Сауд Арабиясын такфир жасау (күпірлікте айыптау) туралы

Сауд Арабиясы мемлекетін кәпірлерге сүйіспеншілік және достық танытудың, сондай-ақ мұсылмандарға қарсы күресте оларға көмек көрсетудің негізінде күпірлікте айыптауға жауап.

Шейх Мухаммад ибн ‘Умар ибн Салим Базмульдің («Умм әл-Кура» Университеті жанындағы оқытушылар құрамының мүшесі, дағуат және дін негіздері факультеті, Құран мен Сүннет бөлімі) «Байрақ әл-Умма» кітабынан.

«Біздің кезімізде: «Сауд Арабиясы мемлекеті мұсылмандарға қарсы соғыста кәпірлерге көмек көрсетіп және оларға қатысты достық пен сүйіспеншілік танытып,  Исламның негіз қалаушы ұстанымдарын бұзды», — деп айтатын  кейбір мұсылмандардың тарапынан осы елді күпірлікте айыптаулары жиіленіп кетті.

Бұл мәселедегі қиыншылықтар осы адамдар Исламның жалпы заң ережесін аталған нақты жағдайға (Сауд Арабиясына) қолданған кезде туындайтыны айқын. Алайда бұл заң ережесін тәжірибеде қолданудан бұрын ол өзінің құрамына Сауд Арабиясын күпірлік елі деп атауға бөгет болатын маңызы аз емес егжей-тегжейліктерді және шектеулерді қамтитынын білу қажет.

Ал енді кәпірлерге достық пен сүйіспеншілік таныту мәселесін жан-жақты қарап шығайық.

Мұндай достықтың екі түрі болуы мүмкін:

1 – Діннен шығаратын іс-әрекет болып табылатын және оны істеген адам кәпірге айналатын достық. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Әй мүміндер! Яһудилер мен христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір-бірінің достары. Сендерден кім оларды дос тұтса, сонда, күдіксіз, ол солардан. Расында, Аллаһ залым елді тура жолға салмайды» («әл-Мәидә» сүресі, 51).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Аллаһқа, Ақырет Күніне иман келтірген адамдардың арасында Аллаһқа, Елшісіне қарсы келгендерді сүйетіндерді көрмейсің, тіпті олар – аталары, не балалары, яки ағайын-туыстары болса да. Міне солардың жүректеріне Аллаһ иман жазган, әрі оларды Өз жағынан бір нұрмен қолдаған. Және оларды астарынан өзендер ағатын әрі онда мәңгі қалатын Жәннәт бақтарына кіргізеді. Аллаһ олардан разы, олар да Аллаһтан разы. Міне осылар — Аллаһтың жамағаты. Жақсы біліңдер. Дау жоқ, Аллаһтың жамағаты —  олар құтылушылар(«әл-Мужжәдалә» сүресі, 22).

Бұл іс-әрекетті Исламнан шығаратын (іс) деп санау үшін, кәпірлерге деген мұндай достық пен көмектің себебі мен сылтауы — олардың діндеріне және сенімдеріне деген сүйіспеншілік болуы қажетті шарт болып табылады. Және кәпірлерге деген сүйіспеншілік пен достықтың тек осындай түрі ғана адамды діннен шығарады.

2 – Кәпірлерге қатысты сырттай достық таныту (яғни діни себеп-сылтаулармен болмаған ұнату мен достық), мысалы, өзара сауда-саттық, бір-біріне сыйлықтар беру, оларды қонақ ретінде шақыру және олардың тарапынан да осындай шақыруларды қабылдау т.с.с. Кейбір жағдайларда кәпірлерге қатысты көрініс табатын мұндай достық рұқсат етілген және мақұлданатын, ал кейде тіпті міндетті болуы да, сондай-ақ кейбір жағдайларда тыйым салынған және мақұлданбайтын болуы да мүмкін.

Оларға деген осындай достықтың мысалы болып Аллаһ Тағаланың мына сөздері табылады: «Аллаһ дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында, Аллаһ турашылдарды жақсы көреді. Шын мәнінде, Аллаһ  сендермен дін турасында соғысқандарды, жұрттарыңнан шығарғандарды және шығарылуларыңа көмекші болғандарды ғана дос тұтуларыңа тыйым салады. Біреу оларды дос көрсе, солар залымдар» («әл-Мумтахана» сүресі, 8-9).

Бұл аят өзіне достық пен сүйіспеншіліктің екі түріне де нұсқауды қамтиды. Алайда шариғат бізге дініміздің себебінен бізбен соғысатын және бізді үйлерімізден қуып шығатын дұшпандарымызбен бейбіт келісім-шарттар және келісімдер жасасуға тыйым салмайды,әрі бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрайштықтармен жасасқан Худайбия бітіміне ұқсас.

Біреуде «Мұсылман адамның кәпірді оның дінінің немесе сенімдерінің себебінен тыс нәрселер үшін сүюіне рұқсат етіледі ме?» деген сұрақ туындауы мүмкін.

Бұған жауап: Иә, рұқсат етіледі. Және мұның адамды Исламнан шығаратын, кәпірлерге деген тыйым салынған махаббат пен достыққа еш қатысы жоқ.

