Ибн Усайминнің, Аллаһ оны рахым етсін, Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару мәселесі бойынша берген «әт-Тахрир фи мәсәләт әт-тәкфир» деп аталған пәтуасы

Бәндар ибн Нәйиф әл-Утәйбидің «Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару» тақырыбындағы ғылыми-ағартушылық пікірталас» атты кітабын жариялауды шейх Ибн Усайминнің аталған пәтуасымен және автордың қорытындысымен аяқтаймыз.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын! Мен ешбір серігі жоқ Жалғыз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ екеніне және Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін. Мен бұл сұрақты шейх Мухаммад ибн Салих әл-Усайминге, Аллаһ оған есендік берсін,  телефон арқылы қойып отырмын, Аллаһ оны және ол сияқтыларды ұлы ғалым Ибн Баздың орнын басатын игілерден етсін.

Бұл сұрақ ислам білімдерін ізденушілердің арасында көптеген келіспеушіліктер туғызған тақырып бойынша болмақ. Дәлел ретінде олар жиі жағдайда шейх Мухаммад ибн Салих әл-Усайминнің, Аллаһ оған есендік берсін, сөздерін келтіреді. Ең алдымен шейхпен сәлемдесуден бастаймын. Ассаләму аләйкум уә рахматуллаһи уә баракатуһ! Аллаһ сіздің білімдеріңізді арттырсын  және екі дүниеде де сіздің дәрежеңізді жоғарылатсын!

Құрметті шейх, Аллаһ сізге есендік берсін! Ислам білімдерін ізденушілердің арасында Аллаһ Тағаланың Шариғатына қайшы келетін заңдармен басқаратын (билік құратын) әмір тақырыбында көп пікірталастар жүреді. Мұндай әмір, ешбір күмәнсіз, адамдарға бұл заңдарды орындауды әмір етеді және оларды осыған міндеттейді және осы заңдарды орындаудан бас тартушыларды жазаға тартып, оларды орындаушыларды марапаттауы мүмкін. Ал егер біз Аллаһтың Кітабына және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне қарасақ, бұл ойдан шығарылған заңдар Құран мен Сүннет мәтіндеріне қайшы келетінін көреміз.   Мұндай адам адамдарды Шариғатқа қайшы келетін заңдарды орындауға міндеттейді және сонымен бірге Шариғат ақиқат, ал қалған нәрсенің барлығы өтірік екенін және Құран мен Сүннеттегі нәрселер ақиқат екенін мойындайды, алайда сонда да қандай да бір пікірлердің немесе өз әуес-қалауларының ықпалымен адамдарды  Шариғатқа қайшы заңдарды орындауға мәжбүрлейді… Мұның мысалдарының аз емес екендігін Умәйилердің және Аббасилердің дәуірін зерттегенде де көруге болады.  Адамдарды өздерінің алдында өмір сүргендерден «мирас» етіп алынған Аллаһқа ұнамсыз нәрселерге мәжбүрлейтін әмірлер мен билік иелері аз емес еді. Мұның барлығы туралы сізге, әрине, мәлім. Олар билік үшін таласты, өздеріне жаман адамдарды жақындатып, игі және салиқалы адамдарды жанынан алыстатты… Олар адамдарды мәжбүрлейтін өтірік нәрселермен келіскендерді жақындататын. Ал кім оларды ақиқатты ұстануға шақырып, жалғаннан тосса және ақиқат жолына үндеуге талпынса, олар солармен күресті…

