Өз заңдарын жасап шығару (такнин)

Categories: Такфир

•  СЕГІЗІНШІ ЖАҒДАЙ:

Өз заңдарын жасап шығару (такнин)

Бұл – адамның Шариғатты басшылыққа алудың орнына өзі шығарған заңдарың және үкімдерін басшылыққа алуы. Оның өзі заңдар мен үкімдерді ойлап шығарады және сонымен бірге жоғарыда аталған құбылыстардың біреуі де орын алмайды. Яғни адам осыны халәл деп тұрып алмайды (истихләл), Шариғат үкімін теріске шығармайды (жухд), Шариғат үкімін өтірік деп санамайды (такзиб), «Шариғаттан жақсырақ өзге қандайда бір нәрсе бар», — деп айтпайды (тафдыйль), басқа бір заңдар мен басқару жүйелерін Шариғатқа теңестірмейді (мусауә) және өзінің Шариғаттың негізінде үкім шығарып жатқандығын да айтпайды (табдийль).

Осы жағдайға қатысты Шариғаттың үкімі: кіші күпірлік (куфр асғар). Басқаша айтқанда, бұл іс-әрекет (амал) адамды Исламнан шығармайды және оны кәпір етпейді. 

Дәлелдер:

Осы іс-әрекет адамды Исламнан шығаратын үлкен күпірлік (куфр әкбар) болып табылатындығына шариғи дәлелдердің жоқтығы. Шариғаттың үкімі осы аталған жағдайда Шариғат үкімінің орнына қолданылатын үкімнің алынған көзімен ешқандай байланысты емес. Шариғи дәлелдерде Шариғат үкімдерінің орнына өзінің үкімдерін қолданатын адам мен Шариғат үкімдерінің орнына өзге адамдар ойлап шығарған үкімдерді қолданатын адамның арасында айырмашылық бар екендігі айтылмайды. Ал егер де бұл айырмашылықтар бар болғанда, біз олар жайындағы ескертулерді Шариғаттан табар едік, ал бұл – айқын нәрсе және күмән да туғызбайды.

Бұл жағдаймен төрт мәселе байланысты.

Бірінші мәселе:

Шариғат үкімдерінің орнына өзі ойлап тапқан үкімдерді қолданатын адам басқалардың үкімдерін қолданатын адамнан ауырлау қылмыс жасайды деп жорамалдауға болады. Алайда біз қылмыстың ауырлығы туралы емес, адам кәпір болады ма – сол туралы айтудамыз, ал бұл сұраққа жауап беру үшін шариғи дәлелдерге ие болу қажет.

Екінші мәселе:

Осындай жағдайда адам кәпір болады деп есептейтін кейбір құрметті ғалымдар дәлел ретінде адам заңдарды ойлап шығаруымен Аллаһ Тағаламен Оның бір сипатында – заңдар мен үкімдерді шығаруда (тәшри‘– تشريع) таласып жатқандай болады дегенді келтіреді.

Алайда аталған жағдайда екі жағдайды  қарау қажет.

Бірінші жағдай: Адам заңдарды ойлап шығарады және сонымен бірге өзінің осыған құқығы бар деп айтады. Бұл үлкен күпірлік болып кетеді және мұндай адам Исламнан шығады. Осыда күмән жоқ, өйткені бұл адам Аллаһ тыйым салған нәрсені рұқсат етеді.

Екінші жағдай: Адам заңдарды ойлап шығарады, алайда өзінің осыған құқығы бар деп айтпайды. Мұндай адам үш себеппен кәпір болып табылмайды.

1. Ол кәпір болып табылады дегенге шариғи дәлелдердің жоқтығы.

2. Әһлю-Сунна күнәға шақыратын және өзі қарым-қатынас жасап жүрген адамдарына күнәларды көркемдетіп көрсеткен жаман жолдасты  кәпір деп санамайды. Бұл – ғалымдардың бірауызды келіскен пікірі. Ал кім өзінің заңдарын ойлап табатын және қолданатын адамды кәпір деп есептесе, осындай жаман жолдасты да кәпір деп атауы міндетті. Бірақ бұл ғалымдардың бірауызды пікіріне қарама-қайшылық болады.

