Әбу Умар әл-Ғаззидің «Өзін-өзі өлтіру актілерінің және жарылыстардың ауыр зардаптары» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Кітаптың ең көлемді бөлігін ««Жанкештілік» актілерді жақтаушылардың дәйектері және оларды теріске шығару» атты тарау алады. Онда автор адасушылардың негізгі дәйектеріне бірме-бір тоқталып, оларды Құран және Сүннеттің мәтіндерімен және ғалымдардың пікірлерімен теріске шығарады.
Қиянат пен зұлымдық – дінімізден емес
Исламның негіз қалаушы қағидаларының бірі – өміріне қол сұғылмайтын адамдарды өлтіруге қатаң тыйым салынғандығы. Өлімге лайықты болмаған адамның өміріне ешкім, соның ішінде ол адамның өзі де, қол сұғуға құқықты емес. Дұшпандардан және дұшпан еместерден болған әйелдерге, балаларға, мүгедектерге, өзін ғибадатқа бағыштағандарға және мүлдем соғыспайтындарға қатысты бұл тыйым ерекше қатал болып табылады.
Аллаһ Тағала ізгі құлдар туралы: «Олар Аллаһпен бірге басқа құдайға жалбарынбайды. Аллаһ өлтірілуін харам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де, зина жасамайды» (әл-Фурқан; 68); «Аллаһ өлтіруге тыйым салған жанды өлтірмеңдер, жазықты болса ғана болады» (әл-Әнғәм; 151), — деді. Тура осындай тыйым әл-Исра сүресінің 33-аятында да бар.
Сахих қудси хадисте Аллаһ Тағаланың мынандай сөздері келтіріледі: «Әй, Менің құлдарым! Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім және сендердің араларыңда да оны харам еттім. Ендеше, бір-біріңді жәбірлемеңдер!» Муслим.
Шейх Салих ибн Мухаммад әл-Люхайдан былай деп айтқан: «Жазықсыз болған адамға қол сұғу да, қылмыскер емес адамды өлтіру сияқты, зұлымдыққа жатады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – рақымшылдықтың, жанашырлықтың, ізгіліктің Пайғамбары. Ол барлық адамдар мен жындарға айқын шақырумен жіберілген еді. Әскерді жорыққа дайындау кезінде, ол оған балаларды, әйелдерді, қарттардарды және кельяларда құлшылыққа өзін бағыштағандарды өлтіруге тыйым салып, насихат беретін. Сөйтіп, өзі де өлтірумен айналысып, соғысып, мұсылмандарға шабуыл жасап жатқандардан өзгелерді өлтіруге Ислам рұқсат етпейді. Осы орайда, емізулі нәрестелер мен әйелдер, қарт шалдар мен кемпірлер, ауру мен сау адамдар құрбан болып жатқан осындай қылмыстар, мал-мүлікке және оның иелеріне зиян тигізіп жатқан қылмыстар аса үлы қылмыс және қауіпті күнә болып табылады. Шариғат оларды Ислам тыйым салған жер бетінде бұзақылық таратуға, егіндер мен мал түлігін жоюға теңестіреді, өйткені мұндай амалдарға Аллаһ және Оның Елшісі тыйым салған. Бір әскери жорық барысында өлтірілген әйелді көрген Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Онымен соғыспау керек еді»[1], — деген. Сөйтіп, ол осындай адам өлтіру – мүлде тыйым салынған іс екендігіне нұсқады».
«Мұсылман адам дұшпанынының қайғы-қасіретіне де, егер оған зұлымдық жасалған болса, қуанбайды, өйткені зұлымдыққа мүлдем рұқсат жоқ, ал жазаға лайықты емес адамға қарсы өшпенділік әрекеттер жасау — харам және жиіркенішті болып табылады. Ал куәгерлердің көз алдында жасалған, ол туралы хабар кең тараған және оны көзімен көрген адамдарға үрей салған қылмыс туралы не айтуға болады және мұсылмандар осындай әрекеттерді құптайды деп қалайша айтуға болады?!»[2]
Абдуллаһ ибн Амр, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Ең ұлы күнәлар Аллаһқа серік қосу, ата-аналарға құрмет көрсетпеу, адам өлтіру және жалған ант беру болып табылады». әл-Бухари.
Бурайда, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Аллаһ үшін Аллаһтың жолында соғысыңдар! Аллаһқа иман келтірмегендермен соғысыңдар! Соғысыңдар, бірақ сатқындық жасамаңдар, шектен шықпаңдар, мүгедек етпеңдер, балаларды өлтірмеңдер!» Абу Дауд. Шейх әл-Әлбани «Сахих Сунан Аби Дауд» (2613) жинағында хадисті сахих деді.
