Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару мәселесіне қатысты білуге тиіс ережелер

Назарларыңызға шейх Бәндар ибн Нәйиф әл-Утәйбинің «Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару» тақырыбындағы ғылыми-ағартушылық пікірталас» атты кітабының бірінші бөлімін ұсынамыз:

БІРІНШІ БӨЛІМ

БІЛУГЕ ТИІС ЕРЕЖЕЛЕР 

Мұндай ережелер алтау:

Бірінші ереже:

Аллаһтың түсіргеніне сәйкес басқару (билік құру) және шешім шығару – әрбір мұсылманның жеке парызы (фард айн).

Бұл ереже өзіне алты негізді қамтиды.

Бірінші негіз:

Аллаһтың түсіргеніне сәйкес басқарудың (билік құрудың) және шешім шығарудың міндеттілігі.

 Аллаһ Тағала былай деген: «Олардың араларында Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Олардың әуестеріне ілеспе және олар сені саған Аллаһ түсірген кей үкімдерден бұзуларынан сақтан! Егер олар жүз бұрса, күдіксіз, Аллаһ оларды кей күнәлары себепті қайғыға ұшыратуды қалайды деп біл. Расында, адамдардың көбі бұзық». [1]

Екінші негіз:  

Аллаһтың заңына разылық және мойынсұнышылық танытып, шешім үшін Аллаһтың шариғатына жүгінудің міндеттілігі. 

Аллаһ Тағалабылай деген: «Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, содан соң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды».[2]

Үшінші негіз:

Басқаруда (билік құруда) және шешім шығаруда Шариғатты басшылыққа алмағанға қорқыту бар.

 Аллаһ Тағала былай деген: «Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар кәпірлер»;  «Және кім Аллаһ түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар». «Кім Аллаһтың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар».[3].

Төртінші негіз:

Аллаһтың және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлеріне қайшы келуден қатаң ескерту.

Аллаһ Тағала былай деген: «Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер өздеріне бір фитна жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын».[4]

Бесінші негіз:

Пәк Аллаһ Тағаланың үкімдері – барша үкімдердің ішіндегі ең жақсылары. 

Аллаһ Тағала былай деген: «Олар жаһилиет дәуірінің үкімін іздейді ме? Анық сенген ел үшін Аллаһтан жақсы үкім беруші кім?»[5].

Алтыншы негіз:

Аллаһ түсірген Шариғаттың үкімдері – рахым және нұр.  Аллаһ Тағалабылай деген:«(Мухаммад) саған осылайша әмірімізден бір рух (Құран) уахи еттік. Сен Кітап не, иман не екенін білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр қылып, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ, тура жолға саламыз. Расында, сен тура жолға бастайсың».[6]

Екінші ереже:

Егер белгілі бір адам оларды істеген адам кәпір болатын амалдарды (мукаффират) жасаса, бұл бізге мұндай адамды кәпір деп атауға құқық бермейді, өйткені нақты адамды күпірлікте айыптаудың міндетті шарты оған қарсы тиісті дәлел келтіру болып табылады. 

Шейхуль-ислам Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Ешкім нақты бір мұсылманды, оған қарсы (шариғи) дәлел келтірілмейінше және оған (оның дұрыс еместігінің) дәлелі түсіндірілмейінше, кәпір деп санау құқығына ие емес, тіпті ол күнә немесе теріс қылық жасаса да. Күмәндар сахих (сенімді) білімді жоймайды және кімнің мұсылман болып табылатындығы нақты мәлім болса, ол күмәндардың туындауымен кәпір болмайды. Ол тек оған қарсы (шариғи) дәлел келтірілгеннен кейін және ол шындығында да мүмін  болуын тоқтатқандығы жайлы ешқандай күмәндар қалмағанда ғана кәпір деп саналуы мүмкін».[7]

    Дәлел келтіру нақты бір адамды кәпір деп атауға рұқсат беретін төменде келтірілген мына шарттардың орындалғандығын білдіреді:

1. Білместіктің қарама-қарсысы болып табылатын білім. Яғни адам өзі істеп жатқан тыйым салынған істің оны Исламнан шығаратынын нақты білуі қажет. Ал адам күпірлік жасады деген бір ғана фактіден ол сол туралы білді деген тұжырым тіпті шықпайды.