Егер біздің заманымызда әмір соларға ұқсас заңдарды енгізіп, осылайша істесе, егер адамдарды осы заңдарды орындауға міндеттесе, ол кәпір болып саналады ма әлде жоқ па? Егер ол сонымен бірге өзінің Құран мен Сүннетке қайшы келіп жатқанын және ақиқат Құран мен Сүннетте екенін мойындаса, тек өзінің іс-әрекетінің себебімен кәпірге айналады ма? Әлде біз оның бұл мәселедегі сенімдеріне қарауымыз қажет пе? Мысалы, адамдарды өсімқорлыққа мәжбүрлейтін, өз елінде өсімқорлықпен айналысатын банктер ашатын, мемлекеттік банктен пайыздық, яғни өсімқорлық несие алатын және осындай нәрселерді экономикаға енгізетін адам. Егер сіз одан осы туралы сұрасаңыз, ол сізге өсімқорлықпен айналысу – харам және ол рұқсат етілмеген деп, алайда ол бұған еліндегі экономикалық кризистің т.с.с. себептермен жүгініп жатқанын айтады да, орынсыз және орынды ақталуларын келтіреді. Мұндай адам кәпір болып табылады ма, әлде жоқ па?

Көп жастар сіз: «Мұны істеуші адамдар кәпір болып табылады», — деп айтқансыз дейді. Және сонымен бірге дүниенің барлық елдерінде мұндай көріністердің әртүрлі   формалары бар: бір жерлерде аздау, ал бір жерлерде көбірек,  бір жерлерде жасырын, ал бір жерлерде ашық. Аллаһ бізді барлық жаман нәрселерден сақтасын…. Сіздің жауабыңыз ислам білімдерін іздеушілерге және Исламды уағыздаушыларға пайда келтіреді деген ниетпен осы сұраққа жауап беруіңізді сұраймыз, өйткені осындай келіспеушіліктер оларға қалайша әсер ететінін Сіз білесіз.

Бұл сұрақты Сізге қоюшы мен — Абу әл-Хасан Мустафа ибн Исма‘иль әс-Суләймани — Марибтенмін (Йемен), 22 раби әл-аууәл, хижраның 1420 жылы.

Сізге Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекесі болсын!

Шейх Ибн Усайминнің жауабы:

Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ! Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына, сондай-ақ оның ізінен Қиямет күніне дейін ауытқымай ергендерге сәлем және салауаттар болсын!

Сейсенбі күні 22 раби‘ әл-аууәлда хижраның 1420 жылы мен марибтік бауырымыз Абу әл-Хасанның қалдырған таспасын тыңдап шықтым. Ол өзінің жолдауын сәлем беру сөздерімен бастады және мен оған: «Сағанда Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекесі болсын!», — деймін.

Күпірлікте айыптау – өте маңызды мәселе және оны терминдерді игерген және айтылғанды дұрыс түсінуге қабілетті, сондай-ақ адамды күпірлікте айыптаудың, немесе керісінше «ол кәпір емес» деп айтудың салдары қандай болуы мүмкін екендігін түсінетін ислам білімін ізденушілерден өзге ешкіммен талқыламау керек. Ал егер қарапайым адамдар туралы айтар болсақ, оларға (біреу туралы) жай: «Кәпір болып табылады», — немесе, — «Кәпір болып табылмайды», — деп айтуға болмайды, өйткені бұл бұзықтықтар мен бүліктерге әкеп соқтырады.

Мен жастар «Әмір кәпір болып табылады ма, әлде жоқ па?» немесе «Оған қарсы шығуға рұқсат етіледі ме, әлде жоқ па?» деген сұрақтармен шұғылданбай, назарды Аллаһ оларға міндетті етіп бұйырған немесе Ол орындауға талпындыратын ғибадатқа бөлуі және  Аллаһ Тағала ұнамсыз және харам деп атаған нәрселерді тастауы және сонымен бірге келісім мен бірлікке жетуге тырысуы керек деп есептеймін.  Олар дін мәселесіндегі келіспеушіліктер сахабалардың кезінде де болғанын, алайда бұл келіспеушіліктер оларды бөлінуге дейін алып бармағанын білуі керек. Ақиқатында, жүректер біртұтас және жол да біреу…

Ал егер Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару туралы айтар болсақ, олар себептеріне байланысты, Құранда айтылғандай, үш түрлі болады: күпірлік (куфр), зұлымдық (зульм) және бұзақылық (фисқ).

