Ғаламдық мәселелер (ән-нәуәзил) бойынша кім шешім шығара алады

Categories: Дінге шақыру,Жамағаттар,Жиһад

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

«Нәуәзилге» мұсылман үмметінің басына келіп түскен күрделі мәселелер жатады, олар – жихад, хуруж (әмірге қарсы шығу), жаппай бойкот, т.б.

Ислам – өзінің қатаң заңдары мен үкімдеріне ие дін, және онда анархияға орын жоқ. Шариғат қандай да бір мәселелелерді құзыреті жоқ адамдарға шешуге қатаң тыйым салады,  әсіресе, бұл Ислам үмметінінің мәселелеріне қатысты.

Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Қашан оларға (мұсылмандарға) аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға, не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын зерттей алатындар білер еді» (ән-Ниса 4: 83).

Іс басындағылар – бұл ғалымдар және мұсылмандардың әмірлері. Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 3/341.

Мұсылман үмметіне қатысты мәселелер ең маңызды және салмақтыларына жататынына күмән жоқ.  Шейх `Абдур-Рахман әс-Са`ди бұл аятқа қатысты мынадай сөздер айтты: «Бұл — Аллаһтың өз құлдарына осындай лайықсыз қылығы үшін жасаған сөгісі! Егер мүминдерге  баршаның игілігіне қатысты, мүміндер үшін қауіпсіздік және қуанышпен, немесе олар үшін қауіп-қатермен байланысты маңызды дерек жетсе, олар оны асығыстықпен таратпауы керек. Олар оның шын екенін тексеріп, оны Елшіге  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), немесе білім мен ұстанымдылыққа ие, болып жатқан оқиғалар туралы хабардар  және пайда мен зиян мәселесін түсінетін, адамдардың арасында ықпалдыларға жеткізуі керек. Егер осындай адамдар: «Алынған деректерді жариялау мұсылмандарға пайда келтіреді, оларға күш береді және дұшпандарға қарсы тұруға көмектеседі», — деп шешсе, онда бұл жөнінде бүкіл халық алдында жария етіледі. Ал егер олар: «Осы деректерді жариялау мұсылмандарға ешқандай пайда әкелмейді, және оларға пайдадан көбірек зиян тигізеді», — деп шешсе, онда бұл жөнінде жария етілмейді. Міне, сондықтан Аллаһ: «олардан оның мән-жайын зерттей алатындар білер еді», — деді, яғни маңызды деректерді өзінің дұрыс көзқарастарының және салиқалы білімдерінің себебімен талдай алатын адамдар білуі керек. Осыда «Кез келген мәселені зерттеуді соған қабілеті жететін адамға тапсыру керек!» деген маңызды ережеге дәлел бар. Және ешкім маңызды мәселелерді осындай адамдардан бұрын шешпеуі керек, өйткені олар дұрыс шешімге жақындау және қателіктерден көбірек қорғалған. Осыда, сондай-ақ, естіген нәрсені асығыстықпен жариялауға тыйым бар. Мұсылмандар сөздерінің үстінен ойлануы керек, олар пайда келтіретіні, не келтірмейтіні жайлы ой тоқтатуы керек”. Қз.: “Тафсир әс-Са’ди” 185.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, адамдар үшін сондай бір – өтірікшілерге сеніп, шыншылдарға сенуді қоятын; қиянатшылдарға аманат тапсырып, сенімге лайық болғандар жайлы опасыз деп күдіктенетін; және сөз рууайбидаларда болатын замандар келеді». Одан: “Рууайбида деген кім?”, – деп сұрағанда, ол: «Жаппай адамдарға қатысты мәселелер туралы сөйлейтін ақымақ!», — деді. Ахмад 2/291, Ибн Мәжаһ 4036. Хафиз Ибн Хәжар, хафиз Ибн Кәсир, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани хадисті хасан деді.

Не үшін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ақырет Күнінінің жақындағаны туралы хадистерді айтады және олардың мәні неде? Ғалымдар мұның даналығына былай нұсқаған: біріншіден, Ақырет Күнінің белгілері туралы хадистер мұсылмандар оған дайындалуы үшін айтылған, ал екіншіден, олардың мәні – олар Пайғамбар (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын) ескерткен нәрселерінен аулақ болуы үшін, олар міндетті түрде орын алатындығына қарамастан. Қз.: “әл-Мууафақат” 2/450.