Бұған дәлел — Аллаһ Тағаланың мына сөздері: «Бүгін сендерге игі нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің (христиандар мен яһудилердің)  тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден болған абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілгендерден (христиандар мен яһудилердің)  де абыройлы әйелдермен бой суытушы көңілдес болмай, мәһерлерін беріп, үйленулерің халал етілді. Кім иманға қарсы шықса, амалдары жойылды және ол Ақыретте де зиян шегушілерден болады» («әл-Мәидә» сүресі, 5).

Аллаһ Тағала мұсылмандарға Кітап иелерінен (яхудилер мен христиандар) болған арлы әйелдерді алуға рұқсат етті. Ал адамның өз әйеліне жақын болуы міндетті түрде оған деген махаббат пен ұнатушылық танытуды білдіретіні ап-айқын нәрсе болғандықтан, кәпірлерге деген мұндай махаббат адамды Исламнан шығармайтыны анық болады.

Дәл осы себептен де кәпірлерге көрсетілетін сүйіспеншілік пен достық тек мұндай қарым-қатынастың себебі олардың дініне немесе сенімдеріне деген сүйіспеншілік болып табылатын жағдайда ғана адамның күпірлігінің белгісі бола алады.

Сондай-ақ кәпірлерге көмектесу, егер бұл олардың жеңісі үшін және дінін қолдау үшін көрсетілмейтін болса, рұқсат етіледі.

Кәпірлерге мұндай көмек көрсетуге болатынына және бұның адамды Исламнан шығаратын амал еместігіне Муса пайғамбармен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) болған оқиға, яғни ол өзінің одақтастарының бірі болған кәпірге Перғауын ақсүйегінен болған басқа кәпірге қарсы көмектескен оқиға дәлел болып табылады.

«(Мұса) елдің қаперсіз уақтында қалаға кірді де, онда төбелесіп жатқан екі адамды көрді. Бірі өз тобынан, екіншісі дұшпан жақтан еді. Сонда өз тобынан болғаны дұшпанына қарсы Мұсадан көмек сұрады. Сонда Мұса  оны жұдырықпен ұрғанда, оған қаза жетті. (Мұса): «Бұл — шайтанның  істерінің бірі. Өйткені ол — ашық адастырушы дұшпан», — деді» («әл-Қасас» сүресі, 15).

Бұл оқиғаның Мусаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) пайғамбарлың жүктелгеннен кейін орын алғанын атап өту қажет.

Сондай-ақ кәпірлерге олардың діндерінің жеңісін қалағандықтан емес, қандай да бір материалдық игіліктерге қол жеткізу үшін көмек пен қолдау көрсету діннен шығаратын амал еместігіне мына хадис дәлел ретінде қызмет атқарады: Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Хатыб ибн абу Бальта’а мұсылмандардың Меккеге жорық жасауының қарсаңында мушриктерге бұл туралы кейбір құпия деректерді жеткізеді және осылайша оларға мұсылмандарға қарсы күресте көмектеседі.

Убайдуллаһ ибн Әбу Рафи’адан оның былай дегені жеткізіледі: «Мен ‘Алидің, Аллаһ оған разы болсын, былай дегенін естігенмін: “Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әз-Зубайрді, әл-Миқдад ибн әл-Асуадты және мені біс істі орындау үшін аттандырып, былай деді: «Хах бағына қарай аттаныңдар, ол жерде хаты бар әйелді табасыңдар. Одан сол хатты алып қойыңдар».  Біз өзіміздің аттарымызды (әлгі) баққа жеткенше қуа бердік. Сол жерде біз (сол) әйелді көрдік те, оған: «Хатты бер!», — дедік. Ол: «Менде хат жоқ!», — деді. Біз: «Бізге хатты бермесең, сенің киіміңді шешіп тастаймыз!», — дедік. Содан соң ол шашының арасынан хатты алып шықты, ал біз оны алып, Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайта оралдық. Бұл хатта  Хатыб ибн Әби Бальта’а Мекке мушриктеріне Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір жоспарлары туралы жазған болатын. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сені бұған не итермеледі, уа, Хатыб!» — деді. Хатыб: «Уа, Аллаһтың Елшісі, маған қатысты қорытынды шығаруға асықпа! Мен құрайштықтардың арасында тұрдым, бірақ мен олардың қатарынан (руласы) емеспін. Мухажирлердің Меккеде мал-мүлкі мен жанұяларын қорғайтын қандас туысқандары бар. Ал мен олармен қандас туысқандығым болмағандықтан, олардың арасынан отбасымды қорғайтын өзіме одақтас тапқым келіп еді. Мен мұны істегенімнің себебі — күпірлік, діннен бас тарту, немесе күпірлікке жақын болу емес!» Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол сендерге шындықты айтты!», — деді. Сонда Умар (Аллаһ оған разы болсын): «Уа, Аллаһтың Елшісі, маған рұқсат бер, мен бұл екіжүздінің басын шауып тастайын!», — деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап берді: «Ол — Бадр шайқасының қатысушысы, сен қайдан білесің, Аллаһ Бадр шайқасының қатысушыларына қарады да: «Қалағандарыңды істеңдер, өйткені мен сендерді кешірдім», — деген шығар». әл-Бухари 3007.

Бұл хадис әртүрлі пайдалы нәрселерді қамтиды және оларға ерекше тоқталып кету қажет:

1 – Егер біреу жорамалды түрде күпірлікті қамтитын бір нәрсені істесе немесе айтса, оның ісі егжей-тегжейлі қарастырылып, оны бұған итермелеген нәрсе анықталмайынша, оған қатысты бірден діннен шыққандық туралы үкім қолданылмайды.

