Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!
Шейх Ибн ‘Усаймин
Шейх Ибн ‘Усаймин Аллаһ Тағаланың «Маған осы Құран, ол арқылы сендерді, сондай-ақ кімге ол жетсе, соларды қорқытуым үшін уахи етілді» (Әнғам 6: 19) деген аятына берген өзінің түсіндірмесінде былай деп айтады: «Аллаһ Тағаланың «ол арқылы сендерді… қорқытуым үшін» деген сөздері “Мен сендерді оған қайшы келуден қорқыттым” дегенді білдіреді. «Кімге ол жетсе» деген сөздерде Кұран жетпегендерге дәлел жетпегенгендігі көрсетіледі, тура сол сияқты, дәлел бұрмаланған түрде жеткізілген кісіге де дәлел жетпеген болып есептеледі. Алайда Ислам бұрмаланған күйде болса да жеткен кісі, Ислам мүлде жетпеген адам сияқты ақталу құқығына ие бола алмайды және өзі ақиқатты іздеуге міндетті болады.
Бүгінде Ислам діні кәпірлердің көпшілігіне өзінің тап-таза бұрмаланбаған күйінде жеткізілді ме?! Әрине, жоқ! Кейбір бауырларымыз өздерінің қалауымен ешбір даналықсыз амалдар істеп жатқанда, еуропалықтарға және басқаларға Ислам туралы бұрмаланған түсінікті қосып ұлғайтады. Мен адамдардың арасында жарылыстар ұйымдастырып, соны «Аллаһтың жолындағы жихад» дейтіндер туралы айтудамын. Шындығында, олар Исламға және мұсылмандарға пайдаға қарағанда көбірек зиян алып келуде. Олардың (қол жеткізген) нәтижелері қандай, сіздерге сұрақ: кәпірлер Исламға жақындай түсті ме, әлде одан сайын Исламнан алшақтады ма? Адамның, оны өзгелер осы қарбаластық туғызатын үрейлі топқа жатқызбауы үшін, бетін бүркеп алуға дейін жетуі – Исламнан деп ойлайсыңдар ма? Ислам бұның барлығынан алшақ, Ислам бұның барлығынан алыс! Тіпті жихад парыз болғаннан кейін де сахабалар, жихадты жүргізе алатын әмірдің туының астындағы жихадтан бөлек, кәпірлердің қауымына оларды өлтіру үшін кеткен жоқ. Ал мына террор (лаң) туралы айтар болсақ, онда Аллаһпен ант етемін, бұл – мұсылмандар үшін шектелу (тежелу) ғана. Біз (мұның) нәтижесі мен пайдасын көріп тұрған жоқпыз, керісінше, мұнда Ислам туралы түсініктің тек бұрмалануы және бұрыс болуы ғана тұр.
Егер біз даналық жолын таңдап, жүректерімізбен Аллаһтан қорқып, ең алдымен өзімізді, содан кейін айналамыздағыларды түзесек еді, әрі шариғат жолымен жүрсек еді, онда нәтиже міндетті түрде игі болар еді!» “Шарх усуль әт-тафсир” 1-таспа, «А» бетін тыңдаңыз.
Шейх Салих әл-Фаузан
Шейх Салих әл-Фаузанға қойылған сұрақ: «Мұсылман емес елдерінде орын алып жатқан адам өлтіру және үкімет ғимараттарын жару сияқты іс-әрекеттер қажеттілік болып табылады ма және осыларды жихад деп атауға болады ма?»
Жауап: «Адам өлтіру мен жарылыстар мүлде рұқсат етілмейді, өйткені олар мұсылмандарға қайғы-қасіреттер шақырады және олардың өлтірілуіне және қудалануына әкеледі. Аллаһтың жолындағы жихадқа келер болсақ, бұл — тек белгілі шарттармен жүргізілетін ашық шайқасу ғана. Бұл істе Пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын) өнегесіне ілесу керек. Ол Мәдинаға қоныс аудармаған және кәпірлердің арасында тұрған кезінде мына аят түсірілген еді: «(Мухаммад) сондай оларға: «Қолдарыңды (соғыстан) тыйыңдар, намазды орындап, зекет беріңдер!», — делінгендерді көрмедің бе?» (ән-Ниса 4: 77).
Осылайша оған кәпірлермен соғысудан бас тарту бұйырылған еді, өйткені олардың (кәпірлердің) біреуі болса да өлтірілген жағдайда, кәпірлер барлық мұсылмандарды қаза қылар еді. Мұсылмандар өмір сүріп жатқан елдердегі қазір орын алып жатқандығы өздеріңізге белгілі адам өлтірулер мұсылмандардың өздерінің өлтірілуіне әкелетіні – айқын. Мұның Исламға шақыруға еш қатысы жоқ және Аллаһтың жолындағы жихад болып табылмайды. Мұсылмандарды қасірет тасқынына тастап жатқан жарылыстар туралы да дәл осыны айтуға болады». “Фатауа әл-аимма фи ән-науазиль әл-мудәлхима” 41.