Келітірілген аят пен хадисте шариғат құзырет бермеген кісіге мұсылмандардың жаппай мәселелерін талқылап, шешуге айқын тыйым бар!

Ибн әл-Қайим былай деді: “Аллаһтың Кітабын, Оның Елшісінің (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін және сахабалардың айтқан сөздерін білуші – тек осындай адам ғана мұсылман үмметі душар болған күрделі мәселелерді (нәуәзил) шешуге құзырлы болып табылады, және тек солардан ғана осы мәселелер бойынша пәтуа алуға болады”. Қз.: “И’ләмуль-мууәкқи’ин” 4/212.

Имам Ибн әл-Хәж әл-Мәлики айтатын: “Мужаһид білім иелерінен жиһадты қалай жасау керектігі туралы сұрамайынша жиһадқа шықпауы керек”.[1] Қз.: “әл-Мәдхал” 2/13.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деді: “Жихад мәселелерінде, дүние істерінде де тәжірибесі бар шынайы білім иелерінің пікірін назарға алу  міндетті (уәжіп) болып табылады. Ал дұние істерінде тәжірибеге ие, бірақ дін мәселелерінде дұрыс түсінігі жоқ адамдарға келер болсақ, олардың пікірі қабылданбайды, сондай-ақ  діни білімге ие болып, бірақ дүние істерінде тәжірибеге ие болмағандардан да қабылданбайды!” Қз.: “әл-Ихтиярат әл-фиқхия” 311.

Шейх Салих әл-Фаузанға мынадай сүрақ қойылды: «Біздің уақытымызда үлкен ғалымдарды балағаттау және қаралау жиі орын алып кетті. (Біреулер) оларды күпірлікте және бұзақылықта айыптауда. Әсіресе, бұл айыптаулар лаңкестік актілердің рұқсат етілмейтіндігі туралы шешімдер (пәтуалар) шыққаннан кейін жиіленді. Сондай-ақ: «Біздің ғалымдарымыз  «Исламдағы достық пен қатыссыздық» («әл-уәлә уа әл-бара») ұстанымын орындауда кемшіліктерге орын беруде», — деп айтылуда. Осы мәселеге байланысты кеңес беруіңізді сұраймыз».

Шейх былай деп жауап берді: Надан (жәхил) үнсіздік сақтауы керек және Аллаһтан қорқып, білімсіз сөйлемеуі қажет. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Күдіксіз, Раббым арсыздықтарды, олардың көрнеу, көмесін, және (барлық) күнәны, орынсыз озбырлықты, және сендер Аллаһ оған байланысты ешбір дәлел түсірмеген нәрсеге Онымен қатар ғибадат етулеріңді және Аллаһ туралы білмейтін нәрселерді сөйлеулеріңді арам етті», — де!» (әл-А’раф 7: 33).

Жәхилге (наданға білімнің болуын талап ететін мәселелер бойынша, әсіресе такфир, жихад,  әл-уәлә уа әл-бара сияқты үлкен мәселелерде сөйлеуіне тыйым салынады. Ал әмірлерді және ғалымдарды ғайбаттап, олардың ар-намысына тиісу туралы айтар болсақ, бұл — өсектің және ғайбаттың ең жаман түрі, және бұған тыйым салынған! Біздің кезімізде мұсылмандардың басына түскен мәселелер билік иелері шешетін мәселелердің қатарына кіреді. Міне, солар өзара кеңеседі және бұл мәселелерді бірігіп зерттейді, ал ғалымдардың міндеттері — бұл мәселелердің шариғи үкімін түсіндіріп беру. Халыққа және қарапайым адамдарға, сондай ақ енді бастап келе жатқан жас білімгерлерге келер болсақ, бұл — олардың міндеті болып табылмайды. Аллаһ Тағала былай деп  айтады: «Егер олар оны, Пайғамбарға не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді. Егер сендерге Аллаһтың мейірімі мен рахымы болмағанда, азғантайларыңнан басқаларың шайтанға ілесіп кетер едіңдер» (ән-Ниса, 83-аят). Бұл мәселелер бойынша тілді тыю керек, әсіресе, такфир (күпірлікте айыптау) және әл-уәлә уа әл-бара (достық және қатыссыздық) мәселелерінде. 