3. Әһлю-Сунна тыйым салынған бейнелерді рұқсат етілген деп айтпай жасайтын (сомдайтын) адамды кәпір деп есептемейді. Аллаһ Тағала олар туралы қудси хадисте былай деген: «Жаратуда Маған ұқсауға талпынғаннан артық залымдау кім болмақ?»[1]. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олар туралы былай деген: «Қиямет күні қатал жазаға жаратуда Аллаһқа ұқсауға талпынғандар тартылады».[2]. Ал олардың арасында айырмашылық жоқ, өйткені бейнені жасаушы (сомдаушы) өзін Аллаһпен бірге жаратушының орнына қояды, ал заңдарды жасаушы өзін Аллаһпен бірге заң шығарушының орнына қояды. Бұл екеуі бірдей-ақ! Сонда біз бейне жасаушыны (сомдаушыны) кәпір деп есептеуіміз керек пе? Бірақ Әһлю-Сунна оның кәпір еместігіне бірауызды келіскен.

Әһлю-Суннаның жаман жолдас және бейнені жасаушы (сомдаушы) кәпір болып табылмайтындығы туралы бірауызды пікірі заң шығаратын, бірақ өзінің осыған құқығы бар демейтін адам да кәпір болмайды дегенге бұлтартпас дәлел болады, біз бұл туралы жоғарыда айтып кеткеніміздей. Осыны есте сақтаңдар, өйткені бұл маңызды!

Үшінші мәселе:

Осы аталған жағдайда адам кәпір болады деп есептейтін кейбір құрметті ғалымдар дәлел ретінде «Адам заңдарды ойлап табуымен адамдар үкім және шешім шығару үшін соған жүгінетін  (тағутқа طاغوت)[3] айналады» дегенді келтіреді.

Алайда іс жүзінде мұны екі себеппен дәлел деп санауға болмайды.

1. Бұл дәлел о бастан (түбегейлі) қате, нақты айтқанда «тағут тек кәпір болады» деген тұжырымға негізделеді. Бұл дұрыс емес, өйткені:

1 — Тағут деп адасушылықтың кез келген жетекшісі аталады, өйткені «тағут» деген сөздің өзі  «бір нәрсенің шегінен, шеңберінен шыққан» дегенді білдіретін «туғьян» сөзінен шыққан.

Әл-Куртуби, Аллаһ оны рахым етсін, Аллаһ Тағаланың “Біз әрбір үмметке «Аллаһқа (ғана) құлшылық етіп, Тағуттан аулақ болыңдар!» дейтін елші жібердік” [4] деген аяттары туралы: «Яғни Аллаһтан басқа құлшылық жасалатын, Шайтан, көріпкел, пұт, және кез келген адасушылыққа шақырушы сияқты, кез келген затты (объектіні) қалдырыңдар», — деген.[5]

әл-Файрузабади, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Тағут — бұл адасушылықтың әрбір жетекшісі, сондай-ақ пұттар  және Аллаһтан өзге құлшылық жасалатынның барлығы және Кітап иелерінің ішіндегі жауыздар»[6].

Тағут тек қана кәпір болмайды. Ибн Баз, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Сенің шегің — сен Аллаһтың мойынсұнған құлы болуың керек. Егер сен осы шеңберден шықсаң, осы амалың арқылы тағут болдың… Тағут кәпір болады, бірақ басқаша да болуы мүмкін»[7].

2 — Кейбір адамдар «тағут» деп сол арқылы шектен шығу және шекара бұзылу іске асатын нәрсені атайды және осы сөзбен әрекеттің өзін сызып көрсетіп, ол не арқылы орындалатынына назар бөлмейді.  Мысалы, олар құлшылық жасалатын кез келген затты (объектіні), соның ішінде тас пұттарды да, «тағут» деп атайды. Ал жансыз зат иман келтірген немесе кәпір деп атала алмайды, өйткені бұл сипаттаманы оларға қатысты қолдану мүмкін емес.