Бұған дәлел болып табылатын нәрсе – Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбтан: «Бұған сені не итермеледі, әй, Хатыб?!»  — деп,  оны бұған не итермелегенін сұрағаны. Ал адамдардың іс-әрекеттері күпірліктен басқа ешнәрсені тұспалдамайтын болса, онда олардың ақталулары қабылданбайды да, олардың діннен шыққандығы туралы үкім шығарылады. Аллаһтың Елшісі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтың, Оның Елшісінің және оның аяттарының үстінен күлген кейбір сахабалармен осылай істеді, өйткені олардың іс-әрекеттері күпірліктен өзге ешнәрсені білдірмеді. Және олардың ақталуларының барлығына ол тек Аллаһ Тағаланың мына аяттарын қайталай берді: «Кешірім сұрамаңдар. Сендер иман келтіргеннен кейін кәпір болдыңдар» («әт-Тәубә» сүресі, 66).

2 – Сондай-ақ бұл хадис кәпірлерге көмек пен қолдау көрсету барлық кездерде адамды діннен шығаратын ұлы күпірлік бола бермейтініне нұсқайды. Өйткені мұсылмандардың әскери құпияларын ашу және оларды кәпірлерге жеткізу (ал осыны тура Хатыб та, Аллаһ оған разы болсын, істеген болатын) кәпірлерге мұсылмандарға қарсы көмектесу болып табылады. Алайда солай бола тұра, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны күпірлікте айыптамады.

Сондықтан ғалымдар кәпірлерге қатысты көрсетілетін сүйіспеншілік пен оларға көмектесуді Исламнан шығаратын іс-әрекет деп санау үшін, кәпірлердің діндеріне деген махаббат пен сол махаббаттары үшін көмектесулері себеп (яғни айғақ) болуын қажетті шарт ретінде шығарады.  Сөйтіп, кәпірлерге қатысты сүйіспеншілік пен көмек белгілі-бір себепсіз, бірден өздігінше күпірлік болып табылмайды.

3 – Осы хадистен алынатын тағы бір пайда: егер осындайды жасаған адам ақталуын келтіріп, мұны кәпірлерге, олардың діндеріне, сенімдеріне деген сүйіспеншіліктен және олардың діндерінің жеңіске жетуін қалағандықтан істемегенін айтса, бұл одан қабыл алынады.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол сендерге шындықты айтты!» — деп, Хатыбтың ақталуын қабылдағаны осының белгісі болып табылады.

Біреу бұл хадис туралы: «Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбтың рас айтып тұрғанын Аллаһтың уахиі арқылы білгендіктен, оның ақталуларын қабыл етті. Ал уахи тоқтағаннан кейін, біз Хатыбтың амалындай амал істеген адамдардың рас айтқанын қалайша біле аламыз және Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейін кім олардың рас айтып жатқандығын растап, оларды ақтай алады?!», — деп айтуы мүмкін.

Жауап: Ия, іс жүзінде Хатыбтың сөздерінің растығын тек Аллаһтың Елшісі ғана (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тани алатын еді, өйткені ол мұны Аллаһтан түскен уахи арқылы білді, ал ол қайтыс болғаннан кейінгі оның үмметіне келер болсақ, олар адамның жүрегіндегісін Аллаһтың сотына қалдырып, адамдарға тек олардың сыртқы әрекеттері мен сипаттарына сәйкес үкім шығаруы керек және осындай ақталуларды келтірген кез келген адамнан оларды қабылдаулары қажет. Ал біз ғайыпты біле алмайтынымыз себепті, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге адамдарға олардың сыртқы көріністері және сипаттары бойынша  үкім етуді бұйырды. Бұны Усама ибн Зайдтің, Аллаһ оған разы болсын, хадисі нұсқайтындай:

«Өз кезінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізді Хуракатқа аттандырды (Жухайна тайпасына әскери жорық жөнінде айтылып тұр), ал біз оларға таң ертеңгісін шабуыл жасадық. Мен олардың бірін қуа бастадым, ал ол мен оны қуып жеткен кезде: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ!» — деп дауыстай салды, бірақ мен оған найзаммен соққы беріп өлтірдім. Ал осыны істегендіктен жаным тыныш таппады да, мен бұл туралы Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баяндап бердім. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол: «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты құдай жоқ!» — деп айтқан соң, оны өлтірдің бе, сонда?!», — деді. Мен: «Алайда ол мұны өлімнен қорыққандықтан айтты ғой!», — дедім. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен не, оның бұны шынайы (ықыласты түрде) айтқан-айтпағанын білу үшін, оның жүрегін кесіп көрдің бе?!», — деді де, мен Исламды осы күнге жеткенімнен бұрын қабылдағаныма өкінгенімше, бұл сұрақты қайталап қоя берді». Қараңыз: «Сахих Әл-Бухари»/4296; «Сахих Муслим»/96.

