қайшы келгенімен, мұсылман әмірлеріне қарсы шығу мәселелесінде олар ортақ тіл тапқан көрінеді!  Мужилердің бұл қылығының астарында не жатқаны бір Аллаға мәлім, бірақ саләфтардың бұл істі муржилердің сипатына жатқызғандары хақ.

Суфьян ибн ‘Уяйнә және әл-Ауза’и былай деген: “Расында муржилер әмірге қарсы шығуға шақырады!” «әс-Сунна» кітабынан қараңыз (1/218/368).

Имам Ибн әл-Мубарак муржилердің көзқарасын ұсанатындығы жайлы сұралғанда, ол: «Мен мұсылмандардың әмірлеріне қарсы шығуды мақұлдамасам, қалайша муржи боламын?!» — деп жауап берген. Ибн Шәхинның “әл-Китабу-лләтыф” кітабынан қараңыз (17).

Субхан Аллаһ, имам Ибн әл-Мубаракты адамдар қаншама рет муржилікке айыптағанын қараңыз!

Ал имам Ахмад: “Ақиқатында хауариждер, сол муржилер!” – деген. “әс-Сунна” кітабынан қараңыз (74).

Сондықтан бауырлар, муржия деген ұғым бүгінгі күні кімге көбірек лайықты екендігін әлі анықтау керек!

 Аллаһ Тағаладан бізді муржияның барлық көріністерінен құтқаруын және тура жолмен жүргізуін сұраймыз!  Және әхли-Суннаны надандықпен муржияға айыптаушыларға хидаят (дұрыс жетекшілік) беруін сұраймыз! Әмин!

 www.salaf-forum.ru

You may also like...