Әһлю-с-Сунна уәл-Жама’а әділетсіз және бұзақы әмірге (елбасшыға) қарсы шығуға болады деп санамайды, керісінше, мұны және әмірге (елбасшыға) дүниелік немесе діни ой-ниетпен қарсы шығушыларды айыптайды

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Аллаһ Тағала былай деді:

﴿ وَمِنَ النَّاسِ مَن يُعْجِبُكَ قَوْلُهُ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَيُشْهِدُ اللَّهَ عَلَى مَا فِي قَلْبِهِ وَهُوَ أَلَدُّ الْخِصَام (204) وَإِذَا تَوَلَّى سَعَى فِي الأَرْضِ لِيُفْسِدَ فِيهَا وَيُهْلِكَ الْحَرْثَ وَالنَّسْلَ وَاللَّهُ لاَ يُحِبُّ الْفَسَادَ ﴾

«Адамдардан кейбіреулерінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңарқатады да, Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса (кетсе), жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоюға тырысады. Бірақ Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» («әл-Бақара» сүресі, 204-205 аяттар).

(Ол) сондай-ақ (былай деп айтты):

﴿ نَحْنُ أَعْلَمُ بِمَا يَقُولُونَ وَمَا أَنتَ عَلَيْهِم بِجَبَّارٍ فَذَكِّرْ بِالْقُرْآنِ مَن يَخَافُ وَعِيدِ ﴾

«Олардың не дегендерін жақсы білеміз. Сен оларға зорлаушы емессің. Кім азаптан қорықса, соларға Құранмен үгіт бер» («Қаф» сүресі, 45-аят).

(Аллаһ) тағы да (былай деді):

﴿ فَلَمَّا أَنْ أَرَادَ أَن يَبْطِشَ بِالَّذِي هُوَ عَدُوٌّ لَّهُمَا قَالَ يَا مُوسَى أَتُرِيدُ أَن تَقْتُلَنِي كَمَا قَتَلْتَ نَفْسًا بِالأَمْسِ إِن تُرِيدُ إِلاَّ أَن تَكُونَ جَبَّارًا فِي الأَرْضِ وَمَا تُرِيدُ أَن تَكُونَ مِنَ الْمُصْلِحِينَ ﴾

Сонда Муса екеуінің де дұшпанын ұстағысы келген сәтте, ол: «Әй Муса! Кеше бір адамды өлтіргеніңдей, бүгін мені де өлтіресің бе? Сен бұл жерде турашылдардан болмай, бір зорекер болуды қалайсың ба?», — деді” («әл-Қасас» сүресі, 19-аят).

Умм Сәләманың сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Сендердің үстілеріңнен (билік жүргізетін) сендер оларды мойындайтын және мойындаудан бас тартатын әмірлер пайда болады. Кім мойындамаса – қатысы жоқ болады, ал кім сөгіс білдірсе – құтылады, тек разы болып ілескендерден басқа». Адамдар: «Біз оларға қарсы қылыш көтеріп шығайық па?», — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар сендермен бірге намаздарды орындағанға дейін жоқ», — деп жауап берді (Муслим, 1854).

Хузәйфаның сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Менен кейін менің жолыма ілеспейтін және менің Сүннетіме сәйкес өмір сүрмейтін әмірлер (елбасшылар) пайда болады. Әрі сендердің араларыңда адам бейнесіндегі жүректері шайтандардың жүректеріндей адамдар пайда болады». (Сонда) Хузайфа: «Ендеше, біз осыны көріп үлгеретін болсақ, не істеуіміз керек?» , — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын): «Әмірге құлақ ас және мойынсұн, тіпті егер ол сені арқаңнан ұрса да және мал-мүлкіңді тартып алып жатса да!», — деді (Муслим, 1847).

‘Арфажа әл-Әшжа‘идің (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Егер сендер бір әмірдің (билеушінің) қоластында болған кездеріңде біреу сендерге жамағаттарыңды (біртұтастықтарыңды) бөлу ниетімен келсе, онда (осындай ниетпен) келгенді өлтіріңдер» (Қз.: «Сахих әл-Жәми‘» 5944).