Сондықтан да «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбтың ақталуын, оның рас екендігін Аллаһтан білгендігі себепті қабылдады» деп айтуға болмайды. Өйткені егер Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдында дұрыс емес нәрсе немесе сөгіске лайық нәрсе істелсе, ол ешқашан үндемей қалмайтын. Ал егер Хатыбтың ақталуы сияқты ақталулар есепке алынбағанда, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан оның қандай да бір ақталуы бар ма екенін мүлде сұрамас еді және мұндай ақталудың ешқандай күші болмағанда, ол үндемей қалмас еді, өйткені Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті – бұл оның істері мен сөздері, сондай-ақ оның үндемей мақұлдауы. Ал аталған жағдайда Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбтың сөздерін өзінің үнсіздігімен растады да, сол арқылы олардың ақталу болып табылатынын және есепке алынатынын білдірді. Мұның үстіне, оның қандай да бір ақталуы бар ма екенін анықтау осындай ақталудың жарамды екенін мойындауды нұсқайтын Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) іс-әрекеті болып табылады. Ал дәл осы (нәрсе) аталған мәселенің өзегі болып табылады.

4 – Тағы да бұл хадис тыңшы (шпион) мұсылманды өлім жазасымен жазалау мәселесі әмірдің қарауына қалдырылатынын білдіреді. Және біз көре алатынымыздай, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбты өлім жазасына кесуге бөгет болатын себеп бар болғандықтан, нақтырақ айтқанда, Хатыб Бадр соғысының қатысушысы болғандықтан, оны өлтіруді бұйырмады.  Омар: “ Уа, Аллаһтың Елшісі, маған рұқсат бер, мен бұл екіжүздінің басын шауып тастайын!», — деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап берді: «Ол — Бадр шайқасының қатысушысы, сен қайдан білесің, Аллаһ Бадр шайқасының қатысушыларына қарады да: «Қалағандарыңды істеңдер, өйткені мен сендерді кешірдім», — деген шығар?».

Сөйтіп, тыңшы мұсылманды мұсылмандардың әмірінің үкімімен ғана өлім жазасымен жазалауға болатыны және егер ол осы жазаны орындауға кедергі болатын бір себепті көрсе,  оны тірі қалдыратыны түсінікті болды.

Алайда Хатыбтың Бадр шайқасына қатысуы оның күпірлігіне бөгет болатын себеп болады деп санауға болмайды (бұл туралы әл-Макдиси өзінің «Ибраһим үмметі» деп аталатын еңбегінде айтатынындай). Өйткені егер оның іс-әрекеттері күпірліктен өзге еш нәрсені білдірмейтін болғанда, ол кәпір болар еді, әрі оның бұрынғы істеген барлық істері бекер болар еді және оған ешқандай пайда әкелмес еді, өйткені біз білетініміздей, адамның күпірлігі оның бұрынғы барлық игі амалдарын жояды.

Мұнымен қоса мен білім иелерінің осы ұстанымды жақтайтын кейбір сөздерін келтіргім келеді.

Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Ақиқатында, адамның иманы күшті болса, иманның барлық тармақтары бірігеді де, бірін-бірі күшейтеді және егер иман әлсіз болса, бұл құбылыс болмайды. Егер жүректе нық сенім, таным, Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббат күшейсе, бұл міндетті түрде адамды Аллаһтың дұшпандарына деген жек көрушілікке алып келеді, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Егер олар Аллаһқа, Пайғамбарға және оған түсірілген Құранға иман келтірген болса, оларды дос тұтпас еді. Бірақ олардың көбі бұзақылар» («әл-Мәидә» сүресі, 81).

Ол сондай-ақ былай деді: «Аллаһқа, Ақырет Күніне иман келтірген адамдардың арасында Аллаһқа, Елшісіне қарсы келгендерді сүйетіндерді көрмейсің, тіпті олар – аталары, не балалары, яки ағайын-туыстары болса да!» (әл-Муджәдалә 58: 22).

Алайда адамнан оларға (Аллаһтың дұшпандарына) қатысты туысқандық байланыстың немесе жеке басының мүдде-мұқтажының себебінен сүйіспеншілік көрініс табуы мүмкін, ал бұл – иманды әлсірететін, бірақ оны кәпірге айналдырмайтын күнә!

Осындай нәрсе Хатыб ибн Әбу Балта’амен, ол мушриктерге Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір жоспарлары туралы жазып жібергенде, орын алған. Содан кейін Аллаһ ол туралы: «Әй мүміндер! Менің дүшпандарымды да, өз дүшпандарыңды да қамқоршы және көмекші етіп алмаңдар. Олар сендерге келген шындыққа қарсы келсе де, оларға сүйіспеншілікпен ашыласыңдар» (әл-Мумтахана 60: 1), — деген аятты түсірді.

Тура сол сияқты нәрсе Са’д ибн ‘Убадамен ол Ибн Убайға (екіжүзділердің басшысы) араша түскен кезде орын алды, бұл жөнінде Айшаға жабылған жала туралы деректе келтірілетіндей. Сол кезде ол Са’д ибн Му’азға: «Аллаһпен ант етемін, сен өтірік айттың! Сен оны өлтірмейсің және мұны істей де алмайсың!», — деді. Ал Айша былай деген: «Ол бұған дейін салиқалы адам болатын, алайда оны (тайпасы үшін) ашу-ыза билеп алды».

 Және осындай көмескіліктің себебінен Умар да: «Рұқсат ет, мен бұл екіжүздінің басын шауып тастайын!», — деп Хатыбты екіжүзді деп атады. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол – Бадр шайқасының қатысушысы», — деп жауап берді. Ал Умар Хатыбтың істегені себепті оны екіжүзді деп атағанда тауиль жасаған еді.