2. Қателіктің қарама-қарсысы болып табылатын қасақаналық. Яғни адам күпірлікті дәл қасақана (саналы) түрде істеуі қажет. Бұл шарт адам Ұлы Аллаһқа иман келтірмеуге жай ғана ниеттеніп жатыр дегенді білдірмейді. 

3. Мәжбүрлеудің қарама-қарсысы болып табылатын таңдау еркіндігі.

4. Орынды түсінудің болуына қарама-қарсы болып табылатын орынды түсінудің болмауы.[8] Яғни адамда оның ақидасын (сенімін) ұйғартатын шариғи дәлелдерде күмән болмауы қажет.

    Сөйтіп, мұсылман ғалымдары: «Үлкен күпірлік саласына жатқызған амалды (куфр акбарكفر أكبر) жасаған әрбір адам кәпір бола бермейді, өйткені мұндай адамды күпірлікте айыптау үшін оған қарсы дәлел алу қажет», — дейді.

 Үшінші ереже:  

Әмірдің күпірлігі оған қарсы шығуға рұқсат етіледі дегенді білдірмейді.

Әмірге қарсы шығу рұқсат етілуі үшін бес шарттың орындалуы қажет:

1. Әмірдің Аллаһ бізге ол күпірлікке  қатысты оның шындығында да күпірлік болып табылатындығы туралы дәлел түсірген айқын күпірлікке түсуі.

2. Әмірге қарсы дәлелді алу.

3. Әмірді құлатуға деген қабілеттілік.

4. Құлатылған әмірдің орнына жаңа мұсылман әмірді қоюға деген қабілеттілік.

5. Әмірді құлату мұсылмандарға оны құлатудан бас тартуға қарағанда көбірек зиян әкелмеуі.

Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Егер мүмін өзі әлсіз болған жерде болса, немесе әлсіздікті бастан кешіп жатқан уақытта болса, ол Аллаһ пен Оның Елшісіне сөз тигізіп жатқан Кітап иелері және көпқұдайшылдарға қатысты сабырлық пен кешірімділікті әмір ететін аяттарға сәйкес амал жасауы қажет.  Ал күшке ие болғандар дінді қаралайтын күпірліктің жетекшілеріне қарсы, сондай-ақ Кітап иелеріне қарсы, олар қорланған күйінде жизия төлемейінше, соғысуды бұйыратын аятқа сәйкес амал етуі қажет».[9]

Ибн Баз, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Бұл мұсылмандар әмірдің анық күпірлікке кіргенін көргенде және бұл жөнінде оларда айқын дәлел болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Сонда ғана олар мұндай әмірге қарсы көтеріліске шығуларына болады, егер олардың күш-қуаты бұған жеткілікті болса ғана, кері жағдайда қарсы шығуға болмайды, өйткені бұл оларға көбірек зиян әкеледі. Шариғаттың барша мойындаған ережелерінің біріне сәйкес жамандықты одан да асқан жамандықпен тоқтатуға (жоюға) болмайды, жамандықты оны жоятын нәрсемен немесе жеңілдік әкелетін нәрсемен ғана тойтару керек. Ал жамандықты одан да асқан жамандықпен жоюға келер болсақ, бұған жол берілмейді, мұсылмандардың бірауызды келісілген пікірі осындай.

Егер күпірлікке айғақ  болатын амалдар жасап жатқан  әмірді орнынан құлатуға ниеттенген адамдардың бір тобында оны құлатып, орнына ізгі және салиқалы әмірді тағайындауға қажетті қабілеттілігі  болса, әрі бұл (әрекет) мұсылмандарға зиян тигізбесе және бұрынғы әмірден де асқан жамандыққа айналмаса, онда бұл рұқсат етіледі. Ал егер көтеріліс зиян келтірсе және қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жазықсыз адамдардың жәбір шегуіне және өлтірілуіне, сондай-ақ өзге де үлкен апаттарға әкеп соқса, онда бұған тыйым салынады».[10]

Ибн Усаймин, Аллаһ оны рахым етсін, кәпір әмірге қарсы шығу туралы былай деген: «Егер біз бұл әмірді алып тастауға қабілетті болсақ, оған қарсы шығамыз, ал егер бұған қабілетті болмасақ, қарсы шықпаймыз, өйткені барлық діни міндеттердің ажырамас  шарты болып оларды орындауға деген қабілеттілік және мүмкіндік табылады.