 Егер адам өз бауырына: «Әй, кәпір!», — десе, ал ол іс жүзінде олай болмаса, онда бұл оның өзіне қайта оралады, Аллаһ бізді бұдан сақтасын! Бұл – өте қауіпті іс, және Аллаһтан қорқатын адам, егер ол – осындай мәсеселелерді шешу міндеті жүктелгендердің, яғни бұл мәселелерді зерттеп, жағдайдан шығудың жолын іздеуге тиіс болған әмірлер мен ғалымдардың қатарынан болмаса, өз тілін тыюы қажет. Алайда, қарапайым адамдар немесе білім талап етудің бастауыш сатысында тұрғандар адамдарды соттауға және оларға байланысты қандай да бір үкімдер шығаруға, адамдардың намысына орынсыз тиісуге, ғайбат айтуға, күпірлікте және бұзақылықта айыптауға[2] т.б. құқығы жоқ, өйткені бұл оның өзіне зиян тигізеді. Мұсылман адам өзінің тілін ұстауы керек және өзіне қатысты емес нәрселер туралы сөйлемеуі керек. Ол Аллаһтан мұсылмандар үшін көмек және кәпірлер үшін жаза тілеуі керек. Бұл – сенің құқығың және міндетің болып табылады.

Ал шариғат ережелерін, мұның үстіне қате ережелерін қолдануға, сондай-ақ мұсылман әмірлерінің және ғалымдарының ар-намысын қаралауға, және олардың күпірлігі немесе адасушылығы туралы үкімдер шығаруға келер болсақ болсақ, бұл сенің өзіңе қарсы оралып тиетін ұлы қауіп болып табылады, әй, мұндайды айтушы! Ал сен әңгіме етіп жатқандарға келер болсақ, оларға сенің сөздерің зиян тигізбейді!” Қз.: “Фатауа әш-шар’ия” 73-74.

Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қиындық туындаған жағдайда, оны шешу үшін білім иелеріне жүгінуді бұйырады. Кез келген адам ғалым болып табылмайды және кез-келген біреу, біз бұл жөнінде айтып өткеніміздей, пәтуа шығаруға жарамайды. Бұл – діннің барлық ережелеріне қатысты, өмір және өлім туралы аса күрделі мәселелерге тіптен.

Шариғат пәтуа беруге құзырет бермеген, бірақ олар бәрібір осыны істеп жүрген адамдарға келер болсақ, бұл мұндай адамның Аллаһтан қорқушы емес екендігін дәлелдейді. Ал ендеше мұндай адамнан қалайша пәтуа алуға болады. Егер адам пәтуа өзінің ізінен алып келетін ұлы жауапкершіліктен, немесе білімсіз сөйлейтіндерге дайындалған жазадан қорықпайтын болса, онда қалайша мұндай адамға жүгінуге болмақ?! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Қиямет күні ең ауыр жазаға білімі болмай адасушылыққа салған тартылады». Ахмад, әт-Табарани. Хадис хасан. «Сахихуль-жәми’ті» де (1000)  қараңыз.

Суфьян ибн ‘Уяйна былай деп айтатын: “Ең аз білімге ие болған адамдар пәтуа беруге ең қатты асығады!” Қз.: “Жәми’уль-баяниль-‘ильм” 1588.

Біздің үмметімізде ең білгір болған, бізге барлық діни білімді жеткізген, алайда осыған қарамастан пәтуа шығарудың жауапкершілігінен қорыққан сахабалар мен ең білмейтін сахабаның тырнағына да тұрмайтын, бірақ мұсылмандардың ғаламдық мәселелерін шешуге кірісіп жүрген біздің кезіміздегі түрлі ағымдардың жақтаушыларының айырмашылығына назар аударыңыздар.

‘Абдур-Рахман ибн Абу Ләйлә былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан болған, осы мешітке келуші жүз жиырма адамды көріп үлгердім, және олардың қайсысынан болсын пәтуа беру немесе хадис жеткізу сұралса, ол міндетті түрде оның бауыры оны осыдан құтқаруын қалайтын. Алайда, кейін бүгінгі күні білімді деп аталуға таласып жүргендер және  егер Умар ибн әл-Хаттабқа мұндай сұрақтар қойылса – ол міндетті түрде Бадр шайқасының қатысушыларын жинап алып, олармен кеңесетіндей сұрақтарға жауап беруге батылы жететін адамдар алға шықты!” Қз.: “Мин хадьи саләф фи талибиль-‘ильм” 14.