— Олар тағутқа мынандай анықтамалар берген. Ибн әл-Қайим, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Тағут — Аллаһтың құлы соған құлшылық етіп, ілесіп, немесе бағынып, сол арқылы шекараны бұзатын және шектен шығатын  барлық нәрсе».[8]

Ибн Усаймин, Аллаһ оны рахым етсін, бұл сөздерге түсіндірме жасап,  былай деген: «Осыны мақұлдаушы меңзеліп тұр. Алайда ол өзіне құлшылық жасайтын, тыңдайтын немесе ілесетін үшін осындай болып табылатындығы тұрғысынан да тағут болып табылады. Бұл адамдар оны Аллаһ оған еншілеп берген орыннан жоғарылатып, ол арқылы Аллаһ Тағала орнатқан шекаралардан шығады. Және олардың оған құлшылық жасаулары, ілесулері немесе мойынсұнулары — шектен асу, яғни туғйян».[9]

Сөйтіп, тағут міндетті түрде кәпір болып табыла бермейді, өйткені ол өзінің себебінен емес, оны өздерінің тағуты қылған адамдардың себебімен осылай деп аталған болуы ықтимал.

— Ғалымдар «тағут» деп құлшылық арналатын кез келген затты атайды, соның ішінде тас пұттарды да. Ал, біз білетініміздей, жансыз зат мүмін немесе кәпір деп аталуға келмейді, өйткені бұл сипаттама оған қатысты қолданыла алмайды.

Ибн әл-Жәузи, Аллаһ оны рақым етсін, былай деген: «Ибн Кутайба былай деген: “Құлшылық жасалатындардың барлығы: олар тас, бейне немесе Шайтан болсын — Джибт пен Тағут». Осындай пікірді әз-Зажжәж және араб тілінің білгірлері ұстанған».

Ал шейхуль-Ислам Ибн Таймийя, Аллаһ оны рақым етсін, былай деген: «Бұл – тұтас түрдің атауы. Оған Шайтан, пұт, көріпкел-сәуегей, дирхем, динар және басқалар жатады».[10].

Егер әрбір тағут кәпір болып табылғанда, онда жансыз затты тағут деп атауға болмас еді.

3 — Кейбір ғалымдар осы сипаттаманы кейбір күнәларды жасап жүрген адамдарға қатысты қолданады.

Әр-Рағиб әл-Асфахани, Аллаһ оны рақым етсін, былай деген: «Тағут — бұл Аллаһтың шекарасын бұзатынның әрбірі және Аллаһ Тағаладан өзге құлшылық жасалатынның әрбірі. Сондықтан да сиқыршыны, көріпкел-сәуегейді, жындардың арасынан Аллаһ Тағалаға қарсы көтерілетіндерін, сондай-ақ адамдардың бетін игілік жолынан қайтаратындардың барлығын осылай деп атайды».[11]

Мухаммад ибн Абду-ль-Уаххаб, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Тағуттар көпшілік, бірақ айқыны – бесеу. Олар — Шайтан, әділетсіз үкім шығарушы, пара алушы, оның келісімімен және мақұлдауымен оған құлшылық жасалушы және білімсіз амал етуші».[12]

Имам Ибн Усаймин, Аллаһ оны рахым етсін, «Әл-усуль әс-сәләсә»  («Үш негіз») кітабына жазған шархта былай деген: «Адасушылық пен күпірлікке, немесе бидғаттарға, немесе Аллаһ харам еткен нәрселерді халәл етуге, немесе Аллаһ халәл еткен нәрселерді харам етуге шақырып, жауыздықты насихаттайтындардың  барлығы Тағуттар  болып табылады».[13]

Ал егер бұл сипаттама күпірлікті меңзегенде, оны бұл күнәхарларға қолдануға болмас еді, керісінше болған жағдайда бұл осы ғалымдардың аталған күнәхарларды кәпірлер деп есептейтінін білдірер еді.

2. Егер Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқаруды (билік құруды) және шешім шығаруды заңдастырған адам кәпір деп есептелсе, онда қандайда-бір күнәлі істі заңдастыратын адамды да кәпір деп есептеу керек болар еді, өйткені бұл екі жағдайлардың арасында айырмашылық жоқ: ол жағдайда да, бұл жағдайдайда да адам қандай  да бір тыйым салынған нәрсені заңдастырды.  Ал Әһлю-Сунна қандай да бір күнәлі нәрсені заңдастырған адам осы себепті кәпірге айналмайды дегенге бірауызды келіскен.