Сондай-ақ Усайд ибн Худайрдың  Са’д ибн ‘Убадаға: «Сен өтірік айттың, біз оны (Ибн Убайды) өлтіреміз, ал сен – екіжүзділерді қорғайтын екіжүздісің!», — деген сөзі де. Бұл да сөз болып жатқан нәрсеге қатысты.

Сондай-ақ бұған  Малик ибн Духшумның екіжүзділерге жақсы қарым-қатынас және достық көрсеткені үшін, оны екіжүзді деп атаған сахабаның сөзі де жатады”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 7/522-523.

Шейх ‘Абд ал-Латыф ибн ‘Абд ар-Рахман ибн Хасан ибн Мухаммад ибн ‘Абд әл-Уаххаб, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: “Хатыб ибн Әби Бальта’аның оқиғасы туралы ойланыңдар! Бұл оқиғада қаншама пайда бар екендігі туралы (ой қозғаңдар)! Ақиқатында, ол Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хижра жасады, алайда ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құпиясы туралы меккелік мушриктерге жазып жіберіп, оларға Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға қарсы жихад жасамақшы болған жоспарлары туралы хабар жіберді. Ол мұны осы арқылы Меккеде қалған отбасы мен мал-мүлкін қорғау үшін өзіне одақтас табу мақсатында істеді. Ол әлгі хатты зембілдің ішіндегі әйелге берді, ал ол оны шаштарының арасына жасырды. Ал Аллаһтың Ешісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы жөнінде уахи түсті және ол Али мен әз-Зубайрды осы әйелден хатты тартып алу үшін аттандырды да, оларға оны Хах бағының алдынан табатындықтарын айтты. Олар шындығында да әлгі әйелді сол жерде тауып, оны қорқытып, шаштарының арасына жасырған хатты беруге мәжбүрледі. Сөйтіп Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтып келді.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыб ибн Абу Балта’ны алып келуді бұйырды да, одан: «Бұл не?», — деп сұрады. Ал ол: «Уа, Аллаһтың Елшісі, мен мұны иман келтіргеннен кейін кәпір болып істемедім және мұны Исламнан бас тарту үшін де істемедім, мұны тек осы халықтың қолдауын алу үшін және сол арқылы отбасым мен мал-мүлкімді қорғау үшін істедім», — деді. Ал сол кезде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол сендерге шындықты айтты! Оны жіберіңдер!», — деді. Ал Умар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, бұл екіжүздінің басын шауып тастауға рұқсат бер!», — деп, Хатыбты өлтіруге рұқсат сұрады. Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Сен қайдан білесің, Аллаһ Бадр шайқасының қатысушыларына қарады да: «Қалағандарыңды істеңдер, өйткені мен сендерді кешірдім», — деген шығар», — деп жауап берді де, мына аятты оқыды: “Әй, иман келтіргендер! Менің де дұшпанымды және өздеріңнің дұшпандарыңды да дос және көмекші етіп алмаңдар!” («әл-Мумтахана» сүресі, 1).

Ал Аллаһ Хатыбқа қатысты иман есімімен сөйледі және оны мумин деп сипаттады, ал оның істегеніне деген тыйым баршаға қатысты, осы аяттың уахи етілуіне тек ол ғана себепкер болса да. Және бұл аят Хатыбтың жасағаны — мууәләт екендігіне және ол кәпірлерге шектен тыс сүйіспеншілік танытқанына, және мұндайды жасаған адам адасушылыққа түскендігіне нұсқайды.

Алайда Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Ол сендерге шындықты айтты!» деген сөздері оның осы себепті кәпір болмағанына ап-айқын және тікелей нұсқау болады, өйткені ол Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) иман келтірген болып қала берді және осыған ешбір күмән келтірмеді, ал мұны ол тек дүниелік мақсаттар үшін істеді. Ал егер ол кәпір болғанда, онда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны жіберіңдер деп айтпас еді.

Және Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Сен қайдан білесің, Аллаһ Бадр шайқасының қатысушыларына қарады да: «Қалағандарыңды істеңдер, өйткені мен сендерді кешірдім», — деген шығар?!» деген сөздерін оны күпірлікте айыптауға кедергі болатын себеп деп айтуға болмайды.

Өйткені біз егер біреу кәпір болса, оның кәпір деп танылуына және оған қатысты кәпірлердің үкімін жүргізуге кедергі бола алатын алдынғы игі істерінің ешбірі қалмайды деп білеміз. Ақиқатында, күпірлік барлық алдынғы амалдарды жояды, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Кім иманға қарсы шықса, Сонда оның ғамалы жойылды және ол Ақыретте де зиян етушілерден болады» (“әл-Мәида”сүресі, 5).

Ол, сондай-ақ былай деді: Егер олар ортак қосса еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді (“әл-Әнғам” сүресі, 88). Күпірлік, бір ауызды келісім бойынша, иманды және бүкіл амалдарды бекер етеді және осыда ешқандай күмән жоқ.