Егер адам өзінің әуес-қалауларына еріп, Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес шешім шығарып жатса және сонымен бірге ақиқат Аллаһ Тағаланың үкімдерінде екенін біліп-мойындаса, онда ол кәпір болып табылмайды да, зұлымдық пен бұзақылықтың арасында болады.

Ал егер ол жалпыға бірдей заңдарды енгізсе және осыда игілік көрсе, өйткені ол шатасты, ол тағы да кәпір болып табылмайды, өйткені көп әмірлерге надандық тән және оларда шариғи білімдер өте аз. Әмірлер Шариғаттың үкімдерін білмейтін адамдармен араласып жатады және өздері оларды ғалымдар деп есептейді. Міне сондықтан да олардың Шариғатқа қайшы келетіні шығады.

Егер әмір Шариғатты білсе, алайда оған қайшы келетін заңдарды енгізсе және оларды адамдар оған сәйкес өмір сүретін конституцияға айналдырса, сөйте тұра өзінің зұлымдық жасап жатқанына және ақиқат Құран мен Сүннет бізге алып келген нәрседе екеніне сенсе, онда біз мұндай адамды кәпір деп айта алмаймыз.

Біз кәпір деп «Аллаһтың заңдарына сәйкес емес өмір сүру адамдар үшін абзалырақ» деп санайтын немесе адамдар ойлап тапқан заңдарды Аллаһтың заңдарына теңестіретін адамды ғана айта аламыз. Мұндай адам – кәпір, өйткені ол Аллаһ Тағаланың «Аллаһ үкім етушілердің ең жоғарғысы емес пе?»[1] және Аллаһ Тағаланың «Олар жәхилиет дәуірінің үкімін іздей ме? Анық сенген ел үшін Аллаһтан жақсы үкім беруші кім?»[2] деген сөздерін жоққа шығарады.

Әрі қарай. Егер біз біреуді кәпір деп атасақ та, бұл оған қарсы шығу керек дегенді мүлде білдірмейді. Өйткені әмірге қарсы шығу үнсіздікке қарағанда көбірек жамандық алып келеді. Оның мысалдары арабтардың да, басқа халықтардың арасында өте көп және бұл мысалдардың барлығын тізбектеп шығуға бізге уақыт жетпейді.

Әрі қарай. Егер тіпті біз осы әмірге қарсы шығуға рұқсат етіледі дегенге көзіміз жетсе де, бізде жеткілікті күш және тиісті дайындық болуы қажет. Яғни біз осы әмірдің күшімен бірдей немесе тіпті одан да көбірек күшке ие болуымыз қажет.

Ал егер гранаталар, танктер тағы да сол сияқты құралдарға ие әмірге қанжарлармен және найзалармен қарсы шығу туралы айтар болсақ, бұл, ешбір күмәнсіз, ақымақтық және жөнсіздік болады, және бұл Шариғатқа қайшы келеді.

Қорытынды

Аллаһ Тағаладан барлық әмірлерді тура жолмен жетелеуді және оларды Құран мен Сүннетке сәйкес басқаруға (билік құруға) алып келуін және ақиқат төңірегіне біріктіруін, сондай-ақ оларды Исламның қызметіне қоюын тілеймін!

Мен сондай-ақ Аллаһтан адасушылыққа түскен мұсылмандарды тура жолға салуын және менің бауырларым  – білім ізденушілерге және ақиқатты жақтаушыларға бірлік сыйлауын және олардың жүректерін біріктіруін сұраймын!

Және мен Одан бізге ақиқатты ақиқат етіп көрсетіп және оған ілесуге көмектесуін, өтірікті өтірік деп көрсетіп, бізге одан аулақ болуға көмектесуін тілеймін!

Аллаһқа барлық кездерде және мәңгілік мадақ! Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын!

Ассәләму аләйкум уа рахматуЛлаһи уа баракатуһ!

Сіздердің бауырыңыз

Бәндар ибн Нәйиф әл-Мәхьяни әл-Утәйби



[1] «әт-Тин» сүресі, 8-аят.

[2] «әл-Мәидә» сүресі, 50-аят.

You may also like...