Бұл хадис жиһадта қиянат пен сатқындықтың тыйым салынғандығын түсіндіреді, өйткені олар зұлымдық болып табылады. Ал «жанкештілік» актілерге келер болсақ, олардың барлығы қиянатқа, зақымдаушылыққа, қорғансыз азаматтарды өлтіруге негізделген. Ал енді қиянат Исламның атынан жасалып жатса, олар дұшпанның мұсылмандарға жасап жатқанынан да үлкен қылмыс және жауыздық болады, өйткені мұндай қиянатшылық әрекеттер адамдарды Аллаһтың дінінен кері итереді және оларды Оның жолынан адастырады.
Хузайфа ибн әл-Йаман, Аллаһ оған разы болсын, былай баяндайтын: «Маған Бадр шайқасына қатысуға тек мына жағдай ғана мүмкіндік бермеді: мен өзімнің әкем Хусайльмен бірге (Бадр шайқасына қатысу үшін) аттанғанымда кәпір құрайштықтар бізді ұстап алып: «Сендер Мухаммадқа барғыларың келіп тұр ма?», — деп сұрады. Біз: «Жоқ, біз Мухаммадқа барғымыз келіп тұрғанымыз жоқ, біз тек қана Мәдинаға барып келгіміз келіп тұр», — деп жауап бердік. Сонда құрайштықтар бізден Мәдинада біз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жағында соғыспаймыз деген Аллаһтың атымен ант алды. Біз Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған орын алған жағдайды баяндап бергенімізде, ол: «Екеуің де (Мәдинаға) аттаныңдар. Біз олармен келісім-шартты орындаймыз және Аллаһтан оларға қарсы көмек сұраймыз», — деді». Муслим.
Бұл хадис келісім-шарттарды орындаудың қажеттілігін айқын көрсетуде. Дәл осы жағдай Хузайфаны және оның әкесін мұсылмандар мен кәпірлердің соғыс майданында алғашқы кездесуінде қатысудан бас тартуға мәжбүрледі. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шешімі осылай болды, ал одан өзге кім маңыздырақ және сенімдірек бола алады?!
Ендеше, мұсылман еместердің еліне рұқсат және виза алып кіріп, кейін сол елдің азаматтарына қатысты қиянаттық актілерді жасайтындар туралы не айтуға болады? Ал осыдан соң олар тағы да өздерінің әрекеттерін Исламға жатады және жиһад деп аталады деп айтады? Олардың пайымдары нендей жаман!
Абу Рафи былай деп баяндайтын: «Құрайштықтар мені Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) елші етіп жіберді, бірақ оны көрген сәтте мен өз жүрегімде Исламды қабылдауға деген қалауды сездім. Мен: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Аллаһ Тағаламен ант етемін, мен оларға ешқашан қайтпаймын!», — дедім. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен келісім-шарттарды бұзбаймын және елшілерді ұстап қалмаймын! Оларға қайт, ал содан кейін, егер сенің жүрегіңде қазір болған қалауың сақталып қалса, бізге қайтып кел», — деді». Абу Дауд, ән-Нәсаи, әл-Хаким, әл-Бәйһақи, Ибн Хиббан және Ахмад. Шейх әл-Әлбани «Мишкәт әл-Мәсабих» кітабында (3909) оны сахих деді.
Муғира атты басқа бір сахаба Исламға келудің қарсаңында өзіне сапарлас болған адамдарды өлтірді де, олардың мүлкін иемденіп алды. Кейін ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, Исламды қабылдады. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі босын) оған былай деп айтты: «Сенің Исламға (келуіңе қатысты) айтар болсақ, мен (оны) қабылдаймын. Ал мал-мүлікке келер болсақ, менің оған ешқандай қатысым жоқ», — деді. Әл-Бухари.
[1] Бұл хадисті Абу Дауд жеткізген. Шейх әл-Әлбани «Сахих Сунан Аби Дауд» кітабында оны сахих деген (2324).
[2] Барлық ғалымдардың бұл мәселе бойынша айтқан сөздері ұқсас болуы ерекше жағдай. Бұған дейін бірнеше ғасыр бұрын Әл-Изз ибн Абд әс-Сәләмға мынандай сұрақ қойылды: «Егер дұшпан зұлымдықпен және қиянатпен өлтірілген болса, адам осыған қуануына және шаттануына бола ма? Әлде бұған қуану күнәнің жасалғанына қуану болып табылады ма?» Ғалым былай деп жауап берді: «Егер адам оның дұшпанына қатысты Аллаһқа мойынсұнбау жасалғанына қуанса, онда оның қуанышы жиіркенішті-ақ. Егер ол осы дұшпан көрсететін жауыздықтан өзінің құтылғанына, адамдардың қанау мен залымдықтан құтылғанына қуанса және оның қуанышы ол арқылы адам өлтіру орын алған Аллаһқа мойынсұнбаудан туындамаған болса, мұнда ешқандай айыпты нәрсе жоқ». Қз.: «Қауаид әл-Ахкам» (2/397).