Ал Аллаһ Тағаланың: “Егер сендерден біреу оларды өздерінің көмекшілері және достары деп санаса, ол солардың бірі болып табылады” (“әл-Мәида” сүресі, 51); “Аллаһқа, Ақырет Күніне иман келтірген адамдардың арасында Аллаһқа, Елшісіне қарсы келгендерді сүйетіндерді көрмейсің” (“әл-Муджадәлә” сүресі, 22); сондай-ақ: «Әй, мүміндер! Сендерден бұрын Кітап берілгендерден діндеріңді сайқы- мазаққа ойыншық еткендерді дос тұтпаңдар және кәпірлерді де дос көрмеңдер. Егер мүмін болсаңдар, Аллаһтан қорқыңдар» (“әл-Мәида” сүресі, 57), — деген сөздеріне келер болсақ, Сүннет осы үшін қажетті шарттарды қойып, бұл аяттарды егжей-тегжейлі етіп түсіндіріп берді және оларда жалпы нақтыланбаған түрде достық таныту тұспалданғанына нұсқады. 

 Ал кәпірлерге деген мұндай жақындықтықтың негізі мыналар болып табылады: сүйіспеншілік, көмек, достық және оның түрлері. Және әрбір күнә үшін уәде етілген  жазаның өз денгейі  бар”. «Әд-дурару әс-санийя» 1\472-474

Шарх «әл-Жәми’ әс-Сахихқа» жасалған тұсіндірмеде былай деп айтылған: “Кім: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның рас айтқандығын Аллаһтан білгендіктен оны кешірді, ал біз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлімінен кейін мұны анықтауға қабілетті емеспіз», — деп айса – қателеседі, өйткені Аллаһтың заң ережелері адамдарға олардың сыртқы әрекеттерінің негізінде қолданылады. Мысалы, Аллаһ Өзінің Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның сахабаларының арасында өмір сүретін және бойларында кәпірлердің сенімдерін алып жүрген екіжүзділер туралы хабарлады, бұған қоса Ол олардың әрбіріне атын атап нұсқады, алайда сонымен бірге олар сырттай Исламды ұстанып, тілдерімен өздерін мұсылман деп атап  жүргендерінде оларды өлтіруге және тұтқынға алуға рұқсат етпеді. Және осылайша, сыртқы көріністер бойынша, барлық адамдарға үкім ету қажет және осы біздің имамдарымыздан да жеткізіледі”. Мухаммад Ильяс, Мухаммад Анур 1/23. «Умм әл-Кура» Университеті, Кұран мен Суннет бөлімі.

Бұл имамдардың (Аллаһ оларды рахым етсін) біреуі – имам  әш-Шафи’и Хатыбтың хадисіне жасаған шархында былай деген:  “Бұл хадисте, мен саған келтіргендерге қоса, жорамалдардың негізінде шариғи қаулыларды шығарудан бас тарту қажеттігіне нұсқау бар. Хатыбтың хаты да ол өзінің әрекеттері үшін ақталған кезінде, нақты айтқанда ол мұны Исламға күмән келтірмей, тек өзінің отбасын қорғау үшін істегенін айтқанында, ақиқатында да шындықты айтты, әрі сол сияқты ол мұны Исламнан шыққысы келмей, қателікпен жасады. Ал сондай-ақ оның әрекеттері ең жаман нұсқаны да (екіжүзділікті) тұспалдады.  Алайда оның әрекеттерінің шындығында нені тұспалдағанын анықтауда оның сөздері анықтаушы болды.

Сөйтіп, Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны тірі қалдыру туралы қаулы шығарды және бұл істе (Хатыбтың діннен шыққандығы туралы) мүмкін болған болжамға сүйенбеді.

 Мен Хатыбтың әрекетінен ең жаман сыртқы әрекет жасаған ешкімді білмеймін, өйткені Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құпиясы, басқа адамдардың құпиларымен салыстырғанда, ең ұлы және сақталуға ең лайықты құпия еді. Аллаһтың Елшісінің өзінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құпиясын, ол көпқұдайшылдарға кенеттен тап бергісі келгенде, ашып берген адамның ақталуы одан қабыл етілді және ол осы әрекеті үшін сөгіске лайық болуына қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған қатысты жүрекке кіруі мүмкін болған жорамалды пайдаланбады. Сондықтан да, мұндайды (Хатыбтың әрекетін) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін жасаған адам, Хатыбқа қарағанда, қауіпсіздеу жағдайда және оның ақталулары қабыл болуға лайықтырақ».

Сонда имам әш-Шафи’иге мынандай сұрақ қойылды: «Ал сен біреу: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хатыб туралы: «Ол шындықты айтып тұр!» — деп, оның шындығында да шындықты айтып тұрғанын білген соң жібере салды», — деп айтады деп ойламайсың ба, өйткені оның әрекеттері қарама-қайшы нәрсені де тұспалдады ғой?»