Әрі қарай, біздің әмірге қарсы шығуымыз оны тыныш қалдыруымыздан да көбірек зиян алып келуі мүмкін, өйткені егер біз қарсы шықсақ, ал ол өзіне қарсы шығуды басып тастай алса және әрі қарай да күшке ие болса, біз бұрынғымыздан да қорланған жағдайға түсеміз, әрі ол өзінің бұзықтығында және күпірлігінде одан әрі кетеді».[11]

  Сөйтіп, егер әмір (билеуші) ғалымдар үлкен күпірлік саласына жатқызған нәрсені (куфр акбар) жасаған болса, бұл «оған қарсы шығуға рұқсат етіледі» дегенді білдірмейді, тіпті оған қатысты дәлел алынған болса да. Әмірге қарсы шығуды рұқсат ету үшін қажетті өзге де шарттарды назарға алу қажет.

Төртінші ереже:  

Шариғатқа қайшы келетін амалдардағы негіз — күпірлікте айыптаудың (такфирдің) болмауы. Ал осы негізге келтіретін күпірлікте айыптау (такфир) одан келіп шығады.

Бұл «Шариғатқа қайшы келетін амалдардың ешқайсысы, оларға қатысты шариғи дәлелдер болғандарынан басқа, адамды кәпір етпейді» дегенді білдіреді. Бұл ережеден екі мәселе туындайды.

1. Кім кез-келген тыйым салынған амалды негізден (күпірліктің болмауынан) оған қарама-қарсы кейіпке (күпірлікке) жатқызғысы келсе, шариғи дәлел келтіруге міндетті болады, ал егер ол осындай дәлел келтірмесе, оның сөздері ешқандай салмаққа ие емес.

2. Кім қандайда-бір тыйым салынған нәрсені жасаған адамды кәпір деп атаудан бас тарса, оған дәлел ретінде негізге және бұл негізден келіп шығатын шариғи дәлелдің жоқтығына сілтеме жасау жеткілікті болады.

Ибн Абду-ль-Барр, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Бұл мәселедегі дұрыс ұстаным мынандай: уақыттың белгілі бір кезеңінде ол мұсылман еді деп нақты анықталған әрбір адам, бұл жөнінде мұсылмандар бірауызды куәлік еткен болса, кейін күнә істеген немесе бір нәрсеге дұрыс емес түсіндірме жасаған болса және осыдан кейін мұсылмандар ол жөнінде «ол Исламнан шықты ма, әлде мұсылман болып қалды ма?» деген келіспеушілікке түскен болса, онда олардың осы келіспеушілігі, оның мұсылман болғандығы туралы бір ауызды пікірінен кейін, (оны күпірлікте айыптауға) дәлел болып табылмайды. Мұсылмандардың бір ауызды пікірі бойынша мұсылман болған адам оның Исламнан шыққанын растайтын мұсылмандардың өзге бір ауызды пікірінен, немесе оған ешнәрсені қарсы қоюға болмайтын бекітілген Сүннеттен өзге жолмен Исламнан шықпайды»[12].

      Бұл ережеге қатысты түсіндірме жасайтын мысал ретінде кіші дәретті (вуду) жарамсыз ететін амалдарды келтіруге болады. Ғалымдардан ешкім шариғи дәлелдерге ие болмай, адамның дәретін жарамсыз деп санамайды және егер олардың біреуі кіші дәретті бұзатын нәрселер туралы өздігінен, шариғи дәлелдерді келтірмей айтса, басқа ғалымдар оның сөздерін қабылдамас еді.