Нафи‘тің былай дегені хабарланады: «Мәдинаның тұрғындары Йазид ибн Му‘ауияға берген анттарын бұзған кезде, Ибн ‘Умар өзінің айналасындағылары мен балаларын жинап, оларға былай деді: “Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын): «Әрбір сатқын (қиянатшыл) үшін Қиямет күні ту орнатылады», — деп айтқанын естігенмін. Ақиқатында, біз бұл адамға Аллаһ пен Оның Елшісі бекіткен ант бердік. Мен адамға Аллаһ пен Оның Елшісі бекіткен антты беріп алып, содан соң оған қарсы соғысудан асқан сатқындықты білмеймін! Ақиқатында, егер сендердің әлдебіреуіңнің оған (берген) антынан шығып, осы адамдарға ілессе, онда бұл мені мен сол адамның арасындағы бөгет болады деп есептеймін!”» (әл-Бухари, 7111).

Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген: «Хауариждер немесе насыбилер сияқты өздерін ақиқатты ұстанушылар деп есептейтін бидғатшылар (мубтади‘) мұсылмандардың жамағатына қарсы дұшпандық пиғыл ұстанады, әрі соғысады. Олар бидғат ойлап тапты да, осыда өздерімен келіспейтіндердің барлығын күпірлікте айыптады. Олар мұсылмандарға өздерінің әділетсіздігінің харам екенін білген әділетсіз әмірлердің зиянынан да көбірек зиян тигізді. Хауариждердің (шариғи) мәтіндерді бұрыс түсінгендігінің себебінен Ақыреттегі жазасы залым әмірдің жазасынан жеңілірек болуы мүмкін болса да, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерге қарсы соғысуды бұйырды да, әрі осы орайда әділетсіз әмірлерге қарсы соғысуға тыйым салды. Бұл тақырып бойынша көптеген сахих хадистер келген» (Қз.: «Минһажу-с-Сунна ән-Нәбауийа», 5/149).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына хауариждер туралы былай деген: «Сендердің намаздарың олардың намаздарына қарағанда мардымсыз болып көрінеді, сендердің Құран оқуларың олардың Құран оқуларымен салыстырғанда мардымсыз болып көрінеді, сендердің оразаларың олардың оразаларымен салыстырғанда мардымсыз болып көрінеді! Олар Құранды оқиды, алайда ол олардың кеңірдектерінен төмен түспейді. Олар Исламнан, жебе тесілген нысанадан қалай ұшып шығып кетсе, тура солай ұшып шығып кетеді. Сондықтан да оларды қай жерде кездестірсеңдер де, өлтіріңдер!» (әл-Бухари, 3610; Муслим, 1064).

Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың кейбіреулері туралы: «Олар пұтқа табынушыларды тыныштыққа қалдырып, мүминдерді өлтіреді», — деген (Қз.: «Сахих әл-Жәми‘», 2227).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ ансарларға да былай деген: «Ақиқатында, сендер менен кейін пайдакүнем әмірлерді көріп үлгересіңдер, сондықтан да мені Су айдынның алдында кездестіргенге дейін сабыр етіңдер» (әл-Бухари, 4330; Муслим, 1061).

Сондай-ақ ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менен кейін сендерден өзіне тиістісін алатын, бірақ сендерге тиісті болғанды бермейтін әмірлер пайда болады», — деді. Адамдар (сонда): «Сіз бізге нені бұйырасыз, уа, Аллаһтың елшісі?», — деп сұрады. Ол: «Оларға тиістіні беріңдер, әрі өздеріңе тиісті болғанды Аллаһтан сұраңдар», — деп жауап берді (осыған ұқсас хадис әл-Бухариде, 7052 келтірілген).

Пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын) тағы да былай деген: «Кім өз әмірінің (елбасшысының) ол құптамайтын істер істеп жатқанын көрсе, сабырлық танытсын, өйткені, ақиқатында, қалған мұсылмандардан бір қарыс болса да ауытқыған (адам) өзінің мойнынан Исламның жүгенін алып тастағандай болады!» (осыған ұқсас (хабарды) әл-Бухари, 7143; Муслим, 1849 жеткізген).

Сондай-ақ ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Әмірлердің ішіндегі ең жақсылары – сендер оларды жақсы көретіндерің әрі олар да сендерді жақсы көретіндер, сендер олар үшін дұға ететіндерің әрі олар да сендер үшін дұға ететіндері. Ал әмірлердің ішіндегі ең жамандары – сендер оларды жек көретіндерің әрі олар да сендерді жек көретіндері, сендер оларды лағынеттейтіндерің әрі олар да сендерді лағынеттейтіндері». Адамдар: «Біз олармен соғысайық па?», — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар намаз оқып жүргенгенге дейін – жоқ (соғыспаңдар)», — деп жауап берді (Муслим, 1855).

Осы хадистерді келтіре келе, Ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай дейді: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждермен соғысуды бұйырды және әділетсіз әмірлермен (билеушілермен) соғысуға тыйым салды. Бұл әділетсіздік жасайтынның әрбірімен соғысуға бола бермейді дегенге нұсқайды. Мұның себебі – адамдардың әдетте мал-мүлікті иемденіп алып, билікті күштеп тартып алған адаммен тек дүниелік себептермен соғысатынында. Адамдар мұндай адаммен ол басқалармен өз мал-мүлкімен және билігімен бөліссін және әділетсіздікті тоқтатсын деп соғысады. Мұндай әмірлермен соғысудағы негіз Аллаһтың сөзін ұлықтауда емес. Мұндай әмірлермен соғысу сондай-ақ жолдарда бұзақылық тарататын қарақшылармен соғысу санатына да жатпайды, Аллаһ Тағала олар туралы: «Аллаһ және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы – өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері, немесе жерден айдалулары. Бұл олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» («әл-Мәида» сүресі, 33-аят), — деп айтқан. Сондай-ақ Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарақшылармен соғысу туралы былай деген: «Кім өзінің мал-мүлкін қорғап жатып қайтыс болса, сол шәһид! Кім өзінің ар-намысын қорғап жатып қайтыс болса, сол шәһид!» (әл-Бухари, 2480; Муслим, 141 және басқалар). Қарақшылар барлық адамдармен қастасады, ал адамдар оларға қарсы соғысуда бір-біріне көмектеседі. Қарақшылар адамдардан мал-мүліктерін тартып алу үшін және оларды өлтіру үшін соғысады. Әмірлерден айырықша олар соғысуды бірінші болып бастайды. Ал әмірлер қоластындағыларға қарсы соғысуды бірінші болып бастамайды.

Қорытындылай келе, билік иелеріне қарсы шығу әдетте олардың мал-мүлкі мен билігін тартып алу үшін жүзеге асады деп айтуға болады. Бұл – айқын нәрсе! Соғысу әдетте дүниелік нәрселер үшін болады! Сол себепті де Абу Барза Ибн Зубәйрдің бүлігі туралы, қарилардың Хәжәжбен болған бүлігі туралы және Маруанның Шамдағы бүлігі туралы: «Олардың барлығы дүниелік нәрселер үшін соғысты!», — деп айтты.

Хауриждер сияқты бидғатшылар туралы айтар болсақ, олар адамдардың дінін бұзғысы келеді, сондықтан да хауариждерге қарсы соғысу дін үшін, Аллаһтың сөзі барлық нәрседен үстем болу үшін жасалады!» (Қз.: «Минһажу-с-Сунна ән-Нәбауийа», 5/152).