Имам әш-Шафи’и былай деп жауап берді: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екіжүзділер (иман келтіргенін мәлімдегенде) өтірік айтқанын білді, бірақ оларды сыртқы Исламдарының негізінде тірі қалдырды. Ал егер ол Хатыбқа қатысты өз шешімін тек ол шындықты айтып тұрғандығы туралы өзінің білімінің (яғни уахидің) негізінде шығарған болғанда, онда ол екіжүзділерді, олардың өтірік айтып жатқанын (тағы да уахидің негізінде) біліп, өлім жазасына бұйырар еді. Алайда ол әрбір адамға оның сыртқы амалдары бойынша үкім шығарды да, олар өз жүректерінде не жасырғанын Аллаһқа қалдырып қойды, оның өлімінен соң үкім ететін қазылар жахилиет кезінде жеткілікті себеп болып саналатын нәрсенің негізінде үкім шығармаулары үшін. Және Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қандай үлгімен үкім шығарғандығы, қандай да бір оқиға осыдан ерекшеленетіндігі туралы нұсқау оның өзінен немесе Аллаһтың Кітабында келмейінше, немесе (оны жеткізушілердің) саны «олар оның Сүннетін білмейді» деп айтуға мүмкіндік бермейтін мұсылмандардан жетпейінше, барлық жағдайда жалпы ереже болып табылады”. “Китаб әл-Умм” 4/250.

2 – Ал егер сендер, Аллаһ сендерге береке берсін, мұсылмандарға қарсы, кәпірлерге олардың дініне деген сүйіспеншіліктің себебінен жасалатын көмектің және басқа сылтаумен (мотивпен) жасалатын көмектің айырмашылығын жақсылап түсініп алсаңдар, онда, сондай-ақ фиқх ғылымының мына ережесін де түсінесіңдер: «Мығым сенім жай күмәнмен жойылмайды». Ал осы ереженің әмірлерге қатысты қолдануы Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисімен нығайтылады.

Убада бин әс-Самиттің, Аллаһ оған разы болсын, былай дегені жеткізіледі: «(Кезінде) Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бізді өзіне шақырды, ал біз оған ант бердік, және өзге нәрселердің қатарында ол бізден бізге жеңіл және ауыр болған кезде де, өзімізге заңды түрде тиісті болған нәрселерден айырған кезде де  (оған) бағынатынымыз және құлшынысты болып, құлықсыздық танытпайтынымыз туралы ант беруімізді талап етті.  Біз заңды әмірді билігінен құлатуға ұмтылмаймыз (деп ант бердік), ал Ол, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын: «Тек қана (оның) айқын күпірлікке түскенін көрмесеңдер, және бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса», деді».   әл-Бухари «Сахих», № 7056 хадис; Муслим «Сахих», № 1709 хадис.

Бұл хадис әмірді күпірлікте айыптау үшін төмендегідей шарттарды өзіне қамтиды:

1) «…кіргенін көрмесеңдер …» – яғни оның күпірлігі көруге болатын сезінерлік іс-әрекет болуға тиіс.

2) сондай-ақ «…кіргенін көрмесеңдер …»  деген сөздер әмірдің күпірлігін белгілі біреудің көруі ғана жеткіліксіз және оны мұсылмандардың тобы көруі қажетті екендігіне нұсқайды.

3) ол «… күпірлік…» жасауы қажет. Ал күнә жасауы себепті ол кәпір болмайды, тіпті егер олар ұлы күнәлар болса да.

4) «…айқын күпірлік…» – яғни жорамалды емес, айқын күпірлік.

5) «…бұл жөнінде сендерде Аллаһтан дәлелдер болса» – яғни кез келген дәлелдердің болуы жеткіліксіз, бірақ олар Аллаһтан, яғни Құран мен Сүннеттің анық екі мағынасыз нұсқаулары бар сенімді мәтіндері болуы қажет.

Сөйтіп бұл хадис келесі негізді бекітеді: мұсылман әмірі оның мұсылман еместігі дәлелденбейінше мұсылман болып қала береді, және біз оның айқын күпірлікке түскенін көрмесек және бұл жөнінде бізде Аллаһтан дәлелдер болмаса,  бұған сенбейміз.   Сондықтан да әмірді кәпір деп жариялау үшін жай ғана жорамалдар мен күмәндардың болуы жеткіліксіз. Ал іс осылай болып тұрған уақытында, негізге оралып, оны мұсылман деп есептеу қажет.

Дәл осы себептен де Әһль әс-Сунна уәл жама’а ғалымдары нақты тұлғаны күпірлікте айыптау мен жалпы мағынадағы күпірлікте айыптаудың арасын ажыратады. Мысалы, қандай да бір сөздер немесе істерді күпірлік деп айтуға болады, алайда бұл «осыны істеген адам кәпір болып табылады» дегенге нұсқамайды. Өйткені қандай да бір сөздер немесе істер күпірлік болып табылады деген тұжырым жалпы мағынадағы күпірлікте айыптауға жатады.

Ал нақты адамды күпірлікте айыптау төмендегі жағдайдайлардың болғанында ғана рұқсат етіледі:

1) Бұл адамның істері немесе сөздері үлкен күпірлік болып табылатындығы туралы дәлелді жеткізу.

2) Қажетті шарттарды орындау, нақты айтқанда бұл адамда оның істеп жатқан істері күпірлік болып табылатындығы туралы сенімді білімнің болуы және ол осы істі қасақана орындағанына көз жеткізу.

3) Күпірлікте айыптауға кедергі болатын себептердің болмауы, мысалы: ол осыны білімсіздікпен істеді дегенді растайтын надандық; ол осыны қасақана істемегенін растайтын мәжбүрлеу; қателік және бұрыс түсіну.

Осыны түсінген кезде, әмірлерді кәпір деп жариялау оңай іс емес екендігі және бұл іс-әрекет үзілді-кесілді түрдегі сенімге мұқтаж екендігі сіздерге түсінікті болады. Өйткені сенімді және сендіретін түрде бекітілген (анық болған) нәрсе тура сол сияқты сендіретін нәрсемен ғана жойылады, ал түрлі күмәндармен мұны істеу мүмкін болмайды.

