• АЛТЫНШЫ ЖАҒДАЙ:
Алмастыру (табдийль)
Бұл – адамның Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқаруы (билік құруы) немесе шешім шығаруы және сонысымен бірге өзінің Аллаһтың Шариғатымен басқаратынын (билік құратынын) айтуы.
Осы жағдайға қатысты Шәриғаттың үкімі: бұл іс-әрекет адамды кәпір ететініне және үлкен күпірліктің (куфр акбар) санатына жататынына ғалымдар бірауызды келіскен.
Дәлелдер:
Ғалымдардың бірауызды пікірі. Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Егер адам Шариғат тыйым салған және тыйым салынғандығы ғалымдардың бірауызды пікірімен расталған қандай да бір нәрсені рұқсат етсе, немесе Шариғат рұқсат еткен және рұқсат етілгендігі ғалымдардың бірауызды пікірімен расталған қандай да бір нәрсеге тыйым салса, немесе ғалымдардың бірауызды пікірімен расталған Шариғат үкімін алмастырса, ол кәпір және діннен шыққан болып табылады. Фақихтардың бірауызды пікірі осындай».[1]
Бұл жағдаймен төрт мәселе байланысты.
Бірінші мәселе:
Бұл жағдай мойындамау (жоққа шығару) (жухд) жағдайымен ажырамас түрде байланысты, өйткені өзінің шешімін Аллаһтың Шариғатына телитін адам сонысымен Аллаһтың үкімінің өзін мойындамаған болады.
Екінші мәселе:
Бұл жағдайда адам кәпір болады, тіпті егер ол Шариғаттың үкімін басқа бір нәрсемен бір-ақ мәселеде немесе бір-ақ рет алмастырған болса да, өйткені осындайды істеген адам кәпір болатынына ғалымдар бірауызды келіскен және олар бұл үкімді белгілі бір сандық көрсеткіштермен байланыстырмаған. Сөйтіп, бізде осы іс-әрекеттің қайталануының саны нәтижеге, яғни адамның Исламнан шығатынына қалайда болса әсер ететініне дәлел жоқ.
Үшінші мәселе:
«Алмастыру барысында үкімді Аллаһ Тағаланың Шариғатына телу міндетті шарт болып табылмайды», — дейтін адам қателеседі.
1. Әш-Шанқиты әл-Куртубиге сілтеме жасап, Ибн әл-Арабидің мына сөздерін келтіріп, олармен келіседі: «Егер адам Аллаһтың Шариғатына сәйкес емес басқарса (билік құрса) немесе шешім шығарса және сонымен бірге осыны Шариғаттың үкімі деп айтса, бұл — адамды кәпір ететін алмастыру (табдийль — تبديل) болып саналады».[2]
2. Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Табдийль — бұл адамның жалған куәлік етуі арқылы Аллаһқа және Оның Елшісіне немесе адамдарға өтірік жапсыруы және осы үкім Аллаһтың Шариғатынан алынған деп айтуы (сендіруі, пайымдауы), үкімнің әділетсіздігі айқын-ақ болса да. Мұндай адам кәпір болып табылады. Бұған қатысты ғалымдардың арасында келіспеушілік жоқ».[3]
Осы сөздерден «табдийль» — бұл Шариғат үкімін қандай да басқа үкіммен алмастыру және осы үкім Шариғат үкімі болып табылады деп айту (сендіру, пайымдау) арқылы оған Аллаһ пен Оның Елшісіне өтірік жапсырудың қосылуы.
3. Егер «табдийль» сөзімен Шариғат үкімін қандай да басқа үкіммен жай алмастыру ғана, яғни бұл үкім Шариғат үкімі болып табылады деген сөзсіз (сендірусіз, пайымдаусыз) меңзелгенде, ғалымдардың екі бірауызды келісілген пікірлерімен қарама-қайшылық туындайтын еді.