Осында мынадай сұрақ туындайды: «Діннің күрделі мәселелері бойынша пәтуа беруді мойнына алып отырған түрлі партиялардың жетекшілері мен жақтаушылары Умардың білімінің жүзден бір бөлігіне ие ме?!»  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер өзінен кейін пайғамбар болса, онда ол – Умар болады деп, Аллаһ оған Кітап иелерінен пайғамбар болмаған кейбір адамдарға уахи еткеніндей уахи етеді деп айтқан, оның пікірін Аллаһтың Өзі Құранда он алты рет растаған  Умардан!

Имам Мәлик былай деп айтатын: “Мен өзімнен білгірлеу болған адамнан сұрамайынша ешқашан пәтуа бермейтінмін”. Қз.: “И’ләну-ннәкир” 48.

Ал, білімге және пәтуа беруге деген құқыққа ие  болмай пәтуа берушіге келер болсақ,  ол осы үшін жауапкершілікке тартылады, ал ниетінің ықыластылығы оны құтқармайды. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын): «Соттар (билер) үш түрлі болады. Олардың екеуі — Отта, ал біреуі — Жәннатта. Ақиқатты біліп, онымен үкім шығарғаны — Жәннатта. Ақиқатты біліп, өз әуес-қалауларының негізінде үкім шығарғаны – Отта, және білімге ие болмай билік еткен де — Отта», — деген. әл-Хаким, әт-Табарани. Хадис сахих. Қз.: «Сахихуль-жәми’» 4446, 4447.

Сөйтіп, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ықыласты болып, бірақ білімі болмаған би де Отта болады деп хабарлады. Ал: «жауапкершіліктің барлығын оларға пәтуа берген адамның өзі ғана алып жүреді», — дегендерге келер болсақ, олар қателеседі. Иә, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын): «Егер кім білімсіз пәтуа шығарса, онда (сол пәтуаға негізделіп) жасалған істің күнәсі сол пәтуаны шығарған адамға түседі», — деп айтқан. Абу Дауд 3657, Ибн Мәжаһ 53. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деді.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хақты айтады, бірақ оның сөздері нені білдіреді? Пәтуа беруші адам барлық жауапкершілікті өзіне алуы үшін, ол осыған құзыретті болуы керек. Көптеген мұсылмандар: «Барлық жауапкершілік пәтуа берушіге түседі», — деп, рұқсат етілмеген нәрселерді істеп жатады. Олар осылары үшін өздері де жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін түсінбейді!  Абу әд-Дарда Пағамбарымыздың (оған Аллаһтың  игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндайды: «Қиямет Күні барлық адамдар белгілі бір жолмен жүретін кезде, және адамның жанынан оны өлтірген (адам) өткенде, ол: «Я, Раббым! Ол мені (дүние өмірінде) өлтірген еді», — деп дауыстайды. Аллаһ: «Сен оны не үшін өлтірдің?», — деп сұрайды. Ол: «Маған пәлен бұйырды», — дейді, және өлтірген де, оған бұйрық берген де жазаға тартылады!» Ибн Абу Шәйба 5/434, әт-Табарани 10407. Хадис хасан. Қз.: “Мәжмә’у-з-зауаид” 7/300.

Біз атқарушыны оның бұйрықты жай орындаған болғаны сақтап қалмағанын көрудеміз.

Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Олар (кәпірлер) Қиямет Күні өздерінің жүгін түгел көтерсін, сондай-ақ өздері адасушылыққа салған надандардың жүгін де. Олардың көтерген жүгі нендей жаман!» (ән-Нәхл 16: 25).

Имам Мужәһид бұл аятқа берген тәпсірінде былай деді: “Олар өздерінің күнәларының ауыртпалығынын және оларға мойынсұнғандардың күнәларының ауыртпалығын мойнымен көтереді. Бірақ олардың өздеріне ергендердің күнәларының ауырпалығын көтеруі, оларға мойынсұнғандардың жазасын еш жеңілдетпейді”. Қз.: “Тафсир Ибн Кәсир” 2/587.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деді: “Өзі пәтуа беруге құқықты адамдардың қатарынан болмай адамдарға пәтуа беруші адам мойынсұнбаушы және күнәхар болып табылады! Және осындай адамның пәтуасына негізделіп қандай да бір үкім шығарған мұсылмандардың әмірі де мойынсұнбаушы және күнәхар болып табылады!