3 – Жоғарыда айтылғандардан сіздер әмірлерді күпірлікте айыптау жете тәсілге және анықтауға мұқтаж екендігін алуыңыз мүмкін еді. Алайда осы үкімді нақтылау және  нақты бір әмірге қатысты қолдану үшін ғалымдардан өзге ешкімге жүгінуге болмайды. Өйткені мұндай мәселелерді шешу үшін тек соларға ғана жүгінуге болады.

Аллаһ Тағала былай деді: ««Қашан оларға (мұсылмандарға) аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын зерттей алатындар білер еді. Егер сендерге Алаһтың кеңшілігі, мейірімі болмаса еді, шайтанға ермегендерің өте аз болар еді». («ән-Ниса» сүресі, 83)

Ал енді бүгінгі күнде мәселе қалай шешіліп жатқанына көз салайық. Мысалы, Сауд Арабиясы америкалықтарға және антитеррорлық коалицияға кіретін мемлекеттерге Ирак пен Ауғаныстанның мұсылмандарына қарсы көмектесуде деген мәлімдеме.

Осы мәлімдеменің қаншалықты дұрыс екенін талдап шығайық:

Тіпті егер Сауд Арабиясының үкіметі осындай көмекті қашан да болса әйтеуір көрсетті дегенмен келіскеннің өзінде де, мынандай сұрақ туындайды: «Мұсылмандар кәпір мемлекетіне оның өзге бір кәпір мемлекетіне қарсы соғыста  көмектесуіне бөгет бола алатын бірде бір себеп бар ма?»

Имам Ахмадтың Муснадында Зу Михмардан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан хадисі жеткізіледі: «Бір кездерде сендер византиялықтармен бейбіт келісім жасасасыңдар және олармен бірге олардың дұшпандарына қарсы соғысып, жеңіске жетесіңдер де, әскери олжаға ие боласыңдар. Сосын сендер жоталы алқапқа түсесіңдер де, ол жерде бір византиялық крестті көтеріп: «Крест жеңді!», — деп айтады, сонда оған бір мұсылман жақындап, оны өлтіреді және осыдан кейін византиялықтар келісім-шартты бұзады да, қырғын орын алады, олар сендерге қарсы жиналады да сексен ту болып шабуыл жасайды, ал әрбір тумен бірге он мың болады». Имам Ахмад «Муснад» 34/28 № 12826; Әбу Дауд «Сунан»/2767; Ибн Мажжәһ/4089. Бұл хадистің сахихтығын имам Ахмадтың «Муснадын» зерттеушілер растаған.

Бұл хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ислам үмметі византиялықтармен бейбіт келісім жасасады және олармен бірге олардың дұшпандарына қарсы соғысады деп айтып өтеді. Және осыған қоса, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандар осы себепті кәпір болады деп айтпайды. Ал бұл кәпірлерге басқа бір кәпірлерге қарсы көмектесу адамды Исламнан шығаратын достықтың көрінісі болып табылмайтындығына тікелей және анық нұсқау болып табылады.

Ал егер Сауд Арабиясы бәрібір кәпірлерге көмектесті дегенге келіссек, іс жүзінде болғаны – бұл кәпірлердің БААС-тық мемлекетіне қарсы орын алғаны (БААС – Ирактың Социалистік партиясы). Ал Сауд Арабиясы, егер осы іс жүзінде анықталса, осылайша бір кәпірге екінші кәпірге қарсы көмектесті, ал мұның ешқандай оқасы жоқ және бұл Исламнан шығармайды.

Ал Ауғаныстанның мұсылмандарына қарсы кәпірлерге көмектесуге келер болсақ, бұл — істің шынайы мәнін бұрмалау. Өйткені Сауд Арабиясы Талибан билігін мойындаған және жауласқан тараптарды (Солтүстік Альянс пен Талибан меңзеліп тұр) бітімге келтіруге тырысқан, сондай-ақ олардың делегациясын өз территориясында Ардақты Мекке қаласында, Аллаһтың Үйі болған Қағбаның қабырғаларының жанында  қабылдаған жер бетіндегі жалғыз мемлекет шығар?!

Осы тараудың мазмұнын қорытындылай келе, бұл мәлімдемелер Сауд Арабиясы мемлекетін кәпірлердің мемлекеті деп жариялауға жеткіліксіз және дұрыс емес деп толық сеніммен айтуға болады. Ал негізге оралып, біз:  «Сауд Арабиясы басқару жағынан да, елдің тұрғындары жағынан да ислам мемлекеті болып табылады», — деп мәлімдейміз. Ал оған қатысты біз осы тарауда сөз еткен түрлі мәлімдемелер — үзілді-кесілді сенімді жоя алмайтын жорамал мен күмәннан басқа еш нәрсе емес, ал біз дәл сол сенімді ұстанамыз! Ал Аллаһ тура жолға нұсқайды!»

Қараңыз: «Байрақ әл-Умма» (10-26-беттер).

Орысшаға аударған: Жалиль Абу Рамазан

Қазақшаға орысшадан аударған: «Ислам терроризмге қарсы» сайтының редакциясы

You may also like...