Мысалы, белгілі бір адамдар өзара келісіп, қарақшылардың тобырына айналды. Олар өздеріне жетекші сайлады да, өздеріне арналған ерекше бір тәртіп ойлап шығарды және дәл осы жетекші олар үшін қылмыстық іс-әрекетті жоспарлайды, кімге, қашан және қай жерде шабуыл жасауды шешеді. Ол оларға мұсылмандарға шабуылдауды, оларды қорқытуды және оларға зиян тигізуді бұйырады, ал олар оның бұйрықтарын мойынсұнған күйде орындайды. Ол оларға бір нәрселерді әмір етеді де, екінші нәрселерге тыйым салады, ал олар оған бағынады. Бұл адам олар үшін күнәны заңдастырып қойды, алайда ол осы себепті кәпір болмайды.

Егер де заңдарды ойдан шығарушы адамды күпірлікте айыптаудағы негіз дұрыс болғанда, онда әлгі қарақшылардың жетекшісі сияқты әрбір адамды кәпір деп есептеу қажет еді. Ал Әһлю-Сунна оның кәпір еместердің қатарына жататынына келіскен.

Төртінші мәселе:

Бұл мәселеде білім ізденушілердің арасында келіспеушіліктер бар – мұны жоққа шығаруға болмайды. Алайда қазіргі заманның көрнекті ғалымдары — Ибн Баз, әл-Әлбани және Ибн Усаймин, Аллаһ оларды рахым етсін, заң шығарушы адам кәпір болып табылмайтынына келіскен.

Ибн Баз, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Ал егер ол зинақорды немесе ұрыны Шариғат бекіткен жазаға тартпау керек деген заң шығарса, онда бұл заң – өтірік, ал оны шығарушы, егер өз іс-әрекетін рұқсат етілген деп есептесе (истихләл), кәпір болады».[14]

Әл-Әлбани де, Аллаһ оны рахым етсін, заң шығарушы адам, егер өзін осыны істеуге құқықты (истихләл) деп есептемесе, кәпір болып табылмайды деген.[15]

Ибн Усаймин, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Аллаһтың түсіргеніне сәйкес емес басқару (билік құру) және шешім шығару діннен шығаратын күпірлік болып табылмайды. Бұл – амалдардағы күпірлік (куфр амали), яғни кіші күпірлік (куфр асғар), өйткені осылай істеген адам дұрыс жолдан ауытқыды. Және басқалардың заңдарын енгізіп, өз мемлекетін солармен өмір сүруге міндеттейтін адам мен заңдарды өзі ойдан шығаратын адамның арасында айырмашылық жоқ. Білу маңызды болған нәрсе — осы заңдар Аллаһтың заңына қайшы келеді ме?»[16]



[1] Әл-Бухари, «Сахих», № 5953; Муслим, № 5509-хадис.

[2] Әл-Бухари, «Сахих», № 5954; Муслим, № 5494-хадис.

[3] Толығырақ «Являются те, кто назван тагутом, неверными?» деген мақаланы www. svetislama.com сайтынан оқыңыз (Бұл мақала қазақ тілінде де «Тағут деп аталғанның барлығы кәпір болып табылады ма?» деген атпен  www.kz.anti-irhab.ru сайтында жарияланған – ауд.)

[4] «Ән-Нахль» сүресі, 36-аят.

[5] Әл-Қуртуби, «Тафсир», 5-том, 75-бет.

[6] Әл-Файрузабади, «Қамус», 4-том, 400-бет.

[7] Ибн Баз, «Шарх саләсат әл-усуль».

[8] Ибн әл-Қайим, «И‘ләм әл-муақи‘ин», 1-том, 20-бет.

[9] Ибн Усәймин, «Әл-қауль әл-муфид», 1-том, 30-бет.

[10] Ибн Таймийя, «Мажму‘ әл-фатауа», 16-том, 565–566 беттер. Бұған ақша, үйлер, лауазымдар, балалар және шейхтар, нәсілшілдік т.с.с. да кіреді.

[11] «Муфрадат әл-Қуръан», 108-бет.

[12] Абдур-Рахман ибн Қасим,  «әд-Дурар әс-сунниййя», 1-том, 137-бет.

[13] Ибн Усәймин «Шәрх «Әл-усуль әс-саләсә»», 151-бет.

[14] Ибн Баз, «әл-Фатауа», 7-том, 124-бет.

[15] әл-Әлбани, «Сильсиләт әл-худа уан-нур», 849-аудиотаспа.

[16] әл-Әлбани, «Фитна әт-такфир», 25-бет, 1-ескертпе.