Имам Ибн әл-Жәузи былай дейтін: «Мұсылмандардың әмірі, осыны Бану Умайя әулетінің әмірлері істегендей, пәтуа беруге құқығы жоқ адамдарға пәтуа беруге тыйым салуы керек. Бұл адамдар өздері жолды білмей оған өзге жолға шығушыларды сілтеп тұрған әлдебіреу секілді. Және олар медицинаны білмей адамдарды емдейтіндер секілді, тіпті олар осы жоғарыда аталғандардың барлығынан да жаман. Және егер әмір медицинаны білмейтін әлдебіреуге адамдарды емдеуге тыйым салса, онда не Құранды, не Сүннетті білмей, не діннен толық хабардар болмай пәтуа берушілер туралы не айтуға болды?! Біздің шейх  Ибн Таймия мұндай адамдарды қатты сөгетін және былай деп айтатын: “Менен біреулер: «Сен пәтуа беруші өзінің пәтуасы үшін сұралады деп ойлайсың ба?», — деп сұрады. Ал мен оларға: «Егер тіпті наншы мен аспаз да сұралатын болса, пәтуа беруші өзінің берген пәтуасы үшін сұралмайды деп ойлайсыңдар ма?!»”, – деп жауап бердім»”. Қз.: “И’ләмуль-мууәкқи’ин” 4/217.



[1] Кейбіреулер: «Жиһад жүргізу үшін білімге ие болу міндетті емес», — дейді де, дәлел ретінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде адамдар Ислам қабылдаған бойдан шайқастарға қатысатын еді және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Алдын білім алыңдар, ал кейін жиһад жасаңдар!», — деп айтпайтын деген хадистерді келтіреді. Әрине, білімнің болуы — жиһад жүргізудің шарты болып табылмайды. Алайда жиһадты қашан, кіммен және қалайша жүргізу керек екендігін шешу үшін білім керек. Исламды қабылдап жиһад жасаған сахабаларға келер болсақ, бұл – оларға міндетті болды, өйткені олар үшін шешімді Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабылдады, ал олардың міндеті – бағыну болды.  Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соң, жиһад – бұл мұсылмандардың әмірлері және ғалымдар шешетін мәселе, өйткені бұл — олардың құзыретіне жатады және кез келген біреу бұл мәселелерді шеше беруге құқықты емес.

Шейх Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаһһаб былай дейтін: “Жиһад – бұл әмірге және оның шешіміне тапсырылатын іс, ал қол астындағылар ол шешкен нәрседе оған мойынсұнуға міндетті”. Қз.: «Мәжму’ әл-муәлифәт» 2/360.

Сондай-ақ шейхуль-Ислам Ибн Таймия жиһад мәселелері бойынша былай деді: “Бұл нәзік мәселелердегі зертеулер – үлкен ғалымдардан болған мамандардың жұмысы”.  Қз.: “Минхажу-с-Сунна” 4/504.

[2] Бұзақылықта (пасықтықта) айыптау (тафсиқ) бұл – адамды бұзақы (фасиқ) деп атау. Көп адамдар бұл терминді тіпті оның мағынасын түсінбей қолданады. Бұзақылық (пасықтық) (фисқ) екі түрлі болады: үлкен және кіші. Үлкен бұзақылық (пасықтық) бұл – адамның күнәні саналы түрде, оны хәлал деп жасауы. Бұзақылықтың (пасықтықтың) бұл түрі адамды Исламнан шығарады, өйткені мұндай адам харамды хәлал етіп, Аллаһтан және Оның Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келгенді жоққа шығарады.

Кіші бұзақылық – бұл күнәні, оның күнә екендігін мойындап, істеу, және пасықтықтың мұндай түрі адамды діннен шығармайды. Алайда мұсылманды, егер ол күнәларды ашық түрде істесе, және насихаттаулар мен ақиқаттың өзіне жеткізілуіне қарамастан, осынысында қасарысып тұрып алған жағдай ғана пасық (бұзақы) деп атауға болады.

Ал, мұсылмандарды күнәсіз бұзақылықта айыптаушыларға және оларды пасық деп атаушыларға келер болсақ, оладың өздері сондай болып табылады, өйткені бұл сөз олардың өздеріне оралады, бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сіәлемі болсын) былай деп айтқанындай: «Егер бір адам екінші бір адамды бұзақылықта немесе күпірлікте айыптаса, әрі егер айыпталушы шындығында олай болып табылмаса, онда айыптау міндетті түрде оның өзіне оралады».  Әл-Бухари 6045.