Ибн ул-Каййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: «Аллаһ Тағаланың даналығы жайында ойланыңызшы! Ол адамдар үстінен әмірлерді (елбасшыларды) (сол) адамдардың амалдарына сәйкес етті. Бұған қоса, адамдардың амалдары олардың әмірлерінің келбетінде көрініс табатын сияқты! Егер адамдар тура жолда болса, онда әмірлер де тура жолда! Егер адамдар әділетті болса, әмірлер де әділетті болады! Егер адамдар әділетсіздікке жол беретін болса, әмірлер де сондай болады. Егер адамдар арасында қулық-сұмдық пен өтірік пайда болса, әмірлер де осындай нәрселерді жасай бастайды. Егер адамдар Аллаһтың құқықтарын орындамаса және сараңдық жасаса, әмірлер де адамдарды құқықтарынан айырады және сараңдық ете бастайды. Егер адамдар әлсіздерге тиісті болған нәрселерді қақысыз тартып алатын болса, әмірлер де қоластындағыларына тиісті нәрселерді хақысыз тартып алатын болады. Адамдар әлсіздердің мал-мүліктерін қаншалықты көп тартып алатын болса, патшалар да қоластындағылардың мал-мүліктерін соншалықты көп тартып алады. Әмірлер (елбасшылар) – бұл адамдардың амалдарының бейнесі! Аллаһтың даналығы жауыз әрі бұзақы адамдарды олардың өздері сияқты әлдебіреуден өзгенің басқаруына жол бермейді!

Сондықтан да алғашқы ұрпақтар адамдардың ең жақсылары және ізгі-салиқалы болған кезде, әмірлер де тура сондай болды. Ал адамдар шамалы-ақ өзгерген кезде әмірлер де өзгерді. Аллаһтың даналығы біздің кезімізде бізді, Абу Бакр мен Умарды айтпағанның өзінде, Му‘ауийа немесе ‘Умар ибн ‘Абд ул-‘Азиз сияқты адамдардың басқаруына жол бермейді. Біздің әмірлеріміз (елбасшыларымыз) біздің деңгейімізге сәйкес келеді! Ал бізден бұрынғылардың әмірлері (елбасшылары) олардың деңгейіне сәйкес келетін еді. Осының барлығы Аллаһтың даналығына сәйкес орын алады.

Сондықтан да Аллаһтың алдын ала тағдыр етіп бекіткенінде кемел даналық жоқ деп (тіпті) ойлаудан (да) сақ болыңыз! Жоқ, (Аллаһ) Тағала алдын ала тағдырға бекіткенінің барлығы кемел даналыққа сәйкес орын алады және барлығы да дұрыс болып табылады» (Қз.: «Мифтаху Дар әс-Са‘ада», 1/253).

Сондай-ақ ибн ул-Каййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деп айтатын: «Аллаһ Тағаламен ант етемін! Аллаһтың заңы сондай – егер адамдар әділетсіздік жасаса, (шариғат) шекараларын бұзса, Оның бұйырықтарына мойынсұнбаса, Ол олардан игіліктерді алып қояды. Ол Өзі бұйырған нәрселерді орындауда сараңдық жасап, соны орындамайтындарға ең ауыр нәрселерге апарар жолдарды жеңілдетеді. (Сөйтіп) олар өздерін Оған бағынуға мұқтаж емеспіз деп санайды да, нәпсілерінің азғыруына және көңілдерінің қалауларына (әуестік-құмарлықтарына) ілеседі. Әрі сонымен бір мезетте Ол садақа беретіндерге және Одан қорқатындарға ең жеңіл нәрселерге апарар жолды жеңілдетеді!» (Қз.: «Иғасат әл-Ләхфан», 1/337).

Тамим әд-Даридің (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Дін – бұл ықыластылық таныту (насыха)», — деп айтқаны жеткізіледі. Сахабалар: «Кімге қатысты?», — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһқа, Оның Кітабына, Оның Пайғамбарына, мұсылмандардың әміріне және жалпы барлық мұсылмандарға қатысты», — деп жауап берді (Муслим, 55).