1 — «Табдийль» жасаушы адам кәпір болып табылады деген бірауызды кесілген пікір ешқандай шарттармен шектелмеген. Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Егер адам Шариғат тыйым салған және тыйым салынғандығы ғалымдардың бірауызды пікірімен расталған қандай да бір нәрсені рұқсат етсе, немесе Шариғат рұқсат еткен және рұқсат етілгендігі ғалымдардың бірауызды пікірімен расталған қандай да бір нәрсеге тыйым салса немесе ғалымдардың бірауызды пікірімен расталған Шариғат үкімін алмастырса, ол кәпір және діннен шыққан болып табылады. Фақихтардың бірауызды пікірі осындай».[4]
2 — Өзінің басқаруында (билік құруында) немесе шешім шығаруында әділетсіздікке жол беруші адам осы себепті кәпір болмайды деген бірауызды келісілген пікір. Ибн Абду-ль-Барр, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Басқарудағы (билік құрудағы) және шешім шығарудағы әділетсіздік (зұлымдық), егер адам осыны қасақана және істеп жатқаны туралы біліп істесе, ауыр (кабаир — كبائر) күнәларға жататындығына ғалымдар бірауызды келіскен».[5]
v Сонымен, «табдийль» сөзімен Шариғаттың үкімін қандай да басқа үкіммен, осы үкім Шариғат үкімі болып табылады деп айтпай, жай алмастыру меңзелмейтінін, бірақ «табдийль» — бұл Шариғат үкімін қандай да басқа үкіммен, осы үкім Шариғат үкімі болып табылады деп айтқан (сендірген, пайымдаған) күйде алмастыру екенін ұғыну маңызды болып табылады.
4. Егер «табдийль» сөзімен Шариғат үкімін қандай да басқа үкіммен, осы үкім Шариғаттың үкімі болып табылады деп айтусыз (сендірусіз, пайымдаусыз), жай алмастыру меңзелетін болғанда, онда күнәхарларды кәпірлер деп есептеу керек болар еді, соның ішінде сақалын қырып тастайтын және киімінің етегі мен балағын такаппарлықпен тобықтан төмен түсіріп жүретін еркекті де, өйткені олардың әрбірі өз әуес-қалауларының жетегінде кетіп, Шариғаттың үкімін басқа үкіммен алмастырады.
Ибн Хазм, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп жазатын: «Аллаһ Тағала былай деген: «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар кәпірлер». Ол сондай-ақ былай деген: «Және кім Аллаһ түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар». Ол сондай-ақ былай деген: «Кім Аллаһтың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар».[6] Сөйтіп, муътазилилер әрбір күнәхарды, жәбірлеушіні және бұзақыны кәпір деп жариялауы қажет, өйткені олардың әрбірі Аллаһтың түсіргеніне сәйкес шешім шығармайды».[7]
Төртінші мәселе:
Кейбір құрметті ғалымдар: «Біздің кезімізде Шариғат үкімдерін осылайша алмастыру мүлдем орын алмайды», — деп мәлімдеп, «табдийль» сөзіне берілген жоғарыда келтірілген анықтамаға келіскілері келмейді. Алайда олардың тұжырымдамасы екі себеппен сын көтермейді.
1. Егер біздің кезімізде Шариғат үкімдерін жоғарыда айтылған тәсілдермен басқа үкімдермен алмастыру жоқ екендігі туралы айтар болсақ, мұнымен келісуге болады. Ал мұндай нәрсе ешқашан болмаған және жоқ деген тұжырымдарға келер босақ, олармен келісу мүмкін емес. Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде яхудилер зинақорды таспен ұрудың орнына оның бетіне күйе жағатынын еске алайық, ал сол кезде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер Тауратта таспен ұруға қатысты не табасыңдар?», — деп сұрады.
Олар: «Біз зинақорларды масқаралауға шығарамыз және оларды сабаймыз», — деп жауап берді.[8]
Ал басқа риуаятта Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер Тауратта зинақорларды таспен ұру туралы бұйрықты таппайсыңдар ма?», — деп сұрады.