Сұрақ: ««Ғимараттарды жару және кәпірлерге қарсы иғтияләт біздің заманымызда, ислам үмметі әлсіз және жүдеу сәтте тіпті міндетті болып табылады» деп айтатын адамның сөзіне Сіз қандай түсіндірме берер едіңіз?»
Шейх әл-Фаузанның жауабы:
«Мұның мәні неде?! Біз одан сайын әлсіреуміз үшін бе?! Қазіргі кезде әлсіз және жүдеу болған үммет біздің күнәміздің себебінен одан сайын әлсіреп, сөйтіп кәпірлер оның үстінен билеп-төстеп оны опат етуі үшін бе?! Бұлай істеу – даналық емес, даналық емес! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде он үш жыл өмір сүрді және билік сол кезде кәпірлердің қолында еді, алайда осыған қарамастан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз сахабаларының ешқасысына кәпірлерге қарсы иғтияль жасауды, немесе біреудің үйін қиратуды, немесе кәпірлердің біреуінің мал-мүлкін тартып алуды бұйырған жоқ. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы сияқты нәрселерді бұйырмады, өйткені мұның салдары мұсылмандарға жамандық және ауыр зардаптар әкеледі. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижра жасаған соң, және оның өз мемлекеті мен көмекшілері пайда болғаннан соң ғана кәпірлерге соғыс және жихад жариялады”. “Жихад уа дауабитуху-шшар’ия” 48.
Шейх ‘Абдуль-Мухсин әл-‘Аббад:
«Ақиқатында, Әр-Риядтағы терактілердің (лаңкестік актілердің) себебімен орын алған нәрселер, әрі осы жылдың басында (х. 1424 ж.) Мекке және Мәдинада орын алған жайттар – міне осылар — шайтанның шектен шығушылықты әшекелеуіне ергендерге жасаған уәс-уәсінің (азғыруының) нәтижесі. Орын алған нәрсе – қылмыстардың ішіндегі ең лас әрекет және жер бетіндегі бұзықылық болып табылады. Бірақ шайтанның осындай іс-әрекеттерді жасаған адамдарды «Осы – жихад!» деп ойлауға мәжбүрлейтіні бұдан да лас болып табылады! Қандай дін мен ақыл-парасат мұсылмандарды және олармен келісімде отырған кәпірлерді өлтіруді, адамдарға үрей салуды, оларды жетім-жесір етуді, сондай-ақ ғимараттарды олардың ішіндегі адамдарымен қоса қиратуды — жихад деп атайды?!» “Би айи ‘ақли уа дин якуну әт-тадмир уа-ттафжир жихадан?!” 17.
Шейх Салих әс-Сухайми:
«Өзін «әл-жихад» деп атайтын, бірақ жихадқа ешқандай қатысы жоқ топ — біздің ғасырымыздың хауариждері! Хауариждер ‘Усман мен ‘Али олар солардың қолынан қаза тапқан заманда пайда болды және олар, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жөнінде айтқанындай, Дажжәлдің пайда болуына дейін болады. Олар пұтқа табынушыларды жайына қалдырып, мұсылмандарды өлтіреді. Олар Құранды оқиды, бірақ ол олардың кеңірдегінен төмен түспейді.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды «Оттың иттері» деп атады. Олар ислам елдерін «кәпірлердің жері» деп, олардағы мұсылмандарды өлтіреді. Өздерінің іс-әрекетімен олар кәпірлердің Исламға және мұсылмандарға қарсы агрессиясын араңдатты және оларға кейбір мұсылман қалаларын басып алуға мүмкіндік берді. Осының барлығының артында кімдер тұрғанын: сионистер ме, массондар ма немесе басқа біреулер ме, олар осының барлығын тікелей басқарады ма әлде жоқ па — Аллаһ жақсы біледі.
Олардың бұзықтықтары таралмауы үшін әрбір мұсылманға мүмкідігі жеткенше олардың адасуларын ашу және әшкерелеу міндетті болып табылады. Және олардың ешқайсысын жасыруға болмайды, өйткені бұл — Аллаһ Тағала: «Бір біріңе игі және тақуалық істерінде жәрдемдесіңдер де, күнә мен дұшпандықта бір-біріңе көмектеспеңдер!», — деп айтқанындай, күнә мен дұшпандыққа көмек болып табылады. Оларды жасыратын, немесе қорғайтын, немесе олардың амалдарын жасайтын адамдарға келер болақ, ондай адамдар — олардың істеріндегі, яғни жазықсыз мұсылмандар мен бейбіт келісімшарттағы кәпірлерді өлтіру істеріндегі сыбайласы және көмекшісі болып табылады. Және мұндай адам, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ бидғат істеген адамның өзін немесе бидғатшыны жасырған адамды лағынеттеді», — деп айтқанындай, Аллаһтың қарғысына ұшырайды (әл-Бухари 4/73, Муслим 1371)». Қз: «әл-Ирхаб асбабуху уа ‘иләжуху» 7.
Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Баррақ:
«Кәпірлерге қатысты олардың елдерінде өмір сүріп жүрген кейбір надан мұсылмандардың: ұрлық, олардың құқықтарын бұзу, хақысыз оларды ұрып-соғу және балағаттау сияқты — қылмыстары Ислам шариғатында тыйым салынған болып табылады! Мұндай адамдардың істеп жүргендері — Исламға ешқандай қатысы жоқ! Бұдан да сорақысы – бұл түрлі мекемелерді жарып жүрген кейбір адасқандардың жасап жүрген терактілері (лаңкестік актілері). Ақиқатында, мұның Аллаһ Тағала жер бетінде әділеттілікті тарату және Өзінің Сөзін ұлықтау үшін құлдарының арасында заңдастырған жихадқа еш қатысы жоқ! Тіпті бұл тыйым салынған бұзақылық болып табылады!» “И’тида ‘алә ғайриль-муслимин” 3.
Сауд арабиясы Корольдігі Пәтуалар және ғылыми зерттеулер бойынша Тұрақты Комитеттің (әл-Ләжнату-ддаима) пәтуасы
Ғалымдардың Жоғарғы кеңесі хижраның 02/04/1419 жылында (26.07.1998ж.) Таиф қаласында өткен 49-сессиясында күпірлікте негізсіз айыптауға қатысты мәселені түсіндіріп, өзге нәрселер қатарында мынаны жариялады:
«Кейбір елдерде орын алып жатқан жазықсыз адамдарды өлтіру, тұрғын үйлерді, көлік құралдарын, мемлекеттік және жеке мекемелерді жару туралы айтар болсақ, бұл іс-әрекеттер қылмыс болып табылады және Исламның олармен ешқандай ортақтығы жоқ. Дәл солай, Аллаһқа және Ақыретке иман келтірген кез келген шынайы мұсылманның да мұнымен ешқандай ортақтығы жоқ. Мұндай адамдардың іс-әрекетін Исламмен де, Исламның қағидаларын басшылыққа алатын және Құран мен Сүннеттің нұсқауларына ауытқымай ілесетін мұсылмандармен де байланыстырмау керек, өйткені олардың іс-әрекеттері — сотқарлықтың таза күйіндегі көрінісі және шариғат та, адам табиғаты да тәрк ететін қылмыс болып табылады. Мұндай іс-әрекеттерге Құран мен Сүннет тыйым салады және оларды істеп жүрген адамдармен араласудан сақ болуға үндейді. Аллаһ Тағала айтқандай: «(Мухаммад) адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Алайда ол — өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады. Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді. Ал қашан оған: «Аллаһтан қорық!», — делінсе, оның тәкаппарлығы өзін күнәға итереді. Оған Тозақ жеткілікті, ол — нендей жаман орын!» (Бақара 2:204-206).
Сондай-ақ, құрамында: шейх ‘Абдуль-‘Азиз Әли Шейх, шейх Салих әл-Люхайдан, шейх ‘Абдуллаһ ибн Сулейман әл-Мани’, шейх ‘Абдуллаһ әл-Ғудаян, шейх Салих әл-Фаузан, шейх Хасан әл-‘Атми, шейх Мухаммад ибн ‘Абдуллаһ әс-Сабиль, шейх ‘Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Ибрахим Әли Шейх, шейх Мухаммад ибн Сулейман әл-Бадр, шейх ‘Абдуллаһ әт-Турки, шейх Мухаммад ибн Зайд Әли Сулейман, шейх Бакр Абу Зайд, шейх ‘Абдуль-Уаххаб ибн Ибраһим, шейх Салих ибн ‘Абдуллаһ ибн Хумайд, шейх Ахмад ибн ‘Али әл-Мубараки, шейх ‘Абдуллаһ ибн ‘Али әр-Рукбан және шейх ‘Абдуллаһ ибн Мухаммад әл-Мутләқ деген ғалымдар бар САК ғалымдарының Жоғарғы Кеңесі хижраның 11/6/1424 жылы (2003г.) Әр-Риядта орын алған жарылыстан кейін жасаған өзінің мәлімдемесінде өзге нәрселердің қатарында мынаны да айтты:
«Кім: «Түрлі терактілер (лаңкестік актілер) және (жазықсыз адамдарды) өлтіру — бұл жихад!» — деп айтса, ол – надан (жахиль) және адасқан болып табылады. Мұның барлығы Аллаһтың жолындағы жихадқа ешбір қатысы жоқ!»
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия «жихад» ұғымына анықтама беріп, былай деді: “Жихадтың мәні — иман, салиқалы амалдар сияқты Аллаһ сүйетін нәрселерге қол жеткізуге және күпірлік, бұзақылық, мойынсынбау сияқты Аллаһ жек көретін нәрселерді жоюға барынша ұмтылу”. “Мәжму’уль-фатауа” 10/192.