Ибн әл-Мунзир, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Егер адам рәсімдік тазалануды (дәрет алуды) орындаған болса, оның осы кейіптен шыққандығы туралы дәлелдер пайда болмайынша, ол рәсімдік тазалық (дәретті) күйінде тұр деп саналады».[13]

Ол сондай-ақ былай деген: «Аталған жағдайда кіші дәретті жаңарту қажет деп санайтындарда дәлел жоқ, өйткені, біз бұл жөнінде алдын айтып кеткеніміздей, ғалымдар егер адам тазаланған болса, ол рәсімдік тазалық күйінде (дәретті) болады дегенге бір ауызды келіскен. Сонымен бірге, ғалымдар рәсімдік тазалық (дәрет) мұрыннан қан ағудың, денеден қан ағудың және қанның жарадан өзге басқа жерден шығудың, сондай-ақ құсудың нәтижесінде бұзылатындығына қатысты түрлі пікірлерге бөлінген. Бір ғалымдар аталған жағдайларда рәсімдік тазалық (дәрет) бұзылады деп санаған, ал басқалары қарама-қарсы пікірді ұстанған. Ғалымдардың бір ауызды келісімі бойынша бар деп саналатын рәсімдік тазалықты (дәретті), тек егер ғалымдардың оның бұзылғандығын растайтын өзге бір ауызды келісімі, немесе Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған еш нәрсе қарсы қойылмайтын хабар болмаса, бұзылған деп санауға болмайды».[14]

    Ал егер мұсылман ғалымдары рәсімдік тазалықтың (дәреттің) бұзылуы туралы пікірді, осы туралы айтушыдан тиісті дәлелдерге ие болмай, сөзсіз қабылдаудан бас тартқан болса, онда, күмәнсіз, Исламнан шығу, бұл туралы тұжырымды сөзсіз қабылдамауға едәуір лайықты. Өйткені Исламнан шығу туралы үкімнің дәреттің бұзылғандығы туралы үкімнен салмақтырақ екені айдай анық, өйткені бұл маңызды!

    Сөйтіп, Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару мәселесіндегі негіз – бұл амал адамды Исламнан автоматты түрде шығара салмайтындығы.  Кім мұсылманды күпірлікте айыптаса, ол осы мәселенің қай қырын қозғаса да, бұған шариғи дәлел кетіруі қажет. Ал егер күпірлікте айыптаушы тиісті дәлел келтірмесе, оның сөзі ешқандай салмаққа ие емес.

Бесінші ереже:  

Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару мәселесі кейбір жеке тұлғаларға емес, барлық адамдарға қатысты қаралады.

Яғни біз бұл мәселені қарағанымызда тек қады (сот), әкім немесе мемлекеттің әмірі туралы ғана айтумен шектелмейміз. Іс жүзінде бұл екі тараптың арасында үкім шығаруға келіскен кез-келген адамдарға қатысты болады.

Бұл туралы шейхуль-Ислам Ибн Таймия, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп өте жақсы айтқан: “Екі адамның арасында үкім етушінің кез келгені үкім шығарушы  болып табылады, мейлі ол әскери, кеңсе басшысы немесе жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюшы адам болсын. Тіпті сызықша ойнап жатқан балалардың арасында үкім етушіні де сахабалар үкім шығарушыға жатқызған!”[15]

       Сөйтіп, әмірге және кез келген өзге адамға қатысты үкім бірдей болуы қажет. Кім адамды аталған істің негізінде кәпір деп санаса, сол істі істейтіндердің барлығын: әмірді де, кез келген өзге адамды да кәпірлер деп санауы қажет. 

Алтыншы ереже:

Жалпылау – көптеген түсініксіздіктердің және күмәндардың себебі.

Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Жалпы сипатта айтылған сөздерге (мужмәлمجمل) нақтылаусыз бекіту немесе теріске шығару қолданыла бастағанда, мұның салдары надандық, адасушылық, бүліктер және бұрмалаулар болады».[16]

Ибн әл-Қайим, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Құран мен Сүннетке іс жүзінде надандықтан өзге еш нәрсе болып табылмайтын өзінің ой-тұжырымдарын қарама-қарсы қоятын бұл адамдар өздерінің пайымдауларын әртүрлі етіп түсінуге болатын бір мағыналы емес  сөздерге және айтылған пікірлерге негіздейді.  Бұл айтылған сөздердің көп мағыналылығы және оларды жалпылау оларды ақиқат нәрселерді растауға да, жалған нәрселерді дәйектеуге де пайдалануға мүмкіндік береді. Олардың ішіндегі шындық болып табылатын нәрселердің себебімен бұл жөнінде білімге ие болмаған адам олардың ішіндегі жалған болып табылатын нәрселерді қабылдайды, ал бұл осындай айтылған сөздердің түсініксіздігінен және бір мағыналы болмауынан орын алады. Ал содан соң мұндай адамдар бұл айтылған сөздердегі жалған нәрселерді пайғамбарлардың мәтіндеріне қарсы қояды. Бізден алдын өмір сүрген қауымдардың адасушылығы дәл осыдан басталған болатын және діндегі кез келген жаңалық та (бидғат) осылай басталады… Адамзаттың адасушылығының негізінде бір мағыналы емес, жалпыланған, екі мағыналы етіп айтылған сөздер жатыр, әсіресе егер осы айтылған сөздер естен жаңылған бастарда құнарлы топырақ тапқан болса»[17].

Абдуль-Ләтыф ибн Абду-р-Рахман ибн Хасан Әл әш-Шейх, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Бір нәрсе туралы жалпылама түрде, шектеусіз және нақтылаусыз айтылып жатса және сонымен қатар адамда  айтылып жатқан нәрсені сөзбе-сөз түсінуге тыйым салатын кедергілер туралы білімі болмаса, мұның салдары түсініксіздік, қателіктер және Аллаһтан бізге келген нәрселерді бұрыс түсіну болады. Ал бұл дінді бұзады, оның бұрыс қабылдануын туғызады әрі Құран және Сүннет пен адамның  арасында бөгет құрады».[18]

     Сөйтіп, әрбір (жеке) мәселеде нақтылау және шариғи дәлелдерде жете баяндалған жан-жақты талдау қажет, әрі шариғат дәлелі бізге беретін егжей-тегжейліктерді ескермей Шариғаттың үкімдерін тиісті амалдарға қолдануға рұқсат етілмейді. 

Осы ережеден шыға келе, зерттеуіміздің екінші бөліміне көшеміз.


[1] «әл-Мәидә» сүресі;  49-аят.

[2] «ән-Ниса» сүресі; 65-аят.

[3] «әл-Мәидә» сүресі, 44, 45, 47 аяттар.

[4] «ән-Нур» сүресі, 63-аят.

[5] «Әл-Мәидә» сүресі, 50-аят.

[6] «Әш-Шура» сүресі, 52-аят.

[7] Ибн Таймийя «Мажму‘ әл-фатауа», 12том, 466-бет.

[8]Яғни осы адамның іс-әрекеттері – күпірлік және оларды өзгеше түсінуге болмайды.

[9] Ибн Таймийя, «әс-Сарим әл-маслюль», 2-том, 413-бет.

[10] Абдуль-Азиз ибн Баз, «әл-Фатауа»,  8-том,  203-бет.

[11] Ибн Усәймин «Әл-баб әл-мафтух»,  3-том, 126-бет. № 51 кездесу, № 1222 сұрақ.

[12]Ибн Абдуль-Барр, «әт-Тамхид»,  16том, 315-бет.

[13]Ибн әл-Мунзир, «әл-Әусат»,  1том, 230-бет.

[14]Ибн әл-Мунзир, «әл-Әусат», 1-том, 174-бет.

[15] Ибн Таймийя, «Мажму‘ әл-фатауа»,  18том, 170-бет.

[16]Ибн Таймийя, «Минһаж әс-Сунна»,  2том, 217-бет.

[17]Ибн әл-Қайим, «әс-Сауаик әл-мурсалә», 3том, 925-бет.

[18] «Уйун әр-расаиль»,  1-том, 166-бет.

You may also like...