Олар: «Біз онда мұндай еш нәрсе таппаймыз», — деп жауап берді.[9]
Олардың оқымыстысы Тауратты оқи бастаған кезде қолымен таспен ұру туралы жазылған жерін жауып қойды да, одан алдын және одан кейін жазылғанды ғана оқыды. Сөйтіп, олар Аллаһ Тағаланың үкімінен бас тартты да, оны басқа бір үкіммен, соны Аллаһ Тағаланың үкімі деп айтып (сендіріп, тұжырымдап), алмастырды.
2. Біздің мақсатымыз — «табдийль» сөзінің анықтамасын қалай да болса кез келген тәсілмен, тіпті бұл анықтаманы өзгерту арқылы, қазіргі заман әмірлерінің жағдайына келтіру емес! Біздің мақсатымыз – бұл терминмен ертедегі мұсылман ғалымдары нені меңзегенін түсіну, өйткені олар: ««Табдийль» жасаушы адам кәпір болатындығына бірауызды келісім бар», — деп тұжырымдайтын. Және сонымен бірге осы құбылыс біздің кезімізде бар ма әлде жоқ па, ол жиі кездеседі ме әлде сирек пе – бұл маңызды емес.
Бесінші мәселе:
«Табдийль» ұғымының жоғарыда келтірілген анықтамасымен келіспейтіндердің кейбіреулері дәлел ретінде әл-Бухаридің, Аллаһ оны рахым етсін, мына сөздерін келтіреді: «Абу Бакр кеңестің пікіріне құлақ салмады, өйткені онда зекетті намаздан бөлгендерге (ажырататындарға) және дінді алмастырғысы келгендерге (табдийль) қатысты Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үкімі бар еді».
Алайда іс жүзінде бұл сөздерді дәлел ретінде пайдалануға болмайды, өйткені әл-Бухари де мен анықтамасын жоғарыда келтірген тура сол «табдийльді» жасап жатқан адамдарды меңзеді, өйткені олар зекет төлеуден бас тартуды діннің бөлігі деп тұжырымдаған (айтқан) еді. Ал зекетті тек Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде ғана төлеу керек деген тұжырымына олар Аллаһ Тағаланың мына Сөздерін келтірген еді: «Олардың мал-мүлкінен садақа ал».[10]
Осыны Ибн Хажжәрдың, Аллаһ оны рахым етсін, мына сөздері де растайды: «Қадый Ийяд және басқалар діннен шыққандардың үш санаты болғандығын айтқан… Үшінші санаттың өкілдері Исламнан бас тартпады, бірақ зекет төлеуді тәрк етті және зекет төлеу туралы бұйрық тек Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде ғана күшке ие еді деп айта бастады. Хадисте Умар Абу Бакрді дәл солармен соғысудан бас тартуға көндіргісі келгені туралы айтылған».[11]
[1] Ибн Таймийя, «Мажму ‘ әл-фатауа», 3-том, 267-бет.
[2] Әш-Шанқиты, «Адуа әл-байан», 1-том, 407-бет; әл-Куртуби, «Ахкам әл-Қуръан», 2-том, 625-бет.
[3] Ибн Таймийя, «Мажму‘ әл-фатауа», 3-том, 268-бет.
[4] Ибн Таймийя, «Мажму‘ әл-фатауа», 3-том, 267-бет.
[5] Ибн Абду-ль-Барр, «әт-Тамхид», 16-том, 358-бет.
[6] «Әл-Мәида» сүресі, 44, 45, 47 аяттар.
[7] Ибн Хазм, «әл-Фасль», 3-том, 278-бет.
[8] Әл-Бухари, «Сахих», № 3635 хадис.
[9] Әл-Бухари, «Сахих», № 4556 хадис.
[10] «Әт-Таубә» сүресі, 103-аят.
[11] Ибн Хажжәр, «Фатх әл-Бари», 12-том, 288-бет.