Әнастың (Аллаһ оған разы болсын) былай дегені хабарланады: ”Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының үлкендері бізге (әмірге қарсы шығуға) тыйым салатын. Олар бізге Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әмірлеріңді (елбасшыларыңды) сөкпеңдер, оларды алдамаңдар, оларға жеккөрушілік танытпаңдар. Аллаһтан қорқыңдар және сабыр етіңдер, өйткені жақсылықтың нышаны жақын қалды!», — дегенін айтатын” (Ибн Аби ‘Асым «әс-Суннада», 1015 жеткізген).

Му‘аз ибн Жәбалдің (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Бес нәрсе (бар), егер адам соларды істесе, Аллаһ оған Жәннатты кепілдік етеді: науқасты зиярат ету, жаназаға қатысу, әскери жорық (ғазуат), әмірге ізет-құрмет көрсету ниетімен оны зиярат ету, адамдар сенің жамандығыңнан аман болуы үшін үйіңде отыруың» (Ахмад, 5/241; Ибн Аби ‘Асым «әс-Сунна», 1021).

Зәйд ибн Сабиттің сөздерінен (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Мұсылманның жүрегі жек көре алмайтын үш нәрсе бар: Аллаһ үшін жасалынатын ықыласты амал, билік иелеріне деген ықыласты кеңес және жамағатты ұстану» (Ибн Мәжаһ, 230; Ахмад, 5/183. Шейх әл-Әлбани мен шейх Муқбил хадисті сахих деген. Қз.: «Силсилә әс-Сахиха», 404; «Сахих әл-Муснад», 358).

Шейх Салих ибн Фаузан (Аллаһ оған есендік берсін) былай деді:

─ Бұл жақсы ереже! Сіз оны осыдан алдыңғы ережеден кейін бірден келтіргеніңіз өте жақсы болды. Бұл ереже әһлю-с-Сунна уәл-жама‘а билік иелерінің әділетсіздігі мен бұзақылықтарына үнсіз сабыр етеді дегенді білдірмейді. Жоқ, олар әмірлерге (елбасшыларға) сенімді адамдар арқылы ықыласты кеңес жеткізеді. Олар әмірге насихатты жасырын (оңаша) айтады. Бұл міндетті (уәжіп болып табылады). Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын): «Дін – бұл ықыластылық таныту (насыха)», — деген. (Сонда) сахабалар: «Кімге қатысты?», — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһқа, Оның Кітабына, Оның Пайғамбарына, мұсылмандардың әміріне және жалпы барлық мұсылмандарға қатысты», — деп жауап берді (Муслим, 55).

Насихат құпия (оңаша) жасалады! Егер әмірлер (билеушілер) сіздің кеңесіңізге құлақ салса, онда Аллаһқа мадақ! Ал егер олар сіздің кеңесіңізге ілеспесе, онда сіздің арыңыз таза! Бірақ әмірлердің (елбасшылардың) кемшіліктері туралы адамдардың көзінше жиындарда айтуға болмайды! Олар туралы мінберлердің үстінде (тұрып) айтуға болмайды, әмірлердің кемшіліктерін қарапайым халықпен талқылауға болмайды. Бұл (оларға деген) ықыласты қарым-қатынас болып табылмайды. Бұл – ғайбат! Бұл жамандықтан басқа еш нәрсе әкелмейді! Жаман адамдар мен екіжүзді мунафиқтар мұны өз мақсаттарында пайдаланады, өйткені олар мұсылмандарға кесір тигізу үшін ыңғайлы сәтті күтуде. Олар осындай нәрселерді міндетті түрде пайдаланады. Ықыласты кеңес (насихат) құпия жасалады! Аллаһ Тағала Муса мен Харунға (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) былай деді:

﴿ فَأْتِيَاهُ فَقُولا إِنَّا رَسُولا رَبِّكَ ﴾

“Оған екеуің барыңдар да: «Біз – Раббыңның елшілеріміз!», — деп айтыңдар!” («Та Ха» сүресі, 47-аят), — деді. Аллаһ Тағала Өзінің елшілеріне Перғауынға тіке баруды бұйырды. Ол базарларда, адамдардың мәжілістерінде тұрып, Перғауынды жазғыруды бұйырды ма?! Жоқ, Ол былай деді:

﴿ فَقُولا لَهُ قَوْلا لَّيِّنًا لَّعَلَّهُ يَتَذَكَّرُ أَوْ يَخْشَى ﴾

«Онымен жұмсақ сөйлесіңдер, бәлкім, ол үгітке құлақ салар немесе қорқар» («Та Ха» сүресі, 44-аят). Муса мен Харун (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) дәл осылай істеді. Бұл – Пайғамбарлардың діні! Міне, ықыласты кеңес (насихат) деген дәл осы!

Адам үнемі сын айтуды, қате іздеуді, кейін олар туралы адамдарға айтуды өзінің айналысатын ісіне айналдырмауы қажет. Бұл – екіжүзділердің ісі! Олар қателіктер мен кемшіліктерді жария болсын деп ақтарады да, осы орайда адамның сіңірген еңбегі мен жақсы амалдарын жасырады. Ал мүминдер, керісінше, бір-бірінің сіңірген еңбектері мен жақсы сипаттарын айтып, қателіктерін жабады. Осылайша, олар мұсылмандардың арасынан ашу-ыза мен жеккөрушілікті жояды. Егер адам үнемі әмірлерді (билеушілерді), ғалымдарды, қарапайым мұсылмандарды сынай беретін болса, демек, оның бойында екіжүзділердің сипаты бар. Мұндай адамдар өзге адамдардың қателіктеріне қуанып, тек жамандықты қалайды. Жоқ, әмірге ықыласты кеңес беру керек, өз мұсылман бауырыңа ықыласты кеңес беру керек. Сен оның қателігін байқап қалған кісіге ықыласты түрде (яғни оған жақсылықты қалап, ең жақсы тәсілмен — аудармашыдан) насихат айтуыңыз керек, әйтпесе, бұл оған деген сатқындық болады. Егер сен бауырыңа кеңестер бермесең, оны алдап жүрген сияқты боласың. Егер сен оның қателіктерін көре тұра, үнсіз жүрсең, міне, осы – алдау! Әдетте дұрыс тәсілмен айтылған кеңестер қабыл етіледі. Яғни адамды ренжітпейтіндей етіп айтылтын кеңестер. Егер сен адамға өзіңнің сүйіспеншілігіңді танытып кеңес берсең, әдетте ол қабыл етіледі. Бірақ сенің берген кеңесін жек көрушілік пен дұшпандыққа толы болса, бұл оның саған деген жек көрушілігін арттырады. Бұл адамдардың арасында бүлікке, олардың арасындағы жек көрушілікке әкеп соғады. Әмірлердің қателіктері мен кемшіліктерін жариялауда ешқандай игілік жоқ. Басқаларын айтпағанның өзінде, бұл дұшпандарды қуантады, өйткені олар мұсылмандар арасында бүлік таратуды қалайды. Сондықтан да мұның барлығына тыйым салынады. Бұл біздің Аллаһқа деген мойынсұнбаушылыққа, күнәларға разы екенімізді білдірмейді. Жоқ, біз пайда келтіретін және жамандықты жоятын жолмен әмірлерге ықыласты кеңес береміз (шейх әл-Фаузанның сөздерінің соңы).

Алынған дереккөз: АбдуЛлаһ ибн Салих әл-‘Убайләннің «Сәләфтардың  тәрбие мен түзету мәселесіндегі мәнһажының айқын түсіндірмесі» кітабы (шейх Салих ибн Фаузан ибн ’АбдиЛләһ әл-Фаузанның ескертпелерімен), 13-ереже.

Араб тілінен орыс тіліне аударған: Арсен Абу Яхъя.

Қазақ тіліне орыс тілінен аударған: «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы.

You may also like...